Ол ерекшеліктер:
1) ғылыми білім жүйелі, сондай-ақ оны басқа білімдерден логикалық жолмен қорытып шығаруға болады;
2) ғылыми білімнің объектісі тікелей шындық дүние заттары мен құбылыстары емес, идеялық объектілер, яғни олардың ойдағы бейнелері;
3) ғылыми білімнің мазмұны оны танып білуші адамның (субъектінің) мақсат-мүддесіне тәуелсіз, объективтік ақиқат болуы тиіс;
4) ғылым қайталанушы құбылыстарды ғана зерттейді, жеке-дара заттар мен құбылыстарды ғана емес, белгілі бір топқа, класқа жататын заттар мен құбылыстардың бәріне тән жалпы заңдылықтарды іздейді, т.б.
Ғылыми танымның құрылысына келсек, өзі өмір сүріп келе жатқан 2,5 мың жылдан бері ғылым жүйелі түрде ұйымдасқан, өзіңдік айқын құрылысы бар күрделі құбылысқа айналғанын атап айтпасқа болмады. Ғылыми білімнің негізгі элементтері мыналар:
а) дәл анықталған фактілер;
ә)бір топ фактілердің жиынтығына қолданылатын жинақтаушы заңдылықтар:
б)шындық дүниенің бір қатар құбылыстарын түсіндіруші зандылықтар системасын біріктіретін теориялар;
в)бүкіл шындық дүниенің жинақталған бейнесі болып табылатын дүниенің ғылыми бейне көрінісі (картинасы); мұнда өзара үйлесімді теориялардың бәрі біртұтас системаға (жүйеге) біріктіріледі:
Ғылымның сенімді негізі — әрине анықталған фактілер. Егер факті дұрыс анықталған болса (бақылау, эксперимент, тексеріп көру арқылы), онда ол сөзсіз ақиқат болғаны. Бұл — ғылымның эмпириялық, яғни тәжірибелік негізі. Тәжірибеде байқалған фактілердің ұқсастығы, бір түрлілігі тікелей байқалған құбылыстардың жалпы эмпириялық заңы, ортақ қасиеттері бар екендігін көрсетеді.Алайда ғылыми зерттеу мұнымен аяқталмайды. Бұл ғылыми танымның тек бірінші деңгейі (сатысы) ғана деп саналады. Ғылыми танымның бұл эмпириялық деңгейінен кейін келетін теориялық деңгейін айыра білу қажет. Бұлардың арасыңдағы айырмашылық, ерекшелік зерттелуге тиісті нақты материалды жалпылаудың түрлерінің ерекшеліктеріне байланысты. Ғылымның мақсаты - зандылықтарды ашу. Ал заң, заңдылық дегеніміз құбылыстардың арасындағы жалпы, мәнді, қажетті, тұрақты, қайталанбалы байланыстар, яғни шындық дүниенің қайсы бір құбылыстар тобына, класына қатысты жалпылық.
Заттар мен құбылыстардың бойындағы жалпылық абстракциялау жолымен анықталады, яғни олардың әрқайсысына тән жекеше, ерекше белгі қасиеттерге назар аудармай, жалпы, ортақ белгі, қасиеттерді ойша бөліп алу арқылы іске асады. Абстракция деген латын тіліндегі сөзді қазақшаласақ, "көңіл аудармау" дегенді білдіреді. Логика деген ғылымда қарастырылатын формальды-логикалық жалпылау әдісі осы абстракциялау әдісімен іштей байланысты. Алайда, абстракцияның көмегімен жалпылаған кезде кез келген жалпы белгі, қасиетті ала салмай, құбылыстардың ішкі табиғатын ашып көрсететін мәнді жалпы белгісін алу қажет. Мәселен, ертедегі грек ойшылдары "адам" деген ұғымға анықтама бергенде: "Адам дегеніміз екі аяқты, қауырсынсыз жануар" деп анықтапты. Әрине, барлық адамдарда бас аяқ бар, бірақ сонымен бірге құстар да екі аяқты емес пе? Адамның ішкі табиғатын ашып беретін жалпы мәнді белгісі еңбек құралын жасауға қабілеттілік және осының негізінде тарихи қалыптасқан ойлауға және сөйлеуге қабілеттілік қой.Олай болса, танымның эмпириялық және теориялық деңгейлерін бір-бірінен ажыратып тұратын негізгі ерекшелік — заттар мен құбылыстардағы мәнді жалпылықты табу арқылы заңдылықты ашудың тәсілінде екен: тәжірибелік (эмпириялық) жалпылауда тек сыртқы ортақ белгілерді ғана анықтауға болады екен, ал ішкі мәнді белгілерді ашуға, дәлелдеуге танымның тек теориялық деңгейі ғана мүмкіндік береді.
Ғылымның күрделі творчестволық іс деп саналуының бір себебі сол, онда тәжірибеден теорияға көшетін тікелей өткелі жоқ. Оның ғылыми жолы — салыстыру, абстракциялау, жалпылау, талдау, синтездеу сияқты танымның жалпы әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы іске асатын диалектикалық таным жолы.
Ғылыми танымның аталған деңгейлерінің зерттеу объектілері бойынша да өзара айырмашылықтары бар. Танымның тәжірибелік деңгейінде зерттеудің объектісі тікелей табиғат және қоғам құбылыстары мен заттары болса, ал теория тек идеяландырылған объектілермен (материалдық нүкте, идеалды газ, абсолютті қатты дене т.с.с.) жұмыс істейді. Бұл зерттеу объектісі не? — деген сұраққа жауап берсе, ал сонымен қатар ол қалай зерттеледі деген сұрақ бар. Екінші сұраққа жауап беру үшін ғылыми зерттеудің аталған деңгейлерінде қандай әдіс-тәсілдер қолданылатынын білу қажет. Бұл жағынан да олардың елеулі өзгешеліктері бар. Эмпириялық деңгейде қолданылатын негізгі әдістер: бақылау, баяндау, сипаттау, өлшеу, эксперимент т.б. Ал теория болса аскиомалық әдісті, системалық әдісті, құрылымдық-функционалдык, талдау, математикалық моделін жасау әдістерін т.б. пайдалануға тырысады.
Ғылымның басқа қоғамдық сана формаларынан (мәселен, діннен, өнерден) басты бір айырмашылығы сол, онда жаңа білімді қорытып шығарудың әдіс-тәсілдері, яғни ғылыми әдіс (метод) шешуші рөл атқарады. Ғылыми білімнің даму тарихы бұл пікірді толық растайды. XVII ғасырда, яғни классикалық жаратылыстанудың туу дәуірінде, ағылшын ғалымы Ф.Бэкон мен француз ғалымы Р.Декарт ғылымды дамытудың бір-біріне қарама-қарсы екі методологиялық программасын: эмпириялық (индукциялық) және рационалистік (дедукциялық) әдістерін тұжырымдады.
Бұл методологиялық әдістер таным процесінде маңызды тарихи рөл атқарды. Біріншіден, олар толып жатқан нақты ғылыми зерттеулердің іске асуына көмектесті, екіншіден, ғылыми танымның құрылымын дұрыс анықтауға жол ашты. Оның құрылымы екі этажды үйге ұқсас екенін көрсетті. Теориямен айналысатын "жоғарғы этаж" эмпирикалық "төменгі" этаждың үстінде тұрғанымен, бірақ бірінші этажсыз ол төмен құлап түсер еді, Ал керісінше, екінші этажсыз үй салынып біткен құрылыс болып есептелмес еді. Бұл аса қарапайым теңеуден келіп шығатын қорытынды: ғылыми фактілерді жинап беретін индукциясыз дедукциялық әдіс ақиқат теориялық қорытыңды жасай алмас еді, ал дедукциялық әдіссіз индукция ықтимал ғана білім берер еді. Сондықтан қазіргі заманғы ғылыми танымда бұл екі әдіс өзара бірін-бірі толықтыра отырып, диалектикалық бірлікте қолданылады.
Біздің заманымыздағы ғылыми білімнің стандартты құрылыс моделі, шамамен, мынадай тізбек түрінде іске асады: тәжірибелік, (эмпириялық) фактіні анықтау — алғашқы эмпириялық қорытынды — бұл қорытындыға сәйкес келмейтін фактілерді іздеу, табу — жаңаша түсіңдіру схемасы бар теориялық гипотеза (жорамал) ұсыну — байқалған барлық фактілердің негізінде құрылған гипотезадан логикалык, қорынды шығару (дедукция). Ал бұл соңғы ақиқат теориялық қорытынды болуы тиіс, өйткені расталған гипотеза теориялық заңға айналады. Ғылыми білімнің мұндай моделі гипотезалық-дедукциялық деп аталады. Қазіргі заманғы ғылыми танымның көпшілігі дәл осы тәсілмен құрылады.
Достарыңызбен бөлісу: |