ОН БІРІНШІ ТАРАУ
Мәжіннің әкесінің оны Меккеге апарғандығы және Мәжіннің өзінің
жүрек азабын аян етіп, молдаларды абыржытқаны хақында.
Жалғаса оқиғаны жырдай қылып,
Жалықпай күні-түні тыңдайды жұрт:
Босанып бұғауынан Мәжін кеткен,
Таптырмай іздегенге өзін көптен.
Сандалып шабармандар келді қайтып,
Үйіне айтамыз деп енді қайтіп?
Сенделді ата-анасы сең соққандай,
Опат кеп оттың басын қаусатқандай.
Таусылды мысы құрып шыдамдары,
Байқұстар не қыларын біле алмады.
Ұлына келмеген соң шамалары,
Сарқылды сарсаң болып саналары.
Құлшылық қылмағанға таң атқан ба,
Ақыры жалбарынды Жаратқанға!
Садақа беріп жарлы-жақыбайға,
Сұрады дәруіштен ақыл-айла.
Бейкүнә пақырлардың қалай-дағы,
Тілегі қабыл болар деп ойлады.
Құлақ сап Алла қайғы-мұңымызға,
Жар болса екен десті ұлымызға?!
Үмітпен отырғанда жан жұбатып,
Баратын қажылыққа келді уақыт.
68
Хабарын шабармандар білісімен,
Мәжінді алып келді құм ішінен.
Меккеден мүмкін емі табыла ма,
Апармақ болды оны Қағбаға!
Тапқандай болды ата-ана енді ылажын,
Меккеге қажылыққа келді Мәжін.
Харамды
8
құжынаған халық басты,
Көргенде таңырқасты алып тасты.
Көрінген тас кейпінде суреті,
Құдайдың бұл бір жұмбақ құдіреті.
Мәжін де жан-тәнімен шын беріліп,
Айналып шықты көппен бірге жүріп.
Сонан соң айғай салып деді былай:
«Ғаламның он сегіз мың жары, Құдай!
Сұмдығын сұм жалғанның көре тұра,
Өртейсің махаббаттың сен отына!
Жолына әуелі өзің бастайсың да,
Кетесің тозағына тастайсың да.
Алдымен жанға рахат таптырасың,
Артынан аямай тас лақтырасың.
Жаратып сұлуларды махаббатқа,
Жүрегін жарытпайсың шапағатқа.
Ләззатты тәтті қылып жаратпасаң,
Мен бүйтіп түспес едім азапқа сан.
Қаныма от тастадың, мені өртедің,
Сүйреткен құр сүлдерін көлеңкемін.
Жүрегім жана-жана қалды күл боп,
Алдыңда тұрмын енді мен дірілдеп.
8
Харам – Мекке-Мединаның аумағы.
69
Махаббат кісенінде тұтқындамын,
Тағдырдың у татыған жұттым зарын.
Жылайды жараланған жалқы жүрек,
Жанымның жанып біткен тамтығы жоқ.
Сау жер жоқ өртенбеген өн-бойымда,
Басылған қара таңба маңдайымда.
Тұрса да оттай қаулап ауыр қайғым,
«Құтқар!» деп жалбарынып жалынбаймын.
Мейірім төкпей-ақ қой, өкінбеймін,
Өшір, – деп, – ғашық отын өтінбеймін.
Өртей түс, өршелендір жас жанымды,
Төбеме тастап жібер аспаныңды.
Көзіме махаббаттың сүрмесін жақ,
Құдайдан ғашықтығын кім жасырмақ?!
Азапқа салса салсын мені қиын,
Болса да махаббаттың демі құйын.
Тілдессем ғашығыммен жан ұйыды,
Жүрегім – махаббаттың жерұйығы.
Түспе сен өртесе де арашаға,
Көкала қойдай қылып сабаса да.
Құдайым, тойдыр мені мол қайғыңа,
Көтерем артсаң-дағы таудай кінә.
«Ләйліні ұмыт!» – дейді, қорлап мені,
Тас жүрек махаббаттың жендеттері.
Жаратқан кешірсін ол мүскіндерді,
Масқара сөздеріне құсқым келді.
Шаттық бер қайғы басқан қабағыма,
Құтымды толтыр ләззат шарабына.
70
Жоқ менде бұл жалғанда басқа уайым,
Қайтала, тойып ішіп мас болайын.
Махаббат балдай татыр таңдайыма,
Уыты жайылғанда өн-бойыма.
Бар болсаң шыныменен уа, Жаратқан,
Қанымды судай ағыз тулап аққан.
Лүпілдеп тамырымда соғар мына,
Құмарлық қуатын құй қан орнына!
Көрейін сорлы басқа салғаныңды,
Кеудемнен керек болса ал, жанымды!
Ләйлі үшін осыншама тентіредім,
Қуысын ләззатымен толтыр оның.
Өкінбен орындалса сол тілегім,
Ләйліден айырылсам, келтір өлім!
Опасыз сұм жалғанды не қылайын,
Тек соған жүрегімнің төрі дайын!
Ей, Алла, мейіріңді төкші маған,
Қалғанда соңғы демім бек сұранам:
Пәнидің қызығынан айырсаң да,
Айырып сүйгенімнен уайым салма!
«Мәңгілік іздегенім тек осы!» деп,
Тілдесер көрде жатсам елесі кеп.
Мұрсат бер үзілерде сүйінуге,
«Ләйлі!» деп иманымды үйіруге!
Жанымды мүсіркесең ем таппаған,
Үйінің қарасын бір көрсет маған?!
Ізімді басып кеткен қайталайын,
Бір жұтып түтінінен жай табайын.
71
Сал мені, салғың келсе тозағыңа,
Ләйліге іңкәр оттың азабына!
Пейішке апарсаң да қайғым үдер,
Жұмағың керек емес, Ләйліні бер?!»
Мәжіннің назасына құлақ түріп,
«Әумин!» десті халық жылап тұрып.
Күрсінді, қобалжыды, тіс жармады,
Әркімнің өзінде боп ішкі арманы.
Шынымен шырмалды деп ұлдың басы,
Әкенің түсіп кетті ұнжырғасы.
Тоқтатар Қайысты енді еш адам жоқ,
Қайтадан шыға келді есалаң боп.
Қайтпаған бетін көріп әлі күнге,
Үзілді үміттері бәрінің де.
Кім табар ғашықтықтың емін оңай?
Мәжінді алып қайтты кері қарай...
Махаббат отына кім жақындайды?
Су құйсаң сұйық майдай лапылдайды.
Сорлайды махаббатқа жарымаған,
Қайратқа мініп қайтты Қағбадан!
Уа, достым, Қағбаға бара қалсаң,
Есіңе мына мені болады алсаң!
Махаббат отын лаулат, жалбарынба,
Кеудеңде шырылдаған жан барында!..
|