ISSN 1814 - 6961 E-ISSN: 2788-9718
Отан тарихы №1 (97) 2022
166
келіспестен, ойларына келген қолайсыз істер жасап, беделдерін түсіріп алғандығын жазып, олардың
жалпы ұлттық істерді «топтық» деңгейге түсіргені үшін айыптаған болатын (Шоқай, 2006: 100).
Осы тұста кейбір прометейшілдердің түсініспеушілікке ретсіз негіз еткен Мұстафа Шоқайдың
1939 жылғы «Яш Түркістан» журналының 114-санында жарық көрген «Түрік бірлігі хақында» деген
еңбегіне арнайы тоқтай кетейік. Автор «Түрік бірлігі - турасын айтқанда «мұғажырияттағы түрік
топтарын бірлестіру» мәселесі өз алдына жаңа мәселе болып тұрғанын, оның бүгінгі күнге дейін
жеке әңгімелер мен мақалалардың тақырыбы болып келгенін, алайда оның нәтижелі болмағандығы
біздің өмір сүрген кездің жағдайынан туындаған себептердің үстем болып отырғандығынан дейді.
Бұл арада азаттық күресінің тактикалық мәселесі алға шығады. Мұстафа Шоқайша, түрік
дүниесі «геосаяси» жағынан біртұтас бірлік түзуге қолайсыз. Мысалы, Әзірбайжан түріктері
өзінің жағрапиялық және содан туындайтын басқа да жағдайлары жағынан Кавказ жерімен және
Кавказ халқымен тығыз байланысты. Бірақ та Кавказ халықтарының ешқайсысы да жеке-дара
тәуелсіздікке қол жеткізе алмайды. Сондықтан Мұстафа Шоқай Ресей империализміне қарсы
күресіп жатқан халықтар ұйымдастырған «Прометей» майданымен де есептесу қажет, өйткені
бұл майданға Ресейдің қол астындағы түрік халықтарынан басқа түріктер де, тіпті мұсылман емес
халықтар да кіреді дейді (Шоқай, 2007: 358). Әңгіме Ресей империализмінің үстемдігін көріп
отырған халықтардың ұлтымен, нәсілімен, басқа да ерекшеліктерімен есептеспей, қарсылық
бірлігімен санасуда болып отыр еді. Ал 1939 жылғы «Яш Түркістан» журналының №116-117
сандарында жарық көрген «Түрік бірлігі төңірегіндегі көтерілген орынсыз айтысқа орай» атты
мақалада «Идель-Орал» қоғамының негізін қалаушы және оның «Прометей» ұйымындағы өкілі
Аяз Исқақи әпенді Мұстафа Шоқайдың «Яш Түркістан» журналының 114-санында жарияланған
«Түрік бірлігі» атты мақаласында көтерілген идеяларға қарсылық білдіріп, бірнеше мәселелер
көтерген болатын. Осының мәндірек деген екеуіне тоқтай кетейік. Біріншісі - Мұстафа Шоқайдың
жазғаны бұрмаланып, «Прометей майданындағы» Кавказия, Түркістан және Украина ұйымдары
өкілдерінен құрылған «Достық комитетін» «Үміт майданы» деп шатастырып, комитетті «Прометей
майданына» қарсы қояды. Екіншісі - «Түрік бірлігі» мақаласындағы М. Шоқайдың «түрік топтарын
бірлестіру мәселесі, шын мәнінде, саяси мәселе» дегенін Аяз әпенді біздің «Мәдени бірлікке»
көшкенімізді МЧ (Мұстафа Шоқайды айтып отыр - Ә.Б) әпенді білмей ме деп сынайды. Мұстафа
Шоқай бұған мәдени бірліктің өзі саяси іс-қимылдарды қажет етеді деген уәж айтады. Мақалада
басқа да бұрмалауларға дәлелдер келтіріп, автор «...Қазір бір түрік ұйымына біріге алмай
отырғанымызда, осы күнге дейін өзіміз қатысып келген «Прометей» майданына адал болып,
соның ішінде тұрып та түркістандықтар, еділ-оралдықтар және қырымдықтар дос-дұшпанның көз
алдында бір-бірімізбен мәдени-рухани байланыстарымызды нығайтып, әйгілеп жүрейік» деген
тұжырым жасайды (Шоқай, 2007: 374).
Мұстафа Шоқай туған халқының ұлттық тәуелсіздігі жолындағы күресті басқа тәсілдермен
жүргізудің жолын да қарастырған болатын. Мысалы, халықаралық конференцияларға қатысу,
тым болмағанда оларға хаттар жіберу және өзі де сөз сөйлейтін жиналыстар ұйымдастырудың
мүмкіндіктерін табу. Бұл ақпарат құралдарында ол жеке Түркістан халқының ғана емес, бүкіл
түрік тұқымды барлық халықтардың дамуын ойлап, жоғын жоқтады. Мысалы, Мұстафа Шоқай
1920 жылдары Швейцарияның Лозан қаласында жиналған Түркияның тағдыры жөніндегі
халықаралық конференцияға Түркістан және жалпы Түрік әлемі жөнінде үндеу хат жіберумен
қанағаттанбай, сол конференцияға өзі барып, тиісті кісілермен бетпе-бет сөйлескен. Мысалы,
Түркия делегация бастығының орынбасары доктор Рыза Нұрға жолығып, ұзақ кеңескен
(Оралтай, 1997: 9).
Міне, жоғарыдағы хаттар мен мақалалардың саяси һәм парасатты мазмұны М. Шоқайдың
түркі халқының қамын ойлаған эмиграциядағы ұлт өкілдерінің бірлігін ойлаған берік ұстанымын
білдіріп ғана қоймай, оның жалпы мұсылман эмигранттары көшбасшыларының бірі екенін айқын
танытады. Мұстафа Шоқайдың 1929 және 1939 жылдардың арасындағы саяси һәм шығармашылық
қызметімен танысу оның бұл кезеңінің ерекше жемісті болғанын көрсетеді. Осы жылдары Мұстафа
Шоқайдың бірнеше тілде жазылған, сан тақырыпты қамтыған 700-ден астам еңбегі дүниеге келді.
Бұл қарқынға «Яш Түркістан» журналының айрықша шабыт қосқанын да айта кеткен артық емес.
К. Есмағамбетов: «М. Шоқайдың туындылары Батыс елдерінде сенімді дереккөз ретінде саналды.
Өмірінің соңғы күндерінде оған Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Германия, Италия, Түркия, Польша,
Румыния, Голландия, Швециядан Орта Азия мен Қазақстан тарихы, Ауғанстан мен Шығыс
Түркістандағы жағдай, халықаралық қатынастар мәселелері бойынша ақыл-кеңес сұраған хаттар
легі толастамады» деп жазған болатын (Шоқай, 2012: 442). Шынында да Мұстафа Шоқайдың түрлі
саяси деңгейдегі, әртүрлі мінез-құлықты кісілермен жазысқан хаттарын оқи отырып, сол кездегі
дәуір тынысын да, әрбір қайраткердің өрелі өрісін де, әлеуметтік әлеуетін де жақсы байқауға
болады. Сондай-ақ Мұстафа Шоқайдың да саяси қайраткер, майталман публицист, дүниетанымы
жоғары мәмілегер ретіндегі ерекше сергек ұстанымы, қарым-қатынастағы айрықша мәдениеттілігі,
замана ұсынған және ортақ әңгімедегі саяси оқиғаларды терең білетіндігі, қиын мәселелерді
түсінудегі пайым-парасаттылығы, әділеттілікті ту еткен адами болмысы да ашыла түседі.
|