Еуразиялық гуманитарлық институты «Қазақ және орыс филологиясы» кафедрасы


Ғабиден Мұстафиннің шығармаларында тарихи шындықты көрсетудегі суреткерлік шеберлігі(Шығанақ, Қарағанды, Миллионер, Дауылдан кейін, Көз көрген романдары)



бет5/8
Дата13.12.2022
өлшемі226.5 Kb.
#467172
1   2   3   4   5   6   7   8
курсовой Айназар Ж. ХХғасыр

2.1 Ғабиден Мұстафиннің шығармаларында тарихи шындықты көрсетудегі суреткерлік шеберлігі(Шығанақ, Қарағанды, Миллионер, Дауылдан кейін, Көз көрген романдары)


Ұлт прозасының майталман шебері-Ғабеңнің қаламынан туған жазбалардың бірқатарын әдебиет мәселелеріне арналған еңбектері құрайды. «Ой әуендері» (1978) – жазушының мәдениет пен әдебиет саласына байланысты әр уақытта, әр кезеңде айтылған ой-пікірлері мен тұжырымдарының қорытындысы іспетті жинақ.
Кітапта көркем әдебиеттің өзге де жанрларымен қоса қазақ поэзиясының белгілі, көрнекті өкілдерінің шығармашылығына қатысты автордың эстетикалық ой-пайымдары топтастырылған. Айталық, Абай ақындығын, шығармашылық тұлғасын баяндауға арналған «Жұлдызы өлең-жырдың сөнбейтұғын» (1971) мақаласында ақынның ұлт әдебиетінде, оның поэзиясында алатын орнын анықтай келе: «Біз қазір қанша толдық десек те, бәріміз жабылып қазақ әдебиетіне бір Абай енгізген жаңалықтарды енгізе алдық па екен? Ғалым жазушы Ғ.Мұстафиннің қазақ әдебиеті сыншысы көзімен қараған сыни мақалаларында да поэзия туралы ұғым-түсінігі, өлең өнері хақындағы ойлары кең қанат жая түседі. «Поэзия ұғымды болуымен қоса әсерлі болсын, – дейді автор, – өйткені, ұғымдының бәрі әсерлі бола бермейді. Әсердің өзі әрқилы. Бір әсер – өмір бойы ойыңнан етпейді, бір әсер – сол арада қалып қояды. Поэзиядан біз ұмытылмайтын күшті әсер іздейміз»,-дей келгенмен поэзия ұғымын халыққа танытуда өзіндік, мол қырын танытқан классик жазушы Ғ.Мұстафиннің прозалық туындылары халықтық сипатын алған көркем туындылар. Ғ.Мұстафиннің алғашқы әңгімелерінің тақырыбы қазақ ауылындағы еңбек тақырыбы, кейіпкерлері төңкерістің арқасында теңдікке қолы жетіп, өздерін бұрын шексіз қанап келген үстем тап өкілдеріне қарсы күресіп, жаңа өмір құруға кірісе бастаған ауыл кедейлері. Қазақ ауылының еңбекшілдер ортасында бақытқа жету мұраттары. Нағыз шын мәніндегі еңбектің нәпақасын тауып, ерлік пен өрлікті қатар ұстаған халық мұраттарын терең жазады. «Кітапшаның мазмұнын», деп жазды жазушы «Ер Шойын» жинағының алғы сөзінде, ауылдың жалшы кедейлері көрсетті Мен соларды қорытып, көзге елестетуге тырыстым». Жинақ ішіндегі ең көлемді, әрі тақырыбы жағынан елеулі әңгіме – «Ер Шойын» [6, 41 б.].
Бұл әңгімедегі бұрыңғы бай жылқышысы Шойынның таптық сезімінің оянуы, оның Күржікке қарсы шығуы, Күржіктің кәмпескеленуі мен теңдік алған кедейлердің ұйымдасып, еңбекке крісуі суреттеледі. Шойын әуелде өзін қанап жүрген езушілерге іштей наразы ғана болса, кейін байға қарсы басқаларды үндейді. Әңгімеде Шойынның сана сезімі тартыс, жауларға қарсы күрес үстінде өсіп, жетіле түседі. Шойын тап күресі жолында көптеген қиыншылықтардың бәрінде басынан кешіріп, бірақ ақырында жеңеді. Сол кездегі екі орта арасындағы таптық күрес тек «Ер Шойын» әңгімесі ғана емес, бұл жинақтағы басқа да көптеген әңгімелердің негізін құрайды. Екі орта арасындағы әлеуметтік күресте үстемдіктен тайып бара жатқан тап та аянып қалмайды, өздеріне қарсы шыққан кедейлерден кек аламын деп, мерт болған бай баласы («Кек» әңгімесі), қолына тиген теңдікті қара басының қамына пайдаланып, байығысы келген Шағатай («Шағатайдың жатағы») әрекеттері ауылдағы әлеуметтік өзгерістердің адамдар арасында әр түрлі психологиялық цитуациялар туғызғанын көрсетеді. Жазушы өткен заманның озбыр моралі мен үстем таптың зұлымдық әрекетін әшкерлей отырып, бай мен болыстың қаһарына ұшыраған жадау тіршілік иелерін анық көрсетеді.
«Ер Шойын» жинағы жиырмасыншы жылдардағы шиеленіскен орта күресі жағдайында жазушының позициясын айқын көрсеткен елеулі әдеби мұра. Алайда көркемдік сапасы, тіл шеберлігі, образдарының жандылығы жағынан автордың тәжірбиесіздігі мен қаламының балаңдығы көрініп тұрғанымен, кітап сол кезеңнің күн тәртібін жырлауына елеулі үлес қосты. Осыдан кейін жазушы ізденіп, соның арқасында Ғ.Мұстафин жазушылық тәжірбиесін жинақтады. Болашақ эпикалық шығармаларына материал жинады. Соның нәтижесінде қырқыншы жылдардың ішінде ақ ол өзінің «Өмір не өлім», «Шығанақ», «Миллионер» сияқты көлемді туындыларын жариялап, романист есебінде танылады. Қырқыншы жылдар кезінде Ғ.Мұстафинің соғыс, майдан жайы, жауынгерлердің батырлық күрескерлігі, соғыс кезіндегі халықтық сипат жайынан хабар берер суреткерлік тұрғысынан қаншама туындыларын жарыққа шығарды. Соғыс кезінде жазылған кейбір шығармаларда тылдағы ауыр еңбекті, оның екпінді ерлерін көрсетті. Сондай шығармалардың бірі – «Шығанақ» романы. Белгілі әдебиетші ғалымдар М.Базарбаев, Ә.Нарымбетов «Қаһарлы күндер әдебиеті» атты еңбектерінде: ««Шығанақ» романы тылдағы совет шаруаларының Отан соғысы кезіндегі майдан үшін қажырлы еңбегін терең көрсете алған тәрбиелік маңызы көркем шығарма» [7, 46 б.].
Шығарманың көркем образын жасауда Социалистік еңбек ері, соғыс жылдарында тарыдан дүние жүзілік рекордты мол өнім алған Шығанақ Берсиевтің шығармашылық ісін, еңбекқорлығын, ұйымшылдық бірлігін, еңбек қуанышқа толы қызықты өмірін көрсетті. Шығанақ романында: «Жанбота ауырып қалған Шығанақтың учаскесінде жұмыс істеп, ерлермен бірдей еңбек етеді. Осының нәтижесінде Шығанақтың ең соңғы рекорды гектарына 200 центнерден асады. Бұл хабарды естіген агробиолог ғалым, академик Т.Д.Лысенко «Бұрын-соңды дүние көрмеген, орасан егіннің мастері болған сізге кішілікпен бас иемін. Мәртебеңіз аса берсін. Денсаулығыңызды, ұзақ өмір сүруіңізді тілеймін» деп телеграмма береді».
«Миллионер» Шығанақтың заңды жалғасы тәрізді. Мұңда жазушы колхоздың, ауыл адамдарының Ұлы Отан соғысынан кейінгі дәуірдегі жаңашыл дамуға бет алған жолын, бақытты өмірін суреттейді. Бұл повестегі тартыс жазушының бұрыңғы шығармаларындағыдай тап жауларымен күрес емес, ескі мен жаңаның күресі. Ғ.Мұстафин миллионер колхоз жайын романтикаға беріле, қызыға жазады. Повестегі колхоз жайы, еңбек көрінісі, адамдар, олардың ісі барығы да зор әсер қалдырады. Повестің кейіпкерлері де, ісі, сөзі, мінезі, кескіні келбеті ойына қарай ажыратылатын әр түрлі адамдар.
«Қарағанды» романын жазушының өмірлік тәжірбиесінің шырынындай десек, артық бола қоймас. Бұл тақырыптың жазушы үшін етенелігі сонда оның балалық жастық шағы сол ортада, Қарағанды жұмысшыларының ортасында өтті. Ескі жұмысшылардың қайта тууы мен жаңа қосылған ұрпақтың жұмысшылыққа тәжірбиеленуін өз көзімен көрді. Осы көзімен көргендерін көкейімен түйіндеп, романға арқау етті. «Қарағанды» романының материалдары жазушының өмір шыңдығы еді. Ғ.Мұстафин жаңа Қарағандының ашылу негізінде жаңа өңдірісте адамдар арасындағы туған жаңаша қарым қатынасты қоғамдық ой сананың жетілуін бір кездегі бейнет көрген қараңғы жұмысшылар ортасынан білімді маман интеллегенцияның өсіп шығуын суреттейді. Қарағанды өңдірісін игеру ісіне қатысқан орыс, украина жұмысшыларының достық саясатын жүзеге асырып, республиканың жаңа бейнесін жасау романның басты тақырыбы болып есептеледі.
Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы бір туар алыптары, ұлт сөз өнерінің көрнекті зергерлері Ғ. Мүсірепов және Ғ. Мұстафин сынды көркемөнер шеберлері тек қана әдебиетте ғана емес, сондай-ақ әдебиеттану ғылымында айтуға лайық толымды еңбектер туғызғанын айту – парыз. Тек өз шығармасына қатаң талап, үлкен жауапкершілікпен қарай алатын жазушы ғана күллі әдебиеттің жағдайына жаны ашып, болашағына қамқорлық жасай алады. Сондай тұлға, әдебиетіміздің тарихында өшпес ізін қалдырған Ғ.Мұстафин көркем проза оқитын, кітап сүйер қауымның шебер жазушысы.
«Миллионер» (1947) романы – кезінде бүкілодақтық сын назарына ілініп, жақсы бағаланған шығарманың бірі. Ол кезде қазақ әдебиетінде мұндай ілтипатқа ілінген туынды бірен-саран ғана болатын. А.Фадеев 1948 жылы: «Қазақ әдебиеті профессионал үлкен әдебиет болып, бүкілодақтық әдебиеттің дәрежесіне көтерілген және сол арқылы дүниежүзілік аренаға шыққан әдебиет», - деп жетістіктер қатарында «Миллионерді» де атап өткен еді[8, 46 б.].
Бұл шығарманың сонылығын бірсыпыра өрнектері белгілеген болатын. Ең алдымен, мұнда ауыл өмірін күрт көтеру, еңбек өнімділігін арттыру, колхозды электрлендіру секілді мезгілдің ділгір, жанды проблемалары көтерілген. Колхозда, ауыл шаруашылығында сапалық өзгерістер басқарудың жаңаша тәсілдері керектігі күн тәртібіне мықтап қойылған еді. Онан соң қызғылықты адам типтерінің жасалуы, олардың өмірден алынған шыншылдығы батыл суреткерлік ізденісті танытатын. Мәселен, Жақып сынды колхоздың байырғы, тәжірибелі басшысының бейнесі, оның уақыт талабынан артта қала бастағандығы романда сенімді көрсетілген. Ақырында, «Миллионердің» тартымды тілі шығармаға өзгеше ажар беріп тұрғанын атап өтер едік. Міне, осы және басқа сипаттары «Миллионерді» сол кездегі көптеген сүреңсіз шығармалар қатарынан оқшау, озық көрсетті. Ауыл шаруашылығын өркендетудің көкейкесті мәселелерін күн тәртібіне ерте қоя білгендігінің өзі шығарманың актуальділік мәнін арттырған. Кейінірек, 50-жылдарда орыс совет жазушысы В.Овечкин колхоз құрылысында орын тепкен кейбір олқылықтарды талдап, өте пайдалы ойлар айтқанын білеміз.
Бұл шығармадан Ғ.Мұстафиннің суреткерлік даралығы, көркемдік тәсілі, қаламгерлік мәнері айқын танылды. Әсіресе, ол өмірдің романтикасын анық, айқын мінезді қаһармандарды, олардың іс-әрекетінің дәйектілігін көрсетуді мақсат тұтады. Шығанақтар, Жақыптар, Жомарттар алған бетінен қайтпайтын, тегеурінді, арман жолында барлық ақыл-қайратын жұмсайтын жандар болып сипатталады. Бұл -қаһармандар бойына тартымдылық, істеріне өршілдік нышан дарытады. Кейіпкерлер өмір байланыстарының кең айдынында емес, белгілі түйінді, жолайрық тұстарында, мінез ерекшелігі ашылмай қоймайтын ситуациялар үстінде әрекет етеді. Өмір процесінің өзін емес, нәтижесін, сол процесс туралы бастауыш ойды көрсету романтик жазушылардың Каламына хас әдіс болатын. Озық совет адамдарына тән ұдайы ұмтылушылықты, қол жеткен табысты місе тұтпай, асаналық іздеушілікті суреттеу жазушыны көркемдік тәсіл асағынан романтиктермен үндестірген. Өзінің творчестволық лабораториясын сөз еткен мақалаларында Ғ.Мұстафин асазушылық өнерде ұстаз тұтқан есімдерді, өмір фактілерін жинақтау принциптерін аңғартқан. Сол пікірлер оның күллі сурегкерлік өзгешелігін түсінуге кілт секілді. «Ой әуендері» (1978) деп аталған мақалалар жинағында автор өте қызғылықты тұжырымдар жасаған. Қаламгердің бір ғана шығармасында емес, барлық туындыларында да жетекшілікке алған принципі айтылғандықтан, біз осы кітаптан ұзақ та болса үзінді келтіруді жөн көрдік:
«...Түптеп келгенде, шығарманың тағдырын шешетін-ой. Ой деген қисапсыз көп, шексіз үлкен. Сол көптің ішінен таңдай білші! Сол үлкеннің шетінен бойына шақтап ала білсе, жазушы сәтті бір қадам алға басқаны. Ойларға мен тек социализм тұрғысынан қарадым. Неғұрлым социализмді жақтаған, оны жасаушыларға жәрдем еткен ой солғұрлым күшті, әрі әдемі көрінеді маған. Сондықтан үлкенді-кішілі еңбектерімнің бәрі совет жерінде болып жатқан ғажайып өзгерістерді, қазақ халқының арманын, әрекетін бейнелеуге арналды. Бейнелеу тіпті қиынға соқты. Дүние - дүние, әдебиет - әдебиет болғалы біздегі өмір, біздікіндей қауымды білмеген екен. Тарих үлгі түгіл нобай, жол түгілі сүрлеу тауып бере алмады. «Өмір не өлім» романын жазғанда менің аласұрған ойым совет қауымына теңеу таба алған жоқ, әйтеуір совет адамдарынан барлық адамдардан жоғары қоюды көздеді... Табысым мейлі таудай, мейлі теңгедей болсын, барын Гюго мен Горькийге бағыштадым. Ақылды, сабырлы, ер, шешен адамдардың тұлғасын сол екеуі көрсетті. Сөз іздеуім «Шығанақтың» тұсында басталды. Бұл кезде халық қалыптастырған дайын сөздерге, эпосқа құмарттым. «Миллионер» мен «Қарағандыда» күшімді салдым. Әдейі жолсызбен, сонымен жүріп жол салмақ болдым. Барды ғана айтып қоймай, жоқты да айтса, болғанды ғана айта бермей, болашақты да айтса, соларды айтуға лайық тіл тапса деген мақсат тұрды алда. Осы мақсат «Аманкелді» сияқты колхоз, Жомарт сияқты председатель жасауға апарады. Екеуі де сол кезде жоқты, кейін болды. Ахмет ұста әлі жоқ. Бірақ сөзсіз болады» [9, 71 б.].
Ғ.Мұстафин суреткерлігін танығысы келетін зерттеуші немесе оқушы бұл сөздерге ой жібермеуі мүмкін емес. Француздың ұлы жазушысы, адам намысының жаршысы Виктор Гюгоның әсірелеп көрсететін дәстүрін қазақ жазушысы өз творчествосында нысана етіп алғанын көреміз. Болғанды ғана емес, болуға тиістіні айту, сендіру күшінің молдығы, талдау орнына дәлелдеу... Бұл сипаттар совет әдебиетінің ізденгіштік пафосын білдіреді, суреттеу құралдарының алуан түрлі екендігіне көз жеткізеді. Ғ.Мұстафиннің творчестволық тәсілі белгілі мақсаттан туған, саналы түрде ұстанған тәсіл деуіміз осыдан. Әрине, өмір ағысы мен келешегін романтикше түсіну мен суреттеудің мықты да, әлсіз жақтары бар. Белгілі бір арманға берілген, қайратты жандардың қайтпас іс-әрекетін көрсету арқылы көпшілікке үлгі тастау, рухтандыру оларды жігерлендіру, сенім күшін арттыру мәселесінде бұл тәсіл ұтымды-ақ. Ал өмірдің қалың байланыстарын, себеп пен саддардың жалғастығын және дәлдігін, объективтік әрі субъективтік элементтерді табиғи ұштастыру, құбылыстың нандырмай қоймайтын толық картинасын елестету міндеті бір басқа.
Қазақ совет әдебиетінің көрнекті туындыларының бірі -«Қарағанды» (1952) романы. Бұл бірталай көркемдік-творчествалық уәзипаны шешкен шығарма. Ғ.Мұстафин өзіне неғұрлым таныс Қарағанды тақырыбына отызыншы жылдарда-ақ қалам тартқан. «Өмір не өлім» романы, кезінде, сол сападағы ізденістерінің бірі еді. Ал, «Қарағанды» - өзінің көркемдік жинақтаушылық қуаты жағынан, әдебиетіміздің дамуына серпін қосқан, оның жетекші тақырыптық бағытын анықтаған туынды.
Өндіріс ортасын таныстыру, қаһармандарды еңбек үстінде көрсету, қоғамдық қатынастарды алғы кезекке шығарып сипаттау жалпы совет әдебиетінде қалыптасқан игі дәстүр болса, осы өрнек қазақ әдебиетіне толық түрінде «Қарағанды» арқылы келді. Мақсат бірлігі мен еңбек процесі түрлі ұлт өкілдерінің өзара достық және ынтымағын бекіткенін, бұдан халықтардың мәдениеті, дүниетанымы кеңи түсетінін көрсетуі «Қарағанды» романының мықты идеялық желісінің бірі болып табылады. Кешегі ауыл қазағының кең жұмысын меңгеруі, түрлі мамандық иесі болуы, бұл жолдағы қиындықтар, санадағы өзгерістер, психологиядағы жаңарулар мұның бәрі роман ауқымында жарқын да шабытты көрсетілген мәселелер. Қазақстанды индустрияландыру кезеңінің қайталанбас шындығының мол қамтылуы, сол уақытқа тән жасампаздық пафосының пәрменді көрінуі, адамдардың мінез-құлқындағы, тіліндегі ұлттық колориттің табиғи, шыншыл берілуі бұл шығарманы әдебиетіміздің үлкен ескерткіші дәрежесіне көтерді.
«Қарағандыда» дәуір адамдарының типтік тұлғалары көрініс береді. Түрлі ситуацияларда, кейде азырақ, кейде көбірек қатыстырыла тұрса да, бұл шығармадан ондаған кейіпкерлердің мінез қырлары таныс болады. Социалистік реализм әдебиетінің күрделі бір өзіндік жаңалығы - халық, бұқара өкілдерінің жасампаздық жаңа еңбегін мадақ ету романға көтеріңкі ажар қосады. «Қарағанды» өзінің құрылыстық шеңберімен де, көтерген материалының аумақтылығымен де, кейіпкерлер қатарының мөлдіршең де, суреттеу құралдарының сан бояулылығымен де барлық бітімі жаңашыл шығарма, қазақ романшылығы дамуының белгілі бір кезеңін нышандайтын туынды. Социалистік құрылыстың жеңімпаз жолына қалтқысыз сенімділіктің, коммунистік мұрат дүниетанымның нұрына бөленіп туған роман - идеялык саралықтың да биік үлгісі. Мұндағы трест бастығы Щербаков, партия жетекшісі Мейрам Омаров бейнелері - күрделі типтік жинақтаулар.
«Шығанақ», «Миллионер», «Қарағанды» романдарының жанрлық және көркемдік тәсілін, бұлардың әкелген жаңалықтарын сөз еткенде, сол кездегі жалпы қазақ совет әдебиетінің ахуалын да есте ұстау ләзім. Бұл туындылар дұниеге келген кезде, әдебиеттің кең тыныспен дамуына кедергі келтіретін кейбір жалған ұғымдар да кездесіп қалып отыратын. Қайсыбір білгішсымақтар «біздің елімізде адамдар арасында тартыс туғызарлық негіз жоқ, кемшілікті көрсету совет адамына жала болады» деген толағай түсінікке кәдімгідей иланатын. Сөз болып отырған шығармалардың тартыстық жүйесінде босаң жерлер болса, ол әлгіндей «теорияға да» байланысты[10, 63 б.].
Ғ.Мұстафиннің шығармашылық тәжірибесіндегі биігі оның-«Дауылдан кейін» (1959) романы. Қазақстан өміріндегі аса бір қиын да қызықты кезең - елді советтендіру кезеңі бұл шығармада көркем әдіптелген. Бір кезде Б.Майлин, С.Мұқанов шығармаларында көтерілген бұл тақырыпқа сол кезеңді көзімен көрген, көптеген ой түйген, дәуірдің шытырман шындығын саралап білуге мүмкіндігі болған, суреткерлігі кемелденген Ғ.Мұстафиннің қалам тартуы игі нәтижеге алып келді. Бұл тақырыпқа бұрылуын автор былайша түсіндіреді. «...Өміріміздің бір қызықты шағы жөнді көрсетілмей қалыпты. Оны жазатын жасамыс адамдар азайып барады. Жастар білмейді. Борыш арқалап кету лайық па? Сондықтан азырақ шегінуге тура келді». («Ой әуендері» 2086). Ол шығарма алдына қойған көркемдік шарттарын да автор ескерткен. «Дауылдан кейін» романы біраз тәжірибені бастан кешіріп, ой байсалды, жас тартқан кезде жазылғандықтан, бастапқы кітаптарда ескере алмағанымды ескерсем, жеткізе алмағанымды жеткізсем деген талап қатты қойылды. Көркем әдебиеттің ең үлкен қасиеті - адам тану. Таныту үшін әуелі өзің танып алу керек. Бұл өте қиын. Сол шындықтан қашып, шығармаға адамдарды аз енгізетінмін. Бұл жолы көбірек енді. Бірақ біріне бірі ұқсамау жағын кадағаладым... (2086).
Біздің ойымызша, қаламгердің бұл қысқа ұжырымдарында үлкен сыр жатыр. Мәселе бұл арада коркемдік методқа да тікелей қатысты тәрізді. Шындығында, оның тақырыбы, қамтыған дәуірі жағынан ғана емес, көркемдік жинақтау әдісі жағынан да «Дауылдан кейін» жазушының бұрынғы шығармаларынан өзгешелеу жасалған. Ол өзгешеліктің ең негізі - мұнда реалистік суреттер мен байланыстардың анағұрлым кең берілгендігінде. Сонау жиырмасыншы жылдар оқиғаларын суреттеген жазушы типтік жағдайды, типтік характерлер сомдалуын талап ететін реализм ырғағына көшкен. Сондықтан да кейіпкерлердің іс-әрекеті дәлелді, әрбір ситуацияның себебі анық, шешімі сенімді болып отырады.
«Дауылдан кейінгі» үлкен растық дарытатын негіздің бірі тартыстық желінің екшеліп, кейіпкерлердің жүйелі шоғырлануы, қаһармандар арасындағы күрестің табиғи өрбіп, шарықтау шегіне жетіп тартылуы. Бір жағы Шәкен бай бастаған үстем тап өкілдері мен екінші тарапта Аман төңірегіне топталған кедейлер қауымының мәмілеге келмес күресі объективтік шындық болса, қаһармандардың аңсар, әрекеттері өзіндік даралығымен нақтылы жағдайда көрініп отырған. Әлеуметтік тартыстың осылайша толыққанды болуы шығарманың күллі әлеуеттік-композициялық жүйесіне әсер еткен, характерді түрлі жағдайда көрсетуге мүмкіндікті молайтқан. Қаламгер өмірдің ағыстарын өз қалпында уақыт пен ортаға, мінезге сәйкес етіп бейнелеуге ден қойған. Мұның бәрі шығармада реализмнің көркемдік жинақтау принциптері басты нысана болғанын байқатады.
Ең үлкен табыс - ауыл адамдарының өздеріне тән қайталанбас саналық, салттың мінез өзгешеліктерінің көрінуі, суреткер бір-біріне ұқсамайтын алуан адам галлереясын шебер бейнелеген, қазақ ауылында ұшырайтын мінездер мұнда көп және олар қысқа да болса қызғылықты елес берген. Мәселен, романдағы Тәуке, Әбен, Танакөз, Нұрғали, Сыздық сияқты кейіпкерлер - жанды бейнелер. Бұлар жүйелі көрініс бермегенімен, өзіндік мәнін, астарын жоғалтпайды. «Дауылдан кейінде» автор ауылдағы жаңа бұлқынып келе жатқан революцияық күштің өкілі ретінде Аманды көбірек сипаттайды. Аманның саналықты қабылдауға қабілеттілігі, еңбекшілер мүддесіне сергектігі, сол үшін аузы алты қарыс айлалы жаулармен айқасқа түсе алатын мүмкіндігі бірнеше тұста жарқын көрінген. Орташа тап өкілінің осылайша шынығып жетілу эволюциясы танылады.
Жаңа экономикалық саясат дәуірінен бастап байлардың мал-мүлкін конфискелеуге дейінгі аралықтың өзіндік шындығын барша байланыстарымен бейнелей алуы «Дауылдан кейінді» бүкіл қазақ совет әдебиетінің үздік туындылары қатарына қосады. Қазақ қоғамының үлкен бетбұрыс, жолайрық кезеңіндегі барлық таптар мен топтардың ықыласы мен мінездері, ірі-ірі заманалық оқиғалар мен кейіпкерлердің жеке бастық тірлігінің тұтастықта берілуі, қазақ сахарасының табиғаты, халықтың әдет-ғұрпы, наным-сенімі неғұрлым толық қамтылғанына қарап «Дауылдан кейін» романын эпопея деп атау да орынды болар еді.
Романның танытқыштық сипаты аса мол. Ежелден руға бөлініп, таптық теңсіздік түрлері «көмескіленіп» келген қазақ ауылының ішкі құрылысы, күрес формалары таптық санаға жетілудегі баяулықтар, совет заманы жаңалықтарын халықтың бірте-бірте қабылдап түсінуі секілді қызықты көріністер көп.
Қазақ ауылын советтендіру жұмысының көптеген ксдергілерді жеңе отырып жүргпілгенін, бұл жолда қарсылықтар да, қайшылықтар да кездескенін таныстыра алуы романның соны нышанының бірі. Қаһармандар мінездерінің көл қырлылығын ашуы суреткердің реалистігі тереңдегендігін, мінез диалектикасын нақтылы беруге келгендігін аңғартады. Әсіресе, үстем тап өкілдерінің бейнесін беруге жазушы шеберлігі жарқырап ашылғанын айту қажет. Ақылды, айлалы Шәкен байдың жаңа экономикалық саясат кезіндегі іс-әрекеттері барынша нанымды.
Романда совет өкіметінің жолын жете түсіне алмай жүрген, көңілі адал, бірақ анық бағдарын танымаған кедей өкілдерінің де, пайдасынан зияны көп жадағай белсенділердің де, байдың дүниесін өз мүлкінен артық қорғайтын малшының да, жаңа дәуірдің әлеуметтік теңсіздікке қарсы екенін тез аңғарып, қоғамдық істерге белсене араласа бастаған қазақ елдерінің де, рулық «туыстық» сезіміне шырмалған, қасындағы жауын жете білмейтін шикі жандардың да бейнелері ұшырайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет