Жоға! Кеше жабыстырып жатқанда көзiм түсiп, «бақаның аузына ұқсайды екен» - деп ойлағам. Соны саған айтып тұрғаным ғой, - дедi сабазың. Беккер сабазың екi нәрсенi – жанды мен жансызды салыстыру арқылы, олардың iс - қимылына қарап, жаңа термин тауып тұр. Присоска – бақауыз! Бiз ұлттық ойлау жүйемiзден алыстап кеттiк. Присосканы – емiзiк, жабыстырғыш, жабысқыш деп аударуымыз мүмкiн едi ғой! Меңдуананың орысшасы - колокольчик (әдеби тiл), ал соны қоңыраугүл деп жүргенiмiз сияқты. Меңдуана – У. Анчарь ағашы сияқты. Қайран тiл? Келешек тағдырың не болар екен?!! 4. Мемлекет пен қоғам – ешқашанда ымыраға келмейтiн адамзаттың ақыл–ой тарихындағы ең әдiлетсiз, бiрақ ең қажеттi табиғи қарама-қайшылықтың сахнасы. 5. Ақымақтар билеп, ақылдылар азап шеккен қоғам – болашағы бар қоғам. Ал, ақылдылар билеп, ақымақтар өмiр сүрген қоғам – келешегi кесiлген қоғам. Өйткенi: алғашқысында – рухы күштiлер мен ар–ұяты, намысы барлар; соңғысында – тiрi өлiктер мен масылдар өмiр сүредi. 6.Ақылды мен ақымақтың қателерi де ұқсас. Ақылды мен ақымақ кездесе қалса, ақылды: - «Тәубә! Әйтеуiр мынадан көрi тәуiр екенмiн ғой. Қайткен күнде де осындай күйге түспегенiм дұрыс болған. Ендi мен ақымақ бола қоймаспын» - деп, ал ақылдымен кездескен ақымақ: «Тәубә! Әйтеуiр мынадан төмен емес екенмiн. Қайткен күнде де осы дәрежемнен түспеуiм керек екен. Ендi есте болсын!» - деп өз беттерiмен кете бередi. Егерде, сол кезде екеуi де артына бұрылып, бiр–бiрiне қараса: олар өздерiнiң нағыз ой – өре деңгейiн көрген болар едi. 7. Жатқа жақсы атты көрiну үшiн жасаған жақсылық - өзiңе қиянат; досыңа жақсы атты көрiну үшiн жасаған жақсылық - оған қиянат. -
8. Өлiм – өмiрiңе берген соңғы есебiң.
9. Ол – адамдардың iшiндегi ең азғыны, бiрақ, есектердiң iшiндегi нағыз адамы сол. Тек құлағы мен тiлiн ауыстырып алған. 10. Ол – тiлiн сорып, миын қоректендiредi. Ал анау – миын сорып, тiлiн асырайды.
11. Ақымақ - ақылдың қайрағы.
12. Сұрақ:
«Бiлме! Бiлгеннiң тiлiн алма!!!».
Бұл - қарғыс және қарғыстың ең үлкенi.
Ол радио тiлшiсiне берген жауабыңда: «Мен бұл мәселенi бiлмеймiн» - дедi. Расында да (Ардақ, Атырақ туралы) бiлмейдi екен. Бiрақ ол туралы 15 минут сөйледi.
Сонда бұл – бiлгендiк пе? Әлде бiлгеннiң тiлiн алмағандық па? Өзi қалай ойлайды екен: бiлiп айттым – дедi ме екен, бiлмей айттым–ау деп өзiне-өзi ренжiп, өзiне-өзiнiң көңiлi толмады ма екен? Ұятты жiгiт едi. Екiншiсi болғай.
13. Владимир Беккерден асығыс жазып алынған қара өлеңдер:
а) Аспанда ұшып жүрген қарабай ма*,
Қарабай ұзын шашын тарамай ма.
Сен менi кiшкентай деп менсiнбейсiң,
Саулыққа тоқты қошқар жарамай ма?
*) Қарабай иен даладағы көлшіктерді мекендейтін, бәбісек сияқты төбе шашы тікірейген көл құсының аты екен. Беккерден білдім.
ә) Ауылым өзен сайдың жағасында,
Билiгi сұлу қыздың ағасында.
Ауылыңа кешке таман мен барайын,
Қойыныңа бiр түндiкке аласың ба?
б) Жас кезiмде Жаңғызтөбеге кеп, түнде гитарамен ән айтамыз. Текебас кез. Сонда мен: «Ей, гитарамен жоқтау айта аласыңдар ма?» - деймiн. «Жоқ!» - деп шуылдасады. Сонда мен:
Ойбай, құдай, ай, құдай,
Байымды алған қай құдай.
Етiгiмдi тiгушi едi... –
деп гитарамен сыңсыта жөнелетiнмiн, - дедi.
Ал ендi осы әңгiмелер шешендiк пе, қырттық па? Бiлмеймiн. Бiрақ екi түрлi ойға мәйек болды.
Бiрiншiсi: қазақтың бәдiк айтыстарын, бәдiк ертегiлерiн, бәдiк әңгiмелерiн, бәдiк өлеңдерiн, бәдiк мақал-мәтелдерiн, бәдiк сөздерiн, бәдiк боқауыздарын жинастырып, қадаулы-қадаулы адамдар оқитын кiтап құрастырса қайтедi. Бұл да кәдiмгi тiршiлiк пиғылынан, көңiл жұбатудан туған халықтың рухани мұрасы ғой. Қаншама күлкiлi, әдептi–әдепсiз сөз бен хикая, әлде бiр қуауыз ата-бабаларымыздың қушыкеш сөзi өшiп барады. Ал, шындығына жүгiнсек: еркек-әйелiмiз, үлкен-кiшiмiз бар, топ–топ шүйiркелесе қалғанда, әуелi осы бәдiк сөздi ауызымызға алатынымыз анық қой. Бала деймiз бе? Әдеп деймiз бе? Әй, сол жүгiрмектер, Қалмұхан ағамыздың баласындай, мектепке барған күнi тiптi, бармай тұрып–ақ: насыбайдың – насыбай емес екенiн бiлiп алады ғой. Несiпбектiң Мұраты мен Ерасылының тiлi сол сөзбен ашылып едi. Ендеше несi ұят!
Екiншi ой:
Әдепсiнiп, ұяттысынып, ұят сақтанғансынып, тек ұялу үшiн ғана аузыңа келген ұятсыз сөздi кезi келген кезде, өз ортасында, өз орнында айтпау – жай қылымсу ғана.
Нағыз ұятсыздық сол қылымсудың астында жатыр.
Әдепсiздi, ұятсызды, ынжықты ұялту үшiн дер кезiнде, өз орнымен дәл (өз ортасынсыз–ақ) айтылған ұятсыз сөз – нағыз ұятты сөз.
Онда – мағына, тәрбие және тапқырлық пен батылдық бар.
Сонда кiм бәдiк, кiм ұятты, кiм қырт?
14. Мәңгiлiк меншiктер:
Жаның – Алланiкi,
Жүрегiң – елiңдікi,
Ар – намысың – өзiңдiкi,
Азап – ақылдынiкi,
Рахат – ақымақтiкi,
Көр – жердiкi.
Жер, соның бәрiн жер.
15. Шайпауды – шайтан жеңедi,
Шайтанды - қатын жеңедi.
16. Досы көппен – сыйлас.
Досы жоқпен – сырлас.
Ал кiммен сыйластың, кiммен сырластың? Шынтуайтына келгенде, бәрiмiз де жалғызбыз. Сенiң де өзегiңдi өртеген, менiң де өзегiмдi өртеген сол жалғыздық. «Жалғыздық - Аллаға ғана жарасқан» - дейдi. Солайы – солай. Бiрақ ол сөздi – бiр жалғызды екiншi жалғыз жұбату үшiн айтқан. Ол – сыр ашатын сырлас iздеген шерлi көңiл сыңар адамның үмiтсiз емеурiнi ғана. Демек: жалғыздық - ойлы адамның жан серiгi!
Ендеше: сыйласақ досы жоқты сыйлаған сауап.
17. Жетiм жыласа – жер жылайды.
Ер жыласа – ел жылайды.
Жер – жетiмдi жұбатады.
Ел – ердi жұбатады.
Ер – кiмдi жұбатады?
18. Таққа – бақ бас иедi,
Баққа – тақ тас үйедi.
19. «Жақсы әкенiң әруағы – жаман ұлды қырық жыл асырайды».
Дұрыс. Демек бұл: жаман ұл – жақсы әкенiң әруағын қырық жыл қорлайды, - деген сөз ғой. Ендеше жаңағы мәтелдi:
Жақсы әкенiң әруағы – жаман ұлды қырық жыл қорғайды,
Ал жаман ұл – жақсы әкенiң әруағын қырық жыл қорлайды, - деп, мақалға айналдырып жiберуге әбден болады. Жақсылардың артындағы ұлдарының қылығына қарасақ, бұл шындықтан алыстап та кетпейдi.
20. Бiр ауыздан – жалын да шығады, жаның да шығады.
21. Тәңiрден – Тәубе,
Алладан – Аян.
Пайғамбардан – Пәтуә,
Адамнан – Иман бұйырсын.
22 Көңiлдi – өмiр жылатады,
Өмiрдi – көңiл жұбатады.
23. Жәнiбектің анасы, марқұм Мағираш шешемiз кейде екеумiз кiрбiң қабақпен барғанда:
-
Үй, өңкей ынжықтар. Онысы несi-ей мыналардың. Баяғыда өзiмiздi байымыз: күндiз қанымызды шығарып тұрып сабайтын, түнде жанымызды шығарып тұрып сүйетiн. Не сабай алмайтындарың бар, не сүйе алмайтындарың бар, қатынды неге алдыңдар? Бар, қатындарыңа ие болындар! Жоламаңдар маңыма, - дейтiн...
Дейтiн де, үнсiз ғана орнынан тұрып қазан көтерiп, сорпа-су дайындауға кiрiсушi едi.
Әулие едi-ау, жарықтық! Расында да, жанынды шығарып сүйген соң, қаның жаныңның садағасына кетпей ме? Өмiрдiң нағыз дәмi сол.
24. Осы басыңа күн туғанда – көрiңнiң дайын тұратыны,
Күнiң туғанда – төрiңнiң дайын тұратыны – несi екен?
Көрдi қазатындар да,
Төрге көрпе жазатындар да қоғамның сүлiктерi мен сүмелектерi.
Ерiк-жiгерi жоқ, түйсiгi тәуелдi рухани мүгедектер мен мүскiндер.
Өйткенi олар: өз басын алып жүре алмайтын басыбайлылар.
Өйткенi олар: кiсi ақылымен күн көретін – миақылар мен масылдар.
Өйткенi олар: iшiн тырнаған мысық пиғылын - қызғанышын жеңе алмаған ынжықтар мен лаухилер.
Өздерi шетiнен тоғышар, аяр, ойы – пасық, миы – сасық, сырты – паң, iшi – лаң келедi.
Жемтiк екеш жемтiкке де жалғыз қона алмайтын құзғын сияқты. Топтасып жүрмесе өмiр сүруге қабiлетсiз. Адамның iшiндегi ең сорлысы, ең қылқұрты, ең бишарасы және қарақұрт сияқты аса қауiптiлерi де солар. Өйткенi олар: өзгенiң ақыл-ойының шырынын сорып, iсiне малданып күнелткен сүлiк – паразиттер.
Құрт - құрмысқаға жем болған қайран ғұмыр-ай десеңшi! Өмiрiңде бiр рет сiлкiнiп қайрат көрсетпей, жаны бықсып - қоңырсып, тәнi – иiстенiп кеткен солар да өмiр сүрдiм дейдi-ау!
Сүйретiлiп жүрiп өмiр сүруiн сүредi-ау, бiрақ ол адамның емес, сарысуды сорған сүлiктiң – паразиттiң жансебiл өмiрi ғой.
Ең үлкен қорлық - соны олардың өздерi де бiлдедi. Бiрақ оны қорлық деп санамайды.
О, бишара! Сорлы!
Шоқи бер, жемтiгiңдi. Өйткенi алланың саған жiберген сыбағасы сол. Одан артық саған қандай жаза керек және бұл алланың әдiл жазасы.
Шоқы! Шоқы! Тағы шоқы! Өйткенi сенiң боқтықсыз күнiң жоқ.
Өйткенi: «Қошқардың енегi үзiлiп түседi» - деп аштан өлуге дәтi шыдап, тәуелелге баратын:
«Жаны аяулы адамға қосамын» - деп,
Әр кiм бiр ит сақтап жүр ырылдатып, -
деп Абай айтқан бөрiнiң бөлтiрiгi сен емессiң. Сен оның «өлтiрiге» жүретiн бұралқы өлекшiнi ғанасың. Сондықтан қауып та жарыта алмайсың – ау-деп сенен күдерiмдi үзiп тұрмын.
Одан да бар, бара ғой. Қапы қалмай тұрғаныңда боқтығыңды шоқып қал!
Қазған көрiңдi көрдiк, маған емес, өзiңе шақ екен.
Ендi төрiңдi дайындай бер! Тiрi болсам, түптiң-түбiнде мiндеттi түрде төрiңе бiр шығамын.
Әттең! Шоқи жүрiп өзiңе де көр қазып жатқаныңды сезбейсiң-ау, сүмелегiм!
Әне, тағы бiр тұлға тезек тастады. Бар. Қапы қалма. Шоқы.
25. Бұрынғы барлаушы, сот, жазушы Мөртай Қощығұл бүгiн серуенде жүрiп, сейiлдеген адамдардың бәрiн елеңдетiп, ақ белдемше киген келiншекке қарап:
Жүйрiк ат өрге шапса қыраулатқан,
Келмейдi әнге даусым тымауратқан.
Етегiн ақ көйлектiң жел көтерiп,
Қалқамды қу шаңдаққа кiм аунатқан.
Ғайни – ау, сәулем!
Жүргенiм менiң бүйтiп-ай,
Сенiң әурең!, -
деп әндетiп қоя бердi.
Осындағы поэзия мен көңiлдi желiктiрiп тұрған соңғы екi жол. Қандай қу шығарды екен, ә!
26. Мөртай ағамыз Сочиде суға жүзуден алдына жан салмай, айдында ойқастап жүредi. Жағаға шыққанда орыстың үш қызы кезек-кезек: «Жасыңыз нешеде?» - деп сұрап тұрып алыпты. Сонда Мөртай ағамыз серiлiкпен:
-
Еркектiң жасы төсекте бiлiнедi. Сенбесеңдер, сынаңдар, - дептi.
Ертеңiнеде қыздар Мөр-екеңе: - 28 - 32 жастасыз - деп баға берiптi-мiс.
Ал ол кезде серi Мөртай алпыс жаста екен! Қиыстырып-ақ айтты. Өтiрiк те болса – берекелi сөз ғой, шiркiн!
27. Тағы да сол Мөртай ағамыз туралы. Алматы қаласындағы Ленин ауданының соты екен. Таңертеңгi сегiз жарымда қызметке келедi. Кеңсеге кiре бергенде өте келiстi, сымбатты келiншектi көрiп, көзiнiң қиығын тастап жанынан өте бередi. Келiншек соңынан ерiп, бөлмеге қоса кiрiптi. Кербез де паң келiншекке қырындаудың қыбын күткен, сәл бағасын арттырайын деген оймен Мөр-екең:
-
Сағат тоғыздан бастап қабылдаймын. Газет пен хат-хабарды қарап, шолып шығуым керек. Күтiңiз - дептi.
Еркектен бетi қайтып көрмеген келiншек селк ете қап, көңiлсiз күймен шекiрейе шығып кетiптi.
Сағат тура тоғызда хатшы қызына айтып келiншектi қабылдайды. Келiншек үндемей келiп орындыққа отырады.
- Иә, қандай жұмысыңыз бар?
-
Ешқандай жұмысым жоқ.
-
Ендеше кiмге келдiңiз?
-
Сiзге.
-
Неге?
-
Бiлмеймiн. Сiздiң өзiңiз ғой шақырған. Мiне, хатыңыз,- деп алдына соттың шақырту қағазын тастай салыпты.
-
Иә, ендi есiме түстi. Үстiңiзден арыз бар.
-
Кiмнен?
-
Күйеуiңiзден!
-
Не дептi?
-
Көзiме шөп салады – дептi.
Сонда келiншек жұлып алғандай Мөрекеңе тура қарап:
-
Ағасы! Мына бiз сияқты келiншектер күйеуiнiң көзiне шөп салмаса, сiз сияқты жiгiттер кiммен жүредi, - дептi.
Сонда келiншектiң өр мiнездi серi «ағасы» сейфтiң iшiндегi арызды алып:
-
Мә, жауабын өзiң бердiң, - деп сылқым «қарындасының» алдына тастай салыпты.
Екеуiнiң қайсысы мықты? Мөртей – мәрт. Бiрақ, оны сол мәрттiкке қақпайлап әкелген келiншек те ойнасты саналы түрде ақылмен жасайтын, еркектiң алпыс екi тамырының тiлi мен қадiрiн бiлетiн әккi. Әлгi Абай айтқан:
Күнде көрген бiр беттен көңiл қайтар,
Қылт еткiзбес қылықты тамыршы озар,-
дегендегi «тамыршының» нағыз өзi болды ғой.
Абыройын ақылмен жапты. Бiр–ақ ауыз сөз арқылы масқарадан масқарад жасады – деген осы.
28. Тосын, иiндi, оңтайлы сөздер.
-
«Сұғанақтың сұғынан сақтасын». Мағынасы атқан оқтай қысқа да, нұсқа тiлеу екен.
-
«Сөзiнiң ләмiне қарағанда...» (Омарғазы Айтан). Осындағы «ләмiне» деген сөз бүкiл сөйлемнiң дәмiн келтiрiп, барлық көркемдiк – психологиялық желiнi көтерiп тұр. «Ләмдi» - дәмдi сөз екен.
-
«Опық жерде - оқталмаған мылтық атылады». Дұрыс. Тағдырдың опасыздығы мен жазмыштың кездейсоқ қырсығының кесiрiн мекзеп отыр. Мұса Рахманбердіұлы марқұмның тағдыры солай болды емес пе!?.
-
«Тасқын өтер-кетер, тас қалар». Мұндағы «тас» аумалы – төкпелi заманда да өзгермейтiн ойлы адамның мақсаты шығар.
-
«Жаз келсе де – жалқау күнге тотықпас». Бұндағы «жалқау» - санасын тот басқан тоқпейiл, өзiнiң пиғылының ғана қанағатын ойлайтын, өзiмшiл, өлермен тiрi өлiктер ғой.
-
«Торғай жаңбыр жауса – балапанын қорғайды, бұршақ жауса – өзiн қорғайды».
Қайтсiн, ол бейшараның бұдан басқа не амалы бар? Ал, пенделер ше?
29. Тағы да Мөртай Қосщығүлдың әңгiмесiнен туған ой. Жiгiт қалыңдығына ұрынға барады. Көңiлi суып, ұрын түнiнен ұрты томпайып шығады. Қыздың жеңгесi шәй құйып отырып:«Бiздiң ауыл – Алтай-ды, сiздiң ауыл – Жолтай-ды. Айналайын, күйеужан, аузың неге томпайды?! » – дейдi. Күйеу жiгiт:
«Бiздiң ауыл – Жолтай-ды. Сiздiң ауыл – Алтай-ды. Қайынсiңлiң, жеңешем, әркiмге неге жантайды?» - деген екен.
Келiншек бетiн басып, енесiне тұра жүгiредi.
Ар жағы Сабырбай мен Байбаланың бәдiк айтысына ұқсап, кәдiмгi қалыптасқан қазақтың тақтақ жолымен тура тартады. Қыздың шешесi жiгiттiң әкесiнiң жай-жапсарын, құрал-жабдық, сайман-сауытын түгел бiлiп алған екен, ұстатпайды. Көргенсiз сөздердiң бәрi iске қосылады. Екеуара әңгiмеге таптырмайтын-ақ қысыр тақырып.
Бiрақ тәрбиесiз сөз болғанымен – тәрбиелеуге, көргенсiз сөз болғанымен - көргендiлiкке септiгiн тигiзер өмiр мысалдары. Ал халықтық тәрбиенiң түп негiзi – осындай салыстырулардан құралған. Тыңдаушыны үнемi ақылгөйсiп сөйлеген уағыз бен әдептi құрғақ нақыл жалықтырып жiбередi, тiптi, жеккөрiнiштi қарсылық туғызып, жүйкеңдi тiтiркендiредi. Мұны бiлген халықтық тәрбиенiң өкiлдерi өмiрдегi барлық құбылысты, оқиғаны, қисынды-қисынсыз қылықтарды әр түрлi тәсiлмен мысал етiп баяндаған. Мысқыл, әжуә, қалжың, әзiл-оспақ, айтыс, тағы басқалар. Жоғарыдағы келiншек пен күйеу баланың айтысы да сондай iзгi ниеттен туған. Айтайын дегенi: қыз әдебiн шешесiне қарап сақтайды деген емеурiндi бiлдiредi. Ал мына арадағы түпкi көргенсiздiк - қыздың шешесiнен басталып тұр ғой.
Күйеу жiгiт пен қыздың жеңгесi – оқиғаны жеткiзудiң көркемдiк құралы ғана.
1997-1998.
ІЛМЕ
(Ой түрткі)
Мұстафа Кемел Ататүрiктiң қанатты сөздерiнен қазақша иiрiмге келтiрiлген еркiн тәржiмалар мен еркiн ой қорытулар.
-
Елiңнің елдiгi – тәуелсiздiгiнде.
-
Ұлттың ұйтқысын таба алмаған ұлт - жаттың табанындағы ұлт.
-
Бостандықтың, теңдiктiң, әдiлеттiң таразысы – тәуелсiздiк.
-
Үкiметi – ұлт десе, ұлты - үкiмет десе, ол – нағыз тәуелсiз және толысқан ұлт.
-
Өмiрдiң мәнi - ұлттық тәуелсiздiкте!
-
Тәуелсiздiктiң қасиетi – тек тәуелсiздiкте ғана емес, рухани тәуелсiздiкте!
-
Жеңiс – жеңудiң емес, мақсатыңның орындалуының нысанасы.
-
Ұлтқа – үкiм жүрмейдi. Оған қызмет етуiң ғана мүмкiн. Оны – борыш, парыз деп атайды.
-
Тiл – ұлттық қасиет.
-
Ұстазсыз ұлт – жетiм ұлт.
-
Өнерсiз ұлт – өресiз ұлт!
-
Ұлтың – ұялуың үшiн емес, мақтануың үшiн жаратылған. Оның бақыты да, соры да – сенiң өзiңсiң!
-
Тәрбие де – саясат.
-
Дiн – дiлiң!
-
Қасиетiң де, қасiретiң де - қаныңда! Рухың соның қай тамырынан нәр алады, мәселе, сонда!
-
Сүмелек – сүмелек емес, нағыз сүмелек – сатқындар!
-
Абай қолданған «жүрек» деген сөздi – кәдiмгi ет жүрек деп ұққан адам, Абайды емес, ағзатануды (анатомияны) қолына алғаны абзал.
«Жүрек» - Абай үшiн – батыста қалыптасқан «философиялық тас» - деген түсiнiкпен де шендесiп кетедi. Тек, мұнда Абайдың «жүрегінде» сезiм оты күштi. Бұл үстiрт қана ой жүгiртiп өткендегi байқалып қалған нышан. Ал, тереңдеп кетсең ғой!
О, о! Онда санаңды сабылтып, қайда алып кетерi, қандай тұңғиыққа батырары тылсым түйсiкке ғана аян! Ондай азаптан бiр алланың өзi сақтасын! Қорқынышты!
-
Абайды оқығанда бойыңа у жайылып бара жатқандай күй кешесiң. Абаймен уланған адам – ол дерттен мәңгi айыға алмайды. Абайдың уы – ақылдың уы. «Ақылың – ашыған у, ойың - кермек» - дептi ғой өзi де!
-
Назым Хикмет: «Ортағасырлық зәйтүндi де жөнiне қалдыр, өз бетiмен теңселе берсiн; сүрiленген мәйiттi де жөнiне қалдыр, өзiнiң табытында сүйегiн сытырлатып жата берсiн. Ал сен сенетiн iспен айналыс, туған түрiк тiлiнiң тазалығы үшiн күрес! Егер ұлу оларға ұнаса - қыңсылай берсiн, ал сен осымен доғар!
«Ит үредi, керуен көшедi!»
-
Мұхтар Әуезов өзiне жала жауып, арыз жазушылардың сазайын тартқызу туралы ұсыныс жасаған бiреуге: - Ит қапты деп мен де қапсам, аузымда не қасиет қалады, - деген екен!
-
Мұхаммед Пайғамбардың хадисiнде де «адамның көзiн тек қана топырақ (қабiр топырағы) тойдырады. Кiм тәуба қылса, Алла соны кешiредi» - деген екен. Абайдың «Ескендiр» дастанының өзi осы идеядан туып, соны философиялық тұрғыдан негiздеп отыр ғой! Ендеше, ол дiндi неге жек көрсiн!
-
Әбул Хасан ән Недви, үндiлiк, дүниежүзiлiк әдебиәти ислами бiрлiгiнiң төрағасы:«Ағылшындар әскери және басқару жолымен ықпал ете алмайтындықтарын бiлiп, мәдениет империализмi арқылы бұл табысқа қол жеткiзген. Осылайша ағылшындар жергiлiктi халыққа исламды және өз мәдениеттерiн ұмыттыру жолында шаралар жасап бақты. Ислам әлемi – өз мәдениетiнен, дiнiнен, тiлiнен ұялатын халге жеткен. Бұл айығуы қиын дертке ұқсайды... Мұны емдеудiң бiрден бiр жолы – мәдениет пен әдебиет арқылы ғана табылуы мүмкiн» - депті.
Иә, бiздiң дертiмiз де тым асқынып кеттi-ау! Ендi әдебиет те емдей алар ма екен?!! Оқу мен оқытудың жаңа әдiсiне көшiп, тәсiлiн тапқан жөн шығар! Сонда, ол – теледидар ма, радио ма? Жоқ, баршаға ортақ компьютерлiк жүйе! Онсыз сауатсыз қаламыз!
-
Пайғамбардың хадисi бойынша: жаяуға – атты, отырғанға – тұрған, азшылық - көпшiлiкке сәлем бермек жөн. Сәлемдi алса – сауап, алмаса - салауат - екен. Өте дұрыс жүйелi ой.
24. Күресiп жеңген емес, ашуын жеңген мықты.
-
Байлық - малдың көптiгiнде емес, нәпсiнiң тоқтығында.
-
Жарастық пен жақсылық үшiн жалған айтқан адам – өтiрiкшi емес.
-
Махмұд Қашқари: «Диуани әл – лұғат – ит - түрiк» кiтабынан:
«Мен тәңiрінiң өзi құт ұясын түрiктердiң бақ жұлдызына туралап салғанын және ғаламды солардың төбесiнен айналдырып қойғанын көрдiм. Тәңiрi оларды «түрiк» деп атады әрi оларды мемлекет иесi еттi. Дәуiрiмiздiң қаhандарын түрiктерден шығарып, заман мен елдiң ақылы мен еркiн соларға билеттi. Оларды адамдарға көсем еттi, hах iстерiнде соларды қолдады, олармен бiрге күрес жолына шыққандарды ғазиз еттi әрi түрiктер өз iшiнде соларды барша тiлектерiне жеткiздi. Жамандықтан, зұлымдықтан қорғады. Шейх Әбубәкiрдiң ақырзаман турасында жазған бiр кiтабында ұлы пайғамбарымыздан нақыл келтiрiп, мынадай хадис баян етедi: «Ұлы Тәңiрi:
- Менiң бiр тайпа қосыным бар, оларды «түрiк» деп атадым, оларды күншығысқа орналастырдым. Бiр ұлысқа ашуланып, назалансам – түрiктердi соларға қарсы жiберемiн» - дептi.
Сондықтан да тәңiрдiң өзi оларға («түрiк» деп) ат берген; жер жүзiнiң ең биiк, ыңғайлы, ауасы ең таза, шұрайлы өлкелерiне орналастырған; оларды «өз қосыным»! – деп есептеген. Оның үстiне түрiктер: көркем (қабiлеттi), сүйкiмдi, ақжарқын, әдептi, жүректi. Үлкендердi, қарияларды құрметтейдi. Сөзiне берiк, мәрт, кiшiпейiл. Тағы да сондай сансыз iзгi қасиеттерге ие» - деп жазған.
-
Махмұт Қашқари: «Сонымен, мен (өзiм) сол түрiктердiң (iшiндегi): қызыл тiлге ең шешендерiнен, ең бiр бiлгiрлерiнен, ежелгi асыл тайпаларынан және соғыс iсiне мықты найзагерлерiнен болғандығымнан (шыққандықтан) олардың шаhарлары мен сақарасын аралап шықтым. Түрiк, түркiмен, оғыз, шiгiл, иағма, қырғыздардың сөздерiн және оның қасиеттi құпияларын анықтап шықтым, оларды пайдаландым.
Мен бұл iстердi (кiтапты) осы тiлдердегi әрбiр кiші-гiрiм айырмашылықтарды парықтап бiлу үшiн iстедiм (жаздым). Олардың әрқайсысының тiлi – менiң көңiлiме ұялап, берiк сақталып қалды. Мен оларды мұқият реттеп, әбден тәртiпке келтiрiп, жүйелеп шықтым. Бұл – мәңгiлiк жәдiгерлiк уә өшпейтiн, таусылмайтын байлық болсын дедiм де – тәңiрге сыйынып, осы кiтапты түзiп шықтым да оған - «диуани – ал – лұғат – ит - түрiк» - «түрiк тiлдерiнiң сөздiгi» - деп ат бердiм».
Айтылған пiкiрдегi:
-
Жағирафиялық, тiлдiк анықтауларға (Қазақстан);
-
Өзге ұлттарды көрдiм деп, қазақтан басқасын бөлiп тастағанына (ұйғырды да iшiнде айтады, менiң руым емес - дейдi);
-
Найза, шешендiк т.б. этнографиялық белгiлерi бойынша да қазаққа келетiнiн есептемегеннiң өзiнде де бұл «сөздiкті» қазақ ұлты «менiкi» деуге түп тамыры – рухани мұрасы ретiнде қақы бар. Ал, бөлмей – жармай, ортақ мұра – ата мұра ретiнде пайдалансақ - құба-құп.
-
Мырзакелдi Кемел - кемел азаматтың бірі. Оның «Жоғары өрле немесе жолды босат» - деген («Қазақ әдебиетi», 1997, 4 ақпан) ойтұжырымдары қатты ұнады. Соны оқып отырып көңiлiме ұнағанын («...») не өңдеп, не ойын ұштап жаздым.
Тәлiмдi сөз, орнықты ой боп, айтуға жеңiл болсын деп ойладым.
-
«Сәттiлiк – кездейсоқтық емес!»
-
«Аз ғана тәжiрбие – үлкен теориядан пайдалы».
-
«Иә, алла! Маған: Қолыңнан келетiн iстi атқаратын қуат бер; Қолымнан келетiн iске ұмтылмайтын ерлiк бер; (!) Осы екеуiн бiр-бiрiнен айыра алатын ақыл бер!».
-
Сенбесең бастама. Бастасаң – тастама. Орта жолдан керi қайтуға да сондық күшiң кетедi.
-
«Iске кiрiскен адам - құдық қазушы сияқты. Судың көзiне жетпей iсiн доғарса – еткен еңбегi еш кетедi (Кун-зы).
-
«Бiр тәуекел бұзады, мың қайғының қаласын. Бiр жақсы сөз жазады, мың көңiлдiң жарасын».
-
«Ақырын жүрсең – сорың сенi қуып жетедi, жылдам жүрсең – сен сорыңды қуып жетесiң».
-
«Ағаш кесiп жатқан араң өтпей қалса: - Уақытым кетiп қалады, - деме, қайрап ал, әйтпесе, одан да көп уақытың кетедi».
-
Ойыңды өзеуреп түсiндiре берме – бәрiбiр түсiндiре алмайсың. Онда: «Пайда iздеп жүрген бiреу ғой» - деп ойлап қалуы мүмкiн.
-
Үлкен iске ұмтылудың өзi – iрiлiк. Талабының өзi - құрметке лайық.
-
«Халық» деген бейшара: сойыл соғысқанда бiрге соғысады, үлеске келгенде құм асайды» (Мұхтар Әуезов).
-
Бiреудiң идеясын өзгертуге тырысу – оның iсiне қол сұққаның, намысына тигенiң, кем санағаның. Одан да өз идеяңды ұсын. Идеясын өзгертсе – өзi өзгертсiн. Сонда көңiлде – кiрбiң, iште – сыз, ойда – өштiк қалмайды.
-
«Менде – бiр алма, сенде – бiр алма. Екеуiн алмастырсақ - екеумiзде бәрiбiр бiр-бiр алма күйiнде қалады. Менде – бiр идея бар, сенде – бiр идея бар. Екеуiн алмастырсаң – сенде де екi идея, менде де екi идея бар болады». Бiлiм де сол сияқты.
-
Платон: заңы әлсiз, жаттың билiгiнiң астындағы ел – келшегi жоқ ел. Заңы – әкiмдерден күштi, әкiмдер – заңның құлы болған ел - құдайдың мейiрiмi түскен ел!
-
Сенi мақтап, басқалардың бәрiн жамандап отырған адамға – сенбе! Ол – көлгiрлiк!
-
«Жеңiстiң жүз иесi бар, ал жеңiлiс - жетiм». (!)
-
«Кедей боп жүре беруден байып кету оңай. Себебi – кедейдiң серiгi - қиыншылық».
-
Байлыққа жетудiң екi-ақ тәсiлi бар: әалай әрекеттенудi және қажетсiз iс-әрекеттердi қалай болдырмауды бiлу керек.
-
Тойсаң – тәуба қыл.
-
Өзiңде барды берген жомарт емес, өзiңде жоқты тауып берген жомарт.
-
Енжарлық - кедейдiң бойындағы жылбысқы.
-
Нан - қарынды iздемейдi, қарын – нанды iздейдi.
-
Көкжиектi ғана көрсең – көзiң көреген, көкжиектен арғыны көрсең – өзiң көрегенсiң.
-
Жаңа байығаннан қарыз сұрама: ол – барып тұрған қастандық.
-
Сенiм де несиеге берiледi. Сенiмнен шықпағаның – несиенi қайтара алмағаның.
-
Барды – жоқ деме, жоқты – бар деме. Өйткенi: «жоқ» - барға жабыса кетедi, ал «жоққа»- «бар» бармайды. Сондықтан да: «бар» мен «жоқтың» ырысын араластырма.
-
Қарызды қалтасына қарап бер. Өйткенi: қарыздың азы – борыш, көбi - қорлық. Қарыз күлiп барады, жылап қайтады.
-
Қайтара алмайтын қарызды бергенiң – дұшпан тапқаның.
-
Д.А. Қонаевтың жиi қолданатын мақал-мәтелдерi: бүгiнгi күн – кешегi күннiң шәкiртi.
-
Жыл дегенiң – жылғадан аққан су.
-
Үрей – ине үстiндегi өмiрден жаман.
-
Көргенi жақсы – көңiлдегiдей iс тындырады.
-
Жiгiттiң сөзi өлгенше – өзi өлсiн!
-
Көз – өзiне сенедi, құлақ - өзгенiң сөзiне сенедi.
-
Барыңды ұқсата алмасаң - «жоқ» шiркiн жеткiзбес жұт.
-
Баққа да бап керек.
-
Адамға жазаның ең үлкенi – жұмыссыз қалдыру.
-
Аты озып тұрған кiсiнiң айбыны биiк болады.
-
Үмiттiң аяқ асты болғанынан артық қорлық жоқ.
-
Таудай қасiрет тартқанға – тарыдай қуаныш та жұбаныш.
-
Билiк оңай – бiлiп айту қиын!
71. 4.04.2001ж. Ақмола- Астанадағы ойға келген алғашқы сөз
Күшiгiнен таланған,
Төбет!..
Тасқа шабылған
Қылыш!
Жаны жасық
Жылаңқы!
Болғым келмейдi!
Келмейдi!– дедiм ғой – келмейдi!
Азуынан көкжал бөрi сескенген
Тазы!
Қара тасты тiлiп түсер
Семсер!
Ешкiмдi басындырмайтын, ешкiмдi басынбайтын және ешкiм
Басынбайтын
Пенде!
Болғым келедi!
Болғым келедi!- дедiм ғой,- болғым келедi?
Егер мүмкiн болса немесе мүмкiндiк берсе!
Иә, мүмкiндiк берсе!..
P.S.
Бұл сөзді астанаға қоныс аударып келген күндері жазыппын. Араға он жылға жуық уақыт өтсе де осы сөздерді қазір де қайталағым келеді. Әлде бұл өмірдің бітпейтін етекбасты сыбағасы ма екен? Қайдам. Егер де өмірдің өзі осындай қайшылықтар мен қорланудан тұрса, Абай айтқандай, «онда мұның қимайтындай несі бар осы?».
Достарыңызбен бөлісу: |