«Құқық» мамандықтары тобы бойынша оқу әдістемелік секциясының шешімі


Адамгершілікке қарсы қылмыстардың құқықтық проблемалары



бет7/9
Дата15.06.2016
өлшемі0.72 Mb.
#137030
1   2   3   4   5   6   7   8   9

3.2 Адамгершілікке қарсы қылмыстардың құқықтық проблемалары

Ежелгі грек философы Платонның заң әділ болуы керек, бірақ әділдік жанды табиғатқа абстрактылы, қатыссыз болуы мүмкін емес, оның міндеті - адамның игілігіне және адамзатқа қызмет ету деген ойы әлі де көкейкестілігін жойған жоқ. Заң әділ болуы үшін, екі ауқымды міндетті: құқықбұзушылықтан қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қатыгездікті тудыратын жағдайлардың туындауына жол бермеу міндетін шеше алуы керек.

Қоғам өзінің белгіленген бағытынан ауытқуы кезінде қылмыстылықты тудыратын нормаларды жасайды. Ал қабылданған қоғамдық нормаларды бұзушылар заңдық қудалауға ұшырайды. Мұндай жағдайда теріс мінез-құлық адамдар арасындағы қарым-қатынас тәртібін бұзушы тұлғаның обьективті қасиеті ретінде емес, жеке тұлғаға заңдық нормалар мен санкцияларды қолдануының нәтижесі ретінде көрінеді. Сөйтіп, адам өз қылығының обьективтік сипаттамасы нәтижесіне байланысты емес, «қоғамдық ашу-ыза» оны осылай қылғандықтан қылмыскер болады.

Адамгершілікке қарсы қылмыстардың қауіптілігін және бұл қылмыстармен күресудің қажеттілігін ескере отырып, әділеттік принципін және Кодекстегі басқа да принциптерді ұмытпаған жөн, себебі оларсыз жауаптылықты және жазаны жеке даралау мүмкін емес.

Қылмыстық Кодекстегі заңдар негізінен қылмыс жүзеге асқаннан кейін ғана қолданылады. Ал қылмыстардың алдын алу, не оларды дер кезінде бейтараптандыру проблемаларын шешу үшін заңның өзге салаларының септігі керек. Демек, жезөкшелікке және оған қатысты қылмыстарға қарсы күрестің пәрменділігін арттыру мақсатында Қылмыстық кодекске толықтырулар мен өзгертулер енгізу шарасы заңның өзге салаларында да жалғасын тапса ғана бұл бағыттағы күрестің нәтижелігі артпақ. Жезөкшеліктің өзіне назар аудармай, оған қатысты қылмыс жасаушыларды жазалау арқылы құқық қорғау мен қоғамдық тәртіп салаларындағы проблемаларды шешу, сөйтіп адамдардың денсаулығын және ар намысы құқығын қорғауға ұмтылу айтарлықтай нәтиже бере қоймайды. Ең алдымен мұндай қылмыстардың алдын алу, болдырмау шараларын жүзеге асыру керек. Ал заңнамада тиісті шешімін таппаған проблемалар әлі де жетерлік.

Адамгершілікке қарсы қылмыстардың қауіптілігін және бұл қылмыстармен күресудің қажеттілігін ескере отырып, әділеттік принципін және Кодекстегі басқа да принциптерді ұмытпаған жөн.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты өзінің қаулыларында қылмыс жасауға қатысқан барлық адамдарды анықтап, әділ жаза беру жөнінде неше қайтара нұсқау берді. Бірақ мұндай нұсқауды практика жүзінде іске асыру мүмкін емес, себебі ең аз санкциясының өзі өте жоғары заңымыз соттардың әрбір қылмыскердің ерекшелігін, жеке басын, нақты жағдайлардағы қоғамға қауіпті мән-жайларды ескеруіне толық мүмкіндік бермейді [75].

Қоғам санасында әділ деп қабылданған шекте берілген жазаның ғана қатаңдығын ақтауға болады. Жазалау саясатындағы тым қатаңдық, керісінше, қылмыстық заңның өзінің де, оны қолдану практикасының да тиімділігін төмендетеді, себебі ондай жағдайда қылмыстық заң көпшіліктен қолдау таппайды, қылмыстылықпен күреске халық жұмылмайды. «Қылмыскер - қаскүнем» бейнесі халық санасында «қылмыскер - азаптанушы» бейнесіне ауысады, ол қылмыстың ашылуына және қалай да жазалану принципіне теріс әсер етеді .

Н.Угрехелидзе жүргізген зерттеулер адамдар тобының алдын ала сөз байласып қастандық жасағаны үшін заңда белгіленген көтеріңкі санкциялардың практикада сирек қолданылатынын көрсетіпті.

Адамдар тобы жасаған қастандық үшін жазаны соттар, әдетте, сондай жеке жасалған әрекет үшін белгіленген сакциялар шегінде тағайындайды.

С.И.Дементьев қылмыстың жеке топтары бойынша жазаны анықтау үшін адамның кейбір ерекшеліктерін ғана ескеру қажет дейді. Мысалы, адамгершілікке қарсы қылмыс жасағанда, жаза тағайындау үшін адамның қандай жақтары ескерілуге тиіс? Қылмыскер жайында мынандай мәліметтерді ескерген жөн:

1) жастың екі шегі: ересек екендігі және кәмелетке толмағандығы;

2) бұрынғы соттылығы;

3) отбасындағы материалдық жағдайы;

4) айыпталушының қылмыс жасағанға дейінгі мінездемесі;

5) оның өзі жасаған әрекетке көзқарасы.

Қалған деректердің қылмыстардың бұл тобы үшін маңызы жоқ, олар жаза тағайындағанда ескерілуі тиіс емес.

Қылмыстық кодекстің 53-бабына сәйкес қандай да бір мән-жайды жауаптылықты жеңілдетуші деп тану соттың ықтиярында болса, Кодекстің 53-бабына сәйкес қандай да бір мән-жайды ауырлататын деп тану осы нормадан туындайды.

Арнайы әдебиеттерде осы қарастырылып отырған бапты қылмыстық заңға кіргізу жайында ұсыныс жасалған. Атап айтқанда Л.А.Прохоров қылмыстық заңдардың бұрынғы Негіздерінің 32- бабының 2-бөлігін мына мазмұнда толықтыруды ұсынған: «Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің бабында көрсетілген мән-жайлар жаза тағайындағанда жауапкершілікті ауырлатушы немесе жеңілдетуші болып есептелуге тиіс емес»

Л.Г.Хулапова ең маңыздыларын, маңдай алдыларын бөліп шығарған, ал А.С.Горелик жаза тағайындаған кезде ескерілуге тиісті ең басты ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды алған.

Адамгершілікке қарсы қылмыстар туралы істердің ашық сотта қаралуы, сотталушылар алдында жәбірленушілердің аты-жөні, мекен-жайы толық, дауыстап айтылатыны түсініксіз. Бұл жайында А.Разумов былай деп дұрыс пікір айтқан: «Олардың кейбірінің өштіктің қайтадан құрбаны болмауына немесе басқа біреудің қармағына ілінбеуіне кім кепіл?».

Қазақстанда 1991 жылдың алғашқы жартысына дейін жезөкшелік әкімшілік заңды бұзушылық болып саналып, жезөкшелерге айыппұл салынатын. Ал олар тиісті айыппұл мөлшерін төлеген соң, өз кәсіптерімен іле қайта айналысып, қаржы шығындарының орнын бірнеше есе артығымен толтыратын. Жұртшылық жезөкшелікке қарсы бұл шараны жұмсақтау деп жүргенде, әкімшілік кодекстің жаңа нұсқасында жезөкшелікпен айналысу әкімшілік заңды бұзушылыққа жатпайтын болып белгіленді. Мұндай баптар көңілге қынжылыс тудырғанымен, әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрлерін жою және адамдарды саудаға салуға, үшінші тұлғалардыға, үшінші тұлғалардың жезөкшелікті пайдалануына қарсы күрес жөніндегі Конвенциялардың талаптарына сәйкес келеді. Демек, қандай да бір іс-әрекетке тыйым салынбаса, оның рұқсат етілгендігі болып табылады деген ойға сүйенсек, елімізде жезөкшелікке белгілі бір дәрежеде рұқсат етілген болып шығады.

Заң шығарушылар әдетте «клиент-жезөкше» мәмілесінде жезөкшенің сыйақысынан әлдеқайда көп мөлшерде пайда түсіретін үшінші тұлға немесе тұлғалар тұрады деген ережеге сүйенеді. Мұндай тұлғалар, осы зерттеу шеңберінде аталып өтілгендей, жалдаушылар, жеңгетайлар, жезөкшелікке тартушылар (сутенерлар), зинақорлар үйлерін (ресми және ресми емес) ұстаушылар, массаж салондарында, барларда, мейманханаларда тағы сол сияқты көпшілік орындарда притондар ұйымдастырушылар мен ұстаушылар кейпінде әрекет етеді. Әдетте, олар қылмыстылар әлемімен, көп жағдайда қылмыстылар қауымдастығымен бірлесіп жұмыс істейді. Осы әлеуметтік құбылысқа қарсы тұрарлық ұлттық бағдарлама жоқ екенін мойындауға тура келеді.

Сырттай қарағанда, Қазақстанда жезөкшелікті пайдалану түріне тыйым салу шаралары жүзеге асуда секілді. Бірақ мұндай жағдайда жезөкшелікпен айналысуды шектеу, оған әкімшілік бақылау шаралары жүйесін құру және оларды қамтамасыз ететін ұйымдастыру тәсілдері де жүзеге асырылуға тиісті болса да, іс жүзінде олар мүлде жоқ. Ресми мемлекеттік құрылымдар, органдар және тұлғалар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан күні өткен үндемеу және көзжұмбайлыққа салыну тәжірибесі бұл проблеманы шешуге септігін тигізе алмайтыны анық. Керісінше, Кеңес Одағы кезеңіндегідей жезөкшеліктің және оған байланысты қылмыстардың кең тарала түсуіне қолайлы жағдай тудырады.

Қазақстан Республикасында әйелдердің жағдайын жақсартудың мемлекеттік тұжырымдамасында жезөкшелікке әлеуметтік құбылыс ретінде шынайы және тиісті баға берілмеген, тек «әйелдерді нәпсіқұмарлық тұрғыда пайдалануды жоюға, оның ішінде жезөкшелік шеңберін қысқартуға бағытталған шараларды дайындау» қажеттілігі ғана атап өтілген. Жезөкшелікті түрлі замандар мен қоғамдарда әр түрлі жағдайларда жанкештілікпен тірлік еткен әлі де жоғала қоймайтын өміршең құбылыс деп айтуға болады. Қазіргі кезеңде, жезөкшелік құбылысы жасырын жағдайда тіршілік етуге бейімделіп, жезөкшелер астыртын түрде өз кәсіпшілігін жалғастыруда. Сөйтіп, жезөкшелік заң орындарының бақылауынан шығып кетті де, оның таралу ауқымын, өсу деңгейін бақылау мүмкін болмай қалды. Осы себепті, кей мемлекеттерде ресми жезөкшелікке рұқсат етіліп, зинақорлар үйлері ашылды. Ал көп мемлекеттерде бұл құбылыстың өзіне ымырашылдық танытылып, тек оған қатысты қылмыстарда (жезөшелікпен айналысуға тарту, жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық т.б.) жауаптылық белгіленді.

Жезөкшелікпен байланысты қылмыстармен күресте жазалау сипатындағы тыйым салу, тәртіппен реттеу тәрізді заңнамалық шараларды жеткілікті деп есептеудің қате екені айқын көрінуде. Бұл бағыттағы нормативтік- құқықтық әрекеттерді мемлекет тарапынан қолдаудың тиісті дәрежеде жүргізілмеуі түсініксіз. Жезөкшелік құбылысы мен жезөкшелікке байланысты қылмыстарды жазалау шаралары арқылы жойып жіберу мүмкін емес. Бұларға қарсы ғасырлар бойы аяусыз жүргізілген күрестің ең қатал түрлері де көзделген нәтижеге жеткізбегендігі тарихтан белгілі.

Қыздарының тәуелді жағдайын пайдаланып, жезөкшелікке тартқан «ата-аналардың» қылмысының қоғамдық қауіптілігі барлық жағдайда дерлік жүзеге асатындықтан, жезөкшелікке тартушы бөтен адамдар (сутенерлер) мен жеңгетайларға қарағанда басымырақ. Бірақ мұндай жағдай Қылмыстық кодекстің 270- бабында қарастырылмаған.

Қылмыстық Кодекстің түсінігінің кейбір тұстары айқындауды және жетілдіре түсуді қажет етеді. Мысалы, жезөкшелікпен айналысуға тарту (270-бап) және жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау (271-бап) баптарына берілген түсініктерде жезөкшеліктің нақты сипаттамасы берілмеген. Онда жезөкшелік пен оған қатысты қылмыстарды криминологиялық тұрғыдан зерделеп, оларға Қылмыстық кодексте белгіленген қылмыстық жауаптылықты талдаумен шектелген.

Қазіргі қазақстандық заңнамада траффиктің нақты түсінігі және оны орындаушылар мен оған қатысушылардың жауаптылығы жөнінде нормалар қарастырылмаған. Көптеген сарапшылар Қылмыстық кодекстің 128-бабына тек қана толықтырулар мен өзгертулер енгізуді емес, траффик үшін жеке бап енгізуге ұсыныс жасауда. Өйткені, жеке тұлғаның немесе туристік ұйымдардың не солар секілді басқа мекемелердің адамдарды нәпсіқұмарлық я басқадай мақсатқа пайдалануға алдау жолымен тартқандығын дәлелдеу өте қиын, кей жағдайда тіпті мүмкін емес. Бір де бір ұйым мен мекеме адамдарды саудаға салу үшін жалдағанын мойындамайды. Жалдаудың өзі адамдарды саудаға салудың сатылы әдістерінің ең бірінші баспалдағы тәрізді болғандықтан, барлық қылмыстық топты, ең бастысы траффикті ұйымдастырушыларды қылмыстық жауаптылыққа тартудың мүмкіндігі жоқ.

Осылайша демократиялық-құқықтық мемлекет құру жолындағы Қазақстанда халқымыздың әлеуметтік өмірінде бұрын болмаған тұрпайы құбылысқа лажсыздық салдарынан жол беріліп отыр. Заңда жезөкшелікке қылмыстық, азаматтық, әкімшіліктік, тәртіптік жауаптылықтардың бір де бірі белгіленбегендігін пайдаланып, жезөкшелер өз кәсіптерімен емін-еркін айналысуда. Қылмыстық кодекстің 270-бабы және 271-бабының диспозицияларында жезөкшелікке тарту, притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық қылмыстары бірталай белгілері бойынша сараланып қарастырылмаған әрі айқын емес күңгірт тұстары бар және Қылмыстық кодексте жезөкшелікке тікелей қатысты қылмыстардың бірнеше түріне қылмыстық-құқықтық жауаптылық белгіленбеген.

Притон ұйымдастырушылар мен ұстаушылар жезөкшеліктің өрбуіне өзгелерден гөрі үлкен үлес қосып, одан түскен кірістің қомақты бөлігіне ие болса да, көп жағдайда қылмыстық жазалауға ұрынбайды Осы себепті, притон ұйымдастыру мен ұстау қылмысының қоғамдық қауіптілігі жеңгетайлық қылмысына қарағанда қауіптірек, бірақ олардың қылмысын дәлелдеп, мойнына қою өзге қылмыскерлерге қарағанда қиынырақ. Иелігіндегі мекен-жайларды жезөкшеліктің өрбуіне қолайлы орынға айналдырып, табыс табатын жасырын тұлғалар бар екені белгілі. Мұндай қылмыс субъектілері мейманхана, сауна, демалыс үйлері тәрізді көпшілік мекемелерінің басшылық құрамындағылар ғана емес, тікелей бірінші басшының өзі болуы да ықтимал. Бұлардың басым көпшілігі алдын ала сақтық шараларын ойластырып, притонға айналдырылған бөлмеге жуымай, екінші тұлғалар (өз қызметкерлері) арқылы қылмыстық жолмен түсетін табыстың қомақты бөлігін иеленіп отырады. Оларды жезөкшелер мен клиенттер де білмеуі мүмкін. Сондықтан, притон ұйымдастырушылар мен ұстаушыларды қылмыс үстінде қолға түсіру қиын. Адам саудасымен шұғылданатын нүктелердің қазір жыл санап байып, үлкен қауіпті ұйымдарға айнала бастағаны ақиқат. Экономикалық қиындық салдарынан жұмыссыздық белең алған аумақтарда меншік нысаны әртүрлі: мемлекеттік, қоғамдық, ұжымдық, жеке меншік мекемелердің, ұйымдардың т.б. басшылығы арасында қол астындағы қызметкерлердің, жұмысшылардың т.б. тәуелді жағдайын пайдаланып, оларға ықпал етудің заңсыз іс-әрекеттерін қолдануы жиілеп кеткендігі жасырын емес. Басшылар арасында қол астындағы қызметкерлерге, жұмысшыларға т.б. күш қолдану немесе күш қолданбақшы болып қорқыту, балағаттап тіл тигізу, көпшілік алдында ар-намысын қорлайтын сөздер айтып, абыройларын төгу, еңбекақыларын заңсыз қысқарту, лауазымы я еңбекақысы төмен қызметке ауыстыру немесе қызметтен мүлде шығару тәрізді заңға және моральға жат іс-әрекеттерді жүзеге асыру оқиғалары жиі қылаң береді. Әсіресе, басшы ер адамдардың қол астында қызмет (жұмыс) істейтін қыздарды тұрмыстағы әйелдерді олардың қызметтегі (жұмыстағы) жағдайын пайдаланып, жезөкшелікке тарту оқиғалары өріс алғаны көпшілікке белгілі.

Басшы қызметтегі адамның ықтиярсыз ашынасына айналып, еріксіз жезөкшелікке салынған жәбірленуші қыздардың, әйелдердің жұмыссыздық жайлаған кезеңде, өз қызметтерінен (жұмыстарынан) айрылу қаупін ойлап, құқық қорғау органдарына арыз бере алмауы, арыз берсе де, куәлардың белгілі себеппен куәлік етуден жалтару салдарынан, жезөкшелікке тарту қылмысы фактісін дәлелдей алмауы, дәлелдеген күннің өзінде қылмыс субъектілерінің қылмыстық жауаптылықтан айыппұл төлеу түрімен ғана жазалануы да көпшілікке таныс жағдайлардың біріне айналды. Заңға қайшы және моральға жат бұл іс-әрекеттердің өрбуіне кесе-көлденең тұрарлық заң әзірше жоқ. Бұл іс-әрекеттердің криминологиясы қоғамдық адамгершілік, адамның ар-намысы және жеке өміріне қол сұғылмаушылығы мен денсаулығына зиян келтірумен шектелмей, Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында және халықаралық құқықтық құжаттарда белгіленген азаматтардың құқықтары мен бостандығын, теңдігін аяқасты қылады. Демек, басшылардың өз қол астында істейтін қыздарды, әйелдерді олардың қызметтегі тәуелді жағдайын пайдаланып, жезөкшелікке тарту қылмысының құрамында саяси сипаттағы қылмыс белгілері де бар. Жезөкшелікке тартудың бұл түрі қылмыс субъектілері үшін нәтижелі, тиімді, әрі қауіпсіз болғандықтан, жезөкшелікке тартудың өзге түрлері: күш қолдану немесе күш қолданбақшы болып қорқыту, бопсалау, мүлкін жою немесе бүлдіру арқылы не алдау жолына қарағанда көп қолданылады. Сондай-ақ, негізінен жоғары лауазымды басшылар жүзеге асыратындықтан, бұл қылмыс олардан төмен дәрежедегі басшылар мен маман қызметкерлердің арасына жылдам тарайды.

Дәрілік немесе басқа құралдарды пайдаланып есеңгірету үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау (272-бап) қылмысы құрамында қарастырылған дәрілік немесе басқа құралдардың түсінігі заңнамада нақты айқындалмаған.

Халықаралық құқық порнографияны анықтаудың бірыңғай әдісін көрсетпейді, бұл мәселені ұлттық заңнама мен сот практикасының қарауына қалдырады. Бір жағынан барлық мемлекеттер халықаралық құқықтың мәні мемлекетішілік құқықтікінен жоғары екенін мойындайды [76].

Сөйте тұра, бірқатар елдердің қылмыстық заңнамасында аталған қылмыс құрамының белгілері және қылмыстық жазалау кретерийлері айқын көрсетілген. Бұдан халықаралық қылмыстық құқық порнографиялық материалдарды таратқаны үшін жауаптылықты заңдастыру бөлімі бойынша бірқатар ұлттық заңнамалардан кейін қалды деген қорытынды шығаруға болады.

Бұдан басқа, порнографиялық материалдарды немесе заттарды таратудың алдын алу бойынша тиімді саясат жүргізілуіне кесе көлденең тұратын өзге де себептер бар. 1923 жылғы Женева конвенциясына 60-тан астам мемлекет қол қойды және бұл іс құжат қабылданған алғашқы жылдары жүзеге асты. Ал қазіргі кезеңде Конвенцияның іс-әрекет ауқымын кеңейтуге ешқандай талпыныс жасалған жоқ. Мұның үстіне, біршама мемлекеттер өзіне алған міндеттемесін орындамауда. Еуропа мен Азияның бірқатар елдерінде, АҚШ пен Ресейде, тіпті Қазақстанда да түрлі порнографиялық әдебиеттер шығарылуда, порнофильмдер өндірісі бойынша жасырын киностудиялар жұмыс істеуде.

Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату (273-бап) қылмысында қарастырылған порнография түсінігіне берілген байыптауда да нақтылық жоқ. «Адамдардың жыныстық өмірі және секске байланысты кез келген мәселелер, барлық кезеңде жазушылар, суретшілер, ақындар және музыканттар назар аударатын нәрсе болды, сондықтан порнографияны эротикалық сипаттағы туындылардан ажырату аса маңызды » [77].

Порнография жыныстық қатынасты дөрекі, өнегесіз, ұятсыз түрде көрсету десек те, осы белгілердің бар екеніне қарамастан, аталған материалдарды порнографиялық деп тану өте қиын, сондықтан көркемөнерлік сараптама жасау қажеттілігі туындайды.

Қылмыстық Кодекстегі 273-баптың «Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату» деп аталуының өзі порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңды тарату түрі болады деген ой тудырады. Порнографиялық материалдарды жеке тұтынуға немесе тар шеңберде пайдалануға қылмыстық жауаптылық жүктелмейді. Мұның өзі, порнографиялық материалдарды дайындаушылар заттық айғақпен құқық қорғаушылардың қолына түскен кезде де, қылмыстық жауаптылықтан құтылып кетуіне мүмкіндік береді. Порнобейнефильмдердің барлығы дерлік шетел өндірісінің туындылары. Қазақстанда мұндай сипаттағы фильмдер түсірілмейді. Батыс пен біздің еліміздегі әйелдер қауымының, ұстанған өмір салттарында, жыныстық қатынасқа деген көзқарастарында айтарлықтай айырмашылық бар. Әсіресе, ауылдық елді мекендерде тұратын қазақ қыздарына тән мінез, батыс қыздарынікімен тіпті үйлеспейді. Инабаттылық, ұяңдық, сыпайылық ауыл қыздарының және орта мектептерде қазақша оқыған қала қыздарының көпшілігіне ортақ қасиет.

Қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату негізінен Батыс елдерінде, Ресейде орын алған. Өкінішке қарай, қылмыстың бұл түрі кейінгі кезеңде, Қазақстанда да көрініс бере бастады.

Қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату (274-бап) қылмысын істеген адамға айыбын мойындату кейбір жағдайда оңайға түспейді. Мысалы, айыпталушы аталған туындыларды қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттау үшін емес, тек оның мазмұнымен, мән-жайымен жұртшылықты таныстыру мақсатында тараттым деген уәж айтып ақталуы мүмкін. Көбіне, мұндай мазмұндағы туындылар, билік мән бермегендіктен, заң органдары тарапынан да елеусіз қалдырылады. Оның үстіне, бұл туындылардың нәтижелілігі шамалы. Сондықтан ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабымен қылмыстық жауапкершілік жүктеу оқиғасы республика бойынша өте сирек ұшырасады. Мұндай қылмыстылықпен сотталу оқиғасы Ресей Федерациясында да аз тіркелген. Мәселен, Ресейдің Жоғары сотының 1990-1998 жылдар аралығындағы соттылық жөніндегі деректері бойынша, қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды дайындау немесе тарату қылмысы бойынша (РФ ҚК 228-бабы) қылмыстық жауапкершілік жүктеудің 2 оқиғасы ғана (1990 жылы және 1996 жылы) тіркелген.

Қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындылар көбіне көркем фильм түрінде шетелдік телеарналар арқылы біздің елімізге таратылады. Ал оларды таратуға тыйым салатын арнайы заң әзірше жоқ.

2002-2006 жылдары 6 қылмыстық іс қозғалған. Бұның төртеуі бұзақылық ниеттен туындаған, екеуі пайдакүнемдік мақстатында жасалған қылмыстық іс. Алдыңғы екі қылмыстық оқиғада спиртті ішімдіктерді ішу салдарынан мас күйге түскен жастар бейіттердің үстіне қойылған ескерткіш тақталарды сындырып, қоршау кірпіштерін құлатқан. Бұл қылмысты олар алдарына қандай да бір мақсат қоймай, өз істеріне есеп бермей істеген.

Кейінгі екі қылмыстық оқиғада, бірнеше адам топтасып бейіттің темір қоршауларын бұзып алып, темір сынықтарын қабылдайтын орындарға апарып тапсырған, кірпіш, бетон плита тәрізді құрылыс материалдарын саяжай үйлерін салушыларға тасымалдап жеткізіп сатқан. Сөйтіп, олар пайдакүнемдік мақсатын қасақана саналы түрде жүзеге асырған, бірақ көп уақыт өтпей-ақ құқық қорғаушылардың қолына түсіп, тиісті жазасын алды.

2002-2006 жылдардағы өлгендердің мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау қылмыстарының саны, бұдан он жыл бұрынғы дәл сондай қылмыстармен салыстыру нәтижесінде, біршама кем екенін анықтадық. Ал 2002-2006 жылдары бұл қылмыс түрлері бойынша 11 қылмыстық іс қозғалған. Көрсетілген мерзім ішінде аталған қылмыс түрі ғана емес, жалпы адамгершілікке қарсы қылмыстар санының да азая түскені байқалады. Бұл оң құбылысты соңғы онжылдықта халықтың әлеуметтік тұрмыс деңгейінің жоғарылауымен, жастарға моральдық-этикалық, сонымен қатар ұлттық тәрбие берудің нәтижелігімен байланыстыруға болады. [78]

Қазақстанмен көрші елдерде адам мүрдесінің органдарын және тінін заңсыз алу оқиғалары бар және тиісті қылмыстық жауаптылық белгіленген. Осы өзекті мәселе жөнінде, жуырда Қазақстан Республикасы Парламент Сенатында арнайы мәселе қозғалып, аталған қылмысқа қарсы заңның қажет екендігіне назар аударылды. Депутаттардың айтуына қарағанда, ненің заңды, ненің заңсыз екені беймәлім, алдымен қандай органды трансплатация жасау қажеттілігі, рәсімдеу тәртібі және т.б. мәселелер заңда қаралуы қажет, содан соң барып заң бұзушылық болған жағдайда, қылмыстық жауаптылық туындайды.

Қазақстан Республикасында рухани, материалдық құндылықтарды, қоғамдық адамгершілікті қорғау мәселелері тәрбие ісінде кеңінен орын алып, Қылмыстық кодексте заңмен негізделгеніне қарамастан, қоршаған ортаны аялауға, жануарларға имандылықпен қарауға кепілдік беретін қоғамдық қатынастарды нығайта түсу мәселесінің мән-маңызы өзектілігін жойған емес.

Бұл орайда Қылмыстық Кодекстің атқаратын рөлін әсірелеп бағалаудың қажеттілігі жоқ. Заңның жазалау әдістері Қылмыстық құқық саласының мүнкіндіктерін шектеп, тек көмекші рөл атқаруын ғана қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар, қазіргі жағдайда жануарларға қатыгездікпен қарау қоғамдық қауіптілігінің арта түсуін ескеріп, оған қарсы әдістерді іздестіруіміз керек. Құқық бұзушылықпен астасатын немесе қылмыстылыққа жататынын сол әрекеттің алдын алу, болдырмау амалдарын да қарастыруымыз қажет.

Қылмыстық Кодекстің 276-бабы бойынша, жануарларға қатыгездік жасаушыларға қылмыстық жауаптылық жүктеу кең қолданылмайды. Себебі, қылмыс заты қылмыс субьектісінің жеке меншігіндегі жануарлар немесе мал шаруашылығына зиян келтіретін түз тағысы қасқыр болғанда, көбіне қылмыс құрамы болды деп танылмайды. Мұның өзі, кейбір әлеуметтік топтар арасында, құқықтық мәдениет деңгейінің төмен екенін көрсетеді.

Қылмыс субьектілері әлгіндей қылмыстылықты пайдакүнемдік мақсатында емес, жауыздық, бұзақылық пиғылмен жасайды. Көпшіліктің, әсіресе жас балалардың көзінше, жасалған қылмыстың тікелей обьектісі қоғамдық адамгершілік болса да, жас буын тәрбиесіне кері ықпалы өте зор. Осындай қатыгездікті көріп өскен балалар қоршаған ортаны, жан-жануарларды құрметтеуге немқұрайды қарайды, адамды ардақтау сезіміне де мән бермейді.

Жануарларға қатыгездік жасау қылмысы бойынша заң органдарына шағымдану елімізде нарықтық экономика дамып, меншіктік қатынастың орнығуына және жеке меншіктің заңмен қорғалуы күшеюіне байланысты тым сирек ұшырасады. Кеңестік дәуірде кеңестік шаруашылықтарға топтастырылған үй жануарлары қазіргі кезеңде негізінен жеке меншіктің иелігіне көшті. Ал иесі тарапынан жануарларды ұрып-соғып азаптау немесе тірідей терісін сыпыру, тірідей өртеу сияқты жауыздық әдістерді қолдану арқылы оларды мертіктіру немесе өлтіру оқиғасы тым сирек ұшырасады. Мұндай оқиға орын алған жағдайдың өзінде, куәлар жеке меншікке қол сұқпау туралы ұғым санасында қалыптаса бастағандықтан, бұл жөнінде заң орындарына хабар беріп, шағымдануды жөн көрмейді.

Жануарларды дер кезінде суармау, азықтандырмау олардың өліміне әкеліп соқтырса да, бұл оқиға жануарларға қатыгездік жасау деп саналмайды, тек иесінің мал асырауға бейімсіздігі, қырсыздығы немесе жалқаулығы деп есептелінеді. Сондықтан көршілері бұл істің құрамында қылмыс бар деп санамайды.

Иттерді төбелестіру сайысы біздің қоғамда кейінгі кезде орын ала бастады. Мұндай сайыстарда талана бастаған иттердің иелері олардың мүгедек болып қалуы немесе өліп кетуі өздеріне тиімсіз екенін ескергендіктен, сайысты дереу тоқтатады. Дегенмен, сайыс үстінде иттердің мертігуі немесе өлуі орын алса, сайысты тамалаушылар тарапынан қылмыстық іс ретінде бағаланбайды, сондықтан иттердің иелеріне қылмыстық жауапкершілік жүктелмейді.

Ал аңшылық кезінде аңшылардың біреуі түз тағыларына, мысалы, қасқырларға, қатыгездік жасаса да, оның серіктері бұл оқиғаны қалыпты жайт деп қабылдайды, сондықтан қылмысқа жол бермеуге әрекет жасамайды және бұл жөнінде сот органдарына шағым жасамайды.

Осындай себептерге байланысты мораль нормаларына, имандылық принциптеріне кереғар келетін, жануарларға қатыгездік жасау қылмысы бойынша қылмыстық іс қозғалмайды. Демек, қазақстандық қоғамда жануарларға қатыгездік жасау қылмысы бар да, ол бойынша қылмыстық іс қозғау оқиғасы жоқтың қасы деп түйін жасай аламыз.

Жануарларға қатыгездік жасау (Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 276-бап) қылмысына жауапкершілік жүктелген қылмыстық санкция заңның жоғарыда көрсетілген бірінші міндетінің жүзеге асуына септігін тигізуде. Дегенмен, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіндегі қарастырылған бап та, өзге елдердегі осы тектес заңдық шаралар да жануарларға қатыгездікпен қарау проблемасын шеше алмауда. Қазақстан Республикасындағы қылмыстық заңның дамуы және қылмыстық саясат үрдісі қоғамдық адамгершілікке қарсы қылмыс жасаған адамдарды қатаң жазалау бағытында екендігі аян, солай бола тұра кәнігі қылмыскерлерге де адамгершілікпен қарау көзделген.

Заман өзгерген сайын, заң да, қоғам да өзгерді, адамгершілікке қарсы қылмыстардың құрылымы да өзгеріске ұшырауда. Енді оларды жаңаша бағалау, саралау қажеттілігі туындады. Мұның өзі қылмыстық құқық теориясында шешімі табылмаған өзекті мәселеге айналды. Құқықтық мемлекет құру, кодекстер меи заңдар қабылдау, бұрынғы ескірген нұсқаулар мен ережелерді казіргі күн талабына сай жаңарту заң беделін нығайтуда, халықтың құқықтық мәдениетін көтеруде өз рөлін атқарады.

Қылмыстық жауапкершілікті күшейту немесе жеңілдету - үздіксіз жүретін процесс, ол қоғамның даму қозғалысына, өзгерген немесе өзгерудегі саяси, экономикалық, әлеуметтік және криминогендік факторларға байланысты заңда белгіленген қылмыстық-құқықтық тыйымдарға түзету енгізуді қажет етеді.

Ал заңның екінші ауқымды міндеті өте күрделі және жүйелі назар аударуды талап етеді. Құқықбұзушылыққа белгіленген жазаның әділ болуы үшін адамның жануарларға қатысты қатыгездік жасауына ықпал еткен жағдайды анықтау қажет. Қазақстан заңнамасында жануарларға имандылықпен қарауды міндеттейтін құқықтық норма жоқ болуы жануарларға қатыгездік жасаудың көптеген оқиғаларының орын алуына, құқықтық шешімі жоқ түрлі тартысты жағдайлардың туындауына әкеп соқтыруда.

Қолданыстағы (бұрынғыда да) Қылмыстық Кодекстің түсінігінде жануарларға қатыгездік жасау қылмысы сипаттамасында жете анықтық жоқ, қылмыстық-құқықтық нормаларды жасағанда, санкциялар жете қарастырылмаған. Әрекеттердің сипаты, олар бағытталған нысандар, әлеуметтік-саяси мәні жағынан айырмашылығы бар іс әрекеттер үшін жауаптылықты теңестіру дұрыс емес деп білеміз. Адамгершілікке қарсы қылмыстардың санкцияларына жасалған талдама қылмыстық заң нормаларының аса айқын құрастырылмағандығын көрсетті.

Қылмыстық Кодекстің 276-бабының диспозициясы редакциясын қайта қарау керек деп білеміз. Атап көрсеткенде, қылмыстың белгілерін, обьективтік жағын, субьектісін және субьективтік жағын сипаттайтын мәтінді айқындай түсіп, мазмұнын ашу керек, сондай-ақ, оған күні бүгінге дейін қарастырылмаған жаңа жазалау түрін енгізу керек. Біздің пікірімізше, бапта жануарларға қатыгездікпен қарау ісінің қылмыс ретінде саралануы әкімшілік заң бұзушылықтан айқын ажыратылмаған. Осы тұрғыдағы қылмыстық жауаптылықты тергеу және сотта белгілеу ісі ғылыми негіздеуді жетілдіруді қажетсінеді.

Адамгершілікке қарсы қылмыстары үшін жауаптылық көзделген күшіндегі қылмыстық заңдардың талдамасы жауаптылықты жеке саралау және жазаны тармақтау принципінен ауытқушылық бар екендігін көрсетті, бұл жағдай тиісті қылмыстық–құқықтық нормалардың тиімділігіне және қылмыстылықпен күрестің жайына ықпал жасамай қоймайды. Жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілік сипаты мен деңгейі, сондай-ақ қылмыскердің қаншалықты қауіпті екендігі қылмыстық жауаптылықтың ең негізгі көрсеткіші болып табылады.

Жануарларға қатыгездік жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті саралау мәселелері теориялық және практикалық жағынан зерттелуі деңгейінің төмендігі, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің аталған қылмыстық жауапкершілікті қолдануы практикасын тақылау мен тиісті қорытынды жасауға арналған зерттеулердің жеткіліксіздігі байқалуда. Бұрынғы еңбектерде аталған проблеманың жекелеген мәселелері ғана қарастырылды және бұлардың өзі дербес зерттеу обьектісі болып табылмайды. Мәселен, қаңғырған иесіз жануарларды сәті түссе еш ойланбастан өлтіре салатын, не оларды аулап, жоюмен айналысатын немесе жануарларды азық бермей, я ұрып қинап, азаптау арқылы адамдар тәрізді түрлі әрекеттер істеуге үйретуші тұлғалардың ісі логикалық ойлау тұрғысынан қылмысқа жатса да, заңда ондай тұлғаларға қылмыстық жауапкершілік, я әкімшілік шара белгілеу мәселесі ешбір еңбекте қарастырылмаған. Бұқалар мен адамдардың сайысы (коррида), әтештерді өзара төбестіру сайысы, оған қатысушының бірінің өлуіне, не мертігуіне әкеліп соқтырса да, сондай-ақ бұдан қоғамдық адамгершілік зардап шексе де, сайыстарды өткізу мен ұйымдастыру заң тарапынан қудаланбайды.

Түрлі есептеулер бойынша, қазіргі кезде, ға ламшарда 1,5-нан 2 миллионға дейін жануарлар түрі тіршілік етуде.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет