«Этнопедагогика» ОҚУ-Әдістемелік кешені


Өзін-өзі тексеру сұрақтары



бет4/6
Дата10.07.2016
өлшемі453.5 Kb.
#189484
1   2   3   4   5   6

Өзін-өзі тексеру сұрақтары

  1. Халықтық тәрбие құралдарына нелерді жатқызуға болады?

  2. Қазіргі тәрбие құралдары мен ертеректе қолданылған тәрбие құралдарына қандай салыстырмалы талдау жасауға болады?

  3. Халықтық тәрбиені зерттеген педагог ғалымдарды атап, олардың педагогикалық ойларын талда.

  4. Хлықтық педагогикадағы «Жетілген тұлға» дегеніміз кім?

  5. Тұлға қалыптасуына әсер ететін халықтық педагогикалық факторларды ата.


Дәріс №8. Дәрістің атауы. Халық идеалындағы «жетілген тұлға» және оны тәрбиелеудің тәжірибесі. (1 сағат. 8 апта)

1 Халық ұғымындағы тұлға.

2 Балаларды оқыту мен тәрбиелеудегі халық ауыз әдебиеті және оның жанрлары, мақал-мәтелдер адамгершілік, имандылық тәрбиесінің құралы ретінде.

3.Халық ертегілері. Этнос. Аңыздар. Балалар фольклоры.


1.Тұлға — жеке адамның өзіндік адамгершілік, әлеуметтік, психологиялық қырларын ашып, адамды саналы іс-әрекет иесі және қоғам мүшесі ретінде жан-жақты сипаттайтын ұғым. Aдамның әлеуметтік қасиеттерінің жиынтығы, қоғамның даму жемісі және белсенді қызмет ету мен қарым-қатынас орнату арқылы жеке адамды әлеуметтік қатынастар жүйесіне енгізудің жемісі.

Жетілген тұлға – халықтық тәрбиенің мақсаты. Кезінде қазақтың ақыны Абай Құнанбаев та «Адам» ұғымына сипаттама беріп, оның қалыптасу және даму сатыларына тоқталған болатын. Онда ақын өзінің 11- қара сөзінде «Қашан бір бала ғылым білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» деп сипаттама береді. Сонымен қатар адамдық сипаттар немесе қасиеттер ретінде өзі үшін емес халық мүддесі үшін өмір сүрудің маңызын «өзі үшін өмір сүрген адам өз бетінше оттаған хайуанмен тең, ал көпшілік үшін тіршілік ететін адам «нағыз адам» дегенді келтіреді."Адам кемелдігі неде? Бақытқа қалай жетуге болады? деген сұраққа әл- Фараби білім мен іс-әрекет арқылы жетуге болатындығын айтады. Бақытқа жеткізетін барлық іс-әрекеттер мен қызмет әрқашан қайырымды. Әрекетшіл жанның мақсаты - әдейі көзделген ұмтылыс болуға тиіс. Оған іскерлік пен көрегендікті, яғни дүниені тану қабілетін бойына дарыту ұмтылысы ұйытқы болады. "Адам қайырымдылық, сұлулық, игілік және ұлылықты басқа адамдардан емес, өзінің жаны мен тәні арасындағы барлықтан алса, ол шынымен де қайырымдылық пен бақытқа қол жеткізеді". Қайырымды жан—ақыл-парасаттың, адам бақыты мен бақ-дәулетінің күрескері.Қайырымдылық - табиғи бейімділіктің іс-әрекетпен ұштасуы, маңызды міндет-мұрат үшін жігер мен табандылық көрсету. Ғалым Б.Кiшiбеков қазақ халқының мінез - құлқы оны қоршаған ортаға – кең далалық кеңістікке, географиялық жағдайға, баққан малға, оның шаруашылығына байланысты қалыптасты, - деп тұжырым жасайды.

Кемел адамның этникалық мінезі. Қай заманда болмасын заманына қарай жеке тұлғаның болмысын қалыптастыру туралы ойлар мен пікірлер көпшілікті толғандырып келген. Жеке тұлғаны қалыптастырудағы кемелділік, мінсіз адам бейнесі тәрбиенің ең жоғары көрсеткіші ретінде қабылданып, қоғамда жоғары жауапты міндеттерді атқаруға лайық деп танылған. Бүгінгі күнді алып қарасақ, елімізді өркениеттілікке жеткізетін, ел экономикасын дамытатын, сондай - ақ, Қазақстан Республикасын 50 дамыған елдер қатарына қосылуға мүмкіндік жасайтын жастарды тәрбиелеу немесе кемел адамды тәрбиелеу бүгінгі күннің еншісіндегі ұлы міндет болып отыр. Осындай қасиеттерді бойына жинақтаған жеке тұлға елімізді, халқымызды бақытты болашаққа жетелейтін мемлекет басшысы болуға лайық. Мұндай пайымдаулар мен ой - тұжырымдардың бастау алар көзі сонау орта ғасырдағы көне түрік ғұламалары көзқарастарында туындаған болатын. Олардың өкілдері әл - Фараби, Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Йассауи, Қорқыт ата, «Қабуснама» кітабының авторы Кейкаус және т.б. мұндай қоғам талаптарына жауап бере алатын кемел адамды қалыптастыру негізі отбасы тәрбиесінен басталады дей отырып, оның қоғам мүдделерімен сабақтастықтарының жан-жақты қырларын ортаға салады.

Халықтық педагогикалық көзқарастарын жүзеге асыру жұмысын мақсатқа сай қамтамасз ету мен тәрбие дәстүрлерін бекіту, оларды нақтылау, толықтыру және жетілдіруге көмегін тигізген жеке сынақ әдісі ел арасына кеңінен мәлім болды.

Тәрбиешілердің бір-бірімен әңгімелесулері, ата-анамен, ата-әжемен тәрбиеленушілердің өздерімен әңгімелер педагогикалық ойланулар үшін қашанда сан алуан және құнды материал берді және педагогикалық мәдениеттің биіктеуіне ықпал етті. Халық даналары әңгімелерді тәрбиенің озық тәжірибесін таратуда, бақылаулары мен жеке сынақтарында және басқа жағдайларда пайдаланды, яғни әңгімелер халық педагогикасының дамуына ықпал еткен көмекші құрал қызметін атқарушы тәріздес.

Қалай болғанда да әңгімелер жинақталған мәліметтерден құндыны және пайдалыны екшеп алу, қажет емес немесе күмән тудыратыннан бас тартуға жәрдемдесті, яғни, жағымды педагогикалық мәліметтерді жинауға, осыған орай халықтың педагогикалық ойының дамуына ықпал жасады.

Халыққа сөзбен әсер етудің сан түрлі тәсілдері белгілі, сезім мен санаға ықпал ету шараларының көптеген түрлері бар.

Әрбір және кез келген халықтың педагогикалық мәдениетінде жетілген тұлға идеясын жүзеге асыруға бейімделген өзіндік табыстары бар. Бұл табыстардың жекелеген кейбіреулері тек тұлғаның бір немесе бірнеше жақтарына қатысты болса, ал өзгелері кемелденудің халықтық идеалын жан-жақты ашып көрсетеді.

Тұлға қалыптастырудағы халықтық тәрбиенің демократиялық мәні оның негізгі идеяларының, формаларының, құралдарының және т.б сабақтастығын қамтамасыз етеді. Олар өзінің дамушы табиғатына сай ұрпақтан ұрпаққа кеңейіп, байып және түрін өзгертіп ауысып отырады.

2 Балаларды оқыту мен тәрбиелеудегі халық ауыз әдебиеті және оның жанрлары, мақал-мәтелдер адамгершілік, имандылық тәрбиесінің құралы ретінде.

Мақалдар – нақыл, өсиет түрінде айтылатын философиялық ой-түйіндері, сөз мәйегі. Мақалдар көбінесе өлеңдік өрнекпен, сабырлы, салмақты ырғақпен айтылады, қара сөзбен, яғни шешендікпен айтылатын мақалдар да бар. Мақал, негізінен, екі бөлімнен (көбінесе екі тармақтан) құралады. Бірінші бөлімде пайымдау (айтатын ойдың түп негізі), екінші бөлімде ой қортындысы айтылады. Жыраулар мен ақындар, ел басылары мен батырлар, зиялы адамдар шығарған (авторы белгілі) мақалдар мен мәтелдер өте көп.

Мәтелдер, негізінен, тұжырым тұспалы өлеңде сыңар тармақты, қара сөзде нұсқалы сөз ретінде айтылады.

Қазақ халқы – сөз қадірін біліп, қасиетті сөзді қастерлеп, аузынан тастамай, өнеге ретінде данышпандығын өлең өрнектерімен, терең мағыналы сөздермен зерлеп келе жатқан халық. Сөз зергерлерінің аузынан шыққан мәтелдер мен мақалдарды үздіксіз пайдаланып, үлгі етіп, ұрпақ тәрбиесіне парықтап пайдалану дәстүрге айналған. Сондықтан да, әсіресе, қариялар мақалдап, маңызды сөйлеуді борышым деп санайды. Мақалсыз, мағынасыз сөйлеген қарт адамның сөзінің қадірі болмайды.

Қазақтың мақал-мәтелдерінің көбірек қамтитын тақырыптары: елдік, ынтымақ, бірлік туралы мақал-мәтелдер.

Отбасында ата-аналар бала тәрбиесіне лайықтап іс-әрекет, пікірлесу, пікірсайыс кезінде өнеге көрсетіп, өсиет айтып: ана тілін алмасаң, арың кетеді; әке – тірегің, ана – жүрегің; бірінші байлық – денсаулық; сабыр түбі – сары алтын; еріншектің ертеңі таусылмайды; көзің ауырса, қолыңды тый, ішің ауырса, асыңды тый; іс істесең, ретін тап; ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар; бір үйдегі бәрің де бір-біріңе меймансың және т.б мақалдарды жиі айтады.

Баланың өмір тәжірибесі аз, сондықтан оған айтатын ақыл-насихат, өнеге-өсиет әрі әсерлі, әрі ойда қалатындай мәнді болу керек. Сол мәнді сөздер – мақалдар мен мәтелдерді орынды пайдаланған ата-ана ой қозғап, ақылға қонымды сөздер айту арқылы баланы тәрбиелейді және санасын арттырады.

Балалар бақшасында тіл ұстарту, тіл ширату сабақтарында балдырғандарға мақал, мәтел туралы түсінік беріліп, оларды қолданудың қажеттілігі тура айтылады.

Мектепте ауыз әдебиеті туралы бағдарламалық материалдарды оқыту оқушылардың мақал-мәтел жинап, оқулық пен хрестоматиядағы материалдарды толықтыра түсуіне басшылық етеді.

Қазақ халқының өз мақал-мәтелдері том-том болып жиналады, оның үстіне басқа халықтардың тілінен аударылған мақал-мәтелдер де мол. Осыған қарап мақал-мәтелдерді ұлтаралық, жалпы адамзаттық әдеби мұра деуге де болар еді.

3.Халық ертегілері. Этнос. Аңыздар. Балалар фольклоры.

Алғашқы қауымнан бастап бала тәрбиесіне ерекше әсер ететін ертегілерді ойлап шығарған адамзат тарихында ертегілердің тәрбиелік мәні зор. Қазақ ертегілері сан алуан. Оларды: хайуанаттар туралы ертегілер, қиял-ғажайып ертегілер, тұрмыс-салтқа байланысты ертегілер, батырлық ертегілер, күлдіргі ертегілер деп бірнеше топқа бөлуге болады.

Хайуанаттар туралы ертегілер көне заманда елдің және аңдардың, малдың киесі бар деген сенім қалыптасқан кезде пайда болған (Шек-шек ата, Ойсыл қара, Зеңгі баба).

Ертегілердің ішіндегі баланың қиялын шарықтатып, балалық шақтың болашағын елестетіп, келешекке сеніммен қарауға тәрбиелейтін ең әсерлі ертегілер – қиял-ғажайып ертегілері.

Тұрмыс-салтқа байланысты ертегілер халықтың тарихи талаптарына байланысты туған. Онда бай баласы мен жарлы баласының таптық айырмашылықтары сөз болады, ақылды кедей мен сараң бай, қанағатсыз саудагер, ақымақ хан мен данышпан шаруаның іс-әрекеттері, мінез-құлықтары суреттеледі.

Батырлық ертегілерде елін қорғап, халқын қадірлеген ерлердің таңғажайып іс-әрекеттері баяндалады («Ер төстік»).

Аңыз ертегілер негізінен Алдар көсе мен Жиренше шешеннің, Қожанасырдың есімдерімен байланысты.

Отбасында ертегілер күнін белгілеп, ол күні әженің не атанын ертектерін тыңдау немесе ертегі оқу, ертегі айтысу т.б тәрбиелік жұмытарды ұйымдастыру маңызды саналған.

Балалар бақшасында ұйымдастырылатын ертегілер бөлмесі әркім әсер алатындай әсем, мазмұнды, ғажап көріністермен безендірілуі тиіс.

Халық өз ұрпағының ұлағатты, білгір, батыл, батыр, ойшыл, еңбекқор, өнерпаз болып өсуі үшін, оған үлгі-өнеге етіп аңыз әңгімелерді де бардан құрап, сары алтындай сақтап келеді.

Аңыз әңгімелер келешек ұрпақтың наным-сенімін, арман-қиялын арттырады. Онда көбінесе өмірде болған нақты оқиғалар алынады да, оған қызық ғажайып сюжеттер қосылып, тыңдаушыны баурап алатындай әңгіме жүйесі ерекше әсерлі құрылады.

Аңыз әңгімелер: 1. Аспан әлемі, жан-жануар, жер, су, мекен аттары туралы. 2. Ру, тайпалардың шығу тегіне байлансты. 3. Діни мистикаға. 4. Әлеуметтік утопияға (үміт, қиял). 5. Тарихи қаһармандық туралы құрылады.

Отбасында аңыз әңгімелердің сан салалы, алуын түрлі үзінділерін айта біліп немесе қызықты аңыздарды кітаптан балаларына оқытып, тыңдатуды ұйымдастыру – ата-ананың міндеті.

Қанатты сөздер мен даналық сөздер – даналар мен шешендердің ел аузында жатталып, өсиет, өнеге, аңыз ретінде айтылатын сөздер.

Қазақтың халық педагогикасында балаларға арнап шығарылған арнау-тілек өлеңдері, сұрамақтар, төрт түлік туралы жырлар, тақпақтар ерекще орын алады.

Халық педагогикасындағы балалардың бірден жадында қалатын қысқа-қысқа тақпақтар, оларды тақпақ айтуға ынталандырады, еңбекке, адамгершілікке, Отанын сүюге, өнерге тәрбиелейді.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары

1. Жетілген тұлға туралы түсінік бер?

2. Халықтық педагогикадағы «Жетілген тұлға» ұғымының мәнін ашыңыз.

3. Жетілген тұлға тұлғасын тәрбиелеудің негізгі міндеттері.

4. Абай Құнанбаевтың «Жетілген тұлға» туралы көзқарасы қандай?

5.Тәрбиенің халықтық жүйесінің қалыптасуына ықпал еткен жағдайлар.

6.Ауызша поэзия. Оның түрлері.

7. Халық ұғымындағы тұлғаны бейнелеңіз.

8. Халық ауыз әдебиеті және оның жанрларын атаңыз.

9.Мақал-мәтелдер адамгершілік, имандылық тәрбиесінің құралы ретінде қолданудың мақсаты?


Дәріс №9. Дәрістің атауы. Халық педагогикасындағы балалар мен жастарды өмірге тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі халықтық педагогиканың негізі ретінде. (1 сағат. 9 апта)

1.Отбасының әлеуметтік тарихи дамуы.

2 Халықтық педагогикадағы отбасындағы қыз және ер балалар тәрбиесінің ерекшеліктері.

3 Отбасы тәрбиесінің жетекші ұлттық дәстүрлері.


1.Этнопедагогика проблемаларының өзектілігі, ең алдымен адам өміріндегі халықтық тәрбиенің алатын ерекше маңызды рөлімен анықталады. Адам әлеуметтенуінің маңызды құралы бола отыра халықтық тәрбие балалар мен жасөспірімдерді қоғамда өмір сүрудің түрліше тәртіптеріне даярлайды.

Әрбір отбасының қалыптасқан әдет-ғұрпы, ата-дәстүрі болады. Сонымен бірге жалпы қазақ отбасында ортақ дәстүрлер де бар. Оларды атап өтсек мыналар: жасы кішілер үлкендердің атын атамай, ата, әже, әпке, аға, әке деп сыйлап қарым-қатынас жасауы, сондай-ақ жасы кішілер үлкендердің, әсіресе, қариялардың алдын кесіп өтпеуі, отбасы мүшелерінің бірін-бірі ренжітпеуі, үлкеннің тілін кішінің алуы, елгезек, тілалғыш, қолғанат болу, ал отбасы үлкендерінің өзінен кішілерге қамқоршы, ақылшы болуы, еңбекті үй ішінде жұмыла істеп, әрқайсысының өз шама шарқынша іс атқаруы.

Гуманизм, табиғатпен үйлесімділік, халықтық еңбекте тәрбиелеу, сезімталдық, тәрбиенің бірізділігі мен жүйелілігі, талаптар бірлігі, балалар тұлғасына ілтипат пен құрмет – бұлар отбасы тәрбиесінің халықтық жетекші бастаулары жүйесін құрайды. Бұл халықтық тәрбиенің және оның құрамды бөлігі – отбасы тәрбиесінің жалпы бағытын, оның мақсаты, мазмұнын және ұйымдастыру әдістемесін анықтайды.

Осыған орай еңбекте қазақ халқының отбасы тәрбиесі, халықтың сүйіспеншілік, жанұя, балалар мен ата-аналар жөніндегі ұғымдарын, түсініктерін ашып көрсетуге үлкен орын берілген.

2 Халықтық педагогикадағы отбасындағы қыз және ер балалар тәрбиесінің ерекшеліктері.

Ата-бабамыз ұлды өздеріндей еңбек сүйгіш, малсақ, жауынгер, әнші, күйші, аңшы, құсбегі – бесаспап азамат етіп тәрбиелеуді мақсат еткен. Жігіттің бойына өнер мен еңбекті, ізгі адамгершілік қасиеттерді қатар сіңірген. Ер баланы он жасынан бастап ат жалын тартып азамат болғанға дейін мал бағу мен аң аулауға, отын шабуға, қора салуға, ағаштан, теріден түрлі тұрмысқа қажетті бұйымдар жасауға, яғни қолөнер шеберлігіне баулыған. Әсіресе әкелері мен аталары ұлдарға мал жаюдан бастап, шаруаның алуын тәсілдерін үйретіп баққан.

Отбасындағы ұл тәрбиесінде әке мен аталардың рөлі ерекше. Әке – отбасының басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы.

Отбасында әкелері немесе аталары өз өнерлерін балаларына үйретіп, олардың өзіндей мерген, аңшы, құсбегі, қолөнер шебері етіп тәрбиелеуге көңіл бөлген. Ата өнерін баласының қуу ежелгі ел дәстүрі болған. Қазақ халқының өмірінде жеті атасына дейін мергендік, аңшылық немесе ұсталық, күйшілік, емшілік өнерді қуып өткен адамдар жиі кездеседі.

Аталары балалары мен немерелеріне ертегі, аңыз-әңгіме, мақал-мәтелдер айтып беріп, шешендікке, тапқырлыққа тәрбиелеген.

Қазақ ауылында ұл бала тәрбиесіне бүкіл ауылдың үлкендері, әсіресе, қарттары араласқан.

Өнегелі, өнерлі, «сегіз қырлы, бір сырлы», намысқор азамат тәрбиелеу аталар арманы болған. Ал аталар жолын қуып, өнері мен өнегелі ісін жалғастыру жастарға да үлкен сын болып саналған. «Ата көрген оқ жанар» деген мақал соны меңзейді.

Қай ата-ананы алсақ та, қызының ертең барған жерінде «балдай батып, судай сіңіп» кетуін, жақсы жар, әдепті келін, аяулы ана болуын армандайды.

Қасиетті ана қызының тәрбиелі жан болып өсуі үшін жасынан-ақ шашты қарияның алдынан аттатпай өсіреді.

Қазақ халқы келіннің келгенижерінде жақсы жар, абзал ана, ұқыпты әйел болуы, біріншіден, оның өскен ортасына байланысты десе, екіншіден, келген жеріне де байланысты деп қарайды. Жаңа түскен жас келінге енелері қонақ күту, ас ұстау, бала күту т.б мәселелерде үнемі ақыл-кеңес беріп, үйретіп отырады.

Әйел қандай биік дәрежелі жұмысты істемесін, қайда болмасын оның ең басты міндеті – өмірге ұрпақ әкелу, бала тәрбиелеу. Көп жағдайда отбасының беріктігі әйелге байланысты.

Қыз жасынан өз денесін бағуға, киім-кешегін, орамал-дастарқан, төсек орын жабдықтарының тазалығын сақтауға үйренуі абзал.

3 Отбасы тәрбиесінің жетекші ұлттық дәстүрлері.

Отбасы – қоғамның бір бөлшегі. Үйлену өз алдына отау тігіп, түтін түтету ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан салт, қоғамдық құбылыс. Қалыңдық таңдау, құда түсу, үйленумен байланысты салт-дәстүрлер барлық халықтарда бар және мазмұны жағынан бір-біріне ұқсас рәсімдер.

Қай халық болмасын балаларын кезінде үйлендіріп, жақсы келін түсіруді, келіндердің көрікті, ақылды, арлы, әдепті, еңбексүйгіш болуын мақсат тұтқан.

Парасатты әжелердің «Келініңді қызыңдай көр, қызың да келін болмас па?» деп енелерге ақыл айтуы, немесе «Келіннің өнегелі болуы – енеден» деуі үлкендерге де ескерту жзасап, жауапкершілік артуды білдіруден туған.

Қазақ халқында қалыңдыққа бес жақсы зат сатып әперу салты ертеден бар. Ол түзу мылтық, берен сауыт, бәйне ат, жүк артатын атан түйе, қыздың басты бес киімі саналған.

Үйлену тойының ең жауапты кезеңі – қыз бен жігіттің некесін қию. Некені молда қияды.

Қазақ халқында құдаласу рәсімінен кейін қыздың туыстары жыл бойы қызға жасау жинастырады.

Үйлену тойындағы ойын-сауық, кәделер – барлық елдерге ортақ рәсімдер. Қазақта үйлену тойы ат шаптыру, жорға жарыстыру, күрес, аударыспақ, көкпар тарту, ақындар айтысымен өткізіледі.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары

1.Отбасында халықтық педагогика тұрғысында тәрбиелеудің мақсатын түсіндіріңіз.

2.Халықтық педагогикада ұл мен қызды болашақ өмірге баулу жолдарын анықтаңыз.

3.Халықтық педагогикадағы отбасындағы қыз және ер балалар тәрбиесінің ерекшеліктері неде?

4.Отбасы тәрбиесі халықтық педагогиканың негізі ретінде мақсатын түсіндіріңіз.

5.Отбасы тәрбиесінде ұлттық дәстүрлері қолдану жолдарын көрсетіңіз.


Дәріс №10. Дәрістің атауы. Ақыл-ойды дамыту халық қамқорлығының бастауы. (1 сағат. 10 апат)

1.Ақыл-ой тәрбиесіне халықтық көзқарас.

2 Балаларды білімге, ой өрісті кеңейту икемділіктері мен дағдыларына таратудың халықтық құралдары.

3 Халықтық білімдер және оны күнделікті өмірде қолдану.


1.Халықтық педагогикада бала дүниетанымын қалыптастыру және оның ақыл-ойын дамытудың бастау көзі ретінде – ең алдымен оның қоғамға, қоршаған дүниеге және мұндағы адамның орнына көзқарастарды тірек еткен дүниетанымы алға шығады. Халық ұрпақты ақыл-ойды өздігінен жетілдіруге үндейтін терең және мазмұнды тұжырымдар ұсынды. Ақылдың адамдағы сезім мен қабылдаудан ойлау мен қиялға дейінгі танымдық процесстер жиынтығы екендігін дұрыс болжайды. Қоғамның материалдық және рухани өміріндегі білімнің саналуын мәнінде «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп» - деп арнайы көңіл аудартады.

Халықтық ақыл-ой тәрбиесі жүйесі оның өндірістік қызметімен тығыз астасып жатыр. Өмір тәжірибесі қоршаған болмыстың жаңа факторлары және дамудың жаңа заңдарын ашу, яғни айналаны танып білу қажеттігін алға тартты. Сонымен бір мезгілде әрбір келер ұрпақтың адамзат жинақтаған білімдер мен өндірістік тәжірибені меңгеруіне қамқор болу міндеті тұрды.



Жалпы білімдермен қатар, адамдардың өндірістік қызметінің нақты салаларына, белгілі бір кәсіп түрлеріне, мәселен, жекелей алғанда аңшылық, балық аулау, мал өсіру, егіншілік, бағбаншылық, халықтық дидактика жәрдемімен қамтамасыз етілген.

Ақыл-ой тәрбиесі — балалардың ойлау қабілетін дамыту, интеллектуалдық ақыл-ой санасын, дүниеге ғылыми көзқарасын жетілдіру, ой еңбегі мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-әрекет. Ақыл-ой тәрбиесі жеке тұлғаны қоғамның өркениетті даму бағытына сай жан-жақты тәрбиелеудің құрамды бөліктерінің бірі. Ол білім жүйесін меңгеруге, оқушылардың рухани күшінің дамуына ықпал жасайды. Ақыл-ой тәрбиесінің басты міндеттері: оқушыларды табиғат, қоғам, адам жайындағы ғылым негіздерімен қаруландыру; қоршаған ақиқат дүниеге ғылыми көзқарасын, сенімін қалыптастыру; балалардың ойлау қабілетін (абстрактылы ойлау, ойлау операциялары — талдау, синтездеу, салыстыру, жинақтау, топтау, негізгісін ажырату, жіктеу т.б.), таным іс-әрекетін (іскерлік, дағды, бақылау, жазу т.б.) дамыту. Ол ой еңбегі мәдениетін меңгеруге, интелектуалдық іс-әрекетпен ұзақ шұғылдана білуге, оқушыларды дербес жұмыс істеуге дағдыландырады. Ақыл-ой тәрбиесі шәкірттердің ерекшеліктеріне қарай дидактикалық талаптар (саналылық, белсенділік, өздігінен жұмыс істеуге үйрену, ұғыну т.б.) қояды. Бұл талаптар оқу жоспары, бағдарламалар, оқулықтар арқылы іске асады

Ақыл-ой тәрбиесі әр заманда жастарға білім берудің негізгі құралы болып келеді. Білім алуға және ғылымға ұмтылыс халық санасының тереңінен әрдайым орын алды. Халық табиғат пен қоғам дамуының заңдылықтары бейнеленген ғылымның деректерін, түсініктерін және заңдарын мақсатты игерудің нәтижесі деп білді. Тек ақылды адам ғана терең білімдерді меңгере алатынын түсінді. Білімнің мәнін "Ақылдан қымбат байлық жоқ", "Ақылды сатып ала алмайсың", "Ақыл — тозбас киім, білім — сарқылмас булақ" деген халықтың даналық сөздерінен-ақ байқауға болады.

Халық педагогикасында оқыту мен білім берудің принциптері қазіргі ғылыми педагогика тұжырымдарымен ұштасып жатыр. Халық білім мен өмірдің тығыз байланысты болуын талап етті. Халық педагогикасы оқытудың көрнекі болуын ойдан шығарған жоқ. "Көзбен көргеп, құлақпен естіген ақиқат емес тек қана мұқият зерттелген ақиқат".

Халық педагогикасыңда тәрбие, оның бөліктері туралы ұғымдардың анықтамаларының да ғылыми педагогиканың анықтамаларымен сәйкес кенетіндігі байқалады. Халық педагогикасы бойыиша ақыл-ой тәрбиесі деп шәкірттердің ойлау қабілеттерін, сана-сезімін оқу және еңбек процесінде дамытуды айтады. Ғылыми педагогикалық анықтамасы бойынша ақыл-ой тәрбиесі деп оқушылардың ақыл-ой күштерін, ойлауын дамытудағы және ақыл-ой еңбек мәдениетін дарытудағы тәрбиешілердің мақсатты іс-әрекетін түсіндіруді айтамыз.

Бірақ оқушы өмірінің іс-әрекеті тек тәрбиешілердің мақсатты ықпалымен шектелмейді. Оған қосымша оқушыны қоршаған ортаның ықпалдары мен әсерлерін еске алу қажет. Бұл кеңірек,  ақыл-ойдың дамуы ұғымымен айқындалады.

Ақыл-ой тәрбиесі тұлғаның жан-жақты дамуының негізі. Ақыл-ой тәрбиесі еңбек өнімділігін арттыруга, еңбектің шығармашылығына зор ықпал жасайды. Ең бастысы, ол ғылым мен техниканың, мәдениеттің жедел дамуыпың қайнар бұлағы екендігін үнемі есте ұстағанымыз жөн.
Ақыл-ой тәрбиесінсіз дүниеге адамгершілікті көзқарас, саналы тәртіп пен орынды мінез-құлық, еңбек нәтижесі, экономикалық білімдер, дағдылар, тіршілік ету ортасы, табиғат және қоғам құбылыстарына талғампаздық, дене күш-қуатын арттыру жолдарын білу, қоғам өмірінің құқықтық негіздерін игеру мәселелерін  шешу мүмкін емес.

Қорыта айтқанда, ақыл-ой тәрбиесі — адам зиялылығының негізі. Ақыл-ой тәрбиесіне екі ұғым кіреді: зер салып ойлау және ақыл-ой күштері.
Белгілі психологтар мен педагогтардың еңбектерінде ойлаудың түрлері, олардың мәні, мазмұны жеткілікті зерттелген мәселелердің бірі. Сондықтан біз жеке-жеке ойлаудың түрлеріне тоқталамыз. Бірақ кейбіреулерін кейінірек атап кеткен жөн.

2 Балаларды білімге, ой өрісті кеңейту икемділіктері мен дағдыларына таратудың халықтық құралдары.

Халық педагогикасы білім беру мазмұнын анықтауға негізінен өмірден келді, осыған орай мұнда спекулятивті құрылымға орын жоқ, болуы да мүмкін емес. Өмірден алшақ абстрактілі білімдер практикалық мәнге ие бола алмайды. Сондықтан, мәселе, халық «өмірдің өзі – ұлы ұстаз» екендігін әділ атап көрсетеді. Яғни, білімнің өмірмен байланыстылығы – халықтың аса маңызды дидактикалық талабы.

Сонымен қатар арнайы ұйымдастырылған оқыту процесінде ғана игерілуі мүмкін көлемдірек білімдер де назардан тыс қалмаған: «Әліппенің ар жағы – білім бағы», «Өнер ағып жатқан бұлақ, ғылым жанып тұрған шырақ»».

Ал кітап халық көзқарасында адамның досы, кеңесшісі, білім көзі: «Күш білімде, білім – кітапта».

Халық тәрбиешілері үйрену, оқуды адам бүкіл жаңаны ерекше қабылдағыш балалық шақтан бастаса, мақсатқа лайықты болатындығына, алынған білім өмір бойына игілікті қызмет ететініне тәжірибеде көз жеткізді. Олардың «жаста оқыған оқуың тасқа жазғанмен бірдей» - деп балалар мен жастарды білімдерді игеруге үндеуі, әсіресе, ақылды дәріптеп, оның мүмкіндіктері шектеусіздігін ашып түсіндіруге тырысуы осыдан.

Халықтың педагогикалық тәжірибесі ақыл-ой тәрбиесінің міндеттері мен мазмұнына кең мағына берілгенін көрсетеді.

Адамның ақылы, оның сөйлеуінен көрінеді.

Баланың ақылын тәрбиелеу оның танымдық қабілеттерін жан-жақты дамыту, әртүрлі түсінулердің кеңдігі мен сезімталдығын, байқағыштықты, естің түрлерін жаттықтыруды, ойдың елестетуін ынталандыруды талап етеді. Мәселен, жұмбақтар халық педагогикасында осы талапты жүзеге асырудың аса құнды дидактикалық материалы болып табылады. Олар баланың ақыл ойын дамытуға ықпал жасайды, оларды қоршаған ортаның түрлі салаларынан заттар мен құбылыстарды талдай алуға үйретеді.

Мақалдар мен мәтелдер ақыл парасат көзі, еліктеу үлгісі, сенімді жетекші, өткен ұрпақтың өнегелі мұрасы және бейнелі ойлау мен шешендік сөйлеудің үлгісі ретінде, терең ойларды сақтап, қызмет атқарады.

Үлкендер балаларды табиғат құбылысарын бақылауға, желдің бағыты, қар жамылғысы, өзендердегі судың деңгейі егін дақылдарына ықпал ететінін ұғына алуға үйретті.

Математикалық білімдер ара қашықтықты, астық көлемі мен салмағын өлшеу, үй құрылысы дәне т.б.сол сияқты жағдайларда алынды.

Балаларды өткен тарихпен таныстыру жөніндегі халық қамқорлығы ерекше. Еркіндікке, сүйіспеншілік пен рух өн бойын көктей өтетін қазақ халқының батырлар жырлары мақтауға тұрарлық.

Егер үйретудің кешенді әдістері ақыл-ой тәрбиесінің өмірмен тығыз байланыстылығын қамтамасыз етсе, нақтылық пен айқындылық сол не өзге білім салаларын терең үйреніп білуге ықпал жасады.

Орнымен, жүйелі түрде, уақытында пайдаланылатын халықтық педагогикалық ескерткіштер үлкен білімділік және тәрбиелік тиімділікке ие екендігін қазіргі оқыту тәжірибесі көрсетуде.

3 Халықтық білімдер және оны күнделікті өмірде қолдану.

Халықтық білімдерді оқулықтар мен оқу құралдарына енгізу үшін сұрыптауда олардың:

- тарихи, философиялық, географиялық, биологиялық, математикалық және т.б мазмұны, көркемдік эстетикалық бағалануы;

- халықтың рухани байлығына құрметпен қарауға үйретудің тәрбиелік мәні;

- халықтар арманы, ұмтылысы, тағдырлардың ортақтық халық даналықтарының жалпы адамзаттық сипаты жайлы ойды кеңейтудегі рөлі;

- оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкестігі есепке алынуы керек.

Халықтық білімдердің көпқырлылығы, олардың ақыл-ой тәрбиесі мазмұнындағы орны мәселелерінің тиісті оқу пәндерінде ашып көрсетілуі болашақ мамандар, тәрбиешілермен, ата-аналарды белгілі теориялық және практикалық білімдермен қаруландыруға көмегін тигізері сөзсіз.

Адам табиғатындағы аса бір асқан қасиет – ақылдылық. Оның негізгі тұрағы – қайырымды қоғам болғанда кемеңгерлік іс-әрекеттерін жалпы тәлім етіп көрсетер әділетті орта екені белгілі. Ақыл тек осындай жағдайға өзінің шырқау биігіне шығып, айналасына шапағатын дарытады. Сонда оның жарқырай көрінетін алып тұлғасынан бүкіл ақымақтық атаулы жаны қалмай қорқатын болады.

Шынайы білім ғана өмірдің астыңғы ағындарындағы «тас кесек» тәрізді кедергілерден сақтандыра алады.

Қазақ халқының әдет-ғұрпын да салт-санасынан өрбіген сауық кештеріндеөлең жырмен айтысу, жаңылтпаш, жұмбақ айтысып, өзінің әріптесін озық ақыл-оймен жеңіске жету үлкен шығармашылық табыс болып саналады. Мұндай өнерге жасынан баулу баланы тапқырлыққа тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады.

Қазақ халқы өзінің барлық ойын сауығында, ертелі кеш отбасында жұмбақ, ертегі, жаңылтпашсыз өткен күндері болмаған.

Қазақ халқы жұмбақ шешу ойындарын әрбір құбылыстың өзіндік дербес қасиетін дәл келтірумен қатар, екніші бір затқа не құбылысқа ұқсастығын салыстыра отыра, баланың өзін қоршаған табиғат әлеміне: аспан, жер, су, жан-жануарлар, от пен жарық, тұрмысқа қажетті бұйымдар мен жабдықтар, өмірде кездесетін құбылыстар мен заттарға зейін қойып, бақылау, байқау, қабілеттерін ояту мақсатында пайдаланған.

Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан үйрету даналығы өзіне халық шеберлері, білгірлер, ұсталар мен диқандар, суретшілер мен сәулетшілер, малшылардың терең және сан түрлі білімдерін шоғырландыратынын байқатады. Олардың тәжірибесі этнодидактика арқасында ұрпақтан ұрпаққа көбейтіліп, беріліп отырды.

Дидактикалық талдауға алынған фольклор материалдары, мал өсіру, егін егу және өзге де кәсіп түрлерімен байланысты салттар, халықтық астрономиялық және фенологиялық қорытындылаулары бұл міндеттерге:

Балаларда заттар, оқиғалар, қоршаған өмірдегі іс - әрекеттер мен құбылыстар жайлы дұрыс түсінік қалыптастыру.

Олардың сезімталдығы мен дүниені тиімділікпен танып білуі процесін дамыту.

Ақыл – ой қабілеті мен ынталылықты арттыру.

Балаларды интеллектуалдық дағдылар мен икемділіктерге баулу енгенін көрсетеді. Мұның өзі халықтық балаларға өмірге қажет білімдер жиынтығын игертудегі дидактикалық талаптары ғылым педагогикаға жақындығының белгілері.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет