3-тарау. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
14-бап. Қызметкерлердің мәртебесі және олардың құқықтық
кепілдіктері
1. Қызметкерлер мемлекеттiк биліктің өкiлдерi болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.
2. Қызметкерлердің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген талаптарын (бұдан әрі – заңды талаптар) барлық азаматтар мен лауазымды адамдар орындауға міндетті.
3. Қызметкерлердiң заңды талаптарын орындамау, оларды қорлау, қарсылық көрсету, күш қолданамын деп қорқыту немесе олардың өмiрiне, денсаулығына, ар-намысы мен қадiр-қасиетiне, мүлкiне қол сұғушылық, оларға жүктелген мiндеттердi орындауға кедергі келтіретін басқа да iс-әрекеттер, сондай-ақ қызметкерлердiң қызметтік мiндеттерi мен қызметтiк борышын орындауына байланысты олардың отбасы мүшелерiнiң, жақын туыстарының өмiрiне, денсаулығына, ар-намысына, қадiр-қасиетiне және мүлкiне қол сұғушылық заңдарда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
4. Қызметкерлер өздерiне жүктелген мiндеттердi орындау кезiнде, Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген жағдайларды қоспағанда, тек құқық қорғау органының басшысына, тікелей және уәкілетті басшыларына бағынады.
5. Қызметкерлердің қызметіне, бұған заңмен тiкелей уәкiлеттiк берiлген адамдарды қоспағанда, ешкiмнiң араласуына құқығы жоқ. Қызметкерлердiң қызметіне құқыққа қарсы араласу заңдарда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
6. Заңға қайшы келетiн бұйрық немесе нұсқау алған кезде қызметкер заңды басшылыққа алуға мiндеттi және оның қорғауында болады.
7. Қызметкерлердiң өздерiне қатысты қабылданған шешiмдер мен iс-әрекеттерге жоғары тұрған лауазымды адамдарға және (немесе) сотқа шағымдануға құқығы бар.
8. Егер қызметкерлердің іс-әрекеттері осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асырылса, олар атыс қаруын және өзге де қаруды, арнаулы құралдарды және дене күшін қолдануына байланысты келтірілген зиян үшін жауаптылықта болмайды.
Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 23.04.2014 N 200-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
15-бап. Қызметкерлердің құқық қорғау қызметін өткеруге
байланысты құқықтары
1. Қызметкерлердің:
1) лауазымдық міндеттерін атқару үшін қажетті ақпараттар мен материалдарды белгіленген тәртіппен алуға;
2) өздерінің құқықтары мен лауазымдық міндеттерін айқындайтын ережемен, өзге де құжаттармен және жоғарылатуға ұсыну шарттарымен танысуға;
3) лауазымдық міндеттерін атқарумен байланысты мемлекеттік органдарға, ұйымдарға олардың ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, белгіленген тәртіппен кіріп-шығуға;
4) егер мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалану лауазымдық міндеттерін орындауға байланысты болса, белгіленген тәртіппен осындай мәліметтерге қол жеткізуге;
5) лауазымдық міндеттерін атқаруға және кәсіби дамуына құқық қорғау органының қажетті жағдайлар жасауына;
6) қызмет әрекеті нәтижелерін, мемлекеттік қызмет өтілі мен біліктілік деңгейі ескеріле отырып, қызметте өсуіне;
7) өзінің кәсіптік қызмет әрекеті туралы пікірлермен және басқа құжаттармен олар жеке ісіне енгізілгенге дейін, жеке ісінің материалдарымен танысуына, сондай-ақ өзінің жазбаша түсініктемелерін және басқа құжаттар мен материалдарды жеке іске қосуына;
8) Осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген тәртіппен, кәсіптік қайта даярлыққа, біліктілігін арттыруына және тағылымдамадан өтуіне;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз өмірінің, денсаулығының және мүлкінің, өз отбасы мүшелері өмірінің, денсаулығының және мүлкінің мемлекеттік қорғалуына;
10) өзінің дербес деректерінің қорғалуына;
11) өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін, сондай-ақ құқық қорғау қызметін өткеруге байланысты жеке дауларды шешу үшін бағыныстылық тәртібімен жоғары тұрған лауазымды адамдарға, жоғары тұрған органдарға немесе сотқа жүгінуге;
12) медициналық және санаториялық-курорттық қызмет көрсетілуіне;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнетақымен қамсыздандырылуға;
14) тұрғын үймен қамтамасыз етілуге және әлеуметтік қамсыздандырылуға;
15) құқық қорғау қызметінің ерекшеліктері ескеріле отырып, қызметте тиісінше ұйымдастырушылық-техникалық және санитариялық жағдайлар жасалуына;
16) осы Заңға және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалуына;
17) оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметті жүзеге асыруына құқығы бар.
2. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерін қоспағанда, қызметкерлерге атыс қаруы мен өзге де қаруды және арнаулы құралдарды алып жүру, сақтау және қолдану құқығы берiледi. Олар дене күшін, оның iшiнде күрестiң жауынгерлiк тәсiлдерiн қолдануға да құқылы. Атыс қаруы мен өзге де қаруды, арнаулы құралдарды және дене күшін қолдану тәртібі осы Заңда айқындалады.
3. Қызметкерлерге өз құзыреті шегінде өздеріне жүктелген міндеттерге сәйкес Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметін реттейтін заңдарымен көзделген өзге де құқықтар беріледі.
Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 11.04.2014 № 189-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 23.04.2014 N 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
16-бап. Қызметкерлердің құқық қорғау қызметін өткеруге
байланысты міндеттері
1. Қызметкерлер:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;
2) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделерiнiң сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз етуге;
3) заңмен көзделген тәртiп пен мерзiмде жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарауға, олар бойынша қажеттi шаралар қолдануға;
4) өздерiне берiлген құқықтар шегiнде және лауазымдық мiндеттерiне сәйкес өкiлеттiгiн жүзеге асыруға;
5) қызметтік және еңбек тәртiбiн сақтауға;
6) өзiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шектеулердi қабылдауға;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген қызметтiк әдеп нормаларын сақтауға;
8) басшылардың заңды бұйрықтары мен өкiмдерiн, жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдардың өз өкiлеттiктерi шегiнде шығарған шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға;
9) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны, оның iшiнде құқық қорғау қызметiн тоқтатқаннан кейiн де, ол жөнiнде қолхат бере отырып, заңмен белгiленген уақыт iшiнде сақтауға;
10) қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған, азаматтардың жеке өмiрiн, ар-намысын және қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi құпия сақтауға және заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, олардан мұндай ақпарат берудi талап етпеуге;
11) мемлекеттiк мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етуге;
12) қызметкердің жеке мүддесi өзінің өкiлеттiгімен ұштасатын немесе оған қайшы келетiн жағдайларда, жазбаша нысанда баянат беруге және тікелей және уәкілетті басшыны дереу хабардар етуге;
13) өзiнiң кәсiптік деңгейi мен біліктiлiгiн арттыруға;
14) мемлекеттік қызмет мүдделеріне зиян келтіретін жария сөйлеуге жол бермеуге;
15) Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы өтініш бергендігі туралы оны берген күні өзінің тікелей басшысына хабарлауға;
16) қызметкер өзінің өкілеттіктерін орындау кезеңінде жыл сайын, сондай-ақ құқық қорғау қызметінен теріс себептер бойынша шығарылған адамдар және олардың жұбайлары (зайыптары) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен үш жыл бойы тұрғылықты жеріндегі салық органына табысы мен мүлкі туралы декларация табыс етуге мiндеттi.
2. Қызметкерлерге өз құзыреті шегінде қойылған міндеттерге сәйкес, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының қызметін реттейтін заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамаларында көзделген өзге де міндеттер белгіленеді.
3. Қызметкерлер адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделерін бұзған жағдайда, құқық қорғау органдары сол құқықтарды қалпына келтіріп, келтірілген залалды өтеуге, кінәлі қызметкерлерді Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа тартуды қамтамасыз етуге тиіс.
17-бап. Қызметкердің құқық қорғау қызметінде болуына
байланысты шектеулер
1. Қызметкердің:
1) өкiлдi органдардың депутаты және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшесі болуға, партиялар, кәсіптік одақтар қатарында болуға, қандай да бір саяси партияны қолдауға, құқық қорғау органдары жүйесінде өз мүшелерінің еңбек, сондай-ақ басқа да әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін білдіру мен қорғау және еңбек жағдайын жақсарту үшін олардың кәсіптік мүдделерінің ортақтығына негізделген саяси мақсаттарды көздейтiн қоғамдық бірлестіктерді құруға;
2) педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтердi қоспағанда, басқа да ақылы қызметпен айналысуға;
3) кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, оның iшiнде оның ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға;
4) заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, үшiншi тұлғалардың істерi бойынша өкiл болуға;
5) өзiнiң қызметтiк әрекетiн қамтамасыз ететін материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсатта пайдалануға;
6) ереуiлдердi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және қызметтiк мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн әрекеттерге қатысуға;
7) лауазымдық өкiлеттiктерін атқаруға байланысты жеке және заңды тұлғалардың қызметiн жеке мақсатында пайдалануға;
8) пайдакүнемдiк мақсатта, оның ішінде лауазымды немесе өзге де адамдармен сөз байласу жолымен қызмет бабын пайдалануға;
9) өзінің жақын туыстары (ата-аналары, балалары, бала асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері және апа-сіңлілері, қарындастары, аталары, әжелері, немерелері) немесе жұбайы (зайыбы) атқаратын қызметіне тікелей бағынысты лауазымды атқаруға құқығы жоқ.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, қызметкер лауазымға кіріскеннен кейін бір ай ішінде коммерциялық ұйымдардағы өзінің меншігіндегі акцияларды (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) және пайдаланылуы табыс табуға әкелетін өзге де мүлікті құқық қорғау қызметін өткеру уақытына сенімгерлікпен басқаруға беруге міндетті, бұған өзіне заңды түрде тиесілі ақша, облигациялар, ашық және аралық пайлық инвестициялық қорлардың пайлары, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлік қосылмайды. Мүлікті сенімгерлікпен басқару шартын нотариат куәландыруға тиіс.
Қызметкердiң сенiмгерлікпен басқаруға берiлген мүлiктен, оның iшiнде сыйақы, дивидендтер, ұтыстар түрінде табыс алуға, мүлiктi жалға беруден және басқа да заңды көздерден табыстар алуға құқығы бар.
3. Осы бапта көзделген шектеулерді сақтамағаны үшін жауапкершілік осы Заңмен, Қазақстан Республикасының басқа да заңдарымен белгіленеді.
18-бап. Әскери жағдай қолданылатын кезеңде құқық қорғау
қызметінде құқықтық қатынастардың туындауы мен
өзгеруі
Әскери жағдай қолданылатын кезеңде құқық қорғау қызметінде құқықтық қатынастардың туындау және өзгеру ерекшеліктерін және оны жалғастыруды Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
19-бап. Қызметкерлердің жауапкершілігі
1. Өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық, тәртiптiк жауаптылықта болады.
2. Көрінеу заңға қайшы бұйрықты немесе нұсқауды орындау қызметкерді жауапкершiлiктен босатпайды.
Атқару үшiн алынған өкiмнiң заңдылығына күмәнданған жағдайда, бұл жөнiнде ол өзiнiң тiкелей басшысына және өкiмдi берген басшыға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиiс. Лауазымы бойынша жоғары тұрған басшы аталған өкiмдi жазбаша растаған жағдайда қызметкер, егер оны орындау қылмыстық жазалануға тиiс әрекеттерге әкеп соқпайтын болса, оны орындауға мiндеттi. Қызметкердің заңсыз өкiмдi орындауының салдары үшiн осы өкiмдi растаған басшы жауаптылықта болады.
3. Қызметкерлердiң iс-әрекетiне (әрекетсiздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
4. Заңға қайшы әрекеттерімен құқық қорғау органына келтірілген материалдық залал үшін қызметкер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес материалдық жауаптылықта болады.
20-бап. Қызметкерлердің қызметтік куәліктері және
жетондары
1. Қызметкерлерге олардың жеке басын және өкілеттіктерін растайтын қызметтік куәліктер және жетондар беріледі.
Жетондар прокуратура органдарының қызметкерлеріне берілмейді.
Қызметтік куәліктің сипаттамасын және жетондардың үлгілерін құқық қорғау органының басшысы бекітеді.
2. Қызметтік куәлік адамның құқық қорғау органына қатыстылығын, оның құқық қорғау қызметіндегі лауазымын және арнаулы атағын немесе сыныптық шенін растайтын құжат болып табылады.
Қызметкердің қызметтік куәлігі, мемлекеттік өртке қарсы қызмет қызметкерін қоспағанда, оның атыс қаруын, арнаулы құралдарды алып жүру және сақтау құқығын, қызметкерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген өзге де өкілеттіктерді растайды.
21-бап. Қызметкерлердің нысанды киімі және айырым
белгілері
1. Қызметкердің құқық қорғау қызметін өткеретін құқық қорғау органына байланысты оның құқық қорғау қызметіне қатыстылығын көрсету мақсатында қызметкерлердің арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері бойынша нысанды киім және айырым белгілері белгіленеді.
2. Арнаулы атақ немесе сыныптық шен берілген қызметкерлер нысанды киіммен тегін қамтамасыз етіледі.
3. Нысанды киімнің сипаттары, айырым белгілері, киіп жүру тәртібі және онымен қамтамасыз ету нормасы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
4-тарау. АРНАУЛЫ АТАҚТАР НЕМЕСЕ СЫНЫПТЫҚ ШЕНДЕР
22-бап. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беру
1. Қызметкерлерге мынадай арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беріледі:
1) қатардағы құрам:
қатардағы қызметкер;
2) кiшi басшы құрам:
кiшi сержант;
сержант;
аға сержант;
старшина;
3) орта басшы құрам:
кiшi лейтенант;
лейтенант, 3-сыныпты заңгер;
аға лейтенант, 2-сыныпты заңгер;
капитан, 1-сыныпты заңгер;
4) аға басшы құрам:
майор, кіші кеңесші;
подполковник, кеңесші;
полковник, аға кеңесші;
5) жоғары басшы құрам:
генерал-майор, 3-сыныпты мемлекеттік кеңесші;
генерал-лейтенант, 2-сыныпты мемлекеттік кеңесші;
генерал-полковник, 1-сыныпты мемлекеттік кеңесші;
жоғары сыныпты мемлекеттік кеңесші.
2. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер қызметкерлерге бiлiктiлiгi, бiлiмi, қызметке қатысы, еңбек сiңiрген жылдары және атқаратын штаттық лауазымы ескерiле отырып, реттілік тәртібімен дербес берiледi.
3. Қызметкерлердің арнаулы атақтарының немесе сыныптық шендерінің алдынан тиісті септікте, олардың қайсысына қатыстылығын көрсететін мынадай сөздер қосылады:
1) прокуратура органдарына – «әділет»;
2) ішкі істер органдарына – «полиция», «әділет»;
3) қаржы полициясы органдарына – «қаржы полициясының»;
4) алып тасталды - ҚР 2012.01.18 N 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;
5) мемлекеттік өртке қарсы қызметке – «өртке қарсы қызмет»;
6) кеден органдарына – «кеден қызметінің»;
7) мемлекеттік фельдъегерлiк қызметке – «фельдъегерлiк қызмет».
4. Қызметте болудың шекті жасына жеткен немесе зейнетақыға құқық беретін еңбек сіңірген жылдары бар қызметкерлердің арнаулы атақтарының немесе сыныптық шендерінің алдынан «отставкадағы» деген сөз қосылады.
5. Құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын курсанттарының (тыңдаушыларының) қатарына қабылданған азаматтарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнаулы атақтар беріледі.
6. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң запасында тұратын азаматқа, ол құқық қорғау органдарындағы басшы құрам лауазымына тағайындалғаннан кейiн, оның өзiнде бар әскери атағынан төмен емес арнаулы атақ немесе сыныптық шен беріледi.
7. Құқық қорғау органдарында бұрын қызмет өткерген адамдар қызметке жаңадан қабылданған (оқуға түскен) кезде, басқа құқық қорғау органынан iссапарға жiберу тәртiбiмен қабылданған адамдар, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерген адамдар, әскери қызметшілер бұрынғы қызмет орны бойынша берілген өздерiнде бар сыныптық шенмен, арнаулы немесе әскери атақпен лауазымға тағайындалады (оқуға қабылданады), олар кейіннен жаңа қызмет (оқу) орны бойынша берілетін арнаулы атаққа немесе сыныптық шенге теңестіріледі.
Бұрынғы сыныптық шенде, арнаулы немесе әскери атақта болу мерзiмi кезектi арнаулы атақ немесе сыныптық шен беру үшiн еңбек сiңiрген мерзiмге есептеледi.
8. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық қорғау органдарына жүктелген негізгі міндеттер мен функцияларды тікелей орындайтын лауазымды адамдарға арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беруге құқық беретін лауазымдар тізбесін олардың өкілеттіктеріне сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
9. Бұрын «ішкі қызмет аға прапорщигі», «ішкі қызмет прапорщигі», «әділет аға прапорщигі», «әділет прапорщигі» әскери немесе арнаулы атақтары берілген адамдар осы Заңда көзделген негіздер бойынша өз қызметтерін тоқтатқанға дейін осы атақтарда қызметтерін жалғастыруға құқылы.
Ескерту. 22-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 18.01.2012 N 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 23.04.2014 N 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
23-бап. Бірінші және кезектi арнаулы атақтар немесе
сыныптық шендер берудің тәртібі
1. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер берілу ретіне қарай бірінші және кезектi болып бөлiнедi.
1-1. Мыналар:
1) қатардағы құрам үшін – қатардағы қызметкер;
2) кіші басшы құрам үшін – кіші сержант (сержант);
3) орта басшы құрам үшін – кіші лейтенант (лейтенант), 3-сыныпты заңгер бірінші арнаулы атақтар немесе сыныптық шен болып есептеледі.
2. Қатардағы және кiшi басшы құрамның арнаулы атақтарын (бірінші және кезектi) уәкілетті басшы бередi.
3. Орта және аға басшы құрамның бірінші арнаулы атақтарын немесе сыныптық шендерін құқық қорғау органының басшысы береді.
4. Кiшi лейтенанттың бірінші арнаулы атағы:
1) қатардағы немесе кіші басшы құрам лауазымдарын атқарып жүрген, жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының соңғы курстарында оқитын және орта басшы құрам лауазымдарына тағайындалған қызметкерлерге;
2) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын бітірген және орта басшы құрам лауазымдарына тағайындалған азаматтарға беріледі.
5. Лейтенант арнаулы атақтары:
1) кiшi лейтенанттарға – арнаулы атақта еңбек сiңiрудiң осы Заңда белгiленген мерзiмiнің өтуі бойынша, ал жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын бітіргендерге – бұл атақта еңбек сiңiру мерзiмiне қарамастан;
2) қатардағы қызметкер мен кiшi басшы құрамның арнаулы атақтары бар, техникалық және кәсіптік, орта білімнен және жоғары білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарын бiтiрген және орта басшы құрам лауазымдарына тағайындалған қызметкерлерге;
3) жоғары бiлiмi бар және орта немесе аға басшы құрам лауазымдарына тағайындалған адамдарға берiледi.
5-1. 3-сыныпты заңгер бірінші сыныптық шені аттестаттаудан өткеннен кейін беріледі.
6. Басшы құрамның кезектi арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтар немесе сыныптық шендерге сәйкес болған жағдайда және арнаулы атақтар немесе сыныптық шендерде еңбек сiңiрудiң белгiленген мерзiмi өткен соң реттілік тәртібімен берiледi.
7. Орта және аға басшы құрамның кезектi арнаулы атақтарын немесе сыныптық шендерін:
1) капитанға дейін, 1-сыныпты заңгерді қоса алғанда – уәкілетті басшы;
2) полковникке дейін, аға кеңесшіні қоса алғанда – құқық қорғау органының басшысы береді.
8. Жоғары басшы құрамның арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері Қазақстан Республикасының Президентi белгілейтін лауазымдар тізбесі және тәртіп бойынша беріледi.
9. Бағынысты қызметкердi кезектi арнаулы атақты немесе сыныптық шенді беруге ұсынуды негiзсiз кешiктiрген құқық қорғау органының басшысы немесе уәкiлеттi басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
10. Орта және аға басшы құрамның кезектi арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының тыңдаушылары мен докторанттарына, сондай-ақ оқу ақысын бюджет қаражаты есебінен төлей отырып, құқық қорғау органдарының жолдамалары бойынша шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында оқитындарға – оқуға түскеннен кейiн, осы лауазымдар бойынша штаттағы арнаулы атақтар немесе сыныптық шендерге енгiзiлген өзгерiстер ескерiлместен, олар оқуға түскенге дейiн атқарған штаттық лауазымдарына сәйкес тиiстi арнаулы атақтарда немесе сыныптық шендерде еңбек сiңiрудiң белгiленген мерзiмiнің өтуіне орай; кезектi арнаулы немесе әскери атақтар, сыныптық шендер қызметкерлер оқуды аяқтаған соң тағайындалатын штаттық лауазымдар бойынша атақтарға сәйкес болған жағдайда – білім беру ұйымдарын, магистратураны, докторантураны бiтiруіне орай берiледi.
Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
24-бап. Арнаулы атақтарда немесе сыныптық шендерде еңбек
сіңіру мерзімдері
1. Қатардағы және кіші басшы құрамның арнаулы атақтарда еңбек сіңіру мерзімдері:
қатардағы қызметкер атағында – үш ай;
кіші сержант атағында – бір жыл;
сержант атағында – екі жыл;
аға сержант атағында – үш жыл.
Cтаршина атағында еңбек сіңіру мерзімі белгіленбейді.
2. Орта және аға басшы құрамның арнаулы атақтарда және сыныптық шендерде еңбек сіңіру мерзімдері:
кіші лейтенант атағында – бір жыл;
лейтенант, 3-сыныпты заңгер атағында – бір жыл;
аға лейтенант, 2-сыныпты заңгер атағында – үш жыл;
капитан, 1-сыныпты заңгер атағында – төрт жыл;
майор, кіші кеңесші атағында – бес жыл;
подполковник, кеңесші атағында – жеті жыл.
3. Полковник арнаулы атағында, аға кеңесші сыныптық шенінде, сондай-ақ жоғары басшы құрамның атақтарында және сыныптық шендерінде еңбек сіңіру мерзімі белгіленбейді.
4. Арнаулы атақта немесе сыныптық шенде еңбек сіңіру мерзімі қызметкерге тиісті арнаулы немесе әскери атақ, сыныптық шен берілген күннен бастап есептеледі, бұл ретте еңбек сіңіру мерзіміне лауазымдардағы қызметтің нақты уақыты кіреді. Қызметкерді кезекті арнаулы атақ немесе сыныптық шен беруге ұсыну негізсіз кешіктірілген жағдайда, тиісті арнаулы атақ немесе сыныптық шен, оның алдындағы арнаулы атақта немесе сыныптық шенде болу мерзімі өткеннен кейінгі күннен бастап беріледі.
5. Қатардағы және кіші басшы құрамдағы атағы бар, орта басшы құрам лауазымына тағайындалған қызметкерлер, осы атақта еңбек сіңірген мерзіміне қарамастан, орта басшы құрамның арнаулы атағын беруге ұсынылады.
6. Кезекті арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер берудің осы Заңда көзделмеген қосымша шарттарын енгізуге тыйым салынады.
25-бап. Арнаулы атақтарда немесе сыныптық шендерде еңбек
сіңірген жылдары мерзімін тоқтата тұру
1. Қызметкерлерге кезектi арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер тиiсiнше құқық қорғау органының қарамағында болған кезде, лауазымға тағайындалғанға дейiн, алынбаған тәртiптiк жазасы болғанда, қайта аттестаттау кезiнде атқаратын лауазымына сәйкес келетіні туралы мәселе шешiлгенге дейін, тергеуге дейінгі тексерулер, қылмыстық iс ақтайтын негіздер бойынша қысқартылғанға дейiн, ақтау үкімі заңды күшіне енгенге дейін, қызметтiк тергеу аяқталғанға дейiн берiлмейдi.
2. Тәртiптiк жаза қолданудың заңсыздығы туралы шешім шығарылған немесе қайта аттестаттау кезінде атқаратын лауазымына сәйкес келетіні туралы мәселе шешiлген, қылмыстық iс ақтайтын негiздер бойынша қысқартылған, ақтау үкімі заңды күшіне енген кезде қызметкерлерге кезектi арнаулы атақ немесе сыныптық шен атқаратын штаттық лауазымы бойынша атаққа, сыныптық шенге кезекті арнаулы атақ немесе сыныптық шен сәйкес болған жағдайда, бұларды берудiң мерзiмi басталған сәттен бастап берiледi.
26-бап. Арнаулы атақтарды немесе сыныптық шендерді
мерзімінен бұрын немесе атқаратын штаттық
лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан немесе
сыныптық шеннен бiр саты жоғарылатып беру тәртібі
1. Полковникке дейiн қоса алғанда, басшы құрамның кезектi арнаулы атағы немесе сыныптық шені қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткiзгенi және қызметтiк мiндеттерiн үлгiлi орындағаны үшiн көтермелеу тәртібімен, бұған дейiнгi арнаулы атақта немесе сыныптық шенде еңбек сiңiрудiң белгiленген мерзiмi өткенге дейiн немесе атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен бiр саты жоғарылатып берiлуi мүмкiн.
2. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер мерзiмiнен бұрын арнаулы атақта немесе сыныптық шенде еңбек сiңiрудiң белгiленген мерзiмдерiнiң кемiнде жартысы өткенде берiледi.
3. Ғылыми немесе академиялық дәрежесi не ғылыми немесе академиялық атағы бар, бұл ретте құқық қорғау органының білім беру ұйымдарында штаттық лауазымда қызмет атқаратын басшы құрам адамдарына кезектi арнаулы атақ немесе сыныптық шен арнаулы атақта немесе сыныптық шенде еңбек сiңiрудiң белгiленген мерзiмi өткенде атқаратын лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен бiр саты жоғарылатып берілуі мүмкін.
4. Атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен бiр саты жоғары кезектi арнаулы атақ немесе сыныптық шен алдыңғы арнаулы атақта немесе сыныптық шенде еңбек сiңiрген жылдарының кемiнде бір жарым мерзімі өткен соң берiледi.
Бұл ретте атқаратын лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен мерзімінен бұрын бiр саты жоғары арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беру құқық қорғау органындағы қызметінің барлық кезеңі ішінде әрбір негіз бойынша екі реттен артық жүргізілмейді.
Кезектен тыс арнаулы атақтарды немесе сыныптық шендерді беру құқық қорғау органының басшысы айқындаған тәртіппен қызметтің барлық кезеңі ішінде екі реттен артық жүргізілмейді.
5. Кіші басшы құрамдағы мерзімінен бұрын немесе бір саты жоғары арнаулы атақты – уәкілетті басшы, ал орта және аға басшы құрамдағы арнаулы атақтарды немесе сыныптық шендерді құқық қорғау органының басшысы береді.
Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
27-бап. Арнаулы атақтарды немесе сыныптық шендерді
төмендету, арнаулы атақтардан немесе сыныптық
шендерден айыру
1. Арнаулы атақты немесе сыныптық шенді бiр сатыға төмендетуді тәртiптiк жаза шарасы ретiнде:
1) кiшi және орта басшы құрам атағындағы қызметкерлерге – уәкiлеттi басшы;
2) аға басшы құрам атағындағы қызметкерлерге – құқық қорғау органының басшысы қолданады.
1-1. Арнаулы атақтардан немесе сыныптық шендерден айыру мына қызметкерлерге қатысты тәртіптік жаза қолдану шарасы ретінде қолданылады:
1) полковникті, аға кеңесшіні қоса алғанға дейінгілерді – құқық қорғау органының басшысы;
2) жоғары басшы құрамды Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген тәртіппен – Қазақстан Республикасының Президенті жүзеге асырады.
2. Арнаулы атақтағы немесе сыныптық шендегі еңбек сiңiру мерзiмi арнаулы атақты немесе сыныптық шенді бiр сатыға төмендету түрінде тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап үзіледі және арнаулы атақты немесе сыныптық шенді қалпына келтіру туралы бұйрық шығарылған күннен бастап қалпына келтіріледі.
Арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері атқаратын штаттық лауазымына қарамастан төмендетілген қызметкерлердің бұрынғы арнаулы атағы немесе сыныптық шені атқаратын лауазымына қарамастан құқық қорғау органы басшысының немесе уәкiлеттi басшының бұйрықтарымен, бірақ арнаулы атағы немесе сыныптық шені төмендетілген күннен бастап кемінде алты ай өткеннен кейін ғана қалпына келтіріледі.
3. Қызметкерге бұрынғы арнаулы атағы немесе сыныптық шені қайта қалпына келтiрілгенге және оған кезектi арнаулы атақ немесе сыныптық шен берiлгенге дейiн арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен қайта төмендетілмейді.
Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
28-бап. Соттың айыптау үкімімен арнаулы атақтардан немесе
сыныптық шендерден айыру
1. Қызметкерлерге қатысты арнаулы атақтардан немесе сыныптық шендерден айыру туралы соттың заңды күшiне енген айыптау үкiмiн орындауды:
1) капитанға дейін, 1-сыныпты заңгерді қоса алғанда – уәкілетті басшы жүзеге асырады;
2) полковникке дейін, аға кеңесшіні қоса алғанда – құқық қорғау органының басшысы жүзеге асырады;
3) жоғары басшы құрамы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен заңсыз айырған жағдайларда, соттың шешіміне сәйкес бұрынғы атағын қалпына келтiру туралы бұйрықты құқық қорғау органының басшысы немесе уәкiлеттi басшы шығарады.
3. Арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен заңсыз айырылған кезең қалпына келтiрiлген арнаулы атақта немесе сыныптық шенде еңбек сiңiру мерзiмiне кiредi. Арнаулы атағынан немесе сыныптық шенінен заңсыз айырылған адамдарға материалдық залал толық көлемде өтеледi.
Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |