1925 – 1964 жылы Қарағанды шахтасында темір жонушы, “Қарағанды пролетариаты” (қазіргі “Орталық Қазақстан”) газетінің жауапты хатшысы, Новосібірде шыққан “Қызыл ту” газетінің, “Әдебиет майданы” (қазіргі “Жұлдыз”) журналының қызметкері, редакторы, ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы (1953 – 1956, 1962 –1964) қызметтерін атқарды.
1940 жылы Қарағанды шахтерлерінің өмірінен жазылған “Өмір не өлім” атты тұңғыш романы жарияланды. Бұл кітап үлкен шығармашылық жолдың бастауын белгілеген еңбек еді. Қаламгер алғашқы романынан-ақ қазақ топырағындағы өндіріс тақырыбын қозғады. Шығармада бұрын жабылып қалған өндірістің Кеңестік кезеңде қайта ашылуы суреттеледі. Автор осы жолдағы күресті кейіпкерлер әрекеті арқылы біраз шиеленістіріп, жұмысшы табының бейнесін жасады. Бірақ тартыстың жасандылығы роман кейіпкерлері бейнелерінің әлсіз шығуына, композициясының босаңдығына әсер етпей қоймады. Кейін бұл тақырыпқа қайта оралып, Мұстафин Ғабиден дәуір шындығы мен өндіріс адамдарын суреттеуде едәуір табыстарға жетті. Соғыс жылдарында “Құлаған құз”, “Алынған кек”, “Басқа пәле тілден”, “Айғақ” (1942), “Тұтқын”, “Күлмеген адам”, “Керуен” секілді шағын туындылары өмірге келді (“Жиырма бес”, 1953).
Соғыстан кейін ол кең көлемді прозада қалам тартып, тары дақылынан мол өнім алуда дүниежүзіне танымал болған - Шығанақ Берсиев өмірінен “Шығанақ” повесін жазды (1945). Соғыс жылдарында еңсесі түскен елге ерен еңбегі арқылы көмек көрсетіп, демеу болған Ақтөбелік диқан-Шығанақтан да басқа мұнда еңбек адамдарының кесек тұлғалары көрініс тапқан. Шығармада қажырлы еңбектің нәтижелі жемісі сөз етіледі. Ауыр арпалыс нәтижесінде жеткен жаңа өмірдің күрделі де қиын жолын үлкен суреткерлікпен жазады. Бұл өз кезеңінде ұрпақты еңбек сүйгіштікке, табандылыққа, адалдыққа жетелейтін, тәрбиелік мәні жоғары шығарма болды. “Миллионер” повесі (1948) соғыстан кейінгі халық өміріндегі өзгерістерді бейнелеуге арналған. Повесть бірнеше шет тілдерге аударылған (ағылшын, неміс, француз, испан, поляк, чех, болгар, венгр, қытай, т.б.), шығарма желісі бойынша осы аттас пьеса да жазылған. Ол “Қарағанды” (1952), “Дауылдан кейін” ('1960), “Көз көрген” (1963) романдарын жазды. Бұл шығармалар идеялық-көркемдік қуатының молдығымен қазақ әдебиетіне зор үлес болып қосылып, жазушыны әдебиеттің аса көрнекті өкілдерінің қатарына көтерді.
Мұстафин Ғабиден шығармалары шетел тілдеріне аударылып, оқырмандардан өз бағасын алды. Мұстафин Ғабиденнің шығармалары 20- ғасырдың басындағы дүрбелең оқиғалар мен қоғамдағы жаңалықты, ел басынан өткерген ауырпашылықты кеңінен суреттеуімен құнды. Мұнда Мұстафин өзі өмір сүрген дәуірдің панорамалық суреттерін жасап, қиыншылықтарды жеңе отырып, ілгері ұмтылған қоғамды, ондағы адамдар қарым-қатынасын көркем бейнелейді. Кеңестік дәуір әдебиетінде көрнекті шығармалардың біріне айналған-“Қарағанды” романы (1952) – ел экономикасын көтерген өндіріс ошағы мен сол өңірдегі жұмыскерлер, зиялылар турасындағы кең тынысты, күрделі роман. Ғабиден бұл шығармасында “Өмір мен өлім” романының кейбір сюжеттік желісін пайдалана отырып, ұлттық зиялылар қауымының қалыптасу кезеңін нанымды бейнелейді. Кейіпкер тағдырын қайшылықты оқиғалар легі арқылы өткір, ұтымды көрсетіп, адамдар әрекетін уақыт тұрғысынан емес, адамгершілік ұстаным тұрғысынан тануға ұмтылды. Әлеуметтік-психологиясының тереңдігімен ерекшеленетін-“Дауылдан кейін” романы 20-жылдардың орта кезіндегі қазақ ауылындағы өзгерістерді көрсетуге арналған. Көркемдік сапасы, шынайылығы, психологиялық сезім күйлерін суреттеудегі шеберлігі, образдарының жан-жақты ашылуы, оқиғаларының күрделілігі жағынан роман қаламгердің елеулі табысы саналды. Шығармадағы өмір шындығы “Көз көрген” романында (1963) отаршылдық пен езгіге қарсы күрес арқылы жалғасын тапты. Өз өмірінен және өзімен тұстас аға буынның басынан кешкен тарихи кезеңдері жайында мағлұмат беретін мемуарлық триология жазуды жоспарлаған Мұстафин Ғабиден “Көз көргенді” дүниеге әкелді. Мұстафин Ғабиден шығармаларының негізгі тақырыбы – өндіріс өмірі мен ауыл тіршілігінің тынысы[3, 78 б.].
Қаламгер туындылары ерекше қуат-жігерге, қуанышқа толы. Ғабиден қаһармандары – өз еңбектерімен тарихи табыстарға жеткен жандар. Олар аға буынның қажырлы рухын, биік мақсаты мен арманын, мағыналы ғұмырын паш етеді. Жомарт, Жанат, Алма секілді жастардың халық алдындағы перзенттік, азаматтық парызды ақтау талабынан туған ізденісі мен махаббатты қастер тұтатын қасиеті – қазіргі ұрпақтың рухани тәрбиесінде жәрдемі болары сөзсіз. Мұстафин шығармаларының елеулі ерекшелігі оның өзіндік стилінде. Ол сөйлемді қысқа құрып, аз сөзге көп мағына береді. Тілі қарапайым да жатық, ұғымға жеңіл, оралымды, ұтымды. Халықтың қанатты, бейнелі сөздерін орынды пайдаланумен қатар өз тарапынан да өткір, ықшам сөз тіркестерін жиі қолданады. Әдеби-сын мақалаларында елдің, ұлттың жайын қозғап, әдебиеттің бүгіні мен ертеңі, дамуы турасындағы тың ой - тұжырымдарын жазды (“Ой әуендері”, 1974).
Көркем сөз жайлы Абай айтқан талап, талғам - өлшеусіз өнеге. Қазақтың жазба әдеби тілінің тарихындағы «қайта өрлеу» дәуірінің басында тұру бақыты Абайға біреудің ұсынысы бойынша берілген «мәртебе» емес, уақыт өлшемінен сараланған даналық ойға, ақындық қуатқа, көркемдік даралыққа, әлемдік ой-сана парасатымен бәйге алаңынан үн қатқан озат ойлы классикті мойындаудан барып қалыптасқан шынайы пікір, корреспондент мүшесі болған.
Абайдың эстетикалық ойларының негізгі мәні, оның көркемдік туралы ұғым-нанымы айқын белгі беретін «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы...» деген өлеңін еске түсірейік. Өзінің даналық болмысы, сөз өнеріндегі даралық сипаты поэзия әлемінде ерекше биіктікке көтерілген Абайдың әдебиетке қояр негізгі көркемдік талғам-талаптарын өлең сөзге байланысты білдіруі заңды еді. Абай айтқан талап-тілектердің бастыларының бірі көркем шығарманың мазмұнды, идеялы болып келуіне айырықша зер салса, екіншіден, мазмұн мен түрдің үйлесімін қадағалауды, бірлігін сақтауды қатты көздеген.
Өнер әлеміндегі Абайдың осы өнегелік сипаты өзінен кейінгі қазақ әдебиеті үшін тың идея, соны түр, жаңа көркемдік үлгілердің бастау көзі ретінде күні бүгінге дейін мәнін жоймаған, әрқашан бағдар бола беретін құбылыс. Абайдың өнегелік қырларының бағдары сала-сала. Бүгінгі қазақ жазушыларының ішінде одан үйренбеген, оның көркем өнерге қойған талап-тілектерін басшылыққа алмаған ақын-жазушы жоқ десек артық емес. Алайда ол талаптарды бойына сіңіре білу әр жазушының талант-дарынына, зерттей ізденіп, кеңіліне зерделеп тоқи білуіне байланысты. Әдебиеттегі Абай тұлғасының биіктігі, классик өнер туындысын жасай алуы, көркемдік үлгіні ерекше меңгеруімен қатар өзі өмір сурген ортаның, қоғамдық қатынастардың реалистік бейнесін жасай білуінде. Өз заманының мінез-құлқын зерделеп, бүгінгі дәуірі мен кешегі күндерін саралап, болашақ өмірді пайымдап алуында. Қазақтың көрнекті жазушыларының бірі Мұстафин шығармаларында Абай өнегесі, Абай дәстүрі берік орын тепкендігі, жазушының алдына жаңа идеялық мақсаттар қойып, өз дәуірінің көркем бейнесін жасай білуде Абаймен үндестік танытқаны айқын. Ондаған әңгімелері мен бірнеше шағын пьесаларын былай қойғанда, «Шығанақ», «Миллионер», «Қарағанды», «Дауылдан кейін», «Көзбен көрген» сияқты роман, повестері арқылы жазушы қазақ әдебиетінің дамуына, көркемдік жетістіктерге жетуіне мол үлес қосты. Жазушының қатар түзген бұл шығармалары бір-біріне жалғасып жатқан үлкен кезенді қамти отырып, 20-ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ халқының көркем шежіресін жасады деуге болады.
Осы тұрғыдан келгенде Мұстафин Ұлы ақын дәстүрін, Абай өнегесін бірнеше түрлі сипатта сабақтастыра алды. Бірінші, Ғ. Мұстафин де Абай сияқты тақырыпты өз дәуірінен, бірге тыныстап, қатар тіршілік жасап жүрген замандастарының іс-әрекетінен, көзімен керіп, бастан кешірген өмір шындығынан іздеп тапты. Екінші сөз өнері жайлы Абай қойған талап деңгейіне ден қойды. Әр сөздің, әр сөйлемнің көркем құрылуы мен ондағы ойдың терең де мағыналы болып шығуына ерекше назар аударды. Жазушының жоғарыда айтылған шығармаларыныңқай-қайсысында болсын, мақал-мәтелге айналып кеткен жолдар аз көздеспейді. Аз сөзге көп мағына беріп, сөйлемді қысқа құруы, тілінің қарапайымдылығы, ұғымға жеңіл, жатық өрі ұтымды, оралымды болып келуі Мұстафинның өзіндік стилін танытады. Халықтың бейнелі, қанатты сөздерін орынды пайдалана отырып, өз тарапынан да өткір, ықшам сөз тіркестерін жасай білген. Абай өлеңіндегі көптеген жолдардың мақал-мәтелге айналып кеткені секілді
Мұстафин шығармаларында көздесетін: «Біткен іске сыншы көп, піскен асты жеуші көп», «Сыншының бәрі бірдей мінші ме, жеушінің бәрі бірдей енші ме?», «Өмір егер ащыны бермесе, тәттіні білер ме едік, тәттіні бермесе, ащыны білер ме едік?»,«Теңіздей терең халық ішінде алмастай асыл ойлар жатыр», «Жақсы тәртіп әдетке айналса - ырыс, жаман тәртіп әдетке айналса - қырсық». «Барды қанағат тұтып, жоқты іздемеу - мешеулік» т. б. тәрізді бейнелі тіркестер қанатты сөздерге айналуы соның айғағы. Кейіпкер образын сомдау барысында портрет жасау шеберлігі де оның өзгеше өнерпаздық қырын айғақтап тұрғандай. Осының бәрі де - Абай тағылымын өнеге тұтып, Абай дәстүрін сабақтастыра білудің жемісі. Аз сөйлеп, көп толғану тағылымын әбден бойына сіңірген жазушы әдебиет жайлы ойларын да айтуға міндетті тұста ғана сыншыл зерде, биік талғам деңгейінен сүзгіден еткізіп, сығымдап беріп отырған. «Әдебиет - адам өнерінің ішіндегі ең ұзақ жасайтындардың бірі» дей отырып, сөз өнері жайлы былайша толғанады: «Әдебиет-ойдың, тілдің жемісі. Алғыр тіл күн шалмағанды шалады, қараңғы көңілге сәуле бере алады, суық көңілді жылыта алады». Осылайша әдебиеттің маңызы, міндеті жайлы, әр көздегі қазақ әдебиетінің белгілі өкілдері, олардың шығармалары туралы толғаныстарын білдіріп отырған. Өзінің әдеттегі жинақы да қысқалықты бағдар тұтатын қалпын сақтай отырып, Ұлы Абай мұрасы жайлы да ойын бір мақаланың аумағында сабақтаған. Абайға арналған «Жұлдызы өлең-жырдың сөнбейтұғын» атты мақаласын Ғ. Мұстафин 1971 ж. Ұлы ақынның жүз жиырма бес жылдық мерейтойына арнап жазған. Жазушының 1978 жылы шыққан «Ой әуендері» кітабында басылып, кейін бес томдық шығармалар жинағының бесінші томына енгізілген. Мақалада Абайдың әдебиеттегі тарихи орны, ақындық тұлғасы жайлы сыр толғанады. «Әдебиет, шын мағынасындағы әдебиет жойылмайды. Өз тұсындағы қауым тіршілігін, табиғат тіршілігін кейінгі ұрпақтарға, кейінгі қауымдарға жеткізіп беріп отырады. Осының мысалдарын алыстан іздемей-ақ, өзіміздің қазақтың фольклор, эпостарынан немесе Абай шығармаларынан көріп, біліп келеміз» дей келіп, ұлы ақынның шығармашылығындағы ерен үлгі мен жан-жақтылығына, аудармашылық шеберлігіне тоқталады. «Абай шыңы бәрімізден жоғары тұр. Орыстың үлкен әдебиетшілері, айтқандай-ақ Пушкиннің, Толстойдың орны бос тұр демекші, біздің Абайдың да орны бос тұр», - дейді жазушы. Абай талантының қайнар көзі, даналық сипатының негізі жайлы ойын былайша өрбітеді: «Әрине, ешбір шың тек өзі ғана тіп-тік шығып көтерілмейді. Шың неғұрлым биік болса, солғұрлым оны қоршаған төбе, шоқылар да көп болмақ. Абайды Абай еткен - алдымен өзінің халқы. Тастақ жерге өсімдік өспейді. Абайды өсіретін ортасы - әріден келе жатқан халықтың мұрасы, Шығыстан, Европадан алған білім нәрлері». Аз сөзге көп мағына сыйдырып айтылған бұл жолдарда тарихи баға, терең тұжырым жатыр. Біріншіден, Абайдың өз ортасына, кейінгілерге еткен ықпал, әсері пайымдалса, екіншіден, Ұлы ақынды өсірген құнарлы топырақ, қасиетті орта зерделенеді.
Ғабең жарықтықтың жөні бөлек жан еді ғой! Көзі тірісінде абыройына әжім, азаматтығына көлеңке түсірмей өмірде де, өнерде де ар тазалығын асқақ тұтады. Сондықтан да өзіндегі ізгі адамгершілік, биік парасатымен нұрланған ұлы талантты келбеті үзеңгілестерінен әрдайым оқшау тұратын. Жалған жайдарылық, жасанды кербездік, күмәнді кемеңгерлік, арзан абырой, татымсыз тәкаппарлық, дәйексіз ділмәрлік, жайдақ жағымпаздық, жаяу жалтақтық, іші есеп сұйық сыпайылықтан о бастан бойын аулақ ұстаған ұстаздық үлгісі мол әз ағаның салқын сабыр, саналы баламдарына жүгінбей жүрген күніміз болмайтын. Кейде қаңқу сөзден қиянат, қайырымнан қағажу көре бастағанымызда төрелікті Ғабеңнен іздеп, пәтуәлі ақылды өз аузынан тыңдап сабамызға түсіп, сабырға келіп қайтатынбыз[4, 61 б.].
Өнердегі ірі тұлғалардың еліктерлік ерекшелігімен қатар өзіне тән осалдығы болатыны мәлім. Осалдығын өзгешелігім деп танығандардың таразысы жеңілдей, табиғи талантының құнын кемітіп алатын науқасы және бар. Төңірегімдегілерден айбыным асып, мысым басып тұрса, өзгеден гөрі өзімді сыйласа, қоғадай жапырылып тұрса деген мәнсіз мансап құмарлық, көр кеуде, миғұла менмендіктен туындайтын пендешілік пиғылдан атымен ада Ғабеңнің қарапайымдылығы сорлатқанда бойымыздан табыла бермейтін қасиет еді. Көп жылдан бері оқи, көре-біле жүре Ғабеңмен сапарлас болғанда өз бойымыздағы мін-мінезді аңғарып қалу онша қиындыққа түспейтін. Озат өзгені де, өзіндегі өнерді де пір тұтып, пәк ұстаған Ғабеңнің көзге ұрып тұрған кемшілігін байқамаған біздердің көңілімдегі оның ағалық мейірімі мен әділ қазылығы, ұзтаздық үлгісі мен асқақ азаматтығы ұялап қалыпты. Қысқасы, Ғабеңнің жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, есепсіз еңбекқорлығы мен өнердегі қатаң талапты алдымен өзіне қоятындығы өнеге ғана емес, өлшем еді.
Ғабең туындыларының өмірлік өзегі – шынайы шындығында жатыр. Жалған бояу, жасанды оқиғалар Ғабеңе жат. Кейіпкерлерінің тілі де қарапайым, әшекей, әлем-жәлемнен аулақ – табиғи. Жағымды-жағымсыз дегендердің де ара-салмағы дәуір, заман шындығынан алшақ кетпейді. Жазушы еш уақытта жек көргенін жерлеп, жақсы көргенін жалаулатып жатпайды. Сөйте тұра оқушы кімнің кім екенін анық таниды. Оның бәрі жазушының талқысынан тумайды, кейіпкердің мінез-құлқынан, іс-әрекетінен өрбіп кетеді.
Ғабең көбіне оқиға қуаламайды, оқиғадан гөрі адам психологиясына ықылас аударады. Кейде жайдары юмор, мәнді мысқыл, кексіз кекесін, зілсіз әжуаның өзімен-ақ портрет бояуларын құлпыртып отырады.
Ғабеңдей сөз зергерінің шығармаларындағы «таныс бейтаныстары» замана куәгерлеріндей талай буынның сырласына айналатынына күмән жоқ. Өйткені, ұлы суреткердің мол мұрасында келер ұрпақтың ата-бабаларының қуаныш-қайғысы, жеңісі-жемісі, зар-мұңы, арман-аңсауы, сыр-сипаты, тірлік-тынысы, ой-өресі, қиял-қанаты жатыр. Демек адам баласының тарихи тәжірбиесінде ондайға оралмайтын ұрпақ болмайды[5, 37 б.].
2 Ғабиден Мұстафиннің прозасындағы тарихи шындық
Достарыңызбен бөлісу: |