Ғаділбек Шалахметов бейбітшілік бақЫТҚа бастайды астана, 2010 жыл Қызыл «мұзжарғыш кеме»



бет13/20
Дата25.02.2016
өлшемі1.63 Mb.
#25424
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   20

Хроника (жалғасы)

1993 жылдың 11-12-ші ақпанында Мәскеуде мемлекетаралық телерадиокомпанияның Құрылтайшылық комитетінің алғашқы жиналысында Құрылтайшылық келісімшарт қабылданды.

1993 жылдың 12-ші наурызында Мәскеуде Армения, Беларус, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей Федерациясы, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің үкімет басшылары Мемлекетаралық телерадиокомпанияның Мемлекетаралық Үйлестіру кеңесі мен оның дербес құрылымы туралы құжатты бекітті.

1993 жылдың 1-ші сәуірінде Душанбеде Мемлекетаралық Үйлестіру Кеңесінің бірінші отырысында құрылтайшылық құжаттар негізінде МТРК-ның іс-әрекетін қамтамасыз етудегі кезек күттірмес шаралар қарастырылды және «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясы толық атауы бекітілді.

1993 жылдың 10-шы маусымында «Мир» МТРК-сы Ресейде бұқаралық ақпарат құралы ретінде тіркелді.

Сәт сапар!

1993 жылдың 12-ші ақпанында Мемлекетаралық телерадиокомпанияның Құрылтайшылық комитетінің бірінші тыңдауында мен былай дедім:

— Қазіргі таңда кейбір жерлерде ұлттық бұқаралық ақпарат құралдары бір-бірімен қақтығысқа түсіп, сынап, бір-біріне қарсы шығып жатқандығы белгілі. Олардың әрекеті ұлттық әскерлерді еске түсерері анық. Әскери шығындар әрқашан бейбіт мақсаттағы шығындардан көп болатындығы мәлім, оның үстіне бейбіт мақсатқа жұмсалған қаражаттар ашық айтылады. Бейбітшілік соғыстан арзанға түседі! Достастық елдерін мекендейтін, бейбітшіліктің баянды болғанын шын жүректен қалайтын ашық-жарқын халықтың атынан жаңа ұйымға сәт сапар тілегім келеді. Ақ жол! В добрый путь! Бари чанапар! У добрый шлях! Жолунар шыдыр болсун! Друм бун! Рохи сафед! Ок йул!..

Биік идеяларды биік мінберлерден айтқан жақсы әсер қалдырады. Бірақ содан кейін оны жүзеге асыру қажет. Ол үшін қаражат, құрал-жабдық, өндірістік ғимараттар, эфирге шығатын бағдарламалардың магниттік таспалары, тағы да толып жатқан дүниелер керек. Осының бәрін орнына келтіру үшін үлкен күш-жігерімді сарпуға тура келді. Бақытыма орай, мен жалғыз емес едім.

Көп ұзамай үйлестіру кеңесін өткізу үшін Душанбеге бардық. Штаб-пәтердегілерден мен, Махонин, Беликов үшеуміз. Тәжікстанда ол кезде жағдай ушығып тұрған еді, автомат асынған күзетшілер күзететін үкімет резиденциясында тұруымызға тура келді. Еріксіз мынадай ойға кеттім: жұмысты ТМД-ның ең қайнаған нүктесінен бастағанымыз жақсы болды, біздің компаниямыз бірінші кезекте дәл осындай мекеннің мүддесі үшін қажет.

«Мир» атауы да дәл осы жерде дүниеге келді, бұл атауды маған тәжіктер ұсынды. Тәжіктер бейбітшіліктің қадірін, бейбітшілік жоқ жерде қандай аласапыран орын алатынын өз тәжірибесі бойынша басқалардан жақсы біледі ғой. Ол кезде Тәжікстанның вице-премьері - «Зебо» би ансаблін құрған керемет биші Зебо Мұхиддиновна Амин-Заде. Біз оны компанияның Мемлекетаралық Үйлестіру Кеңесінің төрағалығына сайладық. Балаларға арналған мультфильмдердің бірінде «Кемені қалай атасаң, солай жүзеді» деген қанатты сөз бар. Біз де компанияға қандай ат беру керектігі туралы толғанып жүрген едік. Зебо Мухитдиновна «Мир» деген сөзді айтқан сәтте, компанияның атауына дәл осы сөздің лайық екендігін барлығымыз бірден түсіндік.

Эфирге ең алғашқы бағдарламаны шығару үшін жұмыс қайнап жатты. Алғашқы сәттен бастап көрерменнің көңілінен шығу мақсатында бар мүмкіндігімізді сарп еттік. Эдуард Сагалаев, Игорь Малашенко, Кира Прошутинская сынды телевидениенің кәрі тарландарымен кеңестік. 20 маусым күні тұңғыш рет мемлекетаралық эфирге қадам жасадық, жаңа телеарнаның дүниеге келгендігі туралы баршаға жар салдық. Кира Прошутинская мен оның «Авторлық телевидениесі» біздің эфирді жаулауымызға үлкен көмегін тигізді.

Телеөндірістің жұмыс барысымен таныс адамдар екі ай мерзімде бір жарым сағаттық бағдарлама жасап шығарудың қаншалықты қиын да күрделі шаруа екендігін жақсы біледі. Оның үстіне, бағдарлама посткеңестік елдердің әр түкпірінен жасалды, оған қоса бағдарламаға мәртебесі биік мемлекеттік қайраткерлер ат салысты. Асқар Ақаев, Бутрос Гали, Борис Ельцин, Нұрсұлтан Назарбаев, Эмомали Рахмонов, Мирчи Снегур сынды тұлғалардың сұхбаттары енгізілді.

Біздің жаңадан құрылған алпыс адамнан тұратын шағын командамыздың болашаққа деген сенімі мен үлкен күш-жігері болмағанда, ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмас едік. Достастық елдерінен келген сюжеттердің деңгейіне көңіл толмайды. Олардың да, біздің де қолымызда қажетті техника жеткіліксіз. Біздің қыз-жігіттеріміз сюжеттерін көріп шығу үшін «Новости» мен «Времяның» редакциясында кезек күтіп тұратын. Сюжеттерін аяғына дейін көріп үлгермей жатып, оларды қуып шығады.

«Останкинода» қонуымызға тура келді. Үйден көрпе-жастық әкелгенбіз, столдың үстіне кезекпен ұйықтаймыз. Бұған дейін қол астында жүздеген қызметкері, төрт орынбасары мен хатшысы, дербес қызмет көлігі болған Юрий Леонидоич Буров бізге келгеннен кейін бейнетаспаларын ұстап, дәлізде зыр жүгіріп жүретін. Буровтың осы кейпін көрген әріптестері еріксіз бас шайқайтын.

Біз басқа телевидениелер үшін әдетке айналған техниканың біздің компания үшін жарамсыз екендігіне көз жеткіздік. Сегіз елде дайындалған материалдарды орталыққа әуе жолы арқылы дер уақытында жөнелтіп отыру деген қиямет-қайым жұмыс. Ол мүлтіксіз жүзеге аса бермейді де. Адамдар жетпейді, қаржы тапшы, уақыт тар... Оның үстіне әр бағдарлама сайын Достастық елдеріндегі ахуалды суреттеп отыру қажет.

Сонымен, тырнақалды бағдарлама барысында біз суық құрсауындағы Ереваннан, Чернобылдағы тұрғындары безіп кеткен деревнялардан, Отан соғысы тұсында ауыр трагедияны бастан кешірген Хатыньнан дайындалған сюжеттерді ортақ ой-мақсаттың төңірегінде үйлестіруді көздедік. Біз өмір сүріп жатқан ғаламшарда қаншама трагедия өтті десеңізші? Бірақ кейбір трагедиялар туралы бүкіл әлем біледі де, енді бірі неліктен жұртшылық назарынан тыс қалған? Батыс елдерінде Карабақ оқиғасын кім біледі? Тәжікстандағы трагедиядан Батыс хабардар ма? Орын алған қақтығыстардың одан әрі өршімей, керісінше басылуы үшін журналистер не істей алады? Жалпы, телевидение соғыстарға, апаттарға, қайғылы оқиғаларға шектен тыс көңіл бөліп кеткен жоқ па? Этносаралық қақтығыстардың өзі неден туындайды? Біз осы тектес сауалдарды ортаға тастап, хал-қадіріміз жеткенше жауап іздеуге талпындық.

Лев Николаевич Гумилевтің көзі тірі болғанда, оны міндетті түрде осы бағдарламаға шақырар едім. Өкінішке қарай, Лев Николаевич бұл күнге жете алмай кетті. Мен Гумилевтің ойлары, этникалық үрдістердің табиғатына деген көзқарастары аса қажет екендігін жақсы түсіндім. Сол себепті бір сюжетті сол кісінің үйінде түсірдік. Ғұламаның жесірі Наталья Викторовнаны әңгімеге тарттық.

Осы сұхбат арқылы ұлы еуразияшыл Лев Николаевич Гумилевтің философиясы мен идеяларын компанияның хабар тарату саясатының негізгі ұстанымы ретінде көрсеттік.

Олжас Сүлейменовті де бағдарламаға тарттық. Ол Еуразияшылдықтың біріктіруші рөлі жөнінде әңгіме тарқатты. Біздің халықтар алдымен Ресей империясы, кейінірек КСРО деп аталған мекенге топтасқан. Ендігі уақытта бізге мыңжылдықтар бойы тіршілік етуге көмегін тигізген дәстүрлерді, халықтардың бір-бірімен тығыз байланыста өмір сүруге зәру екендігін, бұған дейін осы халықтардың баршасын біріктіруге көмектескен жақсы дүниелерді қайта жаңғырту қажет.

Сондай-ақ, бағдарлама аясында Достастық елдеріндегі қарапайым халықтың күнделікті тыныс-тіршілігін, қалай өмір сүріп жатқандығын көрсетуді қолға алдық. Нанды қалай пісіреді? Балдырғандар қалай асыр салып жүр? Олар не туралы армандайды? Ертеңгі болашағын қалай елестетеді?

Арменияда түсірілген сюжетте соңғы жылдары орын алған апаттар елді зор шығынға ұшыратып, қарапайым халықты аса ауыр қайғыға бөлегені туралы айтылды. Ботаникалық бақтағы жиырма мың ағаш түбірі кезінде дәл осы жерде аса сирек кездесетін жиырма мың ағаштың жайқалып тұрғанын еске түсіреді. Жойылып кеткен бақты қайта гүлдендіруге, экологиялық тепе-теңдікті орнатуға, қарапайым адами, мәдени, мемлекеттік байланыстарды қайта қалпына келтіру үшін ондаған жыл қажет. Төзімділікті, толеранттылықты, адами ізгілікті орнатып, өмірді өзінің үйреншікті ағымына оралту үшін әлі талай жылдар керек.

Бағдарламаның эфир әлеміне жасаған тұңғыш қадамына куә болу үшін «Мир» қызметкерлерінің баршасы Вавилов көшесіндегі қонақ үйге жиылдық. Гера Кузнецов пен Ира Петровскаяны да шақырдым. Біздің перзентіміздің өмірге келу сәтіндегі қуанышымызбен бөліскім келді.

Баршамыз жиылып, тамашалап отырмыз. Көруге, тамсануға татитын дүние. Әрине, әлі де өсе түсу керек, бой түзеуі керек. Бірақ алғашқы қадамының өзі нық, сенімді. Перзентіміздің тырнақалды қадамына көңіліміз толды, қуанышқа кенелдік, тост көтердік. Бір-бірімізге және баршамыздың ортақ перзентімізге бақыт тіледік. Алдымызда қандай қиындықтар күтіп тұрғандығын ойламауға тырыстық.

Хроника (жалғасы)

1993 жылдың 4-ші қыркүйегінде «Останкиноның» бірінші арнасында «Мир» МТРК-ның тұрақты телевизиялық хабар таратуы басталды.

1993 жылдың 5-ші қыркүйегінде «радио-1» студиясының арнасында тұңғыш тұсаукесер бағдарлама жарыққа шықты — «Мир» Мемлекетаралық телерадиокомпаниясының қоғамдық-саяси радио таратуы бастау алды.
Қарым-қатынастар көкжиегі
«Мир» телекомпаниясының кезекті бағдарламаларының бірінде Душанбедегі махалласынан есекке мінген тәжік келіп, 200 миллион көрерменнің алдында сөз сөйледі. Сосын, есегіне қайта мініп, махалласына палау пісіруге жөнелді. Оны эфирге шығарған, демеушілік жасаған кім? Астындағы есегі, сосын Омар Хайям. Оны эфирге шығарған халқының данышпандығы мен озық мәдениеті. Шекесіне тақиясын төңкерген тәжік аспай-саспай мемлекетаралық эфирде сөз сөйлеп, шаруасын бітірген соң аяңдап, махалласына қайтты. Бұл бағдарлама жергілікті басқару туралы болатын. Бағдарламаның бас кейіпкері бүгінгі таңдағы ең басты мәселе ас пісіруге қажетті сексеуілді мол етіп жинау екендігін жеткізді. Сонда ғана сексеуілдің бағасы күрт қымбаттамай, тұрақталады екен. Шыны керек, өте маңызды мәселе. Маңыздылығы атом электр стансаларына қажетті уран бағасын сақтап қалудан кем емес...

Айтайын дегенім, біздің әрқайсымыздың басқалардың назарына жеткізгіміз келетін дүниелер бар. Әркім өз көзқарасын басқаларға айтып, түсіндіргісі келеді, айтқан мәселесін дұрыс түсінетін әріптес табуға тырысады. «Мир» телекомпаниясы да әу баста мемлекетаралық, этносаралық қарым-қатынас құралына, тіл қатысу алаңына айналуды көкседі. Біздің әрқайсымыздың табиғатымыз алуан түрлі, осы өзгешеліктің арқасында бір-бірімізді қызықтырамыз. Баршамызға ортақ қасиеттер де аз емес...

«Мир» телекомпаниясы идеялық тұжырымдаманы жасауға ат салысып қана қоймай, қазіргі заманғы ақиқат пен мүмкіндіктерді қамтитын техникалық және дербестік тұжырымдамасын жасауға тиіс еді. Техникалық саясатты біз әуел бастан ұлттық филиалдарымызға деген құрмет негізінде қалыптастырдық. Филиалдардың ішінде айрықша көңіл бөлінетіндері немесе өгей баланың күйін кешетіндері болмауға тиіс. Барлығын барынша жоғары деңгейде техникалық мүмкіндіктермен қамтамасыз еткен жөн.

Біз қолда бар мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып, ең жақсы заманауи техникалармен жабдықтауға кірістік. Бағасы қымбат әрі қолданысқа толықтай ене қоймаса да, бұрынғы техникадан гөрі сандық техниканы алған жөн деп шештік. Себебі, уақыт талабына дер кезінде жауап бермеген адам оған ере алмай қалары хақ.

1991 жылдың өзінде орынбасарым, экономист, ғылым докторы Серік Пірімбетов екеуміз «Қандай құрал-жабдықты таңдаған жөн?» деген мәселеге тірелдік. Ойлана келе, ең дұрысы «Сони» деген шешім қабылдадық. Компанияның Еуропалық бөлімінің өкілі Леонид Страшунды да ең алғаш сол тұста көрдім. Алпыс жасқа аяқ басқанына қарамай, қимылы ширақ, орысша тамаша сөйлейтін адам екен. Алматыда бас-аяғы бір апта ғана болса да, Жамбылдың өлеңдерін қазақ тілінде жатқа соғатын жағдайға жетіпті.

Мен ол кісіден қазақша өлең жаттау қаншалықты қиынға түскенін сұрап едім.

— Еш қиын емес екен,— деді ол.— Мен көп тіл білемін.

Шынында да, ағылшын, жапон, испан тілдерін шебер меңгерген адам. Ертеректе Румынияда киностудияға басшылық жасапты, сол қызметте жүріп Чаушескудің сарайдағы өмірі туралы кинохроникаға да ат салысқан. Диктатор өзінің атағын шығару мақсатына ақша аяп қалмаған көрінеді. Соның арқасында киностудияны озық кинотехникамен, оның ішінде «Сони» компаниясының өнімдерімен жабдықтап алудың сәті түскен. Сол кезде «Сони» компаниясының өкілдері Страшунға назар аударып, Чаушескудың режимі күйрегеннен кейін оны өздеріне сатылым жөніндегі менеджер етіп алған.

1993 жылы «Мир» телерадиокомпаниясының төрағалығына тағайындалысымен мен компанияны қажетті техникалық құрал-жабдықпен қамтамасыз ету ісін шешуге тиіс едім. Түсіру және монтаждау техникасын сатып алуға қолымызда бас-аяғы жүз мың долларға жуық қаражат бар. Іздегенге сұраған дегендей, дәл сол тұста Швейцариядан шақырту алдық. Монтре қаласында жыл сайын жаңа техника көрмесі, телевизия проблемаларына қатысты семинарлар өтеді. Бізді осы шараға ат салысуға шақырды. Жаныма «Мир»-дің техникалық директоры Вадим Лезниковты ертіп алдым, екеуміз Қазақстанда жүрген кезімізден бастап істес болып келеміз. Страшун да Монтреде екен. Сол кісіге жолығып, «Сони» техникасын сатып алу туралы алдын-ала келісімдерге қол қойдық.

«Сони» компаниясының семинар қатысушыларына арналған қабылдауы қараусыз қалған тұз шахтасында өтті. Монтреде мейрамханалар жеткілікті, шараны солардың бірінде өткізуге де болар еді. Бірақ смокинг киген меймандарды жер астында, қабырғаларын тұз басқан шахтада үстел басына отырғызған сәті ерекше әсерлі болды. Өз басым осы бір керемет шараның ұйымдастырушыларына өте риза болдым.

Страшун мені осы шара үшін Токиодан арнайы ұшып келген компанияның вице-президентімен таныстырды. Вице-президент біздерді келісімшартқа қол қою үшін Жапонияға шақырды. Осылайша, көп ұзамай уәдеге беріктігімізді дәлелдеу үшін Токиоға аттандық.

Шынын айту керек, жапондықтар олардың өнімдерін сатып алатынымызға біршама күдікпен қарағаны рас. Страшун мені компанияның барлық басшылық өкілдерімен таныстырды, біз үшін техникалардың бағасын біршама арзандатуға келісті. Сондай-ақ, бізге ең заманауи құрал-жабдықтарды сатып қана қоймай, телекомпанияның Мәскеудегі және филиалдарындағы құралдарын өз қамқорлықтарына алатын болды.

Эфирге алғаш шыққан сәттен бастап материалдарды тасымалдау мен үйлестіру жұмыстарын факс және әуе жолдары арқылы жүргізу тас ғасырында өмір сүргенмен бірдей екендігіне көзіміз жетті. Спутник, өзіміздің дербес байланыс спутнигіміз керек. Кеңес кезіндегі спутниктер сигналды тек бір тарапқа — Мәскеуден жан-жаққа тарататын. Ал Мәскеуге басқалардан сигнал жіберілмейтін. Ал біздің компанияның спутнигі екіжақты байланыс орнатуға негізделуге тиіс. Сонда ғана біз әрбір өкілдігімізбен байланысқа шығып, сигналды жөнелтуге және қабылдауға мүмкіндік алмақпыз.

1993 жылдың күзінде Страшун мені Британдық телевидение және радио қауымдастығының жыл сайынғы конференциясына сөз сөйлеуге шақырды. Осы жиында мен тұңғыш рет «Мир» телерадиокомпаниясының спутниктік жүйесі туралы идеямды жария еттім. Ағылшындар салқынқанды халық, оңайлықпен еш нәрсеге таңғала қоймайды.

— Жасаңдар, сосын көре жатармыз,— деумен шектелді.

Өз басым бұл идеяны іс жүзіне асыру қолымыздан келетіндігіне кәміл сендім. Спутник арқылы материал жинау әлемдік тәжірибеде қолданыла бастаған еді, бірақ посткеңестік кеңістікке әлі ене қоймаған жаңалық.

Страшун осы конференциядан кейін зейнеткерлікке шықты. «Сони» компаниясының талабы бойынша қызметкерлер зейнетке шыққаннан кейін басқа жерге жұмысқа орналаса алмайды. Себебі, өзгелерге фирманың құпиясын ашып қоюы, жинақтаған тәжірибесі мен білімін сатуы мүмкін. Есесіне, оларға берілетін зейнатақы көлемі айтарлықтай мол.

Екеуміз кездескен сәтте Страшун Парижде, рю де Операда пәтері бар екендігін айтып қалған еді. Пәтеріне қазір консьерж қарайлайды екен, өзі онда тұрған емес. Оның бір пәтерде тұрақтайтын да уақыты жоқ, үнемі жол үстінде. Көбіне көп ұшақпен Латын Америкасы елдерін аралап жүргені.

— Парижден пәтер сатып алу қымбатқа түсетінін білуші едім. Тұрмайтын болсаң, оның не қажеті бар саған?

— Өзің ойлап көрші, жылына екі рет Операға билетке тапсырыс беріп, Париждің көшелерін өзімнің тұрғылықты қалам сияқты емін-еркін аралауыма мүмкіндік бар. Сосын қалаған жағыма кете беремін.

Мен оның ерекше адам екендігін түсіндім... Кейінірек Лариса Васильева өзінің Мәскеу туралы кітабына алғысөз жазуды өтінген кезде мен алғысөзді «Мәскеудегі пәтердің кілті» деп атадым. Страшунмен арадағы әңгімем есіме түсіп, күндердің күнінде мәскеуліктер де бір қаланың аумағында шектеліп қалмай, әлемнің ең ірі шаһарларында өмір сүретін жағдайға жететіндігі жөнінде жаздым. Бірақ Мәскеудегі пәтерлерінің кілтін әрдайым қалталарында сақтауға тиіс. Сонда ғана Мәскеу олар үшін жұмыс істейтін ғана емес, емін-еркін демалатын, көшелерін аралап ләззат алатын мекеніне айналады.

Сонымен, «Мир» телекомпаниясының тыныс-тіршілігіне бұрын-соңды баламасы болып көрмеген техникалық жүйе — спутниктік телевидение жүйесі қажет. Ол әр филиалмен арада қолайлы байланыс орнатуға ықпал етуге тиіс. Алғашында біз ұсынған жоба басқаларға ертегі тәрізді көрінді. Оны қалай шындыққа айналдыруға болады? Қаражатты қайдан алмақпыз? Мұншалықты ауқымды сметаға кім қол қояды? Транспондерді кім бөледі? Оның қуаты қандай болуы керек?

Спутниктік жүйенің қажеттілігінің тағы бір маңызды себебі бар. Ол бізді байланыс министрлігінің қызметінен құтқаратын еді. Байланыс министрлігі өз қызметін қымбатқа бағалайтыны хабар таратушылар үшін ауырға түсетін.

Сонымен, Вадим Лезников транспондер табуды қолға алды. Өкінішке қарай, жұмыс сапасына көңіл толатын отандық спутниктер ол кезде әлі жоқ еді, сол себепті шетелдік фирмаларға хабарласуға тура келді. Ең жақсысы әрі біз үшін ыңғайлысы «DeteSat» компаниясының спутнигі екен. Оны жалға алудың жылдық құны 3 миллион АҚШ долларын құрайды! 1993 жылы компаниямыздың ондай зор қаражат туралы ойлайтын жағдайы жоқ. Оған қоса, спутниктік құрылғылар мен антеннаға да төлеу керек. Соған қарамастан, Инесса бұл іске батыл кірісті. Қорқатын не бар?!

Бізге ондай зор қаражатты ешкім берген жоқ. Бірақ осы қаражатты өз еңбегімізбен табуға мүмкіндік беретін жеңілдікке ие болдық. Оның үстіне, халықаралық ұйымбыз, осы биік дәрежемізге лайықты иммунитетіміз бен артықшылықтарымыз бар. Енді осы істі аяғына дейін жеткізу үшін қыруар құжаттар дайындау керек. Құжат дайындаудың қиындығы Беликовтың иығына түсті.

Алдымен құжаттарды жасау керек, ол үшін Мәскеу мен Алматының ең білгір заңгерлерінің көмегіне жүгіндік (айтпақшы, Ресей Сыртқы Істер Министрлігі, оның құқықтық департаменті үлкен көмек көрсетті). Одан соң құжатты билік назарына ұсындық. Ол жерде де құшақ жайып қарсы ала қойған жоқ. Ондағылардың жанарынан «Көтере алмайтын шоқпарды белдеріңе неге қыстырдыңдар?!» деген жазуды оқитынбыз. Үкімет басшылары мен президенттердің қабылдауына кірдік. Эфирге жаңа шыға бастаған біздерді ешкім тани қоймайтын еді, билік басындағылардың қабылдауына кіру оңайға соқпады. Одан әрі құжаттарды құрылтайшы елдерге мақұлдаттық. Мемлекетаралық құрылымдардың назарына ұсындық. Келесі кезеңде құжат Үкімет басшыларының Кеңесінде қарастырылып, содан кейін ғана Президенттердің бекітуіне жөнелтілді.

Билік дәліздерін аралаумен өткен күндерімізді бекерге тізбелеп отырған жоқпын. «Мир» МТРК-сының кедергісіз және тәуелсіз қызметінің халықаралық-құқықтық кепілі тралы» Ашхабад келісімі осындай қиын-қыстау жұмыстардың арқасында жасалғанын жеткізгім келді. Аталмыш келісімге он мемлекеттің президенттері қол қойғаны қайталанбас оқиға (1993 жылдың 24-ші желтоқсанында қол қойылды). Дегенмен, таңғалатын ештеңе жоқ. Президенттер біздің барша халықтың мүддесі үшін жұмыс істейтіндігімізді жақсы білетін.

Хроника (жалғасы)

1995 жылдың 3-ші тамызында Ресей Федерациясының Президенті Борис Николаевич Ельцин «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясының жұмысын кедергісіз әрі тәуелсіз түрде жүргізуінің халықаралық құқықтық кепілдігі туралы келісімін ратификациялау туралы федералдық заңға қол қойды. Заң жобасы осы жылдың 21-ші шілдесінде мемлекеттік Думада қабылданып, Федерация кеңесінде мақұлданған еді.


Спутниктік жүйе
Осылайша, коммерциямен шұғылданып, тауар таси бастадық. Компанияда арнайы коммерциялық дирекция құрылып, басшылыққа Валерий Андреевич Тюменев тағайындалды. Тюменев өмірде жиған тәжірибесі мол адам: Благовещенскіде телерадиокомпания басқарған, КПСС Орталық комитетінде ұлтаралық жанжалдарды болжау секторын басқарған, Қытаймен арада цемент, металл сату бизнесімен де шұғылданған. Қысқасы, коммерциялық салада тәжірибесі бар.

Ол біздің преференцияларымызға қызығушылық танытқан фирмаларды істес болуға шақыра бастады. Бұл жұмыста қиындық тудырғаны техника немесе қаражат жағы емес, білікті адамдарды таба білу еді. Сәтін салғанда, ондай адамдар да табылды. Көп ұзамай компанияға Владимир Иванович Семиохин менің техника және желілерді дамыту жөніндегі орынбасарым болып келді. Өте сенімді, жауапкершілігі мол, біліктілігі жоғары, ағылшын тілінде мүдірмей сөйлейтін адам.

Оның үстіне, өзі спортсмен, баскетбол ойнайды. Командамен жұмыс істеудің не екендігін жақсы біледі. Қанша дегенмен, команда сапында ойнап, жеңіске жетіп үйренген адам ғой. Жас кезінде студенттер арасында баскетболдан КСРО біріншілігін жеңіп алыпты. Мәскеу авиациялық институтының ең беделді факультетінде — радиоэлектроника факультетінде білім алған. Оқи жүріп, радиобасқару кафедрасында жұмыс істеуге де үлгеріпті, зымырандарды басқару жүйесімен шұғылданған.

Институтты бітірген соң спутниктік байланысқа қатысты көптеген ірі жобалар жасаған. Атап айтар болсақ, шетелдерде елшілік кешендердің құрылысына ат салысыпты.

КСРО күйрегеннен кейін сүйікті ісінен қол үзуіне тура келеді. Бір-ақ күнде дүние өзгеріп сала берді. Ақша жоқ, сенің білім-білігің мен еңбегіңнің ешкімге қажеті жоқ. Тіпті, автоқалам сатып алудың өзі проблемаға айналды. Бұрын мемлекет спутникке қаражат аямайтын, сол молшылық келмеске кетті. Енді өмірден жаңа орын іздеу керек.

Семиохин екеуміздің жолымыз тоғысқан кезде оның жеке бизнесі бар еді. Бәрін жаңадан бастауға бел буған Семиохин жеке ісін дамытуға жан-тәнімен кіріседі. Кәсіпкерлерді есеңгіретіп кететін алым-салыққа да, шенеуніктердің қол байлайтын әрекеттеріне де төзе білген. Отбасын бағып-қағуға жететін қаражаты бар. Өзіне тиесілі акционерлік қоғамның бас директоры лауазымында бұрынғысынша байланыс жүйесімен шұғылданады.

Біздің ұсынысымызды ол бірден қабылдаған жоқ. Біздің телекомпанияның жұмыс барысымен танысып, екі аптаға жуық уақыт ойланды. Ойланып-толғана келе, өзінің сүйікті ісімен шұғындану мүмкіндігіне қайта ие болғанды жөн деп шешті.

Алдымызда жеті бірдей спутник стансаларын салу міндеті тұрды (Мәскеу, Алматы, Баку, Ереван, Санкт-Петербург, Минск, Тбилиси қалаларында). Барлық жерлерде жағдай оңып тұрғаны шамалы. Қаржыландыру тоқтаған. Ақша жоқ. Қаражатты қайдан аларым беймәлім. Қазір өткен шаққа көз жүгіртіп, сол кездегі ахуалды ойласам, қалай жол тапқанымызға таңғаламын. Соған қарамастан, стансалардың барлығын келісілген мерзім ішінде салып бітірдік. Тіпті, Халықаралық экономикалық комитетте «Мир» телерадиокомпаниясы мақтауға ілігіп, ТМД көлеміндегі тиімді жұмыс істеп жатқан жалғыз құрылым деген бағалауға ие болды.

Ендігі кезекте Канукова пен Семиохинге тағы бір қиын міндет жүктелді. Мәскеуден компания үшін штаб-пәтер ретінде ғимарат табу керек болды. Штаб-пәтер орналасқан жер «Мир»-дың барлық филиалдарынан ағылып келген ақпараттар тоғысатын нүкте болуға тиіс. Беликовтың көптеген таныс-тамырларына хабарлассақ та, Ресейдің тиісті орындарына қаншама құжат жөнелтсек те, мәселе бір орыннан жылжымай-ақ қойды. Достастық елдері біздің өкілдіктеріміз үшін аумағы шамамен 1000 шаршы метрге тең орындар бөле бастаған-ды. Тек Мәскеу ғана «Өздерің сатып алыңдар» деп илікпей қойды. Қайдан сатып алмақпыз? Оған ақшаны қайдан алмақпыз? Сәтін салғанда, Канукова мен Семиохина Краснобогатырская алаңындағы қазіргі ғимаратымызды тапты. Байланыс саласында жаңа жобаларды жасаумен шұғылданатын «Фонон» институтының 44-ші корпусында орналасқан. Техникалық жағынан біздің компания үшін өте ыңғайлы жер. Тұтас бір қабатты ұзақ мерзімге жалға алдық. Қаржыландырудың Ресейге қатысты бөліктері шешім таба бастағандықтан, штаб-пәтер мәселесін қолға алатын кез келген еді. Сонымен, штаб-пәтеріміз бас-аяғы 250 күннің ішінде дайын болды. Сөз жоқ, Гиннесстің рекордтар кітабына енгізуге татитын өте қысқа мерзім.

Біздің осынша қысқа мерзім ішінде ұланғайыр жұмысты жолға қойғанымызға барша жұрт таңғалып, бастарын шайқайды. АҚШ-тан, Франция, Испания, Аргентина, Финляндия елдерінен көптеген делегациялар келді. Алдын-ала ойластырылғандығына әрі өте ыңғайлы жасалғанына ризашылықтарын білдіріп, қатты таңырқады. Басқа жерлерде біз атқарған жұмысты жүзеге асыруға бес есе көп уақыт пен бірнеше есе көп адам қажет болар еді.

«Курск» сүңгуір қайығының трагедияға ұшырағанына барша әлем куә болғаны белгілі. «Петр Великий» крейсерінің бортынан осы оқиғаға қатысты репортаж жасалды. Спутниктік байланысты техникалық тұрғыдан біздің компания , атап айтқанда, Андрей Механик бастаған жігіттеріміз қамтамасыз етті. Андрей Механик Семиохиннің сенімді серігі, «Мир-телепорт» директоры. Жанына өзі сияқты білікті мамандардан жасақталған командасы бар. Қазір оның иелігіне 12 телепорт берілген. Алыс қашықтықтардағы әр елде орналасқан осы телепорттар қанша жыл өтсе де мүлтіксіз жұмыс істеп келеді.

Біз «Петр Великий» крейсерінің бортына техникамызды жіберіп жатқанда көптеген адамдар «Бұл істеріңнен ештеңе шықпайды. Теңіз бетіндегі асау толқындар антенналарға спутникпен байланыс орнатуға мүмкіндік бермейді» деп күмән келтірген болатын.

Қазіргі таңда «Мир» телекомпаниясының барлық филиалдары ақпараттарды қабылдайтын және жөнелтетін станциялармен, спутниктік антенналармен жабдықталған. Достастық елдерінің баршасы соның арқасында эфирге жолдама алып, телекоммуникациялық бизнестерін дамытуға мүмкіндік алып отыр. Станциялардың барлығын Мәскеудегі телерадиокоммуникациялық орталық байланыстырады. Мұндай орталықтың ТМД-да баламасы жоқ.

Ақиқатын айту керек, телекоммуникациялармен қамтылу жөнінен ТМД кеңістігі дүние жүзі бойынша ең соңғы орындардың бірінде, тіпті Африканың өзі бізден көш ілгері кеткен. КСРО-дан мұраға қалғаны жартылай істен шыққан, тозығы жеткен байланыс жүйелері ғана. Қарапайым тұрғындар үшін байланыстың бағасы аса қымбатқа түседі, тіпті байланыс жоққа тән. Байланыстың дұрыс жолға қойылмауының бір мысалы, Бішкектен Алматыға хабарласудан гөрі, Сиднейге хабарласудың құны арзанға түседі. Спутниктік байланыс біздің филиалдарымыздың клиенттері үшін бар әлемнің ақпараттық көздеріне жол ашты.

Бүгінгі таңда эфирдегі телекөпір арқылы ешкімді таңғалдыра алмайсың. Бірқатар телеарналар оны әлдеқашан меңгеріп, қолданысқа енгізген. Алайда, ТМД аумағында тек біздің компания ғана екі немесе одан да көп елдерден тікелей телекөпір ұйымдастыруға қабілетті екендігін айта кеткен жөн. Біз өзіміздің телекомпанияның сигналдарын ғана емес, сондай-ақ Си-Эн-Эн және басқа да дүние жүзінің жетекші телекомпанияларының сигналдарын қабылдай аламыз. «Достастық» мемлекетаралық телефорумында «Мир» телерадиокомпаниясы «Жүзеге асырылған техникалық шешімдер» аталымы бойынша бірінші орынды жеңіп алғаны осының бір айғағы. Бұл біздің жетістігіміздің мойындалғандығы.

НТВ Ресейге сандық телевидениені бірінші болып әкелгенін айтып, өзін-өзі жарнамалайды. Олардың пікірінше, НТВ «Бонум-1» спутнигін қолданғанға дейінгі аралықта сандық байланыс мүлде болмаған тәрізді. Мен бұған түзету енгізуге мәжбүрмін: Сандық телевидение Ресейге НТВ-дан бір жыл бұрын біз «Интелсат-604» спутнигін жалға алған сәттен бастап келген-ді. Біз сандық спутникті жалға алдық, сандық байланысты іске қостық. Иә, кей жерлерде кейбір құрылғылар әлі жаңартыла қойған жоқ, бірақ олардың орнын сандық құрылғылар басатыны анық.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   20




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет