II т а р а у
Қазыбек би жӘне ҚАЗАҚ ШЕШЕНДІК Өнері
Шешендік – қазақ қоғамының бейбіт тынысының тамыршысы ііспетті десек қателеспейміз. Ол жөнінде ұлы ғалым А.Байтұрсынов:
«Әділ билердің қолында билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді» (12,315) - деп баға берген болатын. Олай болса, қазақ тілінің бірыңғай халық тілі болып қалыптасуына, қазақ ауыз әдебиетінің дамуына үлес қосқан өнер иелерінің бір тобы – ақындар болса, екінші тобы – шешендер.
Сондай шешендердің бірі – Қаз дауысты Қазыбектің есімі Қазақ пен қалмақ арасындағы шапқыншылық кезінде екі елдің арасына бітімші, бүтінші болған батыл елші, парасатты мәмлегер ретінде мөлім. Халық аңызына қарағанда, Қазыбек 13 жасында Тайкелтір би бастаған қазақ елшілерінің құрамында қалмақ ханы Қонтажыға барып, батылдығымен, әрі сөзге шешендігімен ерекше көзге түскен. Қазыбектің табандылығы мен тапқырлығының арқасында ғана қазақ елшілері тендікке жетіп, қалмақ шапқыншылары байлап әкеткен адамдарын, айдап әкеткен малдарын қайырып, алып қайтады. Сол жолы Қазыбек "Қаз дауысты" деген лақап атаққа ие болады. Қаз дауысты Қазыбектің бұл елшілік еңбегін Шоқан Уәлиханов та ілтипатпен атайды. ұлттық ұғымымыздағы шешендік өнердің қалыптасуы, би-шешен атанудың басты шарттары жөнінде, сонау, ХІХ ғасырдың өзінде-ақ ұлы ғалым Шоқан былайша толғанған болатын:
«Би атағын беру қазақта халық тарапынан бір сайлау арқылы немесе халықты билеп отырған үкімет тарапынан бекіту арқылы болған емес; тек салт-ғұрыптарына әбден жетік, сонымен қатар тілге шешен қазақтар ғана бұл құрметті атаққа өз бетімен ие болып отырған. Мұндай би атағын алу үшін би болам деген қазақ өзінің заң іісіне жетіктігі және шешендік қабілеті бар екендігін халық алдында сан рет көрсетуге тиіс болған. Ондай адамдардың атағы бүкіл қазақ даласына тез жайылып, олардың аты жұрттың бәріне тәлім болып отырған. Сонымен, бұл би деген атақ келіп билік айтуға және төрелік сөз сөйлеуге патент сияқты нәрсеге айналған» (13,56).
Міне, дәл осы сыннан Қазыбек бабамыз да талай рет сыналып, қиын сәтте жол тапқан, туған халқының әспеттеуімен Қаз дауысты Қазыбек атанып, «қара қылды қақ жарған» әділ билік айтқан.
Қазыбектің қалмақ ханына елшілікке барғандығы тарихта да айтылады. Онда Қазыбектің сөзінен үзінді келтіріп былай деп қорытады: "Тәуке ханның елшісі белгілі Қазыбек бидің қалмақ ханына айтқан сөзінің әрі білім аларлық, әрі көркемдік зор мәні бар". Қалмаққа қазақ елінен елші болып Қазыбек бір емес, үш рет барған. Соңғы сапарында ол бұдан былай тату тұруға қалмақпен келісім жасайды және "Даудың артын қыз байлайды, судың артын шым байлайды" деп баласына қалмақтан қыз алып, құда-жегжат болып қайтады. Осымен екі ел арасында шапыншылық тоқтап, уақытша тыныштық орнайды (14,46).
«Шешеннің шешендігі сөзді шиырлап сөйлей беруде емес, аз сөзге көп мағына сыйдыруында, айтар ойын жүйелеп, қиыстыра жеткізе білуінде, айтқыштығында, тапқырлығында» (15,401).
Қазақ шешендері ойды астарлап, тұспалдап та жеткізіп отырған. Мұндай шешендік жұмбақтар әзіл-қалжың үшін ғана айтылмайды. Мемлекеттік маңызды, келелі істерді шешу барысында да жиі қолданылады (16,38). Мәселен, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің төмендегі жауаптасуы соған дәлел.
«Бірде қазақ еліне келген елшіні біреулер өлтірейік деп, екінші жақ өлтірмейміз деп үлкен дау-дамай болыпты. Сонда осы мєселені ақылдасып шешу үшін ұлы жүзден Төле би, Орта жүзден Қазыбек би, Кіші жүзден Әйтеке би бас қосып, бір төбеге шығып отырса, алдындағы көлге бір топ қаз келіп қоныпты. Сонда Төле би тұспалдап:
-
Мына көлдің алар ма еді қазын атып, - дейді.
-
Оғың шығын болмасын жазым атып, - дейді Әйтеке.
-
Құтылмастай пәлеге қап жүрмейік,
Қаз екен деп перінің қызын атып, - дейді Қазыбек. Осымен сөз бітеді. Елшіге тимей еліне қайыру керек деген шешімге келеді» (1,13).
Сөз жоқ, мұнда шешендік жұмбақ әділ шешімге келіп, ел тағдыры таразыға тартылған қиын-қыстау сәтте жол тауып шығуға ықпал еткен.
Халық шежіресі бойынша, Қазыбек қайтыс болғанда, қызы Маңқан жоқтау айтқан. Сол жоқтауда мынадай жолдар бар:
Өсиет қылдың Қазаққа:
"Сарыарқа деп қонысың.
Қалмақ, сартпен жауласпа,
Болмасын дедің жұмысың.
Өнерсіз өскен ел едің,
Біреу саған жау болса,
Паналауға жарайды
Мынау көрші орысың.
Орыспенен жауласпа,
Есінде болсын бұл ісім" (17,86).
Бізге аңыз-әңгіме, жырлар арқылы жеткен Қазыбектің Орыс еліне деген осындай достық көзқарасын тарихи жазба деректер де растайды. Мәселен, Сібір губернаторының міндетін атқарушы генерал-майор фон Фрауендорф Орта жүздегі жағдай және Қазақтардың көршілес елдермен, халықтармен қарым-қатынасы туралы Сыртқы істер коллегиясына 1763 жылғы 11 наурызда жолдаған рапортында сол кездегі "Орта жүздің тебе биі" Қазыбекке Размамбет тархан мен тілмаш Сапаровты жіберіп оны шақыртқанын, бірақ қыстың қаттылығымен байланысты. Қазыбектің өзі келе алмай, орнына баласы Сырымбет пен інісі Отарбай бастаған он кісі жібергенін, олардан 1762 жылғы 15-22 желтоқсан күндері ант алынғандығы айтылған. Одан әрі фон Фрауендорф Сырымбетпен оңаша әңгімелесіп Қазыбектің Ресейге жақсы ниетте екендігін анықтағанын хабарлайды.
Сыртқы істер коллегиясына баяндай келіп генерал-майор былай деп жазған: "...Абылай сұлтанға ол, Қазыбек биді, қырғыз-қайсақтың Орта жүзімен оларға – Қытайдың қоластына қарауға, Ресей жағынан бөлініп шығуға ойыстыру болған, ол үшін манағы сыйлықтардың үстіне Қытайдың Богды ханы оған, Қазыбек биге, басып алған Жоңғар жерінен Қазыбек би өзінің ұлысымен көшіп жүруге қай жерде қаласа, сол жерді беремін деп дәмелендірген, бірақ ол, Қазыбек би, Ресей мемлекетінің күшінен жақсы хабардар болғандықтан және тағы да Шемяка (Сәмеке) ханның тұсында барлық Орта жүзбен бірге мәңгі Ресей қоластында болуға императорға ант бергендігін еске алып, әлі де антында айнымай тұрғысы келетіндіктен, олардан бас тартқан. Бір ғана оның ұлысы емес, Орта жүз Қазақтарының басқа да ұлыстары іс жүзінде. Ресей қоластында тұрғандықтан ол, Қазыбек би, Орта жүзден Қытай жағына ешкім беріліп кетпеуіне күш салған; өз сөзінде тұруға және адал болуға уәде береді, жалғыз-ақ сонымен бірге егерде қытай тарапынан оларға қандай бір шабуыл және ренжіту жасалғандай бола қалса, мұндағы Ресей әскері тарапынан әрқашан қорғауда болуын сұрайды".
Бұл дерек Қазыбек би Орта жүздің Ресейге қосылуына белсене ат салысқанын және басқа елдердің шабуылынан, зорлық-зомбылығынан Ресей мемлекеті қорғайды деп кәміл сенгендігін дәлелдейді. Сондай-ақ жоғарыдағы жоқтауда айтылатын Қазыбектің өсиетімен де толық сай келеді.
Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды – Казыбек Келдібекұлы кезінде қазақ халқын жапсарлас қалмақ, өзбек және орыс елдерімен тату көршілікке шақырған және Қазақстанның Ресеймен бірге болуын жақтаған өз заманының озық ойшылы, көреген ел басқарушысы болған.
Қазыбек бидің шешендік өнері өзімен қатарлас, үзеңгілес билермен жауаптасу барысында да жарқырап көрінеді. Қазақ шешендік толғауларының сынау, қарсыласының салмағын білу мақсатында айтылатын түрі – шешендік жауаптар.
«Сұрақ-жауап түрінде келетін шешендік толғаулар – қазақ халқының сондай сауалдарға тапқан жауабы, табиғат сыры мен өмір заңын анықтауға жасаған алғашқы барлау талабы» (16, 113).
Төле би тоқсан жасқа келгенінде Қаз дауысты Қазыбек сєлем бере барыпты. Елдің жақсылары, шешендер, ойшылдары жиналып, әңгіме-дүкен құрып отырғанда:
- Қаз дауысты Қазыбегім келді. Бәрің түгел жиналыңдар. Сендерге айтар он түрлі жұмбағым бар, соны шешіңдер, - дейді Төле би.
- Айтыңыз, айтыңыз?
- Айтсам он түрлі жұмбағым мынау: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он.
Отырғандар таң тамаша болады.
-
Бұл не деген жұмбақ? Осындай да жұмбақ болады ма?
-
Төке, бұл жұмбақты мен шешейін, рұқсат етіңіз? – дейді Қаз дауысты Қазыбек.
-
Бір дегеніміз – бірлігі кеткен ел жаман,
-
Екі дегеніміз – егесіп өткен ер жаман.
-
Үш дегеніміз- үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман.
-
Төрт дегеніміз – төсектен безген жас жаман.
-
Бес дегеніміз –белсеніп шыққан жау жаман.
-
Алты дегеніміз – асқынып кеткен дерт жаман.
-
Жеті дегеніміз – жас келіншек жесір қалса, сол жаман.
-
Сегіз дегеніміз – серпілмеген қайғы жаман.
-
Тоғыз дегеніміз – торқалы той, топырақты өлімде бас көрсетпесе, сол жаман.
-
Он дегеніміз – оңалмас кәрілікке дауа болмас деген, - дейді Қаз дауысты Қазыбек.
- Рахмет, дәл тауып шештің. Ойы да, тілі де жүйрік тұлпарым, - деп Төле би Қазыбекке риза болыпты» (1,26-27).
Сұрақ-жауап түріндегі шешендіктің мұндай үлгілері Жиренше мен Әз-Жәнібек, Байдалы би мен Тұрлыбек, Шорман мен Саққұлақ т.б. шығармашылығынан да жиі кездеседі. Демек, шешендік жауап – нағыз шешеннің, суырып салма өнерпаздың алғырлығын, тапқырлығын танытатын, логикалық қиыстыру шеберлігін көрсететін шешендік толғаудың ерекше жанры. Шешендік толғаулардың тәрбиелік, танымдық, тағлымдық маңызы да өсиет-өнегеге, үгіт-насихатқа негізделгендігімен ерекшеленеді. Сондықтан да онда халқымыздың талай ғасыр сүзгісінен өткізген философиялық көзқарастары, дүниетанымы көрініс табады.
Қазыбек Жоңғар сапарында Қоңтәжінің алдында қазақ елшілері сөз таппай қысылған сәтте Бертіс биге бағыттап былай дейді:
Ептестірген сөзі артық.
Малдан малдың несі артық,
Бір-ақ асым еті артық.
Жерден жердің несі артық,
Бір-ақ уыс шөбі артық.
Міндетке алған сөзден
Шегінген жігіттен аштан өлген
Аюдың өті артық (6).
Жас Қазыбек ел тағдыры сынға түскен қысылтаяң шақта, қиыннан қиыстырып, жүйесін тауып, зор шығармашылық шешендікпен сурылып алға шығып, түйдек-түйдек ой тастап, Жоңғар Қоңтәжісін өзімен санасуға мәжбүр етеді - өз шешендігіе, шешендік өнерді халықаралық саяатта сәтті жүзеге асырады.
Шешендік сөздердің аса мол қолданылған, қазақ қоғамындағы даулы мәселелерді шешуге араласатын маңызды жанры - шешендік дау сөздері. Шешендік дауларды шартты түрде мазмұнына қарай жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал және ар дауы деп бес түрге бөлуге болады. Шешендік даулар құрылымы жағынан келгенде кіріспе, кеңес, билік, немесе кесім сияқты бөлімдерден тұрады. Сонымен қатар, әр даудың мазмұнына сәйкес, өзіндік ерекшеліктері бар.
Қазақ халқы кең сахарада мал бағып, тұрақты мекен-жайларға ие болған. Аракідік мал жайылымына, өріс-қонысқа талас бола қалса, араға би-шешендер түсіп, әділ шешім айтып отырған. Жер, жесір, құн, мал, ар дауларының бәрінде де бір жағынан дүние-мүлік таласы, екінші жағынан атақ-абырой үшін тартыс жатады. Шешендік даулардың – шешендік сөздердің басқа жанрынан бір ерекшілігі – қазақ арасындағы оқиғаларда ғана жүзеге асып қана қоймай, көршілес елдермен болған дау-дамайларда да көрініс тауып, халықаралық мәселелерді де қамтиды. Мәселен, Қазыбек бидің қалмақ ханына айтқан сөзі соның дәлелі.
Сен темір де, мен көмір,
Еріткелі келгенмін.
Екі еліктің баласын,
Теліткелі келгенмін.
Егесетін ер шықса,
Иілткелі келгенмін.
Тұтқыр сары желіммін,
Жабысқалы келгенмін... (1,26-27).
Бұл мысалдан да шешендік даулардың қазақ қоғамында тыныштықты, тәртіпті сақтауға, мәмілегерлік, татугершілік қызмет атқарғандығын аңғарамыз. Шешендік даулар, сөз жоқ, қазақ елінің ертеден келе жатқан азаматтық, құқықтық ережелерінің көркемдікпен үндестік тапқан үйлесімі. Олардың мазмұны да бай, қамтитын тақырыптық аясы да кең, көркемдік деңгейі де жоғары.
Шешендік сөздерде ауыстыру (метафора) мен алмастыру (метонимия) мол қолданылады. Ауыстыру мен алмастыру алынып отырған заттың не құбылыстың мағынасын үстеу, мазмұнын тереңдету, әсерін күшейту үшін және заттар мен құбылыстарды мағыналас, мәндес басқа ұғымдардың орынында пайдаланып, ойды ықшамды, суретті, айқын қысқа жеткізуге негізделеді.
Қаз дауысты Қазыбек бидің жоғарыдағы қалмаққа елшілікке барған сапарында тепсініп айтатын:
Сен қатты болсаң,
темірдей-ақ шығарсың,
Мен көрікпін, еріткелі
келгенмін,
Сен жүйрік болсаң жердегі
аңдай шығарсың.
Мен – құмай алғалы келгенмін,
Сен қабылан болсаң,
Мен – арыстанмын, алысқалы
келгенмін,
Жау тілегенге жасын береді
деген,
Мен – танытқалы келгенмін... (1,47).
Осылай деп жалғасып кете беретін Қазыбек би бабамыздың терең мағыналы тегеурінді сөздері «мен» ұғымына бүкіл қазақты сыйғызып,метонимиялық тәсілді пайдаланса, екіншіден, өзін бірде «көрік», бірде «құмай», енді бірде «арыстанға» балап, қалмақ ханының көз алдына үрейлі сурет әкеліп, алдын тосып отырады. Қаттыны жұмсартып, жұмсақты еріткен көрік, аспан жыртқышы – құмай, түз тағысы, аң патшасы – арыстан бәрі-бәрі жинақтала келіп, тұтас қазақтың буырқанған күш-қуатын танытып тұр. «Мен» сөзі жаңа баламаға ауысқан сайын сөз қуаты басымданып, отты сөз, өр мінезге сай жарастық тауып отырады.
Өлең бойында ауыстыру мен алмастырудан тыс екі тармақ аралық шендестіру тәсілі де тұрақты қолданылған. Олар: темір – көрік, жүйрік аң – құмай, қабылан – арыстан т.б.. Демек, қолданылған сөздер қарсы мәндес болмаса да, тұтас контекстік мағынада қарама-қарсы қою бар. Теория тілімен айтқанда:
«Шендестіру – бір-біріне керағар құбылыстарды, мән-мағынасы әр тарап ұғымдарды, түрі-түсі әр бөлек нәрселерді өзара бетпе-бет қою арқылы бұлардан мүлде басқа бір құбылыстың, ұғымның, нәрсенің суретін, сыр-сипатын, кескін-кейпін анықтау, аңғарту, елестету» (1,175) - деген анықтама берілген. Осы дәлелдемеге сүйенсек, жоғарыдағы Қазыбек би сөзінде де қарсылас екі дүние бар. Олар қазақ пен қалмақ. Сөз жоқ, қалмақ осал емес, Ол – әрі темір, әрі жүйрік аң һәм қабылан. Қазақ одан да зор. Қарсы келген қарсыласының жолын кеседі, керек болса, тағдырын шешеді. Сөз құдіреті қылыш жүзінен де өткір екендігін дәлелдеп, қалмақ ханын Қазыбек бидің алдына жүгіндірді. Қалайда, жүйелі сөздегі ауыстыру мен алмастыру, шендестіру тєсілдері үндестік тауып, ұтқыр ойға қанат бітірген.
Тағы бірде Бертіс би мен Қаз дауысты Қазыбек бидің арасында түсініспеушілік туады. Қазыбек жер сұрай келген жолаушыға иесіз жатқан жерден жер кесіп береді. Алайда, бұл жер бертіс бидің иелігі болып шығады. Сонда Бертіс би Қазыбекке қадалып былай деген екен:
« - Әкең Келдібек би менімен санаспай, сыртымнан тон пішпейді. Ел ішінде абройың көзге ілінгеніне тым масаттанба. Әлі тым ерте. Ақылы елден артылған ақының болса, мақтан. Ынтымағы жұрттан асқан жақының болса, мақтан. Сенің жасың кіші ғой, ағаның алдынан шығудан сақтан» - дейді. Сонда Қазыбек:
« - Би аға, абыройды елден сатып алмайды, халық береді. Жасым кіші болса да, ақылым жетіп тұрса, елдің керегіне жарасам, ол да ержеткенім емес пе?
Бір бала бар - атаға жете туады,
Бір бала бар - атадан өте туады,
Бір бала бар – кері кете туады» (19,54), - деп жауап беріп, Бертіс биді еріксіз сөзден тосылдырған екен.
«Қазақ халқы үшін ХVІІІ ғасыр ауыр болды. Атаққұмар төрелер бөліп-бөліп әкеткен елді шығыстан Жоңғар, батыстан Қалмақ, түстіктен Қоқан хандары қырып-жойып, мал-мүлкін талап алды, ата қонысы Сырдария, Қаратау, Жетісу өлкелерін басып қалды. Қолға түскен еркегін құл, әйелін күң қылды. Қанды қырғыннан қашып құтылған, егіндік-шабындық жерлерін, қаласын, қыстауын, мал-мүлкін тастап қырға-далаға босып шыққан қазақ ауылдары жаппай жұтқа, дертке ұшырады. Міне, осындай "қайың сауып, ши сорған" "Ақтабан шұбырынды" заманда Қазыбек секілді ел бастаған есті адамдар өз руының, ұлысының, елінің тағдырын, болашағын ойламауы, дағдарыстан, апаттан шығудың жолын іздемеуі мүмкін емес еді. Ондай жол біреу-ақ болатын: бір елге, атап айтқанда қуатты, өндірісті орыс еліне арқа сүйеу. Осы идеяға ақ сүйек төре тұқымы хандардан гөрі "қара" халықтан шыққан, халыққа бір саты жақын тұрған билер мен батырлар бұрын келген. Оны аңыз-әңгімелер мен өлең-жырлар ғана емес, тарихи деректер де растайды. Кіші жүз руларының Ресей қоластына қарауы туралы тарихта былай делінген: "Қазақ феодалдарының бір бөлегі, атап айтқанда Жоңғариямен байланыста болған Батыр мен Барақ сұлтандар патшаның қол астына қарауға мейлінше қарсы болды. Директивалардың айтуынша, осы "оңбаған қас партия" керек десе Тевкелевті өлтіруге де әрекет етті... Бірақ Әбілқайырды Бөгембай, Есет батырлар, Құдайназар мырза және осылар сияқты атақты, ықпалды старшиналар батыл қолдап шықты".
Демек, Қазақстанның Ресейге ресми қосылуының басы болған 1731 жылдың өзінде-ақ Қазақ батырлары мен билерінің көпшілігі сұлтандар партиясына қарама-қарсы бағыт ұстап Кіші жүздің Ресейге қосылуын жақтап шыққан.
Демек, іс жүзінде Қазақ жүздерінің (ұлыстарының) Ресейге қосылуын бастаған да, оны ресми түрде мойындап ант беруге хандарды мәжбүр еткен де ру басы билер болған.
"Шешеннің міндеті, - дейді ежелгі Афинаның саяси қайраткері Демосфен шешен, – уақиғаны әуел бастан көре білу, оның ағасын аңғару және ол туралы басқаларға ескерту болып табылады. Сосын әрбір істе бейқамдық, кертартпалық, түсінбестік, бақкүндестік секілді барлық ерікті мемлекеттерге тән қашып құтылмастай кемшіліктер болады. Осылардың барлығын мүмкіндігіне қарай мейлінше азайту, ал керісінше, азаматтарды өзара келісімге, татулыққа, өз борыштарын жан-тәнімен орындауға жұмылдыру болып табылады".
Қазыбек Қазақстанның Ресейге қосылуының қажеттігін уақиғаның басында-ақ аңғарып, тарихи процестің барысын, пайдасын өзінің рулас-замандастарына кезінде ұғындыра білген. Оған жоғарыда келтірілген "Орыспен жауласпа..." дейтін өсиеті де дәлел. Бұл өсиет Қазыбектің замандасы Бұқар жыраудың соғысуға желіккен Абылай ханға:
Өкпеңменен қабынба,
Өтіңменен жарылма,
Басына мұнша көтерген
Жұртыңа жаулық сағынба, -
дейтін толгауымен толық үндес келеді. Олай болса, орыс елімен жауласпай достасу, оған арқа сүйеу идеясы бірен-саран адамдардың ғана емес, сол кезгі Қазақ қауымындағы белгілі билердің көбіне тән ортақ көзқарас, піскен пікір болған. Кезінде Қазақ елінің өмірінде елеулі, маңызды қызмет атқарған мұндай көзқарастар мен озық пікірлерді анықтаудың ғылыми мәні зор. Себебі өткен дәуірлердің жаңғырығы болып табылатын мұндай деректер Қазір достығы қалыптасқан халықтар қатынасын, оның даму тарихын бақылауға, Ы.Алтынсаринның, Ш.Уәлихановтың, А.Құнанбаевтың қазақ халқын орыс халқымен достыққа, одан өнер-білім үйренуге шақырған прогрестік ағарту идеяларының бастауын, терең тамырларын бағдарлауға мүмкіндік береді.
Қаз дауысты Қазыбектің атымен байланысты ел арасында айтылып жүрген аңыз-әңгімелер мен шешендік сөздер көп. Әрине, олардың бәрі қаз-қалпында Қазыбек шешеннің сөзі деуге болмас. Алайда Қазыбек атынан айтылатын аталы сөздердің қайсыбіреулері әуел баста Қазыбектен шығуы ықтимал. Мәселен, Қазыбектің Қалдан-Церенге айтқан сөзін басқа кісі айтты демейді. Қалмақтың хонтайшысына Қазыбектің елші болып баруы ақиқат.
Сайып келгенде, Қазыбек атымен байланысты шешендік сөздер көптеген ұрпақтың жаттап жаңғыртуы, өңдеп өзгертуі нәтижесінде жалпы халықтық шығармаға айналып кеткен әдеби мұра болып табылады. Кезінде қағазга түсіп, бастапқы қалпында сақталмағанмен, сөздері аңызға айналған Қаз дауысты Қазыбек Қазақтың дәстүрлі шешендік өнерін дамытуға өзіндік үлес қосқан әйгілі шешен.
Қ о р ы т ы н д ы
Қазақ елінің тәуелсіздік алуы, бұрын біржақты қараланып немесе датталып келген, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін жаңаша парақтап, даңқты тұлғаларымыздың өткен өміріне шынайы баға беруге мүмкіндік туғызып отыр.
Солардың бірі, әрі бірегейі, ұлттық сана мен тілінің, рухы мен арман-мұратының ұшан-теңіз ұлылық қасиеттерін ересен қуат-құдіретімен көрсете білген, тәуелсіздік жолында қабырғасы қайысып еңбек еткен көрнекті мәмлегер, арыстан жүректі ер, мемлекет қайраткері – Қаз дауысты Қазыбек би.
Қаз дауысты Қазыбек би аумалы-төкпелі, күрделі, қилы заманда ғүмыр кешті. Кең байтақ Қазақ жеріне бір бүйірден Жоңғар хандығы, екінші бүйірден Ресей империясы, үшінші жақтан Бұхар мен Хиуа хандықтары әбден мазасын алып, әзәзілдік көрсетіп отырды. Жан-жағынан анталаған алпауыттарға қарсы Тәуке хан икемді саясат жүргізді. Сонымен бірге Қазақ қоғамындағы жат құбылыстарды, адам бойындағы келеңсіз міндерді құртып-жоюмен шұғылданды. Қоғамды небір дерттерден сауықтыру мақсатында Тәуке хан Үйсін Төле биді, Алшын Әйтеке биді және Қаз дауысты Қазыбек биді "Жеті жарғы" ережесін жасауға жұмылдырды.
Қазақ қоғамында соғыс болсын, ортақ келісімге уағдаласу, мәмілеге келу болсын, сыртқы һәм ішкі саясатта болсын, жер қорғауда болсын – ең қажет қару – шешеннің тілі. Әлбетте, дарынды шешенде білгірлік-біліктілік, алғырлық-тапқырлық, қаһармандық-қайраткерлік, зиялылық-саясаткерлік сияқты ұшан-теңіз табиғи рухани қасиет-қабілеттер мол болса, онда мемлекет жеңіске жетіп, қиындықтан, құлдықтан құтылады. Мерей-мәртебесі, даму дәрежесі жоғары болады. Бұл ретте Қаз дауысты Қазыбек бидің Қазақстанның саяси-құқықтық тарихында айрықша тұлға екендігін айтуға болады.
Өзінің жалпы тұлға болмысымен ғана емес, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан шешендік өнерді өз дәуірінде жарқырата танытқан, Қазақ шешендігін «от басы, ошақ қасы», жер дауы, жесір дауы, құн дауы сияқты тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерден биіктетіп, халықаралық елшілік, дипломатиялық саясатта биік белеске көтерген – Қаз дауысты Қазыбек бидің ұлттық шешендік өнердегі орыны айрықша.
Қазыбек би – шешендік сөздерді тақырыптық тұрғыдан байытып, мазмұндық жағынан тереңдетіп қана қоймай, оның көркемдігіне, үйлесімділігне де ерекше мән берген, жанрлық тұрғыдан шешендік толғау, шешендік дау, шешендік арнау түрлерін өз шығармашылығында барынша дамытқан. Сондықтан да баба мұрасы – ұрпаққа ұлағат, кейінгіге аманат, келер күнмен бірге жасайтын рухани асыл қазына.
Пайдаланылған Әдебиеттер
-
Билер сөзі. -Алматы: Қазақ университеті, 1992.
-
Досмұхамедұлы Х. Аламан. –Алматы: Ана тілі, 1991.
-
Әуезов М. Әдебиет тарихы. -Алматы: Ана тілі, 1991.
-
Ғабдуллин М. Халық ауыз әдебиеті. –Алматы: Мектеп, 1979.
-
Омари Ж. Қаз дауысты Қазыбек. –Астана: Фолиант, 2000.
-
Сматаев С. Қаз дауысты Қазыбек //Егемен Қазақстан, 1991. 16 қараша.
-
Негимов С. Шешендік өнер. –Алматы: Ана тілі, 1998.
-
Адамбаев Б. Халык, даналығы. –Алматы: Мектеп, 1976.
-
Созақбаев С. Тәуке хан. Жеті жарғы. –Алматы: Санат, 1994.
-
Төреқұлұлы Н. Қазақтың 100 би-шешендері. -Алматы: "Қазақстан", 1993.
-
Сматаев С. Елім-ай. –Алматы: Жазушы, 19
-
Байтұрсынұлы А. Ақ жол. -Алматы: Жалын, 1991.
-
Уәлиханов Ш. Таңдамалы. –Алматы: Жазушы, 1985.
-
Адамбаев Б. Шешендік сөздер. –Алматы: Мектеп, 1967.
-
Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 1-кітап. –Алматы: Қазақ университеті, 2001.
-
Адамбаев Б. Қазақтың шешендік өнері. –Алматы: Ғылым, 1984.
-
Адамбаев Б. Тозған Қазды топтанған қарға жейді. –Алматы: Мектеп, 1982.
-
Әдебиеттану терминдерінің сөздігі /Құрастырушылар: З.Ахметов,Т.Шаңбаев/ –Алматы: Ана тілі, 1996.
-
Жұмабеков К. Қаз дауысты Қазыбек // Қарқаралы журналы. 1998. №1-2.
-
Төреқұлов Н. Нақыл сөздің мәні. – Алматы: Мектеп, 1971.
-
Дәдебаев Ж. Шешендік сөздер. – Алматы: Ғылым, 1993.
-
Төреқұлов Н. Даланың дара ділмарлары. – Алматы: Жазушы, 2001.
-
Қасымова. Қазақ шешендік өнерінің негіздері. – Алматы: Жазушы, 2003.
-
Адамбаев Б. Шешендік өнер. – Алматы: Мектеп, 1999.
-
Адамбаев Б. Алтын сандық. – Алматы: Мектеп, 1989.
-
Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1991.
-
Жармұхамедов. Шешендік өнер. – Алматы: Мектеп, 1998.
-
Төреқұлов Н. Нақыл сөздің мәні. – Алматы: Мектеп, 1971.
29. Есхожин Шешендік жырлары. Алматы: Ана тілі, 1991.
30. Шынбатыров, Жарқынбаев. Шешендік сөз,ақындық толғаулар,
Алматы: Ғылым. 1985.
31. Жандыбаев. Сөз мәйегі.
Достарыңызбен бөлісу: |