Бақылау сұрақтары:
1. ЖЭС-ке көшудің алғышарттары
2. 1921-1922жж. ашаршылық
3. ЖЭС-тің жетістіктері
4. Индустрияландыру саясатының жүзеге асуы
Әдебиеттер:
1.Артықбаев Ж. Қазақстан тарихы. Оқулық-хрестоматия. –Астана, Фолиант, 2000.
2.Рысбайұлы К. Қазақстан Республикасы тарихы.-Алматы, 2003.
3.Қазақстан тарихы. Очерк. –Алматы, 1994.
4.Борцы за Советскую власть в Казахстане. -Алма-Ата, 1982.
5.Бочагов А.К. Алаш-Орда. -Кызыл-Орда, 1935.
6.Бурабаев М.С Общественно-политическая мысль Казахстана 1917-1940 и Алма-Ата, 1991.
7.Елеуов Т.Е. Установление и упрочение Советской власти в Казахстане. - Алма-Ата, 1961.
8.Иностранная интервенция и Гражданская война в Средней Азии и Казахстане. Сборник документов. Т.І.-Алма-Ата, 1960.
9.Нурпеисов К.Н. Становление Советов в Казахстане. - Алма-Ата, 1987.
10.Нурпеисов К.Н. Алаш һәм Алашорда. - Алматы, 1995.
11.Пахмурный П., Григорьев В. Октябрь в Казахстане. -Алма-Ата, 1978.
12.Рыскулов Т.Р. Собрание сочинений в 3-х томах. Составители Асылбеков М.Х., Балакаева Л.Т. и др. - Алматы, 1998
Лекция №20
Шаруа шаруашылығын ұжымдастыру және отырықшылыққа көшу
Жоспар:
1. «Сталиндік аграрлық революция»: мақсаттары мен мәні
2. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру және оның қайшылықтары мен қателіктері
жылдардағы аштық
4. Көшпелілер мен жартылай көшпелілерді отырықшылыққа көшірудің күштеу саясаты
Большевиктер ЖЭС аясында шаруа қожалықтарын біртіндеп кооперативтендіру арқылы ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды көздеді. Шаруалар кооперациясы мемлекеттік тұрғыдан еріксіз күштеу арқылы емес, керісінше экономикалық қажеттіліктен туындайтын қозғалыс болу керек еді.
Қазақстан Орталық Атқару Комитеті (ҚОАК) және Халық Комиссарлар Кеңесі (ХКК) 1926 ж. 20 мамырда "Жерге орналаспай жерді пайдаланатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың шабындық және егістік жерлерін уақытша қайта бөлу туралы" заң қабылдады. Оған сол кездегі Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы және Орталық Атқару Комитеті төрағасы қызметін уақытша атқарушы Н. Нұрмақов қол қойды.
Ф.Голощекин бастаған Қазақстан большевиктерінің қазақ қоғамына байланысты жүргізген бұл шаралары қазақ ауылында Кеңес өкіметінің жеңісін қамтамасыз ете алмады. Оның себебі, бұл реформа алғашқы кезден-ақ қате тұжырымдарға негізделген еді. Біріншіден, қазақтың дәстүрлі шаруашылық жүйесі сақталып отырған жағдайда шабындық және жайылымдық жерлерді жай бөліске салу еш нәтиже бермеді. Екіншіден, шабындық және жайылымдық жерді бөлудің өзі дәстүрлі егін шаруашылығы жүйесіндегі заңдылықтар жетегінде қалып қойды, яғни шабындық және жайылымдық жерлерді бөлу шаруа қожалығындағы отбасы мүшелерінің санына байланысты жүргізілді.
1927 жылы желтоқсанда ірі бай шаруашылығын тәркілеу жөніндегі заң жобасын әзірлейтін арнайы комиссия құрылды. Өлкелік комитет тәркілеу науқанына тікелей басшылық жасайтын комиссия ұйымдастырды. Комиссияның төрағасы болып Е. Ерназаров тағайындалды, оның құрамына О. Исаев, Н. Нұрмақов, Г. Тоғжанов, О. Жандосов және т. б. кірді. 1928 жылдың 27 тамызында Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінде тәркілеу жөніндегі заң жобасы қабылданды. Заң бойынша малы, дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі жер аударылуға тиісті ірі байларға: көшпелі аудандарда ірі қараға шаққанда 400-ден астам малы бар, жартылай көшпелі аудандарда 300-ден астам малы бар, отырықшы аудандарда 150-ден астам малы барлар және бұрынғы сұлтандар мен хандардың ұрпақтары жатқызылды.
1928 жылы тамыздың 30-да Қазақ АКСР ХКК-нің "Қазақстанның көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы аудандарын белгілеу туралы" арнайы қаулысы қабылданып, соған сәйкес аудандар белгіленді. Науқанды 1928 жылдың 1 қарашасында аяқтау жоспарланды, яғни бір ай ішінде бітіру керек деп шешті.
Республика көлемінде барлығы 696 "бай-феодалдар" тәркіленді.
Көптеген қазақ партия-кеңес қайраткерлері тәркілеуге қарсы шықты.
1930 жылы 5 қаңтарда БК(б)П Орталық Комитеті «Ұжымдастыру қарқыны және мемлекеттің колхоз құрылысына көмек шаралары туралы» қаулы қабылдады. Қаулыда Орталық комитет жаппай ұжымдастыруды жүзеге асыру үшін елдің аудандарын үш топқа бөлді: Бірінші топқа осы ұжымдастыруға белгілі мөлшерде даяр деп есептелінген таза астықты аудандар жатты. Оларға Орта және төменгі Волга, Солтүстік Кавказ аудандары кірді. Ол аудандарда шаруа қожалықтарын социалистік жолмен қайта құруды 1931 жылдың көктемінде аяқтау белгіленді; екінші топқа елдің Украина, Орталық қара топырақты облыстар, Сібір, Орал, Қазақстанның астықты аудандары жатты. Бұл аудандарда ұжымдастыруды аяқтау мерзімі бір жылға ұзартылды, яғни шаруа қожалықтарын ұжымдастыруды 1932 жылдың көктемінде аяқтау қажет болды; елдің бүкіл басқа өлкелері мен облыстары үшінші топқа енді. Бұл жерлерде шаруа қожалықтарын ұжымдастыруды 1933 жылдың көктемінде, яғни бірінші бесжылдықтың аяғына қарай аяқтау жоспарланды. Көшпелі қазақ ауылдары осы үшінші топқа жатқызылды.
Қазақстанда 1928 жылы шаруа қожалықтарының тек 2 проценті ғана ұжымдастырылса, 1930 жылы 50 проценті, 1931 жылдың қазанында 65 проценті ұжымдастырылды, яғни ұжымдастыру қарқыны жеделдетілді. 1931 жылы республикадағы 122 ауданның 78 ауданында ұжымдастырумен 70-тен 100 процентке дейін шаруа қожалықтары қамтылды.
Алайда ұжымдастыруды жүзеге асыру барысында жіберілген зорлық-зомбылықтар Орталық Комитеттің 1930 жылы 14 наурызында қабылданған "Колхоз қозғалысындағы партия бағытын бұрмалаушылықпен күрес туралы" қаулысында партия бағытын бұрмалау деп қана бағаланды.
Күштеп ұжымдастыру науқаны кезінде ауылда әлеуметтік жіктеу саясаты өте жоғары қарқынмен жүргізілді. КСРО ОАК мен ХКК-нің 1930 жылы 1 ақпанда қабылдаған "Жаппай ұжымдастыру аудандарындағы ауыл шаруашылығын социалистік қайта құруды нығайту және кулактармен күрес шаралары туралы" қаулысы негізінде ауқатты шаруа қожалықтарына қарсы ашық террор басталды. Шаруа қожалыктарынан бай-кулактарды бөліп алып, оларды тап ретінде жою жүзеге асырылды. Бай-кулактарды үш топқа бөліп жазалады. Бірінші топқа контрреволюцияшыл белсенділер жатқызылды. Ондай топқа енген шаруалар бірден тұтқындалып, олардың ісі сотқа берілді. Екінші топқа ірі кулактар жатқызылды. Бұл топқа енген шаруаларды да бірден ұстап, солтүстікке немесе жаппай ұжымдастыру аудандарынан алыс аудандарға жер аударды. Ал, үшінші топқа кулактар отбасылары жатты. Оларды сол ұжымдастыру аудандарындағы колхоздар бөлген жерлерге қоныстандырды.
Күштеп ұжымдастыру саясаты халықтың наразылығын тудырды. Сол жылдары өлке басшыларының Сталинге жазған хаттары қазақ даласында осы наразылықтың өте зор көлем алғанын, Алтайдан Маңғыстауға дейінгі аймақты түгел қамтығанын, бұл туралы Кеңес өкіметі басшыларының хабардар болғанын көрсетеді. Бір ғана 1929 жылдың өзінде Қазақстанда 30-дан астам үлкенді-кішілі халық наразылығы болды. Олардың ішінде өте кең көлемде болған көтерілістерге Тақтакепір, Бостандық, Батпаққара көтерілістері жатады.
Ұжымдастыру саясатының зардаптары қазақ халқының басына үлкен апат әкелді. Күшпен ұжымдастырылған және материалдық жағынан өте әлсіз шаруашылықтар күйзеліске ұшырап, нәтижесінде 1932—33 жылдары халық аштыққа ұшырады. Қазақтардың аштықтан қырылуы және шет аймақтарға үдере көшуі нәтижесінде халық саны күрт азайды, яғни демографиялық апатқа әкелді. Мысалы, 1930 жылдың 1 маусымы мен 1933 жылдың 1 маусымы аралығында халық саны 2 есеге кеміген.
Т. Рысқұлов Сталинге хат жазады. Аштыққа байланысты жоғарғы партия мен үкімет басшыларына жазылған хаттар қатарын О. Исаевтің және "Бесеудің хаты" толықтырады.
1932 ж. 17 қыркүйекте "Ауыл шаруашылығы туралы" қаулы қабылданып, Қазақстан мал шаруашылығындағы "кемшіліктерді түзеу" бағыты белгіленеді. Екінші бесжылдық жоспарды орындау кезінде, яғни 1933-37 жылдары Кеңес үкіметі ауыл шаруашылығында ұжымдастыруды аяқтау, ауыл шаруашылығын қайта құру, колхоздарды ұйымдық-шаруашылық жағынан нығайту міндеттерін белгіледі.
Алайда, бұл жүргізілген шаралар колхоздарды нығайта алмады. Ауылшаруашылық өндірісінің өнімділігін арттырып, мал шаруашылығын өркендете алмады. Керісінше ауылшаруашылық артельдерінің жер пайдалану тәртібін бұзу орын алды.
Сонымен, Кеңес үкіметінің ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құру жолында жүргізген шаралары тиімді нәтиже бермеді. Керісінше, бұл реформалар шаруалардың еңбекке деген ынтасын жойды. Соған қарамай большевиктер ауыл шаруашылығын социалистік жолмен алға қарай дамыту мақсатында ылғи әртүрлі жаңа шаралар жүргізіп отырды.
Достарыңызбен бөлісу: |