Химияның жүйелеу курсында химиялық элементтерді оқыту әдістемесі
Химиялық элементтерді және олардың қосылыстарын оқып-үйренудің әдістемелік негіздері
Орта мектептегі химия курсы мазмұнының маңызды бөлігін химиялық элементтер және олардың қосылыстары туралы білім құрайды. Оқушыларды химиялық элементтермен таныстырғанда оқытудың жекеден жалпыға, белгіліден белгісізге, оңайдан қиынға қарай жылжитын аса маңызды негіздері қолданылады. Осы негіздерге сәйкес элементтерді және олардың қосылыстарын оқып үйрену бірнеше кезеңде жүзеге асады:
1) жеке элемент және олардың қосылыстарымен таныстыру;
2) элементтердің табиғи текстері жөнінде ұғым қалыптастыру;
3) периодтық заң және периодтық жүйені оқыту;
4) периодты заңдылықтың негізінде элементтерді топ және топшалар бойынша қарастыру;
5)химиялық элементтер туралы білімді жинақтап қорыту.
Химиялық алғашқы ұғымдардан кейін жеке элементтерден оттегі және сутегі индукциялық тәсілмен өтіледі. Бұл элементтер кең таралған, қосылыстарды оқушыларға табиғаттану, биология және физика курстарынан жақсы таныс болғандықтан таңдап алынады. Оқушыларға оттегінің ауада кездесетіні, организмдер тыныс алғанда оттегін сіңіріп, көмірқышқыл газын шығаратыны, өсімдіктердің фотосинтезі кезінде көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегін бөліп шығаратыны, оттегінің алынуы, жануды қолдайтыны және физикалық қасиеттері белгілі.
Мұның бәрі оттегінің жай зат түріндегі қасиеттері. Оқушылардың осы білетіндеріне қосымша оттегі жай затының молекуласы оттек элементінің екі атомынан түзілетіні, элементтің химиялық таңбасы, салыстырмалы атомдық массасы, қосылыстардағы валенттілігі табиғатта таралуы түсіндіріледі. Ауаның, судың жер қыртысының құрамында, тірі организмдердің денесінде болатыны айтылады, күрделі заттар айрылғанда алынатыны, тотығу реакциясына қатысады, оксидтер түзетіні талданады. Қасиетіне қарай жасанды тыныс алатын жерлерде (ғарышта, су астында, медицинада), жануды күшейтуді қажет ететін өнеркәсіпте (металлургияда, химия заводтарында), пиротехникада қолданылуы сызбанұсқа түрінде көрсетіледі.
Сөйтіп, химиялық элементпен алғашқы таныстыру мына жоспар бойынша жүзеге асырылады: а)химиялық танбасы және салыстырмалы атомдық массасы; ә)табиғатта кездесуі; б)бос күйінде алынуы; в)жай затының қасиеттері; г)маңызды химиялық қосылысының құрамы және қасиеттері; ғ)қосылыстарындағы валенттілігі; д)халық шаруашылығындығы маңызы.
Осы жоспарға сәйкес оттек пен сутек элементтері оқылып, олар түзетін маңызды қосылыстар су, оксидтер, қышқылдар, тұздар және негіздер туралы білім беріледі. Бұл білім элементтерді оқып үйренудің екінші кезеңіне негіз болады .
Екінші кезеңінде өзара өте ұқсас химиялық элементтердің үш тобы – галогендер, сілтілік металдар және инертті газдар қарастырылады. Периодтық заңдылықты игеруге нақтылы әзірлік жасалады.
Үшінші кезеңде оқушылар барлық элементтердің басын біріктіретін, бірімен-бірін ұштастыратын жалпы заңдылықпен танысады периодтық жүйеге орналастырылған химиялық элементтер арасындағы көлбеу, тік және қиғаш байланыстардың мәнін түсінеді. Элементтердің периодқа, қатарға, топқа және топшаға орналасуының негіздерін әрқайсысының ерекшеліктерін игереді. Химиялық элементтерді ашу және жіктеу дамылсыз екенін біледі. Табиғаттың ұлы заңын ашу үшін танымдық ой-өрісі кең, сіңісіп кеткен кертартпа пікірлерге батыл қарсы шығатын ғалым керек болғанын, Д.И.Менделеев осы талаптарға сай келгенін түсінетін дәрежеге көтеріледі. Д.И.Менделеев ашқан периодтық заң және периодтық жүйе химиялық элементтерді және оларды оқып үйренудің теориялық негізіне айналады.
Төртінші кезеңде VIII-IX кластарда топ және топшалар бойынша оқылады. Алдымен III-IV негізгі топшаларда орналасқан бейметалдар, содан соң металдардың жалпы қасиеттері, I-III негізгі топшаның металдары, соңында қосымша топшаларда орналасқан металдар өтіледі.
Элементтерді оқып-үйрену дедуктивтік сипат алады. Топтың содан кейін топшаның сипаттамасы талданып,солардың негізінде жеке элементтер қарастырылады. Қисынды тәсілдердің талдау және біріктіру, салыстыру, ұқсастығы мен айырмашылығын табу,т.б маңызы артады.
Химиялық элементтер түзетін қосылыстардың көп түрлілігі, олардың құрылысы мен қасиеттерінің, қасиеттері мен қолданылуының арасындағы себеп-салдар байланыстары, элементтер қосылыстары қасиеттерінің өзгеруінде санның сапаға ауысуы нақтылы мысалдармен көрсетіледі.
Химиялық эксперименттің танымдық мәні күшейеді. Эксперименттің алуан түрлері, жеке тәжірибелер оқушылардың өздері жасаған жорамалдарын сынау үшін қойылады.
Периодтық заң және периодтық жүйе өтілгеннен кейін элементтерді және олардың қосылыстарын оқып үйренудің жоспары өзгереді.
1.Элементтің периодтық жүйедегі орнын сипаттау: химиялық таңбасы,салыстырмалы атомдық массасы, рет нөмірі, периоды, тобы және топшасы.
2.Атомының құрылысы: сызбанұсқа сызу, атом құрылысының электрондық және графикалық формулаларын жазу. Элемент атомының тотығу дәрежелерін анықтау.
3.Элементтің ашылу тарихы.
4.Элемент түзетін жай затының құрылысы, қасиеттері, алынуы, қолданылуы, табиғатта кездесуі.
5.Элемент түзетін химиялық қосылыстардың құрамы, түрлері, қасиеттері, қолданылуы.
6.Элементтің табиғатта таралуы.
Бұл жоспар элементтерді топшалары бойынша оқып үйренгенде қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |