Ғазали ғибыраттары (Еркiн пайымдаулар)



бет1/4
Дата28.06.2016
өлшемі0.94 Mb.
#164392
  1   2   3   4
ҒАЗАЛИ ҒИБЫРАТТАРЫ

(Еркiн пайымдаулар)

Аңғарту


Адамзат тарихының ойлау жүйесіне ұлы төңкерiс әкелген ғұламаның бiрi - Ғазали. Мұқым мүhмин әлемiндегi жаңаша ойлауды әкелген жадидизмнiң дәнiн сеуiп, санаға сәулесiн түсiрген де сол Зайниддин Мұхаммед имам Ғазали (1058-59) - 1203). Хорасан уәләятындағы Туси шаhарынан 20 шақырым жердегi Ғазали қыстағында дүниеге келiп, Нишапур, Самарқанд, Бағдат, Шам, Искендрия (Александрия) шаhарларындағы оқымыстылармен пiкiрлесiп, пәлсафалық сұхбат құрып, ақыл-ойдың ғұлама – хакiмi дәрежесiне жетедi. Қайда барса да сол жердегi медреседе дәрiс оқиды, уағыз айтады. Сондықтанда ол ел арасында «имам Ғазали» атанады. Ол: «Жауhар», «Негiздер» («Орталық»), «Түйiн» («Қысқа»), «Қортынды», «Мұстафа», «Жас шыбық», «Философтардың терiстi терiске шығаруы», «Адасудан арылу», «Көзқарасты анықтау», «Iлiм өлшемi», «Мақсаттар», «Өзге халықтардың жаңылыс пiкiрлерi», «Алла есiмдерiнiң мағынасы», «Шығыс», «Мақсат пен уақыт аралығы», «Құстар жайлы кiтап», «Hақ жолының бастамасы», «Ей, перзенттерiм», «Дiни iлiмдердiң тiрiлуi», «Түйсiктану», «Бақытқа жетудiң алхимиясы» атты пәлсафалық кiтап жазған. Дауани, Ауғани, Габдуку, Маржани, Абай сияқты әлемдiк ойлау жүйесiнiң данышпандары осы ғазалидiң рухани шәкiрттерi.

ХIХ–ХХ ғасырдағы мұсылман дүниесiнiң оянуы мен өрлеуi - Ғазали iлiмiнен тамыр алады. Ұлы ғұламаға құрмет ретiнде әр кезде, әр қилы жағдайда, әр қилы көңiл-күйде ойға оралған, не өзгенiң пiкiрлерiн оқи отырып, соны өзiмiзше дамытып, қырнап-қырлаған қысқа түйiндердiң басын қосып, бұдан былай оны «Ғазали ғибыраттары» деп атауды ұйғардым. Оның iшiнде сол Ғазалидiң өз пiкiрiне қарама-қайшы келетiн пайымдаулар да бар. Бiрақ Абайдың ақыл-ойына сусын болған ғұламаның құзырына бас игенiмiздiң және оның шарапаты тиер деген iзгiлiк ниетiнiң белгiсi болсын – деген дәмемiз де болды.

Ғазали ғибыраты дегеніміз: «Естiлердiң айтқан сөздерiн ескерiп жүрген кiсi өзi де естi болады. Әрбiр естелiк - жеке өзi iске жарамайды. Сол естiлерден естiп, бiлген жақсы нәрселердi ескерсе, жаман – дегеннен сақтанса, сонда iске жарайды, сонда адам десе болады», - деген Абай үлгiсi емес пе?!.

Даналықтан дәмемiз жоқ, бiрақ, естiлердiң қатарына қосылудан үмiттенсек несi айып, несi мiн, несi намыс.

Ой – адамның қайрағы.

Өлшем

Егер Ғазали маған мына сұрақтарды қойса:



  • Аспаннан да биiк не?

  • Көңiл.

  • Теңiзден де терең не?

  • Көңiл.

  • Жерден де ауыр не?

  • Көңiл.

  • Көбiктен де жеңiл не?

  • Көңiл.

  • Оттан да ыстық не?

  • Көңiл.

  • Мұздан да суық не?

  • Көңiл.

  • Темiрден де қатты не?

  • Көңiл.

  • Мақпалдан да жұмсақ не?

  • Көңiл.

  • Күннен де жарық не?

  • Көңiл.

  • Түннен де қараңғы не?

  • Көңiл.

  • Ақ ниеттiң белгiсi не?

  • Көңiл.

  • Қара ниеттiң белгiсi не?

  • Көңiл.

Өмiрдiң өлшемi – көңiл.

Көңiлдiң мөлшерi – өмiр.

Ақ ниеттiге – абиұр, сабыр берсiн.

Қара ниеттiге - қабiр берсiн.

Өйткенi:

Өмiрiңдi – көңiл өрге сүйрейдi,

Көңiлiңдi – өмiр көрге сүйрейдi, - деп жауап берген болар едiм.

Ал Ғазали ғұлама мұны:



  • Ақтық жолындағы жақсылықтың шарапаты – аспаннан да кең, аспаннан да биiк, аспаннан да жарық;

  • Адал пенденi балағаттағандардың, өсекке iлiндiргендердiң, күндегендердiң күнәсiнiң салмағы - қара жер көтере алмастай ауыр;

  • Кекшiлдiң, қастан шықпағандардың, қатыгездiң пиғылы – мұздан да суық;

  • Қызғаншақтың өшпендiлiк сезiмi – оттан да ыстық әрi тез тұтанғыш;

- Кәпiрдiң көңiлi – темiрден де қатты;

  • Өсекшiлер мен сөз тасушы сумақайлар – адамның ең қоры, бұралқысы, - деп бағалапты.

Ал осы өлшемдердiң өлшемi бар ма? Ол не? Салыстырмалы ой мен теңеу ме? Жоқ, қара тiлдi дiлмарлыққа құрылған қазақы шешендiк пе?

Мәселе: дәстүрлi, қисынды ой мен дәстүрлi ойлау жүйесiнде ме, жоқ, шешендiк жүлгесiнде ме екен?

Әйтеуiр түйсiктiң саңлауында бiр кiлтипан бар.

Пайғамбардың үш қиянатқа тыйымы

Бiрiншiсі: иянат (жала)

Иянат,

Иянат түбi - қиянат.



Екiншiсi: hиямат (уәдеге опасыздық)

Һиямат,


Һиямат та қиянат.

Үшiншiсі: аманат.

Аманат,

Аманатқа қылма қиянат.



Осы үшеуiнiң бiреуiн бұзсаң, қиямет қайымдағы орның – тозақ болмақ. Ол қиянатты – ораза, намаз, пiтiр-садақа да жуып кетiре алмайды екен. Қажылықтың жеңiлдiк берер-бермесi ашып айтылмаған.

Соған қарағанда: күнәнiң ең ауыры - қиянат. Қарыздың ең ауыры – уәде болғаны ғой.

Шындығында да, тiрi пенде қылдай қиянат жасамаса, уәдесiнде тұрып, айтқан сөзiнiң бәрi орындалса, онда о дүниедегi жұмақ – осы дүниеде, әлгi әлемдi елес боп кезiп жүрген «коммунизм» бүгiн – ақ орнар едi – ау.

Ең бастысы, «қағаз жолбарыстардың» орнында таза жолбарыстар отырар едi.

Жалған жобалар мен жолдаулардан баспасөздiң белi босап, рухани мәдениеттiң де жерi кеңiп қалар едi-ау.

Бiрақ Қиянат пен Иянаттың көкесi – Зиянат сонда басталмасын!

Ендеше, осыған да шүкiр, ә!
Үш аманат
Бала-ата – ананың қолындағы ұлтының болашағының аманаты.

Ата – ана – Алланың пайғамбарға берген аманаты.

Ал исi адамзат – Алланың өзiнiң аманаты.
Демеу

Қарашығымен – көз қымбат

Сарасымен – сөз қымбат.
Сөз

Егерде дұшпаның басынған кезде:

Жанар отың – жайнап,

Жан отың - қайнап,

Бұлшық етiң – ойнап,

Түбiн ойлап,

Жiгерiңдi - қайрап,

Амалыңды – сайлап,

Тiлiңдi – байлап тұрсаң – жеңгенiң!

Дұрыс-ақ: «Iнжiлде» де, «Тауратта» да, «Зәбурде» де: «Жаратқан иемнiң жаратқандарының iшiндегi ең бiрiншiсi және бастамасы – Сөз» - дейдi.

«Құран - кәрiмдегi» Алланың Мұхамед саллал-лаху ғалаихи-уассаламға берген аяны да – Сөз!

Ендеше, ең қасиеттi, ең көне, ең қауiптi мамандықты таңдаған менi де Аллам тегiн жаратпаған-ау.

Тәуба!

Егерде дұшпаның басынған кезде:



Көзiң – жайнап,

Өзегiң - қайнап,

Бiлегiң – ойнап,

Кеткен кегiңдi ойлап,

Намысыңды - қайрап,

Амалыңды сайлап,

Тiлiң – сайрап тұрса – жеңiлгенiң!

Ғазалидiң пайымдауынша: «Дүниедегi күнаға батпаудың ең дұрыс амалы қайсы?», - дегенде, пайғамбарым аузынан тiлiн шығарыпты да қайтадан ауызын жаба қойыпты. Бұл:«Дұрысы – үндемеген. Алақаның – ашық, ауызың – жабық болса, амалыңды сайлап, тiлiңдi байлап тұрсаң – жарты күнәдан құтылғаның. Азаматтың басына апат әкелетiн басты қауiп – сөз!» - деген екен.

Астафир - алла! Қандай ғана дауасыз дерттi таңдап алғанмын! Абайдың: «тiл өнерi – дертпен тең!» - дегенi осы екен-ау!

Әлгi мақтаныш, әлгi күпiрлiк, әлгi желiк қайда қалды?

Сонда дүниенiң кiлтi – сөз болғаны ғой. Тек сол сөз кiмнiң қолына түсiп, қай құлыпты қашан ашады – гәп осында боп шықты. Ендеше: «ей, алла! Сөздiң кiлтiн кiмге ұстатсаң, оған ұстат. Тек күншiлге жолата көрме!» - деп тiлеу ғана қалады.
Күбірткі

Көңiлдiң күбiрткiсi – күмән

Өмiрдiң күбiрткiсi – күншiлдiк.
Үш белгi, бiр сипат
Бiрiншi белгi: «Ұйқы – өлiмнiң бiр белгiсi» (Ғазали). Түс – сананың көлеңкесi, суреттегi бейненiң мән-мағынасы бар. Пенде атаулы «нысап қылса, iстеген амал-харакетiне есеп берсе, күндiз-түнi жан-дүниесiнiң қалауына қызмет етсе» - қиямет пердесi ашылғанда олардың бейнесi адамға ұқсап түседi. Ұйқы – сананың ұйқысы. Сана – үнемi парасат мұратын тынбай iздеуi керек. Рухың ояу жүруi тиiс.

Екiншi белгi: «... Дәрменсiздiк, ұйқысыздық немесе ұйқылы-ояу жағдайдағы көңiл-күй – шайтанның алдында қолыңның байланғанының, азғаныңның белгiсi, иттiк, доңыздық мiнез содан туады» (Ғазали). Нәпсiге, шаhуатқа, ашуға, инауатқа, қатыгездiкке, қорлық көрсетуге деген бойыңдағы қатыгез пиғылды жеңе алмасаң - «ұйқылы-ояу күн кешкенiң», дәрменсiз, ерiк-жiгерi жоқ, күш-құмарлығыңның құлысың, оның алдындағы мүсәпiрсiң.

Үшiншi белгi: «...Мерекелiк, амал-айламен ақты «қара» деп сендiру, қулық пен сұмдықты, аярлықты асқындыра өршiту – азғындықтың белгiсi» (Ғазали). Бұл түсiндiрмесе де түсiнiктi жайт.

Осы азғырылудың үш белгiсiнен құтылудың амал-сипаты: алланың рахым нұры сипатындағы перiштелер – яғни, ақылға бағынған iзгiлiк сезiмi екен. Аллатағалам адамға:



  • «Ышқуаздықты (Iшмерездiктi – Т. Ж.), шаhуат – доңызды және ашу – иттi әдеппен ұстап, ақылдың алақанынан шығармау қажет. Ол (жан мен тән иесi – Т. Ж.) Ақылдың жарлығынан тыс қадам баспауға тиiстi» - деп аян етiптi (Ғазали).

Бұл - Ғазалидiң пайымдауы. Ал Абай бұл үш белгi мен бiр сипат туралы пiкiр бiлдiрдi ме екен?

Салыстырдық. Жоғарыдағы ойлар кеңейтiлiп, жетiлдiрiліп баяндалыпты. Абайдың үш белгi, бiр сипат туралы пiкiрi мынадай.



Бiрiншi белгiсi: Абай «ұйқылы – ояу, өлiммен тең әрекетсiз өмiрдi» - «уайымсыз салғырттық» деп атаған екен. Бұл көңiл-күйден төбе құйқасы шымырлай шошынып: «...Зинаhар, жаным, соған бек сақ бол. Ол әсiресе, әуелi - құданың, екiншi – халықтың, үшiншi – дәулеттiң, төртiншi – ғибыраттың, бесiншi – ақылдың, ардың дұшпаны. Олар (яғни, «санасын ұйқы басқандар» немесе «уайымсыз салғырттар») бар жерде бұлар (Алла, халық, дәулет, ғибрат, ақыл, ар) болмайды!» - дейдi.

Екiншi белгi: «Дiн көңiлi» жолында... Әрбiр хақихатқа тырысып, ижтиhатыңмен көзiң жетсе, соны тұт, өлсең айырылма! Егерде ондай бiлгендiгiң өзiңдi жеңе алмаса, кiмге пұл болады? Өзiң құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтып құрмет күтсiн?..» ұйқылы – ояу күйдегi дәрменсiздiкке» - имансыздыққа бұдан артық сөзбен тыйым салудың жолы жоқ. Адамның «көңiл берiктiгi болмаса – азғыруға тез көнбек, иман сақтауға - қорықпас жүрек, айнымас көңiл, босанбас буын керек».

Үшiншi белгi: «Алдағанға, ия азғырғанға, ия бiр пайдаланғанға қарап, «ақты» - «қара» деп, ия «қараны» - «ақ» деп, өтiрiктi - «шын» деп ант ететұғын кiсiнi не деймiз? Құдайтағалаға өзi сақтасын... Мұндай пәнденiң жүзi құрысын». Бұл да артық түсiнiктi қажет етпейдi.

Ендi осы адамның бойындағы үш азғырушы белгiге сипат берiп, иман үйiретiн амал-сипат: «...Ақылды сақтайтұғын «мiнез» - деген сауыт болады. Сол мiнез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңiлдiкпен, ия бiреудiң орынсыз сөзiне, ия бiр кез-келген қызыққа шайқалып қала берсең – мiнездiң берiктiгi бұзылады. Онан соң үйренiп те қажетi жоқ. (Абай).

Түйiн: Ғазали өзiнiң пiкiрiне: «Әзiретi рассули әкрам саллаллаhу әлиhи уәссәлам: «әр адамның бiр шайтаны бар, сол сияқты менiң де бойымда өз шайтаным бар. Бiрақ Алла-тағала менiң ерiк-жiгерiмдi ол шайтаннан басым етiптi. Шайтан – менiң қаhарым мен ашу-айбатымның тұтқыны. Ол менiң еркiмнен тыс ешкiмге ешқандай залал жасай алмайды» - деген тәмсiлдi уәж етедi.

Ал Абай: «Бiреу «өлтiремiн!» деп қорқытса да, мың кiсi – мың түрлi iс көрсетсе де, соған айнып, көңiлi қозғалмастай берiк болу керек... «Қылам» - дегенiңді - қылдырарлық, «Тұрам» - дегенiңде – тұрарлық мiнезіңнің де – азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық берiктiгi, қайраты болсын! Бұл берiктiк – бiр ақыл, ар үшiн болсын!» - деп ойын қорытады.

Ал менiң Ғазали мен Абайға беретiн өз жауабым:

Ғазали айтқан нәпсiге тән иттiктi де, доңыздықты да, шайтанның азғыруын да жеңе алмадым. Яғни, нұр - сипатты бойыма сiңiруге дәрменiм де, пәрменiм де, ерiк-күшiм де жетпедi. Бiрақ тiрi пендеге, оның iшiнде, әйел затына – иттiк, доңыздық және дәрменсiздiк те жасап көргемiн жоқ. Иншалла, соған да шүкiршiлiк!

Мәселе: Абай айтқандай: «ақылымның сауытына мiнезiмнiң симағандығында». Оған атадан (әкемнен), анадан (шешемнен) бойыма сiңген қаны да, жаны да әсер еткен болар. Дегенмен де, өзiмдi-өзiм жұбату, сергiту, сейiлту үшiн деген желеумен қолдан жасаған жалған шабыт пен қуаныштың ғазабына ата-бабаның да, әке-шешенiң де еш қатысы жоқ.

Маңдайыма бiткен сор мен бақытты – өзiме-өзiм тiлеп алдым.


Бес күмән
Ғазалидiң айтуынша: «Пайғамбарымыз:

  • Үш жаман ғадет бар, одан ешбiр пенде құтыла алмас, ол – күмәндану, қара ниеттiлiк және күншiлдiк» - дептi.

  • Соңғы екеуiнiң менiң өмiрiме – танымыма, тiршiлiк-харакетiме еш қатысы жоқ екендiгiне ант беруге әзiрмiн.

Ал, күдiк... Күмән... Күмәндәну – болды. Ол қазiр де бар.

Алдағы Алланың кеңшiлiгiне тиесiлi ғұмырда күмәннан ада өмiр сүремiн деп те серт ұстай алмаймын. Қандай тағдыр талқысы күтiп тұрғанын қайдан бiлейiк? Мына алмағайып, «жұрттың бәрi - аларман» (Абай) болған заманда күдiк – күмәнсiз, алаңсыз өмiр сүремiн деп кiм кепiлдiк берсiн?

Пайғамбарымыздың өсиетi бойынша: «Егер күмәнданушылық пайда болса – алдымен өз нәпсiңдi мұқият тексерiп, ақылыңа салып, байқап көру» керек екен.

Менiң осы уақытқа дейiнгi күмәнсiз күмәндарым мынау:



Бiрiншi күмән: Қарындасым Төлеудiң өлiмiне – дертiне араша түсу қолымнан келмейтiн едi. Ақ қаннан жазылған адамды әлi көргемiн жоқ. Бiрақта тiршiлiгiнде бақыттың дәмiн татқыза алмадым-ау деп күмәнданамын. Сол күмән көкiрегiмдi кемiредi. Сол өкiнiш. Өкiнiш емес, өзектi өртеумен келе жатқан көзге көрiнбейтiн iштегi көк жалын.

Екiншi күмән: Бүкiл жетiмдiктiң тауқыметiн он жасынан бастап көрген, бiз үшiн бастауыштан кейiн оқи алмаған Айымханның жанын сергiтiп, мұңсыз өмiр сүретiндей, жүрегiне жұбаныш әкелетiндей еш септiгiмнiң тимегенi.

Менiң алдағы күндердегi күмәнiм – сол сорлы әпкеме жақсылықтың, кеңшiлiктiң, ырыздық пен ырыстың есiгiн ашып бере алмай өтемiн-ау, ол осы бiр мұқтаждықтан құтыла алмай, мүжәз, нәумез күйiнде күнелтедi-ау, - деген үрейлi қыстығу.

Бұл күмән – мен үшiн шешiмi жоқ тылсым, тыйылмайтын шаншу, төзбеуге ешқандай шарам жоқ қорлық!

Үшiншi күмән: Қыршынынан қиылып, суға тұншығып өлген құлыным Алмастың – ғайып құсына айналып, мәңгiлiктiң көгершiнi боп ұшып кетуiне кiнәлi жалғыз-ақ адам бар, ол бiздiң үй-iшiмiзге бiр қатердiң барлығын бәрiне ескертiп қойсам да, олар өзенге ойнауға кеткенде өзiм қасында жүрсем... Мүмкiн?.. Мүмкiн?.. Мүмкiн?.. Мүмкiн, жаратқан ием жар болып, ол аман қалар ма едi. Аман қалатынына қазiр еш күмәнiм жоқ. Кеш шейiтiм!

Төртiншi күмән: Бұдан кейiнгi бақ пен сордың бәрiне де өзiм кiнәлiмiн. Алла маған бәрiн бердi: қабiлеттi де, бiлмекке құштарлықты да, ойды жеткiзу, дамыту, қорыту мүмкiндiгiн де, бейнеті мен зейнетiн де, беделдi де, беделдi тақты да, маңдайға жұлдыз болып қонар бақты да.

Сорыма қарай, соны өзiм ұстай алмадым. Кейбiр сәтсiздiктер мен табалауды мен жалғыздығымнан, жетiм өскендiгiмнен, жарлы күн көрiсiмнiң, жаны күйер жанашыр сүйеушiмнiң болмауының кесiрi – деп түсiндiм. Өзгеге де, өзiме де күмәнмен қарадым! Соным қате екен. Өзiме-өзiм қатал болуым керек едi. Кiм менiң қолымнан қақты?!



Бесiншi күмән: Абай айтқандай, тiршiлiкте «алыстық, жұлыстық, тартыстық».

Сөйлестiк. Сөзге ердiк. Сөз естiдiк.

Айттық. Айтқаннан қайттық. Қайтпадық.

Көптiң қатарына қосылдық. Тобырдан бөлiнiп топ құрдық. Жұбымыз жазылды.

Ол – бiздi, бiз – оны, оны – бiреу сатты, саттық, сатылдық.

Тiзеге салды. Тiзесi батты. Тiзелеттiк!

Сонда жазықсыз бiр мүсәпiрге қиянат жасап алдым ба, тағдырына көлеңке түспедi ме екен, бала-шағасына зияным тиiп кеттi ме екен деп күмәнданамын.

Бұл күмәнға iлiм мен бiлiмге қойылған талап пен талас жатпайды.

Өткен күннiң күмәнi де, сол күмәннан арылу үшiн «өз пиғылымды» тексергенiм де осы.

Ендiгi үкiм, Ғазали мен Абай, сендерде! Ей, алла! Келер күннiң күмәнiнен сақта!



Дауа

Ақымаққа – ем қонбас,

Ащылы қаққа – ел қонбас.
«Iшкi дүниенiң төрт қызметкерiнiң бiрi»
Емхананың дәлiзiнде әңгiмелесiп отырған екi ақсақалдың бiреуi екiншiсiне:


  • «Семiз еркек – есек,

Семiз әйел – төсек, - деген», -

деп әңгiмесiн әрi қарай жалғап әкеттi.

Сөздiң қисыны келген соң айта салған тiркес пе, жоқ, ежелден екшеліп келген сөз бе? Ата-бабасы, нағашы жұрты, түпкi тегi етжеңдi, сүйегi ауыр болып келетiн тұқым-тұқиянның ер-әйелiне қарата айтылса - қиянат. Ал шүрегейден шыққан дүрегейлерге, нәжiстiң торсығына айналған қарын иесiне, өзiнiң бойын күтпеген, ауызы шөпжеңдеп, мұрыны пысылдап, көмейi жұту үшiн жаралған еркектер, шынында да, есек қой.

Оның араны, Ғазали жiктеп - бөлген «iшкi дүниенiң төрт қызметкерiнiң бiрi» - доңыздың араны.

Онда тәбет жоқ, аран бар.

Онда - құлық жоқ, құлқын бар.

Оның көмейi мен тiк iшегi – тiкелей жалғасады.

Бiрiнiң – басқа, бiрiнiң - қимаға бiткенi болмаса, қызметтерiнiң ешқандай айырмашылығы жоқ. Екеуiнен шыққан иiс – бiреу-ақ.

Өкiнiшке орай, мен мұны «боқтың қабына» (Абай) айналған тiрi адамға қарап оның қимылын суреттеп жазып отырмын. Сонда, «есектiң өзi» былай жайына қалып, ол әлгi Ғазали айтқан: «... ұятсыздық, настық, ластық, құмарлық, бақастық, қарабеттiк, бұдан да басқа арсыз қылықтарды бойына жиған шаhуат доңызының» нағыз өзi боп шықты ғой.

Бәсе! Көмейi мен қимасы бірi қойса, бiрi сөйлеп, тыным таппағандықтан да ауызы бос болмай, тыныс алуға ауа жетпей үнемi мұрыны пысылдап, шуылдап қорс-қорс етiп отыратыны сондықтан да болса керек.



Екi жол
Көр азабынан құтылып маhшардағы сират-ул көпiрi арқылы бейiшке бастайтын жол:

Фәниден – бақиға, күнәдан – ғибадатқа, күмәннан – кәмiлге (сенiмге), нысапсыздықтан – нысапқа, қараулықтан - қанағатқа, сараңдықтан – сақилыққа, надандықтан – адамгершiлiкке, кесiрлiктен – тағатқа, мекерлiктен – мейiрге, шаhуаттан – шапағатқа бет алған Тәуба жолы.

Ал, керiсiнше жүрсең, көр азабынан Жаhаннам азабына бастайтын шайтан жолына түсесiң. Бұл жөнiнде имам Ғазали:

«Тағы да айтатын бiр мәселе: Алланың жақсылық мархабаты мол, мейiрiм-шапағаты өлшеусiз - деп халықты адастырып қоймағын! Өйткенi, бұдан оның көңiлiне жайбарақаттық, астамшылық кесапаты пайда болар. Шариғат жолына кiрместен, Алла рұхсат етпеген iстермен шұғылданса – жаман мiнез-құлықтың ықпалында кетер» - дептi.

Бұл екi жолды Абай да көрсетсе керек. «Абай жолы» қайсы?

Абай: «Кiмде, кiм аhиретте де, дүниеде де қор болмаймын десе, бiлмек керек:

Еш адамның көңiлiнде екi қуаныш бiрдей болмайды, екi қорқыныш, екi қайғы – олар да бiрдей болмайды.

Мұндайда екi нәрсенi бiрдей болады деп айтуға мүмкiн емес. Олай болғанда:

Қай адамның көңiлiнде дүние қайғысы, дүние қуанышы – аhирет қуанышынан артық болса – мұсылман емес.

Ендi ойлап қарай бер – бiздiң қазақ та мұсылман (ба) екен?..»

Бұл бiрiншi жол, яғни, «осы дүниеге керектiнi» емес, аhиретке керектiнi» алып, рух тазалығын тандайтын имандылық ықылымы, адамгершiлiк жолы.

«... Бiреудiң бiлгендiгiне – бiлместiгiн таластырып, бiреудiң бағына, малына күндестiк қылып, ия көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па? Тiлеудi - құдайдан тiлемей, пендеден тiлеп: «Өз бетiммен еңбегiмдi жандыр» -демей: «пәленшенiкiн әпер» демек – ол құдайға айтарлық сөз бе? Құдай бiреу үшiн бiреуге жәбiр қылуына не лайығы бар? Екi ауыз сөздiң басын қосарлық не ақылы жоқ, не ғылымы жоқ... Оның несi адам?»

Бұл – екiншi жол, яғни, имансыздықтың – азғындықтың жолы.

Ал, ендi қай жолмен жүретiнiңдi өзiң танда.


Нәтиже

Iлiмнiң iлхамы – игiлiк,

Ғылымның ғибраты – тұңғиық.

Бақыт ләззаты
Адамның бақытының өлшемi көңiлiң қалаған, өзiң ұмтылған мақсатыңнан алған жан рахаты мен ләззәтi. Ондай бақытқа бөленiп, ләззат алудың басты кепiлi – ниет, пиғыл, мақсат.

Ниетiң – ақ па, қара ма? Яғни, ақниеттiмiсiң, қараниеттiмiсiң? Саған тиесiлi ниет – дiлiңе туа бiткен. Қара ниетiң - қара киiз сияқты, оны жуып ағарта алмайсың. Сен: қайратынды – кек алуға, ашуынды – азаптауға, шабытыңды – шаhуатқа жұмсап рахатқа бөленiп, ләзаттансаң:

«Дүниеде қарабет боп жеңiлiс тапқаның», ол – бақыт емес, «бақытсыздықтың дертi» (Ғазали).



Пиғылың қандай? Жақсылыққа үйiрсiң бе, жаманатқа үйiрсiң бе? Кiсiнi қуантуға асығасың ба, жоқ па? Бiреудiң қайғысын бөлiсiп-азайтуға, қуанышын бөлiсiп-көбейтуге құштармысың?

Бес қуатың: 1. Қиялдау қуатың. 2. Ойлау қуатың. 3. Зейiн қуатың. 4. Түйсiк пен түсiну қуатың. 5. Сезiм мен ерiк қуатың;

Бес сезiмiң: 1. Көру. 2. Есту. 3 Дәм айыру. 4. Иiс сезу. 5. Қолмен ұстап, сипап, затты айыру сезiмiң - қандай пиғылмен сенiң өзiңе қызмет етедi?

1.Өзiңнең көңiл құмарынды,2. Өзiңнiң құлақ құрышынды,3. Өзiңнiң сусыныңды қандырып,4. Өзiңнiң көзiңнiң сұғын тойдырып,5. Өзiңдi hош иiске бөлеуге ме, жоқ: «iлiмнен тағылым алып, ақ ниетпен игiлiктi iстi жүзеге асырып, толық ләззат алу үшiн» (Ғазали) қызмет ете ме?.

Егер өзiң үшiн еңбек етсең, онда: «дерттi болып қала бересiң», тәнiңмен бiрге «жаның да қоса өлмек» (Ғазали).

Мысық тiлеу пиғылыңның кесiрiнен зауық пен ләззатқа жету жолындағы қаншама талап пен азап зая кеттi десеңшi?!.



Мақсат - қалауың не? «Жүйрік ат, сұлу қатын, жүйрiк тазы» ма? Әлде, бiлмегендi – бiлмекке, жақсыны – көрмекке, тылсым заттың дәмiн – айырмаққа, сұлу сазды – естiмекке, сол арқылы жан ләззатын алмаққа ұмтылып, ақиқатты бiлу ме?

Ат та, сұлу да, тазы да рухани биiк мақсат емес, яғни пәни дүниедегi қызықтардың бәрi де жалған ләззат.

«Егер жедел шара қолданбаса, жанның дертiн емдеп, өзегiн тазартып, тәбетiн түземесе – бәрi де текке шiрiп жоқ болар» (Ғазали).

Ал, Алланың көп сипаттарынан бастап он сегiз мың ғаламның барлық ақиқатын бiлсең - «Алланың рахматымен жан рахатыңның ләззатына толық бөленесiң». Өйткенi: бақыттың өлшемi, жанның қасиетi, адамның құрметi мен мақсаты, ең бастысы:

«Дiлдiң қалауы – ақиқат», «жақсы ниеттегi игiлiктi iстердiң ақиқатын бiлу».

Сонда ғана: «Алла тағаланың iлiм-бiлiмi мен ләззатын дiлден (жан, рух) берiк орын тауып, өлген күнде де iзсiз жоғалып кетпейдi... Мәңгi бақи раушан гүлiндей бүршiк атып, таза күйiнде сақталады» (Ғазали).

Демек, нағыз бақыт - «дүниенiң кiлтiн» (Абай) бiлуде. Ол кiлт – ғылым арқылы қолға түспек. Сонда ғана ақиқаттың қақпасын ашып, құпия сырын бiлемiз. Ал ақиқаттың сол қақпасына тек ақ ниет, таза пейiл, iзгi мақсат қана жеткiзедi.

Иншалла, соған жеткiзiп, бақыт ләззатына бөлей көр!


Дау
Жақынынды – жатқа сынатып,

Бауырыңа тарт.

Дауың азаяды.

Жауыңды – жақыныңа сыйлатып,

Ауылыңа тарт.

Жауың азаяды.

Керiсiнше: жауыңды - жақыныңа сынатасаң,

Құтың қашар.

Өйткенi, дау – сенің өз iшiңде қалар.

Жақыныңды – жауыңа сыйлатсаң,

Мысың басар!

Өйткенi, дау – олардың өз iшiнде қалады.


Өзiңдi танудың төрт сатысы
Ақиқатты танудың кiлтi – өзiңнiң жан дүниеңдi тани бiлуде. Өз жүрегiңе үңiлiп: нәсiлiң не? Оның қандай қасиетi бар? Қайдан келдiң? Қайда барасың? Бұл фәни дүниеде кiмсiң сен? Ұрпағың қай қасиетiңдi мұрат тұтады? Дүниедегi мақсатың не? – деген сұраққа жауап берсең, ақиқатты танығаның.

Ақиқат – рухы таза адамдардың – мүсiлiмдердiң маңдайына ғана бұйырған шапағат нұры. Ал, ол ақиқаттың кiлтiн өзiңнiң жүрегiңнен iздеп табуға тиiссiң. Жан дүниең кiршiксiз болса ғана – АВлланың алдына бара аласың.

Өзiңдi-өзiң тани бiлмесең – ақиқатты қайтып танисың, оған қалай жетесiң?

Ақиқатқа – Алланың алдына жеткiзетiн төрт саты мынау:

1. Iшiңдегi төрт аяқты хайуанға тән пиғыл-мiнездерден - нәпсiқұмарлықтан, құлқыныңның ғана қамын қанағаттандыратын харакеттерден арыл, жүрегiңдi тазарт.

Мұны iстемесең – өзiңнiң хайуандық пиғылыңды – нәпсiңдi жеңе алмағаның, сол хайуандардың қатарында хайуан боп қалғаның!

2. Iшiңдегi жыртқыштық - тағылық мiнезiңе тыйым сал. Итше ырылдасып бақ пен таққа таласпа, мысықша мияуласып - қызғаныш пен күншiлдiкке бой алдырып, бiрiңнiң бетiңдi бiрiң тырнама, адамды азапқа салма, кiнәсiздiң қанын мойныңа артпа! Олай iстесең, нағыз жыртқыш сенiң өзiң болғаның! Өлiм мен өмiр тек жаратушының қолындағы құдiрет! Сен өзiңнiң бұл дүниеге не үшiн келгенiңдi әлi түсiнбеген екенсiң. Жоғал, жыртқыш неме!

3. Iшiңдегi жын-перiден, қулық-сұмдықтан, айла-шарғыдан, азғыру мен аярлықтан, пәле-жаладан, өтiрiк-өсектен, қызғаныш-күндестiктен тазардың ба?

Жоқ, iшiңдi қызғаныштың жезтырнағы тырнап, кiмдi алдасам екен, кiмге жала жапсам екен, кiмдi арандатсам, ақ жолдан тайдырсам екен, ана екеуiн қалай жауластырамын, - деп екi көзiң қулықтың соңынан қуып ойнақшып тұр ма?

Е, онда, Абай айтқан әлгi жаны жақсы адамды талатамын деп iшiнде ит сақтап, мысық асырап жүрген – бәтбақыттың бiрi болдың ғой!

Мына дүниеге: адалды – арамдауға, аңқауды – алдауға, момынды – азаптауға, ақылдыны – адастыруға, абзалды – азғыруға келген екi аяқты шайтан екенсiң ғой!

Онда Алланың пәк сарайын алапестемей аулақ жүр.

Бар кет, пәлекет!

4. Көңiл – айнасы таза, «көкiрек көзi ашық» (Абай), әлгi хайуандық, жыртқыштық, шайтандық нәпсiнi – адамгершiлiк қасиетiнiң тұтқыны етiп ұстай бiлетiн перiштелiк сипатқа ие болсаң – жан дүниеңнiң тазалығын сақтап қалғаның, өзiңдi-өзiң тани, сыйлай, сыйлата бiлгенiң!

Ендеше сенiң: нәсiлiң – адам. Қасиетiң – тазалық, мүсiлiмдiк. Ғайыптан келдiң. Ғайыпқа барасың.

Бұл фәниге Алланың аманатымен келген жалған дүниенiң бiр күндiк қонағысың.

Ұрпағың – иманыңды мұрат етедi.

Дүниедегi мақсатың – өзiңдi өзiң тану.

Сонда ғана: «Өз уағында сәтiмен мақсатыңа жетесiң, бақыт дәнiн қолыңа ұстайсың, жаман жаманатты аяғыңның астына салып, жақсылығыңмен баянды бақыттың» баспалдағынан аттайсың (Ғазали).

Көрешек
Ер жаңылса – көрешегiн көредi,

Ел жаңылса келешегiң өледi.



Құт

Жақсылық та, жамандық та – ниетiңе қарай кезiгедi. Сондықтанда:

Жақсылықтың алды - құт,

Жамандықтың алды – жұт.


Безбен

Ақылдыға қонған бақ - бақ.

Ақымаққа қонған бақ - сор.
Сыр
Сырласу, сырыңды ашу – жаныңды, құпияңды, қымбатыңды сол сыр ашқан адамның қолына аманат қып тапсырғанмен бiрдей. Ендi сенi: ақтай ма, жақтай ма, табалай ма, қаралай ма, басына ма, сырыңды жасыра ма – оны өзi бiледi.

Сен: iш киiмiңдi соның қолына берiп қойып, өзiң оның алдында тұрған жалаңаш адам сияқтысың. Ендi сенiң абыройыңды ашатын да, жабатын да сол адам.

Егер ол адамның тәубасы бойында болса, не ол да саған өз жанының құпиясын ашып, жүрегiнiң кiлтiн берсе ғана – жаның жай табады. Ендеше:

Сырласқанмен – сырласпа,

Сырын ашқанмен – сырлас!

Сонда екеуiң де бiр-бiрiңе кепiлдiк аманатын тапсырған болып шығасың. Өзiң де, ол да тыныш!



Қадір

Ұятсыздан – ит қадiрлi!



Тәжірибе

Махаббат – сүйдiредi,

Нәпсi – күйдiредi.
Қашақ

Қадырсыздан – ит қашар,

Сабырсыздан - құт қашар.

Кеуде
Далада жүрсем – кең кеудем,

Үйге кiрсем – көр кеудем.


Иесіздің иесі
Қазанаттың iшiнен

Айғыр таңдап қоя алмасаң –

Үйiрiң иесiз қалады.

Азаматтың iшiнен

Би таңдап қоя алмасаң –

Елiң иесiз қалады.



Жасу

Ез – елдi жасытады,

Әйел – ердi жасытады.

немесе мұны:

Елдi жасытатын – ез,

Ердi жасытатын – әйел, -

деп те өзгертуге болады.

Қаңсық пен таңсық
Жақыныңның қаңсығын тегiн алғанша,

Жауыңның таңсығын жеңiп ал.


Мiн
Ананың:

Өңi – ақ,

Көңiлi - қара.

Оның:


Бетi - қара,

Ниетi – ақ.

Ал мынаның:

жүзi де қара, жүрегi де қара.

Сонда, ұяты бетiнiң ұшына қызарып шыға келетiн iшi мен сырты бiрдей ақжарманың шынымен-ақ маған бiр кездеспей кеткенi ме? Әлде мен кiсi танымаймын ба?

Мұның жауабын анық бiлгiң келсе:

Досыңды – дұшпаныңа сынат.

Жақыныңды – жатыңа сынат.

Қатыныңды – күндесiне сынат.

Балаңды – бесiктесiне сынат.

Олардың айтқан уәжi мен тапқан мiнi сенiң де бойыңда бар деген сөз. Мүмкiн бұл кiнәраттар оларға сенен жұққан шығар. Әйтпесе, ондай оғаш мiнез бен қылықты сен неге байқамадың? Неге тыйым салмадың? Демек, оның барлығы саған үйреншiктi нәрсе болғаны ғой.

Мiне, мәселе қайда! Ал сен ғой... Ұят iздейсiң. Әуелi – өзiңдi-өзiң сына. Өз сыныңнан өтсең ғана өзгеге көз сұғыңды қада. Сонда әдiлеттiң ақ жолынан таймайсың.



Тат

Әдет – әдеп емес,

Әдеп – әдет емес.

Әдетiң – әдепке,

Әдебiң – әдетке айналса ғана – инабаттылық пен иманың бойыңа табиғи мiнез боп сiңедi. Ал олай сiңген мiнез ешқашан өзгермейдi.
Сақал
Анау сақалды:

Бетiне шыққан ұятын жасыру үшiн қойды.

Мынау сақалды:

«Бетсiз екен», - деп айтпасын деп қойды.

Ол сақалын:

Бетiндегi тыртығын жасыру үшiн қойды.

Сонда қайсысының сылтауы орынды?

Ал, осы мен не үшiн сақал қойдым?


Орын
Ақымаққа тiптi ұсақ, күйкi нәрсенiң өзi де бәрi бiрдей маңызды боп көрiнедi. Ол ешқашан да босағадағы өз орнында отырмайды. Үнемi төрге ұмтылады. Өйткенi: «Менiң орыным босаға емес!» - дегендi дәлелдегiсi келедi, жұрт: «Мұның орыны қашанда төрде екен» - деп ойласын дейдi. Сөйтiп, есiктегi басын төрге сүйреп әуре болады.

Өмiрi: есiктен кiрген әр адамға сезiкпен қарап, «орнымнан қозғап жiберер ме екен» - деген қуыстанумен, арпалысумен, жанығумен өтедi.

Ал ақылдыларға бәрiбiр. Ол босағада отырып-ақ өзiнiң ақылды екенiн көрсете алады. Қаласа: босағаны – төрден де құрметтi, төрдi босағадан да қадiрсiз етiп жiбердi. Ұлы Мұхтардың – Мұхаңның:

«Мен отырған жердi төр деп есептесеңдер болды» - деп босағаға отыра кетуiнде де сондай астар жатыр.

Бейшара, ана төрде отырғанның бойына ас қайтып сiңдi екен?

Жiгiттер! Сiрә, өз орныңды тауып отырғанға не жетсiн.

Бұйрықсыз төрден,

Бұйырған босаға артық


Мiнез
Өмiрде өзiм ащы-тұщысына араласып, көп iшiндегi келеге түскен, топ iшiндегi талқыда сынасқан, оңашадағы ой бөлiскен адамдардың барлығы да төмендегi үш мiнездiң iшiнен табылатын сияқты.

І. Ұшқыр, ұшқалақ емес, ұшқыр мiнез.

II. Мес мiнез.

III. Көткеншек мiнез.



І. Мiнезi ұшқыр адамдардың сөзi ойымен жарыса шығады. Тiптi мәселенiң басы ашылмай, ойдың түбi көрiнбей, түйiнi шешiлмей жатып-ақ пiкiрiн кесiп-пiшiп, ақырын күтпестен айтып тастайды. Негiзiнен – ер мiнездi, аңғал, зерек адамдарға не парықсыз, дарақы, топас жандарға тән. Оны мына үш әрекетiне қарап бағалап, жiктеуге болады.

1. Шыдамсыз, ақылын мiнезi билеген, жеңiлтек, ұшқыр ойлы, айтпайды, айтса – айтқанынан қайтпайтын ер де өр мiнездi адам болуы мүмкiн. Бұл – сыйласуға тұратын, бірақ өзгенің пiкiрімен есептеспейтiн, түбінде еппен жөнге көнетiн адамның белгiсi.

2. «Айттым. Айттым да - қайттым» дейтiндер. Бұлар – терең ойдың, тұжырымды пiкiрдiң, тиянақты уәденiң адамы емес. Тез айтады. Тез уәде бередi. Тез ұмытады. Ондайлардан пәтуә шықпайды. Әр iсiн қадағалап, уәдесiн есiне салып, жиi-жиi мазалап жүрiп, өзiнiң де, сенiң де зықыңды шығарып барып iсiңдi бiтiредi. Бiрақ залалсыз.

3. Не сөзiңдi бас-аяғына дейiн өзi тыңдамайды, не елге тыңдатпайды киiп-жарып, бұра тартып, кекетiп-мұқатып, бiлгенiмсiп, өжетсiгенсiп, өзiмен- өзi шабынып, ашуланып, ыржалаңдап отыратын кесiрлi ұшқырлар бар. Мұндай адамдар, әдетте, өзiнiң дегенiмен жүредi. Сыңар езу келедi. Көптiң iсiне тiлегiн қоспайды. Абай айтқан: «керенау, кердеңнiң» нақ өзi. Сондай адам дос тауып жарыта ма? Асқан бiр қасиетiмен сыйлата бiлсе де түпкiлiктi, терең әрекеттiң адамы емес. Ондайлар бәрiн жек көредi. Бәрiн менсiнбейдi, өркөкiрек... Тек қастандық қимылын ғана құпия ұстайды және оны жүзеге асырмай тынбайды.

Бұл мiнез, көбiнесе, ақындар мен әкiмдерде, режиссерлерде, саясаткерлерде, адвокаттарда кездеседi.

ІІ. Мес мiнездер дегенiмiз – атынан да көрiнiп тұрғандай, «мiнезi ақылының сауытына сыйған» (Абай), ойланып барып сөйлейтiн байсалды адамдарда немесе қулығын артына сақтаған, ниетiн пиғылына жеңдiрген әккi адамдарда кезiгедi. Олар да үш топ:

1. Ойы мен сөзi қатар жүрiп, сабақтаса отырып сөздiң барысында оның аңғарын бiлiп, ой қорытып үлгеретiн, iстiң-әңгiменiң желiсiн тез түсiнiп, қажет деп санаған тұсында сөзге қызу араласып кететiн табиғи мiнез. Бұл өте сирек әрi өте сабырлы, оқымысты, адал адамға тән сипат. Қиянатқа қарай ойысып бара жатқан сөзге шыдай алмайды. Өзi де бiреудi басынбайды, бiреуге өзiн де басындырмайды. Айтқанына мойынсындырады.

Мұндай мiнез – өзiне де, елiне де құт, береке әкеледi.

2. Келелi сөздiң қызған кезiнде де, өзiне пайдасыз бағыт алып бара жатса да, өзiн сынаса да – үндемей тыныш отырып, ең соңында сөйлеп, iстiң шешiмiн өз пайдасына қарай шешетiн мес мiнез бар. Оның ойы қанша пiссең де тек «сабасының» iшiнде ғана ашиды. Бұған белгiлi бiр қиын жағдайда, сыртқы қысым тұсында, қиянат көргенде өзiн-өзi осылай ұстағандар жатпайды. Ол тағдырдың iсi. Ал жаңағыдай мiнездi өмiр сүрудiң тәсiлiне айналдырып алғандар – ең қауiптi адам. Олардың ішi – ешнәрсеге күймейдi. Мәселе, өз пайдасына шешiлсе – жетiп жатыр. Iштен тынып, үндемей жүрiп дымыңды құртады. Айла да, ақыл да, аярлық пен амалдың жолы да қатпар - қатпар. Кейде сырттай мешел адамға ұқсап кетедi, басын бұтының арасынан көтермейдi. Бiрақ iшi толған кесел. Мұндай адамдар көбiнесе ғылым академиясында, сайлау мекемелерiнде, парламентте, финанс, банкi, қауiпсiздiк комитетiнде, прокуратурада кездеседi.

3. Барға да, жоққа да, қиянатқа да, қуанышқа да – бiрдей мiнезбен қарайтын, не ойласа да iшiнде жататын үндеместер. Бұлар достыққа жарап - қорғап жарытпайды, қастыққа жарап – дұшпандық қып жарытпайды. Бұл мiнездi – ретiне қарай адалдық деп те, сатқындық деп те бағалауға болады. Ондай адамдар, әдетте, екi майданда бiрдей қызмет iстейдi. Және екi жаққа да сыйымды келедi. Тек, өз басына тiкелей қауiп келгенде ғана ашуын баса алмай, сөзiн тоқтата алмай «жарылып» тынады. Артынан тағы да үнсiздiк басталады.



ІІІ. Көткеншiк мiнездiлер - қандайда бiр игiлiктi iс, шешушi сәт, тұжырымды пiкiр кезiнде басын шайқап, ұзақ ойланып, кейiннен уақытты өткiзiп алғанын бiлiп қойып, тосын әрi тез шешiм қабылдайды. Оларды да шартты түрде үш топқа бөлуге болады.

1.Сөздiң басында, ортасында, не аяғында болсын, бәрібiр, тұжырымға, пiкiрге, iс-әрекетiне қарсы шығып, қашан көзi анық жеткенше айтқанынан қайтпайтын «көткеншектерден» пәлендей зиян жоқ. Әуелi шалқақтағанымен кейiннен илiгедi. Ой елегiнен өткiзедi. Шешiм қабылдайды. Ондай адамдар түбi келiсетiнiн бiлсе де – көңiлiн орнықтырғысы келедi. Әдетте iскер, батыл, айтқан iсiн орындап тынатын, уәде бермейтiн, берсе орындайтын адамдардың бойындағы мiнез бұл. Кiсiнi құрметтейдi, өзiн де екi жүздi көрсетпейдi. Мұндай адамдар жандүниеңдi түсiнiп тұрып, бетiңдi қайырады. Бiрақ аз уақыттан соң сол iстi айтқызбай-ақ өзi тындыруға ұмтылады.

Достыққа адал, сатқындыққа ымырасыз.

2.Тез бас тартып, тез илiгетiн, бiрақ бас тартқаны үшiн де, илiккенi үшiн де ұзақ уақыт өкiнiп жүретiн «көткеншектен» пайда да, зиян да жоқ. Оның жөн-жобасын ескере отырып әрекет жасасаң – iсiңнiң түбi қайырлы бiтедi. Бiрақ шегiне беру де дұрыс емес. Әр нәрсеге күдiкпен қарасаң – iс бiте ме, жаңалыққа ұмтыласың ба? Қашанғы сақтанып, түйежүндене бермексiң. Алға! Бiрақ, әлгi адамның уәжi үнемi есiңде тұрсын.

3.Барға да, жоққа да, жамандыққа да, жақсылыққа да «жоқ» - деп өзгенiң сөзiн тыңдамайтын, тыңдағысы келмейтiн, жөнге көнбейтiн тоңмойын көткеншектер бар. Саясатта оларды «консерваторлар» дейдi. Сол мiнезiн «қасиетiм» - деп бiлгендер – можантопай, дөрекi жандар, ал оны «кемшiлiгiм» - деп бiлетiндер - қырсығы тарқамай жүрген, мiнезiн жеңе алмай жүрген саңлаулы жан.

Осы үш мiнездегi тоғыз сыпаттағы адамның бiреуiне сiз бен бiз жатамыз ғой. Алла мінезімізге тауфиқ берсін.


Сор


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет