Көпіршік қырушы
Бір таңғаларлығы, жұмыстың қиыны бұл емес, басқа болып шықты. Қорғасыннан кейін мен мырыш өндірісіне түстім. Аталмыш жұмыс орным менің еңбек кітапшамда: «6-шы разрядты көпіршік қырушы», деп көрсетілген. Көпіршікті қырып тұратын адам — жақсы адам емес екендігі әу бастан белгілі. Ал шындығына келер болсақ, бұл жауапкершілігі өте зор әрі аса қиын мамандық болып табылады.
Лондон түсті металлдар биржасының барлық стандарттары бойынша қорытылған дайын мырыш графит шөміштерден автоматты түрде қалыптарға құйылады. Қалыптар (олардын саны жүзден астам) үлкен айналып тұратын шеңберді жағалай орналастырылған. Шөміштің жанынан айналып өткен сайын олардың әрқайсысы еріген мырышқа толып, қатып, жинаушының жанына келіп үлгереді. Ол автоматты түрде алтауын алып, штабельге жинап тұрады. Автокарлар штабельді вагондарға тиейді, вагон біп-бірдей қалыптан шыққан мырыш құймаларына лық толады. Мырыш құймасының дүниежүзілік стандарты — 15 келі. Одан әрі арнайы өңдеуден өткізіледі. Бұл жұмыстың автоматтандырылған өте күрделі жерін біз жасап шығарғанымызды айта кеткен жөн.
Алайда, қанша автоматтандырылған десек те, қолмен атқаруға тура келетін жұмыстардан толық құтқара алмайды. Олай дейтінім, аса таза мырыштың бетінде балшыққа ұқсайтын көпіршік пайда болады. Шындығында, бұл ешқандай балшық емес, керісінше аса зор байлық. Аталған көпіршік кез келген құймадан әлдеқайда бағалы, себебі оның құрамы алтын мен күміске толы. Біз қолымызға екі күрек аламыз, күректерді ақ балшыққа малып, көпіршікті қырып алып, арнайы бункерге лақтыруымыз керек. Көпіршікті қырып алатын арнайы автомат істеп көріп едік, дұрыс болмай шықты. Бәрібір адам қолымен жасағанға жетпейді екен: қырып алып бункерге лақтырасың, қырып алып бункерге лақтырасың.
Көпіршік қыратындардың қатарына қосылғаннан кейін мен «Ой, бәле! Жалақысы қорғасын еріткіштерден көп!» деп қиялға берілдім. Бұл жерде жалақының көп болатын себебі, біз алатын өнімнің өзі қымбат тұрады. Жұмыс та анау айтқандай қиын емес. Үсті-басыңа шоқ шашырамайды. Жылы жер. Алты сағат күрек ұстайсың, есесіне қорғасын қорытушылар сияқты қауырт емес. Емін-еркін жүресің, ойлануға да уақыт жеткілікті. Жұмыс істеп жүріп қаншама өлең шығарып тастауға болады! Бір жаман жері, айналып тұрған шеңберді тоқтатып қоя алмайсың, үздіксіз қимыл үстінде болу керек, демалуға мұрша жоқ: қырып аласың да бункерге лақтырасың, қырып алып — лақтырасың. (Түптеп келгенде, сәл дамылдау үшін шеңберді тоқтатуға болар еді. Бірақ, тоқтатқаннан кейін оны қайта айналдыру қиынға түседі, тетіктері өте күрделі). Сол үшін алатын еңбекақымыз — айына 300 рубль. Әжептәуір мол ақша. 18 жасар бозбала болсам да, сол кездегі шенеуніктерден көп ақша тауып жүрмін.
Менің қуанышым үш немесе төрт-ақ кезекке созылды. Содан кейін жағдайдың қиын екендігін сезе бастадым. Конвейерлік жүйені ойлап тапқан африкалықтардың ішін кептірдім: олар өнім өндірудің барынша тиімді жолын ойлап тапқаны анық, ал осы өндірістің басы-қасында жүрген адамдарды барып тұрған топасқа айналдырған тәрізді. Себебі, конвейердің басында тұрғанда жұмыстан басқа нәрсені ойлауға мүмкіндігің де, уақытың да жоқ — бар білетінің айналып тұрған шеңбердің жылдамдығынан қалыспай, көпіршікті қырып алуға үлгеру. Сенің адам ретіндегі барлық мүмкіндігің мен қабілетің бір-ақ нәрсеге бағытталады: құйманы бос өткізіп алмау, процестің тоқтап қалмауы. Қабылдайтын жерде маркировщик отырады, оның міндеті тауар штабеліне қатып қалған көпіршігі бар құйманың өтіп кетпеуі. Өтіп кетсе біттім дей бер, жалақыңның біраз бөлігінен қағыласың.
Мен енді түтінге қақталып, лаулаған от пен жаңбырдай жауған шоқтың, қып-қызыл болып балқыған металдың ортасында жүрген жерім — қорғасын цехын сағынышпен еске ала бастадым. Көңілді жабырқататын бір шындыққа көз жеткіздім: қай жерде болса да, мол ақшаны тегіннен-тегін ешкім төлемейді екен. Қорғасын жаңбырының астында жүргеніміз үшін 250 рубль төлейтін, ал қазір күрек сілтеп тұрғаныма 300 рубль береді. Мен ата-анама Мәскеу мен Киевтің кәмпиттері, апельсин (Астраханьда бұл сирек кездесетін керемет сыйлық болып саналады), посылка, азын-аулақ ақша жіберетін болдым. Олар таңғалып: «Саған шынымен де осынша ақша төлей ме?» деп сұрайды. Мен: «Инженер болып алсам, бұдан да көп ақша табамын», - деймін. Әрине, мұным өтірік. Инженердің жалақысы біздікінен аз.
Жұмыскерлердің ортасында жақсы ахуал қалыптасқан. Алғашқы еңбекақымызды алысымен, бір кезекте істейтін жігіттер бәріміз жиналып, «Ертіс» мейрамханасына тартамыз. Арамызда баяғыда өзім дәу балғамен соғып, мертіктіріп тастай жаздаған серігім де бар. Мейрамхана Кеңес үкіметінің тұсында салынған, бірақ ескі Алтай көпестерінің стилі сақталған. Ернеуіне алтын жалатылған айнасы, пальмалары бар. Жұмыс тобымызбен бір үлкен столдың басына барып отырдық. Арамыздағы ересегіміз даяшыларға «Жігіттер бүгін емін-еркін қыдырады. Бүгін бірінші рет қыдыруға шығып отыр» деп ескертіп қойған.
Шынын айту керек, мейрамханаға бару біз сияқты жиырмаға жасы жетпеген бозбалалар үшін ерекше оқиға. Бұған дейін асханадан басқа жер көрген емеспіз. Ал қазір алдымызға бұрын-соңды көрмеген тағамдар мен шарап қойылған. Тәжірибелі металлургтер біздің атымызға көптеген жылы лебіздерін ақтарды.
Осы мейрамханада отырудың өзіндік жақсы жақтары болды. Мұнда жұмыскерлер жиі келмейді, бірақ қандай да бір игі оқиғаны міндетті түрде атап өтеміз. Алғашқы еңбекақы немесе туған күн сияқты ерекше күндері жалақыңның жартысын осында қалдырып кеткенде тұрған ештеңе жоқ. Бір айта кетерлігі, осы дастарханды профоргтар ұйымдастыратын.
Хрущев кезеңінде шыққан жарлық бойынша біздер зауытта тер төгіп жүрген уақытта ұстаздарымыз Алматыдан осында өздері келіп, емтихан қабылдап кететін. Осы ұстаздардың бірі, физик ғалым шәкіртінен пара алмақшы болыпты. «Ақша берсең — бағаң қойылады» деген ғой. Ол жігіт еңбекқор әрі білімі де бар сауатты жігіт болатын, бірақ сәл кібіртіктейтін мінезі бар. Өндіріс басында мықтылығын көрсете білсе де, кітаптағы оқығандарын жеткізуге келгенде қиналатын. Біздер үшін ұстаздар пара алады деген ойдың өзі сұмдық болып көрінді. Ондайға кешіріммен қарай алмадық. Әлгіні кешқұрым қолға түсіріп, аямай соққыға жықтық. Жұмысшылар табын басынбауы үшін солай жасадық. Бір айта кетерлігі, аталмыш физик жігіт біз ойлағандай жаман адам болмай шықты. Бірақ оны кейінірек түсіндік.
Журналистиканың қыр-сыры
Металлург ретіндегі тыныс-тіршілігім бір қалыпты өтіп жатқан еді, бірақ күндердің күнінде менің өміріме түбегейлі бетбұрыс жасаған оқиға орын алды. Біз жұмыс жатақханасында тұратынбыз. Аулада телестудия бар. Телестудияға мәскеуліктерге кеңінен танымал журналист басшылық жасайды. Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің талай студенттері ол кісіге тәжірибеден өтуге келетін.
1962 жылы екінші ғарышкер Герман Титов мінген ғарыш кемесі ұшырылды. Осы оқиғаға байланысты мен жыр жазған едім. «Неге осы өлең жолдарын телестудияға апарып, эфирден оқымасқа?!» деген шешімге келдім. Жұмыс киімімді ауыстырмаған қалпымда телестудияға бардым.
— Иә, өлең шығардым деймісің? Кәне, көрсетші!
Ол кезде редакторлық қызметті Люба Маркова атқарады, кейінірек ол газетке ауысты. Оған менің өлеңім іздегенге сұрағандай әсер етсе керек.
— Эфирден беруге жарап-ақ тұр. Біз болсақ: осы оқиғаға байланысты не берсек екен деп басымызды қатырып отыр едік. Қалалық комитет: «Насихаттаңдар» дейді. Осыдан артық қандай насихат керек. Жіберейік эфирге. Өзің оқисың.
Мен дер уақытында келген екенмін. Кейін маған телестудиядағылар арнайы тапсырмалар бере бастады. Институттағы топ туралы, олардың өмірі, металлургиялық зауыттағы жұмыс турасында «Бір бөлмедегі төртеу» деген арнайы репортаж жасадым. Төртеуі төрт түрлі аймақтан. Біреуі ауылдан, енді бірі Ақтөбеден, өзім Астраханнан келгенмін. Ешқаймысыздың мұрнымызға бұған дейін металл иісі бармаған, бірақ төртеуміздің де металлург болсақ деген құлшынысымыз орасан. Репортаж өте көңілді, қызықты шықты.
Осы оқиғадан кейін мені ең алғашқы қызметтік іс-сапарға баруға дайындал деп шешті. Белуха тауының байрауындағы бір ауданда Рахманов бастауы атты курорттық жер бар. Ыстық минералды суы мен балшығы жанға дәру, емге шипа. Ол кезде курорттық жерге әлі жол салына қоймаған. Көк Берел мен Қызыл Берел деп аталатын өзендердің тоғысатын тұсында орналасқан шағын ауылдан бастап таудың баурайына дейін бес шақырымға жуық жерді жаяу өрлеу керек.
1962 жылдың мамыр айы. Жолшыбай ұшаққа мінгенмін. Жергілікті басшылық өкілдерінің бірі осы ұшақпен аң аулауға шықса керек, сәті түсіп соған іліккенмін.
— Төменге кейінірек өз күшіңмен түсесің. Ал Берелден әрі қарай автобус жүреді,— деді олар. Ұшақтан түсіп, табаным жерге түскен сәтте суреттеуге тіл жетпейтін ғажап табиғаттың ортасына топ ете түскенімді аңғардым: Жап-жасыл түске боялған тау баурайы; ыстық бұлақтардан шудаланып ұшқан бу; төңіректе сап-сары гүлдер жайқалып тұр; Төменде түсі қап-қара болып көрінетін көл жатыр.
Қырқаның бүйірін тесіп атқылап жатқан бұлақтардың үстіңгі жағында ернеуі ағашпен шегенделген құдықтар көрініп тұр. Әрқайсының жанында шаштарын жайып жіберген жалаңаш әйел мүсіндері көзге шалынады. Осы бұлақтардың суы әйелдердің дертіне мың да бір дауа деседі. Құдықтардың саны шамамен он бес шақты болу керек. Екі-үшеуінің жанында ер адамдардың қараңдап жүргені байқалады. Урологиядан, белсіздіктен емделуде.
Әрине, провинциялық телевидениеде арқалап кете беретін камера ол кезде қайдан болсын, менің қолымда бар жалғыз құралым фотоаппарат қана. Көргендерімнің бәрін сырт-сырт еткізіп түсіріп алдым. Сонымен, салт атқа мініп, төменге тарттым. Осында келгендегі ең басты міндетім — «Рахманов бастауы туралы репортаж» жасау еді, соны орындадым. Алайда, Берелде жергілікті ақындар айтысының жеңімпазы мекендейді екен. Өзі жергілікті дүкендердің бірінде қарапайым сатушы болып істейді. Телевидениеде маған сәті түссе осы ақынның өмір жолы туралы да репортаж жасай келуді тапсырған. Оның отбасы, тұрмыс салты, өнері туралы білу жұртшылықтың қызығушылығын оятары сөзсіз еді.
Осы ақынның үйіне ат басын тіредім.
— Сіздің шабытыңызға дем беретін қандай күш?— деп сұрадым ол кісіден.
— Менің шабытым күн көкжиекке сіңіп бара жатқан уақытта келеді,— дейді ол. —Ең жақсы өлеңдерім осы уақытта туады. Басқа кезде өлең шығару қиын.
— Жақсы. Олай болса кеш түсуін күтейік. Кешқұрым барлығын кеңінен әңгімелеп берерсің.
— Айтатын несі бар?! Шабытым келгенде жыр өзінен өзі төгіле береді емес пе? Сен туралы да өлең шығарамын.
Сонымен, күн көкжиекке еңкейді. Керемет әдемі уақыт, өмірімде мұндай сұлу табиғат көрінісін көрген емеспін. Ақынның үйі биік төбе басындағы Берел ауылының шет жағында орналасқан. Төбені айналып ағатын екі бірдей тау өзені осы ауылдың тұсында бір арнаға қосылады. Күндіз жап-жасыл бояуға малынған баурай күн батып бара жатқан сәтте жалқын қызыл түске енген. Музыкант малдас құрып отырды, жәшік толы вискиді ашты. Ол кезде бәріміз портвейн ішетінбіз. Біздер, металлургтер ақшаны жақсы табамыз, жалақы көлемі бойынша журналистердің өзі бізге ілесе алмайды. Шыны керек, осы еңбекақы үшін аянбай тер төгуге тура келетін.
Сонымен, қасымызда жәшік толы виски тұр. Тұтас бір жәшік. Ол Берелге қалай келгенін кім білсін?! Оның үстіне қаптамасы да бар. Хитроу әуежайынан ұшақпен жіберіліп, осы ауылдың үстіне топ ете қалған сияқты.
— Қандай шарап екенін білмеймін, әйтеуір өте күшті.
— Меніңше, бұл виски болу керек.
— Дәмі самогонға қатты ұқсайды. Бірақ ішуге болады.
— Бұл сенің қолыңа қайдан түскен?
— Жуырда осында бір мәскеулік қонақ келген. Менің үйімдегі маралдың мүйізін көріп, қатты қызықты. «Сен мүйізді маған бер, орнына мынадай шөлмектердің екі жәшігін қалдырайын» дейді. Өзі өте күшті шарап екен. Біздікілердің көбісі көтере алмайды. Мен біршама үйреніп қалдым.
Ол мені вискимен сыйлай отырып, жыр тиегін ағытты. Жамбыл ақыннан бір ерекшелігі, саясатты сөз еткен жоқ. Жарқын өмір туралы сыр шертті...
Алматыда бір жарым жыл тәжірибеден өткеннен кейін мен пісіп-жетілген телевизия қызметкері ретінде республикалық телевидениеге — жастар редакциясына бардым. Өскеменде атқарған жұмысымның арқасында бұл жақта мені жақсы танитын. Мен жасаған репортаждар Коля Чирковтың, Надя Белканованың қолына түсіпті, тіпті оны олар айрықша атап өтіпті.
Кейін Надя Белканова Мәскеуде, Останкиноның 12-ші қабатындағы жастар редакциясында жұмыс істеді. Балалар редакциясындағы «16 жасқа дейін және одан ересектерге» деп аталатын бағдарламаны жасаған сол кісі. 1993 жылы мен «Мир» телеарнасының қызметкерлерін жаңадан жасақтай бастаған кезде ең бірінші болып ұсынысын жасаған адамдарымның қатарында ол да болды.
Ал Коля Чирков Кемерововаға кетіп қалды. Қазір Аман Төлеевтің оң қолы. Коляның ұлы Валера — Кемерово облыстық телекомпаниясының төрағасы. Жас та болса батыл, әділеттің туын жықпай келе жатқан жігіт. Қандай басшылықтың алдында да бас иіуді білмейді.
— Рұқсат етсеңіз, мен өз ойымды білдірейін. Менің ойымша, сіздікінен басқа шешім қабылдағанымыз дұрыс,— деп өзіндік ой-пікірін айтудан тайсалмайды. Сыпайы түрде нық жеткізеді.
Кеңес кезіндегі телевидение өзіндік заңдылығы бойынша әр жердегі ошақтарын қалыптастырды. 50-60 жылдары бойында күш-жігері қайнаған қыз-жігіттер тың соқпақ салып, жаңа бағдарламалар ашудан жасқанбады. Телестудиялар жоғарыдағы басшылықтардың кабинетінен шығатын жарлықтар бойынша құрылмайтын. Әрине, Мәскеуден қандай да бір қолдаулар, нұсқаулар болғандығы түсінікті. Бірақ ең бастысы жергілікті телевидениелерді өз қолдарымен қалыптастырған жандардың қолында еді. Мәселен, бүгінде кеңінен танымал ақын қыз, владикавказдық Ада Томаеваның осетин телевидениесінің жүргізушісі ретінде атағы шықты. Ол кезде Мәскеудің трансляциясы аймақтарға әлі жете қоймаған еді. Ал Коля Чирков Томск университеті зертханасының табалдырығынан аттап шығысымен-ақ өзінің тағдырын жергілікті телевидениемен біржола байланыстырды. Бүкіл Кеңес Одағына таралатын ортақ телевидениенің қалыптасуына дейін әлі талай жылдар бар, ал олар болса өздерінің күш-жігерлерін сарп етіп, тәуекелі мол жұмыстарға бел шешіп кірісті.
Телевизиялық ошақтардың жаңа қалыптаса бастаған, тоталитарлық пирамиданың әлі толық бой көтермеген осы кезеңі әлі күнге дейін телевизиялық өнер тарихында қамтылған жоқ. Ең алғашқы телевизиялық ошақтардың тыныс-тіршілігі қалай өрбіді? Әрбір қалалар мен облыстардағы телевизиялардың тағдыры, олардың бір-бірімен ұқсастықтары мен ерекшеліктері қандай еді?
Менің көз алдымда қазақ телевизиясы қалыптасты. Оның ең алғашқы ошақтары 1958 жылы Алматы мен Өскеменде бой көтерді. Біз ол шақта телевизия дегеннің не екенін де әлі толық түсінбейтінбіз. Онда жұмыс істеп, қазанында қайнағаннан кейін ғана телевизия деген құдіреттің табиғатына бойлай бастадық. Ат шаптырым студиялар мен дүңкиген дәу әрі ебедейсіз камераларды көрдік. Бірақ біздер, яғни телевидениенің неандерталь буынының өкілдері бұл іске асқан қызығушылықпен кірістік, телевидениені хас өнердің бір түрі деп санадық. Жан-жағымызда музыкалық театрлар, кино, әдебиет өнері өрге басып жатқанын көріп жүрсек те, осы саланы таңдадық, барлық ықыласымызды осыған арнадық.
Телевидениеге ең алғашында аса мықты адамдар келді деуге болмайды, көбіне көп басқа өнер саласында жолы болмағандар, яғни, жаза алмайтын жазушылар, актерлер, режиссерлер келетін. Менің өзім де бұрын-соңды керемет іс тындырып үлгермеген, тәжірибесі аз жандардың бірімін. Бірақ, қалай болғанда да, телевидение Қазақстанда үлкен қоғамдық рөл ойнағанына, республика аумағында орын алған айтулы оқиғаларға ықпал еткеніне сенімім берік.
Қазақ телевидениесінің тарихын ешкім жазған емес. Сонау жиырмасыншы ғасырдың орта шенінде Алматы мен Өскеменде жұмыс істегендерден басқалар Мәскеу телеарнасы ашылғанға дейін қаншалықты қыруар жұмыстың атқарылғандығынан мүлде бейхабар. Ал мәскеулік телевиденеие Алматыға тек 1965 жылдан, Мемлекеттік телерадио телевизия саласында темірдей тәртіп орнатып, әр жердегі ошақтарды өз ықпалына ала бастаған уақытта ғана келгені мәлім.
Марик Зеликин, Виктор Шинкарецкий сынды (кейін ол ЦСДФ директоры болды) журналистер осы әр аймақта ашылған телевизиялық ошақтарда жұмыс істеді. Көпшілігі кейін Мәскеуге шақырылды. Бәлкім, жергілікті телевидениенің бағдарламалары тым қарабайырлау болған шығар. Жарық беруші құрылғылар аяусыз күйдіретін: дикторлар алып тасбақаның шақырайған күн астында қалған жұмыртқасы сияқты түтінге тұншығып, ыстыққа күйіп отыратын; Түсірілімдердің бәрі сапасыз таспаларға жазылатын. Соған қарамастан баспасөз өкілдері оларға деген қолдауларын аяған жоқ.
1967 жылы мен жастар редакциясына келген кезеңде бұл ұжымды біздің классик жазушымыздың, «Құлагер» поэмасының авторы Ілияс Жансүгіровтың ұлы Болат Жансүгіров басқарды. Кемел білімді кісі, Олжас Сүлейменовпен бірге Мәскеудегі Әдебиет институтында оқыған. Кейін ұзақ жылдар бойы «Қазақтелефильмге» басшылық жасады.
Мен келген уақытта ол кісі өзінің ұзақ жылдардан бергі парызы — әкесінің романын орыс тіліне аудару міндетін орындауға шешім қабылдапты. Ол үшін редакциядан бір жарым жылдай уақытқа кетуге тура келді: екі жұмысты қатар алып жүру мүмкін емес еді.
Гостелерадионың төрағасы Кенжеболат Шалабаев барлық тележурналистердің түр-түсі мен есімін жатқа біледі. Ол бірден Болаттан:
— Жарайды, сен бір жарым жылға кеттің делік. Орныңа кімді қалдырмақсың? — деп сұрады.
— Ғаділбекті. Ол алып кетуге тиіс.
— Жақсы. Бірақ саған бір нәрсені ескертуге тиіспін, сен қайта келген тұста мен оны қызметінен босатып жібере алмаймын. КЗОТ бойынша қолымнан келмейді. Егер өзі арыз жазса ғана солай жасауға болады. Жазбай қойса, далада қаласың.
Болат маған осы әңгіменің бәрін жеткізді. Мен:
— Бұған менің қарсылығым жоқ. Біз келістік емес пе?! Қалай келіссек, солай жасаймын,— дедім.
Күндердің күнінде Болат жұмысқа қайта оралды. Бірақ ол бірден Шалабаевқа барып:
— Екеуміздің де жұмыс істей беруімізге бола ма?— деп сұрайды.
Шалабаев қарсы болмады. Маған арнап жаңа жұмыс орнын ашты. Болат осы оқиғаны жиі еске алады...
Бүгінде телеэкранға қарап, газеттерді оқып отырып: «Осы аласапыранды қалай реттеуге болады?» деген ойға қаласың. Кім екінші біреуге сөзін айтқызу үшін ақша төлейді? Телевизиялық қарым-қатынастардың тетігін жетік білсең де, осыны түсіне алмайсың. Ақиқат тапсырыспен берілген өтіріктің, мән-мағынасыз қызыл сөздің астында көміліп қалғандай. Сенуге болатын публицистердің өзі өзіне-өзі қарсы келгенін білмейді. Шындығында, журналистердің қолында орасан зор күш бар. Себебі, басқа бірде-бір сала журналистер сияқты ауқымды аудиторияны қамти алмайды.
Мен журналистердің қолындағы зор күшке Галина Күзембаевамен бірге «Операция «Ритм» бағдарламасын жасамақшы болған кезімде көз жеткіздім. Аталған бағдарлама сол кездегі ең бір ауыр тақырыпты, экономикалық тақырыпты қаузайтын еді. Еліміздегі 22 электр стансаларын қамтып келген, еліміздегі жылу электр энергиясының әрбір сегізден бір киловат-сағатын өндіріп келген Екібастұз көмірі арнайы тапсырылған мекенжайларға жөнелтілмеген немесе уақытында жеткізілмеген. Жетсе де, көлемі мардымсыз, қорда қалған көмірдің көлемі там-тұм, кез келген сәтте турбиналардың жұмысы тоқтап қалып, Сібір мен Орал қалалары қақаған сары аязда жылусыз қалуы мүмкін.
Обком хатшылары біздің не айтатынымызды аңдып, аузымызға қарап отырды. Кеңестік, республикалық транспорт министрлері, станция бастықтары бізге жалынышпен қарайтын. Осыдан кейін Екібастұздың қуаты арта бастады. Бірақ, соған қарамастан өнімнің жеткізілуі әлі де кешеуілдей берді, себебі әртүрлі ведомстволардың, атап айтқанда, кеншілердің, теміржолшылардың, энергетиктердің мүддесі үйлесім таппады. Артериялар арқылы айналатын қан сияқты, өндірілген көмірді де дер шағында керекті жерге жеткізетін жүйе қалыптастыру қажеттігі туындады. Бізді әрдайым вахтаға шақырады, бұл вахта 15-ші қазаннан бастап 15-ші сәуірге дейін созылды. Көз аштырмайтын боран мен сақылдаған сары аяздың астында жұмыс күндерін өткізу ешкімге оңайға соқпады. Біз не ойлап таппадық, не істемедік?! Біздің командамыз (оған Галина екеумізден бөлек, Орталық телевидениені насихаттау жөніндегі Бас редакцияның режиссері Анаталий Семенов пен біздің режиссеріміз Тамара Рубцова кіреді) станцияларды кезді, селекторлық жиындар өткізді, барлық аймақтардың өзара байланыс орнатуына ықпал етті. Бұл іс жүзінде көзге мүмкін еместей көрінетін, стратегиялық маңызы зор мемлекеттік іс болды. Осының бәрі бүкілкеңестік телевидение арқылы көрсетілді.
Біз жасаған бағдарламаның көркемдік құндылығы айрықша десем артық айтқан болармын. Біз телевизияға бұрын-соңды болмаған тың дүние әкелген жоқпыз. Бұл — экономикалық, халық шаруашылығы тақырыбындағы деректі-репортаждық, публицистикалық бағдарлама. Эфир арқылы атқарылған қыруар жұмыстың аз ғана бөлігі көрсетілді, айсбергтің су астындағы ең үлкен бөлігі — яғни, жасалған қыруар қара жұмыс кадрдың арт жағында қала берді. Көрермендердің жүргізушіге деген сүйіспеншілігі мен сенімі оның бағдарламаны министрлік кабинеттеріне, жол бойындағы разъездерде, электр станциясының цехтарында жасағанына байланысты нығая берді. Осы жұмысты атқара жүріп біз көп нәрсені үйрендік, бұрын білмей келген көптеген дүниелерге көзіміз ашылды. Ең бастысы, журналист сөзінің қаншалықты зор бағаға ие екендігін сезіне алдық.
Түптеп келгенде, сенің басқа біреудің немесе өзіңнің ойыңды қаншалықты көркем жеткізе білуің аса маңызды емес, ең маңыздысы — эфирде айтылған дүниелер көрермендердің санасында қандай ой тудырғаны. Сен айтқан сөздерден қандай нәтиже шығатыны! Біз жасаған бағдарлама халыққа үлкен пайда әкелді, оны толық сеніммен айта аламын. Бұл сөзімді әзіл-қалжыңмен тұздықтайтын болсам, біздің бағдарламаның арқасында Черномырдиндер отбасы аман-есен өмір сүруде, әйтпегенде Орынборға да жылу жетпей қатып қалған болар еді. 1982 жылы Екібастұздағы көмір өндірісі 4,5 миллион тоннаға артуына біздің бағдарламаның қосқан үлесі бар.
Журналистика — мен үшін бақытты кәсіп. «Операция Ритм» басталардан сәл ертеректе мен өзімнің күнделігіме Олег Куваевтің прозасынан мына жолдарды түсіріппін: «Менің өмірде жолым болды. Бақыт құсымды қолыма қондырдым, таудың үстінде тұрып қалайы кеседен коняк іштім. Мен көл үстін жаңғыртқан бірқазандардың даусын естідім, қаздардың ауыртпалығынан арқам қайысты. Шығыс-Сібір өзенінің қорқынышынан жүрегі шайлығу, кедір-бұдырға толы жолдың отызыншы қарымында ашу-ызаға булығып жылау әркімге бұйыра бермейді... Осындай бақытты маңдайыма жазғаны үшін кәсібіме деген алғысым шексіз...» Әрине, Куваев геологтар туралы жазған, бірақ журналистердің жұмысы да қиындығы мен қызықтығы жөнінен олармен ағайындас деп ойлаймын.
Біздер барлаудың қиындығын бастан кешіп, долы боранның құшағына жұтылып жүрген кезде енді біреулер Мәскеудің түбіндегі саяжайларда емін-еркін демалып, сонысын жекешелендіріп алудың жолдарын ойластырып жатқан шығар. Егер біз обком хатшылары мен министрлерге: «Әрбір жүз тонна көмірдің бір тоннасы бізге тиесілі десек», олар қуана-қуана келісер еді. Яғни, біздер қазір осы байлықтың бәрін басқарып отырғандар сияқты өмір сүрер едік. Ол кезде бұл мүмкін болмады, тек жылдар өткеннен кейін ғана Гайдар «Спейс герлс»-тің әуенімен не істеу керек екендігін дұрыс шеше білді. Ал біз ол кезде алтын уақытымызды өзімізге еш пайдасы жоқ шаруаға жұмсап жатқанымызды білген жоқпыз, оны ойлауға да уақытымыз жоқ еді. Басқа еті тірі пысық жігіттердің Ресейді қолына алып жатқандығынан бейхабар қалдық. Қазір кеш қалғаннан кейін: «Егер солай жасағанда ғой...» деп күрсіну ғана қалды.
Әрине, біз жасаған есіл еңбек те ескерусіз қалған жоқ, тіпті Журналистер одағының сыйлығы да берілді. Біздің еңбегіміз күні бүгінге дейін ұмытыла қойған жоқ. Сол кездерді еске түсіру керектігін жазады, қазір әрқайсымыз жеке мемлекет болып кетсек те, сол кезде жасалған шаруаларды қайта жаңғырту керек деген мәселе көтереді. Қалай болғанда да, біздер қазір «Мир»-да дәл осы іспен шұғылданып жүрміз.
Журналистік кәсіп мен үшін көптеген тың дүниелер мен жаңа әлемнің есігін айқара ашты. Ол кезде айтылмайтын, жазылмайтын, жұрт біле бермейтін көп дүниелерден хабардар болдық. Қазақстандағы лагерьлер туралы көп нәрсеге көз жеткіздім. Қасиетті қазақ топырағы қаншама ауыр қайғы мен көз жасына куә болды десеңізші?! Бұл жерде қаншама керемет тағдырлар шешілді. Жақындарынан айырылған балалар, аналар, әскерилер, академиктер... Долинкаға жақын жерде туған менің досым Тимур Сүлейменовтің тағдыры ше?.. Оның өмірден алған ең бірінші сабағы қандай?! Оның бала кезінде наурыз айындағы сақылдаған сары аязда лагерьге қабырға газетін апарып, қабырғаларға жапсыру туралы тапсырманы орындауға барғаны туралы айтқан әңгімесін ешқашан ұмытпаймын. Өзінің айтуынша, қар жамылған жапан далада оның алдынан жабайыланып кеткен бір топ иттер үлкен төбеттің артынан еріп арпылдай үріп қарсы шығыпты. Ересек адам болса, иттер түгін қалдырмай талап тастайтыны анық еді. Бірақ төбет зәре-құты қашып, қалшиып қатып қалған баланың жанына келіп тоқтай қалыпты. Сосын иіскелеп, өз жөніне кете барыпты. Көсем төбеттің артынан ерген өзге иттер де балаға тиіспепті...
Тәуелсіз Арменияның тұңғыш Президенті Левон Тер-Петросян біздің Маңғыстаудағы «химияда» болды. (Брежнев заманында түрменің орнын химиялық құрылыстар мен кәсіпорындарында еңбек ету алмастыратын). Болашақ Нобель сыйлығының лауреаты Солженицын қайдан? «Иван Денисовичтің бір күні» қай жерде өтті? Бұл нендей құрылыс? Қандай нысан? Бұл Екібастұз болатын. Атақты повестің қаһармандары кеншілердің мәдениет сарайын салған-ды.
Солженицынды көрген-білгендердің көпшілігімен жүздесіп, сөйлесіп көрдім. Бәрінің айтатыны «Жұмыстан бас сауғалағанды жақсы көретін еді» дегенге саяды.
Қырымнан шыққан бұрынғы графинямен әңгемелескенімде, ол кісі маған кезінде алты бірдей күтушісі болғанын, үйінде үш бірдей күзетші жұмыс істегенін айтты. Соғыс басталғанда немістердің бәрін қоныс аудартып жіберген. Осылайша, бұрынғы графиня Ақтөбеге келеді, №17 шахтаға жұмысқа орналасады.
— Кеше мен сені теледидардан көрдім,— деуші еді ол маған.— Сенің бақыт туралы айтқан ой-толғаныстарыңды тыңдадым. Саған «Шынайы бақыттың қандай екендігін қалай айтсам болады?» деп ойладым. Жігітім, сенің негізгі пікіріңе қосыламын, бірақ өмір сен қазір ойлағаннан мүлде басқаша...
Кей-кейде Қарағандыға жолым түскенде әйелімнің үлкен ағасы Шәкәрімнің енесімен жүздесіп тұрамын. Ол кісі — керемет белсенді, кәсіподақ қайраткері. Күйеуі 1940-50-жылдары Қарлагтағы ықпалды адамдардың бірі болған. 1945 жылы Жезқазған даласында орналасқан Степлагта қырық күнге созылған бас көтерулер кезінде (Гулаг архипелагында» оның ұшқынын танкімен таптап өшірілгені туралы жан-жақты суреттелген) ол кісіге де бұл іске ат салысуға тура келіпті. Лагерь басшылары қаруға жүгінбей тұрып, бас көтерген тұтқындармен арада келісімге келуге тырысып жатқанда бұл кісі де қатысқан. Мен осы кісілердің үйіне ең алғаш барғанымда қабырғада ілулі тұрған Чжевскийдің картинасын көріп таңғалдым.
— Мынау Александр Леонидович Чижевскийдің туындысы ма?— деп сұрадым.
— Сен оны қайдан білесің?
— Білемін...
... 1985 жылы мен Қазақстан-Польша Достық қоғамының төрағасы ретінде Варшаваға бардым. Осы қызметте жүріп мен біраз пайдалы жұмыстар істеп үлгердім деген ойдамын. Жалпы, Қазақстан мен Польшаның тарихи тағдыры бір-бірімен байланысты. 1830-шы және 1848 жылдары Ресей билігіне қарсы бас көтерген поляктардың көпшілігі Сібір мен Қазақстанға жер аударылған болатын. Бәлкім, кінәлі халықтарды қоныс аударту науқанының алғашқы нышаны шығар. Сол себепті, Қазақстанда Мичкевич жақсы танымал, ал француздар жер аударылған поляктың суреттеулері арқылы қазақ халқының тұрмыс-салты мен өмірі туралы білетін болды.
Ал 1939 жылы Екінші дүнижүзілік соғыс басталған кезде Кеңес әскері Польшаның Гитлер бөліп тастаған жерінен өзіне тиесілісін иеленіп алды, поляк офицерлерін сонау патша заманынан бері белгілі Сібір мен Қазақстан сияқты жерлерге жер аударып жіберді. Ол уақытта Мәскеудегі Польша елшілігінде жас дипломат Ян Янович Платтер-Гаевский жұмыс істеді, өзі шляхеттер әулетінен шыққан. Платтер-Гаевский тұтқынға түскен поляктардың тағдырын құтқарып қалуға жан-тәнімен кірісті, өзінің беделді таныстары мен дипломатиялық мүмкіндіктерін пайдаланып Сібір мен Қазақстандағы көптеген қандастарын алып кетуге ықпал етті. Ол көбіне-көп Сібірдің сарышұнақ аязын поляктар көтере алмайды дегенді алға тартатын. Халқына жаны ашыған азаматты тежеп ұстау үшін тиісті органдар оның жұмысын қадағалауға алып, белсенділігін бәсеңдетуге тырысқан. Алайда, Ян Янович олардың «кеңесін» құлаққа ілмей, ақыр соңында 1941 жылы саяси тұтқындардың қамалуымен атышулы болған Қарлагтан бір-ақ шықты. Ол Польша азаматы әрі дипломат болғандықтан, Ян Яновичті вагонетка итеруге жібере қойған жоқ, осы жерде еркін жүруіне рұқсат етілді. Бұрынғы елші ревизорлық жұмысқа орналасты, бүкіл Қазақстанды аралап, совхоздардың бухгалтериялық құжаттарын тексерумен шұғылданды.
Көп ұзамай ол Циолковскийдің шәкірті, жастайынан атақты ғалымның идеяларын бойына сіңірген Александр Леонидович Чижевскиймен танысты. Ленин жер қойнына берілген күні Чижевский Кеңес Үйінің алдында тұрған ұзыншұбақ кезекке Орталық телеграфтың терезесінен қарап тұрып, дүние жүзінің ғалымдарына Циолковскийдің ғарыштық идеяларын қолдаған телеграмма жіберді. Уақыт өте келе ол Норвегия академиясының құрметті мүшелігіне қабылданды, Сорбоннада Күннің жерді мекендеушілердің өміріне тигізетін ықпалы туралы баяндама оқыды. Оның баяндамаларының түпкі астарына үңілсек, кез келген көтерілістер мен төңкерістер тарихи алғышартының бар немесе жоқ екендігіне қарамастан, биліктегілердің немесе төмендегілердің ниетіне қарамастан, бірінші кезекте күннің белсенділігі артқан кезеңге дөп келеді деген пікірге тоқайласады. Бұл баяндама (Кейінірек алпысыншы жылдары ол «Ғарыштағы борандардың жердегі жаңғырығы» атты кітапқа негіз болды) жинақ болып басылып шықты. Осындай ой-толғаныстары мен зерттеулері үшін Чижевский 1939 жылы Қарағандыға жіберілді, бұл жерде Платтер-Гаевскиймен танысып, достасып кетті. Екеуі Чижевскийдің Қарағандыдағы пәтерінде жиі жүздесіп, өзара ой бөлісетін.
Қарағанды бей-берекет орналасқан, шахталардың төңірегіне тұрғын-үйлер шоғыры салынған шаһар. Платтер-Гаевский өзінің Орталық Қазақстанның түкпір-түкпірін аралаған шетсіз-шексіз жолсапарларынан кейін Чижевскийдің пәтеріне бас сұғады, екеуі өмір туралы сөйлеседі, бұдан әрі елдің тағдыры, Сталиннің жағдайы не болатынын әңгіме етеді. Кеңес Одағының бүгінгі тыныс-тіршілігін сараптап, болашағын болжауға тырысады.
Қазақ телевидениесінің жастар редакциясының жетекшісі болып жүргенімде біз Ян Яновичті бағдарламаларға қатысуға жиі шақыратынбыз. Ол кісінің Польшаға әлі қайтпаған кезі емес пе?! Ол өзі ұзақ жылдардан бері зерттеп жүрген жергілікті қоғам қайраткері ретінде Қазақстан мен Польшаның арасындағы байланыс туралы сыр шертеді. Қазақстанда тұрақтап қалған бұрынғы түрмеде отырған немесе жер аударылған поляктар ол кісінің жанында жүруге құмар. Ол кісі қазір тірі ме, әлде қайтыс болды ма білмеймін. Тірі болса, қазір жасы тоқсаннан асып кеткен болар.
Ян Яновичтен естіген көп әңгімелерімнің ішінде бір оқиға әлі күнге дейін есімде. 1956 жыл болу керек, Ян Янович Александр Леонидовичке келеді.
— Менің үйімде қазір қонақ бар,— дейді Чижевский. — Өзі Екібастұздан. Ол да Ресей мен Польша қарым-қатынасына қызығушылық танытып жүр. Бір тәулікке ғана сұранып келген, таңертеңгісін аттанып кетуге тиіс. Екеуіңе ас бөлмеге төсек салып беруге тура келетін болды.
Чижевскийдің пәтері құрқылтайдың бөлмесіндей тап-тар, ас бөлмесі де кіп-кішкентай. Қонақ ұйықтап жатыр екен. Ян Янович еденге соның қасына сыйысып жатады. Жалғыз жамылғыны екі қонақ бірге жамылады. Таңертеңсін әлгі қонақпен танысады, сөйтсе оның есімі Александр Исаевич Солженицын екен.
1985 жылы Варшаваға жолым түскенде мен бірден Ян Яновичпен жүздеспекке құмарттым. Бұл кезде Ян Янович Польшадағы белгілі адамдардың бірі саналатын, шетелдегі барлық поляктармен байланыс ұстайтын «Полония» қоғамының төрағасы қызметін атқаратын. Польшада рестуция туралы заң қабылданғаннан кейін Ян Яновичке әулетіне тиесілі сарайды қайтарып беріпті. Оның сарайына баруға уақытым да, мүмкіндігім де жоқ. Бірақ ол мүмкін Варшавада шығар? Кенет Ян Янович мені кешкі сағат сегізде «Мариот» мейрамханасына кездесуге шақырды. Осыдан біраз бұрын Варшаваның қақ ортасынан ең үстіңгі қабатында керемет мейрамханасы бар бес жұлдызды қонақүй салынған еді. Мейрамханаға кіріп келгенде мен залдың бос тұрғанына таңғалдым.
— Мен саған Қарағандыда Солженицынмен қол жуғыштың астында қонып шыққанымыз туралы айтып едім. Сол есіңде ме?,— дейді Ян Янович маған.
— Әрине, есімде.
— Мен Қазақстан туралы әлі күнге дейін ыстық ықыласпен есіме аламын. Қақаған суыққа, аштыққа, совхоздардың арасында тентіреп жүрген қиын жұмысыма қарамастан, сол бір күндер ең бір тамаша уақыт сияқты сезіледі. Сол күндердің естелігі үшін осы мейрамхананы сенің құрметіңе тұтастай жалдап алғанды жөн көрдім.
— Мұныңыз не, Ян Янович?!
— Кезінде біз талай азапты көрдік, барлығына төздік. Қазір жасымыз егде тартты, өмірдің көбі кетіп, азы қалды. Бірақ бұрынғы көргеніміздің бәрі із-түзсіз жоғалып кетпеген сияқты, бүгінде Польшада мені құрмет тұтады, жақсы көреді. Маған тиесілі дүние-мүліктің бәрін қайтарып берді. Ал қазір мені Қазақстанмен байланыстыратын жалғыз адам — сенсің. Бүгінгі кешті өзің үшін тамаша етіп өткізуді қаладым.
Мен ыңғайсызданып қалдым, бірақ бас тартуға кеш еді. Асықпай отырып тамақтандық, әңгіме-дүкен құрдық. Идеяларымен де басқаларды да баурап алған атақты ғалым Чижевскийді еске алдық. Александр Леонидович керемет адам еді-ау!
1957 жылы ең алғашқы жер серігі ғарыш көгіне жіберілген кезде Королев ендігі ұшу кезегі ғарышкерлерге келгендігін айтты. Алайда, ғарыш деген не екендігіне, оның адамзатқа қандай ықпалы бар екендігіне ешкімнің ой-қиялы жетпейтін. Ғарышқа тышқандарды да, итттерді де жіберуге болады. Ал жұлдыздай заулап бара жатқан ғарыш кемесінің ішінде адамға, оның психикасына нендей күш әсер етуі мүмін? Ғарышкерге магниттік сызықтар, радиация қалай ықпал етеді? Ол жерге жеткенше есі ауысып жынданып кетпей ме? Сол арқылы адам баласы ұзақ жылдар бойы күткен үлкен үміттің күлі көкке ұшса қайтпекпіз? Сол кезде біреулер Королевқа сонау соғыс жылдарына дейін-ақ жер бетінен қашықтағы атмосфера, ғарыш кеңістігіндегі құбылыстар туралы зерттеулер жазған Чижевскийді тауып алып, сол кісімен ақылдасуға кеңес береді.
— Чижевский қазір қайда?— деп сұрапты Королев.
Оның Қарағандының түбіндегі лагерде отырғандығын айтады. Королевтің өте ықпалды тұлғалардың бірі болғаны белгілі. Ғалым салған беттен Чижевскийді босатып алып келуге тапсырма береді. Оған арнап ғарыш медицинасы мен биологиясы институтын ашуға жағдай жасайды. Осы институт үшін Ленин даңғылының бойындағы ғимаратты босаттырады.
Ал ол кезде Чижевскийдің Қазақстандағы ғылыми жұмыстары қыз-қыз қайнап жатқан-ды. Ғазиза маған ғалымның бір тәжірибесі үшін көптеген микроскоптардың қажет болғандығын, Долинкада оны табу мүмкін болмағандығын айтты. Сол себепті, Ғазиза лагерь қызметкері ретінде төңіректегі мектептерді аралап, микроскоптар жинаған. Чижевский оның бәрін қатарлап тізіп қойып, микроскоптармен бір нәрселерге үздіксіз шұқшиып қараумен болған, әрбір қараған дүниелеріне мінездеме жазып отырған.
Чижевскийді алып кету үшін келген Королев жіберген кісілердің ғалыммен кездескен сәті мен үшін Данелияның «Отыз үш» атты фильміндегі көріністермен бірдей елестейді: Шымқай қара түсті «Волгалар» шағын қаланың көшелерімен заулап келеді. Обком хатшылары, Мәскеуден келген мәртебелі адамдар Қарлагқа ентелеп кіріп келеді. Бір құжыраның ішінде микроскоптарына шұқшиып отырған Чижевскийді тауып алады.
— Александр Леонидович, кешірім өтінеміз, бір қателік кеткен сияқты.— дейді олар. — Сіз толықтай ақталдыңыз, барлық ғылыми атақтарыңыз өзіңізге қайтарылды, КСРО Министрлер Кеңесінің шешімімен Ғарыштық биология институтының директоры қызметіне тағайындалдыңыз. Институт қызметкерлері сізді Мәскеудегі Ленин даңғылының бойында орналасқан ғимаратта күтіп отыр. Сіз үшін Мәскеуден Қарағандыдағы әскери әуежайға арнайы ұшақ жіберілетін болады. Мәскеу әуежайынан өзіңізге тиесілі «ЗИМ» күтіп алады. Өтінеміз, заттарыңызды жинастырып, ұшуға дайындалыңыз.
— Сендердің неліктен дүрлігіп жатқандарыңды білсем, бұйырмасын. Бірақ менің қазіргі жасап жатқан тәжірибем он екі жылға жоспарланған. Оның кезекті сериясы 1965 жылы ғана аяқталады— дейді Чижевский өзіне ғана тән паң даусымен.— Мен ғалым ретінде тәжірибемді орта жолдан тастап кете алмаймын немесе басқа географиялық нүктеге де апара алмаймын. Әйтпесе, бүкіл нәтижелердің бәрі өзгеріп кетуі мүмкін.
— Ол жағынан қам жемеңіз. Сіздің тәжірибеңіз орта жолдан тоқтап қалмайды. Бұл жерден Мәскеудегі институттың филиалы ашылып, қоластыңыздағы қызметкерлер бастаған ісіңізді одан әрі жалғастыра береді. Сіз оларға Мәскеуден басшылық жасайсыз.
Осындайдан кейін бармай қалу мүмкін емес еді. Чижевский аяқ астынан Мәскеуге ұшып кетті, бірақ Долинкаға жиі келіп, өзі бастаған тәжірибенің жай-күйімен танысып кетіп отырды.
ХХ ғасыр адамдардың тағдырына қандай кілт бетбұрыстар жасады десеңізші! Платтер-Гаевский, Чижевский... Бір-ақ сәтте шарықтап көкке көтерілген немесе жер сүзген тағдырлар... Мұндайды ойлаудың өзіне адамның қиялы жетпейтін шығар? Кеңес үкіметінің шындығы кез-келген қиял-ғажайып әңгімелердің өзін жолда қалдырады емес пе?! Осының бәрін біреулерге айтып берсең «Бұлай болуы мүмкін емес!» дейтіні анық. Бірақ дәл осындай оқиғалардың өмірде болғандығы ақиқат!
Біз өмір сүрген кезең туралы еске ала отырып жылап-сықтаудан, күрсінуден аулақпын. Бірақ біздер сол кезеңнің көзі тірі куәгерлеріміз, соған қатысқан адамдармыз. Журналист ретінде сол кезеңнің кейбір шындығын ашып көрсете алдық, кейбір оқиғаларға қазір ойша баға беру үстіндеміз...
Біздің көпшілігімізге лагерьдегі тағдырлардың қандай да бір ықпалдары болды. Менің отбасыма да. ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы біздің әрқайсымыздың тыныс-тіршілігімізге еніп кетті.
Кей-кейде кәрілікке бой алдыра бастаған Ғазиза маған Мәскеуге телефон шалып:
— Ғаділбек, қалың қалай? Сендер жақта қандай тартыстар жүріп жатқанын білеміз ғой, мықты бол! — дейді.
— Біздің жағдайымызды Степлаг пен Теміртаудағы тартыстармен салыстыруға да келмейді ғой. Дегенмен, төзіп келеміз. Сіздерден сабақ аламыз.
Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстанда тиесілі мерзімдерін өтегеннен кейін де Мәскеу мен Ленинградқа қайту құқынан айырылған зиялылар біздің буынға қатты ықпал етті. Олар Алматыда, Қарағандыда, Өскеменде тұрақтап қалып, мектептер мен Жоғары оқу орындарында сабақ берді. (Мен оқыған Политехта да сабақ бергендері бар) Бұрын лагерде отырғандардың бүгінгі естеліктеріне көз жүгіртсек, олардың басқа жақтармен салыстырғанда Қазақстан туралы жақсы ой-пікірлері қалыптасқандығын байқауға болады. 58-бап бойынша жазаланғандардың өзіне Қазақстанда оқыту ісі сеніп тапсырылды, шындығында бұл идеологияға қайшы келудің бір көрінісі болып табылады. Өздерінің бойындағы қатал билікке деген қарсылықты олар шәкірттеріне, яғни біздерге сіңірді. Біз олармен араласу арқылы еркіндікке құштарлық вирусын жұқтырдық, шындықты іздеуге ұмтылдық. Ар алдындағы адалдықты, «өтірікпен өмір сүрмеуге» деген құлшынысты үйрендік, көптеген адамдар өз болашақтарына бет бұрыс әкелген тың дүниетанымдарын қалыптастырды.
Мен Алматының көшелерін кезіп келе жатып тамаша суретші Сергей Калмыковты жиі кездестіретінмін. Калмыков Әбілхан Қастеевпен дос болды. Қастеев Қазақстанның пейзажын натуриалистік үлгіде бейнелейтін, ал Калмыков живописьте, театр декорацияларын бейнелеу шеберлігімен ерекшеленетін. Шығармашылықтарындағы осы айырмашылықтарға қарамастан, екеуі өте жақсы тіл табысты. Әсіресе, Калмыков «Қыз Жібек» сынды ұлттық опералардың қойылымында өнерімен көпшілікті мойындатқаны белгілі.
Калмыков операның бас суретшісі, Республиканың Халық суретшісі болды. Ұшына қоңыраулар байланған қалпақ, арқасына «қиық тұздың» суреті салынған көнетоз жейде киген, аяқ киімінің сүйір ұшына да қоңырау тағылған Калмыков бір қарағанда есалаң адам сияқты әсер қалдыратын (бұл киімдердің бәрін театр гардеробынан алған). Арқасындағы салмағы он екі келі тартатын ауыр дорбасына сурет салуға қажетті керек-жарақтарын салып алған. Көшеде кетіп бара жатқанда болсын, театрда жүргенде болсын, басына бір қызықты ой келсе, суретші сол жерде тоқтай қалып, құрал-саймандарын шығарып, өзі үшін ерекше маңызды болып саналатын дүниелерді бейнелей бастайды. Бірде мен суретшіге жақындап келіп:
— Сізден кешірім өтінем, бірақ тым оғаш киінеді екенсіз,— деген болатынмын. Ол маған бар назарын салып бір қарады да:
— Білесің бе, бізге, атап айтқанда Алматыға қазір Марстағылар телескоппен қарап тұр. Өте мұқият бақылап тұр. Өзің ойлап қарашы, Алматыдағы өңкей сұрғылт киінген бір-бірінен аумайтын адамдардың арасынан мен оған осы киімімнің арқасында ерекшелініп көрінемін. Марстағылар мені көрінісімен: «Иә, қалай болғанда да жерде тіршілік бар екен!» деген ойға қалатыны анық,— деді.
— Бұлай болуы мүмкін емес қой,— деген басқалар оны райынан қайтаруға тырысады.
— Олар бізден көз аудармай қарап тұрса, мен не істей аламын?!
Иә, Калмыков сияқты кісілер біздің рухымыз бен ой-санамыз суарылған мәдени атмосфераны қалыптастырды. 60-90 жылдары мәдениетте, ғылымда, қоғамдық ойлауда ерекше із қалдырған қазақстандықтардың көпшілігі солардың арқасында қалыптасты деген ойдамын.
Достарыңызбен бөлісу: |