§ 75.Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері
Қ
Елтаңба
азақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуы кезек күттірмейтін міндет ретінде республиканың мемлекеттік рәміздерін қабылдауды талап етті. 1992 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы қабылданды. Ту авторы суретші Шәкен Ниязбеков. Елтаңба авторлары - Жандарбек Мәлібеков пен Шотаман Уәлиханов. 1992 жылғы 6 маусымда Жоғарғы Кеңес сессиясының салтанатты мәжілісінде жаңа мемлекеттік рәміздерді ресми түрде таныстыру рәсімі өткізіліп елтаңба мен тудың нұсқасы қабылданды. Мемлекеттік рәміздер қазақ елінің тарихын, мәдениетін және дәстүрлерін бейнелейді.
Рәміздердің қатарына елтаңба, ту, әнұран жатады. Барлық елдер өз рәміздерін қадірлейді. Рәміздер белгілі бір елдің басқа елмен қатынасында да маңызды рөл атқарады. Ту шетелде екі жағдайда: мемлекет басшысының сапары кезінде және олимпиада жеңімпаздары анықталғанда көтеріледі. Әр елдің рәміздерінің өзіндік тарихы бар. Жалпы, көптеген мемлекеттердің рәміз нышандарының тарихы тереңде жатыр. Елтаңбаларды зерттейтін ғылымды геральдика, туларды зерттейтін ғылымды виксикология деп атайды.
Елтаңба - әр мемлекеттің негізгі нышандарының бірі. 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік рәміздерді, оның ішінде елтаңбаны қабылдау қажеттілігі туды. Мемлекеттік Елтаңбада көгілдір түс аясында шаңырақ бейнеленген. Шаңырақты айнала уықтар шаншылған. Олар күн сәулесіндей жарқырайды. Екі жағын аңыз ертегідегі пырақтардың қанаттары көмкеріп тұр. Шаңырақ әлемнің біртұтастығын, мемлекеттің бастауы - отбасы ошағын бейнелейді. Қанатты пырақтар – мәңгілік өмір, шексіз дамуды бейнелейді. Елтаңбаның маңдайшасындағы бесжұлдыз – мемлекеттің жарық жұлдызы, жұлдызымыз жарқырай берсін деген мағынаны білдіреді. Шаңырақ, жұлдыз, пырақтар алтын түсті.
Т
Ту
у - негізгі рәміздердің бірі. Туды қазақтар жалау немесе байрақ деп те атайды. Ту - мемлекетті танытып тұратын басты белгі. Қазақстан Республикасы туы 1992 жылы маусым айында бекітілді. Тудың авторы - Шәкен Ниязбеков. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – көгілдір түс. Көгілдір түс – бейбітшіліктің, тыныштықтың, жарқын болашақтың, ашық аспанның белгісі. Тудың ортасында сәулелерін шашып тұрған күн, күннің астында қалықтап ұшқан қыран құс бейнеленген. Күн – бейбітшіліктің, дала құсы – дарқандық, биікке самғау белгісі. Тудың сол жағында қазақ халқының ұлттық өрнегі бейнеленген. Өрнек қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерін білдіреді. Күн, қыран құс, өрнек алтын түспен берілген. Алтын түс – молшылық, байлықтың белгісі.
Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Гимні (әнұраны) 1992 жылдың желтоқсан айында қабылданды. Әнұранның сөзін Т.Молдағалиев, Қ.Мырзалиев, М.Әлімбаев, Ж.Дәрібаева, әнін М.Төлебаев, Е.Брусиловский, Л.Хамиди жазған. Ал 2006 жылдың қаңтар айында екінші жаңа әнұранын қабылдады. Әнұранның сөзін жазғандар – Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев, Әнін жазған – композитор - Шәмші Қалдаяқов.
Достарыңызбен бөлісу: |