Нәтижелері. Тақырып ауқымы кең болғанымен, мақаланың көтерер жүгіне қарай қол жеткен
материалдарды ғана зерделеуге мәжбүр болдық. Осы күнге дейін Мұстафа Шоқайдың мыңнан
астам шығармашылық мұрасының негізінен «Яш Түркістан» журналында жарық көрген
224 мақаласы ғана қазақ тіліне аударылып отыр. Орыс тіліндегі 400-ден астам мақаласын былай
қойғанда, 130-ден астам француз тіліндегі, ағылшын, неміс және поляк тілдеріндегі 17 және
Стамбулда шыққан «Йени Түркістан» журналында жарияланған мақалалар т.б. әлі қазақ тіліне
аударылған жоқ. Дегенмен зерттеу объектісі етіп алған материалдар тақырып мазмұнын белгілі
бір деңгейде ашуға мүмкіндік берді. Біріншіден, Мұстафа Шоқайдың берісі Түркістан халқының,
арысы бүкіл түркі дүниесінің азат болуын, еркін өмір сүруін ойлаған, армандаған ұлы қайраткер
екендігіне көз жеткізілді. Екіншіден, қайраткердің артынан қалған бірнеше тілде жазылған мол
мұрада Кеңес Одағының ұлттар жөніндегі ұстанған саясаты жан-жақты талданды, әшкереленді. Бұл
эмиграциядағы көптеген ұлттардың азаттық күрес жетекшілеріне үлгі-өнеге болды.
Мұстафа Шоқайды эмиграциядағы ұлт-азаттық қозғалыстың жетекшісі ретіндегі
ұйымдастырушылық қабілетін, өз ұстанымынан таймайтын саясаткер екендігін мойындаған
эмиграциядағы әзірбайжан қайраткері, «Прометей» ұйымы басшыларының бірі М. Векилли «Кавказ
бірлестігіндегі» алауыздықтарға, келіспеушіліктерге тоқталып, оған «біздің ұлттық күштерімізді
біріктіру жолында Сіздің көмегіңіз бен қолдауыңызды күтемін. Себебі, біздің ісімізге Сіздің
жаныңыздың ашитынын білемін» деуі жайдан-жай емес еді (Шоқай, 2006: 74). Ал Мұстафа Шоқай
қайтыс болғанан кейін оның еңбегіне Еуропадағы Грузия Демократиялық Республикасының елшісі
Акакий Чхенкели мынандай баға беріп еді: «Мұстафаның қызметі Парижде, Лондонда, Женевада
және басқа Батыстың орталықтарында соншалықты есептеуге келмейтін сан салалы және жемісті
болды. Өзіміз құрған «Кавказ, Түркістан және Украина халықтары достығы» қоғамында ол өз
еліндей үлкен орын алды. Бұл кезде Мұстафа аты Түркістанның кең көпшілігіне ғана емес, бүкіл
Совет Одағына танымал болды. Бұған ол жақтан әртүрлі жолмен алған газеттер мен брошюралар
куә бола алады. Осында сирек келген түркістандықтардан Түркістан төңірегінде жалғыз ғана
адамның дауысына таң қалғандарды аз естіген жоқпыз. Совет-Герман соғысы кезінде соғыс
тұтқындары лагерлердің бірінен ол өзіне тән батылдықпен атуға бұйырылған бірнеше ондаған
еврейлермен шатастырған жас грузиндерді атылудан құтқарып қалады. Ол өз өмірін қатерге тігіп,
қорқынышты қатені түсіндіре отырып, үкімнің орындалуын тоқтатқан. Міне, қандай жабайы кезде
өмір сүрді және күресті біздің Мұстафа. Сен жоқсың, қымбатты дос, бізде жақсы ғасырда өмір
сүріп жатқанымыз жоқ, ал сенің атың мен идеяң біздің халықтар достығының символы болып
біздің ортамызда қалады» (Шоқай, 2014: 325).
Эмиграциядағы Мұстафа Шоқайдың саяси қызметі Мәскеуге де белгілі болды. 1924 жылы
Лубянкадағы Кеңестік мемле кеттік қауіпсіздік комитетінің Сталинге жолдаған жедел хатында
қазақ интеллигенциясы өкілдерінің мұсылмандар басым тұратын жерлерде жеке мемлекет
құруды насихаттап жүргенін, олардың «тәуелсіз Түркістан» мемлекетін көксей тіндігін хабарлаған
болатын (Совершенно се крет но, 2001: 274). Сондай-ақ Кеңес көсемі И. Сталин 1925 жылдың 29
мамырында РК(б)П Қырғыз өлкелiк комитетiнiң Бюро мүшелерiне «ақгвардияшыл баспасөзге мәлім
Шоқайдың» қазақ басылымдарынан алынған мәлiметтердi пайдаланғаны туралы мынандай
мазмұнда хат жазғаны белгілі. Онда «Бiз өкiметтi, - деп атап көрсетті Сталин, - жастардың саяси және
идеологиялық тәрбиесін партияда жоқ буржуазиялық интеллигенттерге табыстау үшiн алғанымыз
жоқ. Бұл майдан толығымен және еш қалдықсыз коммунистерде қалуы қажет. Олай болмаған
жағдайда шоқайшылардың жеңiсі Қырғызстанда (Қазақстанда) болуы әбден мүмкiн. Ал бұл
Қырғызстандағы коммунизмнiң идеологиялық және саяси күйреуiмен теңбе-тең» (Журавлев, 2009:
345). Кейін «Шоқайшылар» сөзі Кеңес үкіметінің Мұстафа Шоқай идеясымен күресінің басты
терминіне айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |