Ұжымдық шарт- жазбаша шарт түрінде әзірленген, бір немесе бірнеше жұмыс берушілер және бір немесе бірнеше кәсіптік одақтардың мүшесі болып табылмайтын, келіссөздер жүргізу үшін өз ұйымын құрған қызметкерлер қол қойған құқықтық акт.
Жеке еңбек шарты-жазбаша түрде, кемінде екі дана етіп, жұмыс беруші мен қызметкердің арасында жасалынған екі жақты келісім. Ол бойынша қызметкер белгілі бір мамандық, біліктілік немесе қызмет бойынша, жұмыс берушінің актісін орындауға міндеттенеді, ал жұмыс беруші қызметкерге дәл уақытында және толық көлемде жалақысын және басқа, заңдылықтармен және тараптардың келісімімен қарастырылған ақшалай өтемдерді төлеуге, еңбек туралы заңдылықтармен және ұжымдық шартпен еңбек жағдайын қамтамасыз етуге міндеттенеді.
Жеке еңбек шарты:
А) белгісіз мерзімге,
ә) белгілі бір мерзімге,
б) белгілі бір жұмысты орындау уақытында немесе жұмыста уақытша болмаған қызметкерді ауыстыру уақытына жасалуы мүмкін. Егер жеке еңбек шартында оның орындалу мерзімі жазылмаса, онда ол белгісіз мерзімге жасалынған болып есептелінеді. Жеке еңбек шартын 16 жасқа толған адамдармен жасасуға жол беріледі. Ата-анасының бірінің (қорғаншының, қамқоршының) келісімімен жеке еңбек шарты оқудан бос уақытында денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін 14 жаасқа толған оқушымен жасалуы мүмкін. Сондай-ақ жеке еңбек шарты ата-аналарының келісімімен, егер олар орта білім алған болса, 15 жасқа толған тұлғалармен де жасалуы мүмкін. Ата-аналардың (қорғаншының, қамқоршының) келісімі жазбаша түрде беріледі, бұл жағдайда ата-аналар (қорғаншылар, қамқоршылар) жеке еңбек шартына кәмелетке жасы толмаған тұлғамен бірге қол қояды. Жеке еңбек шарты жасалынғаннан кейін жұмыс беруші қызметкерді жұмысқа алу туралы бұйрық жазуға міндетті, онымен қол қою арқылы танысады.
Қызметкер жұмыс уақытының толық емес ұзақтылығын қарастыратын бірнеше орынмен жеке еңбек шарттарын жасасуға құқылы. Жеке еңбек шартын жасасу үшін жұмыс беруші қызметкердің еңбек жолын дәлелдейтін құжаттарды, жеке куәлігін (төлқұжат), әлеуметтік жеке код берілгені туралы куәлікті, зейнетақылық шартты, он алты жастан кіші тұлғалар үшін тууы туралы куәлігін, білімі туралы немесе кәсіптік дайындығы туралы құжаттарды және заңдылықтармен қарастырылған басқа да құжаттарды талап етуге құқылы.
Жеке еңбек шарты:
1) мерзімнің бітуі бойынша;
2) тараптардың еркіне байланысты емес мән-жайлар бойынша:
- қызметкерді әскери қызметке шақырған кезде;
- сот үкімінің заңды күшке енген кезінде;
- қызметкер қаза болған жағдайда;
- сот қызметкерді әрекетке қабілетсіз немесе шектеулі қабілетсіз деп таныған жағдайда тоқтатылуы мүмкін.
Жеке еңбек шарты:
1) тараптардың келісімі бойынша;
2) тараптардың бірінің бастамасы бойынша;
2. Жұмыс уақыты.
Қызметкер жеке еңбек шартының талаптарына сәйкес, еңбек міндеттерін орындауға міндетті уақыт жұмыс уақыты болып есептеледі. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс. Жеке еңбек шарттарында тараптардың келісімі бойынша жұмыс уақытының ұзақтығы азырақ көзделуі мүмкін. Қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы:
1) он төрт жастан он алты жасқа дейінгі қызметкерлер үшін –аптасына 24 сағаттан; он алтыдан он сегіз жасқа дейін-аптасына 36 сағаттан аспайтын;
2) ауыр дене жұмыстарында және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін қызметкерлер үшін-аптасына 36 сағаттан аспайтын болып белгіленеді.
Жұмыс істеу жұмыс уақытының ұзақтығын қысқартуға құқық беретін өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен қызметтердің тізімін, сондай-ақ еңбек жағдайлары зиянды (өте зиянды) және (немесе) ауыр (өте ауыр), қауіпті (өте қауіпті) жұмыстардың тізбесін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді. Қызметкерлер үшін екі демалыс күні бар бес күндік жұмыс аптасы белгіленеді. Бес күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың ұзақтығы жұмыс берушінің актісімен немесе жұмыстың ерекшелігін, еңбек ұжымының пікірін ескеріп және жұмыс аптасының белгіленген ұзақтығын сақтай отырып, жұмыс беруші бекітетін ауысым кестесімен белгіленеді.
Өндірістің сипаты мен жұмыс жағдайлары бойынша бес күндік жұмыс аптасын енгізу орынсыз ұйымдарда бір күндік демалысы бар алты күндік жұмыс аптасы белгіленеді. Алты күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың ұзақтығы апталық норма 40 сағат болғанда-7 сағаттан аспауға, апталық норма 36 сағат болғанда-6 сағаттан және апталық норма 24 сағат болғанда -4 сағаттан аспауға тиіс. Бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасын еңбек немесе ұжымдық шарттардың талаптарымен жұмыс беруші белгілейді.
Түнгі уақыттағы жұмыс.
22 сағаттан бастап таңғы сағат 6-ға дейінгі уақыт түнгі уақыт болып есептеледі. Жүкті әйелдерді түнгі уақытта жұмыс істеуге тартуға олардың келісімімен ғана жол беріледі. Түнгі уақытта жұмыс істеуге 18 жасқа толмаған адамдар мен түнгі уақытта жұмыс істеуге тыйым салатын медициналық қорытындысы болған жағдайда өзге де адамдар жіберілмейді. Қызметкердің келісімінсіз мерзімнен тыс жұмыстарға ерекше жағдайларда ғана:
1) елдің қорғанысы үшін, сондай-ақ төтенше жағдайларды немесе дүлей апаттарды, өндірістік аварияларды болғызбау немесе олардың зардаптарын дереу жою үшін қажетті жұмыстарды жүргізу кезінде;
2) сумен жабдықтау, газбен жабдықтау, жылыту, жарық беру, канализация, көлік, байланыс жөніндегі қоғамдық қажетті жұмыстарды жүргізу кезінде-олардың дұрыс жұмыс істеуін бұзатын кездейсоқ немесе күтпеген жағдайларды жою үшін;
3) егер жұмыс үзілісті көтермейтін болса, ауыстырушы қызметкер келмей қалған кезде жұмысты жалғастыру үшін жол беріледі.
Жұмыс уақытының есебі.
Жұмыс беруші қызметкердің сол жұмыс беруші де нақты жұмыс істеген жұмыс уақытының есебін жүзеге асыруға тиіс.Өндіріс жағдайлары бойынша қызметкерлердің белгілі бір санаты үшін белгіленген апта сайынғы жұмыс уақытының сақталуы мүмкін емес, үздіксіз жұмыс істейтін ұйымдарда, жекелеген өндірістерде, цехтарда, учаскелерде, бөлімшелерде және кейбір жұмыс түрлерінде есепті кезең ішінде жұмыс уақытының ұзақтығы аптасына «Еңбек туралы» Заңда белгіленген қалыпты жұмыс сағаттары мерзімінен аспауға тиісті жағдайда жұмыс уақытының жиынтық есебін жүргізуге жол беріледі. Жиынтық есеп жағдайында жұмыс уақытының күн сайынғы немесе апта сайынғы ұзақтығы жұмыс күні немесе жұмыс аптасы сағаттарының нормасынан артық немесе кем болуы мүмкін. Есепті кезең ішіндегі жұмыс уақыты сағаттарының жиынтығы осы кезеңдегі сағаттардың нормасына тең болмауы мүмкін. Жұмыс уақытының жиынтық есебін жасаған кезде қызметкерлердің осы санаты үшін белгіленген орташа жұмыс күні мен жұмыс аптасының ұзақтығы сақталуға тиісті шектегі кезең есепті кезең болып танылады. Жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдану тәртібі жұмыс берушінің актілерімен айқындалады және ұжымдық шартпен белгіленеді.
3. Демалыс уақыты.
Күнделікті жұмыс (ауысым) ішінде қызметкерге демалу және тамақтану үшін жинақтап алғанда ұзақтығы бір сағаттан кем болмайтын үзіліс берілуге тиіс. Бұл үзіліс жұмыс уақытына енгізілмейді және қызметкер оны өз қалауы бойынша пайдаланады. Үзіліс беру уақыты мен оның ұзақтығы жұмыс берушінің актілерінде, жеке еңбек, ұжымдық шарттарда белгіленеді. Өндіріс жағдайлары бойынша үзіліс беру мүмкін емес жұмыстарда жұмыс беруші қызметкерге жұмыс уақытында демалу мен тамақтану мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті. Мұндай жұмыстардың тізбесі, демалу және тамақтану тәртібі мен орны жұмыс берушінің актілерінде белгіленеді.
Арнаулы үзілістер.
Жылдың суық мезгілінде ашық далада, жылу берілмейтін жабық үй-жайларда жұмыс істейтін, жүк тиеу-түсіру жұмыстарымен айналысатын қызметкерлерге жылыну және демалу үшін арнаулы үзілістер беріледі. Арнаулы үзілістер жұмыс уақытына қосылады.
Күн сайынғы демалыстың ұзақтығы.
Жұмыстың бітуі мен оның келесі күнде (ауысымда) басталуы арасындағы қызметкердің күн сайынғы демалысының ұзақтығы 12 сағаттан кем болмауға тиіс.
Демалыс күндері.
Қызметкерлерге демалыс күндері (апта сайынғы үзіліссіз демалыс уақыты) беріледі. Бес күндік жұмыс аптасы жағдайында қызметкерлерге аптасына-екі, ал алты күндік жұмыс аптасына бір демалыс күні беріледі. Жалпы демалыс күні жексенбі болып есептеледі. Бес күндік жұмыс аптасы кезінде екінші демалыс күні жұмыс берушінің актісімен немесе жұмыс кестесімен белгіленеді. Екі демалыс күні де, әдетте қатарынан беріледі.
Мерекелік күндер жұмыс күндеріне сәйкес келген жағдайда және жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі демалыс күндерін басқа жұмыс күндеріне ауыстыруға құқылы.
Өндірістік-техникалық жағдайлары бойынша немесе халыққа үнемі үзіліссіз тұрақты қызмет көрсету қажет болуы себепті демалыс күндері жұмысты тоқтату мүмкін болмайтын ұйымдарда, сондай-ақ үзіліссіз өндіріс жүргізілетін ұйымдарда жұмыс берушінің актісімен бекітілген ауысым кестесіне сәйкес, қызметкерлердің әрбір тобына демалыс күндері аптаның әр түрлі күндерінде кезекпен беріліп отырады.
Мереке күндеріндегі жұмыс
Өндірістік- техникалық жағдайлары бойынша немесе халыққа үзіліссіз тұрақты қызмет көрсету қажет болуы себепті демалыс күндері жұмысты тоқтату мүмкін болмайтын ұйымдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасында белгіленген мереке күндері жұмыс жүргізілмейді.
Демалыс күндерінде жұмысқа тарту.
Демалыс күндерінде жұмысқа тартуға мынандай жағдайларда:
1) төтенше жағдайларды немесе дүлей апатты, өндірістік аварияны болғызбау не олардың зардаптарын дереу жою үшін;
2) жазатайым оқиғаларды, мүліктің жойылуын немесе бүлінуін болғызбау және оны тергеу үшін;
3) тұтас алғанда ұйымның немесе оның жеке бөлімшелерінің одан әрі қалыпты жұмыс істеуі тез орындалуына байланысты болатын шұғыл, алдын ала күтпеген жұмыстарды орындау үшін жол беріледі.
Ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы.
Жеке еңбек шарты бойынша жұмыс істеушілерге жұмыс орны (қызметі) мен орташа жалақысы сақтала отырып, ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысына кепілдік беріледі.
Еңбек демалысына ақы төлеу ол басталғанға дейін күнтізбелік 3 күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
Егер басқа нормативтік құқықтық актілерде, жеке еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін өзгеше көзделмесе, қызметкерлерге ұзақтығы кемінде күнтізбелік 18 күн болатын жыл сайынғы еңбек демалысы беріледі.
Ақы төленетін жыл сайынғы қосымша еңбек демалысы уәкілетті мемлекеттік орган белгілейтін өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптер мен қызметтердің тізбесіне сәйкес ауыр дене жұмыстары мен еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлерге беріледі.
Ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысын берудің талаптары мен тәртібі жеке еңбек, ұжымдық шарттармен белгіленеді. Қатарынан екі жыл бойы еңбек демалысын бермеуге тыйым салынады. Еңбек демалысы күндерінде дәл келетін мереке күндерін есептемегенде, жыл сайынғы еңбек демалыстарының ұзақтығы, қолданылып жүрген жұмыс режимдері мен кестелерін қарамастан, күнтізбелік күндермен есептеледі.
Жыл сайынғы еңбек демалысына құқық беретін еңбектегі жұмыс стажына:
1) жұмыс жылы ішінде нақты жұмыс істеген уақыт;
2) жұмыстан заңсыз босату кезінде амалсыздан бос жүрген уақыт;
3)емделуде болып, еңбекке уақытша жарамсыздық парағымен расталған уақыт қосылады. Жұмыс беруші қызметкерге жыл сайын еңбек демалысын беруге міндетті. Жұмыс істеген бірінші жылы үшін еңбек демалысы жеке еңбек шарты бойынша бірінші жұмыс жылы өткеннен кейін беріледі. Қызметкердің қалауы бойынша жыл сайынғы еңбек демалысы бөлініп берілуі мүмкін.
Қызметкерлерге жыл сайынғы еңбек демалыстарын берудің кезектілігі.
Қызметкерлерге жыл сайынғы еңбек демалыстарын берудің кезектілігі жеке еңбек, ұжымдық шарттарда, демалыс кестесінде, жұмыс берушінің актілерінде көзделген тәртіппен белгіленеді. Өндіріс қажеттеріне байланысты демалыс кестесі өзгерген жағдайда жұмыс беруші еңбек демалысының басталуынан кемінде екі апта бұрын қызметкерге ол жөнінде хабарлауға міндетті. Жыл сайынғы еңбек демалысы қызметкер еңбек демалысы кезеңінде еңбекке уақытша жарамсыз болған кезде, жүкті болуы мен босануы бойынша демалысы кезінде толық немесе бір бөлігі ауыстырылуы немесе ұзартылуы мүмкін, бірақ бұл орайда еңбек демалысы кезіндегі күндерге еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақы төленбейді. Жыл сайынғы еңбек демалысы (оның бір бөлігі) тек қызметкердің келісімімен немесе оның өтініші бойынша ғана ұзартылуы немесе келесі жұмыс жылына ауыстырылуы мүмкін. Ауыстырылған еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша келесі жылға еңбек демалысына қосылуы немесе қызметкердің өтініші бойынша басқа уақытта жеке берілуі мүмкін. Ауыстырылған еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша келесі жылға еңбек демалысына қосылуы немесе қызметкердің өтініші бойынша басқа уақытта жеке берілуі мүмкін.
Еңбек демалысынан шақырып алу.
Жыл сайынғы еңбек демалысы жұмыс берушінің ұсынысы бойынша және қызметкердің келісімімен үзілуі мүмкін (еңбек демалысынан шақырып алу). Еңбек демалысының осыған байланысты пайдаланылмаған бөлігі тараптар арасындағы уағдаластық бойынша ағымдағы жұмыс жылы ішінде беріледі немесе қызметкердің қалауы бойынша келесі жұмыс жылындағы еңбек демалысына қосылады, не өтемақы төленеді.
Жалақы сақталмайтын демалыстар.
Тараптардың келісімі бойынша қызметкерге оның өтініші негізінде жалақысы сақталмайтын демалыс берілуі мүмкін.
Жүктілігі және босануы бойынша демалыстар.
Әйелдерге жүктілігі мен босануы бойынша босанғанға дейін ұзақтығы жетпіс күнтізбелік күнге, босанғаннан кейін елу алты (ауыр босанған немесе екі немесе одан да көп бала туған жағдайда жетпіс) күнтізбелік күнге демалыс беріледі. Есептеу жиынтықтап жүргізіледі және демалыс әйелдің ұйымда жұмыс істеу ұзақтығына қарамастан, жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүктілігіне және босануы бойынша осы кезеңге төленген жәрдемақыны босанғанға дейін нақты пайлаланған күндепрдің санына қарамастан оған толық беріледі.
Жаңа туған нәрестелерді тікелей перзентханадан асырап алған әйелдерге (ерекектерге) бала асырап алған күннен бастап, сәбидің дүниеге келген күнінен елу алты күнге толғанға дейінгі кезеңге (ата-анасының біріне) демалыс беріліп, оның ұйымда жұмыс істеу ұзақтығына қарамастан жұмыс берушінің қаражаты есебінен оған осы кезеңге жәрдемақы төленеді. Жүктілігі мен босануы бойынша демалыстан басқа әйелге оның өтініші бойынша баласы бір жарым жасқа толғанға дейін оған күтім жасау жөнінде жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс беріледі, қосымша демалыс уақыты ішінде оның жұмыс орны (қызметі) сақталады.
Жаңа туған нәрестелерді тікелей перзентханадан асырап алған әйелдердің (еркектердің) өтініші бойынша сәби бір жарым жасқа толғанға дейін оған күтім жасау үшін жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс беріліп, осы кезеңде оның жұмыс орны (қызметі) сақталады. Бұл демалыстың сәби бір жарым жасқа толғанға дейін кез келген уақытта толық немесе бөліп пайдалануы мүмкін.
Оқу демалысы.
Білім беру ұйымында оқитын қызметкерлерге емтихандар тапсыру, диплом жобасын(жұмысын) дайындау және қорғау, бітірушілер емтихандарын тапсыру кезеңінде ақы төленетін немесе ақы төленбейтін қосымша демалыс берілуі мүмкін.
4.Жалақы және еңбекті нормалау.
Жалақы дегеніміз-еңбек үшін оның күрделілігіне, саны мен сапасына сәйкес төленетін сыйақы (табыс). Жұмыс беруші Еңбек кодексі, жеке еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес қызметкердің еңбегіне ақы төлеуге міндетті. Қызметкерлердің еңбегіне ақы мерзімдік, кесімді түрде немесе еңбекке ақы төлеудің өзге де жүйелері бойынша төленеді. Ақы төлеу еңбектің жеке және ұжымдық нәтижелері үшін жүргізілуі мүмкін. Қызметкердің жалақысы орындалатын жұмыстың саны мен сапасына, күрделілігіне қарай белгіленеді. Қызметкерлердің өндіріс тиімділігі мен жұмыс сапасын арттыруға материалдық мүдделілігін күшейту үшін жыл ішіндегі жұмысының қорытындысы бойынша сыйлық, сыйақы беру жүйесі және материалдық көтермелеудің басқа да нысандары енгізілуі мүмкін. Ұйымдарда еңбекке ақы төлеу ұжымдық шарттармен немесе жұмыс берушінің актілерімен белгіленеді.
Жалақының мөлшері.
Жалақының мөлшерін жұмыс беруші дербес белгілейді және ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ең төмен жалақы мөлшерінен кем болмауы керек. Белгілі бір ұйымда өзінің жеке еңбек шартымен келісілген негізгі жұмысымен қатар өзінің негізгі жұмысынан босатылмастан басқа қызмет немесе уақытша болмаған қызметкердің міндеті бойынша қосымша жұмысты орындайтын қызметкерлерге қосымша төленеді. Қызметтерді қоса атқарғаны (қызмет көрсету аймақтарын кеңейткен) немесе жұмыста уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін орындағаны үшін қосымша ақылардың мөлшерін қызметкермен келісім бойынша жұмыс беруші белгілейді. Мерзімнен тыс жұмысқа ақы бір жарым есе мөлшерінен кем төленбейді. Мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы екі еседен төмен болмайтын мөлшерде төленеді. Мереке және демалыс күндеріндегі жұмыстарға төленетін өтемақы қызметкердің тілегі бойынша қосымша демалыс күнімен ауыстырылуы мүмкін. Түңгі уақыттағы жұмыстың әрбір сағатына ақы бір жарым есе мөлшерінен кем төленбейді.
Бос тұрып қалған уақытқа ақы төлеу.
Жұмыстың бос тұрып қалған уақытына ақы төлеудің тәртібі мен талаптары жеке еңбек немесе ұжымдық шарттармен белгіленеді.
Қызметкердің кінәсінен бос тұрып қалған уақытқа ақы төленбеуге тиіс.
Еңбек нормалары.
Еңбек нормалары (жұмыс істеу, уақыт, қызмет көрсету нормалары) еңбек шығынының өлшемі болып табылады және қызметкер үшін техниканың, технологияның, еңбек өндірісін ұйымдастырудың қол жеткен деңгейіне сәйкес белгіленеді. Еңбек нормаларын енгізуді, ауыстыруды және қайта қарауды жұмыс беруші жүргізеді.
Еңбектің жаңа нормаларының енгізілетіні туралы қызметкерлерге кемінде бір ай бұрын хабарланады. Қызметкерлердің жұмыс істеу нормаларын орындауы үшін жұмыс беруші қалыпты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті. Он сегіз жасқа толмаған қызметкерлер үшін жұмыс істеу нормалары жеке еңбек шартына сәйкес он сегіз жасқа толмаған адамдарға арналған жұмыс уақытының ұзақтығына және қысқартылған ересек қызметкерлерге арналған жұмыс істеу нормаларын негізге ала отырып белгіленеді.
Жалақы төлеу мерзімдері.
Жалақы бір айда кем дегенде бір рет төленеді. Жалақыны төлеу күндері жеке еңбек, ұжымдық шарттарда қарастырылады. Жалақы төлейтін күн демалыс немесе мереке күндеріне тура келген жағдайда, оны төлеу олардың қарсаңында жүргізіледі. Жұмыс берушінің кінәсінен жалақы, ал қызметкермен жеке еңбек шарты бұзылған кезде-оған тиесілі басқа да төлемдер белгіленген мерзімдермен салыстырғанда кешіктірілген кезде жұмыс беруші қызметкерге берешек пен өсімақы төлейді. Өсімақының мөлшері жалақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындау күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің қайта қаржыландыру ставкасы бойынша белгіленеді және төлем жүргізілуге тиіс болған күннен кейінгі күннен бастап әрбір кешіктірілген күнтізбелік күн үшін есептеліп төленген күнмен аяқталады. Жеке еңбек шарты бұзылған жағдайда қызметкерге тиесілі барлық сомаларды төлеу соңғы жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
Жалақы төленетін орын.
Қызметкерлерге жалақы төлеу,егер жеке еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушінің актілерінде өзгеше көзделмесе, әдетте, олардың жұмысын орындайтын жерінде жүргізілуге тиіс.
Тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде (іссапарда, тапсырысшының ұйымдарында және басқаларында) жұмыс берушінің тапсырмасын орындаушы қызметкердің жалақысын жеткізуді жұмыс беруші өз есебінен қамтамасыз етуге тиіс.
Қызметкердің орташа жалақысын есептеу тәртібі.
Зейнетақы төлемдерін, еңбекке уақытша жарамсыздық, жүктілік пен босану жөніндегі жәрдемақыларды және басқа да төлемдерді есептеу үшін ұйымдар қызметкерлердің орташа жалақысын есептеу тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
Жалақыдан ұстап қалу.
Қызметкердің жалақысынан ұстап қалу сот шешімі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда жүргізіледі.
Әдебиеттер:
1.Е.Баянов.Мемлекет және құқық негіздері.-Алматы, 2002ж.
2.З.О.Ашитов, Б.З.Ашитов.ҚР құқық негіздері.-Алматы: Жеті Жарғы, 2003.
3.С.Д.Баққұлов. Құқық негіздері.-Алматы, 2004.
4.Қ.И.Оспанов. Құқық негіздері: Оқу құралы.-Алматы: Жеті Жарғы, 2006.
Нормативтік-құқықтық актілер:
1.ҚР Конституциясы. 30 тамыз 1995 жыл.-Алматы, 2007.
2.«Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі». Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы № 251 кодексі.
3.«Еңбек туралы»Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 10 желтоқсандағы № 493-1 Заңы.
4. «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы № 136 Заңы.
9-тақырып. Қазақстан Республикасының қаржы құқығының негіздері
Жоспар:
1. Қаржы құқығының түсінігі, пәні, әдісі, қайнар көздері.
2. Бюджет заңдары, бюджет жүйесі.
3. Қазақстан Республикасының салық құқығының жалпы ережелері.
-
Қаржы құқығының түсінігі, пәні, әдісі, қайнар көздері.
Қаржы құқығы мемлекеттің дамуының әрбір нақты кезеңінде оның міндеттері мен қызметтерінің үздіксіз атқарылуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттің қаржылық қызметінің барысында пайда болатын қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығы.
Мемлекеттің қаржылық қызметі түрлі әдістердің көмегімен іске асырылады. Осындай әдістердің бірі ақшалай қаржы жинау, яғни, жеке және заңды тұлғалардың табысының, пайдасының бір бөлігі заңда көрсетілген мерзім мен мөлшерде мемлекеттің бюджетіне түседі. Бюджетке аталған түсімдердің уақытында төленуін мемлекеттің арнайы органдары бақылап отырады. Белгіленген мөлшерде, бюджеттік емес қорларға да міндетті жарналар жіберіледі, мысалы зейнетақы жинақтау қорларын айтуға болады. Мемлекеттік мекемелердің халыққа көрсеткен қызметтері үшін алынатын мемлекеттік баждар мен алымдар да міндетті түрде мемлекеттік бюджетке түседі. Ақшалай қаржыны бөлу мен пайдаланудағы негізгі әдістердің бірі қаржыландыру мен несие беру әдістері. Қаржыландыру ол жоспарлары, мақсатты, қайтарымсыз, ақысыз мемлекеттік бюджеттен берілетін ақшалай қаражат, яғни бюджет қаражатын алушыларға осы қаражатты бөлу. Ал, керісінше, несие беру банкілік қарыз түріндегі жоспарлары, мақсатты, ақылы және белгіленген мерзімді қайтарылатын, пайызбен берілетін ақшалай қаржы. Бүгінгі таңда несие берудің мемлекеттік, банктік және коммерциялық сияқты түрлері бар. Мемлекеттік несие бір мемлекеттің басқа шет мемлекеттердің және олардың жеке және заңды тұлғаларының, инвесторлардың, халықаралық қаржылық ұйымдардың ақшалай қаржыларын уақытша пайдалануы. Мемлекет бұндай жағдайда қарыз алушының рөлінде болады. Банктік несие банктің қарауына уақытша айналыстан бос ақшалай қаржыларды жинақтау қатынастарын қамтиды.
Коммерциялық несие-банктік қаржыландырудан түбірінен өзгешеленеді. Коммерциялық несие кейде тауарлы деп те аталады. Оның мәні қаржыны қайтаруды кейінге қалдыруға рұқсат беріледі. Сонымен кәсіпорын несиеге алған материалдарды кейін өтеуге мүмкіншілік арқылы несие алады. Коммерциялық несие векселмен бекітіледі, вексельді банктер есепке алады да, сөйтіп коммерциялық несие біртіндеп банктік несиеге ұласады. Сонда заңнамалар нормаларына сәйкес келетін вексель-вексель иесіне берілген жазбаша кепілдік болып табылады. Мемлекеттік қаржылық іс-әрекет және қаржылық бақылаумен айналысатын көптеген органдар бар.
Оларға мемлекеттік биліктің жоғарғы өкілетті және атқару органдары-Мәжіліс пен Санат, Үкімет, Қаржы министрлігі, Ұлттық банк, Санақ палатасы, қазыналық, салық комитеттері, салық полициясы, басқа да көптеген қаржылық бақылауды іске асыратын әр түрлі инспекциялар жатады.
Мемлекеттік емес кәсіпкерлікпен басқа тірлікпен айналысатын субъектілердің қаржылық-шаруашылық жағдайын тексеруді мемлекеттік емес тексеру-бақылау органдары-аудиторлар жүзеге асырады. Мемлекеттің қаржылық іс-әрекетінің барысында материалды және ұйымдастырушылық сияқты екі түрлі қаржылық қатынастар қалыптасады.
Достарыңызбен бөлісу: |