Көзқарастың тарихи түрлері: Миф, дін, философия. Дүниеге көзқарастың тарихи алғашқы түрі- миф (аңыз, ертегі). Мифология (гр mythos - аңыз, logos - ілім) қоғамдық сананың түрі. Дүниені түсінудің бұл архаикалық түрі - біздің ертедегі бабаларымыздың өмірінде маңызды рөл атқарды, алғашқы қауым адамын табиғатпен үйлесімді біріктіре білді, рулық өмірді реттеп отырды. Миф - қоршаған ортаны қиял, керемет, ғажап ретінде қабылдауға мүмкіндік берді. Миф - мына негізгі сұрақтарға жауап беруге тырысады: әлемнің пайда болу жолдары, жер және адам қатынасы, табиғи құбылыстар, оларды түсіну, мәнін ашу, адам тағдырының көзі, адам қызметі мен оның табыстары, намыс пен ар мәселесі, қарыз бен борыш, этика және өнегелік, т.б.
Мифтің ерекшелігі: табиғатқа адамның өз қасиеттерін беріп адам қатарына қосуы, құдіретті құдайдың бар болуына кәміл сену. Адамдардың өзара қатынасы және әрекеті, абстрактылық толғануы (рефлексия - сананың өз-өзіне бағытталып, өзінің психикалық күйіне ой жүгіртуі) нақты өмірдегі шаруашылықты практикалық бағытта дамытып, апаттан қорғауға арналады. Бұл мәселелерде мифологиялық сюжеттердің біртүрлігі және үстірттілігі басым, яғни барлық халықтар бастауын дүниеге көзқарастың осы деңгейінен алады.
Әрбір жеке адам өз дамуында адамзат тарихын өте қысқа түрде қайталайды деп В. И. Ленин айтқандай, мифологиялық сананы жас баланың санасымен теңестіруге болады. Олар да өзінің саналы жан екенін түсінбей ойыншықтармен сөйлесіп, ұрысып, әке-шешесінің өзіне істегенін оларға істеп, шын көңілмен оларды өздеріне тең санап өмір сүреді. Балалар санасы да синкретикалық сипатта көрінеді. Сана біртұтас қалыпта, ақыл мен сезім деңгейлері ажыратылмаған, жақсы мен жаман істер анықталмаған күйде өтеді. «Балалы үйде ұрлық жатпайды» деген қазақ халқының мақалы да осыдан туған болар. Бала тек өсе келе, шындықты жасырмай айтып, таяқ жегеннен кейін ғана өтірік айтуға, кейбір ойын, іс-әрекетін жасырып қалуға, яғни ақылмен сезімде берілгенді тежеп ұстауға үйренеді. Мифологиялық сана арқылы ғана адамдар алғашқы қауымға бірігіп, адамдық қатынастарды дамытып жетілдіре алады. Ұрпақ жалғастырудың не себепті өтетінін білмеуге байланысты ру мүшелерін бір тотемнің (көбіне жануарлардың бір түрі) тұқымдары деп санап, өзара бауырластық, теңдік, көмектесу талаптарын, кейін сүйіспеншілік, борышты болу қасиеттерін дамытты. Биологияның «тіршіліктің басқа түрлерімен және өзара мәңгі күресу» заңының шеңберінен шығып, әлеуметтік заңдылықтарға бағынуға үлкен қадам жасады, өздерінің рухани жандық сипатын (санадағы бейне, түсініктерге сүйеніп, жоспарлы түрде іс- әрекет жасау) жетілдіре түсті.
Миф сананы оятады, прогресс дамуының негізі - жазба мәдениетінің пайда болуы арқылы дін, философияға біртіндеп өтеді.
Дін - көзқарастың бір түрі. Дін - табиғаттан тыс ғажап күштердің бар болуына негізделінген сенім. Ол адам өміріне және қоршаған ортаға ықпал етеді. Діни көзқарас қоршаған ортаны сезімдік, бейнелік - эмоциональдық түрде қабылдауды сипаттайды.
Дін қазіргі кезде үш дүниежүзілік діндерден: христиан, ислам, буддизм және көптеген ұлттық діндерден: синтоизм, иудаизм, индуизм, тәңірлік, конфуцийлік, даосизм, т. б. тұрады. Дін адамдардың үлкен топтарын, халықтарды біріктіріп, қоғамды идеялдар арқылы тұрақтандырады. Ол мәдениеттің кеңістікте тарауына мүмкіндік туғызды да, ортақ салт-дәстүрлердің қалыптасуына ықпал етеді. Өнегелік-тәрбиелік саласыда жақыныңа сүйіспеншілік, қайғысына ортақтасу, адалдық, төзімділік, парасаттылықты міндет деп санайды. Дін адамды адамгершілікке, тазалыққа үйретеді.
Діни сенім заңды, тарихи түрде қалыптасады. Тотемдік сенімнен табиғаттан тыс күшке (құдай, сайтанға) сенудің арасында табиғаттың дүлей күштеріне (найзағай, теңіз, ай, күн) сену жатыр - оны пұтқа (заттық формадағы нәрсеге: икона, сурет, мүсіндерге) илану деп санайды. Шынайы дін жеке заттан бүкіл аспанға, әлемдік ғарышқа табыну (тәңірге сену, конфуциялық ілім), абстрактылық күштер күресі (зооастризмдегі жарық пен түнектің мәңгі шайқасы, кезектеле жеңіске жетуі) идеялары арқылы жетіліп, қазіргі әлемдік діндерде қалыптасты. Бұл негізінен сананың жетілуі, абстракциялық ойлаудың, жақсы мен жамандық идеялдарын құрастыра білу мүмкіндігінің пайда болу жемісі. Идеалдар да жоқтан алынған жоқ, ол реалдық адам болмысының қарама-қарсы бастауларын жинақтаудың нәтижесі. Жамандық - адам бойындағы биологиялық заңдылықтар (тек өз қамын ойлау, жануарлық инстинктіге бағыну, ұмтылыстарына жету үшін күшке, алдауға сүйену, т. б.), жақсылық - тәрбиеден алынған әлеуметтік заңдылықтарды пір тұтып дамыту. Адам бойындағы реалды қасиеттер топтастырылып, бірі - сайтан жолы, екіншісі - құдай, имандылық жолы аталып, олардың мәңгілік күресі мойындалды. Тек қоғамда ғана адам болып туып, өмір сүре алатындығы ескеріліп, оның тұрақтылығын, бейбіт дамуын қалайды. Бірақ, үстемдік етуші әулеттер, тап пен ұлттар, елдің көңілін ішкі теріс шешімдегі мәселелерден басқаға аудару үшін, діндердің әртүрлі көзқарастарды ұстанатынын, бұқара халықтың ғылыми білімінен алшақтығын пайдаланып, өздерінің саяси-экономикалық тартыстарын діни соғыстарға аударуға тырысатындығы да тарихта жиі кездеседі.
Діни көзқарас, сана мен сенім - қарапайым халықтың философиясы деуге де болады, яғни оның қоғамға қажеттілігі әлі де жоғалған жоқ. Егер рационалдық ғылыми білімнің әрқашан бүгінде шешімі жоқ бір нәрселерге тап болып отыратындығын, ал сенім тек тұтастық ретіндегі көзқарастың жемісі болғандықтан, сондықтан жетіспеген білімді адамдар мифологиямен толықтыратынын пайымдасақ, дінді мәңгі қоғамдық құбылыс деу орынды. Оның тәрбиелік мәні өте зор себебі әрбір жаңа ұрпақ биологиялық заңдылықтардан тек өз күшімен, ақылымен арылуы қиын, ал мемлекет тарапынан күш көрсету – көбіне кері нәтижелер әкеледі. Сондықтан, оның мифологиялық бастамаларын символдар ретінде қарап, біртіндеп рационалдық күйге көшіріп, әлемдік діндердің алшақтаған идеологиясынан құтылып, діни сенімді адам көзқарасының қажетті бастауларының бірі санауға ұмтылған жөн. Діннің үш элементі бар: діни түсініктер, діни сезімдер, діни табыну мен әдет-ғұрып жоралары. Олар әлеуметтік жағдайларға байланысты әртүрлі болып келеді. Дін дүниені екіге бөледі: о дүние және бұл дүние. Дін өз нұсқауларын құдай атымен мәңгі-бақи бекітпекші болатын неғұрлым консервативтік идеологияның формасы болып табылады, яғни оны реформалау асығыстықты қаламайды.
Философия – көзқарастың бір түрі. Ертеде әр нәрсенің себебін білігісі келгендер, діни ұғымдар мен жай ұғымдарға қанағаттанбай құбылыстардың түбіне үңіліп, сол туралы өзіндік пікір айтты. Оларды - «философ» деп атайды. «Философ» деген сөзді алғашқы рет гректің, ойшыл, математигі Пифагор (580-500 б.ғ.д) енгізді. Бұл термин Еуропа мәдениетінде Платонның (427-347 б.ғ.д) атымен тығыз байланысты. Philo - сүйемін, sophia- даналық, яғни даналықты сүйемін деген мағынаны береді. Араб тілінде «фәлсәфа» деп аталады.
Философ - алғашқыда әрі дана, әрі табиғатты зерттеуші, сынаушы, байқаушы ретінде бой көрсетті. Сондықтан, бұларды «натурфилософтар» деп атады. Философияның дүниеге келуі дегеніміз - өмірлік тәжірибеде адам сезімінің, идеалдық үміттің және әлем туралы білімнің үйлесімдігін іздеу нәтижесінде ерекше рухтың қалыптасуы болады. Философия пайда болуынан бастап барлық ғылымды қамтыды, яғни ғылымның ғылымы болды. Кейінірек әр пән өз алдына ғылыми пән ретінде қалыптасты. Б.з.д IV ғ ежелгі Грекияда теориялық логика пәні, ал б.з.д. ІІ ғ математика (Евклид геометриясы және арифметика), астрономия (астрологиямен бірге), кейінірек филология және тағы басқалары бөлінді, яғни ғылымды жіктеу дифференциялау (бөлшектеу) басталады.
Әр дәуірде философиялық ілімдердің ішіндегі ғылымның құрамында әртүрлі көзқарас болды. Эллиндік дәуірде стоиктер мен эпикуршылар философияны логика, физика және этика деп жеке бөліктерге бөлді. Оны бақшаға теңеді. Бақтың қоршауы - логика (логикаға танымның барлық мәселелерін, тіпті тілді де қосады), физика - оның жемістері, яғни табиғатқа байланысты (астрономиялық, физикалық, биологиялық, т. б. білімдер). Этика – адамның мiнез-құлқы, тәртібі туралы ғылым, ол философияның ұйытқысы (ядросы), ол бағыт және керекті тәртіпке жол көрсетеді деп саналды.
Орта ғасырда Схоластикалық философияны болмыстың негізгі себебі және жоғарғы принципі туралы ғылым ретінде түсіне бастады, сонымен бірге ол «діни ілімнің құлы» болып саналды. Қайта Өрлеу дәуірінде философиясының ерекше сапалы бөлігі - натурфилософия (табиғат философиясы). Жаңа Заман философиясында жаратылыс ғылымдарының кешені қалыптасты (физика, химия, биология, т.б.). Енді олар философия саласына тіпті кірмейтін болды. Және гуманитарлық ғылымдар (тарих, лингвистика, өнертану, т.б.) бөлінді.
Философия барлық ғылымдардың әдістемелік рөлін сақтап қалды. ХІХ-ХХ ғ марксизмде Гегель философиясының негізінде философия пәні туралы төмендегі түсінік қалыптасты.
Философия дегеніміз - табиғат, қоғам және адам санасының ең жалпы даму заңдары туралы ғылым қоғамдық сананың бір түрі, көзқарастық теорияның негізі, философиялық пәндер жүйесі, адамның рухани дүниесінің қалыптасуына ықпал жасайтын ілім. Философия пәні осылай түсінумен бірге ХХ ғасырда әртүрлі философиялық ілімнің негізгі мәселесінің әртүрлі болуына байланысты, бұл сұрақтың шешу жолдары анықталды.
Философияның негізгі бөлімдері (тараулары):
1. Онтология (ontos-тіршілік, logos-ілім) - болмыс туралы ілім.
2. Гносеология (гр gnosis-таным және logos-ілім) – таным туралы ілім. Эпистемология (гр. episteme – бiлiм, logos – ілім, сөз) туралы ілім.
3. Әлеуметтік философия - қоғам туралы ілім.
Достарыңызбен бөлісу: |