Бақылау сұрақтары
1.Фашистік Гитлердің «Барбаросса» жоспары
2.Ұлы Отан соғысының басталуы
3.Тыл еңбеккерлерінің майданға қосқан үлестері: Ш.Берсиев, Ы.Жақаев
4.Москва шайқасы
5.Ұлы Отан соғысының аяқталуы
Әдебиеттер
1. Қазақстан тарихы. Очерк. А., 1993 ж. 325-336 беттер.
2. К.Рысбайұлы. ҚР тарихы А., 2002ж. 294-318 беттер.
3. Күзембайұлы. Қазақстан Республикасының тарихы А., 1998ж. 352-355 беттер.
4. Козыбаев М.К. Казахстан - арсенал фронта. -Алма-Ата, 1983.
5. Қозыбаев М.Қ. Тарих зердесі. 1,2 ТТ. -Алматы, 1998.
6. Козыбаев М.К., Едыгенов Н.Е. Труд во имя победы. - Алматы, 1995.
7. Козыбаев М.К. Казахстан на рубеже веков: размышления и поиски. Кн. 1,2.- Алматы, 2000.
Лекция №23
Қазақстан соғыстан кейінгі жылдарда
Жоспар
1.Республикадағы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси ахуал
2.Экономиканы бейбіт өмірге лайықтап қайта құру
3.Саяси қуғын-сүргіннің қайта жалғасуы. «Бекмаханов ісі» және т.б.
Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін Қазақстан еңбекшілері бейбіт құрылысқа қайта оралды. Экономиканы бейбітшілік жағдайға бейімдеп қайта құру еңбекшілердің қоғамдық-саяси белсенділігі жағдайында жүргізілді. 1945 жылы қазан айында Алматыда Республиканың 25 жылдығына арналған Қазақстан Жоғары Кеңесінің мерекелік сессиясы болып, оған туысқан республикалардың, Мәскеу мен Ленинградтың делегациялары, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының озаттары, ғылым мен мәдениет қайраткерлері қатысты. Осы мерекеге орай 5304 адам ордендермен және медальдармен наградталды.
1946 жылы 18 наурызда қабылданған төртінші бесжылдыққа арналған жоспар бойынша соғыстан бүлінген аудандарды қалпына келтіру, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының соғыстан бұрынғы дәрежесіне жетіп, одан едәуір асып түсу міндеті белгіленді. Сонымен бірге онда Қазақстан экономикасын өрге бастауға үлкен мән берілді.
Республикада ауыр индустрияны жедел дамыту, сондай-ақ, жеңіл және тоқыма өнеркәсібін одан әрі өркендету көзделді. Тұрғын үй құрылысын және қалалар мен жұмысшылардың тұрақты аудандарында мәдени-тұрмыстық орындар жүйесін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын өркендету негізінде республика еңбекшілерінің материалдық және мәдени тұрмыс дәрежесін одан әрі көтеру көзделді. Қазақстанға бөлінген күрделі қаржы көлемі одақ бойынша үшiншi орынға шықты. Мұнда күрделі қаржы кәсіпорындарды қалпына келтіруден гөрі бұрынғыларын кеңейтіп, жаңа кәсіпорындар салуға бағытталды. Төртінші бесжылдықта бүкіл елде өнеркәсіп өнімі 1940 жылмен салыстырғанда 40 пайызға өсетін болып белгіленсе, Қазақстанда ол 2,2 есеге арту көзделді. Бесжылдық қорытындысында Қазақстан өнеркәсібінің жалпы өнімі 1940 жылмен салыстырғанда 2,3 есе, оның ішінде көмір шығару 2,5, мүнай-1,5, газ-1,9, электр қуатын өндіру 4,1 есе артты.
Соғыстан кейінгі кезеңде ауыл шаруашылығы артелінің жарғысын бұзушыларға қарсы күрес күшейді. 1946-1947 жылдары колхоздарға қарыздар болып келген мекемелер мен ұйымдардан 214 млн. сом ақша, 540 мың гектар
жер қайтарылды. Осы жылдарда ұсақ колхоздарды iрiлендiру шаралары iске асырылып, республикада соғысқа дейiнгi 6400 колхоздан 1950 жылғы қаңтарда 3670 колхоз қалды, олардың жалпы саны 2 есеге жуық қысқарды.
1948 жылы республикада ауылдар мен селоларды жаппай электрлендіру жорығы басталды. Сөйтіп, төртінші бесжылдық тұсында 752 колхоз, 317 МТС, 164 совхоз және 193 селолық аудан орталықтары электрленді. Селолық электр станцияларының қуаты 1945 жылмен салыстырғанда 2,8 есе өсті.
Республикада төртінші бесжылдықта егіс көлемі бір миллион гектардан аса ұлғайды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы артты. 1950 жылы астықтың жалпы түсiмi 47 654 центнерге жетіп, соғыстан бұрынғы дәрежесінен 89 пайыз асып түсті. Ірі қара малдың, қой мен жылқының жаңа түқымдары өсіп жетілді. Атап айтқанда, қазақтың ақ бас сиыры, алатау сиыры, қазақтың биязы жүнді қойы, арқар-меринос қойы, Қостанай жылқысы будандастырылып, жаңа түқым алынды. Малдың жалпы саны өсті: ірі қара-27, қой мен ешкі - 70, жылқы - 71 пайыз көбейіп, шошқа - 2,7 есе артты. Дегенмен ауыл шарушылығын өркендетуде елеулі қиыншылықтар мен кемшіліктер болғанын да айтуымыз керек. Бұл кезде республиканың мал шаруашылығы мейілінше ауыр жағдайда еді. 1951 жылы бар болғаны 4,5 миллион ірі қара (1928 ж. 6,5 млн. болған), 1,5 млн. жылқы (3,5 млн.), 127 мың түйе (1 млн.) болды. Тек қой саны бойынша, олардың тез өсетіндігі есебінен, 1928 жылдың дәрежесіне жақындады. 1928 жылы 18566 мың қой болса, 1951 жылы қой мен ешкінің саны 18036 мың басқа жетті.
Халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарында республика жазушылары шығармаларының басым көпшілігі Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналды. Ғ. Мүсіреповтың "Қазақ солдаты", Ә. Нүрпейісовтың "Курляндиясы"сияқты соғыс тақырыбына жазылған еңбектерде қазақстандық жауынгерлердің жоғарғы адамгершілік қасиеті, жеңіс жолындағы күресте көрсеткен ерлігі баяндалды. Еңбек тақырыбына жазылған С. Мүқановтың "Сырдария", Ғ. Мұстафиннің "Миллионер", Р. Слановтың "Кең өріс" сияқты туындыларында колхозшы шаруалардың өмірі көрсетілді.
Осы жылдарда М. Әуезовтің "Абай жолы", С. Мұқановтың "Шоқан Уәлиханов" сияқты көптеген тарихи шығармалар жарық көрді. "Абай" қойылымы үшін Қазақ Академиялық драма театрының ұжымы КСРО мемлекеттік сыйлығын алды.
Музыка мәдениеті өрлеу жолына шықты. М. Төлебаевтің "Біржан-Сара", А. Жұбанов пен Л. Хамидидің "Абай", Е. Брусиловскийдің "Дудар-ай", Қ. Қожамияровтың ұйғыр тіліндегі "Назугум"опералары сол жылдарда дүниеге келді. "Біржан-Сара" операсына КСРО мемелекеттік сыйлығы берілді.
1946 жылы республикада Ғылым академиясы құрылып, оның президенттігіне көрнекті ғалым, академик Қ. И. Сәтбаев сайланды. Осы жылдарда Ақтөбе, Гурьев, Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Шымкент екi жылдық мұғалімдер институттары жоғары бiлiм беретiн педагогикалық институттар болып қайта құрылды.
1943 жылы Қазақстан ғалымдары соғыс жылдарында орталықтан эвакуация болып келген ірі кеңес ғалымдарымен бірлесіп «Қазақ ССР тарихы» атты іргелі еңбектің бірінші томын шығарды. Кеңес Одағы республикалапының ішінен бірінші болып Қазақстанның тарихы жазылды. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, Кеңес Одағының идеологиялық өміріндегі айтулы оқыға болды. Бұл еңбекті оқушы қауым, ғылыми көпшілік зор қуанышпен қарсы алды. Еңбек Сталиндік сыйлыққа ұсынылады. Еңбекке сыйлық беру мәселесін талқылағанда бұл еңбек орыстарға қарсы жазылған деген пікір айтылды. Еңбекте патша үкіметінің Қазақстанда жүргізген саясатының отаршылдық сипаты туралы, бұл саясатқа қарсы күрескен Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың ұлт-азаттық сипаты, прогрессивтік ролі туралы екі мәселе бұл еңбекті кінәлауға негіз болады. Бұл екі қорытындының авторы белгілі қазақ ғалымы Е.Бекмаханов еді. Сондықтан оның жазған «Қазақстан ХХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген монографиясы сынға ұшырайды. Оның бұл еңбегі талқыланып буржуазияшыл-ұлтшылдық тұрғысынан жазылған деген қорытынды жасалады. Е.Бекмаханов қуғынға ұшырайды. Осы кезде Қазақстан тарихнамасында Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылғаны туралы, оның прогрессивтік маңызы туралы, Кенесары қозғалысының монархистік, реакциялық сипаты туралы концепция орын алады.
Қазақ халқының өткен тарихы, мұрасына байланысты әдеби еңбек жазған ұлы жазушы М.Әуезов, ұлы ғалым Қ.Сатпаев т.б. зиялы қауымның өкілдері қудаланды.
Идеология саласындағы аталмыш және басқадай бұрмалаушылықтар коммунистік партия ұстанған таптық саясаттың жемісі еді.
Достарыңызбен бөлісу: |