§ 16.Қарақытай мемлекеті (1128-1213 жж.)
Қарақытайлар мемлекетінің құрылуы Орталық Азиядағы қидан тайпасымен тығыз байланысты. ІV ғасырдың жазба деректерінде қидандар монғол тілдес тайпа ретінде көрсетіледі. Қарақытай билеушісі Елюй Дашы Жетісуда өз мемлекетін 1128 жылы құрды. Бұл мемлекет 1128-1213 жылдары өмір сүрді. Жетісудағы жергілікті түркі тілдес халықтармен араласып кеткен қидандар «қарақытай» деп атала бастады. Ал, 1141 жылы Қарахан мемлекетінің екі хандығының да билігі қарақытайлар қолына көшті.
Сөйтіп ХІІ ғасырдың 30-40 жылдары қазіргі Қазақстанның оңтүстік-шығыс аумағы, Бұхара мен Самарқант, сондай-ақ Мауреннахр аймағы қарақытайлардың қол астына қарады. Бұл мемлекеттік бірлестіктің шекарасы тұрақсыз болды саяси ахуалдарға байланысты өзгеріп отырды.
ХІІ ғасырдың ортасынан бастап қарақытай билеушілері салық саясатын өзгертіп, барынша қатал тәртіп орнатады. Осыдан кейін ашық тонау, бейбіт елді ойрандауға көшеді. Бұл саясат халықтың наразылығын тудырып, мемлекеттің ішкі жағдайына әсер етті. Мемлекетті саяси дағдарысқа әкеліп тіреді.
Қидандардың ел басшысы «гурхан» титулын иеленді, ол «хандардың ханы» дегенді білдіреді. Гурхан әскерде қатаң тәртіп орнатып, тұрғындарды тонауға тиым салды, тұрақты салықтарды бекітті. Гурхан өзінің ордасын Баласағұн түбіндегі Құз-Ордада құрды. Елюй Даши 1143 жылы қайтыс болды, енді билік гурханның жесірі Табуянға ауысты, ал 1150 жылы оның ұлы Елюй Иле гурхан тағын иеленді.
Оның кезінде алғашқы рет халық санағы жүргізілді, 84 мың отбасы тіркелді, сірә бұл Сырдария мен Еміл арасын қоныстанған тұрғындар болуы керек. Иленің өлімінен кейін 1163 жылы елді Елюй Дашидың қарындасы Бугусан басқарды. Ал, 1169 жылдан 1203 немесе 1214 жылға дейін билеуші болған ең соңғы гурхан Чжилугу (Чжулху) кезінде бұл аумақта іргелі өзгерістер жасалды.
Қазақстанның біраз бөлігін қарамағына қаратып, мемлекет құрғанымен қарақытайларда ішкі мемлекеттік басқару жүйесі аса мықты болмады. Билік мұрагерлік жолмен беріліп отырды. Бір ерекшелігі қарақытайларда әйел адамдар да мұрагерлік жолмен ел басқару құқығына ие болған. Қарақытайлардың әскери жүйесі біршама мықты болды.
Орталықтан басқаруды жергілікті жерге беру айналып келгенде қарақытай әскербасыларының шын мәнінде автономиялық, яғни дербес билеушілер болуына әкеп соқты. Ал, 1212 жылы монғолдардан ығысқан наймандар Күшілік ханның басқаруымен осы аумаққа қарай лап қойды.
Осылайша, ХІІІ ғасырдың басында наймандар қарақытайларды Жетісу өңірінен ығыстырды. Ал, 1211 жылы Күшілік хан қарақытай билеушісін құлатты. 1211-1213 жылдары Жетісудағы билік найман билеушісі Күшілік ханның қолына өтті.
Достарыңызбен бөлісу: |