Халықаралық ТҮркі академиясы әлішер науаи хамса ләйлі – Мәжін



Pdf көрінісі
бет5/77
Дата20.05.2024
өлшемі3 Mb.
#501480
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   77
Әлішер-Науаи.-ХАМСА

ҮШІНШІ ТАРАУ
Көктемгі бақта Қайыстың Ләйліні көріп, естен танып
құлауы хақында.
Күз емес түсетұғын бозғыл қырау,
Қымыздық, құлмақ пісер мезгіл мынау. 
Жайнайды алуан гүлдер жанып шамдай,
Әлпетін Иранбақтың танытқандай. 
Тотыдай түрленеді зеңгір аспан,
Құбылса кемпірқосақ айнымастан. 
Жұмбағын кім шешеді тылсым көктің,
Сәулесі тоғысқанда мың суреттің.
Көк аспан, қара жердің кіндігі бір,
Байланған екеуіне күллі ғұмыр.
Тіршілік жер түлесе бірге түлер,
Нұр жаумай көк аспаннан кім жетілер?
Болса да хас шебері қылқаламның,
Сала алмас сиқыр сырын бұл ғаламның.
Таң қалып табиғатқа құдіретті,
Қаншама күнім өтті, түнім өтті.
Жуынған раушан гүл жаңбырменен,
Хауыздай алтын түстес шаң кірмеген.
Сарғайып кеткеніне қарағанда
Көрінер дерт шалғандай ол адамға. 


24
Найзадай құртқашаштың
2
гүл шашағы, 
Құлпырып маңайына нұр шашады. 
Жібітсе жердің тоңын күн шуағы,
Өсімдік өркен жайып құлшынады.
Барлық гүл қауыз жарды кекілденіп,
Күмістен теңге таққан секілденіп.
Малынып мәуелі ағаш күміс шыққа,
Мүлгиді таңертеңгі тыныштықта.
Маңайға маңғаз қарап шынар біткен,
Аспанды аңсайды бір құмарлықпен.
Мөлдіреп көз жасындай сылқым бұлақ,
Ағады бір бұлаңдап, бір сылдырап.
Жауқазын шешек атқан шын бақытты,
Жамырап қарамүйіз
3
құмға шықты. 
Далада шаң көтеріп жел де тұрды,
Гүлдердің берекесін ол кетірді.
Ерекше қожағай
4
да тұр гүлденіп,
Қоңырқай жапырағы күлгінденіп.
Хауызын гүлдер ашса желкілдеген, 
Тамады көктем шығы мөлтілдеген. 
Нәзік гүл қуанады жан кіргендей,
Ып-ыстық өн-бойына қан жүргендей.
Нәркес гүл жұпар шашқан жан-жағына,
Шөлінің дән разы қанғанына.
Әдемі аппақ түсті раушан да,
Көз тартып анадайдан тұрар сонда. 
2
Құртқашаш – гүлдің аты
3
Қарамүйіз – гүлдің аты.
4
Қожағай – гүл. 


25
Таңғы шық мөлдіресе меруерттей, 
Қызғалдақ қаптап шығар жанып өрттей. 
Құстар да келіп-қайтқан жаз қонағы, 
Бірге ұшып, бірге қонып мәз болады.
Желбіреп көк орманның жапырағы,
Оларды саясына шақырады.
Мұндайда шалқымайтын жан бола ма,
Халық та сайран салар кең далада. 
Өмірдің осынау бір сәті қандай,
Бір күнің бар ғұмырға татығандай. 
Сайрандар жазғы бақта таңғажайып,
Қанатын шәкірттер де кеңге жайып.
Құбылтып іші-сыртын гүл жайнатқан, 
Бір кірсе кім шығады мұндай бақтан?!
Таулардан құлап ағып күміс бұлақ,
Пейішке айналып тұр тынысты бақ. 
Биікке бойын созып пальма ағашы
Толқиды гүлге толы айналасы.
Төселген соқпақтарға мәрмәр тасқа,
Көргеннің амалы жоқ таң қалмасқа.
Қайыс пен Ләйлі кірді топпен бірге,
Ғажайып бақ ішіне бөккен гүлге.
Гүлдерді куә қылып күллі, міне,
Ұмтылды екі жүрек бір-біріне.
Қос гүлдей жаңа ашылған қауашағы,
Тілейді екеуі де оңашаны.
Ләйлі тұр әрең ұстап өзін-өзі,
Қайыста күйіп-жанған екі көзі.


26
Ләйліге Қайыстың да есі кетті, 
Махаббат жас жүрегін осып өтті.
Мең-зең боп тұрды тілі байланғандай,
Дүние шыр көбелек айналғандай.
Түсінбей түскендігін күйге қандай,
Толқыды өзін-өзі билей алмай. 
Азаптан сүйген жүрек қорғана алмас, 
Аһ ұрды, жанарынан сорғалап жас.
Қалғандай дірілдейді құр сүлдері,
Шарпыса махаббаттың тылсым демі.
Тастайды көз қиығын төңірекке,
Күрсінген көкірегі жанып өртке. 
Сол өртке оранады жасыл көктем,
Сезімі ғашықтардың асыл неткен!
Үңіліп жанын жеген қайғы ізіне,
Қайыстың қарай берді ай жүзіне.
Тотыдай тыпыршыған торындағы, 
Байқаса мүлде мүшкіл оның халі.
Бола ма мына азаптан арашалап,
Қалтарыс таппаса бір оңашарақ.
Елбіреп дегбір қашты енді өзінен,
Қымсынып, қарап тұрған ел көзінен.
Жүректің жеке жерде ашып гүлін,
Бекіді білдірмекке ғашықтығын.
Ынтығып жүздеспесе асыққан күн, 
Дертіне ем табылмас ғашықтардың. 
Екеуі бір-біріне өліп-өшкен, 
Зып берді гүл ішіне қалың өскен.


27
Тұра ма сүйіскендер шырын тұтпай, 
Гүлдердің тасасында шымылдықтай. 
Ойынның қызығына айналғалы, 
Достары бұл екеуін ойға алмады. 
Таңырқап Ләйлі тұрды маңайына, 
Ұжымақтың кіргендей гүл сарайына. 
Сүңгісе алуан гүлдер арасына,
Таптырмас қайтып адам баласына.
Гүлдермен түгел таныс болмай жатып,
Толқыған құшағында қандай бақыт!
Қасірет тартқан бұлбұл зар еңіреп,
Көз жасын нәзік гүлге төгеді кеп. 
Жата қап жер бауырлап ол жылайды,
Ғашықтық қайғысынан қалжырайды.
Бұл жерде гүлден басқа куәгер жоқ,
Кім, сірә, махаббатты кінә көрмек?
Гүл байқұс бұлбұл келіп жүгінгенде,
Жұтқандай абдырады тілін демде. 
Сасқанда медет күтер кімнен енді, 
Бір сәтке ойын жинап, тілге келді:
«Тағатым сені көрсем таусылғандай,
Қайғыға душар болған жансың қандай?
Саған жат думан толы мына жалған, 
Кеудеңе не қасірет тұна қалған?
Жанымды ауыртады мөлтек кейпің,
Көктемге жұпар сепкен селт етпейсің!
Жүргенде жайраң қағып жастың бәрі,
Жараспас жанарыңа жас тұнғаны!


28
Қайғының батып мұнша тереңіне,
Күйзеліп, күйреп сонша керегі не?
Тартқызған нендей тағдыр сені бейнет,
Сағыныш сор татыған жегідей жеп? 
Пенде жоқ сұм жалғанда жыламаған,
Қайғыңның жөнін айтшы мына маған?!..
Бұл сұрақ жан түкпірін қозғасымен, 
Еңіреп жауап жазды көз жасымен.
Аққандай жүзіне оның тұрсаң қарап,
Жас емес жанарынан қан сорғалап.
Жүрегін ғашық дерті тіліп ерен,
Сөйледі көз жасының тіліменен:
«Жанымды нендей жансың жаралаған,
Өрт болып өн-бойымды аралаған?
Көркіңмен жай түсірдің көктен маған,
Өртендім жапырақтай от жалмаған. 
Қайырып еркін қаққан қанатымды, 
Төндірдің басыма әкеп қара түнді. 
Кітапты бастағанда өмір деген,
Сен аштың соңғы бетін көрінбеген.
Жасырып, жалған айтсам сыйлай көрме,
Жанымды сұрақ қойып қинай берме!
Халықтың түзу қылсын Алла көзін,
Білгейсің, осы азапқа салған өзің. 
Күні ертең құпиямыз ашылады,
Шындықтан қашқанменен не шығады?
Дүниенің маған қараң енді бәрі,
Өзге емес бейнетіме сен кінәлі!


29
Жүрегің алмаса орын жүрегімнен,
Өзіңді жазықты деп білемін мен! 
Қылымсып, қылығыңмен жазалама,
Тағы да сұрақ қойып мазалама! 
Жетеді осыншама күйдіргенің, 
Басымды жерге дейін идіргенің?
Май құйма жанып тұрған отқа әкеліп,
Өзіңді жақын емес жатқа теліп!»...
Шыдамай айғай салды осыны айтып,
Бақтағы жұрттың көзін бақырайтып.
Секілді самаладай жарық өшкен,
Құлады қара жерге танып естен.
Күтпеген жерден, міне, жетті қайғы, 
Көз жасын зар еңіреп төкті Ләйлі.
«Болды – деп, – мына менен мұның бәрі»,
Қайыстың басын сүйеп шырылдады.
Екі күң жетіп келді қасына ерген,
Шошынып оқиғадан осы көрген.
Біле алмай қайдан келді қайғы жебір,
Қарайды Қайысқа бір, Ләйліге бір.
Тырнағын тағдыр кімге батырмайды?
Ойбайлап, бетін жыртып жатыр Ләйлі.
Жаратқан бергеннен соң демде сыртын,
Көнеді қасіретке пенде, шіркін!..
Тосыннан келген дертке ем қонбайды,
Зар жылап айтты Ләйлі болған жайды.
Жұбатып жылы сөзбен күң қыздары,
Бір жанып жүректері, бір мұздады.


30
Деді олар: «Азап шеккен сен ғана емес, 
Өлген жан махаббаттан болған емес.
Жылатпас жүректегі күйік кімді,
Үйге қайт, бізге тапсыр сүйіктіңді.
Қорықпа, есіңді жи, тыным ал да,
Тіс жарып, ләм демейміз тірі жанға».
Үйіне қайтқан Ләйлі орала ма,
Жүрегі қалып қойды сол арада!?
Ләйлі жоқ, бақтың іші тына қалды,
Шақырып келді екі қыз бір адамды.
Қайысты көрсетті де сәл мұңайып,
Қас пен көз арасында болды ғайып...
Уа, достым! Мен бір пақыр сорым қалың, 
Тағдырдың қашан болсын қолындамын. 
Күтемін махаббаттың қайырын тек,
Қайғырсам қасымда бол, мейірім төк!


31


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   77




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет