Грамматикалық категория (гр. grammatike гр. gramma әріп, жазу, гр. kategoria пікір айту, пайымдау орыс. грамматическая категория) — мағынасы біртиптес грамматикалық тұлғалардын бір-бірінен өзгеше жүйесі.
Бұл жүйеде категорияландыратын белгі басты қызмет атқарады. Мысалы: шақ, жақ, етіс т. б. категориялардын жинақты мағыналары соларға сай тұлғалар жүйесін қалыптастыратын категориялық белгі болып тұр. Грамматикалық категорияны анықтауда мағыналық тұрғыдан қарап, оны бірінші қатарға шығару кең тараған. Шынында, грамматикалық категорияның ен басты белгісі мағынасы мен тұлғасының бірлігі болып табылады. Одан грамматикалық категорияның екі жақты сипаты көрінеді.[1]
Грамматикалық категория морфологиялық және синтаксистік болып бөлінеді. Морфологиялық категорияларға етіс, түр, шақ, жақ, рай, септік т. б. жатады. Бұл категориялардың жүйелі түрлері сөздердін ірі грамматикалық топтарын (сөз таптарын) жасайды. Тілдерде грамматикалық категориялардың саны бірдей емес. Мысалы, қазақ тілінде орыс тіліндегідей вид, род категориялары жоқ.
Синтаксистік категориялар тұлғалардың сөз тіркесі мен сөйлем құрамында тіркесу қабілетіне қарай жіктеледі. Грамматикалық категория ұғымы негізінен морфологиялық материал негізінде қалыптасқан да, ал синтаксистік материал негізінде жетімсіз талданған, Грамматикалық категория ұғымының синтаксиске қатысты қолдану шегі әлі айқын емес деген пікір бар. Грамматикалық категория ұғымына байланысты әлем тілдері бір-бірінен:
Грамматикалық категорияның саны мен құрамына карай;
Бір грамматикалық категорияның ішіндегі қарама-қарсы тұрған мүшелер санына қарай (мысалы, септік жалғаулары орыс тілінде — 6, қазақ тілінде — 7, кейбір дағыстан тілдерінде 40-ка дейін);
Белгілі бір категориялардың қандай сөз таптарына кіретініне қарай жіктеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |