Ф-об-007/017 Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі



бет5/9
Дата24.02.2016
өлшемі1.42 Mb.
#15792
1   2   3   4   5   6   7   8   9

10 - лекция. Тақырыбы:

Кіші жүздегі С. Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс.

Жоспары:

  1. Көтерілістің себептері мен алғышарттары, сипаты және қозғаушы күштері.

  2. Көтерілістің басталуы және алғашқы барысы.

  3. Игельстром реформасы

  4. Көтерілістің ХҮІІІ ғ. 90 жылдарындағы жаңа кезеңі, жеңілу себептері және тарихи маңызы.

Лекция мақсаты: Студенттерге көтерілістің себептері мен алғышарттарын, сипаты және қозғаушы күштерін, көтерілістің басталуы және алғашқы барысын, Игельстром реформасын, көтерілістің ХҮІІІ ғ. 90 жылдарындағы жаңа кезеңі және жеңілу себептері мен тарихи маңызын ашып көрсету.

Лекция мәтіні

1. Көтерілістің себептері мен алғышарттары:

1. Жер мәселесі. Еділ мен Жайық бойындағы шұрайлы жерлерді патша өкіметінің тартып алып, ол жерлерге қаптата бекіністер салынуы. Нәтижесінде қазақтардың жері тарылып, көшіп қону жүйесінің бұзылуы.

2. Орал казак әскерлерінің қазақ ауылдарына шабуылдар жасап, адамдарын өлтіріп, тұтқындап, малдарын айдап әкетіп отырды.

3. Нұралы хан оның айналасындағылардың қарапайым халыққа озбырлығы болды.

Көтерілістің мақсаты:

1. Патша өкіметі тартып алған шұрайлы жерлерді қайтарып алу, көшіп–қону жүйесін қалпына келтіру.

2. Орал казак әскерлерінің қазақ ауылдарына шабуылдарын озбырлықтарын тоқтату.

3. Нұралы хан мен оның сыбайластарының озбырлығы тоқтату.

Көтерілістің сипаты: отаршылдыққа қарсы бағытталды.

Көтерілістің басты қозғаушы күші : көшпенді қазақ шаруалары болды.

Көтеріліс аумағы: Еділден Арал теңізіне дейінгі Кіші жүз аумағын қамтиды.

Ұлт-азаттық көтерілісті Байбақты руынан старшыны, әрі батыр, әрі би, шешен Сырым Датұлы (1742-1802 жж.) басқарды. Сырым 1775 ж. Пугачев көтерілісіне белсене қатысқан еді. Ол туралы орыстың атақты қолбасшысы Суворовтың граф Папинге жазған хатында айтылған.



2.Көтерілістің басталуы және алғашқы барысы.

1778 ж. Орал казактарымен қақтығыста Сырымның балаларының қайтыс болуы оны қатты ашындырды.

1783 ж. күзінде Сырымның Орал казак әскерімен ашық түрде қарсыласу басталды.

1783 ж. желтоқсанда Сырымды оралдық казактар тұтқынға алды. Бірақ 1784 ж. көктемде оны Сырымның қарындасына үйленген Нұралы хан тұтқыннан босатады.

1784 ж. маусымда – Сырымның Орал казак әскерлерімен нағыз кескілескен күресі басталды. Қазақтар төменгі Жайық шебі мен Ор бекінісі аймақтарына шабуылдар жасады. Сырымның тобы Сағыз өзені бойына топтасып, 1000 адамға жетті.

1785 ж. 17 ақпанда көтерілісті басу үшін генерал-майор Смирновтың, ал 15 наурызда әскери старшиналар – Калпаков пен Пономеревтың отрядтары шықты.

1785 ж. Сырым Сахарная бекінісіне, Антонов корпусына шабуыл жасады. Бірақ қамалдағылар дайын отырып, зеңбіректермен атқылап, Сырым оларды ала алмады.

3. Игельстром реформасы.

Кіші жүздегі жағдайға Ресей патшасы қанық болды. Ол халықтың тек өзіне ғана емес, сонымен бірге ханға да қарсы болып отырғанын түсінді. Сөйтіп Орынбор өлкесінің билеушісі Игельстром арқ.ылы(старшиналармен) хандық тәртіпті жоюды ұйғарды. Сырым бұл шараны қолдады. Бұл жерде әрқайсысының өз ішкі есебі болды: патша өкіметі хандық тәртіпті жойып, басқару ісін Россияның жүйеге сәйкестеп, отаршылдық жүйені күшейте түскісі келсе, Сырым хандықты жойып, басқару ісін халық қолына халықтың өз ортасынан шыққан би-старшиналарға беруді, сол арқылы ел билеуді демократиялық жолмен шешуді көздеді.

1786 ж. 3 маусымда Екатерина ІІ Нұралыны өз халқына сенімін жоғалты және Ресейге нашар қызмет істеді деп хандықтан тайдырды. Оны алдымен Орынборға шақырып кейін Уфаға жөнелті. Игельстром реформасы бойынша кіші жүзде хандық билік жойылып, қазақтрарды билеу Шекаралық соттың қолына берді. Шекаралық сот патша шенеуліктеріне және жергілікті шонжарлар өкілдерін құралды және тікелей генерал губернаторға бағынды. Мұны Сырым тіпті қолдаған жоқ. Сырымды алдап-сулап бауырына тартуды көздеген патша әкімдері оны 12 ата Байұлы руларының аға старшины етіп тағайындады. Сырым осы жұмыста болған кез халық үшін жақсы, жайлы жылдар болды . Әділдік пен адалдықты жақтаған Сырым халықтың қал жағдайын біліп, олардың мұң-мұқтажымен үнемі санасып отырды. Ол жыл сайын сьезд мәслихат өткізіп, онда халық мүддесіне қатысы бар мәселелерді талқылады. Бірақ ұзамай патша өкіметті ұзқ жылдар бойы өзін сүйеніш болып келген хандық билікті жойып, қате жасағанын түсінді, сөйтіп қайтадан хандық билікті қалпына келтіруге тырысты.

4. Көтерілістің ХҮІІІ ғ. 90 жылдарындағы жаңа кезеңі, жеңілу себептері және тарихи маңызы.

Көтерілістің қайта өрлеуіне Орал казак әскерлерінің қазақтарға шабуылдары түрткі болды. Оның кеңейе түсуіне 1790 ж. тамызда Уфада Нұралы ханның қайтыс болуына байланысты патша өкіметінің 1791 ж. халық жек көретін оның інісі Ералыны Кіші жүзге хан сайлауы әсер етті. 1792 ж. Сырым бастаған көтерілісшілер Елек қалашығына шабуыл жасады. Бірақ ала алмады. 1794 ж. жазда Ералы хан қайтыс болды. 1796 ж. қазанда Нұралының ұлы Есім хан болып жарияланды. 1796 ж. қысында қатты жұт болды, мал жаппай қырылып, ашаршылық болды. Осындай ел басына күн туған ауыр жағдайға қарамай Есім хан қарапайым халықты аямай қанады. Халық 1797 ж. наурыздың 26 нан- 27 не қараған түні хан ауылына шабуыл жасап Есімді өлтіреді. 1797 ж қазанда хан етіп Айшуақты бекітті. Ол жасы келген қария адам болатын, ру басы старшындар мұны дұрыс көрді. Сырым 1797 ж. Хиуа хандығына өтіп кетті.1802 ж. белгісіз себептермен қайтыс болды.


Бақылау сұрақтары

1. Хандық биліктің орнына “Халық кеңесін” енгізіп, барлық мәселені демакратиялық, әділетті жолмен шешуге тырысқан реформатор, ұлт-азаттық көтерілісті бастаушысы.

2. Кіші жүздегі С. Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің ерекшеліктері.

3. С. Датұлы бастаған көтерілістің себептері.

4. С Датұлы көтерілісінің барысындағы оқиғалар.

5. Кіші жүздегі ішкі күрес.

6. Игельстром реформасы.

7. Көтерілістің 90 жж. қайта жалғасуы, оның себептері.

8 . Айшуақ хан қай жылдары кіші жүзде билік құрды

9. С. Датұлы бастаған көтерілістің басты нәтижесі

10. С. Датұлы қай жерде қайтыс болды

11. 1797 ж. наурыздың 26-нан 27-не қараған түні Сырым бастаған көтерілісшілер қай ханның ауылын шауып, ханның өзін өлтірді?

12. Көтерілістің жуңілу себептері.

13. Көтерілістің тарихи маңызы.




11 - лекция. Тақырыбы:

ХҮІІІ ғасырдағы Қазақстан мәдениеті.

Жоспары:

1. Ауыз әдебиеті. Жыраулар шығармашылығы.

2. Орыс және шетел зерттеушілері мен ғалымдарының Қазақстан туралы жазбалары мен зерттеулері.

Лекция мақсаты: ХҮІІІ ғ. қазақ ауыз әдебиеті, жыраулар шығармашылығы, орыс зерттеушілері мен ғалымдарының Қазақстан туралы жазбалары мен зерттеулері және туралы студенттерге түсіндіру.

Лекция мәтіні

1. Ауыз әдебиеті. Жыраулар шығармашылығы. Қазақ мәдениетінің тарихында ХҮІІІ ғ. ерекше орын алады. Қазақ-жоңғар қақтығыстары, шетел басқыншыларына қарсы азаттық күресі дала өлкесінің байырғы өз ерекшелігі бар рулық-патриархаттық өмір салты, өткен дәуірдің материалдық-рухани мұрасы – мәдениеттің дәстүрлі саласының бірі әдебиеттің дамуына да ерекше ықпал етті.

ХҮІІІ ғ. халық ауыз әдебиеті шығармашылығының көрнекті өкілдерінің бірі – Ақтамберді жырау (1675-1768 жж.) Замандастарының айтуына қарағанда, ол жас кезінен-ақ ақындар айтысына қатысып, күшін сынап, шеберлігін арттырған. Ақын өз заманының жаршысы болды, жас ұрпақты табандылық пен ерлікке шақырды. Ерлікке, жауынгерлік ержүректікке үндеу, жаудан қаймықпай, батыл қарсы шабуға, оның алдында ешқашан шегінбеуге үндеу – Ақтамбердінің бүкіл шығармасының арқауы.

Қазақ әдебиетінде аса көрнекті орын алатын тұлғалардың бірі – Бұхар жырау Қалқаманұлы (1668-1781 жж.) Ол тәуелсіздікті сақтау және нығайту идеясын білдірген көптеген дидактикалық өлең-толғаулар шығарған. Абылай ханды қолдап, кейбір жағдайларда Абылайға оның жүздерді басқару жөніндегі істеріне, оның әр түрлі таластар мен дау-шарларды талқылауы кезінде елеулі ықпал етіп отырған. Бұқар шығармаларының өзекті тақырыптарының бірі – Отанға деген сүйіспеншілік, ұлтжандылық. Ол қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күресін жырлады, халықты бірлікке, ерлікке шақырды, бұл күрестің қаһармандары – Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек батырларды жырлады.

Сонымен бірге, Үмбетей, Тәтіқара, Шал, Көтеш жыраулардың жырлары халық жадында үзік-үзік сақталған. Үмбетейдің Бөгенбай батырдың қайтыс болуына арналған естірту жыры – жоқтауы белгілі. Онда ақын батырдың жоңғарларға қарсы шайқастардағы ерліктерін дәріптейді.



2. Орыс және шетел зерттеушілері мен ғалымдарының Қазақстан туралы жазбалары мен зерттеулері.

Ресей ықпалына біртіндеп өтуі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси өміріне өзгерістер әкелді. Дала өлкесін отарлау, империяның құрамына енгізілуі Қазақстанның рухани, мәдени өзгерістерін де тереңдете түсті. Қазақстанды орыс және шетел ғалымдары зерттей бастады.

Князь Бекович-Черкасскийдің экспедициясы Батыс Қазақстан аумағын игеруде алғашқы ғылыми жағынан маңызды болды. Подполковник И.Д. Бухгольцтің әскери экспедициясы құрамында болған картографтар, тұтқынға түскен швед офицері әрі картографы И.Г. Ренат қазақ жүздерінің орналасуы туралы қызықты мағлұматтар жинаған. И.Г. Ренат жасаған «Жоңғария картасы» ерекше назар аудартады. Капитан В. Урусов, майор И.М. Лихарев және т.б. жазбаларында сол кездегі Қазақстан туралы бағалы мағлұматтар бар. Г.Ф. Миллердің академиялық экспедициясы Қазақ хандығы туралы мағлұматтарды зерттеп, «Сібір тарихы» деген бағалы еңбек жазды. Оның әсіресе, Орта жүз қазақтары туралы жазғаны күні бүгінге дейін маңызын жоғалтқан емес.

Қазақ тарихын зерттеуде П.И. Рычковтың еңбегі зор. Тағдыр айдауымен алыс қазақ даласында болған ол өлкенің этнографиясы туралы терең ғылыми мұра қалдырды. «Орынбор өлкесінің топографиясы», «Орынбор тарихы (1730-1750 жж.)» атты тамаша зерттеу еңбектерінде қазақ тарихының даму кезеңдері мен көптеген қиыншылықтарын атап өтті. Оның баласы капитан Н.П. Рычков та Орынборда әскери қызмет ете жүріп, 1771 ж. «Қырғыз-қайсақ даласы туралы күнделік жазбалар» атты қызықты еңбек қалдырған.

Қазақстанды зерттеуде сүбелі еңбек сіңірген, осы өлкеде болған шетел саяхатшылары: П.С Паллас, И. Фальк, И. Георги және т.б. еңбектері мәліметтерінің молдығымен, тарихи мазмұнымен қазірге дейін ерекше орын алып отыр.
Бақылау сұрақтары

1. Қазақ мәдениетінің тарихында ХҮІІІ ғ. алар орыны және ерекшеліктері.

2. Ақтамберді жырау (1675-1768 жж.) шығармашылығы.

3. Бұхар жырау Қалқаманұлы (1668-1781 жж.) шығармашылығы.

4. Үмбетей жырау шығармашылығы.

5. Тәтіқара ақын.

6. Көтеш ақын.

7. Жанкісі ақын.

8. Шал ақын.

9. Орыс экспедицияларының Қазақстанды зерттеуі (Князь Бекович-Черкасский, подполковник И.Д. Бухгольц)

10. Швед офицері әрі картографы И.Г. Ренат қазақ жүздерінің орналасуы туралы жазбалары.

11. Г.Ф. Миллердің қазақ тарихына қатысты зерттеуі, оның маңызы.

12. Қазақ тарихын зерттеуде П.И. Рычковтың еңбегі.

13. Н. П. Рычковтың қазақ тарихына қатысты жазбалары.

14. П.С Паллас, И. Фальк, И. Георгидің Қазақстанды зерттеудегі үлесі.

12 - лекция. Тақырыбы:

Қазақстанға Ресей әкімшілік жүйесінің енгізілуі.

Жоспары:

1. 1822 ж. Сібір қырғыздары туралы Жарғы: Орта жүзде хандық биліктің жойылуы.

2. 1824 ж. Орынбор қырғыздары туралы Жарғы: Кіші жүзде хандық биліктің жойылуы.

Лекция мақсаты: Студенттерге 1822 ж. Сібір қырғыздары туралы Жарғы: Орта жүзде хандық биліктің жойылуы және 1824 ж. Орынбор қырғыздары туралы Жарғы: Кіші жүзде хандық биліктің жойылуы жөнінде таныстыру.

Лекция мәтіні

1.1822 ж. Сібір қырғыздары туралы Жарғы: Орта жүзде хандық биліктің жойылуы.

Қазақтардың 1773-1775 жылдары Пугачев бастаған шаруалар соғысына қатысуы және Сырым батыр бастаған көтеріліс Қазақстанда хандық биліктің әлсірей бастағанын көрсетті. Халық арасында ықпалы кеміген хан патша өкіметінің Қазақстанда хандық билікті жоюды, оны тікелей өз әкімшіліктеріне бағындыруды көздеді.

1781 ж. Абылай хан қайтыс болған соң, оның үлкен ұлы Уәли Орта Жүзге хан болған еді. Бірақ патша өкіметі Уәлидің позициясын әлсіретуге тырысып, 1815 ж. Орта Жүзге екінші хан етіп, Бөкейді тағайындады. 1817 ж. Бөкей, 1819 ж. Уәли хан қайтыс болды. Бұдан соң, Орта жүзге жаңа хан тағайындалмады. Патша өкіметі хандық билікті жоюға тырысты. 1822 ж. Сібір генерал-губернаторы Спенарский, кейін декабрист болған Батеньковтың көмегімен “Сібір қырғыздары туралы жарғыны” жасады. Бұл Сперанский реформасы бойынша бүкіл Сібір екі бөлікке бөлінді: 1.Шығыс Сібір, орталығы Иркутск, 2. Батыс Сібір, орталығы – алғашында Тобыл, кейіннен Омбы. Батыс Сібірге Томск және Омбы облыстарымен бірге “Сібір қырғыздарының облысы” да кірді. “Сібір қырғыздарының облысы” округтарға, округтар - болыстарға, болыстар - ауылдарға бөлінді. 1 округқа – 15-20 болыс кірді, 1 болысқа – 10-12 ауыл, ал ауыл - 50-70 шаңырақтан тұрды. Округтарды басқару округтік приказдарға жүктіліп, ол тікелей Омбы облыстық басқармасына бағынды. Ал округты билеу аға сұлтанның қолында болды. Бірақ аға сұлтан билігі сөз жүзінде ғана еді. Іс жүзінде ол бар болғаны Омбы облыстық басқармасының сойылын соғатын құралға айналды. Аға сұлтандарды сайлауда бұрынғы хан сайлағандай ақ киізге көтеру әдеті қолданды. Аға сұлтандар үш жылға сайланды және оларды халық емес, тек сұлтандар өз араларынан біреуін сайлады. Аға сұлтандыққа таласқан шонжарлар арасында өзара қақтығыс, алдау, сатып алу, пара т.б. үйреншікті құбылысқа айналды.

Болыстарды – болыс сұлтандары басқарды. Болыс сұлтандарын сайлау мерзімі өмірлік болды және болыстық билік мұрагерлікпен берілді. Ауылдарды - ауыл старшиндары басқарды. Олар да аға сұлтан сияқты үш жылға сайланды.

Реформа сот жүйесіне де өзгеріс енгізді. Оның мақсаты - Қазақстанға жалпы империялық заңдарды енгізу еді. Енді бұрынғы дәстүрлі билер соты тек ру іші, руаралық және ауылдар деңгейде ғана қолданылды. Ал негізгі қылмыстық істердің бәрі, мысалы, мемлекетке опасыздық, кісі өлтіру, тонау, өкіметке бағынбау т.б. империялық заңдар негізінде сотталды.

2. 1824 ж. Орынбор қырғыздары туралы Жарғы: Кіші жүзде хандық биліктің жойылуы.

1824 ж. Ресей үкіметі “Орынбор қырғыздары туралы Жарғыны ” қабылдап бекітті. Ол жарғыны жасаған Орынбор генерал-губернаторы П.Эссен болды. Жарғы бойынша Кіші жүзде хандық билік жойылды. Кіші жүзді басқару үшін Шекаралық комиссия деген құрылды. Кіші жүз 3 бөлікке: шығыс, орта, батыс бөлікке бөлініп басқарылды. Әр бөлікті Орынбор губернаторы тағайындаған сұлтандар басқарды. Олар іс жүзінде шекаралық комиссияның чиновниктері болды.

1831 ж. дейін үш бөліктің қазақтары шартты түрде бекініс шебіне жақын жердің қазақтары және қырдың қазақтары деп бөлінді.

1831 ж. бастап бекініс шебі мен шекара өңіріне жақын жатқан халықтың арасында дистанциялар деп талатын екі қамал арасындағы әкімшілік учаскелер ұйымдастырылды. ХІХ ғасырдың ортасына дейін 54 дистанция ашылды.

Осылайша 1822 ж. Орта жүзде, 1824 ж. Кіші жүзде хандық билік жойылды. Тек Еділ мен Жайық өзендері аралығындағы 1801 ж. құрылған Ішкі Орда немесе Бөкей хандығы ғана 1845 жылға дейін сақталған.
Бақылау сұрақтар

1. Қазақстанда хандық билік қашан жойылды?

2. «Сібір қырғыздары туралы Жарғы» бойынша қай жүзде хандық билік жойылды?

3.”Сібір қырғыздары туралы Жарғыны» кім жасады?

4. «Сібір қырғыздарының жарғысы» бойынша Орта жүздің басқару жүйесінің буындары.

5. «Сібір қырғыздарының жарғысы» бойынша аға сұлтан неше жылға сайланды?

6. Аға сұлтанды (Сібір қырғыздарының жарғысы бойынша) кімдер сайлады?

7. Кіші жүзде хандық билік қашан жойылды?

8. «Орынбор қырғыздары туралы Жарғыға» сай Кіші жүз қалай бөлінді?

9. «Сібір қырғыздарының Жарғысы» бойынша болыс сұлтаны неше жылға сайланды?


10. Кіші жүзде дистанциялық жүйе қашан енгізілді?

11. Көкшетау және Қарқаралы қалалары қашан салынды?

12. 1822 ж. “Сібір қазақтарының Ережесі” бойынша Сібір қазақтарының облысы қай генерал-губернаторлықтың құрамына енді ?

13. 1824 ж. “Орынбор қазақтарының Жаршысы” бойынша Кіші жүздің жері қай губернаторлықтың құрамына енді ?

14. 1822 ж. реформа бойынша Орта жүздің ( “Сібір қазақтарының облысы”) орталығы

15. 1824 ж. реформа бойынша Кіші жүздің әкімшілік орталығы қай қала болды ?

16. 1822 ж. “Ереже ”бойынша неше буынды басқару жүйесі енгізілді ?

17. 1822 ж. “Сібір қазақтарының Жарғысы” бойынша әкімшіліктің ең төменгі буыны ауыл болып саналды. Ауылға қанша шаңырақ кірді ?

18. “Сібір қазақтарының ережесі” бойынша болысқа қанша ауыл кірді?

19. “Сібір қазақтарының Жарғысы” бойынша округке қанша болыс кірді ?

20. “Сібір қазақтарының Жарғысы” бойынша мұрагерлік билік кімге брілді ?

21. Ақмола бекінісі қашан салынды?



13 - лекция. Тақырыбы:

Қазақстанның оңтүстігіндегі Орта Азия хандарының саясаты.

Жоспары:

1. Жетісу мен Оңтүстік Қазақстандағы Қоқан және Хиуа билеушілерінің басқыншылығы мен езгісі

2. Қазақ халқының Орта Азия хандарының езгісіне қарсы күрестері.

Лекция мақсаты: Студенттерге Жетісу мен Оңтүстік Қазақстандағы Қоқан және Хиуа билеушілерінің басқыншылығы мен езгісі және Қазақ халқының Орта Азия хандарының езгісіне қарсы күрестері жөнінде таныстыру.

Лекция мәтіні

1. Жетісу мен Оңтүстік Қазақстандағы Қоқан және Хиуа билеушілерінің басқыншылығы мен езгісі.

ХҮІІІ ғ. аяғы – ХІХ ғ. басындағы Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси жағдай оның қалған бөліктеріндегі жағдайдан ерекше болды. Оңтүстік Қазақстан ортаазиялық феодалдық мемлекеттер – Хиуа, Бұхара және ең үлкен дәрежеде – Қоқан экспанциясының оьбектісіне айналды. Қазақстанның оңтүстігіндегі олардың үстемдік ету кезеңі біршама аз уақыт аралығын (шамамен 1810-1866 жж.) алса да, бұл кезең – аймақтың Ресей империясына қосылуының тікелей алдында болған кезең. Оңтүстік Қазақстан өзін қазақтардың басқа облыстарынан ерекшелендіретін сипатты белгілерге нақ сол кезде ие болған еді.

1798 ж. Қоқан тағына Әлім бек (1773-1806) көтерілді. Қоқан хандығы тонаушылық жорықтар мен кең көлемді басқыншылықтар жолына түсті. 1805 ж. Ходжент жаулап алынды. 1806 ж. Ұратөбені жаулап алып, Жызақты қоршады. Осы жылы Әлім бек хан атағын қабылдады, ол Хиуаның билеушісі, өзбектің қоңырат бірлестігінен шыққан Елтүзердің хан атануымен бір мезгілде болды. Қоқан экспанциясының келесі нысаны Ташкент болды.

Бастапқыда жағдай Қоқан үшін сәтсіз болды. Оның Ферғананың өзіндегі діни жетекшілік және оқшауланушылық сарындарымен қиын күрес жүргізуіне тура келді. 1799 ж. Әлім бек Ташкентке қоқан бектерінің әйелдер жағынан туысы, Ходжент билеушісі Ханқожаны жіберді. Қоқан күштері Ташкентке жақындап келіп, Қарасу деген жерге аялдаған еді. Осы жерде оларға Жүнісқожа сырт жағынан келіп тиісті. Қоқандықтар қашты. Алайда 1803 ж. Сырдария жағасында болған шайқаста ташкендіктер қоқан әскерлерінен жеңіледі. Әлім бек 1809 ж. Ташкентті толық бағындырады. Ташкентті бағындыру Қоқанның Оңтүстік Қазақстанды жаулап алуы басталғанын көрсетті. Мұндағы жағдай Әлім бектің ой-ниетіне қолайлы болды. Қазақ билушілері арасында бірлік болмады.

1810 ж. Әлім хан Сайрамды, Шымкентті және Түркістанды бағындыру үшін 12 мыңдық «жаңа әскер» жіберді. Осы жорықтың барысында қоқандықтарды басқарған тәжік Зухур дуанбегі Сайрамды қоршады, Шымкент қыстағына бекініс салып, онда мылтықтары мен екі зеңбірегі бар 200 жаяу және 400 салт атты атқыштарды қалдырды. Содан соң ол Әулиеатаға келіп, бекініс салды және онда тәжіктер Абдоллах пен Шахбек датқалар бастаған 1000 жауынгер қалдырды. 1813-1814 жж. Қоқандықтар Түркістан маңындағы мекен Қарнақты алды. Қоқандықтардың Түркістанды алуы жөніндегі мәліметтер әр түрлі. 1813-14 жж. Қоқанда болып қайтқан Ф. Назаровтың айтуынша, бүл 1814 ж., барон Е. Миддендорфтың пайымдауы бойынша 1815 ж. Бірақ Қоқан шежірешісі басқа уақытты көрсетеді (1816 ж.).

2. Қазақ халқының Орта Азия хандарының езгісіне қарсы күрестері.

Қоқандықтарға қарсы көтерілісті Шыңғыс ұрпағы Тентек төре ұйымдастырды. Көтерңліске шыққан саны 12 мыңға жуық адам Сайрамға, ескі бекініске шоғырланды. Қоқан ханы Омар хан көтерілісті басу міндетін өзінің уәзірі және туысы Әбілқасым аталыққа жүктеді. Бұған сондай-ақ Хушвақт құшбегі, Лашқар құшбегі, Мұхаммед Шәріп парванашы, Ханқожа мир-асад және басқа да тәжірибелі әскербасылар тартылды. Көтеріліске шыққандар бетпе-бет шайқаста талқандалып, шегінді де, екі жасаққа бөлінді. Бірі Сайрамдағыдан неғұрлым мықты Шымкент бекінісіне тығылды. Екіншісі Сайрам бекінісін қорғай бастады. Қоқандықтар Шымкентті қоршауға алды, онда қазақтарды Рүстем басқарды. Кескілескен қоршаудан және қазақтардың түн жамылып жасаған шабуылы сәтсіздікке ұшырағаннан кейін Шымкент алынды. Сонан соң Қоқан әскерлерінің қызыл және ақ тулары Сайрамда да көтерілді. Оны қоршау кезінде қоқандықтар зеңбірек пен мылтықты кеңінен қолданды. Қоршаудағылардың күш пен қаражаты сарқылғаннан кейін Тентектөре берілуге, Қоқанға жыл сайын баж (жол үшін төленетін алым) және зекет төлеп тұруға келісіп, Омар ханның сарайына өзінің ұлынан сый-сияпат жіберуге мәжбүр болды.

Көтеріліс басындағылардың негізгі малшылар бұқарасы арасында беделінің жеткіліксіз болуы, бой көрсетулердің бытыраңқылығы, іс-қимылдың үйлесімсіздігі және көтеріліске шыққандар арасында бірліктің болмауы, Бұқараның көмегіне сүйену әрекеттері (осының өзі-ақ тайпаластарының бұқарасыны көтеріліс басшылары ықпалының әлсіз болғанын көрсетеді), ақырында, рулық-тайпалық жасақтарға күресте оқ ататын қол мылтығымен және артиллериямен қаруланған «жаңа әскер» мен атты әскердің іс-қимылын ұштастырған қоқандықтардың әскери басымдығы – осының бәрі Қазақстандағы қоқандықтарға қарсы бой көрсетулердің сәтсіздікке ұшырауына себеп болды. Қозғалыстарды Шыңғыс ұрпақтары – сұлтандардың басқару фактісі оған қатысушылар идеологиясының Шыңғыс хан енгізген Дешті-Қыпшақтағы Жошы ұрпақтарының хан билігі институтының 600 жылдық дәстүрін қорғаған ескі салт пен көненің көзін көксегенін дәлелдейді.
Бақылау сұрақтары
1. ХҮІІІ ғ. аяғы – ХІХ ғ. басындағы Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси жағдайдың ерекшеліктері.

2. Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі қазақ хандары билігінің әлсіз болуының себептері.

3. Әлім бектің билікке келуі. Қоқан хандығының құрылуы.

4. Қоқанның экспанциялық саясатының басталуы және оның ерекшеліктері.

5. Қоқанның Ташкентті жаулап алу кезеңдері.

6. Қоқанның қазақ даласын жаулап алуының себептері.

7. Қоқанның Сайрамды және Шымкентті басып алуы.

8. Қоқанның Түркістанды жаулап алуы.

9. Қоқанға қарсы Тоқай төренің күресі, оның салдары.

10. Тентек төре бастаған көтерілістің себептері.

11. Тентек төре көтерілісінің барысы.

12. Тентек төре көтерілісінің жеңілу себептері және маңызы.




14 - лекция. Тақырыбы:

Бөкей Ордасындағы И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы бастаған ұлт азаттық көтеріліс.

Жоспары:

1. Бөкей Ордасының құрылуы.

2. Көтерілістің себептері мен мақсаттары.

Лекция мақсаты: Студенттерге Бөкей Ордасының құрылуы, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілістің себептері мен мақсаттарын таныстыру.

Лекция мәтіні

1.Бөкей Ордасының құрылуы.

1801 жылы 11 наурызда Ресей императоры Павел 1 – дің жарлығымен Еділ мен Жайық өзендерінің аралығында Ішкі немесе Бөкей Ордасы құрылды. Ондағы мақсаты - Ресей патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы Кіші жүздегі тұрақты сипат алған азаттық күресті бәсеңдету еді және бұрынғы рулық бөліністің орнына, Ресейге толық бағынышты аумақтық құрылымдар құрмақ болды. Қазақтардың бұл араға қоныстануын Нұрлының ұлы Бөкей сұлтан басқарды. Соның атымен хандық та Бөкей хандығы немесе Ордасы деп аталды.

Бастапқыда Жайықтың оң жағасына бес мыңдай отбасы өтті. Одан кейінгі жылдарды хандық халқы Жайықтың арғы бетінен ағылып көшу есебінен өсе берді. Орынбор шекаралық комиссиясының есептеуі бойынша, 1828 жылы Бөкей хандығының хлқы 10 225 шаңырақ болған. Деректемелер бойынша, 1845 жылы мұнда 30 мыңнан астам шаңыраққа жеткен, 1860 жылы оның 26 209 шаңырақтан тұрған.

Ішкі Орда қазақтары өмірінің жекелеген жақтарын суреттеген революцияға дейінгі тарихшылардың көпшілігі оның пайда болуын Бөкей ханның жеке басымен, Кіші жүзде болған өзара қырқыстарымен және «аласапыранмен» байланыстырған.

Қазақтардың Еділ мен Жайық өзендерінің аралығына көшуімен жайылым мәселесі де шешілген жоқ, жер қатынастарының күрделігі бұл жерде Кіші жүздегіден кем болмаған күйінде қалды. Топырақ-климаттық және өзге де табиғи-географиялық жағдайлары бойынша Бөкей хандығының аумағы қоныстанушылардың көшіп келген жағындағы аумаққа қарағанда нашар болмаса, жақсы емес еді. Малшылық өмірлік цикылында қаншалықты айқындаушы маңызы болса да, қоныстанудың сол бір нақты жағдайларында жайылымдар туралы мәселе ең бірініш орынға қойылған жоқ.

Хандық құрылуның негізіг себебі отаршылдық саясаттың күшеюі салдарынан көптеген көшпелі қауымдардың бұрынғы көшіп жүретін орындарында қалуының мүмкін еместігі деп есептеуі керек.



2.Көтерілістің себептері мен мақсаттары.

Өзге де ұлт-заттық көтерілістер сияқты бұл көтерілістің де басты себебі – жер мәселесі еді. Бүкіл Бөкей Ордасы жерінің ⅔ бөлігі, әрі ең жақсы жерлері орыс помещиктері Юсупов пен Безбородконың және қазақ феодалдарының жеке меншік иелігінде болды. Мысалы, Жәңгір хан өзі ең жақсы 400 мың, буыры Меңдігерей Бөкейхановқа 400 мың, қайын атасы Қарауыл қожа Бабажановқа 700 мың десятина т.б. құнарлы жерлерді үлестіріп берді. 2-ші себеп – алым-салықтың аса ауырлығы. Мысалы, жыл сайын Ноғай руы – 30000, Байбақты - 40 000, Беріш - 60 000, Алшын - 40000 сом т.б. ақшалай салық төлеуі тиіс болды. Сонымен қатар, күзде әрбір шаңырақ хан сарайы мұқтаждығына құны кем дегенде 70 сомнан кем түспейтін бір жылқыдан беруге міндеттенді. Ата-бабаларының жерінде көшіп-қонғаны, шөп шапқаны, орыс помещиктерінің шабындығын басып кеткені үшін де арнайы салықтар төлеген қазақтардың жағдайы тіпті қиындады. 3-ден Жәңгір хан мен оның туысқандарының әсіресе халық жек көретін – Қарауылқожаның бассыздығы, озбырлығы, қарапайым халықты аяусыз езіп –жаншып, қанауы болды.

Көтерілістің себептерін, мақсаттары жыр құдіреті Махамбеттің Баймағамбетке айтқан – “Еді үшін егістік ” , “Еділ мен Жайық жер қалды-ау ” , “Мен мен едім” т.б. жырларынан көруге болады. Көтерілістің басшылары – беріш руының ағаманы, атақты батыр – Исатай Тайманұлы (1791-1838 жж.) мен көтерілістің жалынды жыршысы, рухани көсемі, дауылпаз ақын әрі батыр Махмбет Өтемісұлы (1804-1846 жж.) болды.

Бақылау сұрақтар

1. Бөкей Ордасы қашан және қай жерде құрылған?

2. Бөкей Ордасының құрудағы патша үкіметінің мақсаттары.

3. Көтерілістің басты себептері мен алғышарттары.

4. Махамбеттің қандай өлеңінен көтерілістің себептері мен мақсаттарын көре аламыз?

5. Бөкей ордасындағы И. Тайманұлы мен М. Өтемісұлы бастаған ұлт- азаттық көтеріліс қай жылдары болды?

7. Қазақ балаларына арнап тұңғыш азаматтық мектеп ашқан, Қазан университетінің Ғылыми Кеңесінің құрметті мүшесі болған қазақ ханы кім?

8. Сырым, Исатай – Махамбет, Кеңесары т.б. бастаған ұлт- азаттық көтерілістердің негізгі қозғаушы күштері кімдер болды?

9. Бөкей Ордасының аумағы.

10. Бөкей Ордасының қай жерінде және қашан хан ордасы салынды?

11. Бөкей Ордасында Жәңгір хан қай жылдары билік құрды?

12. Бөкей Ордасындағы 1836-1838 жж. көтерілістің рухани көсемі, ақын әрі батыр.

13. Исатай мен Махамбеттің руы
15 - лекция. Тақырыбы:

Бөкей Ордасындағы И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы бастаған ұлт азаттық көтеріліс.

Жоспары:

1. Көтерілістің басталуы және барысы.

2. Көтерілістің жеңілу себептері және тарихи маңызы.

Лекция мақсаты: Студенттерге И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің басталуы және барысын, оның жеңілу себептері және тарихи маңызын түсіндіру.

Лекция мәтіні

1.Көтерілістің басталуы және барысы.

1836 жылы ақпанда көтерілісшілердің Жәңгір ханға қарсы ашық күресі басталды. Бұған Исатайдың хан Ордасына шақыртылуы түрткі болды. Ол оған барудан бас тартып, көтерілісшілердің үлкен қосынын жинайды. Исатай мен Махамбетті ұстап әкелуге 1836 жылы 4 сәуірде Манаш қыстауына ханның Қарауылқожа Бабажанов бастаған жасағы келді. Исатай мен Махамбет 200 қарулы жігітпен қарсы шықты. Қантөгіс болмау үшін Исатай ежелгі қазақ дәстүрімен Қарауылқожаны жекпе-жекке шақырды. Бірақ батырмен жекпе-жекке қожа да, оның отрядынан да ешкім шықпады. Хан әскері қайтқан соң, Исатайдың атағы жайыла түсті, көтерілісшілер ханның жіберген жасақтарын табысты тойтарумен болды. 1837 жылдың жазы мен күзінде көтерілісшілердің ірі байлардың ауылдарына белсенді шабуылдары басталды. 1837 жылы 16 қыркүйекте 200-ге жуық көтерілісші Қарауылқожа Бабажановтың ауылдарын тас-талқан етті. Қазан айының аяғына қарай көтерілісшілер Жасқұстағы хан ордасын қоршап алады. Ханның әскер күші аз еді. Оны Исатай сарбаздары бір шабуылдың өзінде-ақ талқандап кететін еді. Жәңгір хан келіссөз сұрап бәйек болды. Исатай біріншіден, оған сеніп, екіншіден ханға қантөгіссіз дегенін істетпек болып, бірнеше күнді басқа өткізді. Хан көтерілісшілер келе жатқанын естігенде патша үкіметінен көмек сұраған. Соны асыға күтуде еді. Көтерілісті басуға Орынбордан падполковник Геке шығып, тез арада 1000-нан астам адам, ханның төрт жүздік жасағы, 300 астрахандық казактар, Жайық казактарының 2 зеңбірегі бар бірнеше отрядын шоғырландырды.

1837 жылы 15 қарашада Тастөбе деген жерде көтерілісшілер мен жазалаушылар арасында кескілескен шайқас болды. Бастапқыда Исатай сарбаздары басым түскенімен, зеңбіректердің іске қосылуы соғыс тағдырын шешті: көтерілісшілер шегінді . Исатайдың басына 500 сом, тірідей 1000 сом ақша тігілді.

1837 жылы 13 желтоқсанда Исатай жасағы Жаманқала күзет орны маңынан Жайықтан Кіші жүзге қарай өтіп кетті. Қос батыр онда жаңа шайқастарға дайындалады. Алайда, 1838 жылы 12 шілдеде шағын жасағымен барлауға шыққан Исатай мен Махамбет Ақбұлақ пен Қиыл өзендерінің аралығында Геке басқарған біріккен ірі жазалаушы отрядпен кездесіп қалды. Кескілескен соғыста Исатай қаза тапты. Махамбет бірнеше серіктерімен ұрыс шебін бұзып шығады.

Исатай қаза болғаннан кейін көтеріліс жасына кеміп кетті. Ұзамай басылды. Оған қатысқандар қатал жазаланды. Дүние мүлкі тартып алынып, шыбықпен дүреленіп, каторгалық жұмыстарға айдалды. Махамбеттің де соңына түскендер 1846 жылы оны өлтірді: ақын Қараой даген жерде өз үйінде Ықылас Төлеев деген сатқынның қолынан қаза тапты.

2. Көтерілістің жеңілу себептері және тарихи маңызы

Көтерілістің жеңілу себептері мыналар еді: Біріншіден, ұлт-азаттық көтеріліс өршіп кетер деп қорыққан Ресей өкіметі жергілікті хан билігімен көтерілісшілерге қарсы одақтасты. Жәңгір ханның озбырлығына қарсы болған үстем тап өкілдері көтеріліс жеңіле бастағаннан хан жағына шығып кетті. Екіншіден, көтеріліс стихиялы, нақты бағдарламасы жоқ болды және үшіншіден, көтерілістің қазақ елінің басқа аймақтарындағы азаттық көтерілісімен, мысалы, Кенесары Қасымұлы көтерілісімен байланысы болмады. Төртіншіден, көтерілісшілердің қару-жарақтары нашар болды.

Дегенімен, Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістің қазақ халқының тарихында маңызы зор. Хан тарапынан алым-салықтың одан әрімен өршітілуі біршама азайды, патша үкіметі жергілікті халықтың мақсат-мүддесімен де белгілі мөлшерде санасуына тура келді. Көтерілісшілер Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы, саяси әлеуметтік бостандық үшін, әлеуметтік езгіге қарсы күрес туын кейінгі ұрпақтарға беріп кетті. Ұлы дауылпаз ақын – Махамбеттің мәңгі өшпес жырлары арқылы қазақ халқына мәңгілік азық болып қаларлық өшпес, өршіл, асқақ рух мұраға қалды.
Бақылау сұрақтары

1. Исатайдың хан Ордасына шақыртылуы. Көтерілістің басталуы.

2. Көтерілісшілердің Қарауылқожа Бабажановтың ауылдарын ойрандауы.

3. Көтерілісшілердің Балқы бидің ауылын ойрандауы.

4. Жасқұстағы хан ордасын қоршау және оның салдары.

5. Тастөбе шайқасы.

6. Исатай мен Махамбеттің Жайықтан Кіші жүзге қарай өтуі.

7. Ақбұлақ шайқасы.

8. Исатай батырдың қаза табуы.

9. Патша үкіметінің көтерілісшілерді жазалауы.

10. Махамбеттің қазасы.

11. Құраманғазының “Кішкентай” деп аталатын алғашқы шығармасы қай көтеріліске арналған?

12. Патша үкіметінің Исатай-Махамбет көтерілісін тездетіп басуға әсер еткен жағдай.

13. Көтерілістің жеңілу себептері.

14. Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық күресінің тарихи маңызы.

16 - лекция. Тақырыбы:

Ж. Тіленшіұлы және С. Қасымұлы бастаған азаттық көтерілістер.

Жоспары:


  1. Ж.. Тіленшіұлы бастаған азаттық көтеріліс.

  2. С. Қасымұлы бастаған азаттық көтеріліс.

Лекция мақсаты: Студенттерге Ж.. Тіленшіұлы және С. Қасымұлы бастаған азаттық көтерілістер, олардың себептері, сипаты, барысы және тарихи маңызын түсіндіру.

Лекция мәтіні

1. Ж.. Тіленшіұлы бастаған азаттық көтеріліс

Патша өкіметінің Қазақстандағы отаршылдық саясатының күшеюіне қарсы халық бұқарасының наразылығы, қарсылығы Кенесары көтерілісіне дейін-ақ басталған болатын. Ол - ХІХ ғ. 20-30 жылдары болған С. Қасымұлы мен Ж. Тіленшіұлы қозғалыстары еді. Бұл қозғалыстар – Кенесары көтерілісінің алғашқы хабаршысы еді, бейнелеп айтсақ, жақындап келе жатқан дауылдың алғашқы белгілері еді.

Батыр Ж..Тіленшіұлы Кіші жүз қазақтары көтерілісінің басшысы болған. ХІХ ғ. 20 жылдары Табын руы мекендеген жайылымға, өзенді, тұзды жерлерге бай Жаңа Елек ауданын патша өкіметі тартып алған кезде-ақ өз руын бастап көтеріліске шығады.

Патша үкіметі ХІХ ғ. 10-12 жылдары Елек өзенін бойлай Жаңа Елек бекініс шебін құрады. Жаңа Елек бекініс шебі 29 бекіністен тұрды. Қазақтар Орал, Елек, Берден, Құрат өзендері бойындағы жерлердің ең жақсы 7 мың десятинасынан айырылып қалды. Патша үкіметі бұл жерлерге орыс-казактарды қоныстандырды. Ал қазақтар өз жерлерінен ығыстырылды. Осы басып алушылық Жоламан көтерілісіне себеп болды.

Жоламан алғашында қазақтардың құқығын бейбіт жолмен шешуге тырысып, 1822-1823 жж. патша әкімшілігіне бірнеше рет хаттар жазды. Онда Жоламан Елек пен Жайық өзендері аралығындағы жерлерді қазақтарға қайтаруды, онда бекіністер салуды тоқтатуды талап етті. Бірақ,, хаттарға жауап болмады. Сонымен, Жоламан қарулы күрес жолына түсуге мәжбүр болды. Оның отрядтары бекініс қамалдарына, билеуші сұлтандар қоныстана шабуылдар жасады. Жоламанды ұстау үшін патша өкіметі далаға қайта-қайта жазалау отрядтарын жіберіп отырды. Бірақ, ержүрек батыр өз жігіттерімен қуғыннан жеңіл құтылып кетіп, кейде дұшпанға елеулі соққылар да беріп отырды. Жоламан көтерілісінің кең қанат жайған кезі 1835 жыл болды. Осы тұста Жағалыбайлы, Алшын, Жаппас, Арғын, Қыпшақ рулары да күреске шыға бастады . Көтерілістер қозғалысы 1838 жылы да ерекше өрлей түсті. Көтерілісті басу үшін патша үкіметі полковник Мансуров (Орскіден ), Падуров (Орынбордан ) және Геке (Електен) басқарған жазалаушы отрядтар шығарды. Бірақ бұлардың әрекеті сәтсіз аяқталды . Жоламан құтылып кетті. Ол осы кезде күшейе түскен Кенесары көтерілісіне қосылуға асыққан еді.

2. С. Қасымұлы бастаған азаттық көтеріліс.

Жоламан көтерілісімен бір мезетте Орта жүзде Саржан сұлтан Қасымұлы бастаған көтеріліс те етек алды. Саржан көтерілісінің де басты мазмұны – жер үшін, жоғалтқан жайылым үшін күрес болды. Сонымен бірге, оның қозғалысында Жоламан көтерілісіне тән емес себеп те күшті еді. Ол – Абылай хан ұрпақтарының басшылығымен қазақ хандығын қайта өрлету сияқты саяси мақсат . Саржан қозғалысына түрткі болған 1822 ж. “Сібір қазақтары туралы Жарғының” енгізілуі еді. Нәтижесінде хандық билік жойылып, екі жылдан соң 1824 ж. Қарқаралы және Көкшетау приказдары құрылды. Оны құруға жергілікті халық қарсы болып, күреске шықты. Оны Кенесарының ағасы Саржан сұлтан басқарды. Саржан 1824-1836 жылдары қажымай күрес жүргізді. Ол приказдарды жоюды, қазақ даласынан орыс-казак әскерлерін әкетуді және қазақтардың бұрынғы еркіндігін қайтаруды талап етті.

Саржан 1825 ж. және 1826 жылдары Қарқаралы приказына шабуылдар жасады. Саржан көтерілісінің ең күшейген кезі - 1832 жыл болды. Осы жылы ол белсенді белсенді қимылдарымен ерекшеленді. Көтерілісті басу үшін жіберген Потанин отрядымен Саржан сарбаздары арасында 1832 ж. Сұлукөл деген жерде қатты шайқас болды. Алайда, Саржан отряды шегінуге мәжбүр болды.

Осы сәтсіздіктен соң, Саржан патша үкіметіне қарсы бірігіп күресу үшін Ташкент құсбегісімен одақтасты. Бірақ, Саржан мен Ташкент құсбегісінің осы 1832 ж. біріккен әрекеті сәтсіздікке ұшырады. Бірақ осы сәтсіздіктерге қарамастан, Саржан 1833 ж. күресті тоқтатқан жоқ.. 1834 ж. Ташкент құсбегі Саржанмен бірге Ұлытауға келіп, “Қорған” деп аталатын бекініс салып, бекінді. Оған қарсы патша өкіметі генерал-майор Броневский бастаған зеңбіректері бар күшті әскер шығарады. Құсбегі Бетпақдалаға қарай қашты. Қорған Броневскийге берілді.

Осыдан соң, Ташкент құсбегі Ресейге қарсы шыққан жоқ.. Ал Саржан тағы да Қоқан хандығының қолдауына үміттеніп, оңтүстікке келді. Мұнда ол оңтүстік қазақтарды патша отаршылдығына қарсы күреске біріктіруге тырысты. Бірақ хан тұқымы бастаған қазақтар бірігіп күшейіп, өзіне бағынбай қоя ма деп қорыққан құсбегі Саржан мен оның ұлдарын 1836 ж. жазда айуандықпен өлтірді.

Бақылау сұрақтары

1. Саржан Қасымұлы, Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтерілістер қашан болды?

2. Ж. Тіленшіұлы бастаған көтерілістің себептері.

3. Жоламан көтерілісінің сипаты мен қозғаушы күштері.

4. Жоламанның патша әкімшілігіне жазған хаттары және оның нәтижесі.

5. Ж. Тіленшіұлы және ол бастаған азаттық көтерілске қатысқан қазақтар негізінен қай рудан еді?

6. Ж.. Тіленшіұлы бастаған азаттық көтерілістің барысы.

7. Көтерілістің жеңілу себептері және тарихи маңызы.

8. Саржан Қасымұлы көтерілісінің себептері.

9. Саржан көтерілісінің сипаты мен қозғаушы күштері.

10. Саржан көтерілісінің барысы.

11. Саржанның Ташкент құшбегісімен одақтасуы және оның салдары.

12. Саржан көтерілісінің жеңілу себептері және тарихи маңызы.

17 - лекция. Тақырыбы:

К. Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс.
Жоспары:


  1. 1. Көтерілістің себептері, сипаты және қозғаушы күштері.

  2. 2. Көтерілістің барысы.

5. Кенесары хандығының ішкі құрылысы.

6. Қырғызстанға басып кіру. Хан Кененің каза табуы.



Лекция мақсаты: К.Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің себептері, сипаты, қозғаушы күштері, барысы және тарихи маңызы туралы студенттерге түсіндіру.

Лекция мәтіні

1. Көтерілістің себептері, сипаты және қозғаушы күштері.

Қазақ тарихының отаршылдық дәуірінде, қазақ халқының Тәуелсіздік жолындағы күресі бір сәт те тоқтаған емес. Соның бірегейі 1837-1847 жж. Кенесары хан Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрес. Қазақтың үш жүзі де қатысқан, ХІХ ғ. азаттық күрестердің ең ірісі болған бұл көтеріліс – Отан тарихының төрінен орын алатын даңқты оқиға. Ұлы Абылайдың ұрпағы Кенесарының қолға қару алып, атқа мінгендігі ұлы мұраты - Қазақ елінің тәуелсіздігі, оның болашағы еді.

Ресей империясы ХІХ ғ. басында Қазақстанды отарлауды 3 бағытта жүзеге асыра бастады:

1. Гарнизондарды қаптата отырып, тізілте бекіністер салуды жеделдетуден және осы бекіністерге жапсырластыра казактардың тұрақты елді мекендерін орнатудан көрінген әскери тұрғыда орнығып алу бағыты;

2. Ең әдемі округтер мен округтік приказдар құрып, әкімшілік басқару реформаларын жасап, нәтижесінде казактардың саяси құқықтары күрт шектелетін, басқарудың дистанциялық бөліктік жүйесін енгізуден көрінген саяси тұрғыда орнығып алу бағыты;

3. Қазақтардың жерін жаппай басып алудн, салық салуды және әр-түрлі монополияларды (балық аулауға, ағаш кесуге т.б. монополия алу секілді) енгізуден көрінген экономикалық тұрғыда бекініп алу бағыты, яғни экономикалық отарлау.

Ресей үкіметі ХІХ ғ. бірінші жартысында Қазақстанда осы бағытта отарлау шараларының кең көлемде жүргізе білді. Қазақтардың шұрайлы жерлері көптеп тартып алынып, қазақтардың өздері құнарсыз, шөлейтті аймақтарға ығыстырыла берді. Көшіп-қону жүйесі тарылды. Тартып алынған жерлерге қаптатып әскери–бекініс қамалдарын, орыс-казак қоныстарын салды. Осы шұрайлы жерлердегі мықты бекініс, қоныстарға орнығып алған казактар қазақ ауылдарына жиі-жиі шабуылдар тыныштық бермеді, адамдарын өлтіріп, тұтқындап, мал-мүлкін тонап, айдап кетіп отырды.

Қазақ халқы саяси дербестіктен де толық айырылды: 1822-1824 жылдары патша үкіметі хандық басқаруды жойып, қазақ жерін округтерге, дистанцияларға бөлшектеп, әр бөлікте өзіне бағынышты шонжарларды басқартып, оларды өзара қырқыстырып қойды.

Қазақтарға отаршылдық салық жүйесі де өте ауыр тиді: құны 1 сом 50 тиын болып келетін шаңырақ салығы мемлекеттік салық еді. Сонымен бірге шаруалар Ясак деп аталатын заттай салық төледі.

Солтүстіктен Ресей отарласа, оңтүстікті Қоқан, Хиуа хандықтары жаулап алып, олар да аяусыз отарлау саясатын жүргізді. Олар да қазақтарға түрлі салықтар салды, түрлі міндеткерліктер атқартты.

Осылайша қазақ елі солтүстіктен Ресей, оңтүстіктен Қоқан, Хиуа хандықтарының ауыр езгісіне ұшырап, ел болудан, саяси дербестіктен біржолата айырылу қаупі төнді. К. Қасымұлы көтерілісі бүкіл Қазақстанды қамтыды. Ұлы, Орта, Кіші жүздердің негізгі рулары оған белсене қатысты. Сипаты отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық сипатта болды. Басты қозғаушы күші: қарапайым қазақ шаруалары болды. Көтеріліске сондай-ақ орыс, өзбек, қырғыз, түрікмен т.б. ұлт өкілдері қатысты. Кенесары қозғалысына қазақ қоғамының әлеуметтік жоғарғы тобының өкілдері - сұлтандар мен ру шонжарлары да қатысты. Олардың бір бөлігі Кенеге басынан аяғына дейін адал болды. Бұлар негізінен Кенесарының жақын туыстары еді. Олар: Кенесарының інісі Наурызбай батыр, әпкесі –Бопай ханша, туыстары Ержан, Құдайменді, Сейілхан, Ораз, Басалқа т.б. болды.


  1. 2. Көтерілістің барысы.

Саржанның өлімі көтерілісті тоқтатқан жоқ.. Ұзамай 1837 ж. жазында қазақ даласының үлкен бөлігін басқарған аса ірі көтеріліс болды. Бұл көтерілістің басшысы - қозғалысқа бұрын-соңды болып көрмеген ауқым берген Саржанның інісі Кенесары Қасымұлы болды. Кенесары 1802 ж. Көкшетауда дүниеге келген.

1837 ж. көктемде Кенесары Ақмола округіне келді. Сол-ақ екен, амалсыздан іштен тынып жүрген қазақтар Кенесары туы астына топ-топ болып жинала бастады. Көтерілісшілер бекеттерге шабуыл жасап, шенеуніктер мен саудагерлерді тұтқынға ала бастады. Оларға қарсы Чириков бастаған қарулы орыс отряды жіберілді. Бірақ оның отряды көтерілісшілерге төтеп бере алмады. Арада болған шайқаста бірталай адамдары мен қару-жарақтарынан айырылған Чириков кері қайтуға мәжбүр болды. Осы 1837 ж. қарашада Кенесары Ақтау бекінісі казактарына шабуыл жасап, Рытовтың отрядын талқандады.

Кенесарының қол астына басқа округтердің де адамдары ағылып келіп қосыла бастады. 1837-1838 жж. Орта Жүзде орын алған патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы бытыраңқы күрестер біртіндеп бір арнаға түсіп, біртұтас қозғалысқа біріге бастады. Кенесары әскерлері 1838 ж. Ақтау мен Ақмола арасындағы бекетке шабуыл жасап, ондағы Смирновтың отрядын талқандады.

1838 ж. күзінде Кенесары сарбаздары патша жазалаушы әскерлерімен бірнеше рет қарулы күреске түсті. Солардың ішінде айырықша кескілескен айқас аса мықты бекіністерінің бірі - Ақмола үшін болды. Оны аға сұлтан полковник Қоңырқұлжа Құдаймендин әскерлері мен әскер старшина Карбышев басқарған жақсы қаруланған гарнизон қорғайтын. 7 тамыз күні Кене сарбаздары қамалды қоршап, таң сәріде жан-жақтан оқты боратып, шабуылға шықты. Кескілескен соғыспен көтерілісшілер қалаға басып кірді. Ұрыс әрбір үй үшін жүрді. Нәтижесінде Кене жасағы қамалды талқандап басып алды.

Бұдан кейін Кенесары патша үкіметінің бекіністеріне, бекеттеріне, үкіметке қызмет еткен бай шонжарлардың ауылдарына дүркін-дүркін шабуылдар жасап, талқандап отырды. Кенесарының аты, айбыны бүкіл қазақ елінің түпкір-түпкіріне жетіп жатты. Жәбір көрген адамдар көптеп келіп жатты. Әсіресе бекініс салынған Ақтау, Ортау, Ақмола, Көкшетау, Қарқаралы жерлерінде атамекенінен айырылғандар Кенесарының сабына келіп қосылып жатты. 1838 ж. жазы мен күзінде Орта жүз қазақтарының негізгі бөлігі Кене туы астына шоғырланды.

1838 ж. аяғына қарай Кенесары Ырғыз бен Торғай жаққа көшті. Енді Кіші жүз қазақтары көтеріліске қатыса бастады. Көп ұзамай Кенеге Ж..Тіленшіұлы қосылды. Кенесары көшіп келген Кіші жүз жері Орынбор губернаторына қарайтын. Оның губернаторы Перовский еді. Ол Сібір губернаторы Горчаковтай емес, істі бейбіт жолмен шешуге тырысты.

1840 ж. Кенесары мен Перовский уақытша келісімге келді. Ол бойынша Перовский Кенесарыға көмектеспек болса, ал Кенесары шекара шебіне шабуыл жасамауға уәде берді. Бұл тыныштық 1824 ж. дейін созылды. Дегенмен, бұл кезде батыс Сібір отрядтарымен қарулы қықтығыстар тоқтаған жоқ.

3. Кенесары хандығының ішкі құрылысы.

Көшпенді феодалдық мемлекеттік құрылысында жалпы Қазақстандағы хандық биліктен бір қатар өзіндік ерекшеліктері болды. Хандық кеңестің құрамы Кенесарының жақын туыстарынан, би, батыр және сұлтандардан тұрды. Әбілхайыр хан кезіндегі ақсақалдар кеңесінен бір өзгешілігі - биліктің тізгіні Кенесарының өз қолында болды. Хандық кеңеске негізінде азаттық күрестің мақсаттарына терең берілген, ұрыста ерлік немесе димломатикалық қасиеттерін көрсете білген өкілдер кірді. Көшпенді өмір мен жазалаушы күштерлің тұрақты қысымы жағдайында халықты басқару жолға қою қиын еді.

1841 жылы тамыз айында хандық билікті қалпына келтірген Кенесары қазақ қауымында белгілі билер сотын жойып, оның орнына хандық сотты кіргізді. Арнайы топ қаржы мәселесімен айналысты. Сауда керуіндерінен жиналатын баж салығы мен алым-салықты ретке келтіріп отыратын арнайы қызметкерлер тобы болды. Сонымен қатар көтерісшілерді қолдаған ірі феодалдардан алынған мал, дүние мүліктерін бөлу немесе оны басқару ісімен Кенесарының көмекшілері айналысты.

4. Қырғызстанға басып кіру. Хан Кененің каза табуы

Кенесары ауылдарының оңтүстікке қоныс аударуы Қоқан хандығымен қақтығысқа әкелетіні көрініп-ақ тұрды. 1845 жылдың қазан және қараша айларында көтерісшілердің Созақ, Жүлік, Жаңақорған бекіністерін алуы, Кенесары күшінің екінші бөлігінің Түркістан, Ташкентке бет бұруы Қоқан билеушілерінің үйірін ұшырды. Бұхар мен Қоқан хандықтарының көтеріліске қарсы күресу жөніндегі келісімдері Кенесарының жағдайын қиындатты. Балқаш көлі мен Іле бойына бет алған Кенесары әскерін Жетісу бойындағы қазақтардың бәрі бірдей қабылдай алмады.

Қырғыздардың бір бөлігі де Қоқан ханының тепкісінде еді. Алайда Ресей мен Қоқан бектерінің арасында екі жүзді саясат ұстаған беделді қырғыз манаптары Кенесарының Қоқан хандығына қарсы бірігіп күресу жөніндегі ұсынысын жауапсыз қалдырды. Патша үкіметінің өкілдері қырғыздар мен Алатау өңіріндегі қазақтарды бір-біріне айдап салды, олардың арасындағы жер мәселесіндегі, басқа да ескі алауыздықтарды мейлінше өршітті.

Осындай жағдайда 1847 жылдың басында Кенесары қырғыз жеріне басып кірді. Көтерілістің отаршыялдық езгіге қарсы бастапқы сипаты өзгере бастады. Кенесары әскерінің жергілікті халыққа қысымы, жазықсыз қырғыз ауылдарына шабуылдарды оған қарсы өшпенділік туғызды. 1847 жылы қазіргі Тоқмаққа жақын Майтөбе /Кекілік сеңгір/ деген жерде қырғыз манаптарының әскерімен шайқаста Кенесары қолы жеңіліс тапты. Рүстем сұлтан мен Сыпатай бидің ұрыс қарсаңында жауынгерлерімен Кенесарыдан бөлініп кетуі қазақ жасағының жеңілісіне әсер етті.



Бақылау сұрақтары

1. К. Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің алғышарттары.

2. К. Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің себептері, оның ерекшеліктері.

3. К. Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің сипаты.

4. К. Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің қозғаушы күштері.

5. Хан Кене көтерілісіне қатысқан қазақтың үш жүзінің даңқты батырлары.

6. Наурызбай батыр, Бопай ханша.

7. Ақтау бекінісін алу.

8. Кенесарының аса үлкен жеңісі - Ақмола бекінісін тіке шабуылмен басып алуы.

9. К. Қасымұлының Кіші жүзге - Торғай өзенің маңына қоныс аударуы.

10. Торғай облысындағы көтерілістер.

11. Кенесары мен Первскийдің келісімі.

12. Кенесарының Қазақстанның оңтүстік өңірін қоқандықтардан азат етуі.

13. К. Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің ауқымы?

14. Кенесарының әкесі Қасым төре, бауыры Саржан сұлтан т.б, кімдердің қолынан қаза тапты?

15. 1843 ж. шайқастар.

16. 1844 ж. Кенесарының жетістіктері. А. Жантөрин отрядын талқандау.

17. 1845 ж. Долгов пен Гернның елшілігі.

18. Хан Кененің оңтүстікке – Жетісуға қоныс аударуы, оның себептері.

19. Кенесары хандығының мемлекеттік құрылысының ерекшеліктері.

20. Кенесарының сот жүйесіне енгізген реформасы.

21. Кенесарының қырғыз манаптарымен қатынасы.

22. Кенесарының Қырғызстанға басып кіруі. Майтөбедегі шайқас.

23. Хан Кененің және Наурызбайдың қазасы.

24. К. Қасымұлы көтерілісінің жеңілу себептері.

25. К. Қасымұлы көтерілісінің тарихи маңызы.

26. Негізгі бөлігі К.Қасымұлы бастаған қозғалысқа арналған «Қазақстан ХІХғ. 20-40жж.» атты еңбектің авторы кім?
18 - лекция. Тақырыбы:

Қазақ халқының ХІХ ғ. 50 жж. ұлт-азаттық көтерілістері.

Жоспары:


  1. 1. Жанқожа батыр бастаған Сырдария қазақтарының көтерілісі.

  2. 2. Есет батыр бастаған көтеріліс.

  3. 3. Оңтүстік Қазақстан қазақтарының Қоқан хандығының езгісіне қарсы күресі.

Лекция мақсаты: Студенттерге Жанқожа, Есет батырлар бастаған және Оңтүстік Қазақстан қазақтарының Қоқан хандығының езгісіне қарсы күрестерін, олардың себептерін, сипатын, барысын, тарихи маңызын түсіндіру.

Лекция мәтіні

1. Жанқожа батыр бастаған Сырдария қазақтарының көтерілісі.

Ресей империясының экспансиялық ұмтылысының, отарлауының күшеюі, сондай-ақ Хиуа хандығының агрессивтік саясаты Сырдария бойы қазақтарының Жанқожа Нұрмұхаммедұлы басшылығымен күреске шығуының негізгі себебі болды. Шекті руының басшысы Жанқожа батыр халық арасында беделді, әрі мақсаткер батыр ретінде даңққа бөлінді.

Сыр қазақтарына Хиуа хандығының өктемділік орнатуға тырысуы, салық жинау үшін әскери күш жіберіп, тонап отыруы, мұнда өзі бекіністерін салуға Арал өңірі қазақтарын зорлап қатыстыруы халықтың ашу-ызасын тудырды. Жанқожаның бастауымен төменгі Сыр қазақтары 1843 жылы қоқандықтардың Қуаңдария бойындағы бекіністерін талқандады. 1845 жылы көктемде сол бекіністі қалпына келтіруге жіберген хиуалықтардың 2000 қарулы әскерін күл талқан етіп жеңді. Осылайша батыр Сырдарияның төменгі ағысы маңын хиуалықтардан тазартты.

1853 жылы Ресей әскерлері Ақмешітті басып алды. Сырдария әскери шебі құрылды. Жергілікті халықтан алым-салықтар алынып, олар да неше түрлі міндеткерліктер атқартты. Оларға көпірлер салдырды, бөгеттерді жөндетті, жер қаздырды, көлік пен малын ақысыз алды. Бекіністер салу кезінде жақсы өңделген жерлерінен қуып, 3 мың қазақты Сырдың арғы бетіне күштеп көшірді. Олардың орнына орыс-казактарды орналастырды. Осы себептерге байланысты енді Жанқожа батыр 1856-1857 жылдары Ресей отарлауына қарсы азаттық күресті басқарды. 1856 жылдың соңында көтеріліс Қазалы ауданын толық қамтыды. Жанқожаның 1500-дей сарбазы болды. Олар Қазалы фортын қоршап алып, Солдат қыстақ қалашығын талқнадады. 1857 жылы қаңтарда Ақмешіттен Фитингоф басқарған 300 атты казак, 320 жаяу әскер, 3 зеңбірек, 3 ракеталық қондырғысы бар жазалаушы әскерлер шығады. 1857 жылы 9 қаңтарда Арықбалық деген жерде шайқас болды. Қарулы күшті әскерден Жанқожа сарбаздары жеңіліс тапты.



2. Есет батыр бастаған көтеріліс.

Әлеуметтік және ұлттық езгіге, отаршылдыққа қарсы күрес Батыс Қазақстанда да өріс алды. ХІХ ғ. 40 жылдарында-ақ қазақтар Есет батырдың және басқалардың бастауымен орынборлық жазалау отрядына белсеніп қарсы шықты. 1847 жылы 18 шілдеде Есет Ембіде Орынбор жазалаушы әскеріне шабуыл жасады. Есеттің азаттық күресінің күшейген кезі - 1855-1858 жылдар болды. 1855 жылдың жазында үкімет Есетті бағындыру үшін билеуші сұлтан Арслан Жантөринді үлкен отряд беріп аттандырды. Есет оларға күтпеген жерден шабуыл жасап, талқандайды. Бұдан соң патша үкіметі Есетпен күресті күшейтті. Есет батыр 1858 жылдың күзіне дейін көтерілісті тоқтатпады. Одан бұл көтеріліс басылды.



3. Оңтүстік Қазақстан қазақтарының Қоқан хандығының езгісіне қарсы күресі.

ХІХ ғ. орта шеніне Қазақстанда Сырдарияның орта ағысынн Ақмешітке дейінгі және Ташкенттен Жетісуға дейінгі бір бөлігі Қоқан хандығының езгісінде болды. Ол қазақтарды аяусыз қанады, ауыр салықтар салды. Бұл халықтың наразылығы мен қарсылығын туғызды. Шымкент, Түркістан, Арыс, Мерке, Сайрам, Шолаққорған, Жаңақорған аудандарында тұратын қазақтар қолдарына қару алып, Қоқан деспотизіміне қарсы көтерілді. 1858 жылы көктемде көтерілісшілер Әулиеата , Тоқмаш, Шымкент және басқа елді мекендердегі Қоқан гарнизонын қоршап алды. Қоқан-қырғыз халқы тізе қосып күресті. Ташкенттен көмекке жіберілген Қоқан әскерлері кері қуылып соққы беріп, зор шығынға ұшыратты. Көтерілісшілер Созақ, Мерке, Шолаққорған қамалдарын алып, Жаңақорған мен Түркістанды қоршады. Бірақ, еңбекшілердің азаттық күресінен қорыққан жеке қазақ феодалдары Қоқан билеушілерімен ымыраға келіп, 1858 жылы көтерілісті басты. Оңтүстік Қазақстандағы көтерілістің стихиялылығы, қазақ феодалдарының сатқындығы, оның Қоқан хандығынан келісімге келуі көтерілістің жеңуіне себеп болды.



Бақылау сұрақтары

1. Ж. Нұрмұхаммедұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс қашан болды?

2. Есет батыр бастаған азаттық көтеріліс қашан болды?

3. Ж. Нұрмұхамедұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің себептері, оның ерекшеліктері.

4. Жанқожа батыр Қоқандықтардың Қуандария бойындағы бекіністерін қашан талқандады?

5. Торғай бекінісі қашан салынды?

6. Орыс әскерлері Ақмешіт бекінісін қашан басып алды?

7. Ақмешіт бекінісін орыс әскерлері басып алғаннан кейін қалай аталынатын болды?

8. Арықбалық шайқасы қашан болды?

9. ХІХ ғ. 50 жж. Болған көтерілістердің сипаты қандай болды?

10. Жанқожа батыр қай жылы Қуандария бойындағы бекіністерді қалпына келтіруге жіберілген Хиуалықтардың 2000-дай сарбазын күл –талқан етіп жеңді ?

11. Есет батыр бастаған ұлт-азаттық көтерілістің себептері, оның ерекшеліктері.

12. Есет батырдың А. Жантөрин отрядын талқандауы.

13. Жанқожа және Есет батырлар көтерілісінің жеңілу себептері.

14. Оңтүстік Қазақстандағы Қоқан және Хиуа хандықтарының езгісі.

15. Оңтүстік қазақстандықтардың Қоқан және Хиуа хандықтарының езгісіне қарсы көтерілісінің барысы.

16. Оңтүстік Қазақстандағы Қоқан және Хиуа хандықтарының езгісіне қарсы көтерілістің жеңілу себептері.


19 – лекция. Тақырыбы:

Қазақ жерлерін Ресейге қосудың аяқталуы.

Жоспары:

1. Ұлы жүздің Ресейге қосыла бастауы. Верный бекінісінің салынуы.

2. Ресейдің әскери қимылдары. Қазақстанның Ресейге қосылуының аяқталуы.

Лекция мақсаты: Студенттерге Ұлы жүздің Ресейге қосыла бастауы, Верный бекінісінің салынуы және Ресейдің әскери қимылдары мен Қазақстанның Ресейге қосылуының аяқталуы туралы түсіндіру.

Лекция мәтіні

1. Ұлы жүздің Ресейге қосыла бастауы. Верный бекінісінің салынуы.

ХҮІІІ ғ. аяғы – ХІХ ғ. басында Кіші жүз бен Орта жүз аймағының негізгі бөлігінің Ресей құрамына өтуі аяқталғанымен, Оңтүстік Қазақстан аймағы Орта Азия хандықтарының қол астында болды. Жетісудың Іле өзеніне дейінгі бір бөлігі мен Әулиеата, Ақмешітке дейінгі Оңтүстік Қазақстан аймағы Қоқан хандығының, ал Сырдың төменгі ағысы мен Арал маңы Хиуа хандығының қоластында болды. Бұлар қазақ ауылдарына жиі-жиі шапқыншылықтар жасап, ауыр салықтар (харадж, зекет, егін, кеден салығы, т.б.) салып, түрлі міндеткерліктер (қамалдар салу, шөп шабу, отын жинау, егінді күтіп-баптау, т.б.) атқартып, аяусыз қанады. Сондықтан сол кезде қазақ қоғамында екі жол тұрған еді: 1. Қоқан, Хиуаның қол астында қалу; 2. Ресей құрамына өту. Негізінен феодал, үстем тап өкілдері Орта Азия хандықтарымен біріксе, ал олардың езгісін көріп отырған қарапайым еңбекші халықтың көбі Ресей билігіне өткенді дұрыс көрді.

1817 жылы сұлтан Сүйік Абылайханов басқарған жалайыр руының 66 мың адамы қоныстанған аймақ Ресейге қарады. Ал 1825 жылы Жетісудың 50 мың адамдық үйсін болысы Ресейге қарады. ХіХ ғ. ортасына таман енді Ресейге кірмеген тек Қоқан иелігіндегі Ташкенттен Шуға, Сырдың орта ағысынан Ақмешітке дейінгі жерлер қалды. ХІХ ғ. ортасына таман Ресей империясы енді Қазақстанның оңтүстік бөлігіне бекініс шептерін салуға кірісті. 1847 жылы Алатау, Қапал бекіністері, 1855 жылы Сергиополь (Аягөз), Лепсі бекіністері салынды. 1848 жылы 10 қаңтарда Ұлы жүзді басқару үшін Ресейлік пристав тағайындалды. Оның резиденциясы Қапалда болды. 1851 жылы 7 шілдеде подполковник Карбышев бастаған орыс әскерлері қоқандықтардың бекінісі Таушүбекті басып алды. Таушүбекті алуда оны Тайнеке би Досетұлы бастаған қазақ жігіттері қолдады.

Ал, Сыр бойында 1847 жылы Райым, 1848 жылы Қазалы фортын салған Ресей, 1853 жылы Ақмешітті басып алды. Сөйтіп Сырдария әскери шебін құрды. Осымен бір мезгілде Жетісуда майор Перемышельскийдің отряды 1853 жылы Іле бекетін тұрғызса, ал 1854 жылы ежелгі Алматы қаласының орнына Верный бекінісін салды. 1855 жылы Қапалдағы Ұлы жүз резиденциясы Верныйға ауыстырылды. Бүкіл Жетісудың орталығына айналған Верный тез өсе бастады. Оған Ресейдің орталық губернияларынан қоныс аударушылар көптеп келіп жатты. Верный бекінісінің салынуы ХІХ ғ. 50 жылдары Қазақ елінің оңтүстік аудандары мен Қырғыз жерінің Ресейге қосылуын тездетті.



2. Ресейдің әскери қимылдары. Қазақстанның Ресейге қосылуының аяқталуы.

1859 жылы Ұлы жүзде тұрғызылған Қастек бекінісі Ресейдің әскери тірегі саналып, Қоқанның шабуылына тосқауыл болды. 1860 жылы осы бекіністен полковник Циммерман бастаған орыс әскерлері шабуылға шықты. Оның әскерлері осы жылы 22 тамызда Тоқмақты, ал 4 қыркүйекте 5 күндік қоршаудан кейін Қоқанның Жетісудағы басты тірегі –Пішпекті басып алды. Жеңілгеніне қарамастан Қоқан ханы Верныйға қарай 22 мыңдық әскер жіберді. 1860 жылы 19-21 қазан күндері Ұзынағаш деген жерде Алатау округінің билеушісі Г.А. Колпаковский бастаған орыс әскерлері мен қоқандықтар арасында үш күндік шайқас болды. Кенесарының ұлы Сыздық сұлтан бастаған қазақтар Қоқан жағында Ресейге қарсы шықса, ал өзге қазақтардың дені орыстар жағында қоқандықтарға қарсы табандылықпен соғысты. Нәтижесінде қоқандықтар талқандалды. Қоқандықтар – 400, ал орыстар бар болғаны – 2 адамынан айырылды. Бұл шайқас Жетісудың Қоқан озбырлығынан түбегейлі құтылуына зор ықпал етті. 1863 жылы Ресей құрамына 4 мың шаңырақ қоңырат , 5 мың шаңырақ Ұлы жүздің бестаңбалы рулары кірді.

1864 жылы көктемінен бастап Ресей империясы әскери қимылын күшейтті. Верныйдан полковник Черняев бастаған, ал Ақмешіттен подполковник Веревкин басқарған орыс әскерлері шабуылға шықты. Черняевтың әскерлері Мерке, Әулиеата, Созақ, Шымкентті, ал Веревкин Жаңақорған мен Түркістанды басып алды. Түркістанды алуда орыс әскерлері тіпті варварлық әрекеттерге барды: түркі халықтары үшін қасиетті, “Екінші Мекке ” атанған Қожа Ахмет Ясауи кесенесін он бір жерінен атқылады. 1865 жылы 17 маусымда орыс әскерлері бүкіл Орта Азияның орталығы – Ташкент қаласын үш күндік көше ұрыстарынан кейін басып алды. 1866 жылы көктемде орыс әскерлері Бұхар әмірлігінің жеріне кірді. Оны бірнеше шайқастарда жеңіп, 1867 жылы Түркістан генерал-губернаторлығының құрамына қосып алды. 1868 жылы Қоқан хандығы, ал 1873 жылы Хиуа хандығы да Ресей империясы құрамына қосылып алынды. Сонымен, Қазақстанның Ресейге қосылу процесі ХҮІІІ ғ. 30 жж. Бастап ХІХ ғ. 60 жж. Екінші жартысына дейін 1,5 ғасырға жуық уақытқа созылды.
Бақылау сұрақтары

1. ХҮІІІ ғ. аяғы – ХІХ ғ. басындағы қазақ елінің саяси жағдайы.

2. Оңтүстік Қазақстандағы Қоқан хандығының езгісі.

3. Оңтүстік Қазақстандағы Қоқан хандығының езгісі.

4. ХІХ ғ. ортасындағы қазақ қоғамындағы саяси бағыттар.

5. Сұлтан Сүйік Абылайханов бастаған жалайыр руының Ресей құрамына өтуі.

6. Үйсін болысының Ресейге қосылуы.

7. Алатау, Қапал, Сергиополь (Аягөз), Лепсі бекіністері салынуы.

8. Орыс әскерлерінің Таушүбек бекінісін басып алуы.

9. Орыс әскерлерінің Ақмешіт бекінісін басып алуы.

10. Сырдария әскери шебінің құрылуы.

11. Верный бекінісінің маңызы және оның маңызы.

12. Қастек бекінісінің маңызы.

13. Орыс әскерлерінің Тоқмақ және Пішпек бекінісін басып алуы.

14. Ұзынағаш және оның маңызы.

15. Ресей әскерлерінің 1864 жылғы әскери қимылдары. Оңтүстік түгелдей Ресей билігіне өтуі.

16. Ресейдің Бұхар, Қоқан және Хиуа хандықтарын жаулап алуы.

.

20 - лекция. Тақырыбы:



ХІХ ғ. 2 жартысындағы Қазақстандағы әкімшілік-саяси реформалар.

Жоспары:

1. 1867-1868 жж. реформа және оның отаршылдық мәні.

2. 1886-1891 жж. реформадағы ерекшеліктер.

Лекция мақсаты: Патшалық Ресейдің Қазақстандағы ХІХ ғ. 2 жартысында жүргізген әкімшілік-саяси реформалары (1867-1868 жж. және 1886-1891 жж. реформа) және оның отаршылдық мәнін, реформадағы ерекшеліктерді студенттерге түсіндіру.

Лекция мәтіні

1. 1867-1868 жж. реформа және оның отаршылдық мәні.

Ресейде капиталистік құқық жойылғаннан кейін капиталистік өнеркәсіптің тез дамуы Қазақстанның өнім өткізетін аса бай рынок және арзан шикізат көзі ретіндегі ролін күшейте түсті. Жаңадан қосылған өлкенің байлығын игеру үшін оны саяси жағынан патша әкімшілігіне толық бағындыру қажет болды. Ол үшін Қазақ даласында тікелей Ресейге қарайтын бірыңғай басқару жүйесін енгізу қажет еді. Осы мақсатта патша үкіметі ХІХ ғ. 60 жж. басында арнаулы комиссия құрды. Комиссия қазақ даласын Батыс және Шығыс облыстарға бөлуді ұсынды. Бірақ бұл ұсыныс қабылданбады. 1865 ж. ІІ Александрдың бұйрығымен қазақ даласын басқару туралы Ережесінің жобасын әзірлеу үшін “Дала комиссиясы” деген құрылып, ол қазақ даласына зерттеу жүргізді.

Нәтижесінде 1867 ж. 11 шілдеде “Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы Ереже”, ал 1868 ж. 21 қазанда “Орынбор және Батыс Сібір губернаторлықтарының далалық облыстарын басқару туралы Ереже” қабылданды.

Реформа бойынша бүкіл Қазақ жері 3 генерал-губернаторлыққа бөлінді:

1. Түркістан генерал-губернаторлығы. Орталығы – Ташкент қаласы

2. Орынбор генерал-губернаторлығы. Орталығы – Орынбор қаласы

3. Батыс Сібір генерал-губернаторлығы. Орталығы – Омбы қаласы.

Бүкіл әскери және азаматтық өкімет билігі түгелдей генерал-губернатордың қолын шоғырланды. Ал, Түркістан генерал-губернаторына тіпті, Иранмен және Қытаймен де дипломатиялық қатынастар жасауға құқық берілді.

Әрбір генерал-губернаторлық облыстардан құралды. Орынбор генерал-губернаторлығына Орал және Торғай облыстары, Батыс Сібір генерал-губернаторлығына Ақмола және Семей облыстары, Түркістан генерал-губернаторлығына Сырдария және Жетісу облыстары кірді. Бұрынғы Бөкей хандығының жері 1872 ж. Астрахань губерниясына қосылды, ал Маңғыстау өлкесі 1870 ж. Кавказ әскери округінің қарауына , кейін ұзамай Закаспий облысына енгізілді.

Облыстарды әскери және азаматтық өкімет билігі түгелдей қолына берілген әскери губернаторлар басқарды. Әскери губернаторлар жанында іс жүргізумен айналысатын облыстық басқармалар ұйымдастырылды. Ол үш бөлімнен тұрды: 1.Шаруашылық; 2.Сот; 3. Жарлықты іске асыру .

Облыстар уездерге бөлінді: Жетісу облысына – Сергиополь, Қапал, Верный, Ыстықкөл, Тоқмақ , Жаркент уездері кірді.

Сырдария облысына – Қазалы, Перовск, Түркістан, Шымкент, Әулиеата, Ташкент, Ходжент, Жыззақ уездері кірді.

Орал облысына – Орал, Гурьев, Калмыков, Ембі (Темір) уездері кірді.

Торғай облысына – Елек (Ақтөбе), Николаевск (Қостанай), Ырғыз және Торғай уездері кірді.

Ақмола облысына – Ақмола, Көкшетау, Омбы және Петропавл уездері кірді. (кейіннен 1869 ж. Сарысу уезі кірді.)

Семей облысына – Көкпекті, Зайсан, Баянауыл, Қарқаралы уездері кірді. (Кейіннен Өскемен уезі қосылды) .

Уездерді офицерлерен тағайындалатын – уездік бастықтар басқарды. Уезд бастығының екі – аға және кіші көмекшісі болды. Кіші көмекші жергілікті шонжар таптың өкілдерінен алынды. Уездегі билік азаматтық билік те, әскери билік те уезд бастығының қолында болды.

Уездер рулық емес, территориялық принцп бойынша құрылған болыстарға бөлінді. Болыстар шамамен 2000 (кейде 3000) шаңырақтан тұрды. Болысты болыс басқарушылары басқарды. Ол әр үш жыл сайын сайланып отырды. Болыс болу үшін шонжарлар арасында пара беру, сый-құрмет көрсету, жоғарыға жағымпаздану, қорқытып-үркіту т.б. келеңсіз құбылыстар етек алды.

Болыстар шамамен 100-200 шаңырақтан құралған ауылдарға бөлінді. Ауылды ауыл ағамандары басқарды. Олар да үш жылға сайланды.

Реформа бойынша Қазақстандағы сот ісі бірнеше сатыдан тұрды. Бұрынғы дәстүрлі шариғат негізіндегі билер соты мен қазылар соты сақталды. Бірақ олар тек ауылдар деңгейінде ғана қолданылды. Ресейдің империялық әскери және уездік соттары құрылып, олар жалпы империялық заңдар негізінде жұмыс істеді және олар мемлекетке опасыздық, үкіметке қарсылық, мемлекет мүлкіне қол сұғушылық, қызмет адамын өлтіру т.б. негізгі ірі қылмыстық істерді қарады.

Реформа бойынша әрбір шаңыраққа Түркістан генерал-губернаторлығында жылына 2 сом 75 тиын, ал Орынбор мен Батыс Сібір генерал-губернаторлығында 3 сом болып белгіленген түтін салығы салынды.

1867-1868 жж. реформа патша үкіметінің Қазақстанды отарлауын, отарлық басқаруымен нығайтты. Реформаның ең ауыр салдары – Ресей империясының Қазақстан жерін өзінің мемлекеттік меншігі етіп жариялауы болды. Әуімшілік–территориялық бөлініс арқылы қазақ халқының ғасырлар бойғы дәстүрлі көшіп–қону, жер пайдалану жүйесі бұзылды.



2. 1886-1891 жж. реформадағы ерекшеліктер.

1886 ж. 2 маусымда “Түркістан өлкесін басқару туралы Ереже”, ал 1891 ж. 25 наурызда “Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы Ереже ” қабылданды. Бұл ережелер бойынша Қазақстан жері бұрынғыдай 3 емес, 2 генерал –губернаторлықтан тұрды.

1. Түркістан генерал–губернаторлығы. Орталығы – Ташкент. Оған Ферғана, Самарқан, Сырдария облыстары кірді.

2. Дала генерал–губернаторлығы. Орталы – Омбы қаласы. Оған Ақмола, Семей, Жетісу (1897 ж. қайтадан Түркістан губерниясына қарады), Орал, Торғай облыстары кірді. Облыстардың уездерге бөлінісі бұрынығысынша сақталды. Енді генерал–губернаторлардың құзіреті бұрынғысынан да күшейтіліп, оларға шексіз билік берілді. Облыс орталықтарында полицейлік басқармалар құрылып, полицейлік бақылау күшейтілді.

Шаңырақ салығы 4 сомға дейін өсті, ал жалпы салықтар мен міндеткерліктер үй басына жылына 10 сомға дейін жетті. Бүкіл жер мемлекетінің меншігіне жатты. Сот құрылысы 1867-1868 жж. Ереже бойынша қалдырды. Тек бұрынғы төменгі сот буыны билер соты мен қазылар сотының орнына “халық соттары” деген құрылды. Ол да бұрынғысынша ең төменгі сот буыны болып қала берді. Жергілікті халық соттарына нұқсан келтіріп, империялық соттарды одан әрі күшейту заң жүзінде бекітілді.

Қысқасы , бұл 1886-1891 жж. реформа да Қазақ жерін елін отарлауға өз “үлесін” қосты.


Бақылау сұрақтары

1. «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы ереже» қашан қабылданды?

2. 1867-1868 жж. реформа бойынша бүкіл қазақ жері неше облысқа бөлінді?

3. 1867-1868 жж. реформа бойынша бүкіл қазақ жері неше генерал-губернаторлыққа бөлінді?

4. Түркістан генерал-губернаторлығына қандай облыстар кірді ?

5. Батыс Сібір губернаторлығына қандай облыстар кірді ?




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет