Заңғар Абайдың зиялы зерттеушісі
А.Ж.Шәріп,
ф.ғ.д., профессор
Қазақстан, Астана
Абайдың жүрегіне жол іздеген әркім өзінше көпір салады.
Осы мақсатқа орайлас, зиялы оқымысты Зәки Ахметов ұлы ақынның шығармашылығын зерттеу мен зерделеу ісіне студент кезінде-ақ айрықша құлшыныс танытқан. Оның бұл бағыттағы тұңғыш талпыныстарына Мұхтар Әуезовтің жылы қабақ көрсетіп, ілгерішіл ізденісін байқатқан жаңашыл жас ғалымға ақ батасын бергені белгілі. Болашақ академик данышпан ақынның дәргейіне жүгіну үшін алдына орыс поэзиясының көкжиегінде «жалғыз жалауы жалтылдаған» Михаил Юрьевич Лермонтовты сала келгендігі тағы аян. Неге?
Оның себебін табиғатынан зерек зерттеуші 1954 жылы орыс тілінде жарық көрген «Абай және Лермонтов» атты алғашқы монографиясында оқтын-оқтын айтады. Мысалы:
«Лермонтов Абайға рухы жағынан ең жақын ақындардың бірі болды, оның туындыларынан қазақ ақыны өзінің шығармашылық өрлеуіне тұрақты тірек тапты» [1, 4].
«Кәкітай Құнанбаев Абайдың Лермонтов шығармаларын ерекше жақсы көргендігін және оның өлеңдерін қазақшаға сүйсіне аударғандығын ескертіп өтеді» [1, 28].
«Лермонтовтың шығармаларын жақсы білген Абай олардан өзінің мұраттарына, идеялық және ақындық ұмтылыстарына үндестік пен туыстықтың молдығын байқады» [1, 91].
Әр зерттеудің сыры мен сипатына, мәні мен мазмұнына өз заманының аясындағы жетістіктер тұрғысынан қарасақ, ол кезеңде «Абай және Лермонтов» тақырыбы ара-тұра сөз етілгені болмаса, арнайы талқының арқауына айнала қоймаған-ды.
«Абайдың Лермонтовтан жасаған аудармаларының баян еткен ауқымы мен идеялары қандай?», «Абай не үшін Лермонтов поэзиясына алабөтен құмартты?», «Абай өлеңдері мен Лермонтов поэзиясының өзектестігі мен өзгешелігі неде?», т.б. осы сияқты сауалдарға жауап әлі қарастырылмаған. Сол шаруаны бірінші болып қолға алудың мәртебесі мен машақаты жампоздығын жастай сездірген Зәки Ахметовтың пешенесіне жазылыпты.
Ғылыми бағыт-бағдарының қазығын солай қаққан ол әрі қарай іргелі зерттеуінің методологиялық жарақ-жабдығын түгендейді. Ең бастысы, ленинградтық ұстаздары санасына сіңірген іргелі академиялық ұстанымының, тыңғылықты да тиянақты білімінің арқасында тұрпайы социологизм тәсілдеріне жосықсыз бой алдырмай, сталиндік суыққолды саясаттың сарындарынан іргесін аулақ ұстауға тырысады.
Зәки Ахметов тақырыпқа дендемес бұрын Абай өмір сүрген қазақ қоғамы мен Лермонтов тірлік кешкен орыс ортасының жай-жапсарын егжей-тегжейлі тексереді.
Лермонтов декабристер көтерілісінен кейінгі – алды-артының болжалы жоқ күйреуік уақыттың, ал Абай Ресей империясының қазақ сахарасына тырнағы түгелдей батқан – барар жер, басар тау қалмаған тұйықтаулы мезгілдің ауанын аңғартқан ақындар еді. Яғни екеуі де шығармашылықтарының әлеуметтік түп-төркіндері мен дәстүрлі ментальдік қайнарлары, тіпті тарихи дәуірлері әр түрлі болғандықтарына қарамастан, өтпелі шақ өмірін (З.Ахметов), оның өтінен төгілген зәр мен зарды жыр қалыбына құйғандықтарымен өз ара қауышады. Сондықтан зерттеуші ең алдымен олардың арасындағы ұқсастықты осы төңіректен топшылап, Лермонтовта да, Абайда да – айнала қоршаған тірлікке көңілі толмағандықтан туған сыншылдықтың, бүгіннен баз кешіп, болашаққа бет бұрған максимализмнен өрістеген дүнияуи жалғыздықтың мен мұндалап тұрған мотивтерін саралайды. Сонымен қатар, қос поэзия шаһбазының ақынның қоғамдық миссиясы туралы түсініктерінің төркіндестігіне назар аударады.
Әлбетте, Абай – Лермонтовтың жалаң жаңғырығы, ессіз еліктеушісі емес; терең сырласы, тең сұхбаттасы. Біріншіден, ол иықтас ақынының туындыларын жапатармағай аудармайды, өзінің жан дүниесіне жақынын, көңіліне керегін талғап-таңдайды. Екіншіден, монография авторы айтпақшы, Абай «аудармаларына өзінің ойлары мен сезімдерін кіріктіреді» [1, 9], яғни Лермонтов өлеңдерінің мәтініне қаз-қалпы байланып қалмайды. Қажет қылса, оларды қазақ тұрмысының алуан атрибуттарымен байытады. Үшіншіден, Зәки Ахметовтің жазуынша, «Абайдың жекелеген туындылары қарапайым сөзбен айтқанда аударманың ауқымынан шығып кетеді, белгілі бір дәрежеде ғана аудармаға жатқызылады және өз алдына дербес шығарма деңгейіне көтеріледі» [1, 154]. Зерттеуші аудармаларды түпнұсқаға сәйкестігі немесе сәйкессіздігі тұрғысынан бағалаған дұрыс емес екендігін, олардың жаңа сұраныстар жағдайында шығармашылық түрленіске түсу мүмкіндігін тәптіштейді.
Сөйтіп, «Абай мен Лермонтов» қарым-қатынасының шығармашылық қыртыс-қатпарларын айқындау үшін ғалымның архивтік айғақтарды, құнды қолжазбаларды, мұражай материалдарын, ескілікті зерттеу еңбектерін, байырғы баспасөз жарияланымдарын қопара қарастырғаны, мейлінше мұқияттағаны көрінеді. Өзіне дейінгі зерттеушілердің пікір-пайымдарын да толығымен тезге тартады. Мәтінтану мәселесіне, ондағы кемшіліктер мен келеңсіздіктерді таразылауға келгенде керемет кірпияз. Абай шығармаларының 1909, 1922, 1933, 1940, 1945 жылдардағы басылымдарын ерінбей екшеп-ежіктей отырып, ондағы жаңсақтықтар мен жетіспеушіліктерге өз көзқарасын батыл білдіреді. Осының бәрі оның абайтанушылық қызметінің айдындануына нақты да нық негіз болғандығы даусыз.
Көрнекті ғалым Сейіт Қасқабасов «Академик Ахметов» атты мақаласында: «Абай шығармаларына Зәки аға өте сақтықпен қарайтын. Ұлы Мұхтар Әуезовпен бірге 1957 жылы Абай шығармаларының екі томдық жинағын баспаға даярлап, шығарғаны белгілі. Сонда Мұхаңның әр сөзге қаншалықты мән бергенін, қандай мұқият текстологиялық жұмыс жүргізгенін өз көзімен көргенін, Мұхаңның: «Абай өлеңін көбейтеміз деп, көбіктендіріп алмайық. Сақ болыңдар!» деген сөзін жиі айтатын. Мұхтар Әуезов сияқты Абай поэзиясын түгел жатқа білетін Зекең ұлы ақын шығармаларын 6 рет жинақ етіп құрастырып, ғылыми түрде жарыққа шығарыпты. Осының өзі оны үлкен текстолог-маман ретінде толық мінездесе керек», - деп жазады [2, 12].
Осы тұжырымның қапысыз растығы зерттеушінің біз айтып отырған «Абай және Лермонтов» атты тырнақалды монографиясының өне бойынан ғылыми дәйек-дәлел табады.
Бір-екі мысал. Лермонтовтың «В альбом» («Альбомға») атты өлеңінің аудармасындағы екінші шумақтың үшінші қатары Абай шығармаларының қазіргі барлық басылымында «Өзі қысқа, өзі асау, тентек өмір» деп жазылады [3, 24]. Ал әуелде осындағы «қысқа» сөзінің орнында «қисық» сөзі тұрған. Сол сияқты, орыс ақынының «Парус» («Жалау») атты атақты өлеңінің Абай тәржімасындағы екінші шумақтың бүгінгі күні «Ойнақтап толқын, жел гулеп» деген жолмен басталатыны мәлім [3, 92]. Ілгеріде ол – «Ойнақтап, толқып, жел гулеп» делініп келген. Қазақша қолжазбаны оқығанда кеткен сол қателіктерді орысша түпнұсқамен салыстыра жөндеп, Абайдың 1954 жылғы жинағынан бастап түзету енгізген еңбек егесі Зәки Ахметов екендігін жұрттың бәрі біле бермейді. Монографияда текстологиялық танымпаздықтың басқа да үлгілері жетерлік. Нағыз ізденістің нәтижесінде тіпті Лермонтовтың шығармашылық қазынасына қатысты орыс зерттеушілері үңіле қоймаған тың да тосын деректерді жария етіпті. Сол үшін Ресей әдебиеттанушылары Зәки Ахметовтің зор алғырлығына қайран қалған. Зерделі зерттеушінің Абайдың музыкалық мұрасына байланысты сол заматтағы соны байламдары мен салиқалы байыптаулары да өзінің маңызын әлі күнге жоғалтқан жоқ.
Күллі жұрт Зәки Ахметовті әдебиет теориясының, оның ішінде әсіресе сөз сарасы – өлең қисынының ғұлама білгірі ретінде аса қадірлейді. Біздіңше, ғалымды осы әсемдік әлемінің кең жазира, көк жасыл өрісіне жетелеп шыққан – ең алдымен Абай поэзиясына деген шалқар ықыласы мен шынайы ынтызарлығы. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының поэтикасын зерделегенде де осы үрдісінен айныған жоқ деп ойлаймыз. Профессор Шериаздан Елеукенов жазбақшы, шындығында да, ол – «Абай поэзиясы туралы ғылымға ұлы ақынның өлең кестесіндегі жаңашылдықты, тас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісімнің қалай өрнектелетінін, көркемдік құрылымы бөлек амал-тәсілдерін ашып берді» [4].
Зәки Ахметов ұзақ жылдар бойына ұлы ақын туралы зерттеулерінің көкжиегін кеңейтіп, тамырын тереңдетіп отырды. Оның шығармашылық мұрасын әр қырынан, әр қиырынан қамтыды. Айталық, ғылымға бел буған бетте жариялаған орыс тіліндегі «Абай және Пушкин» атты мақаласы (1949) мен кемелдікке аяқ басқан кезеңде бастырған «Абай шығармаларының орысша аудармалары хақында» атты мақаласының (2002) арасында жарты ғасырдан астам уақытқа созылған іркіліссіз ізденістің ізі сайрап жатыр. Академиктің «Абайдың ақындық әлемі» атты монографиясы – сол ғылыми қайраткерлік пен қарымдылықтың мәнді қорытпасы, мағыналы қоймасы іспетті.
Зәки Ахметов «Ақын тұласы, адамгершілік мақсат-мұраты», «Әлеуметтік әуендер», «Сыншылдық та –шыншылдық», «Ғылым-білім, ақыл-парасат жайлы ойлар», «Сыршыл көңіл мұңаймас», «Махаббат сарындары, сұлулық сымбаты», «Суреткерлік шеберлігі (табиғат көріністері)», «Ойшылдық сарын, шеберлік қырлары», «Ақындық өнер мен ән-күй туралы толғаныстар», «Өлең өрнектері», «Поэмалардың сыр-сипаты», «Қарасөздер: тақырыптық, жанрлық ерекшеліктері» атты тараулардан тұратын бұл ерен еңбегінде Абай парасаткерлігінің тұтас панорамасын түзеді және данышпан ақынның мұрасын танып-түстеу бағдарларын байыптайды.
«Абай творчествосын түгелдей алып талқылағанда да, жеке шығармаларын талқылағанда да екі түрлі талдау принципін дұрыс ұштастыра білу шарт. Оның бірі – тарихи принцип, яғни ақын шығармаларын туғызған заман, қоғамдық орта, әлеуметтік жағдаймен байланыстыра қарау болса, екіншісі – бүгінгі заман тұрғысынан қарап, қазіргі моральдық ұғым-түсінік, идеалдарға үйлестіре қарап бағалау» [5, 31], - деп тұжырымдайды ол. Сонымен қоса, ақын өлеңдерінің көркемдік кестесін сараптап-саралағанда қандай қадау-қадау қағидаларға табан тіреу керектігін көрсетіп береді.
Тіпті ол «... ақынның өлеңдеріндегі жекелеген сөздерді тірек ету, соған сүйеніп байлам жасау да, асығыс, біржақты қорытынды шығаруға әкеліп соғуы мүмкін екенін айтуымыз қажет»; «...лириканы түсіну-пайымдаудағы үлкен және жиі кездесетін қателік – ақын өз атынан айтқанның бәрін тек өзі туралы, өз басы жайында айтып отыр деп қарау, ол болғанды ғана емес, болатынды да, өзіне ғана емес, өзгеге де тән көңіл күйін сезіне, айта алатынын ескермеушілік», т.с.с. ескертпелері арқылы да поэзияны парықтаудың етене ережелерін ойға орнықтырып отыруды ұмытпайды.
Зәки Ахметов қазақ әдебиетіндегі Абай дәстүріне де тиісінше ден қойды. Шәкәрім, Әріп, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сұлтанмахмұт, т.б. ақындардың шығармашылықтарына құдіретті ықпалын және қасиетті құнардан өрбіген жарасымды жалғастықтың өрнекті сырларын, өзгеше сипаттарын өрістете баяндайды. Және бұл ретте де ол: «Мәселе тарихи-әдеби процестің жалғастығы жайында ғой, жеке ұқсастықтар іздеп табуда емес» [6, 11], - деп, тағы да әдебиеттанудағы қарадүрсін эклектизмнен сақтандырады.
Академик Зәки Ахметовтің абайтану саласындағы тегеурінді де тағылымды еңбектері – бүгінгі және болашақ зерттеушілерге баянды бағдар нұсқайтын асыл рухани азық. Оның мәні мен маңызы мезгіл өткен сайын салмақтана, саралана береді.
Әдебиеттер тізімі
-
Ахметов З. Абай и Лермонтов. – А.: Арда, 2008. – 160 с.
-
Ахметов З. Таңдамалы. 1-том (құраст. М.Оразбек, М.Зәкиұлы). – А.: Ана тілі, 2008. – 280 б.
-
Абай Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. ІІ том. – А.: Жазушы, 1995. – 384 б.
-
Егемен Қазақстан, 2008 жыл, 6 мамыр, №130-131.
-
Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. – А.: Ана тілі, 1995. – 271 б.
-
Абай Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. І том. – А.: Жазушы, 1995. – 336 б.
Білімдіден шыққан сөз
(академик Жабайхан Әбділдинмен сұхбат)
М.С.Оразбек,
ф.ғ.д., профессор
Қазақстан, Астана
Жабайхан Мүбаракұлы, Сіз жарты ғұмырыңызды Қазақстан Республикасы Ғылым академиясына арнадыңыз. Еліміздің танымал ғалымдарымен бірге қызмет істедіңіз. Соның бірі белгілі әдебиеттанушы ғалым, академик З.Ахметов. Бүгінгі әңгіме З.Ахметов жайында болмақшы. Сіз бұл кісімен алғаш қай кезде таныстыңыз?
Мен Зәки Ахметұлын көп уақыттан білемін. Көп жыл бірге қызмет істедік. 1970 жылдың ортасынан бастап, өте жақын қызмет істедім. Бірақ Зәки туралы мен оны көрмей тұрып, студент кезімде сырттай таныс болдым. 1курста оқитын кезім еді, бірде сабақ үстінде Галина Александровна Сорокина деген француз тілінің мұғалімі айтты: «қазақтың жігіттерінің ішінде керемет талантты жігіт бар. Ол Зәки Ахметов деген жігіт, қазір Ленинградта аспирантураны оқып бітірді, орыс тілі мен әдебиетін, жалпы әлем әдебиетін жақсы білетін, білімді жігіт, Лермонтовты жатқа оқиды»-деді. Ол уақытта біз елден келдік. Орыс тілін білу үлкен мәселе еді. Бұл менің есімде жақсы сақталып қалды. Мен алғаш рет осылай Зәкимен сырттай таныстым. Кейіннен мен де Москвада оқыдым. Қайтып келгеннен кейін Академияда қызмет істедім. Зәки Ахметов ол кезде Абай атындағы КАЗПИ-де қызмет істеді. 1970 жылдың басында мен Философия институтына директор болып келдім. Сол кезде, мүмкін одан ертерек З. Ахметов те М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына директор болып тағайындалды. Әдебиет және өнер институты Академиядағы өте беделді, маңызды институттың бірі болатын. Бұл институттың құрылуына М.О.Әуезов ықпал етті, бірінші директоры болған Мүсілім Базарбаев, одан кейін Ысқақ Дүйсенбаев, М.Қаратаевтар директор болды. Бұл институтта белгілі адамдар қызмет істеді. Осыдан аз уақыт өткеннен кейін, екеуміз де Ұлттық академияға корреспондент-мүше болып сайландық.
-Екеуіңіз қатар, бір уақытта Ұлттық академияға корреспондент-мүше болып сайландыңыздар ғой?
Иә, қатар бір уақытта. Осыдан біраз уақыт өткеннен кейін, Зәки Академияның қоғамдық ғылымдар отделениесінің академик-секретары болып сайланды. Әрі Әдебиет және өнер институтының директоры болды. Мен оның орынбасары болдым. Әрі Философия институтының директоры болып, екі қызметті бірге атқардым. Қоғамдық ғылымдар отделениесіне ол уақытта Тарих, археология, тіл білімі институты сияқты қоғамдық институттар қарайтын. Идеологиялық тұрғыдан қоғамдық институттардың ролі басым болды. Ол кезде Әлкей Марғұлан, Ғабит Мүсірепов, Нүсіпбаев, Әшімбаев, Ісмет Кеңесбаев сияқты қазақ халқының өте белгілі адамдары бюро мүшесі болды. Бюро жиналыстарында қоғамдық ғылымдардың маңызды мәселелері қызу талқыланатын. Осы белгілі ғалымдар З.Ахметовтың білімі мен қабілетін өте жоғары бағалады. Қоғамдық ғылымдар жұмысын Зәки жақсы басқарды. Осы кезде біз Зәки екеуміз қатарласып бірге қызмет атқардық. Өте әдемі, қызық кезең еді. Кейде жұмыс мәселесімен оңаша қалған кезімізде әлем әдебиетінен көп әңгіме айтатын. Гомер, Шекспир,Толстой, Достоевский, тіпті антикалық дәуірден Софокол сияқты ойшылдардың шығармаларын талдап айтушы еді. Зәкидің тағы бір ерекшелігі екі тілде де ойы жүйрік, оратор, шешен сөйлейтін. Өте талантты, қазақ халқына көп еңбек сіңірген ғалым. Жай ғана директор емес, терең білімді басшы болды.
-Көзқарас, пікірлеріңіз қандай болды?
Біздің ғылымдағы көзқарасымыз өте жақын болды. Пікірлес болдық деп айтуға болады. Ол кісіден кейін мен 1983 жылы мен академик-секретарь болдым, Зәки Ұлттық Ғылым Академияның вице-президенті болды. Біз ғылымға жоғары талап қойдық, мәселен, философияда диалектикалық этногенез дегенді, әдебиетте он томдық қазақ әдебиетінің тарихын жазу сияқты міндеттерді алға қойдық. Сол алға қойған міндетті зор жауапкершілікпен орындадық. Ол кісі Әдебиет институтындағы көлемді көп томдықтарды жазуға өзі қатысты. Сондықтан да сол бір 70-80 жылдары Ғылым Академиясы кеңінен қанат жайып, дәурледі. КСРО-да Қазақ КСР Ғылым Академиясының маңызы өте зор болды.
-З.Ахметовпен қызметтес болдым дедіңіз. Мінезін, жалпы адам ретінде қандай қырларын білетін едіңіз?
Мінезі өте мәдениетті, айғай дегенді білмейтін, ондай нәрсе оның табиғатына жат еді, жаны нәзік, зиялы, яғни нағыз интеллигент адам болатын. Ол кісімен жұмыс істеу приятный деп айтуға болады. Мен жаңа ғана айттым, ол кісіні сол кездегі өте беделді адамдар жоғары бағалады деп, соның бірі Ләйлә Мұхтарқызы Әуезова. Ол кісі өзі де терең білімді, бірақ қарапайым адам еді. Неге десеңіз, Ләйлә Мұхтарқызының он рет академик болып кететін жағдайы болды, білім-білігі де сай келетін. Бірақ, қанша мүмкіншілігі болса да өзін бірде-бір рет академияның корреспондент мүшелігіне немесе басқа атақтарға ұсынған емес. Басқа біреулер ұсынған да болуы мүмкін. Неше түрлі жағымпаздар да болды, әрине. Бірақ Зәки сияқты шын білімді, қабілет-қарымы мол адамдарды қолдады. Ләйлә Мұхтарқызы Зәки Ахметовпен жақсы араласты. Себебі, Зәкидің ақылын, терең білімін, адамшылығын бағалады.
-Қазақстан ғылымына қосқан үлесі туралы не айтар едіңіз?
Қазақстан ғылымын дамытудың көшбасшыларының бірі дер едім, себебі, тек әдебиетті ғана емес, философиялық білімі де терең болды. Ғылымның жалпы даму заңдылықтарын да өте терең меңгерді. Өз саласы бойынша зерттеу заңдылығын өте жақсы білді.
Қазақ әдебиетіне әлем әдебиеті арқылы келу керек. Әлем әдебиетінің заңдылықтарын, орыс әдебиетінің заңдылықтарын білген кезде, өзіңнің әдебиетіңнің құндылығын, тереңдігін білесің. Зәки Ахметов сондай адам, ол өз әдебиетін де, орыс әдебиетін, әлем әдебиетін терең білді. Сол өзге елдің әдебиетімен салыстыра отырып, өз еліміздің әдебиетін жоғары деңгейде зерттеді. Қазақ әдебиетінің теориясын жасауда көшбасшы болды. Өлең өнерінің теориясын жасады, негізін салды.Қазақ халқына көп еңбек сіңірді.
-Сіз жақсы айттыңыз, З.Ахметов Қазақстан ғылымын ұйымдастыруда зор қызмет атқарды, қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына ықпал етті, соңынан қанша шәкірт тәрбиелеп, айтулы еңбектер қалдырды. Осындай ғалымның есімін ұрпаққа қалдыру үшін қандай шаралар атқарылуы керек деп ойлайсыз?
Негізі елдің аты, жердің аты табиғат байлығымен ғана құнды емес. Табиғаттың байлығы, ол табиғат берген нәрсе, Ол байлық та азаяды, таусылады. Елдің, жердің, ұлттың аты оны туғызған ұлы адамдарымен құнды, бағалы. Солардың еңбегі арқылы өзге жұртқа елдің аты танылады ғой. Ал енді ондай елдің атын шығаратын адамның еңбегін құндау, сол елдің азаматтарына байланысты.
З.Ахметов сияқты елге еңбегі сіңген азаматқа қандай жақсылық жасасаң да артық емес. Себебі ол Зәки Ахметов үшін емес, керісінше, болашақ ұрпақ үшін керек. Қазір З.Ахметовтің өзіне шынын айтқанда, ештеңе де керек емес. Бірақ, ол елдің өзі үшін керек. Азаматты туғызатын халық. Қазақ халқы кімді туғызды дегенде, біз Абайды, Шоқанды, Қанышты дүниеге әкелген халық дейміз. Баяғыда біреуден қай әйелің артық деп сұраса, (екі әйелі болған болуы керек шамасы) дүниеге кімді әкелді, қандай ұрпақ әкелді? Сонысымен артық деген екен. Сол айтқандай ел өзінің перзентімен құнды. Енді осы перзентінің еңбегін құндау, ол елге сын. Ұрпағына үлгі ету үшін мектепке, оқу орындарына бұл кісінің атын беру, Астана, Алматы қалаларынан көшенің атын беру, көп томдықтарын шығару т.т.сол сияқты шаралар ұйымдастырылу керек. Бірақ оны түсінетін, түйсінетін қазіргі азаматтардың азаматтығына байланысты ғой. Зәки Шығыстан (Өскемен өңірінен) шыққан жалғыз танымал, көрнекті (выдающиеся) академик. Келер ұрпаққа нағыз үлгі болатын адам ғой. Сондықтан ел-жұрты қандай шаралар жасаймын десе де ешқандай артығы жоқ.
Әңгімеңізге көптен-көп Рахмет. Қазақ ғылымын өркендету жолында шаршамай еңбек етіп келе жатқан, елге үлгі болып жүрген ағамызсыз ғой. Аман-есен болыңыз. Денсаулығыңыз мықты болсын. Есте жүретін, елге ой салатын жақсы әңгіме айттыңыз.
Өрелі ой иесі
(Зәки Ахметов жайында)
Т.Р.Әбдіқадырова,
п.ғ.д., доцент
Қазақстан, Астана
Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының мұраларын зерттеу, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, солар арқылы ұлттық идеологияны қалыптастыру, ұрпақ санасына сіңіру елдің ертеңін ойлаған әрбір зиялы қауымның басты мұраты екендігі аян. Еліміздің сан ғасырлық дәстүрін, ата-баба салтын, тілін, ділін, дінін, мәдениеті мен тарихын, әдебиеті мен өнерін осы жолда еңбек еткен ұлт тұлғаларының мұраларын бар болмысымен сақтай отырып, оларды әлемдік өркениет өрісіне қарай өрістету, бүгінгі бәсекеге бейім елу елдің қатарына қосылу талабына сай жаңарта дамыту мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр.
“Ұлттың дамып өркендеуі – оның әрбір өкілінің қаншалықты және қалай тәрбиелегеніне тікелей байланысты. Ұлттың әрбір өкілі өзіне сын көзбен қарамаса, ішкі жан дүниесі нұрланбаса, ол ұлттың дамуын күту бекершілік”, – деп ислам ойшылы әрі ағартушысы Ф.Гүленнің айтқанындай отбасы, бала тәрбиесінен бастау алатын ұлттық идеяның ұдайы жетілуі, рухани толысуы адамзат үшін аса маңызды өлшемдер болып табылады десек, осындай іргелі іс-әрекеттің бір жүйесі ұлыларды ұлықтау болып табылмақ..
Өйткені, қазақ халқының ұлттық құндылықтарының қалыптасып, дамуына көп еңбек сіңірген ұлт зиялыларының, тарихи тұлғаларымыздың әр кезеңдегі, әр саладағы ұлттық мүддені аңсаған арман-тілектері, ғылыми-танымдық, тәрбиелік, зерттеушілік еңбектері бүгіндері тәуелсіз ой-сана тұрғысынан қайта қаралып, тарих таразысына қайта салынып, жаңаша көзқараспен жүйелі түрде жазыла, зерттеле бастады.
Ұлт әдебиетінде өзіндік орны бар ұлы тұлғаларымыздың қатарына әдебиеттанушы ғалым Зәки Ахметовті да жатқызамыз. Зәки Ахметов - көрнекті ғалым, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ол - өте білімді, әдебиетті терең меңгерген, қоғамдық ғылымдардың әр саласын жан-жақты білетін ғалым.
Сексенінші жылдары мен ұлы ғалымнан дәріс алдым. Әлі күнге есімде...Тап-тұйнақтай болмысы, жарқылдаған көзілдірігі, жазық маңдайы, артына қайрыла таралған шашы, орта бойы әлі күнге көз алдымда. Осынау бір адамың бойында білімділігімен қоса адамдығы мен адалдығы да бірден байқалып тұратын. Ғалымның ізгі адамгершілігі, адалдығы, адамдарға деген сый-құрметі өн бойынан көрініп тұратын. Оның осы болмысы мен биік тұлғасы, мәдениетті түр-тұлғасы бізге үлгі болатын. Аудиторияға кіргенде ойлы көздерімен бәрімізді бір шолып алатын да, ақырын ғана жайлы, жұмсақ даусын сәл созыңқырап дәрісін бастап кететін. Арлы-берлі жүре отырып, дәрісін өзімен -өзі сөйлесіп отырғандай, бірақ бәрімізді тапжылтпай бір деммен аяқтайтын. Біз ұстазға телміре қарап, айтқанын жазып үлгеруге тырысатынбыз. Оның әдебиет теориясы мен тарихы және сынына арналған зерделі зерттеулері мен өлең теориясы және аударма мәселелеріне байланысты жазған ғылыми еңбектерін біздер өз аузынан тыңдау бақытына ие болдық. Қазіргі таңда да сол сүбелі еңбектері әдебиетші қауымның ыстық ықыласына, зор құрметіне ие.
Ол жайында ҚР ҰҒА академигі С.А.Қасқабасов: «Шығыс пен Батыс мәдениетін ұштастыра зерттеп, адамзат өркениетінің заңдылықтарын жақсы білуші еді. Өз еңбектерінде осы қасиеттерін барынша айқын көрсете білетін. Оның осы ерекшелігін, білгірлігін КСРО әдебиеттанушылары толық мойындайтын, жоғары бағалайтын. Мұны мен бірнеше рет көрдім. КСРО-ның қай республикасына барсам да, әдебиет пен ғылым мәселесі сөз болса, әріптестер міндетті түрде Зәки Ахметовті сұрайтын еді, оның еңбектері мен өзі туралы әңгімелеп кететін. Мәскеуде, Ленинградта, Киевте, Кишиневта, Ташкентте, Ашхабадта, Фрунзеде, Якутскиде, Зәки ағамен бірге халықаралық, бүкілодақтық конференцияларға қатыстым. Сонда әдебиеттанушы ғана емес тарихшы, өнертанушы, тілші ғалымдардың Зәкеңе деген ықыласы айрықша екенін талай рет көрдім»,-деп ғалымды атақты ғалымдардың жоғары бағалағандығын, оның энциклопедиялық білімінің тереңдігін, логикасының күштілігін, зерттеулерінің ілгері сипатта екендігін және жоғары адамгершілікті адам екендігін тебірене жазады /1,7/.
Әдебиетке елуінші жылдардың басында келген талантты өкілдердің бірі Зәки Ахметов алдымен Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, артынан Ленинградта аспирантурада оқиды. Осында орыстың үздік филологиялық мектебінің дәстүрлерін терең зерттеп, шебер меңгеріп шығады. Осы жемісті сабақтар ғалымның барлық өмірінде орысша, қазақша бірдей деңгейде жазылған еңбектерін айқындап, даралап тұрды.
Зәки Ахметов - үлкен ғылымға бірден өзін танытып келген ғалым. Оның 1951жылы «Лермонтов және Абай» атты кандидаттық диссертациясының өзі сонылығымен, әрі тереңдігімен, маңыздылығымен әдебиеттанушы ғалымдардың көңілін бірден өзіне аударған. Екі ұлы тұлғаның рухани жақындығын, шығармаларының сарындастығын жекелеген шығармаларын салыстырып зерттеу арқылы ұлы Абайдың Лермонтовтан аударған туындылараның тікелей аударама еместігін дәлелдеген. Ол - Лермонтовтың ойлары мен ұлы Абайдың ойларының сәйкестігін, сезімдерінің ұқсастығын айқындап, ғылымға үлкен жаңалық қосып, әрі өзінің де таланттылығын көрсете білген ғалым.
Оқымысты Зәки Ахметовтің өз кезінде ғылыми еңбегін ресми идеологиядан, саясаттан тыс бағытты алып, қазақ өлеңінің құрылымына, таза теориялық мәселелеріне арнауы да оның көрегенділігі мен қоса таза ғалымдығын көрсетсе керек.
1950 жылдардың ортасынан бастап қазақ поэзиясындағы ұйқас, ырғақ, буын, бунақ, шумақ проблемаларымен шұғылданып, көптеген мақалалар жазуы, кейінірек «Казахское стихосложение» атты құнды ғылыми монографиясын жариялауы қазақ әдебиеті теориясының поэзияға қатысты ең іргелі проблемаларына қосқан теңдесі жоқ дүниелер деуге болады. Оның бұл еңбегінің құндылығы жөнінде орыстың көрнекті ғалымы В.Журминский өзінің түркілер поэзиясы туралы зерттеулерінде де жоғары бағасын беріп, ол жайында: «Здесь достаточно отметить... докторскую диссертацию и ряд статей З.А.Ахметова о казахском стихе, заслуживающих особого внимания как по своему теоретическому уровню, так и по богатству и новизне конкретной информации и анализа... З.Ахметов своевременно напомнил о дополнительном фонетическом признаке силлабической системы, который был выдвинут Валерием Брюсовыми с учетом заказанных особенностей итальянского языка и стиха. Согласно наблюдению Т.Ковальского, которое подтвердил и обосновал З.Ахметов на материале казахского короткого (7-8 сложного) народно-эпического стиха (жыр), постоянный характер в таком стихе имеет трехсложная клаузула...З.Ахметов систематизировал ряд случаев видимой неравно-сложности, обьясняемых фонетически факультативной элизей слабых (сверхкратких) слогов и явлением зияния... »,-деп қазақ өлеңдеріндегі 7-8буынды клаузула мен элизия құбылыстарына айрықша мән бергендігін, жалпы поэзияға тән құндылық екенін де ғылыми негіздегендігін, теориялық деңгейі мен бай жаңалығын жан-жақты зерделегендігін жазады /1,9/.
Зәки Ахметов өзінің «Өлең сөздің теориясы» (1973) еңбегінде өлең сөздің теориясын, қазақ өлеңдерінің тілін, өлең құрылымының ерекшеліктерін, әдеби-тарихи құбылысын, сөз өнерінің өсу, даму кезеңдерін жан-жақты қарастырады. Ғалым ұлттық сөз өнерінің негізгі даму заңдылықтарын ашып, ұлттық сипаттың басты белгілерін анықтап, поэзия тілінің негізгі бейнелеу құралдарын жіктеп береді. Қазақ өлеңдерінің негізгі құрылысын айқындап, ырғақ құрайтын бөлшектерін, түрлі ұйқас, тармақ, шумақ, кезеңдерін нақты мысалдармен дәлелдеп көрсетеді. Ғалым бұл еңбегінде қазақ, орыс, еуропа ғалымдарының бұрын айтылған пікірлерін жаңаша қорытып, түрлі бейнелеу, көріктеу, суреттеу құралдарына қазақша анықтама беріп, өлеңдер арқылы негіздеп түсіндіреді. Қазақ өлеңдеріне тән түрлі суреттілік, бейнелілік, сипат-қасиеттерін айқындап, ұғындырады. Зәки Ахметов - қазақ өлеңдерінің көп ғасырлық байлығын ерекше жітілікпен зерттеп, әр дәуірде туған жаңа формаларды дөп басып, ақындықтың көркемдік құндылығын, сұлулық мәнін өз тұрғысынан ашып көрсеткен ғалым.
Ғалымның Мұхтар Әуезов туралы жазған ғылыми еңбектері де қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан сүбелі жемісі десек болады. Мұнда эпопеяның жазылу, жариялану тарихы, қолжазба және түрлі басылымдар, қазақша түпнұсқа мен орысша аударма мәтіндерді салыстыра қарау арқылы роман-эпопеяның бұрын зерттеушілер назарынан тыс қалған, жаңа қырларын көрсетеді.
Айталық, «Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» дәуірнамасында Абай бейнесі, Абай заманының келбеті қалай суреттелген деген мәселелер төңірегінде әлі де айта түсетін, анықтай түсетін жайлар баршылық. Солардың көпшілігі шығармадағы көркемдік шындық пен тарихи шындық қалай ұштасқан деген мәселеге саяды. Мысалы М.Әуезов «Абай жолы» эпопеясында жас Абай мен әкесі Құнанбайды әкелі-балалы екі адамды бір-біріне қарсы қойып, қарама-қаршы тұлғалар етіп бейнелеуінің мәнісі қалай деген сұрақтар жиі қойылып жүр. Абай баласы Абдырахманның дүниеден жас кеткеніне налып шығарған жырында оны жасынан ғылым жолына түскен жаңа буынның өкілі, «жаңа заманның», «жаңа жылдың басшысы» деп, өзін «мен ескінің арты едім» деген болса, Мұхтар Әуезовтің роман-эпопеясында Құнанбайды – Абайдың әкесін ата жолын өзгертпей ұстауға тырысқан бұрынғылардың өкілі, «ескінің арты еді», ал Абай өнер үйренуге, білім-ғылым игеруге ұмтылған, прогрес жолына бет алған жаңашыл жастардың ішіндегі ең бір озық, жарқын тұлға деп қарағаны, солай етіп бейнелегені көңілге қонымды екенін мойындасақ болар.
Алдымен айтарымыз, Құнанбай мен Абай, егер байыптап дұрыс аңғара алсақ, әке мен бала ретінде бір-бірімен қайшы көрінбейді, көбінесе екі заманның өкілі, екі мақсаттың, екі қоғамдық көзқарастың адамы тұрғысында қарсы қойылады»,-деп өз пікірін анықтап айтады. Көркем шындық пен өмір шындығының ара жігін ашып көрсетеді. Құнанбай обрызының заман ағымына, қоғам сұранысына қарай жасалғандығын дәлелдеп көрсетеді \ 1, 35б\.
З.Ахметовтің «Поэтика эпопеи «Путь Абая» в свете истории ее создании» атты монографиялық еңбегі 1984 жылы жарияланады. Бұл еңбек жайында ғалым С.Қирабаев: «Шығарманың идеялық нысанасы мен көркемдік жүйесі, композициялық-құрылымдық түзілісі, дәуірдің әлеуметтік болмысын танытатын тарихи тұлғалар және сан алуан ұлттық бейнелер жасу шеберлігі мәселелерін шешіп берген монографиядан эстетикалық көркемдік саралау мен жинақтаудың жақсы үлгісін көреміз»,-дейді /2, 311/. Ары қарай ғалым жазушының мұрағатында сақталған түрлі жоспарлардың алғашқы үлгілерін, сан-алуан түзетілген нұсқаулар мен аударма негізінде жасалған қосымшалардың, кейбір сындардан кейінгі өңдеулер осы іспеттес толып жатқан өзгертулердің түпкі мақсаты не екендігін анықтауға көп күш жұмсағандығын, ұлы қаламгердің көркемдік зертханасын, шығармашылық психологиясын терең ашып көрсетеді.
Осы зерттеулерден Зәки Ахметовтің жеке бейнелердің өмірдегі ізін, тарихи дерек пен көркемдік шындық диалектикасын, образ табиғатын және уақыт талабын, идеологиялық ықпалдың бұл төңіректе де ұтымды байламдар жасалғандығы туралы сан салалы пікірлерін, осы бағыттағы тынымсыз еңбегін анық байқамыз.
З.Ахметовтің «Абай туралы», «Әуезов туралы» зерттеу еңбектері мен Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы және Махамбет Өтемісов, Шоқан Уәлиханов, Шәңгерей ақын және т.б. ұлы тұлғалар жайында жазылған өрісті зерттеулері де мақтауға татитын келелі туындылар.
Өрелі ой иесі, талантты ғалым бейнесі, оның адамгершілікке толы жарқын болмысы еш уақытта ұмытылмайды...
Достарыңызбен бөлісу: |