Құқық қорғау қызметі туралы


қарамағына қабылдау тәртібі мен негіздері



бет4/6
Дата01.07.2016
өлшемі152.53 Kb.
#169776
1   2   3   4   5   6

               қарамағына қабылдау тәртібі мен негіздері

      1. Құқық қорғау қызметін одан әрі өткеру туралы мәселені шешу үшін қызметкерлер осы бапта көзделген тәртіппен және негіздерде атқарып жүрген лауазымынан босатыла отырып, құқық қорғау органының қарамағына қабылдануы мүмкін.


      2. Мыналар:
      1) қызметкердің өз қалауы бойынша атқарып жүрген лауазымынан босату және құқық қорғау органының қарамағында қалдыру туралы баянатпен өтініш жасауы;
      2) қызметкерді осы Заңның 56-бабы 2-тармағының 5) тармақшасында көзделген тәртіптік жаза тәртібімен немесе аттестаттау нәтижелері бойынша атқарып жүрген лауазымынан босату;
      3) ұйымдық-штаттық іс-шаралар жүргізу;
      4) басқа мемлекеттік органдарға және халықаралық ұйымдарға іссапармен бару мерзімінің аяқталуы;
      5) атқарып жүрген лауазымы бойынша өкілеттіктер мерзімінің өтуі;
      6) әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы қызметкерді құқық қорғау органының қарамағына қабылдау негіздері болып табылады.
      3. Қызметкерді атқарып жүрген лауазымынан босату және құқық қорғау органының қарамағына қабылдау құқық қорғау органы басшысының не уәкілетті басшының бұйрығы негізінде күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімге жүзеге асырылады.
      Ерекше мән-жайлардан туындайтын айрықша жағдайларда бұл мерзiмді құқық қорғау органының басшысы екi айға дейiн ұзартуы мүмкiн.
      Құқық қорғау органының қарамағына қабылданған қызметкердің соңғы лауазымы бойынша ақшалай қаражаты сақталады.
      Қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың осы Заңда белгiленген демалыстарда, денсаулық сақтау ұйымдарында емделуде (әскери-дәрiгерлiк комиссияның жолдамасы бойынша тексерілуде) болу кезеңі, бұрынғы қызмет атқарған жерiнен тиiстi құқық қорғау органы тұрған жерге дейiн жол жүру уақыты; сырттай немесе кешкі оқыту нысаны бойынша білім алатын адамдар үшін – бiлiм беру ұйымдарының оқу-емтихан сессияларында болу уақыты; қылмыстық iс ақтау негiздерi бойынша қысқартылған немесе ақтау үкiмi шығарылған жағдайларда, қамауға алынған күнiнен бастап және босатылған күнiн қоса алғанда, қылмыстық жауаптылыққа тартылуымен байланысты қамауда болған уақыты құқық қорғау органының қарамағында болу мерзiмiне есептелмейдi.
      4. Құқық қорғау органының қарамағында тұрған қызметкерлердің қызмет өткеру тәртібін құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
      Құқық қорғау органының қарамағында тұрған қызметкерге құқық қорғау органының белгiленген күн тәртiбi толық көлемде қолданылады.
      Құқық қорғау органының қарамағына қабылданған қызметкерге осы Заңда көзделген көтермелеу шаралары қолданылуы мүмкін және ол тәртiптiк жазаларға тартылуы мүмкiн.
      5. Қызметкердiң құқық қорғау органының қарамағында болу уақыты құқық қорғау қызметiндегi өтiлiне, арнаулы атақ немесе сыныптық шен беру үшiн еңбек сiңiрген жылдарына есептеледi.
      6. Атқаратын лауазымдарынан босатылған және құқық қорғау органының қарамағында тұрған, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын пайдаланбаған қызметкерлерге, оларды қызметте одан әрi пайдалану туралы мәселенiң шешілуі кешiктiрiлген жағдайларда, пайдаланылмаған демалысы берiледi. Оларға жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы уақыты үшiн ақшалай қаражат, құқық қорғау органының қарамағында болу мерзiмiне қарамастан, оның қарамағына қабылданған күнге негiзгi лауазымы бойынша алатын мөлшерде төленедi.
      7. Құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшы осы баптың талаптарын сақтай отырып, құқық қорғау органының қарамағында тұрған қызметкерге жазбаша нысанда лауазым ұсынуға міндетті.
      Құқық қорғау органының қарамағында тұрған қызметкердi лауазымға тағайындау кезiнде оның бiлiктiлiгi, атағы, біліктілік сыныбы, еңбек сiңiрген жылдары, жұмыс өтiлi, бұрынғы лауазымы ескерiлуге тиiс.
      Қызметкер құқық қорғау органының қарамағына осы баптың 2-тармағының 1)3)4) және 5) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша қабылданған жағдайда, қызметкердің кәсіптік қасиеттері ескеріле отырып және осы лауазым үшін көзделген біліктілік талаптарына сай келген жағдайда лауазым ұсынылады.
      Қызметкер құқық қорғау органының қарамағына осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша қабылданған жағдайда, ұсынылып отырған лауазым төмен тұрған болуға тиіс.
      Қызметкер құқық қорғау органының қарамағына осы баптың 2-тармағының 6) тармақшасында көзделген негіз бойынша қабылданған жағдайда, лауазымға тағайындау әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысына сәйкес қызметкердің келісуімен жүргізіледі.
      8. Қызметкер ұсынылған лауазыммен келіспейтінін жазбаша баяндаудан бас тартқан кезде құқық қорғау органының кадр қызметі акт ресімдейді, ол қызметкердің жеке ісіне қоса тіркеледі.
      Қызметкер ұсынылатын лауазымға орналасудан бас тартқан жағдайда ол қызметтен босатылуға жатады.
      Ескерту. 5-тарау 46-1-баппен толықтырылды - ҚР 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.10.2015 № 374-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      46-2-бап. Қызметті бағалау

      1. Қызметкерлер жұмысының тиімділігі мен сапасын айқындау үшін олардың қызметіне жыл сайынғы бағалау жүргізіледі.
      2. Қызметкерлердің қызметін жыл сайынғы бағалау нәтижелері сыйлықақы беру, көтермелеу, оқыту, мансаптық өсу, ротация, сондай-ақ сараланған еңбекақы белгілеу жөнінде шешімдер қабылдау үшін негіз болып табылады. Еңбекақы төлеуді саралау әрбір лауазым бойынша разрядтарға сәйкес жүргізіледі.
      Қызметкерлердің қызметін бағалау нәтижелері оларды аттестаттаудан өткізу жөнінде шешімдер қабылдау үшін үш жыл бойы негіз болып табылады.
      3. Қызметкерлердің қызметін бағалау тәртібін, разрядтар беру тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      Ескерту. 5-тарау 46-2-баппен толықтырылды - ҚР 29.10.2015 № 374-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

6-тарау. АТТЕСТАТТАУ

      47-бап. Қызметкерлерді аттестаттау

      1. Қызметкерлерді аттестаттау олардың кәсіптік даярлығының, құқықтық мәдениетінің деңгейін және азаматтармен жұмыс істеу қабілетін анықтау бойынша мезгіл-мезгіл жүзеге асырылатын рәсім болып табылады.


      2. Бәсекеге қабілеттіліктің көрсеткіші ескеріле отырып, қызметкердің кәсіби құзыреттерге сәйкестігі аттестаттау кезінде бағалаудың негізгі өлшемшарты болып табылады.
      3. Қызметкерлер құқық қорғау органдары жүйесінде үздіксіз қызметте болған әрбір үш жыл сайын аттестаттаудан өтеді. Бұл ретте аттестаттау көрсетілген мерзім басталған күннен бастап, алты айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс.
      Егер аттестаттауға жатқызылған қызметкерлер жаңа лауазымдарға тағайындалса, олар тағайындалғаннан кейін бір жылдан соң аттестаттаудан өтеді. Тең дәрежелі лауазымға тағайындалған кезде, егер ол функционалдық міндеттерінің өзгеруіне әкеп соқпаса, бұл мерзім есепке алынбайды.
      Аттестаттау кезінде қызметкердің құқық қорғау органдары жүйесіндегі қызметтен босатылған күн мен оның құқық қорғау органдары жүйесіне қызметке қабылданған күніне дейін үш айдан артық уақыт өтпесе, онда көрсетілген кезеңде өзге заңды (мемлекеттік органдарды қоспағанда) және жеке тұлғалармен еңбек қатынасы болмаған жағдайда, құқық қорғау органдары жүйесінде қызметте болған уақыты үздіксіз қызмет деп есептеледі.
      3-1. Алып тасталды - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      4. Құқық қорғау органының басшысы және оның орынбасарлары, сондай-ақ құқық қорғау органдарында кемінде жиырма жыл қызмет өтілі бар қызметкерлер аттестаттауға жатпайды.
      Қызметкерлер арасындағы әйелдер жүктілігі және бала күтімі бойынша демалыс кезеңінде аттестаттауға жатпайды. Олар қызметке шыққаннан кейін кемінде алты айдан соң және бір жылдан кешіктірілмей аттестатталуға тиіс.
      5. Аттестаттау бірқатар дәйекті кезеңдерді:
      1) аттестаттау өткізуге дайындықты;
      2) кәсiптiк жарамдылығын айқындау бойынша белгiленген нормативтердi тапсыруды;
      3) аттестаттауға жатқызылған қызметкердің Қазақстан Республикасы заңнамасын білуін және логикалық ойлау қабілетін компьютерлік тесттен өткізуді;
      3-1) полиграфологиялық зерттеуден өткізуді;
      4) қызметкермен аттестаттау комиссиясы өткізетін әңгімелесуді;
      5) аттестаттау комиссиясының шешім шығаруын қамтиды.
      Ескерту. 47-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 374-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      47-1-бап. Кезектен тыс аттестаттау

      1. Кезектен тыс аттестаттау оның тәртібін, мерзімдерін және аттестатталатын қызметкерлердің санаттарын айқындайтын Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша өткізіледі.
      2. Кезектен тыс аттестаттаудың қорытындысы бойынша аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің біреуін қабылдайды:
      1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді және кадр резервіне қабылдауға немесе жоғары тұрған лауазымға жылжытуға ұсынылады; 
      2) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;
      3) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және лауазымын төмендету ұсынылады;
      4) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және басқа қызметке (лауазымға) ауыстыру ұсынылады;
      5) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және қызметтен босату ұсынылады.
      3. Кәсіптік жарамдылықты айқындау бойынша нормативтер тапсырмаған және тестілеу кезінде шекті мәннен төмен баға алған жағдайда, аттестаттау комиссиясы осы баптың 2-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген шешімдердің біреуін қабылдайды.
      4. Аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсіз себеппен екі рет келмеген қызметкерлерді осы Заңда белгіленген тәртіппен қызметінен босату ұсынылады.
      5. Кезектен тыс аттестаттаудан өтпеген және (немесе) құқық қорғау органдарында өзге, оның ішінде төменгі тұрған лауазымдарда қызметін жалғастырудан бас тартқан құқық қорғау органдарының қызметкерлері осы Заңда белгіленген тәртіппен қызметтен босатылуға жатады.
      Ескерту. 6-тарау 47-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      48-бап. Аттестаттауды өткізуге дайындықты ұйымдастыру

      1. Аттестаттауды өткізу мерзімі келген кезде құқық қорғау органы басшысының немесе уәкiлеттi басшының тапсырмасы бойынша тиісті кадр қызметтері аттестаттау өткізуге дайындықты ұйымдастырады.
      2. Дайындық:
      1) аттестаттау өткізудің кестесін әзірлеуді;
      2) аттестаттау өткізудің мақсаты мен тәртібі туралы түсіндіру жұмысын ұйымдастыруды;
      3) тестен өткізу мерзімдерін және орнын айқындауды;
      4) аттестатталушы қызметкерлердің қажетті құжаттарын дайындауды қамтиды.
      Тестен өтудің тәртібі мен шарттары, кәсіби жарамдылығын айқындау жөніндегі нормативтер, сондай-ақ лауазымдардың санаттары үшін шекті мәндер (бұдан әрі – шекті мәндер) құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
      3. Құқық қорғау органының кадр қызметі осы Заңға сәйкес аттестатталуға жататын қызметкерлерді алты ай ішінде бір рет айқындайды.
      4. Басшы аттестатталуға жататын қызметкерлердің тізімін және оны өткізу мерзімдерін кадр қызметінің ұсынуы бойынша бекітеді.
      5. Кадр қызметі аттестаттауды өткізу мерзімдері туралы өткізу басталардан кемінде бір ай бұрын қызметкерлерді жазбаша хабардар етеді.
      6. Аттестатталуға жататын қызметкерге қызметтік мінездемесі ресімделеді және аттестаттау комиссиясының отырысына дейінгі үш аптадан кешіктірілмейтін мерзімде кадр қызметіне жіберіледі.
      7. Қызметтік мінездеме аттестатталуға тиіс қызметкердің құқық қорғау органдары жүйесіндегі қызметте үзіліссіз үш жыл болуы және одан кейінгі аттестаттау өткізіліп отырған мерзімге дейінгі кезең ішіндегі кәсіптік, жеке басының қасиеттері мен қызметтік әрекеті нәтижелерінің объективті және негізделген бағасын қамтуға тиіс.
      8. Тікелей басшы қызметкерді оған берілген қызметтік мінездемемен аттестаттау комиссиясының отырысына дейін екі апта мерзімнен кешіктірмей қол қойғыза отырып, таныстыруға міндетті.
      9. Қызметкер өзіне берілген қызметтік мінездемемен келіспейтіні туралы мәлімдеуге және кадр қызметіне өзін сипаттайтын қосымша ақпаратты беруге құқылы.
      10. Кадр қызметі жиналған аттестаттау материалдарын аттестаттау комиссиясына оның отырысына дейінгі бір аптадан кешіктірілмейтін мерзімде жібереді.
      Ескерту. 48-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 374-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      49-бап. Аттестаттау комиссиясы

      1. Басшы аттестаттау комиссиясының құрамын және оның жұмыс кестесін кадр қызметінің ұсынуы бойынша бекітеді.
      2. Аттестаттау комиссиясының құрамына кемінде бес мүше кіруге тиіс.
      Аттестаттау комиссиясының қатыспаған мүшелерін алмастыруға жол берілмейді.
      3. Кадр қызметінің өкілі аттестаттау комиссиясының хатшысы болып табылады, оны комиссия басшысы айқындайды.
      Аттестаттау комиссиясының хатшысы оның жұмысын ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асырады және оның дауыс беруге қатысуға құқығы жоқ.
      4. Құқық қорғау органының, құқық қорғау органы білім беру ұйымының немесе құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің жұмыс бағыттарына қарай бірнеше аттестаттау комиссиясы құрылуы мүмкін.
      5. Аттестаттау комиссиясының басшысы мен оның мүшелері аттестатталуға жатқызылған қызметкерлермен бірдей немесе неғұрлым жоғары лауазымда болуға тиіс.
      6. Аттестаттау комиссиясының құрамына құрылымдық бөлімшелердің басшылары, кадр қызметтерінің өкілдері (не осы бөлімшелер есеп беретін адамдар), сондай-ақ аттестаттаудан өтетін қызметкерлерді қоспағанда, құқық қорғау органының, құқық қорғау органы білім беру ұйымының немесе құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің өзге де қызметкерлері кіреді.
      7. Аттестаттау комиссиясы отырысының, егер оған құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңдық күші бар деп есептеледі.
      8. Аттестаттау комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер ол үшін отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясы мүшелері санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда аттестаттау комиссиясының төрағасы жақтап дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      Ескерту. 49-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 374-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      50-бап. Аттестаттауды өткізу

      1. Прокуратура органдарының тесттен өткен кезде шекті мәннен жоғары баға алған қызметкерлерін қоспағанда, алғашқы аттестаттауда немесе қайта аттестаттауда кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсырған қызметкерлер әңгімелесуге жіберіледі.
      2. Кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсырмаған не тесттен өту кезінде шекті мәннен төмен баға алған қызметкерлер әңгімелесуге жіберілмейді және аттестаттау комиссиясының шешімімен осы Заңда айқындалған тәртіппен қайта аттестатталуға тиіс.
      3. Аттестаттау комиссиясының отырысында аттестатталушы қызметкермен әңгімелесу жүргізіледі.
      4. Аттестаттау комиссиясының отырысында дәлелді себептермен болмаған қызметкерлер қызметке шыққаннан кейін әңгімелесуден өтеді.
      5. Аттестаттау комиссиясының отырысына қызметкер дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда, аттестаттау комиссиясы осы Заңда айқындалған тәртіппен қызметкерді қайта аттестаттау туралы шешім қабылдайды.
      6. Аттестаттау комиссиясы әңгімелесудің қорытындысы бойынша мынадай:
      1) атқаратын лауазымына сәйкес және кадр резервіне қоюға немесе жоғары тұрған лауазымға ұсынылады;
      2) атқаратын лауазымына сәйкес;
      3) қайта аттестатталуға тиіс;
      4) атқаратын лауазымына сәйкес емес және лауазымын төмендетуге ұсынылады деген шешімдердің бірін қабылдайды.
      7. Аттестаттау комиссиясының шешімі үш жұмыс күні ішінде оның отырысына қатысқан аттестаттау комиссиясының мүшелері мен хатшысы қол қойған хаттамамен ресімделеді.
      8. Кадр қызметі аттестаттау комиссиясының шешімін қызметкердің аттестаттау парағына енгізеді, қызметкер шешіммен ол қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қолын қоя отырып, танысады.
      8-1. Тестілеудің не кәсіптік жарамдылықты айқындау бойынша нормативтер тапсырудың нәтижелерін бұрмалау фактілері анықталған жағдайда, жоғары тұрған аттестаттау комиссиясы немесе құқық қорғау органының жоғары тұрған басшысы аттестаттау комиссиясы шешімінің күшін жоюға тиіс.
      9. Аттестаттаудан өткен қызметкердің аттестаттау парағы және оның қызметтік мінездемесі жеке ісінде сақталады.
      Ескерту. 50-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 374-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      51-бап. Қайта аттестаттау

      1. Қайта аттестаттау алғашқы аттестаттау өткен күннен бастап, үш айлық мерзімде және алты айдан кешіктірілмей өткізіледі.
      2. Қайта аттестаттау кезінде кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсырмаған не тестілеуден өту кезінде шекті мәннен төмен баға алған қызметкерлер, сондай-ақ аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда, аттестаттау комиссиясының шешімі бойынша осы Заңда айқындалған тәртіппен лауазымынан төмендетілуге немесе жұмыстан шығарылуға ұсынылады.
      3. Аттестаттау комиссиясы қайта аттестаттау өткізіп, мынадай:
      1) атқаратын лауазымына сәйкес;
      2) атқаратын лауазымына сәйкес емес және лауазымын төмендетуге ұсынылады;
      3) атқаратын лауазымына сәйкес емес және жұмыстан шығарылуға ұсынылады деген шешімдердің бірін қабылдайды.
      4. Аттестаттау комиссиясының жұмыстан шығару туралы ұсыныс жасай отырып, қызметкердің атқаратын лауазымына сәйкес еместігі туралы қабылдаған шешімі аттестаттаудың теріс нәтижесі болып табылады.

      52-бап. Аттестаттау комиссиясының шешімі

      Аттестаттау комиссиясының шешімі қызметкерді кадр резервіне қою, қызметкерді жоғары тұрған лауазымға ұсыну, қызметкерді лауазымынан төмендету немесе оны жұмыстан шығару негіздерінің бірі бола алады.

      53-бап. Аттестаттау комиссиясының шешіміне шағымдану

      Қызметкер аттестаттау комиссиясының шешіміне бір айлық мерзімде  құқық қорғау органының басшысына немесе уәкiлеттi басшыға және (немесе) сот тәртібімен шағымдана алады.
      Ескерту. 53-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      53-1-бап. Қызметкерді аттестаттаудан кейінгі кезеңде


                 дамыту

      1. Аттестаттаудан өткен қызметкерге қатысты қызметкердің кәсіби құзыретінің деңгейін арттыруға бағытталған аттестаттаудан кейінгі дамыту бағдарламасы жасалады.


      2. Бағдарлама осы Заңда айқындалған мерзімдерге сәйкес қызметкерді келесі аттестаттауға дейін қолданыста болады және оны құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы бекітеді.
      Ескерту. 6-тарау 53-1-баппен толықтырылды - ҚР 29.10.2015 № 374-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

7-тарау. Құқық қорғау органының бөлімшелеріндегі қызметтік


тәртіп және моральдық-психологиялық ахуал

      Ескерту. 7-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 29.10.2015 № 374-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      54-бап. Құқық қорғау органдарындағы қызметтік тәртіп

      1. Қызметкердiң Қазақстан Республикасының заңнамасында, құқық қорғау органдары басшыларының және уәкiлеттi басшылардың актілерінде белгіленген нормалар мен қағидаларды міндетті түрде сақтауы құқық қорғау қызметіндегі қызметтік тәртiп болып табылады.


      2. Құқық қорғау органының басшысы және уәкiлеттi басшы өзінің бағыныстылары арасындағы қызметтiк тәртiптiң жай-күйiне жауап бередi.
      3. Қызметтік тәртіпті қамтамасыз ету және нығайту мақсатында  құқық қорғау органының басшысы немесе уәкiлеттi басшы қызметкерлерге және құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары курсанттарына (тыңдаушыларына) осы Заңмен көзделген көтермелеу шараларын қолдана алады және оларға тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін.
      4. Тәртіптік теріс қылықтардың ауырлығын бағалау жүйесі мен тәртіптік жауаптылықты қалыптастыру тәртібін (тәртіптік практикадағы профилактикалық функцияларды күшейту) Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      Ескерту. 54-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 374-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      54-1-бап. Құқық қорғау органының бөлімшелеріндегі


                 моральдық-психологиялық ахуал

      1. Құқық қорғау органының бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін зерделеу мақсатында жыл сайынғы социологиялық мониторинг жүргізіледі.


      Құқық қорғау органының бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне жыл сайынғы социологиялық мониторинг жүргізудің тәртібі мен әдістемесін құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
      2. Құқық қорғау органының басшысы, құқық қорғау органының уәкілетті басшысы және басшылық лауазымдарды атқаратын қызметкерлер өздеріне сеніп тапсырылған бөлімшелердегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне дербес жауапты болады.
      Ескерту. 7-тарау 54-1-баппен толықтырылды - ҚР 29.10.2015 № 374-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      55-бап. Қызметкерлерге қолданылатын көтермелеулер

      1. Мiндеттерiн үлгiлi атқарғаны және қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін қызметкерлерге және құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттарына (тыңдаушыларына) мынадай:
      1) алғыс жариялау;
      2) біржолғы ақшалай сыйақы беру;
      3) бағалы сыйлықпен марапаттау;
      4) грамотамен марапаттау;
      5) Құрмет грамотасымен марапаттау;
      6) ведомстволық наградамен және құқық қорғау органының үздігі төсбелгісімен марапаттау;
      7) кезектi арнаулы атақты, сыныптық шендi немесе біліктілік сыныбын мерзiмiнен бұрын беру (белгілеу);
      8) Құрмет кітабына немесе Құрмет тақтасына енгізу;
      9) құрметті атақ беру;
      10) құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен көзделген өзге де көтермелеу түрлері көзделген.
      Қызметкерге осы бапта көзделген көтермелеулерді қолдану тәртібі құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
      2. Көтермелеу ретінде құқық қорғау органы қызметкеріне бұрын салынған тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу қолданылуы мүмкін.
      3. Көтермелеулер бұйрықтармен ресімделеді.
      4. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында білім беру ұйымдары орналасқан жерден кезектен тыс босату түріндегі де көтермелеу қолданылады.
      5. Қызметкерлер ерекше сiңiрген еңбегi үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк наградалармен марапатталуға ұсынылуы мүмкін.
      Ескерту. 55-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.10.2015 № 374-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      56-бап. Қызметкерлерге қолданылатын тәртiптiк жазалар

      1. Құқық қорғау органдарындағы тәртіптік жазалар тәртіптік жауапкершілік шарасы болып табылады.
      2. Қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін қызметкерлерге:
      1) ескерту;
      2) сөгіс;
      3) қатаң сөгіс;
      4) қызметке толық сәйкес еместігi туралы ескерту;
      5) атқаратын лауазымынан босату;
      6) арнаулы атағын, сыныптық шенiн немесе біліктілік сыныбын бiр сатыға төмендету;
      7) құқық қорғау органдарынан шығару;
      8) құқық қорғау органының басшылары немесе уәкiлеттi басшылар берген немесе марапаттаған құрметті атақтарынан, төсбелгілерінен айыра отырып, құқық қорғау органынан шығару;
      9) арнаулы атағынан немесе сыныптық шенінен айыра отырып, құқық қорғау органынан шығару тәртіптік жаза түрлері қолданылуы мүмкін. Осы тармақтың 9) тармақшасында көзделген тәртіптік жаза қызметкер «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 1-тармағының 13) және 14) тармақшаларында көзделген теріс себептермен жұмыстан шығарылған кезінде қолданылады.
      3. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында курсанттарға (тыңдаушыларға) осы бапта көзделген тәртіптік жазаларға қоса, мынадай:
      1) нарядқа кезектен тыс тағайындау (бөлімшенің қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі нарядқа тағайындаудан басқа);
      2) құқық қорғау органының білім беру ұйымы орналасқан жерден кезекті босатудан айыру;
      3) құқық қорғау органының білім беру ұйымынан шығару тәртіптік жазалары қолданылуы мүмкін.
      Ескерту. 56-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      57-бап. Тәртіптік жаза қолданудың негіздері мен шарттары



      1. Қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауы тәртіптік жаза қолданудың негізі болып табылады.
      2. Тәртіптік жаза қолдану және оның түрін анықтау кезінде қызметкердің кінәсінің болуы, жасалған тәртіптік теріс қылықтың ауырлығы және мән-жайы, қызметкердің жеке басы және оның қызметке қатысы, теріс салдарлардың болуы және құқық қорғау органының беделіне нұқсан келтіруі ескеріледі.
      Тәртіптік жауапкершілікке тарту тәртібі мен шарттары құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
      3. Қызметкер тәртіптік теріс қылық жасаған кезде одан жазбаша түсініктеме талап етіледі. Егер жазбаша түсініктемесінде қызметкер өзінің тәртіптік теріс қылықты жасау фактісімен келіссе, онда құқық қорғау органының басшысы немесе уәкiлеттi басшы қызметтік тергеу жүргізбей жаза қолдануға құқылы.
      Егер қызметкер өзінің жазбаша түсініктемесінде өзінің тәртіптік теріс қылық жасау фактісімен келіспесе, онда құқық қорғау органы басшысының немесе уәкiлеттi басшының бұйрығымен қызметтік тергеу жүргізілуге тиіс.
      4. Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқаратын лауазымынан босату және қызметінен шығару түріндегі жаза жүргізілген қызметтік тексеру нәтижелері және тәртіптік комиссияның тиісті ұсынымдары бойынша қолданылады. Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқаратын лауазымынан босату түріндегі жаза алқаның немесе құқық қорғау органы бірінші басшысы жанындағы жедел кеңестің шешімі негізінде де қолданылады.
      Тәртіптік комиссияны құру және оның жұмыс істеу тәртібін құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
      5. Бірнеше қызметкер бірлесіп тәртіптік теріс қылық жасаған кезде жаза әр кінәліге жеке-жеке қолданылады.
      6. Қызметтік тәртiптiң бұзылуының әрбiр жағдайы үшiн бір тәртіптік жаза ғана қолданылуы мүмкiн.
      7. Жаза қолдану тәртіптік теріс қылық жасаған қызметкерді атқармағаны немесе тиісінше атқармағаны үшін тәртіптік жаза қолданылған міндетті атқарудан босатпайды.
      8. Тәртiптiк жаза қолдану туралы бұйрық ол шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тәртіптік жазаға тартылған қызметкерге қолын қойдырып, жария етіледі.
      9. Тәртiптiк жаза қолдану туралы бұйрықпен танысудан бас тарту құқық қорғау органының кадр қызметі жасайтын актiде ресiмделедi және арнайы журналда тiркеледi.
      Қызметкерді тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен жеке таныстыру мүмкін болмаған жағдайда, құқық қорғау органының кадр қызметі тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтың көшірмесін қызметкерге хабарламасы бар хатпен жіберуге міндетті.
      10. Тәртiптiк жаза тәртіптік терiс қылық мәлiм болған күннен бастап бiр айдан және тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешiктiрiлмей қолданылады.
      Қызмет бабында қызметкер бағынатын адамға тәртіптік жаза қолдану құқығы берілгеніне не берілмегеніне қарамастан, тәртіптік теріс қылық жасалғаны туралы белгілі болған, бір айлық мерзім басталатын күн тәртіптік теріс қылық байқалған күн болып есептеледі.
      11. Қызметкерге қатысты қызметтік тергеп-тексеру не сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген немесе сот қараған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған жағдайларда, кінәлінің ауырғанына байланысты жұмыста болмауы немесе демалыста, іссапарда болуы уақытын есептемегенде, тиісінше тергеп-тексеру аяқталған, қылмыстық істі немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы процестік шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей тәртіптік жазалау қолданылады.
      12. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылған жағдайларда, бірақ қызметкердің әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық, әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болған кезде, жазалау сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгілері болған кезде үш айдан кешіктірілмей қолданылады.
      13. Қызметкер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық не сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық жасаған жағдайда, тәртіптік жаза тәртіптік теріс қылық жасалғаны мәлім болған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей қолданылады және тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктіріп қолдануға болмайды.
      14. Қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз, демалыста немесе iссапарда болған кезеңде, іссапарға жіберу оны тәртіптік жауаптылыққа тартуға байланысты болатын жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ егер тәртіптік терiс қылық жасалған күннен бастап алты айдан астам уақыт өтсе, оған тәртiптiк жаза қолданылмайды.
      15. Еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңi, демалыста, iссапарда болу, уәкілетті органдардың және лауазымды адамдардың шешімдеріне, актілері мен ұсынымдарына, тәртіптік жаза қолдану үшін негіз болып табылатын қызметтік тексеру актілеріне (қорытындыларына, нәтижелеріне) шағым жасау кезеңінде, егер жасалған тәртіптік терiс қылық туралы осы кезеңде немесе ол басталғанға дейiн белгiлi болса, жаза қолдану мерзімі тоқтатыла тұрады. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің немесе арнайы зерттеулердің (сараптамалардың) нәтижелері болмаған кезде қызметтік тергеп-тексеру және жаза қолдану мерзімінің қолданысы тоқтатыла тұруы мүмкін.
      16. Қызметкер өзін тәртіптік жауапкершілікке тартумен байланысты барлық материалдармен танысуға құқылы.
      17. Қызметкерге қолданылған тәртiптiк жазаның мерзiмi оның қолданылған күнiнен бастап алты айдан аспайды. Егер осы мерзiм iшiнде қызметкер жаңадан тәртiптiк жазаға тартылмаса, онда оның тәртiптiк жазасы жоқ деп есептеледi.
      18. Егер қызметкерге, тікелей басшының құқықтары шегiнен шығатын жазалау шараларын қолдану қажет болса, онда ол бұл туралы жазалау шараларын қолдануға уәкілетті жоғары тұрған лауазымды адамға өтiнiш жасайды.
      19. Жоғары тұрған басшының, егер бұрын жарияланған жаза жасалған тәртіптік терiс қылықтың ауырлығына сәйкес келмесе, төмен тұрған басшы қолданған тәртiптiк жазаны алып тастауға құқығы бар.
      20. Тәртіптік жазалар қолдану жөнiнде өзiне берiлген құқықтарын асыра пайдаланған басшы бұл үшiн тәртiптiк жауапкершілiкке тартылады, ал жазалау шараларын қолдануға уәкілеттi адам жазалау туралы бұйрықтардың күшін жояды.
      21. Қызметкер өзiне қолданылған тәртiптiк жазаға жоғары тұрған органға не сотқа шағымдануға құқылы.
      Ескерту. 57-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 23.04.2014 N 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 374-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      58-бап. Қызметтік тергеу



      1. Қызметтік тергеп-тексеру қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауының себептерін, сипатын және мән-жайларын анықтау, осы Заңда көзделген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мән-жайлардың болуы немесе болмауын растау қажет болған кезде, оның ішінде қызметкерлердің жазбаша баянаты мен құқық қорғау және сот органдарының хабарламалары негізінде құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының шешімі бойынша жүргізіледі.
      Қажет болған жағдайда қызметтік тергеу жүргізу кезінде полиграфологиялық зерттеу жүргізіледі.
      2. Қызметтік тергеу жүргізуге оның нәтижесіне тікелей немесе жанама мүдделі қызметкер қатыса алмайды. Мұндай жағдайда ол қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған адамға, өзін осы тергеу жүргізуге қатысудан босату туралы жазбаша баянатпен жүгінуге міндетті. Осы аталған талаптар сақталмаған жағдайда, қызметтік тергеу нәтижелері заңсыз деп есептеледі.
      3. Қызметтік тергеу жүргізу кезінде мынадай:
      1) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасау фактісін;
      2) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауына ықпал еткен себептер мен жағдайларды;
      3) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасау нәтижесінде келтірген залалдың сипаты мен мөлшерін;
      4) қызметкердің қызметін өткеруге кедергі келтіретін мән-жайлардың болу немесе болмауын объективті және жан-жақты анықтау шаралары қолданылуға тиіс.
      4. Қызметтік тергеу оны жүргізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Аталған мерзімге қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкердің демалыста, іссапарда немесе емделуде болған уақыты, сондай-ақ оның өзге де дәлелді себептермен қызметте болмаған уақыты есептелмейді.
      5. Қызметтік тергеудің нәтижелері қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған адамға жазбаша нысандағы қорытынды түрінде беріледі, ол оны тергеу аяқталған күннен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірмей бекітеді.
      6. Өзіне қатысты қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкерден қызметтік тергеу жүргізудің мән-жайы бойынша түсініктеме талап етіп алынады.
      7. Өзіне қатысты қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкер:
      1) жүргізілетін қызметтік тергеудің мәні бойынша жазбаша түсініктеме беруге;
      2) өтініш айтуға, айғақтар және өзге де құжаттар ұсынуға;
      3) қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған құқық қорғау органының басшысына немесе уәкілетті басшысына қызметтік тергеу жүргізетін қызметкерлердің шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдануға;
      4) егер ол мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді таратпау талаптарына қайшы келмесе, қызметтік тергеу аяқталғаннан кейін қорытындымен және басқа да материалдармен танысуға құқылы.
      Қызметкер жазбаша түсініктеме беруден бас тартқан кезде тиісті акт жасалады.
      8. Қызметтік тергеу нәтижелері бойынша қорытындыда:
      1) қызметтік тергеу нәтижесі бойынша анықталған фактілер мен мән-жайлар;
      2) қызметтік тергеу нәтижесі бойынша тұжырымдар мен ұсыныстар көрсетіледі.
      9. Қызметтік тергеп-тексеру жүргізу кезінде қызметкердің әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда, қызметтік тергеп-тексеру жүргізу туралы шешім қабылдаған құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы алынған материалдарды шешім қабылдау үшін тиісті құқық қорғау органдарына дереу беруге міндетті.
      10. Қызметтік тергеу жүргізу тәртібі құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
      Ескерту. 58-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-тарау. Қызметкерлердің атыс қаруын және өзге де қаруды,


арнаулы құралдарды және дене күшін қолдануы

      Ескерту. 8-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 23.04.2014 N 200-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      59-бап. Атыс қаруын және өзге де қаруды, арнаулы
               құралдарды және дене күшін қолданудың мақсаты

      Атыс қаруы және өзге де қару, арнаулы құралдар және дене күші қоғамға қауiптi әрекеттерді тоқтату, құқық бұзушылықтардың сипаты мен нақты ахуалдарды ескере отырып, оларды жасаған адамдарды ұстау және құқық қорғау органдарына жеткізу мақсатында қолданылады.


      Ескерту. 59-бап жаңа редакцияда - ҚР 23.04.2014 N 200-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      60-бап. Арнаулы құралдар мен дене күшін қолдану



      1. Қызметкерлердің дене күшін, оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдерін, сондай-ақ арнаулы құралдарды, оның iшiнде қол кiсендерiн, резина таяқтарды, көзден жас ағызатын заттарды, алаңдатып әсер ететін жарық-дыбыс құрылғыларын, үй-жайларды ашуға, көлiктi мәжбүрлеп тоқтатуға арналған құрылғыларды, суатқыштарды, қызметтік жануарларды, броньды машиналар мен тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметі айқындайтын басқа да арнаулы көлiк құралдарын:
      1) жеке тұлғаларға, қызметкерлерге және қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл бойынша қызметтiк немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген өзге де адамдарға жасалған шабуылды тойтару;
      2) кепiлге алынған адамдарды босату, жаппай тәртiпсiздiктердің және қоғамдық тәртiптi топтасып бұзудың (қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұстаудың белгіленген режимін топтасып бұзушылықтарды), сондай-ақ сотталғандар, күдіктілер және айыпталушылар түзеу мекемелерінен және тергеу изоляторларынан қашқан кездегі немесе қашқандарды ұстау кезіндегі құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу;
      3) жеке тұлғаларға, ұйымдарға және мемлекеттiк органдарға тиесiлi үйлерге, үй-жайларға, ғимараттарға, көлiк құралдарына, жер телімдерiне жасалған шабуылды тойтару, сол сияқты оларды басып алудан босату;
      4) егер құқық бұзушылар (сотталғандар, күдіктілер, айыпталушылар және әкімшілік құқық бұзушылық жасағандар) қызметкерлерге, қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бойынша өздерiне жүктелген мiндеттердi атқарып жүрген өзге де адамдарға бағынбаса немесе қарсылық көрсетсе, оларды құқық қорғау органдарына жеткiзу үшін ұстау үшін, ұсталған, күзет қойылған адамдарды, сондай-ақ әкiмшiлiк қамауға алынған, сотталған, күдікті және айыпталушы адамдарды, не олардың қашып кетуi немесе айналадағыларға немесе өзiне зиян келтiруi мүмкiн деп санауға жеткілікті негiздемелер болса, сондай-ақ қызметкерлердiң өздерiне заңмен жүктелген мiндеттерді жүзеге асыруына қасақана кедергi келтiретiн адамдарға қатысты күзетпен апару және күзету;
      5) қызметкердің өзін-өзі қорғау немесе өзінің отбасының мүшелерін қорғау мақсатында оған және (немесе) олардың денсаулығына немесе өміріне ауыр зиян келтірудің нақты қаупі төнген кезде шабуылды тойтару;
      6) қажетті қорғаныс, аса қажеттік;
      7) егер бұл құқық бұзушылықтың жолын кесу, құқық бұзушының жеке басын анықтау, сондай-ақ егер хаттама жасау міндетті болып табылса, оны сол орында жасау мүмкін болмаған кезде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау мақсатында қажет болса, құқық бұзушыларды жеткізу;
      8) егер жүргізуші қызметкердің тоқтату жөніндегі заңды талаптарына бағынбаса, көлік құралдарына ақау келтіру арқылы оларды тоқтату үшін қолдануға құқығы бар.
      1-1. Қызметкерлердің осы Заңда атыс қаруын және өзге де қаруды қолдану рұқсат етілген барлық жағдайларда дене күшін, оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдерін, сондай-ақ арнайы құралдарды қолдануға құқығы бар.
      1-2. Арнайы құралдың түрі, оны қолдану уақытының басталуы мен қарқындылығы орын алған жағдай, құқық бұзушылықтың сипаты және құқық бұзушының жеке басы ескеріле отырып айқындалады.
      2. Айналадағылардың өмiрi мен денсаулығына қауіп төндiретiн шабуыл, топтасқан шабуыл жасаған не қарулы қарсылық көрсеткен жағдайларды қоспағанда, әйелдерге, мүгедектiк белгiлерi анық бiлiнiп тұрған адамдарға және жас балаларға қатысты арнаулы құралдар мен жауынгерлік күрес тәсілдерін қолдануға тыйым салынады.
      Ескерту. 60-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 374-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      61-бап. Атыс қаруын және өзге де қаруды қолдану

      1. Қызметкерлердің атыс қаруын және өзге де қаруды:
      1) жеке адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда оларды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау, сол сияқты кепiлге алынғандарды босату;
      2) қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелерiне, қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі қызметтiк немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген адамдарға жасалған шабуылға тойтарыс беру;
      2-1) құқық қорғау органының атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы көлік құралын тартып алу әрекеттерінің жолын кесу;
      3) жеке тұлғалардың тұрғын үй-жайларына, құқық қорғау органдары күзететiн объектiлерге, мемлекеттік ұйымдардың үй-жайларына жасалған шабуылға тойтарыс беру, қызметтiк немесе әскери нарядқа жасалған шабуылға тойтарыс беру;
      4) қарсылық көрсететін не қылмыс жасау кезінде үстінен түскен, қамаудан қашқан адамдарды (әкiмшiлiк қамақта ұсталатындардан басқа) ұстау, қаруланған адамдарды ұстау;
      5) егер көлік жүргiзушi қызметкердiң заңды талаптарына бағынбаса және жеке адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiрсе, көлiк құралдарына ақау келтіру арқылы оларды тоқтату;
      6) адам өміріне немесе денсаулығына іс жүзінде қатер төндірген жағдайларда хайуанаттардың шабуылынан қорғану;
      7) қару қолдану ниеті туралы азаматтарға ескерту, дабыл сигналын беру немесе көмекке шақыру үшін;
      8) қажетті қорғаныстың және аса қажеттіліктің барлық өзге де жағдайларында қолдануға құқығы бар.
      2. Әйелдерге, анық мүгедектік белгілері бар адамдарға, жасы белгілі немесе анық болған кезде кәмелетке толмағандарға қатысты, олар қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен, адамдарды кепілге, көлiк құралдарын, оның iшiнде әуе кемесiн басып алған не топтасып шабуыл жасаған жағдайларды қоспағанда, қару қолдануға тыйым салынады.
      Ескерту. 61-бап жаңа редакцияда - ҚР 23.04.2014 N 200-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 374-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      62-бап. Атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет