Тапсырмалар мен сұрақтар
1. Жаяу Мұса Шорманұлының өнердегі алғашқы қадамы.
2. Жаяу Мұса Шорманұлы талантының көп қырлылығы.
3. Жаяу Мұса Шорманұлы шығармашылығындағы халықшыл сарындар.
4. Ақын әншінің шығармаларындағы жаңашыл және дәстүрлі ізденістер.
5. Ж. Шорманұлының шығармашылығының қазіргі таңдағы зерттелуі.
Балуан Шолақ Баймырзаұлы
Лекцияда қаралатын мәселелер:
1. Балуан Шолақ Баймырзаұлының өмірі мен өнері.
2. Ақынның Балуан Шолақ аталуы.
3. Балуан Шолақ шығармаларындағы қоғамдық әділетсіздіктің бейнеленуі.
4. Балуан Шолақ өлеңдері мен әндерінің тіл көркемдігі және ән әуезі.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Затаевич А.В. 1000 песен киргизского (казахского) народа. (Напевы и мелодий).
Оренбург, 1925 г.
2. Онтология казахской поэзии. Алма-Ата. 1958.
3. Жұбанов А.Қ. Ақын жырлары. Алматы 1958.
4. Әбдірахманов Т. ХХ ғ.б. қазақ әдебиеті. Октябрь алдындағы кезең. А., 1983
5. Әбдиманұлы Ө. ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті, Алматы, Қазақ
университеті, 2002.
6. Тебегенов Т. Әдебиет тарихы, Алматы, 1999.
7. Тебегенов Т. Халық ақындары, Алматы 1997.
8. Жеті ғасыр жырлайды: 2 томдық, Алматы. Жазушы, 2004. 2-том. 528 б.
9. ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығармалары. Қазақ ССР ғылым
академиясының баспасы, Алматы. 1963.
10. Тілепов Ж. Тарих және әдебиет, Алматы 2001.
Біздің көмпіс халқымыз «бірі кем тірлікте» не көрмеген, жер бетінде қаншама азап-
қайғы болса, соның бәрінің ащы «дәмін түшіркеніп отырып татқан, басын шайқай-шайқай
өксумен қан ішіп, қайғы жұтқан. Тіпті 1932 жылы еліміздің шыбындай қырылғанын өз
көзімен көрген қариялар әлі бар... Бұл әңгіменің бергі жағы ғана емес пе, егер сәл
әріректен қозғар болсақ, істің тұңғиық тереңіне сүңгуге бас айналады, жазуға сөз, айтуға
тіл жетпейді. Неге? Қазақтың күллі ғұмыры көкірегінен қайғы, көзінен жас кетпегені
аянышты-ақ. Халықтың басына түскен тастан ауыр, мұздан суық мұндай қиыншылық ең
алдымен асқар таудың басын шалатын қар секілді жақсы мен жайсаңға соқпай кете
алмайды. Сол себепті Асан Қайғы ата:
Мұнан соң қилы-қилы заман болар,
Заман азып, заң тозып жаман болар.
Қарағайдың басына шортан шығып,
Балалардың дәурені тамам болар,
деп бір тоқтаса, мұнымен қоймай, ел арасының азып-тозып, бір-біріне жақындығы,
достығы, береке-бірлігінің болмайтындығын да тереңнен толғап:
Ол күндер қарағайдан шайыр кетер,
Ханнан күш, қарындастан қайыр кетер, - деп,тағы да ұлы жырау қалай дәл,
терең айтқан, тіпті бір үлкен туындыға өзек болатын ірі мәселені екі-ақ ауыз сөзге
сиғызған.
Асан атадан бұрын да, одан кейін де әлеуметтің қам-қайғысын жатпай-тұрмай
ойлаған қаншама ақылмен абыздар өткен десеңізші?!
Міне, сол өткен бабамыздың көзіндей тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғындай
Балуан Шолақ ата жолы да, жөні де бөлек.
Балуан Шолақ жайлы ең алғаш қалам тербеген, оның өмірі мен өнерін қатар алып,
терең зерттей отырып, көлемді шығарма жазған жазушы С.Мұқанов. Сондай-ақ Қазақ
ССР Ғылым академиясының академигі А.Жұбанов, Қазақ ССР Ғылым академиясының
корреспондент-мүшесі Е.Ысмайлов, филология ғылымының кандидаты Ғ.Әбетов те әнші-
ақын жайындағы өз пікірлерін білдіріп, нақты деректер берді. А.Жұбанов «Балуан
Шолақ» атты мақаласында: «Хан тауын мекен еткен Ұлы жүздің Дулаттан тараған Сәмбет
деген руы болды. Сол Сәмбет ішінде Баймырза деген кісіден 1864 жылы Шолақ туды.
Оның азын айтып қойған аты – Нұрмағамбет. Кейін қолының басы күйіп (біреулер үсіп
дейді) саусақсыз қалады. Нұрмағамбет өзінің бір өлеңінде:
Баласы Баймырзаның Балуан Шолақ,
Оң қолым отқа күйіп болдым олақ, - дейді. Сөйтіп Шолақ атанып кетеді. Ал
«Балуан» деген сөзді оның күрес өнерін көріп, тамашалаған халық қосқан.
Баймырза Шолақтың бала кезінде Көкшетауға көшіп барады. Сонда ұсақ
кәсіпшілік етеді. Ағаштан түйін түйетін шебер болады, - дейді.
Ал, Ғ.Әбетов Балуанның өскен ортасы мен шыққан тегі жайында айта келіп: «Арғы
түбі – Ұлы жүз, соның ішінде Үйсін. Балуан Шолақ жастайынан Көкшетау маңындағы
елде өсіп, сонда ержетеді», - десе, бұл да алдыңғы пікірден алшақ жатқан жоқ.
Балуан Шолаққа байланысты жазушы Ж.Бектұров былай дейді: «Мен соғыс
алдында Жамбыл облыстық «Коммунист» газетінде редактор болдым. Отар станциясына
таяу тұрған әйгілі әнші, ақын Кенен Әзірбаев, Шу ауданында тұратын ақын Жақсыбай
Жантөбетов ақсақалдармен редакцияда да, олардың өз үйлерінде де көп сұхбаттастым.
Олардың шығармаларын газетке жиі басып тұрдық. 1914 жылы, яғни Балуан Шолақ осы
аймаққа келгенде әлгі ақындардың екеуі де әлі жас жігіттер екен. Кенен жиырма беске
жаңа қараған. Шөкеңнің көп ән-өлеңдерін ол осы тұста жаттапты». 1989 жылы 14
маусымда «Қазақ әдебиеті» газетінде былай деп хабарланды: «Балуан Шолақтың
(Нұрмағамбет Баймырзаұлының) әнші, композитор екенін, әрі ұлттық және цирк
спортының негізін салып, қазақтың өзіндік ұлттық мәдениетін дамытуға қосқан үлесін
тану белгісі ретінде таяуда Қазақ КССР Жоғарғы Советінің Президиумы қаулы шығарды.
Онда: «Жамбыл облысының Шу ауданындағы Ақтөбе селосының аты Балуан Шолақ
селосы деп өзгертілсін», - делінген.
Сондай-ақ осындағы «Ақтөбе» колхозы бұдан былай Балуан Шолақ колхозы деп
аталатын болады» - делінсе, Балуан Шолақтың халық алдындағы қызметінің өтелгендігі
деп білеміз.
Балуан Шолақ Алатауға келген сапарында бір ғана К.Әзірбаевпен кездесіп қоймай,
өлең сөздің даңғылы Жамбылмен жүздескен. Ол жайында «Жұлдыз» журналында
жарияланған мақалада айтылады: «...Жайлауда отырған Жамбылға ылдидан Манақ ақын
келіп, Қасқарау елінде Балуан Шолақтың жүргенін айтады. Балуан Шолақты көруге
Жәкең қатты ынтығып, дереу жолға шығады. Жанына сайыскер әрі балуан, әрі ақын
Мақыш пен Сәдірбек ақынды ертіп, үшеуі төмен түсіп кетеді. Бұлар әсіресе Балуан
Шолақтың қазанат көтере алмайтын Қалиды балаша қақпақыл ойнатқанына көп
таңданысады. Сол кісіге өзін таныстырады да Мақыш «Сұрасаң, менің атым Мақыш
балуан» дей келіп:
Өлеңді айту деген бізден қалған,
Дүние өте шығар, шіркін, жалған.
Әнімен Сарыарқаның еліктірген
Балуан аға, сізде де бар ма арман? – дегенде, Балуан Шолақ: «Е, бауар,
арман кімде жоқ дейсің?» - деп атақты «Ғалиясын» шырқапты».
Н.Базарқұловтың «Балуан Шолақ Жетсуда» атты мақаласында айтылғандай, ақын
Көкшетауға қайтарында:
Мәуелі естен кетпес Алатауым,
Хош боп тұр көріскенше жалпы қауым.
Жеріне жастай барып өскен елдің,
Мен қайттым білейін деп есен-сауын, - депті.
Ақын сол жолы Көкшетаудың әсем көркін, мұндағы жақсы адамдарды сағынғанын
барынша терең жырлайды:
Көкшетауым,
Күнде жауын.
Сексен көл,
Айдын шалқар,
Қайран ауылым, - деп бар жанымен толғатты. Осы жыр жолдарын оқығанда
біздің көз алдымызға Көкшетаудың мөлдір суы, жібек желі, жасыл қарағайы, ақ балтыр
қайыңы елестейді. Осы өлең жолдарында бүкіл бір таудың көркем көрінісін сиғызған
ақын талантына таң қаласың.
Балуан Шолақ тоғыз жасынан дулы топтың алдында домбырамен ән шырқап,
«Әнші бала» деген атаққа ие болса керек. Бұл жайында ақын:
Ән салып тоғыз жастан сайрап жүрмін,
Талай-талай балуанды байлап жүрмін.
Жаманға жол білмейтін жол көрсетіп,
Арбаға бұзаудай ғып байлап жүрмін, - деп әзіл-шыны аралас сыр шертеді.
Балуан Шолақ белгілі бір кәсіппен айналыспаған адам, ол қайда той-тамаша болса,
сол жерден табылған, қарапайым халықтың көңілін көтерген. Ақынның өлеңінде сол
кедей шаруаның ауыр тұрмысқа деген ыза кегі бар.
С.Мұқанов «Балуан Шолақ» атты еңбегінде төмендегідей мәлімет береді: «...әрине,
ол бірден ақын немесе әнші болып кеткен жоқ, жас талапкер өнерді халықтан үйренді.
Түнгі алтыбақан, ақ сүйек ойындарынан бірде-бір рет қалып көрмепті. Ондағы тамылжып
салынған әсем сазды ән, ащы тебіреніске толы күй жас жанын елжіретіпті.
Өз әкесі Баймырзаның аршаның түбінен шауып берген домбырасымен халық
әндерін, Біржанның мұңлы әуендерін айта жүріп, өзінің де музыкаға бейімінің бар екенін
бірте-бірте байқапты. Бір естіген ән мен күйін сол айтылған мезетте ұғып-біліп алып,
қайтадан жаңғыртып ойнайтын алғыр боп өсіпті».
Әнші-ақын өнерді еріккеннің ермегі деп ұққан емес, ол бұл жолға бүкіл өмірін
арнаған адам. Күнді күн, түнді түн демей сауық-сайранның соңына түскен жан. Оның
туындысы- қайрат пен жігерге, ашу мен кекке толы. Ақын ел игілігін ойламай, қара
басының қамын күйттейтін ел басқарушыларын қатты сынайды, оларға деген ашу-ызасын
ала бөтен білдіреді:
Жапалақ құс болғанмен, неге дәрі,
Жаманның кісілікке бар ма сәні?
Жаманға айтқан сөзің еш қонбайды,
Ағады құлағынан сөздің барі.
Осылай айту арқылы ол өзі білмейтін, білікті адамның тілін алмайтын соған
қарамай, көкірегін өрде, көңілін бұлтта санайтын жартыкеш жандардың жандайшап
қылығын шенеп-мінейді.
Балуан Шолақ өлеңдерінің негізгі сарыны-тепкі көрген халықты қайсарлық пен
қайраттыққа үндеу, ақынның мінез-құлқы, өмірбаяны, соның үлгі-өнегесі. Оның
туындысынан Балуан Шолақтың кім екенін әбден білуге болады. Ол қиянатқа көнбейтін,
басынан артық сөзді асырмайтын, дұшпанға кеудесін бастырмайтын сал-сері әулетіне
жататын жан. Оның жырларынан от- жалын лебі ессе, әндерінен сезімталдық пен нәзіктік,
тереңдік байқалады. «От ауызды, орақ тілді» ақын бар ашу ызасын бай мен бекке, озбыр
мен оңбағанға төгеді:
Мен шолақ ажал жетіп өлгенім жоқ,
Теңдікті дұшпаныма бергенім жоқ.-
Оның небір қиян кескі ауыр істерге барып, одан да аман құтылғанын көреміз.
Кедейлерге тілі тиген өр көкірек жандарды атақ-даңқы, абыройына қарамай, ел көзінше
сілейтіп сыбап тастайды екен. Міне, осы өр мінезі үші ел басқарып жүрген атқа мінерлдер
оған неше түрлі жала жауып, «ұры-қары» деген ат қойып, айдар тағыпты. Дегенмен, әмірі
жүріп тұрған «мықтылар» оған мың түрлі пәле жауып оны қуғын-сүргінге ұшыратыпты.
Қаншама азапты басынан кешірсе де ақын қыран мінезінен, бұлбұл дауысынан танбай
жырлай берген:
Мен өзім аққан судай тасып жүрмін,
Кеудесін дұшпандардың басып жүрмін.
Жаласы сексен өгіз маған ауып,
Ұлықтан сол себепті қашып жүрмін
Жұртқа жағар ер-жігіт қылығынан,
Сілтегенім кеткен жоқ құрығымнан.
Анталаған сан дұшпан қамаса да,
Сырдың суы келмейді жұлығымнан.
Ақын өзінің ең бір қара түнек жағдайын сөз етіп, әлгілер астамшылық танытып,
қаншама қинап, қудаласа да Балуан Шолақтың аппақ көңіліне күйе, ақ жолына ор қаза
алмай әбден діңкелесе керек. Ол үнемі еңсесін тік ұстап:
Бұл күнде қырық тоғызда менің жасым,
Қамалдың бұзып жүрмін таумен-тасын.
Кешегі сентябрьдің базарында,
Көтердің елу бір пұт кірдің тасын,- деп Көкшетауды әнге бөлеп, арыстандай
айбаттанып, қарапайым шаруаға арқа сүйеп жүре беріпті.
Ақын жылы ұясы-үйінен безіп, қиыр қонып, шет жайлап жүргенде оның сенгі де,
сүйенгені де кедей кем бағалылар болды. Олар мұны жат көзден жасырып, кісілік сый-
құрметін аямапты. Қалың қауымның шуақты ықылас-ниеті Балуан Шолақты
зорлықшылардың зәбір-жапасынан да құтқарыпты.
Ақынның бұдан арғы тағдыр-талайы қалай болғандығы жөнінде А.Жұбанов
былай дейді: «Шолақтың өмірі осылай кемшілікке соқпай келе жатқанында әкесі
Баймырза қайтыс болады. Көп ұзамай шешесі де өледі. Шолақ Ғайныкей деген қызға
үйленеді. Әкеден қалған малмен біраз уақыт күнелтеді. Бірақ жай адамдай көптің бірі
емес, табиғаттың ұйып берген күш пен көркем сыйы Шолақты үйге отырғызбайды. Жасы
жиырмаға келе ол сапарға шығады. Ел аралайды. Айналасына өнерлі жастарды жинайды.
Сонымен Шолақ жалғыс емес, өз алдына бір «ансамбль» болып жүреді. Біреулердің
айтуынша, Шолақтың ансамблі қазақ даласында бірінші рет кейбір әндерді хор болып
қосылып орындаған».
Бұл сол кездің жағдайында аса ірі жаңалық, қазіргі ғылым үшін де үлкен маңызы
бар мәселе. Бұл жағдай өте бір қабілеттіліктің, сүйекке біткен таланттың көрінісі.
Ал, академик-жазушы С.Мұқанов одан әрі тереңдей түседі: «Балуан таудың
төскейіндегі шыңға көтерілді де ән шырқады. Мана үйде бірер әнді айтқанда, дауысы аса
зор сияқты емес еді. Тысқа шығып сол әнді қайта айтқанда, дауысы биіктеп көтерілді де
кетті. Сонда ол айқайлаған жоқ, әдемі нақышымен қоңыр ғана айтты. Осы дауысы тауды
жаңғырықтырып, тасты сілкіндіріп жіберді. Ол түні таудың саласында Балуанды және
оның нөкерлерінің әнін тыңдаған жұрт кірпік қаққан жоқ. Балуан қызық кісі болыпты.
«Мынау пәлен деген әнім, мынау түген деген әнім»,-деп әрбір әннің бір-бір аузын өзі
бастап береді екен де, нөкерлеріне «Ендігісін сендер айтыңдар!» дейді екен Олар қосылып
айта жөнеледі екен».
Ол момын кедей шаруаны алдап жеп, өтірік күліп жүріп, барлық арам ниетін
жүзеге асырушы тілмаш Ы.Жайнақов туралы.
Ыбырайым, әкең аты Жайнақ едің,
Халықты қан қақсатып айдап жедің.
Пара алып, қылмыстың ісін түзеп,
Түлкідей әккі болған жайнап едің.
Қазақтар сауатты деп сенуші еді,
Өзінің туысындай көруші еді.
Сонда да жазықсызды жазалатып,
Жазалыны босатып беруші едің,- десе, бір ған арам тілмаштың жемқорлығын,
зымияндығын айтып қоймай, онымен сыбайлас сан мыңдаған адамдардың зұлымдығының
бет пердесін ашып береді. Халықты беті жылтырап алдайтын, сұмдардан сақтанып,
ойлылыққа, кісі тануға, парасаттылыққа үндейді ақын. Себебі, оның көрген қуғын-сүргіні
азабы осы тілмаш сияқтылардың жексұрын іс-әрекеті еді...
Жергілікті ел басқарушылары мен байлар Балуан Шолақты жаңа қоныс аударған
орыс шаруаларына айдап салған, бала мінезді ақкөңіл ақын екі жүзді сұмырайлардың
тіліне еріп, жаза басқан, онысы үшін әлденеше рет айыпталыпты. Ақырында байлар мен
болыстардың жаласына түтін түтетіп отырған шаңырағын, өскен жерін тастап Алатауға
бет түзеген. Осы күнге дейінгі зерттеушілердің бәрі де ақынды «туған-туысқанның
аралауға келіпті», - десе, мұның шындыққа жанаспайтын сөз екендігі кәміл. Оны Балуан
Шолақтың мына сөзі де дәлелдей түседі:
Көкшетау, мен қайтейін биігіңді-ей,
Бауырыңда бейғам өстім киігіңдей.
Дұшпаннан қысым көріп, үйден безіп,
Басамын қайда барып күйігімді?!
Осылай қиялдадым қысылғанда,
Тыныштық ойлағанда шыбын жанға.
Шырмалып тұзағына зұлымдардың,
Көз ілмей күндер өткен ұзақ таңға.
Сондағы сая болған Алатауым,
Сайраған бұлбұл құсы бақша-бауым.
Қарсы алған ағайындар думан құрып
Үй тігіп, безендіріп-басқұр, бауын.
Құрметті сән салтанат, ойын-сауық,
Кетірді көкірегімнен қайғы-дауын.
Көңілім тотық басқан көтерілді,
Өткендей жауын шайын нөсер жауын.
Рақмет, құрметіңе үлкен-кіші,
Ризамын ықыласыңа барша қауым.
Демек, ақынның өзі айтқандай, ол қыз қуып, сайран салуға емес, басына қауып-
қатер төнген соң келген.
Балуан Шолақ 1916 жылғы халық көтерілісіне де тілектес болып, бұқара жағында
біраз қызмет атқарады. Ол момын шаруаның еңсесін ән-жырымен де көтеріп, оларға
рухани дем беріпті. Кейіннен Қазан төңкерісін де қуанышпен қарсы алып, оған өз әлінше
септігін тигізіп отырған. Бұл жөнінде сол кездегі Көкшетау совдепінің бастығы,
С.Шәріпов ризашылық көңілін білдіре келіп: «Шолақ нағыз халық өкілі, халық батыр
екенін революция кезінде жақсы түсіндік. Қазақ-орыс атамандары, елдегі шонжарлар
Шолақты «бұзақы», «ұры» деген жаламен саясат өміріне жолатқысы келмеді, ал біз
совдепшілер-большевиктер Шолақты өз жағымызға бейімдеп алдық. 1918 жылы
Чехославактардың контрреволюцияшыл әрекеті кезінде Шолақ үйіне үш күн жасырын
ұстап, астына ат тауып беріп, Атбасарға қарай жөнелтіп салады» - десе, Балуан Шолақтың
қиналған азаматтарға қамқорлығын да жоғары бағалауымыз керек.
Балуан Шолақтың «Галия» іспетті тәуір әндерінің қатарына оның «Құлан кісінес»,
«Дікілдеп», «Ыңғай көк», «Желіп-желіп», «Сентябрь», «Қынжыл», «Балуан Шолақ»,
«Кенже қоңыр», сияқты туындыларын жатқызуға болады. Осы аталған әндердің бәрі
фольклорлық сарында жазылғанмен, ішкі сазы, айтайын деген мән-мағынасы автордың
өзіндік стилі мен ерекше демекпіз. Әнші-ақынның көптеген өлең, толғаулары мың жолға
жуық. Алайда, осы аз ғана шығармашылығының өзімен ол халқына әрі өлең, әрі ән, әрі
жігерлі қайрат-күшімен ерекше рухани медеу-сүйеу, жәрдем беріп отырған. Балуан
Шолақтың өлең, толғауларынан да, құлпырта салған әнінен де, бір жағынан романтикалық
асқақты аңғарсақ, екінші жағынан фольклордың ғажап сарынын байқаймыз. Ол біздің
қазақ әдебиетінде осы екі дәстүрді дамытуымен ерекше бағалануға тиісті деп ойлаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |