Күшін сонда сынаса! –
деп жігіттің жігіттігі өлім мен өмір белдескен қан майданда сыналмақ дегенді меңзейді. Қол бастаған батыр соңынан ерген сарбаздарына:
Жалтыра шапсаң жау қашпас,
Жауды аяған бет таппас
Уа, жігіттер жандарың
Жаудан аяй көрмеңіз…
деп ұрандайды «Халық үшін жан пида» деп қол бастап жүрген батыр елінің бас бостандығы үшін жан аямай жаумен кескілесе күресіп жүргенін сөз етеді. Ақтамберді батыр астына арғымақ мініп, үстіне ақ кіреуне сауыт киіп, қоңыраулы найза қолға алып, ту көтеріп жауға атой салудағы мақсатын:
Кеуде бір жерді жол қылсам,
Шолақ біржерді көл қылсам,
Құрап жанды көп жиын
Өз алдына ел қылсам, -
деп тебіренеді. Бұл нағыз елін, жерін сүйген патриот ұлдың арманы. Адамгершілік қасиет отбасындағылардың бірін-бірі қадірлеуінен, әке-шешелеріне ерекше құрмет көрсетуінен көрінбек. Бұл халық педагогикасының ежелгі қалыптасқан дәстүрлі көзқарасы. Осыны ойға қазық, тілге тиек ете отырып, көпті көрген көне жырау:
Меккені іздеп нетесің
Меккеге қашан жетесің
Әзір Мекке алдыңда
Пейіліңмен сыйласаң
Атаң менен анаңды! –
деп ата – анаңа көрсеткен сый – құрметін құдай жолын қуып, Меккеге барумен пара-пар деген ойды қорытады. Жырау осы өнегелі өсиетін келер ұрпақтың санасына сіңіруді мақсат етіп:
Балаларыма өсиет
Қылмаңыздар кениеп.
Бірлігіңнен айырма,
Бірлікте бар қасиет
Татулық болып береке
Қылмасын жұрт келеке, -
деп ел бірлігін, жанұя татулығын, достық пен ұйымшылдықты дәріптейді. Ұйымшыл, берекелі, бірлікшіл болыңдар, адал еңбек ет, еңбекті, егіншілік, қолөнер кәсібін қастерлеңдер дейді.
Ақын – жырауладың ішіндегі биік тұлғаның бірі – Бұқар Қалқаман ұлы, Абылай ханның ақылшысы, қабырғалы билерінің бірі. Бұқар ел қорғаушы батырдың, сөз бастап, дау шешуші бидің үнемі әділдікті жақтауын қалайды. Елдің біркелкі бірлікшіл болуы ел басшысына байланысты деп:
Ел иесі құт болса
Халқы ала болмайды.
Ер жігітке жарасар,
Қолына алған найзасы.
Би жігітке жарасар,
Халқына тиген пайдасы, -
деп халық қамын ойлау азаматтық парыз, нағыз ел қамын ойлайтын адал ұл халқына пайдасын тигізуі, әділет үшін күресуі керек дегенді уағыздайды.
Бұқардың көптеген жырлары отбасылық қарым-қатынас, адамгершілік мәселелеріне арналған. Қарт жырау адам өмірінің ең қызықты кезеңі, ойына алған ісін қайратымен іске асыратын, ақыл, қайрат пен талаптың тасыған шағы жиырма бесті іздесең де таппайсың, жас өміріңді дұрыс пайдалана біл деп ақыл айтып отыр. Оған қарама – қарсы «кәрілік ел қонбайтын шөл, екі жағы ор, түпсіз терең көл, алдың белгісіз қараңғы тұман түн» деп қорытынды шығарады. Жырау өскелең ұрпақты шынайы достыққа, ар - ождан, адамершілік қасиеттерді өмір бойы қастерлеп өтуді айта отырып, өлмейтін, өшпейтін нәрсе жоқ, қоғам, табиғат, тіршілік үнемі қозғалыста, өзгерісте болады деген пәлсапалық топшылау жасап келеді де «өлмегенде не өлмейді?» деп, өзі сұрақ қойып оған:
Жақсылық аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді –
деп жауап береді. Бұл ойдың астарлы мағынасында артыңа атыңды қалдырамын десең халқыңа пайдалы азамат бол, оқу оқып, ғылым жолын қу, бойыңдағы бар өнеріңді, ақыл – парасатыңды қағазға түсіріп, кейінгі ұрпағыңа қалдырып кет деген өнегелі өсиет жатыр.
Жырау адам психологиясындағы жағымсыз жақтарды, мінездегі міндерді көрсетуге ерекше шебер. Мәселен, «қайырымсыз итке мал бітсе, - дейді ол, - сауда келмес ішуге, байдан қайыр кеткен соң, мал біткеннен не пайда», - дейді. Бұл жағдайды біздің қазіргі байларымыз, қазақ бизнесмендері, меценаттық жағдайларға бара алмай жүргендер, ерекше есіне сақтағаны абзал. Ғұлама жырау қатал қайырымсыздықты, кейде танып мал - жанды, сараңдықты сынайды. Адамдардың мұндай жаман қасиеттерден аулақ жүріп, олардың кең пейіл елгезек, қайырымды болуын тілейді.
Асан қайғы заманында да қыр қадірін, ел қадірін білмеген жандар аз болмаған. 300 жылғы жуық орысқа бодан болудың себебінен, кейіннен коммунисттердің кесірінен біз ауылдың қадір – қасиетін ұмыта бастадық. Мәселен қазақ топырағында ХV ғасырда ғұмыр кешкен талай зиялылар болған. Бірақ осынау зиялылардың тәлім – тәрбиелік көзқарастары мен педагогикалық психологиялық ой-пікірлерінің әлі мұрты бұзылмай өз зерттеуін күтіп отырғандығы қынжыларлық іс. Кейбір зерттеушілер айтатындай, ғылым-білім қазақ жеріне тек соңғы кезде келді деген пікірлер шындықпен жанаспайтындығы белгілі.
Зерттеушілер Бұхар жыраудың философиялық пікірлеріне баға бергенде, оның толғаулары сол кездегі Шығыс философиясыньң қазақ топырағындағы нақты бір көрінісі екендігін атап көрсетеді. Жырау өз шығармаларына дүние — хан мен қарашаға, бай мен жарлы-жағытбайға ортақ, ол алма-кезек. Мұнда мәңгілік байлық та, жарлық та, көптік те, жалғыздық та жоқ, сондықтан әркім шама-шарқынша өмір сүруі қажет, адамсыз бұл дүниенің сәні болмайды, әр адам қоғамда қажетті игіліктерді басқалармен бірлесе өндіруі тиіс деген идеяны өзек етеді. Оның пайымдауынша, адамды адам ететін - оның ортасы, нақты тәлім-тәрбиесі. Бірақ, Бұқардың айтуынша, бір биеден ала да туады, құла да туады. Оның "Адамзаттың баласы, атадан алтау тумас па? Атадан алтау туғанмен, ішінде оның бірі арыстан болмас па? Арыстанның барында жорғасы болса мінісіп, торқасы болса киісіп, толғамалы қамшы алып, толағайда толғай дәурен сүрмес пе" деп келетін толғауы — осы айтқандарымыздьщ нақты айғағы. Өз толғауларында Бұхар жырау Абылайханды арыстанға теңейді. Жұртты оның соңынан еріп, саясатын қолдауға шақырады, өйткені оны «Ерен тұлға» деп таниды. Бұхар жыpay бес саусақтың бірдей еместігі сияқты адамдардың да бір-бірінен жеке сипат, қасиеттерімен ерекшеленетіндігін, бұлардың ішінде біреулері көреген, білгір, озық ойлы, қара қылды қақ жарған ақылды болса, екіншісі, керісінше, ойсыз, надан болып келуі мүмкін екенін айтады. Оның ойынша, таланты зор, ерен қабілетті адамдар әлеуметтік өмірде елеулі роль атқарады. Жырау Абылай ханның басқарушылық ролін, қазақ қоғамындағы орнын дәл көрсетуге тырысады .
Заманның аумалы-төкпелі болып келуін Бұқар заңды құбылыс деп санаған. Ол қазақтың үш жүзінің басы қосылып, бір орталыққа бағынған күшті мемлекет болуын аңсаған. Сондықтан Абылай осы арманды жүзеге асырушы деп есептеп, хандық үкіметтің берік болуы жолында бар ақыл-кеңесін аямайды. Абылай ханның қос тірегі - Бөгембай мен Қабанбайды дос тұтып екеуіне айырықша баға беріп, олардың батырлық тұлғаларын сомдап, топтан озып дара шыққан екі тұлға арқылы қазақтан шыққан небір батырларды мақтаныш етеді.
Жырау Бөгембайдың ақылы терең, өмірге байьппен көз салатын адам екендігін, ел қамын ойлайтын, халқы үшін жанын қиятын батыр екенін кейінгі ұрпаққа үлгі етеді. Сонымен қатар оның тек жалаң батыр емес, қолынан неше түрлі іс келетін ақыл-ойы жан-жақты дамыған тұлга ретінде көрсетеді. Қабанбайға арнаған толғауларынан оның ақ көңіл таза жан екенін және досына әділ, бауырмал да кішіпейіл болғанын байқаймыз. Мұсылмандар әулие деп жоғары моральді ақпейіл, көпті көрген көп білетін адамдарды айтады. Міне, Қабанбайдың мінезі жайдары, терең ойлы, көкірегі ояу жан екендігі осынау теңеу арқылы түйінделген. Қос батырдың мінез-құлқын осылайша сомдаған Бұқар жырау кей кездері олардың кемшіліктерін де беттеріне басып айтып, оларға тоқтау салды. Жырау батырлардың ерен ерліктерін жастарға үлгі ету арқылы оларға туған жерді жаудан қорғауға әзір тұрып, ел ішін жаныңды пида етуден тайынба деген ұлағатты ой тастайды.
Жырау адамдар арасындағы қарым-қатынас мәселесіне де ерекше мән берген. Ол "Тілек" атты толғауында жастарға он бір тілек ұсына отырып, соларды орындасаң ғана нағыз азамат болып ержетесің деген уағыз айтады. Аллаға адал болуды, құдай жолын ұстануды ол мұсылмандардың басты моральдық кодексі деп есептейді. Кісінің имандылығы — алдымен оның Аллаға адал болуынан туындайды ("Бірінші тілек тілеңіз, бар аллаға жазбасқа"). Алла — сенің барлық тіршілігіңнің, бүткіл өміріңнің, тыныс-тіршілігіңнің негізгі арнасы. Толғаудың келесі жолында "Екінші тілек тілеңіз, пасық, залым кісінің тіліне еріп азбасқа" деген тілек айтып, жырау қай заманда да залымдар, қаскөйлер аз болмағанын, олардан ылғи да сақтанып жүру қажеттігін еске салады.
Бұқардың үшінші тілегінде қыз-келшшектердің, әйелдердің үсті-басын таза ұстауы, киім кию мәселелері, тіршілік етудің caн алуан қырлары сөз болады.
Бұқар жырау төртінші тілегінде ол төрде төсек тартып жатпауды ойластырыңыз дейді. Бұл арада қазақтың "әуелгі байлық — денсаулық" деген сөзі еске түседі.
Бесінші тілекте жырау бес уақыт намазды ұмытпау қажеттігіне тоқталады. Намаз — бес парыздың бірі, мұсылмандықтың белгісі. Біз қазірде де осы парызды естен шығармағанымыз жөн.
Алтыншы тілегінде, ол, ардақтаған аяулың күнінде біреуге тегіннен-тегін олжа болмасын деген ой айтады.
Жетінші тілекте жырау "желкілдеген ту келіп, жер қайысқан қол келіп, сонан сасып тұрмасқа" деп, ел қорғау мәселелеріне назар аударады. Қазіргі қазақ сарбаздары — Қазақстан армиясының тірегі. Ал әскерге барудан жалтарып, бара қалған күнде одан қашып-пысып жүру — имандылыққа жатпайтын теріс қылық.
Сегізінші тілегінде жырау өз ұрпақтарын әртүрлі төтенше, кездейсоқ жағдарлардан сақтандыруды кездейді.
Бұдан соң жырау "тоғызыншы тілек тілеңіз, төреңіз тақтан таймасқа" дейді. Қай заманда да қазақ ел басшысын, хан, сұлтанын сыйлаған. Сондықтан да, біз қазіргі жағдайда Н.Назарбаевтың "Қазақстан - 2030" бағдарламасын қолдап, оның іске асуына бір кісідей атсалысуымыз қажет.
Оныншы тілекте тағы да бейбіт өмірдің мән-маңызы сөз болады. Жырау тоқсандағы қарт бабалардың топқа жаяу бармау, «тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен» аналардың аңырап қалмау жайын ескертеді. Расында, қазіргідей ел тыныш, жұрт аманда еңіреп жүрген аналар аз ба?
Имандылық тәрбиесінің үлкен бір көрінісі ана алдындағы борышты өтеу. Ананың нәзік үні, жұмсақ та аялы алақаны, жүрек жылуы баланы жұбатып, оны жылылық нұрына бөлейді. Әр ана өз перзентін ақылды не ақымақ, мейірімді не рақымсыз, кесір, я қырсық болғанына қарамастан шексіз сүйеді. Анасын сыйлап, қастерлемейтін адамның имандылықтан жұрдай екені белгілі. Сондықтан жастар анасы үшін небір құрбандыққа баруға даяр болуы керек. Ананы сүйіп, ардақтау жеткіліксіз, оны баръшша құрметтеп, сыйлау - парыз. Қазақта парыз бен қарыз деген ұғым бар. Мұның екеуі де анаға қадір-құрмст көрсетуге қатысты қасиетгі ұғымдар. Бұқар жыраудың ананы аңыратпау дегені де - имандылықтың басты шарттарының бірі.
Оның он бірінші тілегінде әйел-ананы қастерлеу имандылық қасиеттің негізі ретінде сөз болады. Жыраудың тәлімдік тағылымдарының кредосы — еліне, халқына деген сүйіспеншілік, атамекенді, туған жерді, Отанды сүю. Ол туған жерге, атамекенге деген патриоттық сезімді қазақ жастарының бойынан үнемі көргісі келеді. Бұқар кең-байтақ қазақ даласының табиғат сұлулығын да тебірене жырлайды. Ол қазақ жерінің тау-тасы, орман, суы, шүйгін шөбі т.б. туралы эстетикалық тұрғыдан өте тартымды, тәлім-тәрбиелік мәні аса зор толғаулар тудырды.
Сөйтіп, Асан Қайғыдан басталып, Ақтамберді, Бұқар толғауларымен аяқталатьш "жыраулар педагогикасы” халқымыздың философиялық, педагогикалық көзқарастарының ең бір шұрайлы үлгісі екендігі құмән тудырмайды. Біздің топшылауымызша, осы дәуірде өмір сүрген жыраулар мен қазақ ойшылдарының ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткен шығармалары адам тыныс-тіршілігінің моральдық-этикалық, психологиялық ерекшелік-терін тайға таңба басқандай суреттейді. Дала ойшылдарының туынды-ларында басқа жұрттарда қайталанбас ұлттық қасиеттердің баса көрсетілуі — аса мәнді ерекшелік болып табылады. Тағы бір айта кететін жәйт, қазақ жырауларының толғауларында эстетикалық идеялар өз жалғасын тауып, әрі қарай дамып, сабақтасып жатады. Бұлардың қай-қайсысынан да моральдық-этикалық, имандылық сарынындағы проблемалар, сондай-ақ көшпелі халықтың психологиялық ерекшеліктеріне қатысты мәселелерге бой ұру ерекше байқалады. Сол кездегі қазаққа тән рухани мұралардың қоғам дамуының талабынан, оның әлеуметтік экономикалық қатынастарынан, халықтың асыл армандарынан туындап отырғанын да байқау қиын емес.
Бүкіл қазақ ұрпағының болашағын ойлаған дана жыраулар өмірден көрген жақсылығы мен жамандығы, ащылы-тұщылы тәжірибесі арқылы, ел басшыларының қадір-қасиеттерімен қатар, сол кездегі кейбір адамдардың екіжүзді, арам пиғылды болатынын да тамаша көрсете білді. Олардың елдің тыныш, бейбіт өмір сүруін, "Қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын" заманды аңсағандығын да байқаймыз. Қазақ жырауларының ішінде Асан Қайғы мен Бұқар жыраудың толғаулары мен тебіреністерінде, замана жайында көтерілген алуан түрлі мәселелер өзінің мәнін жоймақ түгілі, қазіргі күнде күннен – күнге зор маңызға ие болуда.
Ұлы билердің мұраларындағы тәлім-тәрбиелік пікірлер күні бүгінге дейін түбегейлі зерттелмей келеді. Бұларда шешендік өнер, тіл мәдениеті, адам мінезінің жақсы, жаман жақтары, адамша өмір сүрудің нормалары, бір сөзбен айтқанда, имандылық пен адамгершілік мәселелері ерекше орын алады. Олардың осы саладағы ой-пікірлері ел зердесінде мықтап орнығып, танымдық-тәрбиелік мәнге ие болып, мақал-мәтелдерге айналып та кеткен. Билер мәселені дөп басьш, тындаушысын аузына қарататын шешендігімен елдің бүкіл тыныс-тіршілігінде аса маңызды роль атқарған. Мәселен, Төле бидің (1663—1756) тәлім-тәрбиелік пікірлері көп жағдайда философиялық астары терең небір түйінді ойларды тұспалдау арқылы беріледі. Бұл жәйт қазақ психологиясының басты белгісі — сөз бен ой қысқа болса да нұсқа болсын дейтін қағидаға негізделген.
Төле би екі тексіз қосылса, олардан жақсы ұрпақ өрбімейтінін, яғни баланың жақсы азамат болуы әкесі мен шешесінің тектілігіне байланысты екендігін айтады (Жаугершілік болғанда жағдайлап мінер ат тумас). Мұнда екі жаманнан туған адамның сатқын, опасыз, жасық болуы мүмкін екендігі меңзеледі. Дала шешенінің мына тұжырымында да үлкен мән бар: "Қару жисаң мылтық жи" дегенде, Төле би соғысқа дайындалуды сөз етпейді, бұл - тек мал бағумен айналысқан халыққа ит-құстан, ұры-қарыдан мылтық арқылы сақтанасың деген ескертуі, қазақта "Қару-жарақ ұстау-бес ырыстың бірі" деген сөз бар.
Билердің тәлім-тәрбиелік пікірлерін белгілі бір жүйеге келтіру - қиын мәселелердің бірі. Бұларда педагогика ғылымының кәдесіне жарарлық асыл ойлар жетіп артылады, алайда олар әлі жүйеленіп, бір ізге түсіріле қойған жоқ. Мәселен, Төле би: "Балаң жақсы болса жан мен тәннің шырағы" дейді. Балажан халқымыздың "Жақсы бала сүйік, жаман бала күйік" дейтін аталы сөзі де бар. Бұл пікірлердің бірін-бірі толықтырып тұрғаны анық. "Өзіңнен туған ұл мен қыз сыйламаса-сол қайғы!" деген тағылым сөзде де терең педагогикалық мән бар. Осыларды белгілі педагогикалық, психологиялық жүйеге түсіріп, мәнін ашып көрсету - келешек зерттеушілердің міндеті екені айқын. Билердің педагогикалық, психологиялық пікірлерін белгілі бір топтамаға жүйелеп келтіру өте қиын мәселенің бірі. Сонда да жалпыламай осы ғылымныц негізгі бір кіріспесіне жарарлықтай асыл ойлар жетіп жатыр. Соның бірі, «жасы кіші демеңдер ақылы асса аға ғой, үй баласы ма деп едім, ел баласы екенсің», деген сөзі ұлы Абайдың, әкенің баласы болма, халықтың баласы бол деген сөздері Төле бидің сөздерімен сабақтасып жатқап жоқ па? «Аулыңның тауы бол. Маңдайындағы бағы бол» дейді ойшыл данышпан. Бұл жерде шапақ шашып келе жатқан таң рауандап қандай әсем көрініс болса, сен де елге қызмет ет, шапағатың елге шашылсын. Сол елдің, халықтың, тайпаның, ауылдың бағы бол деп жас өскінге үлгі айтып тұрғаны емес пе? Педагогикалық бағытта айтылған мына бір тағылымдық сөзі қандай әсерлі айтылған; «Балаң жақсы болса, жан мен тәннің шырағы». Бұл сөзге кандай түсінік беріп жату керек. Тәлімдік әсері екпінді енді бір ой салатын пікір бұл - өзіңнен туған ұл мен қыз, сыйламаса сол қайғы!!! - дегені. Бұл сөз қазақ ойшылдарының көп айтатын мәселесі. Төле би осы жайында ерекше атап кеткен. Төле бидің тәлім-тәрбиелік сөзін қорытындылай келіп біздің би бабамыз «атадан қалған сара жолың бар» деп бізге нұсқайды. Осыны әр уақытта ескеріп жүр дейді. Сондай-ақ «құлдық ұрсаң дұшпанға арылмайтын сорың бар», дүшпанның, алдында жалпақтама, жантық болма ербеңдеме, керісінше қасқырша қарсы тұр, сен қазақ жылқы мінезді халықсың бұлтаңдама, қазіргіше айтқанда, құлдық психологияға ұрынба дейді. Үш жүз жылға созылған орыс патшасының отарлау саясаты, одан кейін коммунистік идеология кезінде біздің қазақ халқы осындай құлдық психологияға душар болды. Осы психология батпандап кіріп, мысқалдап шығуының өзі қиын болып тұр.
Орта жүз биі Қазыбек (1665—1765) жастарға жағымсыз қасиеттерден аулақ болуды қатты ескерткен. Ол "қазақта не жаман" деп сауал қойып, оған "бірлігі кеткен ел жаман" деп өзі жауап береді. Ел бірлігінің негізгі арқауы — қазақтың қамал бұзар тілі, шешендік өнері. Қазіргі кезде ұлттық тіліміздің өз деңгейінен көріне алмауы, кейбір жастарымыздың ана тілінде сөйлемеуі — сол бірліктің аздығының салдары болса керек. Бірлік әрбір отбасынан басталады. Қазақ баласы бәрі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өз тілінде сөйлеп, халық тағылымына бас исе, бұның кейіннен қоғам өміріндегі бірлік-татулыққа жеткізері хақ. Қазыбек бидің педагогика мәселелеріне қатысты "Бір бала бар — атаға жете туады, бір бала — атадан өте туады, бір бала — кері кете туады" деген тұжырымы бар. Бұл қазақ халқының "бір биеден ала да туады, құла да туады" дейтін ойымен астасып жатыр. Бұл арада халқымыздың "бес саусақ та бірдей емес" деген тағы бір даналық сөзі еске оралады. "Ашу - дұшпан, ақыл - дос, ақылыңа ақыл қос", "Жауға сілтер қаруыңды еш уақытта жақыныңа сілтеме", "Тату болса, ағайын жақын" деген нақылдардың тәлім-тәрбиелік ұлағаты аса мол. Мәселен, бір-бірімен тіл табыса алмай, қырғиқабақ күн кешетіндер, бұрындары да болған, қазір де кездеседі. Би бабамыз "Ақылшы болса, апайың жақын" дейді. Жасөспірімдерді тәрбиелеуде өнегелі апа, әпкелер ролінің қаңдай екені екінің біріне мәлім. "Бауырмал болса інің жақын, инабатты болса келінің жақын, алдыға тартқан адал асын ұсынған қимас қарындасың жақын, еркелейтін немерең жақын, өз ұрпағыңнан шөберең жақын, - деген өсиет айтады Қазыбек би. Қазақта әйел ұғымы "екі жарты бір бүтін", жұбай, қосақ т.б. синоним сөздермен беріледі. Халқымызда "қосағыңмен қоса ағар" деген де аталы сөз бар. Бұл жарыңның өзіне өте жақын жан екенін көрсетеді.
Кәрілік барша адамзаттың өтетін кезеңі. Одан ешкім құтыла алмайды. Кәрілікті де біз сыйлауымыз керек. Кәрілікті жастық шақ кезінде ойлауымыз керек. Мысалы: автобуста қазақтың кейбір қыз-жігіттері үлкендер тұрып тұрғанда бадырайып отыра береді. Сол кезде олар да кәрі боламыз деп ойламайды. Одан қашып құтылатын жол жоқ қой. Неге үлкендерді сыйлап, орын бермейді екен деген ой туады. Мұнда да үлкен тәлімдік түйіндер жатқан жоқ па? Ғылыми педагогикаға, қазақтың тәлім-тәрбиеге өте жақын тұрған Қазыбек бидің мынандай тұжырымдары бар. «Бір бала бар - атаға жете туады, бір бала бар - атадаан өте туады, бір бала бар - кері кете туады». Дәлме дәл айтылған нәрсе, психологиялық жағынан баланың да жаңағы қазақ халқының «бір биеден ала да туады, кұла да туады» дегендей. Мысалы: алтауының ішінен керемет бір топ жаршы шығады дегендей. Өте дұрыс айтқан. Бұл арада қазекеңнің «бес саусақ бірдей емес» деген сөздің өте қысқа, қысқа да болса нұсқа айтылған тезис түріндегі түйіндер.
Бұл жерде біз арнайы комментарий беріп жатуды мақұл көрмедік. Ал енді мына түйіндердің де тәлім-тәрбиелік құнының мәтіні зор екеніне тәубе келтіруге бола ма? «Ашу дұшпан. ақыл дос, ақылыңа ақыл қос» деген сөз қасиетті Қазыбек биден шыққан. «Жауға сілтер қаруыңды еш уақытта жақыныңа сілтеме», - дейді. Бұдан артық имансыздық жоқ делінеді. Құран кәрімде де осыны айтқан ғой. Бұл сөз әр адамның санасына сіңердей емес пе? Одан кейін, «Атадан жақсы ұл туса, елінің туы болады», -дейді. Бұрынғы бір сөздерін қайтадан қайталайды. Қайта-қайта құлаққа құйып тұр. «Атадан жаман ұл туса, көршінің жемсауы болады.
Қасиетті бидің отаншылдық тәрбие жөнінде айтқанының өзі бір кітаптай. Біздің бұл жердегі өте керемет қайран қалатынымыз мына сөздер: «Алтын ұяң - Отан қымбат, құт берекең - атаң қымбат», - дейді. Отан - бүкіл ауыл аймағың. Сенің ата-бабаң да Отан. Құт-берекең дейді мұны Қазыбек би. Одан кейінгі бір Отаның отбасының Отаны - ана. Айырылмайтын анаң қымбат. Мейірімді апаң қымбат. Отбасының отаны. Үлкен Отан бұл халқың, ауылың, елің деген түсініктер. «Ұят деген ар қымбат». Бұл-инабаттылық, имандылық, этикалық категориялардың үлкені. «Өзің сүйген жарың қымбат», - деп нағыз жарыңның орны бөлек деген ойды әрмен қарай жалғастырып тұр. Ол адамдардың достық жолдастық, жау, дұшпан осыларды білудің, тек аңқылдап жүре бермеудің, бірін-бірі ажыратудың қалыптасып келе жатқан жас өскінге ауадай қажет екендігін ескерте алады.
Қазақтың XVIII ғасырдағы тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерінің әрмен қарай дами түсуіне Кіші жүздің атақты биі Байбекұлы Әйтекенің де (1682-1766) қосқан үлесі аз емес. Ол Төле, Қазыбек тәрізді басқа да қазақ билерімен бірге "Жеті жарғы" атты заң жинағын жасауға, мемлекеттік істерге, сондай-ақ Ұлы, Орта, Кіші жүз арасындағы еларалық мәселелерді шешуге белсене араласқан. Оның поэтикалық сарындағы тағылымдарына туған жердің табиғаты, қоршаған орта, көшпелі жұрттың өзіндік мінез-құлық көріністері, сот, құқық төңірегіндегі салиқалы мәселелер арқау болған. Әйтеке би табиғат пен адамды теңейді және соның негізінде өз ойларын баяндайды.
Әйтеке би, Қазыбек би, Төле би шығармаларында ойлауға, көруге байланысты мәселелерді байқауға болады. Әйтеке бидің ойлау ерекшеліктері оның мына бір толғауында жақсы көрсетілген. Мәселен: «Ашу деген - ағын су, алдын ашсаң арқырар, Ақыл деген - дария, алдын тоссаң тоқырар». Осы сөздерде қандай мән бар? Адам ылғи да ашуланып жүрсе, ол көп өмір сүре алмайды. Әрине ашуланбайтын адам болмайды. Бірақ адам ашуға жол бермей кейде шаттанып, ақжарқын көңіл-күйде болуға тырысуы керек. Әйтеке би ашуды ағык суға теңегені өте дұрыс, ашу пайда болады, өтеді де шығады. Ал ақыл деген дария алдын тоссаң тоқырайды, ақыл келіп тұрғанда, ашуды тоқтататын ой тізгініне салып бірқалыпты жай күйге ауысу керектігін қазіргі психологияның айтып жүрген сөздері. Одан кейін тәлім-тәрбиелік ойларының мәнді екені білінеді. Мұнда кісілікке, адамгершілікке, ағайынгершілік пен туысқандыққа байланысты түйіндерде де үлкен мін жатыр. «Кісіге бірге туыспау керек, туысқан соң сөз қуыспау керек. Сөз қуған пәлеге жолығады, жол қуған олжаға жолығады», - дейді. Жол қуған дегенде, қазақта ер азығы мен бөрі азығы жолда демекші, ер азаматқа «тірлік істе, жұмыс қыл, сөз қуғанша» деген педагогикалық маңызы бар пікір айтып тұрған жоқ па? Дала данышпаны өмірдің мән-мағынасы туралы әлемде бар нәрсенің өткіншілігі жайында, сонымен қатар, мораль мен әдеп хақында талай-талай дана сөздер айтқан. Бұл оның философиялық көзқарасының мәні өте тереңде жатқандығын байқатады. Әйтеке бидің шығармалары қазақ жырауларының шығармаларымен түйісіп жатқандығын байқау қиын емес. Жалпы қазақ билерінің артына қалдырған мұраларына талдау жасау арқылы сол кездегі қазақ мәдениеті мен рухани өмірінің мәселелерін жақсы аңғарамыз. Ал енді Әйтеке бидің қазіргі нарық экономикасына байланысты қазіргі жаңа қазақтарға, әсіресе жас өскіндерге, тікелей арнап айтқандай сөзі біздерді қайран қалдырады. Ол бірде былай деген: «Бай болсаң халқына пайдаң тисін». Ал енді бай болып өзінің халқына, ауылдағы кем-кетіктерге, жарлы-жақыбайларға байлығы басынан асып жатқанда жәрдемдеспей жүрген қазақ зиялылары орыс елінің меценат деген қозғалысын біздің қазақ байлары онша түсініңкіремей жүргендігін айтуға болады. Мәскеуде қызыл алаңға жақын тұрған қазіргі психология институты орыстың бір көпес әйелінің қаражатына салынып, оның өтініші бойынша аты сол институтқа берілген. Ал біздің кейбір ғалымдарымыз психология институтын саламыз деп жүргеніне біраз жыл болды. Қазақтың байлары институт ашу үшін қаражат беруге бел шешпейді. Осы жерде Әйтеке бидің сөзін өте орынды пайдаланумызға болады. «Бай болып елге пайдаң тимесе, Елден бөтен үйің күйсін», - деп тіптен қатты айтқан. Ал енді келесі бір пікірінде өзінің замандастары Төле би мен Қазыбек бидің әділ жасаған биліктерін келешек жастарға үлгі тұтады: «Жақсылардың белгісі сол емес пе, қара қылды қақ жарған әділ болса». Әйтеке бидің мұралары Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының орталық ғылыми кітапханасының қорында сақтаулы. Біздің ғалымдарымыз осы материалдарды әр түрлі ғылыми көзқарас тұрғысынан зерттесе құба-құп дер едік. Тәлім-тәрбие мәселелеріне байланысты Әйтеке айтқан ақыл-кеңестер баршылық мәселен, аға мен інінің арасындағы қарым-қатынас туралы «Ағасы келсе ардақтап атын байлағандай; Қонағы келсе, құрметтеп жайлағандай, Тындырымды інісі болса, қанат-құйрығы сай болып, көңілі жай болып, ағаның алар тынысы болар». Мұнда не айтып тұр? Мұнда біріншіден, ағаның жақсы болуы ініге байланысты. Қазақта «ағаның үйі ақжайлау» деген сөз бар. «Ағасы бардың жағасы бар», деген сөз де бар. Әйтеке бидің айтуы бойынша, оның інісі қандай жағдайда болса да ағасын сыйлап, ағасын көргенде атын байласа ағасының үйіне қонақ келсе, оны құрметпен жайласа. Әрбір істе қандай нәрсе айтпасын інісі тындырымды болса, ағасының да, інісінің де көңілі жәйлі болып, жан дүниесі психикасы рахаттанып, өте тамаша сезімдерге бөлінетіндігі белгілі. Сондай жағдайда ағаның айтқанын екі етпей, берілген істі тындырып жүрген інісі болса, ағаның ашылар тынысы. Одан кейін бұл ойын Әйтеке би әрмен қарай жалғастырып: «інінің міндеті - басқару». Нені басқару керек екені белгілі. Ол шаруашылықты басқару. Ағаның реті - бас бағу емес пе? Бұл күтіну, отағасы болғанда жүгірумен інісі айналысып, ал ағасы жалпы кеңес. беріп, ақыл айтып отыру қажет екендігін меңзейді, ұлы би. Билер тағылымдары ауқымының өте кеңдігі, олар қозғаған проблемалардың сан қилылығы, бұлардың көшпенді халықтың мінез-құлық ерекшеліктеріне сәйкестендіріле айтылуы, әсіресе жас ұрпақтың бойында өршіл қасиеттердің қалыптасуына ерекше мән берілуі, қазақ ойшылдарының даналық философиясын терең меңгергендігін айғақтайды. Олар сондай-ақ көшпелілердің ізгі мұраттары мен тілектері, өмірлік құндылықтары, талғам-түсініктері, таным ерекшеліктері жайлы көптеген терең мағыналы тұжырымдар жасаған.
Біздің талдауымыз ұлы билердің тәлім-тәрбиелік тағылымдарын айтумен ғана шектелмейді, бұл жерде қазақ топырағында жоғарыда айтып кеткеніміздей билер аз болмаған. Бұлардың шығармашылық ерекшеліктері адамды ерекше толғантады. Қазақ билерінің қай-қайсысыда туған жерге, ата-мекеніне, туған халқына адал қызмет қылатын жігерлі жастарды, жас өскіндерді тәрбиелеу, міне осылар билердің ең негізгі бағыты болған.
Қазақ билерінің қай-қайсысының да өсиеті, нақылдары туған жерін, атамекенін құлай сүйіп, оған жан-тәнімен берілген жігерлі жас ұрпақ тәрбиелеудегі таптырмайтын рухани құрал. Артына өшпес із қалдырған ақын-жырау, шешен-билердің алған тәрбиелерінің негізгі өзегі ұлттық поэтикалық шығармалар. Ал ұлттық поэтикалық шығармаларды бастауыш сынып оқушыларына эстетикалық тәрбие құралы ретінде пайдалану өмірге орақ ауызды, шешендер мен жан дүниесі сұлу тұлғаларды тарих сахнасына қайта шығаруға өз ықпалын тигізері сөзсіз. Осы жерде саз өнерінің, яғни музыка өнерінің де өскелең жастардың эстетикалық дүниетанымын, соның негізінде мәдениетін қалыптастыруда және адамгершілік тұрғыда тәрбиеленуінде алатын орны ерекше.
Достарыңызбен бөлісу: |