Қазақтың ұлттық киімдері
Тұтыну ерекшеліктеріне байланысты
Дене мүшелеріне байланысты
2-сурет – Қазақтың ұлттық киімдерінің жіктемесі
Қазақтың ұлттық киімдерін зерттеген ғалымдардың бірі Э.Рассохина қазақ киімдері негізінен сәндік-мерекелік болып келетіндігін, бірақ осы сәнділік оның атқаратын қызметтерімен органикалық үйлесімділікте болатындығын негіздейді. Мәселен, киімдердің жиектеріне сәнділік тұрғысында безендірілген ызбалар мен оқа жіптер оның етегін тозудан сақтандырады. Үлбірден жасалған ішіктер мерекелік тұрғысынан және үлбірін сақтап тұру үшін барқытпен тысталды.Теріден жасалған белдіктер сәндік үшін және мықты ұстап тұру үшін металл тілімшелермен әшекейленді.
Осындай тұжырымдарды ой елегінен өткізу бізге қазақ ұлттық киімдерінің атқаратын қызметін төрт топқа (практикалық, ақпараттық, ғұрыптық, эстетикалық) бөліп қарастыруға септігін тигізді. 1.Практикалық – суықтан, ыстықтан, самал-желден, шаңнан т.с.с. қоршаған ортаның, табиғаттың түрлі әсерінен қорғауы; көлікке (ат, түйе т.б.) отыруға; көшіп-қон өмірге (шапанын жастанып, жамылып, оранып ұйықтау және т.б.); малшылық, егіншілік өмірге жүріп-тұруға ыңғайлы болуы; 2. Ақпараттық – адамның әлеуметтік тегі мен қоғамдағы қызметін (байлар, хандар, сұлтандар, батырлар, сал-серілер, қожа-молдалар, бақсы-балгерлер киімдері және т.б); отбасылық жағдайын көрсетуі (қыз, келін, бәйбіше, балалы әйел және т.б киімдері); кәсіптік жұмысы туралы (аңшы, малшы және т.б киімдері); ата тегі, руы туралы ақпарат беруі (арғын үлгісі, кіші жүз үлгісі және т.б.); ою-өрнектері арқылы тілек білдіруі ( әнші шапанына салынатын таңдай өрнегі - дауысың құстың сайрауындай әдемі болсын дегені); 3. Ғұрыптық-дәстүрлік – сыйлық-тартулық (шапан кигізу, иығына шапан жабу дәстүрі, елшіліктер арасындағы құрметті сый; «шен-шекпен алу»; жағалы киім беру; «тоғыз тарту»); магиялық (адам қайтыс болғанда шапан тарату; дүние салған адамның шапандарын бірге жерлеу); ырымдық (тіл-көзден, бәле-жаладан қорғау); салықтық (ат-шапан айып тарту); 4.Эстетикалық – киімдердің ою-өрнектермен әшекейленуі; тігіспен, кестемен, жапсырмамен, алтын зермен безендірілуі; аң терісімен (бұлғын, сусар, ақкіс, түлкі және т.б.) әрленуі; асыл тастармен, түрлі әшекейлермен безендірілуі; маржан моншақтармен, металл тілімшелермен үкі қауырсынымен әсемделуі; жібек, парша, барқыттан тігілуі; желбіршек, желбезектердің салынуы.
Қазақ ұлттық киімдерінің атқаратын қызметіне жасаған талдау оның мазмұндық ерекшеліктерін анықтауға септігін тигізді. Диссертацияда қазақ ұлттық киімдерінің ерекшеліктерін жеті топқа бөліп қарастырамыз: 1)танымдық (халықтың дүниетанымы, діні ұстанымы); 2) жергіліктік (географиялық, аймақтық); 3)әлеуметтік (отбасылық, қоғамдық); 3) әдет-ғұрыптық (тойлық, мерекелік және т.б.); 4) киінуіне байланысты (ерлер киімінің бірізділігі, әйелдер киімінің бірізділігі); 5)сахналық (айтыстық, әншілік, бишілік); 6)дизайндық (бояу түстері, ою-өрнектері, әшекейлері); 7)технологиялық (сыру, көктеу, кестелеу және т.б). Мәселен, әлеуметтік, соның ішінде отбасылық жағдайына байланысты қазақ келіншектері қыз киімдерін бір құрсақ көтергенге дейін киген. Олар бөрік, тақия кимеген, бас киімдеріне үкі тақпаған және жалаңбас жүрмеген. Құрсақ көтерген келіншектер кең етекті киім киген. Олар бастарына әшекейлері сиректеу шаршы, шәлі тартқан. Орта жастағы әйелдердің көйлектерінде қос етек болмаған. Бұл жастағы әйелдер шаршыны орап тартқан. Шаршыларының жиектеріне әшекейлер түсірілмеген. Қарт әйелдердің киімдерінің етектері мол қаусырмалы болып келген. Олардың әшекейлеріне көбіне түйме, қапсырма, оқалы өңір жатады. Олар шаштарына шолпы тақпай, өңірлеріне алқа салмаған. Ал көксауыр кебіс, кестелі мәсі, білезік, сырға, сақина, күміс түйме, теңге сияқты әшекей заттар барлық жастағы әйелдерге тән болған. Қыздың күйеуге шыққанына бiр жыл толғанда желек жамылған. Бала туғаннан кейiн жас әйел кимешек киген.
Ұлттық киімдер халықтың сәндік-қолданбалы өнерінің дамуымен қатар дамыды. Сол себепті зерттеу барысында ұлттық киімдердің тарихи даму кезеңдерін Ұ.М.Әбдіғапбарованың қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің шығуы мен дамуын қарастыруда тарихшылар топтамасы негізінде белгілеген бес кезеңдеріне сәйкес айқындадық және мазмұнды сипаттадық. Бұл бізге ұлттық киімдердің қайсыбір түрінің қай кезеңде дамып жетілгенін, қай түрінің басымырақ дамығандығын, қай түрінің қай кезеңдерде тоқырап қалғандығын айқындауға мүмкіндік берді.
Осы жоғарыда айтылғанның бәрі қазақтың ұлттық киімдері түрлерінің көптігі мен алуан түрлілігін, оның әлеуметтік мәнінің кеңдігін, бірқатар ерекшеліктерге ие екендігін, атқаратын қызметтерінің жан-жақтылығын, шығу, даму тарихының тереңдігін, қоғамдық қатынастық, тәрбиелік мүмкіндіктерінің жоғарылығын, құрастыру, әзірлеу технологияларының сан түрлілігі мен көп қырлылығын, еңбек операцияларының қиындығы мен күрделілігін, дизайнының мазмұндылығын аңғартады. Және қазақ ұлттық киімдері түрлерінің ішінде шапанның Сақ дәуірінен бастау алып халық арасында күні бүгінге дейін әлі де қолданылып келетіндігін, «шапан жабу», «жағалы киім», «киіт кигізу» дәстүріне сәйкес оған қазір де сұраныстың азаймағанын байқатты.
Зерттеу барысында ұлттық киім үлгісінің бірі – шапанның әзірлеу процесіне жан-жақты талдау жүргіздік. Шапанды әзірлеу бірізділікпен орындалуға тиісті сегіз бөлімнен тұрады: 1) мазмұндық бөлім (шапанның тарихы, түрлері, атаулары, ерекшеліктері, атқаратын қызметі, қазіргі шапан үлгілері туралы білімдер); 2) зерттеу бөлімі (дәстүрлі шапан түрлеріне, қазіргі шапан үлгілеріне, басқа ұлт шапандарына салыстырмалы талдау жасау, шапанның дамуын зерттеу т.б.); 3)композициялық бөлім (эскиздеу; шапан түсін, формасын, сәнді сызықтарын, дизайнын (ою-өрнегі, таспасы, жиектері, аксессуарлары) суреттеу; 4) техникалық (шапанға қолданылатын көне мата атауларын, қазіргі шапанға арналған маталардың тоқымасына, қасиетіне, құрылымына, тігін өндірісіне қойылатын талаптарды меңгеру, сән талабындағы мата үлгілері мен материалдарды таңдау); 5) конструкциялық бөлім (көне ұлттық шапан пішімдерін білу, өлшем алу, типтік тұлға өлшемін, еркіндікке берілетін қосымшаларды анықтау, есебін шығару, негіз сызбасын салу, көркемдеп модельдеу, лекалоны дайындау ); 6) көркем кестелеу бөлімі (ою-өрнек шаблонын дайындау, бұйымға түсірілетін орнын белгілеу, жапсырмалау, кестелеу, зерлеу т.б.) 7)технологиялық бөлім: (шапанды әзірлеу әдістерін, бөлшектерін өңдеу жолдарын, құрал-жабдықтарды, ылғалды-жылумен өңдеуді таңдау, әзірлеудің бірізділігін жүзеге асыру); 8) экономикалық бөлім: (сапалы, жарасымды шапанды дайындау, материалдар шығыны мен жұмыс құнын анықтау, жалпы құнын есептеу, бүгінгі нарыққа сәйкестігін есепке алу). Диссертацияда аталған бөлімдер жан-жақты талданады және оларға мазмұндық сипаттама беріледі, ұлттық киім үлгісін әзірлеу процесінің құрылымы анықталады (Сурет 3), сондай-ақ оның еңбекке қызығушылықты қалыптастырудағы мүмкіндіктері негізделеді.
Сонымен, біздің тұжырымдауымызша «студенттердің ұлттық киім үлгісін әзірлеуі дегеніміз олардың көркемдік білімін тереңдететін, шығармашылық ойлау, қиял, белсенділік қабілеттерін дамытатын, шығармашылық еңбек ету іскерліктерін, дағдыларын, шеберліктерін, қалыптастыратын, оларды эстетикалық тұрғыдан жетілдіретін танымдық, көркем-шығармашылық, өндірістік еңбек процесі.
Осы айтылғандар студенттердің ұлттық киім үлгісін әзірлеу процесі арқылы еңбекке қызығушылығын қалыптастыру мүмкіндіктерінің жоғарылығын көрсетеді. Ұлттық киімдерінің ерекшелігі мен әсемдігі, эмоционалдық-эстетикалық әсерлілігі оған әуестікті оятуға ықпал етсе, оның бай тарихы мен онда бейнеленген халықтың дүниетанымы, түйсік-талғамы, салт-дәстүрі, адамгершілік қағидалары білуге құмарлықты арттырады, ал ойлану, іздену, табу сынды шығармашылық қабілеттер, құрастыру, кестелеу, сырып тігу сияқты ұзақ уақыт пен шыдамдылықты қажет ететін еңбек операциялары студенттің пәнге, ұлттық киім үлгісін әзірлеу процесіне, кәсібіне қызығушылығын дамытады. Нәтижесінде алынған еңбек өнімінің сапалы орындалуы, оның еңбегіне халықтың сұраныстарының болуы, өнімінің халыққа, қоғамға рухани, материалдық пайдасын сезінуі тұлғаның еңбекке тұрақты қызығушылығын қалыптастырады.
Достарыңызбен бөлісу: |