Гүлзейнеп СӘдірқызы жуырда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Менің елім – Қазақстан»



Дата02.07.2016
өлшемі30.68 Kb.
#172336
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ

Жуырда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Менің елім – Қазақстан» атты тарихи-деректі көрме ұйымдастырылып, дөңгелек үстел өтті. Оның жұмысына мемлекет және қоғам қайраткерлері, Алматы қаласындағы этномәдени бірлестіктердің басшылары, ғалымдар, тарихшылар, мұрағат, мұражай, кітапхана қызметтерінің басшылары қатысты.



Көрмені көріп, қызықтағаннан кейін келген қонақтар дөңгелек үстел басына жиналып, кеңінен отырып келісті әңгіме-дүкен құрды. Жиынды Қазақстан Президенті Мұрағатының директоры Борис Жапаров кіріспе сөз сөйлеп ашып, Ассамблея жұмысының арқасында елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, ұлты мен дініне қарамастан, әрбір азамат Конституция кепілдік ететін азаматтық құқық пен бостандықты толығымен пайдалана алатын сенімнің, ынтымақтастықтың және өзара түсінушіліктің ерекше ауаны қалыптасқанын жеткізді.
Одан әрі сөз кезегі қонақтарға берілді. Алғаш болып Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев сөз алды.
– Шынында да осыдан жиырма жыл бұрын ҚХА құрылған кезде «Ассамблея керек пе, жоқ па?», «Әрі кетсе әр ұлт концерттерін көрсетіп қоятын шығар», деген әртүрлі пікірлердің болғаны рас. Енді жиырма жыл өткен соң салмақтап қарасақ, бұл бастаманың орынды көтерілгенінің куәсі болып отырмыз. Біздер шетелге шыққанда бәрін байқап жүреміз ғой, Ассамблеяға ұқсайтын, жақындайтын ұйымдар бар. Бірақ олардың мәртебесі біздікіне жетпейді, – деді ол .
Бұл әңгімені «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Шахисмаил Асиев та іліп әкетіп, ҚХА-ны тек қана Қазақстанда емес, дүниежүзінде құрметтейтінін асқан мақтанышпен жеткізді. «Біздер жиырма жылда Қазақстанның осындай жетістіктерге жеткеніне мақтанамыз. Мен сіздерге айтайын, қазір қазақ тілінде сөйлеу «модаға» айналды», деді ол.
Асылдың тұяғы – Ілияс Жансү¬гіровтің баласы Саят ағамыз да сөз алып, Қазақстандағы халықтар достығына қатысты ойларын білдірді. Ол өзінің нағашыларының 20-30-шы қиын жылдары өздеріне қолұшын берген түрік халқының құрметіне үш ұлының атын Тұран, Тұрғыт, Нұраш деп түрікше қойғанын әдемі әңгімелеп берді. Орыс халқымен де өте ынтымақты, достық көңілде жақсы тұрғанын, сонының бір дәлелі әкесі Ілияс Пушкиннің «Евгений Онегинін» аударғанын, сондай-ақ, ұйғыр халқының қайраткер ұлы Розыбақиевпен көрші тұрғанын жеткізіп, оның керемет азамат болғанынан естелік айтты.
Сонау Семейден келген «Неведа-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысының вице-президенті Сұлтан Картоев өзінің отбасы кіші Қазақстан халқы Ассамблеясы – он екі ұлт өкілінен тұратын нағыз интернационал шаңырақ екенін мақтанышпен жеткізді. Ол өзінің Қазақстандағы халық достығына бала кезден куә болып келе жатқанын, өйткені, қазақ жеріне депортацияланған халықтың өкілі екенін, бірақ кешегі күнді емес, бүгінгі жарқын күнді еске алғысы келетінін атап көрсетті.
Сөйлеген шешендердің арасында «Масис» қазақстандық армян бірлестігінің Алматы қаласындағы бөлімше директоры Рудик Мнаца¬ка¬нянның жігерлі, ақжарылқап сөзі отырғандарды бір серпілтіп тастады.
– Үлкен шаңырақта бір үстел басында бас қосуымыздың өзі бір ғанибет емес пе, – деді Рудик Гайкович өзінің отырғандардан жасы үлкендігін, сонау 1995 жылдары жаңа қоғамдық ұйым – Ассамблеяны құруға атсалысқанын, содан бері бұл ұйымды жақсы көріп кеткенін әңгімелей келіп. – Менің бір айтарым, біздер, Қазақстанда тұратын әр ұлт өкілдері бір-бірімізбен кездескенде, әсіресе, түрік, чешен, әзербайжан, ингуш ағайындар құшақтасып амандасамыз. Мұны сіздер не Грузияда, не Әзербайжанда, не Арменияда жасай алмайсыздар. Мысалы, менің шаңырағым интернационал отбасы. Әйелім өзбек қызы, үлкен ұлымның әйелі чешен. Өзім Қазақстанның шарап өндірісінде 52 жылдан беріп жұмыс істеймін, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматымын. Осы елде жүріп профессор атандым, бүгінде Алматы технология университетінде дәріс оқимын.
Ұйғыр этномәдени бірлестігі жанындағы үш тілде шығатын «Ақпарат» журналының бас редакторы Тамара Маметова ҚХА-ның өте бірегей орган екенін айта келе, ол әлем халықтары үшін үлгі болғанын, Қазақстанда тұрып жатқан 300 мың ұйғыр халқының атынан елімізде бейбітшілік пен достықтың салтанат құрып, қоғамда толеранттылық орнауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысатынын алға тартты.
Басқосуға қатысқан басқалар да қазақтар сияқты бейбіт өмір сүріп, балаларының қарны тоқ, қайда оқимын десе жол ашық екенін айтса, татар өкілі Нұрия Ниязова қарапайым ана ретіндегі бар тілегі тыныштық екенін жеткізді. Татар этномәдени бірлестігін басқарған марқұм әкесінің қашанда өз сөзін «Қазақстанға, қазақ халқына рахмет!» деп бітіретінін, енді өзі де сол әке ісін жалғастырып, Қазақстанға, қазақ халқына алғысын білдіретінін мәлімдеді, татар қызы қолын кеудесіне басып.

Мақала 2015 ж. 3 сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет