Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері болып диалектикалық білім және тұлғаны дамытудағы қызығушылықтың рөлі туралы таным теориясы саласындағы бүгінгі тұжырымдамалар, тұлғаны зерттеу процесіндегі және педагогикалық процесті ұйымдастырудағы жүйелі құрылымдық, тұлғалық іс-әрекеттік қатынастар, ұлттық мәдениеттің білімдегі рөлі туралы қағидалар, жастардың еңбек тәрбиесі тұжырымдамасындағы қағидалар, халық туындыларының тәрбиелік әлеуеті туралы теориялық тұжырымдар саналады.
Зерттеудің көздері болып “Қазақстан – 2030” Жолдауы, Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің ресми құжаттары (Заңдары, қаулы-қарарлары), Білім және ғылым министрлігінің ұлттық мәдени мұраны оқу-тәрбие процесіне ендіруге байланысты тұжырымдамалары мен бағдарламалары, оқу құжаттары, ғалымдардың (тарихшылар, этнографтар, философтар, өнертанушылар, психологтар, педагогтар) еңбектері, ұлттық мәдени мұралар, педагогика ғылымының озық тәжірибелері мен жетістіктері, сондай-ақ диссертанттың педагогикалық және зерттеушілік тәжірибесі саналады.
Зерттеудің әдістері: зерттеу проблемасы бойынша тарихи-этнографиялық, философиялық, өнертану, психологиялық, педагогикалық, технологиялық әдебиеттерге теориялық талдау жасау; жоғары оқу орнының оқу құжаттарына (мемлекеттік стандарт, оқу жоспары, бағдарламалар, оқулықтар), педагогтардың озық тәжірибелеріне талдау; бақылау; сауалнама жүргізу; әңгімелесу; педагогикалық эксперимент; мәліметтерді математикалық тұрғыда өңдеу.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы және теориялық мәні.
1. Студенттердің ұлттық киім үлгісін әзірлеу арқылы еңбекке қызығушылығын қалыптастырудың теориялық негіздері анықталды.
2. Қазақ ұлттық киімдерінің ерекшеліктері мен педагогикалық жіктемесі негізделді, ұлттық киім үлгісін әзірлеудің құрылымы айқындалды және олардың еңбекке қызығушылықты қалыптастырудағы мүмкіндіктері негізделді.
3. Студенттердің ұлттық киім үлгісін әзірлеу арқылы еңбекке қызығушылығын қалыптастырудың моделі жасалды және оның қалыптасқандығының өлшемдері, көрсеткіштері, деңгейлері айқындалды.
4. Студенттердің ұлттық киім үлгісін әзірлеу арқылы еңбекке қызығушылығын қалыптастырудың әдістемесі жасалды.
Достарыңызбен бөлісу: |