Құқық қорғау қызметі туралы


қарамағына қабылдау тәртібі мен негіздері



бет4/6
Дата01.07.2016
өлшемі368.5 Kb.
#169772
1   2   3   4   5   6

               қарамағына қабылдау тәртібі мен негіздері
      1. Құқық қорғау қызметін одан әрі өткеру туралы мәселені шешу үшін қызметкерлер осы бапта көзделген тәртіппен және негіздерде атқарып жүрген лауазымынан босатыла отырып, құқық қорғау органының қарамағына қабылдануы мүмкін.
      2. Мыналар:
      1) қызметкердің өз қалауы бойынша атқарып жүрген лауазымынан босату және құқық қорғау органының қарамағында қалдыру туралы баянатпен өтініш жасауы;
      2) қызметкерді осы Заңның 56-бабы 2-тармағының 5) тармақшасында көзделген тәртіптік жаза тәртібімен немесе аттестаттау нәтижелері бойынша атқарып жүрген лауазымынан босату;
      3) ұйымдық-штаттық іс-шаралар жүргізу;
      4) басқа мемлекеттік органдарға және халықаралық ұйымдарға іссапармен бару мерзімінің аяқталуы;
      5) атқарып жүрген лауазымы бойынша өкілеттіктер мерзімінің өтуі;
      6) әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы қызметкерді құқық қорғау органының қарамағына қабылдау негіздері болып табылады.
      3. Қызметкерді атқарып жүрген лауазымынан босату және құқық қорғау органының қарамағына қабылдау құқық қорғау органы басшысының не уәкілетті басшының бұйрығы негізінде күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімге жүзеге асырылады.
      Ерекше мән-жайлардан туындайтын айрықша жағдайларда бұл мерзiмді құқық қорғау органының басшысы екi айға дейiн ұзартуы мүмкiн.
      Құқық қорғау органының қарамағына қабылданған қызметкердің соңғы лауазымы бойынша ақшалай қаражаты сақталады.
      Қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың осы Заңда белгiленген демалыстарда, денсаулық сақтау ұйымдарында емделуде (әскери-дәрiгерлiк комиссияның жолдамасы бойынша тексерілуде) болу кезеңі, бұрынғы қызмет атқарған жерiнен тиiстi құқық қорғау органы тұрған жерге дейiн жол жүру уақыты; сырттай немесе кешкі оқыту нысаны бойынша білім алатын адамдар үшін – бiлiм беру ұйымдарының оқу-емтихан сессияларында болу уақыты; қылмыстық iс ақтау негiздерi бойынша қысқартылған немесе ақтау үкiмi шығарылған жағдайларда, қамауға алынған күнiнен бастап және босатылған күнiн қоса алғанда, қылмыстық жауаптылыққа тартылуымен байланысты қамауда болған уақыты құқық қорғау органының қарамағында болу мерзiмiне есептелмейдi.
      4. Құқық қорғау органының қарамағында тұрған қызметкерлердің қызмет өткеру тәртібін құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
      Құқық қорғау органының қарамағында тұрған қызметкерге құқық қорғау органының белгiленген күн тәртiбi толық көлемде қолданылады.
      Құқық қорғау органының қарамағына қабылданған қызметкерге осы Заңда көзделген көтермелеу шаралары қолданылуы мүмкін және ол тәртiптiк жазаларға тартылуы мүмкiн.
      5. Қызметкердiң құқық қорғау органының қарамағында болу уақыты құқық қорғау қызметiндегi өтiлiне, арнаулы атақ немесе сыныптық шен беру үшiн еңбек сiңiрген жылдарына есептеледi.
      6. Атқаратын лауазымдарынан босатылған және құқық қорғау органының қарамағында тұрған, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын пайдаланбаған қызметкерлерге, оларды қызметте одан әрi пайдалану туралы мәселенiң шешілуі кешiктiрiлген жағдайларда, пайдаланылмаған демалысы берiледi. Оларға жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы уақыты үшiн ақшалай қаражат, құқық қорғау органының қарамағында болу мерзiмiне қарамастан, оның қарамағына қабылданған күнге негiзгi лауазымы бойынша алатын мөлшерде төленедi.
      7. Құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшы осы баптың талаптарын сақтай отырып, құқық қорғау органының қарамағында тұрған қызметкерге жазбаша нысанда лауазым ұсынуға міндетті.
      Құқық қорғау органының қарамағында тұрған қызметкерді лауазымға тағайындау кезінде оның біліктілігі, атағы, еңбек сіңірген жылдары, жұмыс өтілі, бұрынғы лауазымы ескерілуге тиіс.
      Қызметкер құқық қорғау органының қарамағына осы баптың 2-тармағының 1), 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша қабылданған жағдайда, қызметкердің кәсіптік қасиеттері ескеріле отырып және осы лауазым үшін көзделген біліктілік талаптарына сай келген жағдайда лауазым ұсынылады.
      Қызметкер құқық қорғау органының қарамағына осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша қабылданған жағдайда, ұсынылып отырған лауазым төмен тұрған болуға тиіс.
      Қызметкер құқық қорғау органының қарамағына осы баптың 2-тармағының 6) тармақшасында көзделген негіз бойынша қабылданған жағдайда, лауазымға тағайындау әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысына сәйкес қызметкердің келісуімен жүргізіледі.
      8. Қызметкер ұсынылған лауазыммен келіспейтінін жазбаша баяндаудан бас тартқан кезде құқық қорғау органының кадр бөлімшесі қызметкердің жеке ісіне қосылатын акт ресімдейді.
      Қызметкер ұсынылатын лауазымға орналасудан бас тартқан жағдайда, ол қызметтен шығарылуға жатады.
      Ескерту. 5-тарау 46-1-баппен толықтырылды - ҚР 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
6-тарау. АТТЕСТАТТАУ
      47-бап. Қызметкерлерді аттестаттау
      1. Қызметкерлерді аттестаттау олардың кәсіптік даярлығының, құқықтық мәдениетінің деңгейін және азаматтармен жұмыс істеу қабілетін анықтау бойынша мезгіл-мезгіл жүзеге асырылатын рәсім болып табылады.
      2. Қызметкерлердің өздеріне жүктелген міндеттерді орындау қабілеті аттестаттау кезінде негізгі бағалау өлшемі болып табылады.
      3. Қызметкерлер құқық қорғау органдары жүйесінде үздіксіз қызметте болған әрбір үш жыл сайын аттестаттаудан өтеді. Бұл ретте аттестаттау көрсетілген мерзім басталған күннен бастап, алты айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс.
      Егер аттестаттауға жатқызылған қызметкерлер жаңа лауазымдарға тағайындалса, олар тағайындалғаннан кейін бір жылдан соң аттестаттаудан өтеді. Тең дәрежелі лауазымға тағайындалған кезде, егер ол функционалдық міндеттерінің өзгеруіне әкеп соқпаса, бұл мерзім есепке алынбайды.
      Аттестаттау кезінде қызметкердің құқық қорғау органдары жүйесіндегі қызметтен босатылған күн мен оның құқық қорғау органдары жүйесіне қызметке қабылданған күніне дейін үш айдан артық уақыт өтпесе, онда көрсетілген кезеңде өзге заңды (мемлекеттік органдарды қоспағанда) және жеке тұлғалармен еңбек қатынасы болмаған жағдайда, құқық қорғау органдары жүйесінде қызметте болған уақыты үздіксіз қызмет деп есептеледі.
      3-1. Алып тасталды - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      4. Құқық қорғау органының басшысы және оның орынбасарлары, сондай-ақ құқық қорғау органдарында кемінде жиырма жыл қызмет өтілі бар қызметкерлер аттестаттауға жатпайды.
      Қызметкерлер арасындағы әйелдер жүктілігі және бала күтімі бойынша демалыс кезеңінде аттестаттауға жатпайды. Олар қызметке шыққаннан кейін кемінде алты айдан соң және бір жылдан кешіктірілмей аттестатталуға тиіс.
      5. Аттестаттау бірқатар дәйекті кезеңдерді:
      1) аттестаттау өткізуге дайындықты;
      2) кәсiптiк жарамдылығын айқындау бойынша белгiленген нормативтердi тапсыруды;
      3) аттестаттауға жатқызылған қызметкердің Қазақстан Республикасы заңнамасын білуін және логикалық ойлау қабілетін компьютерлік тесттен өткізуді;
      3-1) полиграфологиялық зерттеуден өткізуді;
      4) қызметкермен аттестаттау комиссиясы өткізетін әңгімелесуді;
      5) аттестаттау комиссиясының шешім шығаруын қамтиды.
      Ескерту. 47-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
      47-1-бап. Кезектен тыс аттестаттау
      1. Кезектен тыс аттестаттау оның тәртібін, мерзімдерін және аттестатталатын қызметкерлердің санаттарын айқындайтын Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша өткізіледі.
      2. Кезектен тыс аттестаттаудың қорытындысы бойынша аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің біреуін қабылдайды:
      1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді және кадр резервіне қабылдауға немесе жоғары тұрған лауазымға жылжытуға ұсынылады;
      2) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;
      3) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және лауазымын төмендету ұсынылады;
      4) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және басқа қызметке (лауазымға) ауыстыру ұсынылады;
      5) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және қызметтен босату ұсынылады.
      3. Кәсіптік жарамдылықты айқындау бойынша нормативтер тапсырмаған және тестілеу кезінде шекті мәннен төмен баға алған жағдайда, аттестаттау комиссиясы осы баптың 2-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген шешімдердің біреуін қабылдайды.
      4. Аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсіз себеппен екі рет келмеген қызметкерлерді осы Заңда белгіленген тәртіппен қызметінен босату ұсынылады.
      5. Кезектен тыс аттестаттаудан өтпеген және (немесе) құқық қорғау органдарында өзге, оның ішінде төменгі тұрған лауазымдарда қызметін жалғастырудан бас тартқан құқық қорғау органдарының қызметкерлері осы Заңда белгіленген тәртіппен қызметтен босатылуға жатады.
      Ескерту. 6-тарау 47-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      48-бап. Аттестаттауды өткізуге дайындықты ұйымдастыру
      1. Аттестаттауды өткізу мерзімі келген кезде құқық қорғау органы басшысының немесе уәкiлеттi басшының тапсырмасы бойынша тиісті кадр бөлімшелері аттестаттау өткізуге дайындықты ұйымдастырады.
      2. Дайындық мынадай іс-шараларды:
      1) аттестаттау өткізудің кестесін әзірлеуді;
      2) аттестаттау өткізудің мақсаты мен тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды;
      3) тест мерзімдерін және оны өткізетін орынды айқындауды;
      4) аттестатталушы қызметкерлердің қажетті құжаттарын дайындауды қамтиды.
      Тесттен өтудің тәртібі мен шарттары, кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша нормативтер, сондай-ақ лауазымдардың санаттары үшін шекті мәні (бұдан әрі – шекті мән) құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
      3. Құқық қорғау органының кадр бөлімшесі осы Заңға сәйкес аттестатталуға тиіс қызметкерлерді алты ай ішінде бір рет айқындайды.
      4.Басшы аттестатталуға тиіс қызметкерлердің тізімін және оны өткізу мерзімін кадр бөлімшесінің ұсынымымен бекітеді.
      5. Кадр бөлімшесі аттестаттауды өткізу мерзімі туралы оны өткізудің басталуына кемінде бір ай қалғанда қызметкерлерге жазбаша хабарлайды.
      6. Аттестатталуға тиіс қызметкерге оның қызметтік мінездемесі ресімделеді және аттестаттау комиссиясының отырысына дейін үш апта мерзімнен кешіктірілмей кадр бөлімшесіне жіберіледі.
      7. Қызметтік мінездеме аттестатталуға тиіс қызметкердің құқық қорғау органдары жүйесіндегі қызметте үзіліссіз үш жыл болуы және одан кейінгі аттестаттау өткізіліп отырған мерзімге дейінгі кезең ішіндегі кәсіптік, жеке басының қасиеттері мен қызметтік әрекеті нәтижелерінің объективті және негізделген бағасын қамтуға тиіс.
      8. Тікелей басшы қызметкерді оған берілген қызметтік мінездемемен аттестаттау комиссиясының отырысына дейін екі апта мерзімнен кешіктірмей қол қойғыза отырып, таныстыруға міндетті.
      9. Қызметкер өзіне берілген қызметтік мінездемемен келіспейтіні туралы мәлімдеуге және кадр бөлімшесіне өзін сипаттайтын қосымша ақпаратты беруге құқылы.
      10. Кадр бөлімшесі жиналған аттестаттау материалдарын аттестаттау комиссиясына оның отырысына дейін бір апта мерзімнен кешіктірмей жібереді.
      Ескерту. 48-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
      49-бап. Аттестаттау комиссиясы
      1. Басшы аттестаттау комиссиясының құрамын және оның жұмыс кестесін кадр бөлімшесінің ұсынымымен бекітеді.
      2. Аттестаттау комиссиясының құрамына кемінде бес мүше кіруге тиіс.
      Аттестаттау комиссиясының қатыспаған мүшелерін алмастыруға жол берілмейді.
      3. Кадр бөлімшесінің өкілі аттестаттау комиссиясының хатшысы болады, оны комиссия басшысы айқындайды.
      Аттестаттау комиссиясының хатшысы оның жұмысын ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асырады және оның дауыс беруге қатысуға құқығы жоқ.
      4. Құқық қорғау органының, құқық қорғау органы білім беру ұйымының немесе құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің жұмыс бағыттарына қарай бірнеше аттестаттау комиссиясы құрылуы мүмкін.
      5. Аттестаттау комиссиясының басшысы мен оның мүшелері аттестатталуға жатқызылған қызметкерлермен бірдей немесе неғұрлым жоғары лауазымда болуға тиіс.
      6. Аттестаттау комиссиясының құрамына құрылымдық бөлімшелердің басшылары, кадр бөлімшелерінің өкілдері (не осы бөлімшелер есеп беретін адамдар), сондай-ақ аттестаттаудан өтетін қызметкерлерді қоспағанда, құқық қорғау органының, құқық қорғау органы білім беру ұйымының немесе құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің өзге де қызметкерлері енгізіледі.
      7. Аттестаттау комиссиясы отырысының, егер оған құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңдық күші бар деп есептеледі.
      8. Аттестаттау комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер ол үшін отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясы мүшелері санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда аттестаттау комиссиясының төрағасы жақтап дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      50-бап. Аттестаттауды өткізу
      1. Прокуратура органдарының тесттен өткен кезде шекті мәннен жоғары баға алған қызметкерлерін қоспағанда, алғашқы аттестаттауда немесе қайта аттестаттауда кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсырған қызметкерлер әңгімелесуге жіберіледі.
      2. Кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсырмаған не тесттен өту кезінде шекті мәннен төмен баға алған қызметкерлер әңгімелесуге жіберілмейді және аттестаттау комиссиясының шешімімен осы Заңда айқындалған тәртіппен қайта аттестатталуға тиіс.
      3. Аттестаттау комиссиясының отырысында аттестатталушы қызметкермен әңгімелесу жүргізіледі.
      4. Аттестаттау комиссиясының отырысында дәлелді себептермен болмаған қызметкерлер қызметке шыққаннан кейін әңгімелесуден өтеді.
      5. Аттестаттау комиссиясының отырысына қызметкер дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда, аттестаттау комиссиясы осы Заңда айқындалған тәртіппен қызметкерді қайта аттестаттау туралы шешім қабылдайды.
      6. Аттестаттау комиссиясы әңгімелесудің қорытындысы бойынша мынадай:
      1) атқаратын лауазымына сәйкес және кадр резервіне қоюға немесе жоғары тұрған лауазымға ұсынылады;
      2) атқаратын лауазымына сәйкес;
      3) қайта аттестатталуға тиіс;
      4) атқаратын лауазымына сәйкес емес және лауазымын төмендетуге ұсынылады деген шешімдердің бірін қабылдайды.
      7. Аттестаттау комиссиясының шешімі үш жұмыс күні ішінде оның отырысына қатысқан аттестаттау комиссиясының мүшелері мен хатшысы қол қойған хаттамамен ресімделеді.
      8. Кадр бөлімшесі аттестаттау комиссиясының шешімін қызметкердің аттестаттау парағына енгізеді, қызметкер шешіммен ол қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қолын қоя отырып, танысады.
      8-1. Тестілеудің не кәсіптік жарамдылықты айқындау бойынша нормативтер тапсырудың нәтижелерін бұрмалау фактілері анықталған жағдайда, жоғары тұрған аттестаттау комиссиясы немесе құқық қорғау органының жоғары тұрған басшысы аттестаттау комиссиясы шешімінің күшін жоюға тиіс.
      9. Аттестаттаудан өткен қызметкердің аттестаттау парағы және оның қызметтік мінездемесі жеке ісінде сақталады.
      Ескерту. 50-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      51-бап. Қайта аттестаттау
      1. Қайта аттестаттау алғашқы аттестаттау өткен күннен бастап, үш айлық мерзімде және алты айдан кешіктірілмей өткізіледі.
      2. Қайта аттестаттау кезінде кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсырмаған не тестілеуден өту кезінде шекті мәннен төмен баға алған қызметкерлер, сондай-ақ аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда, аттестаттау комиссиясының шешімі бойынша осы Заңда айқындалған тәртіппен лауазымынан төмендетілуге немесе жұмыстан шығарылуға ұсынылады.
      3. Аттестаттау комиссиясы қайта аттестаттау өткізіп, мынадай:
      1) атқаратын лауазымына сәйкес;
      2) атқаратын лауазымына сәйкес емес және лауазымын төмендетуге ұсынылады;
      3) атқаратын лауазымына сәйкес емес және жұмыстан шығарылуға ұсынылады деген шешімдердің бірін қабылдайды.
      4. Аттестаттау комиссиясының жұмыстан шығару туралы ұсыныс жасай отырып, қызметкердің атқаратын лауазымына сәйкес еместігі туралы қабылдаған шешімі аттестаттаудың теріс нәтижесі болып табылады.
      52-бап. Аттестаттау комиссиясының шешімі
      Аттестаттау комиссиясының шешімі қызметкерді кадр резервіне қою, қызметкерді жоғары тұрған лауазымға ұсыну, қызметкерді лауазымынан төмендету немесе оны жұмыстан шығару негіздерінің бірі бола алады.
      53-бап. Аттестаттау комиссиясының шешіміне шағымдану
      Қызметкер аттестаттау комиссиясының шешіміне бір айлық мерзімде  құқық қорғау органының басшысына немесе уәкiлеттi басшыға және (немесе) сот тәртібімен шағымдана алады.
      Ескерту. 53-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
7-тарау. ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТТІК ТӘРТІП
      54-бап. Құқық қорғау органдарындағы қызметтік тәртіп
      1. Қызметкердiң Қазақстан Республикасының заңнамасында, құқық қорғау органдары басшыларының және уәкiлеттi басшылардың актілерінде белгіленген нормалар мен қағидаларды міндетті түрде сақтауы құқық қорғау қызметіндегі қызметтік тәртiп болып табылады.
      2. Құқық қорғау органының басшысы және уәкiлеттi басшы өзінің бағыныстылары арасындағы қызметтiк тәртiптiң жай-күйiне жауап бередi.
      3. Қызметтік тәртіпті қамтамасыз ету және нығайту мақсатында  құқық қорғау органының басшысы немесе уәкiлеттi басшы қызметкерлерге және құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары курсанттарына (тыңдаушыларына) осы Заңмен көзделген көтермелеу шараларын қолдана алады және оларға тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін.
      Ескерту. 54-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      55-бап. Қызметкерлерге қолданылатын көтермелеулер
      1. Мiндеттерiн үлгiлi атқарғаны және қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін қызметкерлерге және құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттарына (тыңдаушыларына) мынадай:
      1) алғыс жариялау;
      2) біржолғы ақшалай сыйақы беру;
      3) бағалы сыйлықпен марапаттау;
      4) грамотамен марапаттау;
      5) Құрмет грамотасымен марапаттау;
      6) ведомстволық наградамен және құқық қорғау органының үздігі төсбелгісімен марапаттау;
      7) кезекті арнаулы атақты немесе сыныптық шенді мерзімінен бұрын беру;
      8) Құрмет кітабына немесе Құрмет тақтасына енгізу;
      9) құрметті атақ беру;
      10) құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен көзделген өзге де көтермелеу түрлері көзделген.
      Қызметкерге осы баппен көзделген көтермелеу түрлерін қолдану тәртібі құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
      2. Көтермелеу ретінде құқық қорғау органы қызметкеріне бұрын салынған тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу қолданылуы мүмкін.
      3. Көтермелеулер бұйрықтармен ресімделеді.
      4. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында білім беру ұйымдары орналасқан жерден кезектен тыс босату түріндегі де көтермелеу қолданылады.
      5. Қызметкерлер ерекше сiңiрген еңбегi үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк наградалармен марапатталуға ұсынылуы мүмкін.
      56-бап. Қызметкерлерге қолданылатын тәртiптiк жазалар
      1. Құқық қорғау органдарындағы тәртіптік жазалар тәртіптік жауапкершілік шарасы болып табылады.
      2. Қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін қызметкерлерге:
      1) ескерту;
      2) сөгіс;
      3) қатаң сөгіс;
      4) қызметке толық сәйкес еместігi туралы ескерту;
      5) атқаратын лауазымынан босату;
      6) арнаулы атағын немесе сыныптық шенін бiр саты төмендету;
      7) құқық қорғау органдарынан шығару;
      8) құқық қорғау органының басшылары немесе уәкiлеттi басшылар берген немесе марапаттаған құрметті атақтарынан, төсбелгілерінен айыра отырып, құқық қорғау органынан шығару;
      9) арнаулы атағынан немесе сыныптық шенінен айыра отырып, құқық қорғау органынан шығару тәртіптік жаза түрлері қолданылуы мүмкін. Осы тармақтың 9) тармақшасында көзделген тәртіптік жаза қызметкер «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 1-тармағының 13) және 14) тармақшаларында көзделген теріс себептермен жұмыстан шығарылған кезінде қолданылады.
      3. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында курсанттарға (тыңдаушыларға) осы бапта көзделген тәртіптік жазаларға қоса, мынадай:
      1) нарядқа кезектен тыс тағайындау (бөлімшенің қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі нарядқа тағайындаудан басқа);
      2) құқық қорғау органының білім беру ұйымы орналасқан жерден кезекті босатудан айыру;
      3) құқық қорғау органының білім беру ұйымынан шығару тәртіптік жазалары қолданылуы мүмкін.
      Ескерту. 56-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
      57-бап. Тәртіптік жаза қолданудың негіздері мен шарттары
      1. Қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауы тәртіптік жаза қолданудың негізі болып табылады.
      2. Тәртіптік жаза қолдану және оның түрін анықтау кезінде қызметкердің кінәсінің болуы, жасалған тәртіптік теріс қылықтың ауырлығы және мән-жайы, қызметкердің жеке басы және оның қызметке қатысы, теріс салдарлардың болуы және құқық қорғау органының беделіне нұқсан келтіруі ескеріледі.
      Тәртіптік жауапкершілікке тарту тәртібі мен шарттары құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
      3. Қызметкер тәртіптік теріс қылық жасаған кезде одан жазбаша түсініктеме талап етіледі. Егер жазбаша түсініктемесінде қызметкер өзінің тәртіптік теріс қылықты жасау фактісімен келіссе, онда құқық қорғау органының басшысы немесе уәкiлеттi басшы қызметтік тергеу жүргізбей жаза қолдануға құқылы.
      Егер қызметкер өзінің жазбаша түсініктемесінде өзінің тәртіптік теріс қылық жасау фактісімен келіспесе, онда құқық қорғау органы басшысының немесе уәкiлеттi басшының бұйрығымен қызметтік тергеу жүргізілуге тиіс.
      4. Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқаратын лауазымынан босату және қызметінен шығару түріндегі жаза жүргізілген қызметтік тексеру нәтижелері және тәртіптік комиссияның тиісті ұсынымдары бойынша қолданылады. Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқаратын лауазымынан босату түріндегі жаза алқаның немесе құқық қорғау органы бірінші басшысы жанындағы жедел кеңестің шешімі негізінде де қолданылады.
      Тәртіптік комиссияны құру және оның жұмыс істеу тәртібін құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
      5. Бірнеше қызметкер бірлесіп тәртіптік теріс қылық жасаған кезде жаза әр кінәліге жеке-жеке қолданылады.
      6. Қызметтік тәртiптiң бұзылуының әрбiр жағдайы үшiн бір тәртіптік жаза ғана қолданылуы мүмкiн.
      7. Жаза қолдану тәртіптік теріс қылық жасаған қызметкерді атқармағаны немесе тиісінше атқармағаны үшін тәртіптік жаза қолданылған міндетті атқарудан босатпайды.
      8. Тәртiптiк жаза қолдану туралы бұйрық ол шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тәртіптік жазаға тартылған қызметкерге қолын қойдырып, жария етіледі.
      9. Тәртiптiк жаза қолдану туралы бұйрықпен танысудан бас тарту құқық қорғау органының кадр бөлiмшесi жасайтын актiде ресiмделедi және арнайы журналда тiркеледi.
      Қызметкерді тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен жеке таныстыруға мүмкіндік болмаған жағдайда, құқық қорғау органының кадр бөлімшесі тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтың көшірмесін қызметкерге хабарламалы хатпен жіберуге міндетті.
      10. Тәртiптiк жаза тәртіптік терiс қылық мәлiм болған күннен бастап бiр айдан және тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешiктiрiлмей қолданылады.
      Қызмет бабында қызметкер бағынатын адамға тәртіптік жаза қолдану құқығы берілгеніне не берілмегеніне қарамастан, тәртіптік теріс қылық жасалғаны туралы белгілі болған, бір айлық мерзім басталатын күн тәртіптік теріс қылық байқалған күн болып есептеледі.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      11-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 04.07.2014 № 233-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
      11. Қызметтiк тергеу жүргізiлген, қылмыстық іс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғалып, сотта қаралған жағдайда тәртіптік жаза, кінәлінiң сырқаттануына немесе демалыста, іссапарда болуына байланысты жұмыста болмаған уақытын есептемегенде, тиiсiнше тергеу аяқталған, қылмыстық iсті немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша істі жүргізуді қысқарту туралы процессуалдық шешiм қабылданған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қолданылады.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      12-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 04.07.2014 № 233-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
      12. Қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған не қылмыстық іс қысқартылған жағдайда, бірақ қызметкердің әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық, әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болған кезде жаза қылмыстық іс қозғаудан бас тарту не оны қысқарту туралы шешім қабылданған күннен бастап - бір айдан, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгілері болған кезде - үш айдан кешіктірілмей қолданылады.
      13. Қызметкер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық не сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық жасаған жағдайда, тәртіптік жаза тәртіптік теріс қылық жасалғаны мәлім болған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей қолданылады және тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктіріп қолдануға болмайды.
      14. Қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз, демалыста немесе iссапарда болған кезеңде, сондай-ақ егер тәртіптік терiс қылық жасалған күннен бастап алты айдан астам уақыт өткен жағдайда, оған тәртiптiк жаза қолданылмайды.
      15. Еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңi, демалыста, iссапарда болуы, егер жасалған тәртіптік терiс қылық туралы осы кезеңде немесе ол басталғанға дейiн белгiлi болса, жаза қолдану мерзімін тоқтата тұрады.
      16. Қызметкер өзін тәртіптік жауапкершілікке тартумен байланысты барлық материалдармен танысуға құқылы.
      17. Қызметкерге қолданылған тәртiптiк жазаның мерзiмi оның қолданылған күнiнен бастап алты айдан аспайды. Егер осы мерзiм iшiнде қызметкер жаңадан тәртiптiк жазаға тартылмаса, онда оның тәртiптiк жазасы жоқ деп есептеледi.
      18. Егер қызметкерге, тікелей басшының құқықтары шегiнен шығатын жазалау шараларын қолдану қажет болса, онда ол бұл туралы жазалау шараларын қолдануға уәкілетті жоғары тұрған лауазымды адамға өтiнiш жасайды.
      19. Жоғары тұрған басшының, егер бұрын жарияланған жаза жасалған тәртіптік терiс қылықтың ауырлығына сәйкес келмесе, төмен тұрған басшы қолданған тәртiптiк жазаны алып тастауға құқығы бар.
      20. Тәртіптік жазалар қолдану жөнiнде өзiне берiлген құқықтарын асыра пайдаланған басшы бұл үшiн тәртiптiк жауапкершілiкке тартылады, ал жазалау шараларын қолдануға уәкілеттi адам жазалау туралы бұйрықтардың күшін жояды.
      21. Қызметкер өзiне қолданылған тәртiптiк жазаға жоғары тұрған органға не сотқа шағымдануға құқылы.
      Ескерту. 57-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 23.04.2014 N 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
      58-бап. Қызметтік тергеу
      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 03.07.2014 № 227-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
      1. Қызметтік тергеу қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауының себептерін, сипатын және мән-жайларын анықтау, осы Заңда көзделген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мән-жайлардың болуы немесе болмауын растау қажет болған кезде, оның ішінде қызметкерлердің жазбаша баянаты және құқық қорғау және сот органдарының хабарламалары негізінде құқық қорғау органы басшысының немесе уәкiлеттi басшының шешімі бойынша жүргізіледі.
      Қажет болған жағдайда қызметтік тергеу жүргізу кезінде полиграфологиялық зерттеу жүргізіледі.
      2. Қызметтік тергеу жүргізуге оның нәтижесіне тікелей немесе жанама мүдделі қызметкер қатыса алмайды. Мұндай жағдайда ол қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған адамға, өзін осы тергеу жүргізуге қатысудан босату туралы жазбаша баянатпен жүгінуге міндетті. Осы аталған талаптар сақталмаған жағдайда, қызметтік тергеу нәтижелері заңсыз деп есептеледі.
      3. Қызметтік тергеу жүргізу кезінде мынадай:
      1) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасау фактісін;
      2) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауына ықпал еткен себептер мен жағдайларды;
      3) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасау нәтижесінде келтірген залалдың сипаты мен мөлшерін;
      4) қызметкердің қызметін өткеруге кедергі келтіретін мән-жайлардың болу немесе болмауын объективті және жан-жақты анықтау шаралары қолданылуға тиіс.
      4. Қызметтік тергеу оны жүргізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Аталған мерзімге қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкердің демалыста, іссапарда немесе емделуде болған уақыты, сондай-ақ оның өзге де дәлелді себептермен қызметте болмаған уақыты есептелмейді.
      5. Қызметтік тергеудің нәтижелері қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған адамға жазбаша нысандағы қорытынды түрінде беріледі, ол оны тергеу аяқталған күннен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірмей бекітеді.
      6. Өзіне қатысты қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкерден қызметтік тергеу жүргізудің мән-жайы бойынша түсініктеме талап етіп алынады.
      7. Өзіне қатысты қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкер:
      1) жүргізілетін қызметтік тергеудің мәні бойынша жазбаша түсініктеме беруге;
      2) өтініш айтуға, айғақтар және өзге де құжаттар ұсынуға;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      3) тармақша жаңа редакцияда көзделген - ҚР 03.07.2014 № 227-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
      3) қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған құқық қорғау органының басшысына немесе уәкiлеттi басшыға қызметтік тергеу жүргізетін қызметкерлердің шешімдеріне және әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдануға;
      4) егер ол мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді таратпау талаптарына қайшы келмесе, қызметтік тергеу аяқталғаннан кейін қорытындымен және басқа да материалдармен танысуға құқылы.
      Қызметкер жазбаша түсініктеме беруден бас тартқан кезде тиісті акт жасалады.
      8. Қызметтік тергеу нәтижелері бойынша қорытындыда:
      1) қызметтік тергеу нәтижесі бойынша анықталған фактілер мен мән-жайлар;
      2) қызметтік тергеу нәтижесі бойынша тұжырымдар мен ұсыныстар көрсетіледі.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      9-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 03.07.2014 № 227-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
      9. Қызметтік тергеу жүргізу кезінде қызметкердің әрекетінде қылмыс белгілері мәлім болған жағдайда, қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған құқық қорғау органының басшысы немесе уәкiлеттi басшы алынған материалдарды процессуалдық шешім қабылдау үшін тиісті құқық қорғау органдарына дереу беруге міндетті.
      10. Қызметтік тергеу жүргізу тәртібі құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
      Ескерту. 58-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет