ІҮ бес арыс тұрсын Жұртбай



бет2/4
Дата25.02.2016
өлшемі0.55 Mb.
#19488
1   2   3   4

Бұл жөнiнде берген Әдiловтың жауабы ойдан шығарылған, олар Валидовтың ешқандай да хат алмаған. Оларға (Байтұрсынов пен Бөкейхановқа – Т. Ж.) Валидовтың бағасы (платформасы) белгiлi болатын, бiрақ та оған бұлардың ешқандай қатысы жоқ.

Сонымен қатар, Байтұрсынов Әдiловпен бетпе-бет кездесiп, куәласқанда, ол (Байтұрсынов) соңғы адамға (Әдiловке): «Алаш» партиясы құрылған күннен бастап, оның (Әділовтың) ағасымен пікір араздығы бар екендігі, сондықтан да бұған (Әдiловке) еш нәрсенi сенiп тапсырмайтындығын айтты. Өз кезегінде Әдiлов өзiнiң ағасының Байтұрсыновпен қырғи қабақ, дұшпандық қарым – қатынаста болғандығын мойындады.

Дулатов та, Омаров та, Есполов та, Болғанбаев та, Бiрiмжанов та, Жәленов те және басқалар да контреволюциялық ұйым құрғандығы жөнiндегi Әдiлов сөзiнiң жалған екендiгiн дәлелдедi. Содан кейiн аталған адамдардың барлығы да тұтқындалып, олардың бiрнешеуiн ерiксiз түрде «мойындаттырған жауап» алынды.

...Соның iшiнде, бiрiншi рет қатарынан жүргiзiлген тергеуден соң, Болғанбаев мынадай жауап бердi: Валидовтан келген хатты Сәрсеновтiң бөлмесiнде оқыған Бөкейханов, ал Байтұрсынов онда мүлдем жоқ болатын. Жасырын ұйым ашу туралы әңгiме қозғалмады. Валидовқа мұны (Байтұрсыновты) жiберудi ұйғарды, ал Әдiлов болса – мұнымен бiрге баруға өз бетiнше тiлек бiлдiрдi, өйткенi ол (Әдiлов) Валидовтың көмегi арқылы шет елге өтiп кетудi көздедi. Оған да мандат берiлдi, бiрақ ешқандай да мөр басылған жоқ. Валидовқа қандай да бiр уәде беру туралы ұсыныс жасады.

Сонымен, тергеудегi жауаптан көрiнiп отырғандай бiр ғана оқиға туралы Әдiлов пен Болғанбаевтiң жауаптарына үлкен қайшылық бар, бұл Әдiловтың берген барлық жауаптарының дұрыстығына күмән тудырады, сондықтан да бұлар қылмысты негiз бола алмайды».

Iстiң бет алысы ОГПУ тергеушiлерiне (әрине, Голощекинге де) ұнамады. «Қылмысты iске» «жаңа куәгерлер» тартып, оларға бөлек iс қағазын толтырды. «Қосымша қосылған» бұл адамдар кiм едi және Байтұрсыновтың соңынан шырақ алып түсiп, қалай айыпкер, экстремист, контреволюционер етiп көрсетуге тырысулары қалай? Осы он төрттiң басын бiрiктiретiндей ортақ мүдделерi болды ма? Соны айғақтайтындай дәлелдi себеп (алиби) бар ма?

Бар.

Ол - «Алашордаға» қатысты «он төрттiң» ортақ өмiрбаяны едi. ОГПУ-дiң де, Голощекиннiң де көздеген түпкi нысанасы және барынша әшекерелеуге тырысқан қылмысы сол тұс болатын. Өйткенi «ұлтшыл», «пантюркист», «контреволюционер» деген ұғымды саяси – идеологиялық сахнада «ойнату» үшiн әуелi оны «тiрiлту» қажет-тiн.

Шындап келгенде, тергеу орындары 1921 жылы конреволюциялық астыртын ұйымның құрылған - құрылмағанына ықылас қойып, бас ауыртып жатпады. Тек тағылатын айыптың неғұрлым көп болуына тырысты. Ал, шынтуайтына көшкенде, алашордашылардың өкiмет тарапынан алған, кешiрiмiн бұлар «кешiргiсi» келмедi, жазықсыз құтылғандарын әдiлетсiз шешiм деп бағалап, қалайда сот арқылы үкiм шығаруға ұмтылды. Әрине, олар жазаның ең ауыр түрiне кесiлуге тиiстi сияқты көрiндi.


Ал, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің құрылу тарихын, мақсат-мүддесін білмей, «он төрттің ісін» де түсіну мүмкін емес.

II

Қадым заманнан тамыр тартқан қазақ халқының тарихына бүгінгі қоғамдық-саяси, әлеуметтік көзқараспен қарағанда оның даму жолында осал да әрі нәзік және талмалы бірнеше қилы кезеңдер бар. Олар туралы әлі күнге дейін толық және түбегейлі, ең бастысы — ақиқатқа сай әділетті тұжырымдар айтылған жоқ. Бір халықтың жан даусы тамаққа тығылып, қоғамдық даму сатысында тығырыққа тіреліп, қай жолды таңдарын білмей, арпалысқа түскен шағында булығып барып жасаған іс-әрекетін, тағдырлы жанталасын әлеуметтік пікірді қалыптастыратын және оны бағыттап отыратын саясат идеологтары да, оларға қалыптасқан жағдайды жан-жақты талдап, тарихи тұрғыдан түсіндіріп баға беретін жәдігерлер де бұл құбылыстың байыбына бармады. Барғысы да келмеді. Біреулер қара бояу жағып, қарғыс жаудырды. Екінші топтағылар оны ақтап, шаң жуытпады. Үшінші біреулер ықылассыздық танытты. Соның салдарынан «ақ таңдақтар» мен «қарадақтар» пайда болды. Сондай қатерлі де қауіпті, тарихшылардың маңына жуымай айнала қашатын тақырыптарының бірі —«Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің саяси әлеуметтік бағыты, мемлекеттік құрылымы, оның дүниеге келуінің объективтік және субъективтік себептері туралы зерттеулердің жоқтығы болды.

Жарық дүниеде жақсы із қалдырған бір адамның еңбегінің еш кетуінің өзін «ақ таңдақ» деп атадық. Ал мұқым бір ұлттың даму жолындағы ең толғанысты тұсты жадымыздан сызып тастау «ақтаңдақ емес», «қара белдеу» («Черная полоса»). Өйткені халық тағдыры «таңдақ» ұғымына сыймайды. Сондықтан да «қасірет белбеуін» буынған кезең деген, бәлкім, дұрысырақ болар. Нақты атын тауып, айдарын тағу, ағын - ақтай, қарасын- қарадай көрсету тарихшылардың міндеті. Тек артық-ауыс ішкі эмоциясыз, кіжінбей де, егілмей де, алғыс- қарғысын араластырмай пайымдаған лазым.

Біз де соны мұрат тұтамыз және «Алашорданың он төрттің ісіне» қатысты тұстарына ғана тоқталамыз.

Сонымен, орыс халқын және боданынағы барша аз ұлтты қанды шеңгелінде ұстаған монархия құлады. Орнына Уақытша үкімет келді. Шет аймақтарды былай қойғанда, Россияның өз ішінде хаос пайда болды. Революциялық қозғалыс күшейді. Керенскийдің әмірі бір жерде жүріп, бір жерде жүрмеді. Сондай бейуақ күйге қазақ даласы да түсті. Ел ішінде әрі-сәрі жағдай орнады. Анархиялық, стихиялық қақтығыстар күшейді. Биліксіз елге не істеу керек? Қазақтың революцияға дейінгі қалыптасқа ұлттық-буржуазиялық интеллигенциясы бүкіл қазақтық саяси партия құру мәселесін көтерді. Бұл сол кездегі тарихи жағдайда бірден-бір қажетті шара еді. Тіпті самодержавие тұсындағы Түркістан өлкелік генерал губернаторы Куропаткин барлық уездік, қалалық мекемелерге мынадай бұйрық берді: «Бірінші -— елді мекендердегі тұрғындарды жиып, 12-15 адамның мөлшерінде кеңес сайлансын. Екінші — қоғамдық кәсіптік советтер құрылсын. Үшінші - жаңа сайлайған өкімет полицияны, әкімшілік мекемелерді алмастырсын. Төртінші — тыңшылар мен жандармерияның ісі тоқтатылсын: Бесінші — жаңа өкіметтің жарлығы шыққанша бұрынғы әкімдер орнында қалсын». Ал, қазақтан тұратын аудандар не істеуі керек. Олар да земствоға өз өкілдерін ұсынды. Жеке кеңес шақыру қажеттігі туды. Оны ұйымдастыруды 1905 жылдан кадет партиясының мүшесі Әлихан Бөкейханов Уақытша үкіметтің өкілі ретінде тізгінді қолына алды. 1917 жылы сәуірде Оралда қазақ кеңесі етіп, Ахмет Байтұрсынов сөз сөйлеп, халықтың қазіргі ұстанатын бағыты, февраль революциясының саясаты туралы түсініктеме айтты. Съездің төрағалығына Мемлекеттік Думаның мүшесі Алпысбай Құлманов сайланды. Саяси партия құру мәселесі қозғалды. Ал 1917 жылы тамыз айында бүкілқазақ Құрылтайы ашылып, партияның аты «Алаш» деп аталды. (Бұл құрылтайға қазақ өкілдері түгел жиналмай, асығыс өткізілгендіктен, нақты шешімдер қабылдай алмады. Сондықтан біз оған тоқталмаймыз.—Т. Ж.) Октябрь революциясынан кейін 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында ұйымдық-саяси мәселе қараған II съезі Орынбор қаласында өтті. Оған Түркістан уәлаятындағы қазақ облыстарынан басқаларының барлығы да өкіл сайлады. Сондай-ақ съезге башқұрттан Ахмет Заки Валиди, ШУРО-ның өкілі прапорщик Баширов, “Янги Вакыть” газетінің редакторы Фатих Каримов, Орынбор муфтиі Барудит қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, телеграммалар оқылды. Құрылтай атына келіп түскен хаттар мен телеграммадағы көрсетілген төтенше оқиғаларды, шағымдарды талқылай келіп, мынадай шешім қабылдады.

1. Өзара партиялық (сайлау) бақталастықтарды жойып, бірігу туралы Үндеу жазу. Оны Міржақып пен Ахметке жүктеді.

2. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі жазалау отрядының зардаптарынан аштыққа ұшырап, қатын-балаларын ұнға айырбастап (бір пұт ұн 125 сом), жүрген босқындарға және Хивадағы тоналған қазақтарға көмек көрсету үшін әрбір адамнан 1 сомнан садақа жиып, оны мұқтаждарға жолдауды жүктеді.

3. Ашыққандарға Ақмоладан астық жеткізу үшін Қарқаралы, Ақмола, Атбасар, Көкшетау және Петропавл уездерінің қазақтары Әулиеата, Пішпек уездерінің қазақтарына жалақысына келісе отырып түйелерін беру сұралды.

4. Түркістан автономиялы уәлаятынан Жизақ уезіндегі анархиялық бассыздықтарды тоқтатуды талап етті.

5. Құрылтай жиналысына қатысу үшін Сырдария облысынан бір адамды сайласын деп телеграмма соқты.

6. Түркістан автономиялы өкіметімен келісе отырып, біртұтас қазақ-автономиясына кіру туралы өтініштерінің қанағаттандырылуын қостады.

7. Түркістан автономиясына құттықтау телеграммасын жолдауға және Орынбор мүфтиінің тілегіне рақмет білдіруге келісті.

Осындай уағдаластықтан кейін Құрылтайдың күн тәртібі бойынша: «1. Сібір, Түркістан автономиясы мен Оңтүстік — Шығыс Одағымен арадағы қарым-қатынасты анықтау. 2. Қазақ облыстарының автономиясын құру. 3. Милиция. 4. Ұлттық кеңес. 5. Оқу. 6.Ұлттық қор. 7. Мүфтият. 8. Халық соты. 9. Ауылды басқару. 10. Азық-түлік қоры» - жөніндегі мәселелерді талқылады. Ә. Бөкейханов баяндама жасаған алғашқы төрт мәселе - Қазақ автономиясы, милиция мен Ұлттық кеңесті құру туралы пікірлерді тұжырымдап, ұсыныс енгізу үшін 7 адамнан тұратын комиссия құрылды. Ең бір көкейкесті мұқтаждық — оқу жөніндегі Дулатовтың баяндамасы тыңдалып, бір ауыздан мынадай қаулы алынды: (Біз орысша толық протоколынан аударып беріп отырмыз).

«Бастауыш және орта білім беретін қазақ мектептеріне арналып қазақша оқулықтар құрастыру үшін 5 адамнан алқа құрылсын, комиссияға өзіне қажетті адамдады шақыруға право берілсін. Алқа Орталық ұлттық кеңес орналасқан жерде жұмыс істесін. Алқа мүшелері оқулықтардан басқа: а) Ұлттық мектептерге арналған программа жасау, б) Мұғалімдерге жетекшілік ету, в) Балалар тәрбиесі туралы кітап шығару, г) Барлық қазақ мектептеріндегі халыққа білім беру жүйесінің тәртібін белгілеу, д) Қазақ тілінің жазу үлгісін реттеу, е) Пайдалы кітаптар мен кітапшаларды қазақ тіліне аудару — мәселесімен де шұғылданады.

Комиссия іске 1918 жылдың басыңда кірісуі керек және ең алдымен өздерінің іс-жоспарын газетке жариялауы керек. Комиссия өз ісіне кіріскеннен кейін, алты айда көпшілік алдында баспасөз арқылы есеп беріп отыруға міндетті. Жариялануға ұсынылған кітаптардың данасын (тиражын), сонымен қатар, қажетті кітапты басып шығаруға кететін қаржының мөлшерін комиссияның өзі анықтайды. Комиссия белгілеген ақшаның мөлшері шұғыл түрде облыстық земствоның комиссиясына жіберіледі немесе бұл сома ұлттық қордан бөлінеді. Комиссияның құрамында жоқ, бөгде адам құрастырған оқулықтар - комиссия құптап, рұқсат еткен соң ғана мектепте пайдаланылуға жіберіледі. Сонымен қатар, комиссияда мақұлдаған оқулықтарды сол комиссия автормен келісе отырып халықтың меншігі деп жариялайды. Егер де, басқа адамның оқулығын жаратпаған жағдайда, комиссия мәжілісінде талқыланған кезде, ол адам сол жиналысқа шешуші дауыс-пен қатысады. Комиссияның алғашқы жылдары құрастырған оқулықтары халықтық меншік, ал 3 жыл өткен соң автордың меншігі болып саналады. Программада көрсетілген жұмыстарды атқарып біткен соң, комиссия есеп береді, ал қарауындағы кітаптар мен ақшаны казақтарды басқару жөніндегі басқарманын нұсқауымен тиісті мекемеге өткізеді. Комиссияның 1918 жылға арналған кіріс-шығысы төмендегідей мөлшерде бекітілсін: комиссияның бес мүшесінің әрқайсысының айлым, жалақысы - 800 сом, кеңсе жалдау үшін жылына - 4.800 сом; комиссияның қажетті жүмыспен шұғылдануына - жылына 1.800 сом, әр түрлі материалдарды сатып алуға жылына 6000 сом, кеңсе шығынына жылына - 2.400 сом. Бұл қаржыны әр облыстағы жан басының санына қарай төмендегі тәртіптен бөлінсін:
Сырдария облысы — 13.050 сом.

Жетісу облысы — 8.700 сом.

Семей облысы — 8.700 сом.

Орал облысы (Маңғыш-

лақпен қосылып) — 7.250 сом.

Ақмола облысы — 5.800 сом.

Торғай облысы — 5.800 сом.

Ферғана облысы — 4.350 сом.

Бөкей ордасы — 3.100 сом.

Самарқанд облысы — 1.450 сом.


Жоғарыда көрсетілген 58.200 сомның жартысын облыстық земстволар қаңтар айында «Алашордаға» табыс етуі тиіс».

«Алашорданың» оқу ісін ұйымдастыру шаралары М. Дулатовтың қатысуымем жүзеге асты. Ал оқу құралдары жөніндегі комиссияның председателі Ахмет Байтұрсынов болды. «Алаштың» өзге саяси бағыты қақында пікір қозғап, төрелік айтуды автор мойнына алмайды. Оған құқысы бар деп те есептемейді. Алайда, оқу жөніндегі программасындағы қаралған жайлар — қазақ халқының әбден ығырын шығарып, көкейінде қоздап, енді шешпесе — елдіктен айырылып, рухани мұқтаждыққа ұрынатындай халге душар еткен іс болатын. Бұл арада ұлтшылдық, пантюркистік, панисламистік, контрреволюциялық пиғыл болды, немесе жұртты алдау үшін арзан саясатқа барды, басқа халықтың мүддесіне қайшы келді деп айта алмаймын. Қандай да бір мемлекеттік құрылыстың қазақ еліне жаны ашыса, оның ең бірінші қолға алатын міндеті осы болатын. Совет өкіметі сол мұқтаждықты дер кезінде шешті. Ол міндетті — оқу-ағарту халық комиссары Байтұрсынов атқарып, қазақ тілінің грамматикасы мен фонетикасы, синтаксисі мен этимологиясы туралы тұңғыш оқу құралын жазды. Түп сөз, түбір сөзден — құрмалас сөйлемге, зат есімнен — одағайға, бастауыштан — пысықтауышқа, шылаудан — тасымалға дейінгі терминдердің авторы да Ақаң. Соның барлығы 1913 —1928 жылға дейінгі аралықта жүзеге асты. Ал, енді осы да контрреволюциялық, ұлтшыл әрекет пе?

Жоқ. Ұлттық мақтаныш.

Иә, Ахмет Байтұрсынов «Алаш» партиясының» 1917 жылғы тамыздағы және желтоқсандағы екі құрылтайына қатысты. Оқу комиссиясына мүше боп Мағжан Жұмабаев, Елдес Омаров, Биахмет Сәрсенов, Телжан Шонанов бекітілді. Бұл төртеуі де тіл, әдебиет саласына тиісінше үлес қосты, Байтұрсыновпен бірігіп «Тіл құралын» жазды. 1929 жылы, Шонановтан басқасы, Ахметпен бірге түрмеге қамалды. Ал, Телжанның «он төрттің тізіміне» кірмей қалуының (Ол 1937 жылы ұсталды) себебі: ол 1924 - 1928 жылдардағы араб-латын алфавиті туралы пікірталаста Байтұрсыновқа қарсы шықты. Мұны, әрине, ОГПУ-дің тергеушілері де, Голощекин де «өздерінше» бағалады. Бірақ Т. Шонанов көзқарас қайшылықтарына қарамастан, Ахметті ұстаз тұтып, ол туралы көлемді кітапша жазды. Нағыз ғалымға, азаматқа тән қасиет.

«Ғалымның хаты өлмейді», Әділеттің сәулесі әлі түсе қоймаған бүркеулі есімдердің еңбектерін қазір де мектеп оқушылары пайдаланып жүр. Зады, қаулыдағы «халықтың меншігіне айналады» деген сөз шындыққа айналды. Оны ешкім де енді жоққа шығармайды. «Оқу құралы» ұмытылмайды.

Осы (ақталғаны-анықталмағаны бар) бес адамның Оқу комиссиясына кіруіне көңіл жықпастықпен қарады. Өзге де қылмысы болуы мүмкін ғой деген күдік тумас үшін, ІІ құрылтайдағы қаралған өзге мәселелерден де хабардар етуді лайық санадық. Онда “он төрттің ісіне қатысты” біраз адамдардың аты аталады.

Құрылтайдың қатты қадағалап, қарама-қайшы пікірлер айтылып, ұзақ талқыланған мәселесі — автономия, милиция, кеңес қақында өтті. Орынбордағы қазақ әскерінің өкілі Меньшин автономияны қолдай отырып, анархиядан құтылу үшін Оңтүстік Шығыс Одағына қосылуды; М, Шоқаев қазақ пен қырғыздың бір автономия құрап, Түркістан автономиясының құрамына кіруді ұсынды. Халел Ғаббасов баяндама жасады. Онда: Октябрь айына дейін халықтың сеніміне ие боп, билеп келген Уақытша өкімет құлады. Россия мемлекеті үкіметтен айырылды. Белгілі үкіметке бағынбай әркім өзінше билік етсе, азамат соғысының тұтанып кетуі мүмкін. Анархия толқыны бүкіл мемлекетті, үлкен қалаларды да, кіші ауылды да жайлап барады. Ол қазақтар тұратын облыстарға да тарап, халықтьың өмірі мен дүние мүлкіне қауіп-қатер төндірді. Олар қорғансыз қалды. Тығырықтан шығудың жолы -— қазақ болыстары түел мойындайтындай мықты үкімет құру керек, деген пікір қозғалды. Съезд (құрылтай) бір ауыздан мынадай қаулы қабылды:

“1. Шығу тегі ортақ, мәдениеті ортақ; тарихы мен тілі ортақ, тұрғындарының басым көпшілігі қазақтар болып саналатын аймақтардың – Бөкей ордасының, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстарының, Ферғана, Самарқанд, Амудария, Закаспий облыстарындағы қазақ уездерінің, Алтай губерниясындағы аралас қоныстанған қазақ болыстарының негізінде ұлттық-территориялық автономия құрылсын.

II. Қазақ облыстары «Алаш» автономиясы деп аталсын.

III. «Алаш» автономиялық облысының территориясының бар байлығы — жер, суы; және жер астындағы қазба кеніштері —«Алаштың» меншігі боп табылады.

IV. «Алаш» автономиясының Конституциясы Бүкіл россиялық құрылтай кеңесінде бекітіледі.

V. Қазақтардың арасында тұратын барлық ұлттардың азшылық мүддесін қорғауға кепілдік беріледі. «Алаш» автономиясының барлық мекемелеріндегі қызметке әр ұлттың өкілдері салыстырмалы түрде тең дәрежеде орналастырылады. «Алаш» территориясының көлемінде жер-сусыз қалған ұлттарға территориялық және мәдени дербестік беріледі.

VI. «Алашқа» қарасты облыстарда анархиялық жаппай бүлдіру етек алмас үшін, құрамы жиырма бес адамнан тұратын Халықтық кеңесі құрылсын» ондағы 10 орын орыстарға және қазақ арасында тұратын өзге ұлттарға берілсін. «Алашорданың» уақытша мекені - Семей қаласы болсын. «Алашорда» қазақ елінің бүкіл әкімшілік өкіметін шұғыл түрде өз қолына алсын.

VII. «Алашорда» тез арада халық милициясын құруға міндеттенеді.

VIII. «Алашорда» таяу арада Бүкілроссиялық құрылтай жиналысының сайлау құрылымына сүйене отырып, “Алаш” автономиясының құрылтай мәжілісін шақыруға міндетті.

ІХ. Съезд «Алашордаға»:

1. Заимға келісім-шарт жасауға,

2. Көрші автономиялармен жалпы бағыт туралы келісім жүргізуге өкілеттілік береді. Ал келісім-шарттың қорытындысын “Алаштың” құрылтай мәжілісіне ұсынады.

X. Халық кеңесі өздері жасаған «Алаш» автономиясының конституциясының жобасын «Алаштың» құрылтай мәжілісіне ұсынуы міндетті».

Міне, әйгілі «Алаштың» саяси-әлеуметтік құрылымы осындай. Жобаны жасаған — Ә. Бөкейханов. Сьезд делегаттары «Алаш» автономиясын жариялайтын уақытты анықтауға келгенде қақ жарылды. Орал, Сырдария, Бөкей ордасының өкілдері — осы құрылтайда автономия жариялауды талап етті. Екінші топ — Түркістан өлкесіндегі қазақтардың, қазақ даласында мекендейтін өзге ұлттардың пікірлерін біліп, келісімге келген соң барып халық кеңесінің алқасы Автономия жариялауды ұсынды. Делегаттардың жікке бөліну қаупі туғаннан кейін сьезд: «Бүкілқазақтың «Алашорда» Халық кеңесі бір айдың ішінде Түркістандағы барлық қазақтардың «Алаш» автономиясына қосылу, қосылмау мүмкіндігін анықтасын. Егер Түркістан қазақтары қосылса да, не бас тартса да бір айдан соң “Алаш” автономиясын ресми түрде жарияласын» деген шешімді бір ауыздан мақұлдады.

Бұл деректерге түсініктеме беріп, таратып талдауды саяси ғылымдарды, заңды зерттейтін ғалымдардың, тарихшылардың еншісіне қалдырамыз. Тек, «Алаш»—партияның, «Алашорда»— құрылтай жиналысының Халықтық кеңесінің - Президиумының аты болғандығын ескерте кетеміз. Екеуі-екі басқа ұғым. Алаш автономиясы - қазақ автономиясының баламасы. Зады, ол кездегі ресми іс-қағаздарында қазақ-киргиз деп жазылып жүргендіктен де, Қырғыз автономиясы — деген атаудан бойларын аулақ салғанға ұқсайды. Осы екі ұғымның айырмасын шатастырудан барып, халқымыздың сонау VIII-XIV ғасырдан бергі «еліміз — алаш, керегеміз — ағаш» деп қолданып келе жатқан символдық атынан айрылып қалдық. “Алаш” сөзі — өлі, жеккөрінішті ұғымға айналды. «Алаш» сөзінің азаматтығын қалпына келтіру де парыз.

«Халық кеңесі» деп аталған «Алашорданың» қаулы-қарарын бұдан әрі қазбалаудың қажеттігі бар ма, жоқ па?

Біздің ойымызша, жариялылық пен демократияның заманында, өшкен есімдер тіріліп, атаусыз қалған тарих беттері ашылып жатқанда, «Алашорда» туралы шындықты толық айту қажет. Кім қалай қарайды, кім қалай бағалайды, ол — басқа мәселе. Бір адамның емес, бүкіл халықтың басынан кешкен тағдырды бүркемелемей, барын — бардай, жоғын — жоқтай, жақсысын - жақсыдай, жаманын — жамандай көрсетуіміз керек. Тарих — кроссворд емес. Осы уақытқа дейін жұмбақ шешіп келгеніміз де жетеді. Енді, ақиқатқа бетпе-бет қарап, ойланатын кез келді. Тіпті «Алаш» деген атынан үрейленбесек, сонда тұрған түк те құпия жоқ. Мемлекет пен автономиялық республикалық жалпы құрылымын, оның конституциялық негізін мектеп оқушылары да біледі.

Ал бізге ол «он төрттің ісін» толығырақ түсіну үшін керек.

Құрылтайда қаралған үшінші үлкен мәселе — халық милициясын құру туралы. Баяндамашы — Халел Ғаббасов. Онда: мемлекет қазір басынан үлкен күйзелістерді кешіріп отыр: жаппай құлдырау мен анархия өріс алып, кісі өлімі көбійді. Бұл анархияның зардабы қақақ облыстарына тарау қаупі төнді. Қалыптасқан төтенше жағдайға арпалысқан аиархияға қазақ халқы енжар қарай алмайды. Бұл анархия қазақ облыстарында бұрқ ете қалса, ешқандай қорғанышы жоқ қазақ халқының мүлдем құрып кетуі мүмкін. Сондықтан да аласұрып, төніп келе жатқан амархиядан ел-жұртты аман сақтау үшін, халық жасағын кұру керектігі жайлы ұсыныс білдірілді. Съезд шешім қабылдады.

«Қаулы: Төмендегі ережелерге сәйкес шұғыл түрде халық жасағы (милиция) құрылсын:

I. Милиция қатарына жасы 20 мен 35-тің арасындағы, қызметке жарамды ер адамдар қабылданады.

II. Милиция қатарына өзі ерік білдіргендер алынады, ал белгілі мөлшердегі санға ерік білдірушілердің саны жетпегсн жағдайда, онда кімнің қызмет етуі жеребе арқылы шешіледі.

ІІІ. Өз еркімен немесе жеребе арқылы қызметке алынған милиционерлерге ұлттық фондының есебінен жалақы беріледі, ал жалақының көлемін жергілікті жағдайдың ерекшелігін ескере отырып жергілікті ұйымдардың өзі, не милиция мекемесінің меңгерушісі төлейді.

IV. Әр облысқа белгіленген милиционерлердің санын облыстар уездерге, уездер болыстар мен ауылдарға бөледі.

V. Облыстық мекемелердің уездерге белгіленген мөлшердегі милициялардың толықтай жиналуына уезд мекемелері жауапты.

VI. Жеребе бойынша милиция қатарына алынған адам өзінің орнына 20—35 жастағы басқа біреуді жіберуге қақысы бар.

VII. Егер де жеребе бір үйдегі бірнеше адамға қатар түскен жағдайда олардың біреуі ғана алынады. Жасаақтардың семья және басқа да жағдайына байланысты жеңілдік жасауға жергілікті мекемелер міндетті.

VIII. Алғашқы кезде әрбір ауылдағы қауымдар өздерінен алынған милиционерлерді атпен, ер-тұрманмен және киіммен қамтамасыз етуі тиіс.

IX. Жасақтарға қажетті мылтық, оқ-дәрі мен қылыштар “Алашорданың” ұлттық қорының есебігіен сатып алынып, жер-жерге бөлініп беріледі.

X. Милиционерлерді жаттықтыру үшін офицерлер мен инструкторлар — 100 милиционерге 1 офицерден 50 милиционерге 1 инструктордан келетіндей мөлшерде қабылданады.

XI. Офицер кадрларын даярлау үшін өзі тілек білдірген адамдар Орынбордағы казак-юнкер училищесіне орналастырылады.

XII. Бөкей, Орал, Торғай, Ақмола, Семей және Жетісу облыстары бойынша жалпы милиционердің саны 13.500 болуы керек, ал облыстар бойынша былай бөлінді: Бөкей—1000, Орал —2000, Торғай — 3.000, Ақмола -— 4.000, Семей -— 1.500 және Жетісу — 2.000...»

«Алашорданың» конституциялық программасында армия ұстау және оған қаражат белу жағы қарастырылмаған. Милициялар әр болыс, уезд, облыстағы тәртіп пен тыныштық сақтау, анархиялық кимылдардан қорғану мақсатында құрылған. Бірақ та милицияны ұстауға бөлінген қаржы түгел жиналмаған, жасақтың сандары да көздеген мөлшерге жетпеген. Анық емес деректерге қарағанда, олардың жалпы саны — 600-бен 1000-ның арасында болған. Семейде — 300, Оралда да — 300 жасақ болды деген мәлімет кездесіп қалады. Әрине, «Алашорда» жасағының әскери қимылдары және оның қолбасшыларының “жорықтар” не істеп, не қойды, бізге беймәлім. Тек алып қашты лақап қана бар. Семейдегі милиция жасағының офицері — Қазиды жаттығу кезінде әлдекімнің атып өлтіргені туралы «азалы хабар»— некролог «Абай» журналында басылды. Соған қарағанда, “Алашорда” милициясының қырағылығы мен қарулы күші онша қаһарлы да, беделді де болмаған. Демек, қандай армияға болса да шеп құрып, қарсы майданға шығатындай дәрежеге көтерілмеген.

Мұның барлығын анықтау, баға беру – мамандардың міндеті. Біз осы милиция құру жөнінде баяңдама жасаған Халел Ғаббасовтың ісіне қарысты болғандықтан да, нақты фактіні келтіріп отырмыз. Лениннің өзі мақұлдап, ВЦИК — кешірім жасаған «Алашорда» партиясының бұл программасы құпия болудан әлдеқашан қалған. Ол — тек қана тарихи оқиғаны талдауға ғана қажетт кәдімгі айғақтың бірі.

Бұдан кейінгі қаралған азық-түлік қақындағы қабылданған қарарда: «1. Жергілікті жердегі азық-түлік ісін земстволар шұғыл түрде өз қолына алсын. 2. Әр облыстаағы астықтың мөлшерін анықтау қазақ облыстарындағы, сол сияқты сырттан сатып алынатын астықты тең бөлу — «Алашорданың» Халық кеңесінің міндеті. 3. “Алашорда” аштыққа ұшыраған қазақтарға арналып сатып алынған астықты азық-түлік комитеттері конфискелемеуі үшін тиісті шаралар қолдануға міндетті» деп шешім қабылданды. Мүфтият туралы мәселе қашан Орынбордағы ислам діні басқармасымен біріккен жоба жасалғанша, күн тәртібінен алынып тасталды. Оның орнына: «Халық билері қол қусы-рып бос отыр және ешқандай беделдері жоқ, ал оның «есесіне қазақ даласындағы барымта күн сайын асқынып барады. Сондықтан да бүкілказақстандық Халық кеңесі барымтамен күресу үшін таяу арада оларды жауапқа тарту жөніндегі Уақытша ережені жедел түрде дайындауды міндетіне алды.

Съездің мәжілісі 1917 жылдың 13 декабрі күні аяқталды.

«Алашорданың» құрылтайында қабылданған программалық шараларының басты-бастылары, міне, осылар. Егер таза ұйымдастыру мәселесіне тоқталсақ: «Алашорда» Халық кеңесінің мүшелесі — 15, мүшелікке кандидат — 15 адам болды. Кеңестің төрағалығына — көпшілік дауыспен Әлихан Бөкейханов (ол — 40, Бақыткерей Құлманов, — 19, Айдархан Тұрлыбаев 20 дауыс алды) сайланды. «Он төрттің» ішінен бұл құрылтайға — Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Халел Ғаббасов, Елдес Омаров, Міржақып Дулатов, Хайретдин Болғамбаев, яғни 6 адам қатысты. Сонымен қатар Ғазымбек Бірімжановтың ағасы Ахмет Бірімжанов та делегат боп сайланған болатын. Дінмұхамед Әділов, Мырзағазы Есполов Ақмола, Торғай облыстық комитеттерінің мүшелері болды.

“Алашорданың» қазақ халқының қоғамдық өміріндегі орны, оның революция жылдарындағы саяси бағыты, іс-әрекеттері — арнайы зерттеуді, байыпты тұжырымды қажет етеді. Қалай дегенмен де оларды қазақ тарихынан сызып тастауға болмайды. Барлық қателіктерінің өзімен де ол көшпелі қоғамдағы тосын құбылыс боп қалады. Және саяси қаралауды емес, ғылыми саралауды күтеді.

Өйткені бұл - халық тарихы. Ал халық тарихын сызып тастауға да, оған қара күйені баттастырып жағуға да, шек қоюға да болмайды. Сондай-ақ, Совет өкіметінің ең бір қиын да шешуші кезіңінде «Алашордашылар» өз партияларын таратып, амнистия сұрап, жаңа үкіметке қызметке алуларын өтінді. 1920 жылы 4 сәуірдегі ВЦИК-тің президиумы қаулысымеи амнистия жарияланғанын да естен шығармаған лазым.

Сол қаулының нәтижесі әрі сенімнің белгісі ретінде 1919 жылдың 24 шілдесінде Ахмет Байтұрсыновқа Лениннің қолымен:

«Халық Комиссарлар Советінің 1919 жылғы 24 шілде күнгі мәжілісі қаулы етеді: Ахмет Байтұрсынов жолдас қазақ өлкесін басқаратын Әскери-Революциялық комитеттің мүшесі боп бекітілсім.

Халық Комиссарлар Советінің председателі

Совет секретары» деген мандат береді. (ЦГАОР СССР. 130 — қор, 3 тізім, сақталу — 378. 53-парвқ).

Ал, 1920 жылы 15 сәуірде қазақ өлкелік Әскери-Революциялық комитетінің органы «Известия Киргизского края” газетінде Ахмет Байтұрсыновтың «Ашық хаты» басылды. Хаттың алдына әскери-революциялық комитеттің атынан «В.— М. Т»-ның (Түсіндірменің авторының нақ есімін таба алмадым.—Т. Ж.) түсінігі берілді, Біз сол кездегі әскери-саяси жағдайдан, большевиктердің “Алашорда” қайраткерлеріне ұстанған бағытын хабар беру үшін түсінікті де, ашық хатты да толық келтіреміз.

«Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!»

«Известия Киргизского края».

№16. Бейсембі. 15 сәуір. 1920 ж.

Қазақ Өлкелік Әскери-Революциялық комитеттің органы.

Күн сайын шығады. Ред. адр. Конт. Оренб. Совет № 10.

Ерікті халықтардың еркін одағы жасасын!

Ж. Ахмет Байтұрсыновтың мәлімдемесі
Біз төменде Қазақ өлкелік Ревкомының және Бүкілроссиялық Орталық Атқару комитетінің мүшесі Ахмет Байтұрсыновтың Россия Коммунистік партиясына мүше боп кіруі туралы өтінішін, жариялап отырмыз.

«Ж. Ахмет Байтұрсыновты мұқым дала біледі. Өз халқының көсемі, қазақ халқының аса ірі қоғам қайраткері және әдебиетшісі болған бұл есім әрбір қазаққа жақсы таныс.

Соңғы ондаған жыддардың ішіндегі қазақ халқының қоғамдық ойының дамуындағы барлық саяси қозғалыс Байтұрсыновтың есімімен тікелей байланысты. Ол бейбіт ұлтшыл либерализмнен бастап Октябрь революциясы мен Совет өкіметін тануға дейінгі саяси - дамудың сатысынын бәрінен де өтті. Ол ұзақ толқудан және өзімен өзі күресуден кейін қазақ ұлтшылдығын тастап, халықаралық коммунизм жағына шықты.

Бұл біздің партиямыздың аса ірі жеңісі және қазақ арасындағы біздің ықпалымыздың үздік үлгісі. Совет өкіметі қазақтардың арасына күштеп енгізілуде, бұл арада коммунизм мен социализмге мүлде орын жоқ, деп сендіретін адамдар да болды, әлі де бар. Біз үнемі қазақтардың оны мойындауға дайындығы әлсіз деп ойлап келдік, бірақ та, оларды құрып кетуден құтқаратын бірден бір жол Совет өкіметі екені туралы біздің көзқарасымыздың дұрыстығына біздің партиямыздың ықпалының өсіп келе жатқанына және қазақтар арасындағы коммунизмнің күн сайын қанат жайып келе жатқанына — оның аса ірі идеялық қарсыластарының бірінің өз жолынан тайып, біздаң қатарымызға кіруі ең үлкен дәлел бола алады.

Бір кездегі қазақ ұлтшылдарына құбыжық боп көрінетін большевиктер партиясына Байтұрсыновтың ашықтан ашық кіруі — қазақтардың мұқым ұлтшылдық қозғалысындағы ірі бетбұрысты байқататын, қазақ халқының ғасырлар бойғы тоналу мен езгіден құтылатын жолы — ұлтшылдықта, өз ошағының, күйбеңін күйттеуде емес, керісінше коммуниітік партияның туы астында күресіп жүрген пролетариатпен толықтай сіңісіп кетуде екендігін түсінген дігінің озық үлгісі.

Әрбір қазақ Байтұрсыновтың хатындағы әр сөзді ынта қойып оқысын, Байтұрсыновтың коммунистер туралы пікірін әрбір қазақ, тіпті жауларымыздың бізді халықтың көзіне тонаушы, зорлықшы және бұзақы ретінде суреттеуіне сеніп, әлі де үрейлене қарайтын көптеген басқа қазақтар да білсін.

Коммунист-большевиктерге Байтұрсыновтың да дәл осылай қарап, олардан қорқып, Совет өкіметіне ашық қарсы шыққан кезі болған. Бірақ та көп ұзамай өз халқы үшін іздеген шындықты, бостандық пен әділеттілікті Колчак пен орыс буржуазиясынан таба алмайтынына оның көзі жетті, шындық Совет өкіметінде екенін көріп, өзі де сол жаққа шықты. Бұл арада ол коммунистермен жақын танысып, біліс болды және өзінің жазғанындай езілген халыққа толық бостандықты тек коммуниетер ғана бере алатынына іс жүзінде иланды. Міне, енді ол қазақтың еңбекші халқын осы партияның программасының туы астында біріктіру үшін коммунистік партияның қатарына өтті.

Қазақ коммунистерінің қатары тағы да бір аса ірі күрескермен толықты. Бұл - толқып жүргендерге, бәрінен де бұрын, қазақ халқының арасьндағы коммунистік ықпалдың күшеюін халыққа қатер төнді деп есептейтіндерге үлгі болуы тиіс. Біз өз жауларымыздың көзін тек күшпен ғана жоймаймыз, керісінше идеямыз арқылы көбірек жаулап аламыз. Байтұрсынов ж. Коммунистік партияның қатарына кіруі, оның қазақ арасындағы үлкен идеялық жеңісі болып табылады.

В. М. Т»

Шындыққа жүгінсек, Революцияға бұдан артық көмектің керегі де жоқ еді.

«Бүкіл қазақ даласының көсемі» - Революцияның ең бір жанкешті кезеңіңде, әр түрлі саяси және қарулы күштер Совет өкіметін анталай қоршап тұрғанда және қазақ даласы Колчактың, Анненковтың, Дутовтың, Семеновтың қанды шеңгелінде жатқан тұста — оларға өз халқын қарсы қоюы — тосыннан тосын, шарасыздықтан қабылданған шешім емес. Он ойланып, мың толғанды деу де аз. Бұл — барлық өмірлік мақсатын, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан саяси-әлеуметтік платформасын, халқының азаттығын аңсаған арманының орындалу жолын да, өзіне семген ел-жұрттың да тағдырын тезге салу. Ахмет Байтұрсынов өзінің сөзінің салмақ-бағасын, әсерін білетін. Мұны Революцяялық Комитет те түсінді. Сахара жұртының ынтымақ-көмегі қатты керек еді.

Міне, сондай тығырыққа тірелген тұста Ахмет өзінің парасат, даналығын танытты.

Арпалысқан дүниедегі барлық саяси ағымды, әлеуметтік тартысты, әскери жағдайды қыр елі толық түсінбеді және олардың түпкі мақсаттары да беймәлім-тін. Сондықтан да қазақ халқының анархиялық күштердің арасында арандап қалу қаупі туды. Он алтыншы жылғы самодержавиелік жазалау саясатынан қатты зардап шеккен ел үшін дәл сол кезеңде дұрыс жолды табудың өмірлік мәні бар-тын. Бірі — Колчактың, бірі — Анненковтың, бірі — Дутовтьң қолындағы көкпарға айналып бара жатқанын аңғарып, Ахмет Байтұрсынов олардың бетін Революцияға бұрды. Рулық тартыстың да қасіретін қыршын күнінен тартып өскен ол, «нағыз еңбек демократиясын» әлеуметтік теңдікке жетудің жолы деп ұқты және оны ашық мойындады.

«Орынбор Р.К.П (большевиктер) комитетіне Ғасырлар бойғы қанауда болған қазақ халқын азат етудің жолдарын ұзақ уақыт іздестіре келіп, мен төмендегідей шешім қабылдадым:

1. Адамзаттың барлық езгіге ұшыраған бөлігімен, яғни әлемдік революциямен, әлемдік федерациямен бірге азаттық алғанда ғана, қазақ халқы бақытқа бөленеді.

2. Оны — өзінің алдына таптар мен ұлттарды толықтай азат етуді мақсат етіп қойған, ішінара ісімен де жүзеге асырып жатқан большевиктердің интернационалдық коммунистік партиясынан басқа ешкім де істей алмайды.

3. Нағыз еңбек демократиясына жетудің қажетті сатысы — адамзаттың еңбекші табының яғни пролетариаттар мен орташа пролетариаттардың саяси және экономикалық толық билігі мағынасындағы диктатурасы болып табылады.

4. Бір ғана жағдайда, егер де адамзаттың еңбекші табының ұйымдасқан аса үлкен тобы саналы түрде қолдаса ғана, бұл диктатура орнығады және барлық адамзаттың мүддесі үшін қызмет істей алады, сондықтан да осы программаның туы астына қазақ халқының да бірігуі қажет.

5. Р.К.П.-ның ұлттық қарым-қатынастар саласындағы программасын, сондай-ақ Ұлттардың бөлінуі туралы дискуссияның қорытындысындағы жолдас Лениинің ұлттардың бөлінуіне көзқарасын және Шығыс халықтарының арасындағы жұмыс туралы айтылған Р.К.П. Орталық Комитеттің тактикалық тұжырымдарын дұрыс қолданып, оны жүзеге асырса, езілген ұлт ретіндегі қазақ халқының мүддесін толық қанағаттандырады.

Жоғарыдағы айтқан пікіріме сәйкес, мен Россия коммунистік большевиктер партиясы қатарына кіруге, оның жалпы программасын жүзеге асыруға, ішінара шығыс мәселелеріне іспен көмектесуге бекіндім, сондықтан да комитеттен мені Р.К.П. мүшелігіне қабылдауды өтінемін.

Ахмет Байтұрсынов

4 сәуір. 1920 жыл”


Саяси қайраткер үшін бұдан артық Революцияны қорғаудың және оны мойындай отырып, Революция мүддесін жүзеге асырудың сара жолы жоқ. Жай ғана қызыл сөз емсс, саяси көзқарасының өзгеруін Революцияның программасының мақсатына толық қосылғандығымен түсіндіреді және ол шешімнің оңайшылықпен орындалмайтынын, сол үшін күресетінін де ашық айтады. «…Лениннің ұлттардың бөлінуіне көзқарасын және Шығыс халықтарының арасындағы жұмыс туралы айтылған Р.К.П. Орталық комитетінің тактикалық тұжырымдарын дұрыс қолданып, оны жүзеге асырса ғана, езілген ұлт ретіндегі қазақ халқының мүддесін қанағаттандыратынын» ерекше ескертеді.

Осы сөздің астарында үлкен эмоциялык, емеурін, саяси астар жатыр. “Езілген ұлт ретіндегі мүддесі” — деуі арқылы самодержавиенің отаршылдық саясатының кесірінен қасақана жасалған және экономикадағы мәдениет — оқу саласындағы, тұрмыс-тіршіліктегі артта қалған кемшіліктер мен кемсітушілікті, тіпті қоғамдық формациядағы өзгешелікті, психологиялық айырмашылықты ескертіп отыр. Соның барлығы ескеріліп «дұрыс қолданса» ғана, қазақ халқының бақыты ашылатынына сенеді. Сол сеніммен Коммунистік партияның мүшелігіне өтеді.

Өкінішке орай, Ахмет Байтұрсыновтың бұл айтқан қаупі Леиин кайтыс болған соң, шындыққа айнала бастады. Сталин мемлекеттік басқару кемесінің бағытын бірте-бірте өзгертіп, өз ырқына көшірді. Тек қана ұлт жөніндегі саясат өзгеріп қоймады, большевиктік ашық пікірлері мен көпшілікті сынағаны үшін адамдар қудалауға ұшырады. Партияның ішінде жік басталды. Оның соңы үлкен қасірітке ұласты. Қазақстандағы алғашқы тұзақ — Ахмет Байтұрсынов бастатқан отыз адамға түсті. Оларға ашықтан ашық жала жабылды. Әйтпесе, 1920 жылы сәуірде жоғарыдағыдай ашық хат жазған А. Байтұрсыновтың араға бір жыл салмай жатып, 1921 жылы астыртын контрреволюциялық ұйым құруы мүмкін емес-тін.

Себебі: Ахмет Байтұрсынов саясаттағы жолбикелер емес-тін. Ол — байыпты ойдың, терең тұжырымның, алдына жалғыз-ақ мақсат қойған, көзқарасы тұрақты адам болатын.

Сол үшін жанталасқан азаматтың саналы ізденісі жолындағы саяси күресі Революцияға әкеп тіреді. Лениннің қабылдауыңда әлденеше рет болып, автономиялы қазақ республикасының түңғыш халық ағарту қомиссары міндетін атқарды. Оның ақыл-парасатын, ғылыми даналығын, азаматтық қасиеттерін толық ашып, арман-мақсатын жүзеге асырған, «Әліппені», “Оқу құралын”, “Тіл құралын”, “Әдебиет танытқышын”, “Қазақ мәдениетінің тарихын” жазып, жарыққа шығарған тұсы да осы 1920-1927 жылдардың арасы еді.

Амал қанша, ондай бақытты ғұмыр ұзаққа созылмады.

Отаршыл самодержавиенің бұғауынан, «Алаштағы» арпалысты күндердің құрсауынан, Колчак пен Анненковтың аранынан аман шыққан Ахмет Байтұрсынов өзі жан-тәнімен қабылдаған Совет өкіметінің «жауы» боп шыға келді. Ол-— Лениннің алдында берген антына адалдығын өле-өлгенше сақтап қалды. Және Революция көсемінің өсиеттерін бұрмалаған Голощекин сияқты Сталиннің қолжаулықтарына қарсы тұрды.

Міне, Ахмет Байтұрсыновтың және оған қоса отыз адамның 1929 жылы түрмеге қамалуыньң түпкі тарихы — осындай. Енді «он төрттің ісіне» қайта оралайық

ІІІ
Ешқандай контреволюциялық астыртын ұйымның болмағанына, диверсиялық қастандықтардың жасалмағанына, айыпкер деп түрмеге қамалған адамдардың бетпе-бет жүздесуiне қылмысты iстiң дәлелденбегенiне қарамастан, қылмыстық жазаға тартты.

«Қылмыстық iстердiң материалдарында Әдiлов пен Болғанбаевтың 1921 жылы Ташкентте бiрге болғаны туралы, содан кейiн олардың Валидовпен жолығуы үшiн Бұхараға барғаны туралы деректер бар. Ал ол кезде (Валидовтың – Т. Ж.) қасында бұл екеуi емес, Ташкенттен барған Бiрiмжанов пен Битiлеуов бар болған. Олардың (Әдiлов пен Болғанбаевтың) берген жауабына қарағанда, Валидовтың көмегiмен шет елге кетудi көздеген, сол үшiн онымен (Валидовпен) келiсiм жүргiзу мақсатымен қызмет орнының командировкасын пайдаланған. Кейiннен бұлардың екеуi, Бiрiмжанов пен Битiлеуов шет елге оқуға кетуге мұрсат алды».

Соттың анықтамасы бойынша, Әдiлов пен Болғанбаевтың Валидовке баруында саяси-контреволюциялық iс-әрекет жоқ, жүзеге аспаған тiлек бар. Ал ендi осы Болғанбаев кiм?

Болғанбаев Хайретдин – 1893 жылы Ақмола округiнiң Нұра ауданында туған... Петропавлдағы совет – партия мектебiнiң оқытушысы. Ақын әсiресе, ел жағдайы, қазақ тұрмысы, оның саяси құрылымы, отаршылдық езгiнiң зардаптары, жазалау саясатының құрбандары туралы талдаулары ерекше көзге түскен публицист. Ол өзiнiң саяси өлеңдерi мен публицистикаларын бiрнеше псевдониммен «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерiнде, «Айқап» журналында жарияланған. «Алашорданың» Ақмола комитетiнiң мүшесi болған. Бiлiмi, саясатқа жетiк, 1920-1921 жылдары Орынбордағы партия совет қызметкерлерiн дайындайтын мектепте сабақ бередi. «Голощекиннiң «Кiшi Октябрін» сынап мақала жазған, лекцияларында оған қарсылығын ашықтан ашық айтқан. Өткiр, iскер, ұйымдастырушылық қасиетi басым, ВЦИК-тiң кешiрiмiне iлiнген адамның бiрi.

Хайретдин Болғанбаевтың Ташкентке барғаны рас па?

Рас екен. Сот анықтамасынан:

«Омаров, өзiнiң 1921 жылы Орынбордағы совпартшколдың оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi болғанын, сол кезде Болғанбаевтың сонда оқытушы боп iстегенiн айтты. Сол жылдың көктемiнде Болғанбаев одан Ташкентке командировкаға баруға рұқсат сұрайды, бұл келiсiм бередi. Бiрақ та оның ұзақ уақытқа дейiн қызметке қайтып оралмауына байланысты, ол (Омаров) бұл жөнiнде саяси ағарту басқармасының меңгерушiсi Кенжинге ескертедi. Соңғысы (Кенжин) өзiнiң қарамағындағы қызметкердi Хохловскийге мұның (Омаровтың) көзiнше – Ташкентке Болғанбаевтың тұтқындау және күзетпен алып келу туралы телеграмма салу туралы тапсырма бердi. Бұл тапсырманың орындалғаны – орындалмағанын ол (Омаров) бiлмедi, алайда соңғысын (Болғанбаевты) қайтып Орынбордан көрмеген.

Алайда, тергеушiлер Омарвтың бұл куәлiгiн растайтын немесе оны жоққа шығаратын дәлелдерi, сондай-ақ қызмет орнына қайтпағаны туралы деректердi iздестiрмеген.

Бұл туралы Омарвпен бетпе-бет болған куәлесуде Болғанбаев өзiнiң Орынбордан жолданған телеграмма туралы ештеңе бiлмегенiн айтты, бiрақ та онда қайтып оралмағанын жоққа шығарған жоқ. Оған қоса, Валидовтың хатын Бөкейханов (әуелде Байтұрсынов болатын – Т. Ж.) оқыған кезде, бұрын мұлдем қарам-қарсы пiкiр бiлдiргенiне қарамастан, Омарвтың онда жоқ болғандығын куәландырады.

Омаров, бұдан кейiн Әдiловтың Орынборға 1921 жылдың басында келгенiн, Болғанбаевпен бiр бөлмеде тұрғанын, өзiне жұмыс iздеп жүргенiн, ал көктемде Ташкентке кеткенiн айтты».

Тергеудiң барысына қарағанда, iстiң басы ашылып, шырмауық тарқатылып келе жатқан сияқты. Иә, шындықты шырмаған жала аршыла түскен. Байтұрсыновтың, Омаровтың, Валидовтың жазған хатына мүлдем қатысы жоқ, ол хаттың жазылған жазылмағаны да анықталмады. «Айыпкерлердiң» қылмыстарының неде екенiн дәлелдейтiн дәйек те қалмады. Тек Болағанбаевтың қызметiне қайтып оралмауы ғана iлiкке – себеп болуы мүмкiн, оның өзiнде де соттың үкiмiне емес, әкiмшiлiк шараға лайық. Командировканың қаржысын (егер пайдаланған болса) мекеменiң өндiрiп алуы тиiс. Омаровтың бұл iске қандай қатысы бар? Тек куә болғаны ма? Жоқ.

«Елдес Омаров – 1892 жылы Қостанай округiнiң Тобыл болысында туған. Қазақ педагогикалық жоғары оқу орындары басқармасында iстеген» Ахмет Байтұрсыновтың сүйiктi шәкiртi әрi ең жақын серiгi, хатшысы. Торғайдағы ІІ кластық орыс-қазақ мектебiн, (училище) үздiк бiтiрген. Педагог, публицист, аудармашы, лингвист. Мақалаларын орыс тiлiнде жазған. «О сочетании казахской звуки», «Ахмет Байтурсунов – ученый - лингвист», «Қазақ тiлiнiң жаттығулар жиағының» авторы. Орта мектепке арналған геометрия, физика оқулықтарын жариялаған. Заман ағымы, зәру мәселе, халық басындағы мұң, мектеп – оқу жайы жөнiнде және әр түрлi ғылыми кiтаптарға рецензиялар жазған публицист, ғалым, сыншы. «Алашорданың» оқу комиссиясының мүшесi болған. Ахмет Байтұрсынов жұмыс iстеп отырғанда, тек Елдес Омаровты ғана қабылдайды екен.


“Он төрттің ісіне» тартылуы тек соңғы «қылмысына» Ахмет Байтұрсыновтың сенімді серігі, жақын-жүрген жанашырлығына байланысты екені анық. Куәгердің өзі айыпкерге айналып отыр. Өкінішке орай, Елдес Омаровтың есімі қара тізімнен әлі өшірілген жоқ. Оның тіл жөніндегі еңбектері сол зерттеусіз, елеусіз күйінде жатыр. Қазақ ССР Жоғарғы сотының 1988 жылғы 4 ноябрьдегі үкімі бойынша, оның азаматтық құқы ақталды. Бір адамды екі рет өлім жазасына кесетін заң жоқ. Сол сияқты бір адамды екі рет ақтау да — қисынсыз. Азаматтығын, күнәсіздігін, қылмыс жасамағанын дәлелдеген сол үкімнен артық қандай әділетті үкім болуы мүмкін. Ол — Елдес Омаров — қазақ тілінің үндестік заңын жазғаны үшін жазаға тартылған жоқ. Жаланың, сталиндік репрессияның құрбаны болды. Оған Қазақ ССР Жоғары сотының мына анықтамасы дәлел:

«Сонымен, Орынбор және Ташкент қаласында контрреволюциялық ұйым құрылды-мыс деп тағылған айыпты мойындататын қандай да бір нақты объективті қылмыс дәлелденбеген. Сондай-ақ, өэдерінің Орынбордағы “келіс-сөзінен» кейін Әділов пен Болғамбаевтың онда қатып оралмағандығын, жүргізген келісімдерінің қорытындысы жөнінде өздерінің жетекшілерінің бірде-біреуіне хабарламағаны тергеу барысында анықталды.

Сонымен қатар, тергеу орнының қолында Орта Азиядағы контрреволюциялық ұйымға саяси немесе әскери көмек, көрсеткен дегенде дәлелдейтін айғақ болмаған».

Ақиқат анықталды. Тергеу тығырыққа тірелді. ОГПУ-дің арандатулары күткен нәтижені бермеді. Енді жазықсыз жандардың жарық дүниеге шығуы тиісті іспетті. Іс жүзінде бәрі де керісінше жүргізілді. Тергеу созыла берді. Куәға тартылғандардың барлығы да қамалды. Сонау Ташкент қаласындағы Мұхтар Әуезов те абақтының есігін ашты. Олар қазіргі Сайран көлінің жанындағы түрмеде жатты. Үсті-үстіне қойдай тоғытылған «контрреволюционерлердің» саны тым көбейіп кетіп, жеке камера жетпей, ортақ камераға орналастырылды. Мұхтар Әуезов ол кезді есіне алып отырып, елуінші жылдары ақталып келген Қайым Мұхаметхановқа: «Пәлі, сен жалғыз жаттың ба? Ал, бізге рақат болды. Бәрімізді бірге отырғызды. Басымыз қосылып, еркін әңгімелесіп, шерімізді тарқаттық»,-деп әзілдепті. Ұлы Мұхтар тұтқында отырған күндерін рақатқа санап отырған жоқ, керісінше, Ахмет, Жүсіпбек, Мағжан сияқты ағаларымен ақтарыла сырласқан күндерін, сұқбаттарын есіне алып, асыл бейнелерді сағынып айтты ғой.

Солардың ақылы болмағанда, өзінің де тірі қалуы екіталай еді. Жә, бұл өз алдына бөлек әңгіме.

Сонымен, астыртын контрреволюциялық ұйым ашылмады. Енді тергеушілер де тәсілді күрт өзгертті. Арандаудың ең нәзік әрі жүрек шошытарлық тәсілін тауып, Голощекиннің өзін “қарауылға” алды. Әсірелеу емес, нақ солай. «Кіші октябрьдің» авторын — Голощекинді қастандықпен өлтіруге әрекеттенді», «далада көтеріліс ұйымдастыруға әрекеттенді» деген айып аяқ астынан табыла кетті. Бұл идеяның авторы кім? Егер де, Филипп Исаевичтің өзі мақұлдамаса, тергеушілердің бірде біреуі басын бәйгеге тігіп, тәуекелге бел байлауы мүмкін бе? Қайдам. Ал, Голощекин бұл лақап арқылы өзінің беделінің өсетінін білді. Біріншіден; бұл бұлтартпайтын ашық жаулық қой. «Айыпкерлердің» кез келген пікірі айғаққа жарайды. Екіншіден, социализм дамыған сайын, тап күресі шиеленісе түседі деген Сталиннің пікірін «дәлелдей» түседі. Үшіншіден: «Голощекинге қастандық жасауға ұмтылуы тегін емес. Расында да, «Кіші октябрь» жасау керек. Жарайсың, дәл осылай қимылда» деп, Сталиннің іштей сүйсінетіні сөзсіз. Әрине, бұл жай ғана қиял, Бірақ шындықтың да сілемі жоқ емес. Өйткені Голощекин — өзіне қастандықтың жасалатынын жиі еске алуы, тіпті мәжілістерде де қайталауды ұнататынын қалай түсінуге болады.

Сонымен, Байтұрсынов бастатқан «контрреволюционерлер» Голощекинге қарсы қастандық ұйымдастырды ма, жоқ па? «Ұйымдастырған» екен. Оны да «айтып қойған» — Д. Әділов боп шықты. Бұл жолғы салмақ, яғни, қорғану кезегі — Жүсіпбек Аймауытовқа түсті.

Бұл — тергеудің екінші желісі. Ал, оның қандай тарихи астары бар еді?





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет