Тамшы сөз: Әке деген шынымен тау екен, әкең кеткенде тауың бірге
кеткендей болады екен.
Әке, өзің білесің, менің өтірік айтпайтынымды. Сен туралы да мен бір
ауыз өтірік айта алмаймын. Себебі сені білетіндер егер мен бір ауыз сөзді
артық айтсам, «мұнысы өтірік» дейді ғой. Ол – өте ауыр сөз. Әке, мен апам
туралы жазғанда біздің ауылдағы Бейсебай ата мен Балпан апаның келіні
Клара: «Гүлтас, сенің кітабыңда бір ауыз өтірік жоқ. Бәрі – шындық» деген
еді. Ол кітап туралы көп адамдар жақсы пікірлер айтты емес пе, бірақ Клара
жеңгемнің пікірі мен үшін өте қымбат еді. Өйткені ол апамды көрген адам.
Мені кішкентайымнан біледі және өзінің жан дүниесінде жалғандығы жоқ
таза адам.
Алтын әкетайым, сенің тілеуің шексіз еді. Сен басқалар сияқты ашық
айтпайтынсың. Сенің тілегің істеген ісіңнен, сөйлеген сөзіңнен, елжірей
қараған көзқарасыңнан көрінетін. Тұрсаң да, жатсаң да «Е, Алла, е Құдай»
деп жүретінсің. Саған «Ләй-лаха Илла Алах» деп айтсаңшы дейтінбіз. Сен
онда «қызым, мен өзім білемін, білетінімді ғана айтамын, Алла оны көріп
тұр» деуші едің. Жаным әкешім, сенің аузың емес, жүрегің айтады екен. 17
маусым күні сағат таңғы 5 шамасында Шарбала сіңліме «Ясинді» алдыртып,
дауыстап оқыдым да, кеудеңе қасиетті сүре жазылған кітапты қойып
қойдым. Біраз жаттың да, қолыңмен кітапты алып жаныңа қойдың: «Е Алла,
тағдыр жеңді, мен жеңілдім деп 5-6 рет қайталап айта бердің ... Үнсіз жатып
қалдың, сонан соң ап-анық етіп: «Ләй-лаха Илла-Аллах» деп айттың. Біз
Шарбала сіңлім екеуміз әрі қорқып, әрі қуанып жыладық, маңдайыңнан,
қолыңнан, бетіңнен сүйдік.
Ерболды оятып: «әкемнің қасында отыра тұршы, мен кішкене демалайын»
деп, сенің қасыңдағы өз төсегіңе қисайдым. (Сен анамның төсегінде көз
жұмдың). Ербол аузы күбірлеп Құран сүрелерін оқып отыр. Мен сенің
калимаға тіліңді келтіргенің үшін жаратқан Аллаға алғысымды жаудырып,
Аллам-ау, енді біраз жыл жарық дүниеңді қия көрші, рахымыңды бере көрші
деп жаттым. Көзім ілініп кетіпті. Ербол оятты, «Гүлтас, атамның тынысы
тарылып барады» деді. Мен ұшып тұрып, сенің басыңды көтеріп,
жастығыңды тартпақ болдым, Сөйтсем, басың ауыр болып кетіпті. Сонда да
болмай, басыңды көтеріп, аузыңа екі қасық суды құйдым. Сенің жүзің
шаршамай, дем алып жаткандай, ешқандай аурудың ізі де қалмай, нұрланып
жаттың. Анамды, сіңлілерімді шақырдым, сен тып-тыныш ұйқыға кеттің.
|