«ХХғ. 60жж кейінгі әдебиет(1960-2000жж.)»



бет7/13
Дата26.06.2016
өлшемі1.03 Mb.
#159633
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13

Дәрісті бекіту сұрақтары: 1.Ш.Құсайынов шығармаларына қандай тақырыпты

арқау етті?.

2.Ә.Тәжібаевтің қандай пьесалары бар?.

3. Драманың қандай түрлері бар?.

4. Драманың қазіргі жай-күйі қандай?.

Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 31, 32, 33, 41, 43, 45.
13,14 Дәріс Әдеби сын мен әдебиеттану тарихы және қазіргі әдеби

үрдістің жаңашылдық қырлары

Дәрістің мақсаты: Әдеби сын мен әдебиеттану тарихының, қазіргі әдеби

үрдістің жаңашылдық қырларын таныту.



Тірек сөздер: Әдеби сын ,сын,зерттеу,әдебиет зерттеушілер.

Дәрістің жоспары:1. Қазақ әдебиеті сыны мен ғылымының тарихи

белестерінің кезеңдері.

2. Қазақ әдебиетінің даму жолдарын саралау.

3. Ұлттық әдеби сынның тарихын жасауға жарық көрген

еңбектер.

4. Қазіргі әдеби сынның жаңашылдық қырлары.

Қазақ әдебиеттануы нақты мәселелерді зерттеуде әдебиеттің ішкі даму заңдылықтарын, жанрлардың ерекшеліктері мен туу, қалыптасу жолдарын анықтауға батыл қадам жасап отыр. Әдебиетімізде зерттеліп жүрген проза, поэзия, драматургия жанрлары сияқты әдебиет сынының да тарихы мен қалыптасу процестері, өзіне тән шығармашылық ғылыми мәселелері арнайы зерттеуді талап етеді.

Бұл мәселе тек ғылымдық тұрғыдан ғана емес, практикалық тұрғыдан айрықша қажеттілікке айналып отыр. Сондықтан әдебиеттің басқа жанрларының ішкі түрі, нақыштары тарамдала зерттеліп жатқан уақытта сол игі істі жүзеге асырып отырған сын жанрының өзі тасада қалып қоюы орынсыз болар еді. Оның да басқа жанрлар сияқты өзіне тән творчестволық, ғылыми проблемалары, тарихы бар.

Қазақ әдебиеті сыны мен ғылымының тарихи белестерінен үш кезеңді анық байқаймыз. Бірінші кезең – қазақ әдебиеті сынының туу дәуірі. Екінші кезең - қазақ әдебиет сынының жанр ретінде қалыптасу және әдебиеттану ғылымының туу дәуірі. Үшінші кезең - қазақ әдебиет сынының өсіп -өркендеу дәуірі .

Қазіргі қазақ әдебиеті сыны мен әдебиетану ғылымы дүниеге келген әр бір көркем туындының идеясын, айтар ойын, эстетикалық өреге қол созғанын, қандай әлеуметтік мәселені көтергенін, нені насихаттайтынын саралап алуға міндетті. Әдеби сынның туу, қалыптасу проблемалары тек творчестволық қана емес, саяси әлеуметтік мәселелермен де байланысты болғандықтан әдебиет сыны тарихында оны орағытып өту мүмкін емес. Сынның эстетикалық дәрежесі көркем әдебиеттің шыққан биігіне тәуелді.

Әдебиет сыны көркем әдебиетпен үзеңгілес дүниеге келді. Көркемдік даму мен эстетикалық талап – талғамның өркендеу процесі уақыт жағынан бір - бірінің ілгері- кейінділігіне қарамастан өзара байланысты. Көркем әдебиетпен үзеңгілес дүниеге келген сынның дәрежесі қандай болмақ деген мәселеге келген де, екі себеп бар. Атап айтқанда, субъективтік және объективтік себептерге тоқталып өткен жөн.

Түптеп келгенде, сынның эстетикалық дәрежесі көркем әдебиеттің шыққан биігімен өлшенеді. Сынның кейде әлеуметтік, кейде эстетикалық таңдауларға ден қоюының өзі де әдебиеттің қамтыған өмір шындығына белгілі дәрежеде тәуелді болатын кезін естен шығармау қажет.

Субъективті себепті сөз еткендер , ең алдымен сыншының білім деңгейі мен эстетикалық талғамының мол – аздығын еске алу қажет. Қай кез болмасын, әдебиеттің өрлеу кезінде де, оның кейде көркемдік жағынан да, қоғамдық пікірді ұйымдастыру жағынан да биік деңгейден табылмай қалатын шағында да сыншының білім – парасаты мен эстетикалық талғамы санаттан шығып қалған емес. Мұның өзі сын дәрежесін аңғаруға қажетті субъективтік себеп.

Екінші, объективтік себеп – көбіне әдебиеттің жалпы дәрежесіне тәуелді. Егер көркем шығармалар өзінің қоғамдық мәні жағынан көркем бейнелер жасау, типтік жағдайларды көрініспен суреттеу, тіл байлығын игеру, оқырманды ілгері ұмтылдыратын эстетикалық идеяларды белгілеу жағынан биік деңгейден табылып жатса, онда сынның өресі биік болғаны. Сыншы әрқашан көркемдік дамудың кезеңді асуларында ойын өрбітуге қажетті дәлеледерді әдебиеттің күнделікті шындығынан ала отырып, келешекте шығар биіктерді бағдарлайды, әдебиеттің өркендер арнасын анықтайды .

Қазақ әдебиетінің даму жолдарын саралауда әдеби сынның рөлі айрықша. Қазақтың әдеби сыны кемелденіп келеді. Көркем творчествоның қандай келелі мәселелері мен нәзік құбылыстары болмасын, қазіргі әдеби сынымыз тексеруге де, тұжырымды түрде қорытуғы да әзір. Дегенмен, әдеби сынның шешілмей жатқан түйіндері баршылық. Сын мәселелерін мерзімді және ғылыми басыламдар көтермей жүр десек, шындықты аттап кеткендік болар еді. Керісінше, жарияланып жатқан материалдар баршылық. Оларда, көбіне, әдеби сынның алдында тұрған міндеттер мен кемшіліктер төңірегінде ғана әңгімеленіп жүр де, оның өзіндік ерекшеліктері, методологиялық және ішкі құрылымдық жақтарына тереңдей алмай келеді.

Ұлттық әдеби сынның тарихын жасауға талпынып жатқан елеулі еңбектер жарық көріп жатыр. Бұлардың ішінде , қазақ әдебиеті сынының тарихын көп жылдардан бері үзбей зерттеп келе жатқан белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің еңбегін атаған жөн. Зерттеуші «Сын сапары», «Оңаша сапар», «Қазақ әдебиеті сынынң тарихы», «Дәуір дидары» сияқты сынға қатысты еңбектерін жариялады. Т. Кәкішевтің зерттеу еңбектерінде қазақ әдеби сынының ғылыми тарихын жасаудың алғашқы сүрлеуі салынып, негізгі қиын мәселелер қарастырылды. Сынға қатысты «Уақыт және қаламгер» атты сын еңбектер жинағы жыл сайын шығап тұрып, сынның дәрежесін көтеруге зор үлес қосты. Сондай – ақ , Р.Бердібаевтың «Замана сазы», «Дәстүр тағылымы», «Ғасырлар толғауы», З.Қабдоловтың «Жебе », «Арна» , Ш. Елеукеновтің «Замандас парасаты», М. Қаратаевтың «Әдебиет және эстетика», «Ізденіс іздері», С.Қирабаевтың «Шындық және шебердік», «Талантқа құрмет», Н.Ғабдуллиннің «Уақыт сыры», Қ. Нұрмахановтың «Дәстүрлі достық»,

Ә. Жәмішевтің «Кезең кестелері», «Биік мәртебе», Б.Дәрімбетов «Тазару»,

С.Әшімов «Сын мұраты», «Парасатқа құштарлық», С. Досанов «Қазына»,

Т. Шапаевтің «Ой түбінде жатқан сөз» тағы басқа сын кітаптары сынның дамуын тездетті. Бұларда қазақ әдебиетінің әр жанрының дамуы, әдеби бағыттар, жеке жазушылардың шығармашылығы, жалпы әдебиеттің негізгі мәселелері сөз болды .

Әдеби сынның тарихына көз жібергенде, оның пайда болу, даму жолдары әдебиеттің өсіп- өркендеу бағытымен сәйкес келіп отырады. Қазақ әдебиетінде Абайдың,Шәкәрімнің,Сұлтанмахмұттың, Ахметтің, Мағжанның, Жүсіпбектің, Міржақыптың тағы басқалардың шығармаларының жарық көруі сын мен ой –пікірлердің жаңаша қарқынмен дамуына түрткі болды. Сынсыз әдеби даму процесті бағдарлау қиын. Онсыз әдебиет жүйесіз әдеби фактілерге айналар еді. Көркемдік қуаты әлсірер еді. Сын әдебиетпен бірге пайда болып, бірге дамып, шығармашылық еңбекпен біте қайнасып жатыр.

Әдебиеттің негізгі объектісі – өмір. Ал әдеби сынның негізгі мақсаты – бүгінгі күн әдебиетінде, әдеби процесте болып жатқан жаңалықтарды, ондағы жетістіктер мен кемшілктерді уақтылы ашып көрсетіп отыру. Сыншы бұл міндеттерді орындау үшін аналитикалық талдау әдістерін қолдануы тиіс. «Жазушы сұлу сөздер арқылы көркем образдар жасайды, ал сыншы болса, жазушы шығармасын ғылыми ұғымдар тұрғысынан талдап баға береді. Оның идеялық мәнін, көркемдік қуаты мен қоғамдық маңызын айқындайды ».

Көркем әдебиетте көркем бейне жасау басты міндет болса, сыни еңбектер логикалық талдауға құрылады. Сын мақалалары үшін белгілі бір мәселе төңірегінде ой айту, пікір білдіру, баға беру негізгі орында. Ал сыншы болса, қоғамдық өмір туралы көзқарастарын әдебиетті сөз ете отырып қана айта алады. Әдебиет бар жерде сында бар. Сынның әр кезеңде де әдебиетті танып отыру үшін өзіндік маңызы бар. Көркем әдебиеттің негізгі бір бөлігі болып келген әдеби сын әлеуметтік, эстетикалық ой- пікірлердің жан-жақты дамуының нәтижесінде әдебиеттің ауқымынан шығып, қоғамдық саланың басқа да түрлерімен байланысы күшейіп, жаңа сипатқа ие болады.

Ғылым мен сынның байланыстылығы әдебиет ғылым да, сыны да көркем әдебиетті бірге зерттейді, талдайды, пікір айтып, бағалайды. Сын әдебиет ғылымына жол салып отырады, материалдар жинап оның дамуына алғы шарттар жасайды. Сын мен ғылымның шығу мерзімі жағынан сын алғашқы. Әдебиет ғылымының сынсыз даму қандай қиын болса, сынның да ғылымсыз күні жоқ. Өйткені, сын өз пікірін көбіне ғылымға негіздей отырып айтады. Әдеби сын нақтылы бір туынды немесе көркемдік процесс хақында пікір білдіргенде әдебиетану ғылымының зерттеу әдістерін, терминдерін, ұғымдарын, заңдылықтарын пайдаланады. Сыншы мен ғалымның зерттеушілік дәрежесі әр деңгейде. Зерттеуші алған объектісі жайлы жан – жақты терең мағлұматтар берсе, сыншы сол мағлұматтар арқылы шығармаға баға береді. Әдебиет сыны мен ғылымының ұқсастық жақтары олардың зерттеу объектілерінің бірлігінен оқырманға бағышталатындығынан, зерттеу әдістерінің ортақтығынан, ойлау ерекшелігі, жазылу мәнері жағынан да көрінеді. Әдеби сынның ғылыми сипаты оның әдебиеттану ғылымымен байланыстылығынан ғана емес, бүкіл қоғамдық ғылымдармен қатыстылығынан да көрінеді.

Әдеби сынның ғылыми сипаты айқын. Ол - өз қызметінде әдебиеттану ғылымының ғана емес бүкіл қоғамдық ғылымдардың жетістіктеріне сүйене отырып қана объективті пікір айта алады.

Сын тек әдебиетті ғана зерттеп қоймай, баспасөз арқылы әлеуметтік мәселелерге де араласып отырады. Әдеби сын кқркемдік дамуда ғана емес, жалпы қоғамдық ой– пікірдің өрістеуінде де маңызды рөл атқарады. Сынның дәрежесі сол кездегі әдебиеттің, мәдениеттің, баспасөздің деңгейімен бірге әлеуметтік жағдайларға, ой – пікірлерге де тікелей байланысты. Сын – сан сипатты аса күрделі сала. Сын көркем туынды жайлы пікір білдіргенде әдебиеттану ғылымына сүйену керек, бұл оның ғылыми сипатын көрсетеді. Сынның көркем жазылуын көркемдік сипаты айқындайды. Сыншы шығармада әлеуметтік мәселелер қалайша көрініс тапты, соған баға беруі тиіс, бұл оның идеологиялық сипатын белгілейді. Әдеби сын баспасөз арқылы ғана жемісті дами алады, бұл оған публицистикалық сипат береді. Жалпы, әдеби сын дегеніміз, әдебиеттану ғылымы мен қоғамдық ғылымдардың тоғысқан түйінінен пайда болып, күнделікті әдеби процесті зертейтін, оған баға беріп, оқырманның рухани әлемі аясында қызмет атқаратыгн әлеуметтік саланың сан қырлы саласы. Әдеби сынның басты мақсаты – әдеби процесте болып жатқан жаңалықтарды дер кезінде бағалау. Оның негізгі мазмұны – қазіргі әдебиеттің зәру мәселелері.

Сынды тек қана сынау құралы деп түсіну қателік. Сынның ең әуелгі және негізгі міндеті–әдемілікті, сұлулықты, жарастықты, парасаттылықты, көркемдікті қастерлеу, жақсыға қуанып, жаманға қамығу, гүлденер өнерге қолқабысын тигізу, теріс жолдан сақтандырып, оңға бастау, бағдар сілтеу.

Сын – өнер, өнер болған да өте қиын өнер. Белинскийден бастап бүгінгі белгілі сыншыларға дейін сыншы дарыны өте сирек кездесетін талант екенін, сыншы болу ең қиын да жауапты әлеуметтік эстетикалық міндет екенін, әрқашан қыл көпірмен жүруге тура келетіндігін айтқанда, жазғанда көп. Сондықтан елдің көңілін табу оңай емес. Және біреуге ұнай қояйын деп жалбақтауда шын сыншығы жат қылық. Әдебиеттің өгей ұлы емес бел баласы болса да, оңайлықпен мойындала қоятын, оқығандар түгел қоя қоятын өнер емес. Бойындағы дарын қуатын сарқа жұмсайтын, талас, тартыс, дау дамайдың додасына түсіп, ой пікір сайысында шыңдалатын өнер.

Луначарский айтқандай, қалың оқушы жұртшылықтың көркем өнер еліне жіберілген төтенше елшісі болу бақыты қолына қалам алған, бірді екілі оқығанын мадақтай не даттай жазған адамға емес, тынымсыз ізденетін, жақсылықтың жыршысы, кемшіліктің қас дұшпаны болып жүретін шын ер жүрек дарындарға ғана бұйырады.

Көркемдік тәжірибеде шын сын, өміршең да, алғыр сын шын мәніндегі көркем туынды төңірегінде атой салатыны белгілі.

Сынды азулы да, алғыр етудің бір амалы жазушы – оқушы – сыншы ынтымағын нығайтқанда ғана құнарлы көркем шығарма туып, ойлы да әділетті сын пікір айтылғанда ғана оқушы көңілі жайланады. Септесе, ықпал ете дамудың сәнді көрінісі сонда жарқырап көрінеді.

Әдеби сын бейберекет құбылыс емес. Оның да ғасыр бойғы дамудың нәтижесінде қалыптасқан өзіндік құрылымы, жүйесі бар. Әдеби сынның негізгі құрамадас бөліктері: Әдеби сынның субъектісі – сыншы.

Мазмұны – әдеби процестің өзекті мәселелері.

Методология мен әдістері– диалектикалық матереализм, салыстырмалы, тарихи, мәдени, өмірбаяндық, психологиялық, құрылымдық, нақтылы әлеуметтік т.б. Құралдары –әдебиеттану, қоғамдық ғылымдар. Өмір сүру арнасы – баспасөз, радио. Жанрлары – рецензия, шолу, мақала, пародия, эпиграмма, эссе т.б. Зерттеу объектісі – жекеленген шығарма, жазушы шығармашылығындағы әдеби процес. Бағыты – оқырман қауым, қаламгер. Қызметі немесе функциясы – бағалаушылық, талдаушылық, тәрбиелілік, зерттеушілік, үгітшілік, насихатшылық т.б. Принципері халықтығы, шыншылдығы, идеялылығы, өмірмен байланыстылығы, тарихилығы, жүйелілігі, өзектілігі, түсініктілігі т.б.

Әдеби сынның осы бөліктері бір- бірімен үйлесіп, сәйкестік тапқанда ғана өз міндетін табысты орындай алады. Ол үшін осы құрамдас бөліктердің әр қайсысының өзіне тән ғылыми негіздерін, заңдылықтарын білу қажет.

Сын, сын тарихы, оны дәуірлеу мәселелрі қазақ ғалымдары тарапынан біршама қарастырылған. Ол негізінен, қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеуге қатысты айтылған. Алайда бұл салада жүйелі зерттеулер мен өз бағыты айқындалған ізденістер бірден көріне қоймады. Бұл бір жағынан заңды да. Себебі, кәсіби сынның қанаты қатайып, қалыптасып, кемелденбей жатып, оның тарихын дәуірлеу мәселесінің көтерілмейтіндігі, көтерілген күнде де нақты шешімін таба алмайтыны мәлім. Ал қазақ әдеби сынының алғашқы нышандары сонау ауыз әдебиетінде көрініс бергенімен, шын мәніндегі сынның жалпы жұртшылыққа жол тартуы мерзімді баспасөзге байланысты болды. Осы кезеңде сынның жанрлық тұрғыдан жіктелуі, кәсіби сипатының анықталуы, маман кадрларының бой көрсету процесі жүріп, шындап қалыптасып, дамуға бет бұрды. Көркем әдебиеттің асылы мен жасығын таразылар , адал бағасын берер сыншылар пайда бола бастады .

Дәрісті бекіту сұрақтары: 1. Қазақ әдебиеті сыны мен ғылымының тарихи

белестерінің қандай кезеңдері бар?

2. Қазақ әдебиетінің даму жолдарын қалай

саралаймыз?

3. Ұлттық әдеби сынның тарихын жасауда қандай

еңбектер жарық көрді?

4. Қазіргі әдеби сынның жаңашылдық қырлары

туралы не айта аласыз?



Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 31, 32, 33, 41, 43, 45.
15,16 Дәріс Жаңғыру кезіндегі сын және осы жылдары жарық көрген зерттеу

еңбектері
Дәрістің мақсаты:Ғалымдардың сыный еңбектерімен таныстыру

барысында,студенттерді сыни тұрғыда ойлауға баулу.



Тірек сөздер:Сын,зерттеу,әдебиет зерттеушілер,монаграфия.

Дәрістің жоспары:1.1956-1966 жыл аралығындағы жарық көрген сыни

еңбектерге тоқталу.

2. Зерттеулер жасауға қатысқан аға жазушылардың

еңбектері жайлы.

3. Қазақ халқының ауыз әдебиетіне арналған жаңа

зерттеулер

4.Бұл дәуірдегі бірталай бағалы зерттеулер демократтық-

ағартушылық әдебиетке арналғандығы

5. Бұл дәуірде сын мақалалар жинақтарын жариялау

жайлы.


6.Қазақ әдебиетінің тәуір туындыларының дүние жүзіне

таныла түсуі.

Әдеби процесстің ұлғаюы, жаңа туындылардың көбеюі - оны зерттеп, ғылыми бағалап отыратын әдебиет сыны мен әдебиет туралы ғылымының баюына да мол материал беріп, оның дамуын тездетті. Бұл саладағы еңбектің өнімді болғанын таныту үшін 1956-1966 жыл аралығындағы он жылда жүз елуден астам сын және зерттеу кітапарының жарық көргенін айтудың өзі жеткілікті. Мұндай өнімділік бұрынғы әдебиет дамуы кезеңдерінің ешбірінде болған емес. Жеке зерттеулер мен әдебиетші ғалымдардың сыншылдық ойларын қорыту түрінде 6 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1960-1967) жасалды. Онда қазақ ауыз әдебиеті мен әдебиет тарихы, Кеңестік дәуірдегі әдебиеттің даму жолы белгілі жүйеге түсіп, жинақталды. Орта және жоғары мектептерге арналған әдебиет оқулықтары, ауыз әдебиеті мен ақындар шығармаларының текстері көптеп басыла бастады.

Қазақ әдебиеті сыны мен әдебиеттану ғылымының осы дәуірде қарқынды дамуы, ең алдымен қоғамдық ой-пікірде еркіндік тууымен байланысты болды. КОКП XX съезінен кейін бір кезде жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған ақын-жазушылар мұрасы халыққа қайтарылды. С. Сейфуллин, Б.Майлин,

I. Жансүгіров ақталып, олардың кітаптары қайта басыла бастады. 1957 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Қазақ халқының әдеби-поэзиялық және музыка мұрасын зерттеудің, сын тұрғысынан қарап, пайдаланудың жайы және оны жақсарту шаралары туралы» қаулысы шықты. 1959 жылы қазақ халқының әдеби мұрасына арналған ғылыми-теориялық конференция өтті. Бұл қаулы мен конференция шешімдері әдеби мұраны пайдалану, мәселесін түбегейлі шешпегенмен, бұл саладағы іске бөгет болып келген көптеген жағдайлардың бетін ашып, ауыз әдебиеті мен әдебиет тарихына арналған жаңа зерттеулер жазуға мүмкіндік туғызды.

Бүгінгі әдеби процесс пен тарихи әдебиетке қатысты әр кезде пікір айтып, ақыл-кеңестерімен көмектескен, тіпті зерттеулер жасауға қатысқан аға жазушылардың еңбектері бұл саладағы іске мұрындық болды десек артық емес. М.Әуезовтің «Әр жылдар ойлары» (1959), «Уақыт және, әдебиет» (1962) атты мақалалары мен зерттеулері, С.Мұқановтың «Өсу жолдарымыз» (1960) атты мақалаларының жинағы мен «Жарқын жұлдыздар» (1964) деген Шоқан мен Абайға арналған зерттеуі жарық көрді Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетінің тірі куәсі және әдебиет, тарихының білгірлері боп танылған бұл екі жазушының ой-пікірлері кейінгі зерттеушілерге көп ой салды.

Қазақ халқының ауыз әдебиетіне арналған жаңа зерттеулер оны тұтас жинақтап көрсетуге де,ауыз әдебиетінің жанрларын талдауғада, жеке ақындардың шығармашылығын бағалауға да көңіл бөлді. М.Әуезовтің, X.Досмұхамедовтің, С.Сейфуллиннің 20-30-жылдары жазылған кітаптарының концепциясы мен мазмұнын толықтыра,қайта қарай отырып,бұл еңбектер фольклор жөніндегі ғылымның бүгінгі деңгейіне лайық жасалды.Бұлардың ішінде 6 томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы(бірінші,екінші кітаптар), М.Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» (1959) атты жоғары мектепке арналған оқулығы, Е.Ысмайыловтың халық ақындарына арналған «Ақындар» (1956) атты монографиясы көрнекті орын алады. «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томының бірінші кітабында бүкіл ауыз әдебиетіне, оның жанрлық жүйелеріне кең талдау берілді, ал, екінші кітапта халық поэзиясының Кеңестік дәуірде дамуы ғылыми қорытылып,оны жырлаушылардың басты өкілдерінің шығармашылығы зерттелді.

Бұл тұста қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу ісімен Қажым Жұмалиев (1907-1968) тұрақты шұғылданды. Оның «Қазақ эпосы мен әдебиеті тарихының мәселелері» (1958), «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі» (1960) атты екі томдық еңбегі ғалымның бұл саладағы зерттеулерін жинақтады. Бірінші кітапқа Қажым қазақ эпосы туралы ұзақ жылдар жүргізген зерттеулерін кіргізіп, XVIII-XIX ғасыр ақындары Бұхар жырау, Махамбет, Шернияз, Алмажан Азамат қызының ақындық жолына талдау берді. Ал, екінші кітап XIX ғасырдың екінші жартысындағы ағартушылық-демократтық әдебиетке арналды. Онда Шоқанның әдебиеттік еңбегі, Ыбырай Алтынсарин мен Абайдың шығармашылығы қарастырылды. Сонымен бірге оған «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» (1946 жылы докторлық диссертация есебінде қорғалып, 1948 ж. жеке кітап болып басылған) атты монографиясы кірді.

Қажым осы жылдары мектеп оқулықтары көлемінде алғаш Дулат, Шортанбай, Мұрат сияқты кезінде кертартпа саналған ақындар шығармашылығы жайлы жаңа еңбектер жазды. Олар орта мектептің 8-сынып оқулығына енді. Бұл ақындардың шығармашылық жолын зерттеу қажеттігі 1959 жылғы конференцияда да көтерілді. Бірақ жарияланған азын-аулақ еңбектерде олар жайлы ойлар жұқарып, там-тұмдап айтылды, негізінен оларға Қазақстанның Ресейге қосылуына қарсы болған кертартпа ақындар ретінде баға берілді.

Бұл дәуірдегі бірталай бағалы зерттеулер демократтық–ағартушылық әдебиетке арналды. С. Мұқановтың Шоқан туралы, Б. Сүлейменов пен

Ә. Дербісалиннің Ыбырай туралы еңбектері жарық көрді. Абай өмірі мен еңбегін зерттеуге көп ғалым-әдебиетшілер қатысты. М.Әуезовтің «Абай Құнанбаев» атты монографиясы («Әр жылдар ойлары» кітабында 1959),

Қ. Жұмалиевтің жоғарыда аталған еңбегі, М.С.Сильченконың «Творческая биография Абая»(1957),3.Ахметовтің «Лермонтов и Абай» (1954),

X. Сүйіншалиевтің «Абайдың қара сөздері»(1956), А.Нұрқатовтың «Абайдың ақындық дәстүрі» (1966), Қ.Мұхамедхановтың «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» (1959) атты кітаптары мен көптеген мақалалар жарық көрді. Абайды зерттеу мәселесі, әсіресе, 1954 жылы аталып өткен ақынның қайтыс болуының 50 жылдығы тұсында кеңірек қойылды. Сол жылы "Абайдың өмірі мен творчествосы" атты мақалалар жинағы басылды. Абайдың қоғамдық-саяси, тағы басқа көзқарастарын қарастырып,оның ұлылығын дәлелдеген Т.Тәжібаевтың, Қ.Бейсембиевтің, М. Ақынжановтың, Ә.Жиреншиннің зерттеулері ақын жайлы еңбектерді толықтырды.

Ең соңында қазақ әдебиетінің тарихына байланысты еңбектерді қорытып, әдебиет тарихына жаңа баға беріп, оны жүйеге түсірген «Қазақ әдебиеті тарихының» екінші томын (бірінші кітабы –1961) атау орынды. Онда XVIII ғасырдан бергі әдебиет тарихы ғылыми жүйеге түсіп, Бұқар жырау, Дулат, Махамбет, Шернияз, Шортанбай, Алмажан, Сүйінбай, Біржан, Шоқан, Ыбырай, Абай, Ақан сері, Мағауия, Ақылбай, Шәңгерей, Әсет сияқты ақындар шығармашылығына талдау берілді. Бұл көлемдегі ақындар еңбегі бұрын зерттеуге іліккен емес еді. Томның екінші кітабы 1965 жылы жарық көріп, онда XX ғасырдың басында өмір сүрген Жаяу Мұса, Мұсабек Байзақов, Әріп Тәңірбергенов, Балуан Шолақ, Мұхамеджан Сералин, Ығылман Шөреков, Спандияр Көбеев, Тұрмағанбет Ізтілеуов, Бекет Өтетілеуов, Сұлтанмахмұт, Бернияз Күлеев, Сәбит Дөнентаев тәрізді ақындар еңбегі кең талданды. Бұл ақындардың да көпшілігі бұрын мұндай ғылыми талдауға ілікпеген болатын. Осылармен қатар XX ғасыр басындағы әдебиет өкілдері жайлы жеке зерттеулер жасалды. Бұлардың ішінен Б. Кенжебаевтың «Журналист Мұхамеджан Сералин» (1957), «Сұлтанмахмұт Торайғыров» (1958), «Қазақ халқының XX ғасыр басындағы демократ жазушылары» (1958), С.Қирабаевтың «Спандияр Көбеев» (1960), Т.Әбдірахмановтың «Орыс әдебиетін қазақ тіліне аудару дәстүрі және Бекет Өтетілеуов» (1960), Ә. Дербісалиннің «Қазақтың октябрь алдындағы демократияшыл әдебиеті» (1966) атты монографияларын атауға болады.

Бұл жылдардағы зерттеу еңбектердің, негізгі саласы Кеңестік дәуірдегі әдебиетке арналды.Партия әдебиет зерттеушілердің назарын осы дәуір әдебиетіне бұрып, солардың негізінде Кеңестік заманның артықшылығын, осы мезгілдегі әдебиет дамуының жетістіктерін баса айтуға бағыттады. Шындығында да жалпы әдеби істің ілгерілеуінде, әдебиет жанрларының тууы мен баюында, әдебиеттің қоғам ісіне батыл араласуында, ақын-жазушылар қатарының өсуі мен әдебиеттің тақырыптық арнасының кеңеюінде бұл дәуір әдебиеті аса үлкен орын алатын еді.Сондықтан күнделікті әдеби сыннан басқа бұл дәуір әдебиетіне келелі зерттеулер жасалды.

Кеңестік дәуірдегі әдебиет дамуын ғылыми қорытындылауға арналған тұңғыш еңбек – «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» 1949 жылы жарық көрген еді. Кезінде ол сол дәуірдің идеологиялық талабына жауап бермейді деген сылтаумен сыналды. Одан кейінгі талап осы аттас кітаптың жаңадан жасалған нұсқасы (1958). Очерк сол жылы орыс тілінде басылды. Мәскеуде 1960 жылы жарияланды. Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиеті туралы толық зерттеу кейін «Қазақ әдебиетінің тарихының» үшінші томы (бірінші, екінші кітаптар) күйінде жарық көрді (1967), оларға Қазақ Кеңес әдебиетінің даму кезеңдеріне арналған әдеби шолулар мен С.Сейфуллин, Б.Майлин,

I.Жансүгіров, М.Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин,

АТоқмағамбетов, Т. Жароков, Ә. Тәжібаев, Ғ. Орманов, Қ.Аманжолов

шығармашылығы жайлы монографиялық тараулар енді. Том өз кезінде дәуір әдебиетінің даму, жетілу кезеңдері мен жеке авторлардың әдебиетке қосқан үлесін айқындаған елеулі еңбек болды. Осы ұжымдық зерттеулерге қосымша әдебиет дамуының кезеңдері мен әдебиет процесінің ерекшеліктері жайлы шолу сипатты жеке авторлардың кітаптары (Б. Кенжебаевтың «20-жылдардағы қазақ совет әдебиеті», 1962, С. Сейтовтің «40 жылда», 1960) жарияланды.

Әдеби процесс жанрлық, тақырыптық даму тұрғысынан да, жеке ақын-жазушылардың шығармашылық жолын жинақтау, әдебиет тәжірибесін теориялық қорыту жағынан да зерттеле бастады. Ә. Тәжібаевтың «Өмір және поэзия» (1962), С. Ордалиевтің «Қазақ драматургиясының очеркі» (1964),

Б. Шалабаевтың «Қазақ романының тарихы» (1966), Ш. Ахметовтың «Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі» (1960), Ә. Сатыбалдиевтің «Рухани қазына», «Аударма проблемалары жайында» (1964) т.б. жанрлардың дамуына арналған еңбектерімен қоса, М. Базарбаевтың «Қазақ поэзиясындағы еңбек адамының образы» (1961), М.Хасеновтің «Ұнамды образ және типтендіру» (1966), Т.Кәкішевтің «Октябрь өркені» (1962), М. Дүйсеновтің «Әдебиеттегі мазмұн мен форманың бірлігі» (1962) тәрізді проблемалық зерттеулер туды.

З. Ахметовтің «Қазақтың өлең құрылысы» (1964) атты көлемді монографиясы мен Қ.Жұмалиевтің «Стиль - өнер ерекшелігі» (1966) атты кітабы жарық көрді. Әдебиет дамуына аса зор еңбек сіңірген классик жазушылардың өмірі мен шығармашылық жолын толық күйінде қарастырып, олардың әдебиетке қосқан үлесін айқындауда С. Қирабаевтың – «Сәкен Сейфуллин» (1962), «Ғабидсн Мұстафин» (1956), Е. Ысмайыловтың «Ақын және революция» (1964),

Т. Нұртазиннің «Жазушы және өмір» (1960), «Бейімбет Майлиннің

творчествосы» (1966), М.Дүйсеновтің «Ілияс Жансүгіров» (1965), «Ақын мұраты» (1967), А. Нұрқатовтың «Мұхтар Әуезовтің творчествосы» (1965),

Т. Ахтановтың «Ғабит Мүсірепов» (1956) сияқты монографиялары маңызды

рөл атқарды. М. Әуезов пен С.Мұқанов шығармашылығына арналған арнаулы жинақтар шықты.

Сонымен бірге бұл дәуірде сын мақалалар жинақтарын жариялау дәстүрі қалыптаса бастады. М. Қаратаевтың, Е.ЬІсмайыловтың, Б. Кенжебаевтың,

Т. Нұртазиннің, Т.Әлімқұловтың, С. Қирабаевтың, Р. Бердібаевтың,

А.Нұрқатовтың, Қ. Нұрмахановтың, М. Базарбаевтың, Б.Сахариевтің кітап

болып басылған еңбектері сынның әдеби процестегі ролін көтере түсті. Сыншылдық ой-пікір жаңа сапалық қасиеттермен толықты. Қазақ сыншылары бірігіп, әдебиеттің даму бағытын айқындап, оның өзекті мәселелерін шешуге қатысты.

Жалпы алғанда, бұл дәуір қазақ әдебиетінің жаңа қарқынмен дамыған кезеңі болды. Қазақ әдебиетінің тәуір туындылары дүние жүзіне таныла түсті.

М. Әуезовтен кейін С. Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Ғ. Мұстафиннің,

Т.Ахтановтың, Ә. Нұрпейісовтың, Ә. Әлімжановтың О.Сүлейменовтің

шығармалары шет тілдерге аударылып таралды. «Алтын отау» атты қазақ фольклорының жинағы , Германияда шықты. Абай мен Жамбыл жырлары Шығыс Еуропа халықтарының бірқатар тілдеріне аударылды. Қазақ әдебиеті мен жазушылары туралы Л. Арагон, А. Стиль, . М.Борис, В. Баум, А. Куреллан, А. Вюрмсер, П. Филибер, т.б. шетел әдебиетшілері пікірлер айтты. Қазақ жазушылары әлем әдебиетімен қарым-қатынасқа түсіп, шет елдердің тәуір туындыларын қазақ тіліне аударуға жәрдемдесті. Халықаралық жазушылар қатынасына араласты. Мұның бәрі қазақ әдебиетінің интернациональдық негізінің нығайып, оның кемелдене түсуінің белгісі еді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет