Іі. Батыс Қазақстан кәсіподақтарының ауыл шаруашылығын дамытуға қатысуы


Еңбек жағдайын жақсарту және материалдық тұрмыс жағдайын жақсарту



бет2/2
Дата26.04.2023
өлшемі28.53 Kb.
#472787
түріСабақ
1   2
ғылыми жұмыс

2.2. Еңбек жағдайын жақсарту және материалдық тұрмыс жағдайын жақсарту
Соғыстан кейінгі жылдары облыстық партия комитеті қоғамдық-бұқаралық ұйымдар арқылы өлкенің экономикасы мен мәдени – тұрмысын қалпына келтіру мен әрі қарай дамытуға бағытталған шараларын жүзеге асырып отырды. Бұқаралық ұйымдар халықшаруашылық, әлеуметтік міндеттерді шешуде маңызды рөл атқарды. Коммунистік партияның негізі, оның саясатын жүргізуші, бұқараны ұйымдастырушы – бастауыш партия ұйымы шаруашылық пен мәдени құрылысқа басшылық жасап отырды. Бастауыш партия ұйымдары барлық өнеркәсіп және транспорт кәсіпорындарында, МТС-та, совхоздар мен колхоздарда құрылды. 1949 жылы қайтадан 38 бастауыш партия ұйымдары құрылған болса, 1952 жылдың 1-ші қыркүйегінде 12592 коммунистерді қамтыған 763 бастауыш партия ұйымдары есептелінген, ал 1953 жылы облыстың барлық колхоздарында 3226 партия мүшелері мен кандидаттарын қамтыған колхоздың бастауыш партия ұйымы, 549 коммунистерді қамтыған 39 МТС, МЖС және ММС-тың бастауыш партия ұйымы, 1503 коммунистерді қамтыған 34 совхоздың бастауыш партия ұйымдары қызмет еткен.
БК(Б)П Уставына сәйкес күнбе-күнгі жұмысты жүргізіп отыру үшін бастауыш партия ұйымы бір жылға бюро немесе секретар сайлап отырған. Бюро басшылығының немесе секретарлардың сапалық құрамына үлкен көңіл бөлінді. Нәтижесінде бастауыш партия ұйымдарының секретарларының сапалық құрамы біркелкі жақсарды. Мысалы, 1948 жылы бастауыш партия секретарларының құрамында орта және аяқталмаған орта білімі барлар 444 адамға жеткен болса, 1949 жылы олар 556 адамды құраған және бастапқы білімі бар секретарлар саны 461-ден 378-ге дейін азайған. 1951 жылы да біршама жоғары көрсеткіштер байқалған. Егер 1948 жылы ҮІІІ-ші партконференцияға дейін бастауыш партия ұйымдарының секретарлары құрамында жоғары және аяқталмаған жоғары білімділер 4% болған болса, 1951 жылы 8,4%-ке жеткен, орта білімі барлар және толық емес орта білімділер 56,8%-тен 63,1-ке дейін көтерілген.
Саяси және шаруашылық шараларды деревняларда жүргізуде селолық бастауыш партия ұйымдары жетекші рөл атқарды. Мысалы, 1952 жылы колхоздардың көпшілігінде бастауыш партия ұйымдары қоғамдық мал шаруашылығын өркендетіп, оның өнімділігін арттыру, басқа да саяси шаруашылық міндеттерді орындауда зор рөл атқарған, колхозшыларды бұл міндеттерді орындауға жаппай жұмылдыра алған. Жаңақала, Казталовка аудандарындағы колхоздардың бастауыш партия ұйымдары дәл осылай жұмысты жақсы жүргізіп отырған. Жаңақала ауданындағы «Новый путь» колхозының бастауыш партия ұйымы партиялық ұйымдастыру, үгіт-бұқаралық жұмысты шаруашылық міндеттемелерге шебер ұштастыра жүргізудің нәтижесінде колхоздың қоғамдық шаруашылығының өркендеуін қамтамасыз еткен. Казталовка ауданындағы Энгельс, Орда ауданындағы Чапаев атындағы колхоз бастауыш партия ұйымдары да коммунистердің барлығын дерлік колхоз өндірісінің жауапты участоктеріне тартқан. Коммунистер үгіт жұмысын жүргізе отырып, партия жиналыстарын уақтылы өткізіп отырған. Онда колхоз өндірісінің маңызды мәселелері, коммунистерге берілген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланған.
Облыстағы колхоз және совхоз жеке өндіріс участкелеріне партиялық басшылықты жақсарту мақсатында фермалар мен бригадаларда 1953 жылы 261 бастауыш партия тобы ұйымдастырылған. Оның ішінде колхозда колхоздық бастауыш партия ұйымы жанынан 578 коммунисті қамтыған 137 партия тобы жұмыс істеген. Колхоздық бастауыш партия ұйымдарында коммунист-колхозшылар саны төмендеп кеткен. Мысалы, 1948 жылдың 1-ші қаңтарында коммунист-колхозшылар саны 3305 адамға жетсе, 1953 жылдың қаңтарында небәрі 2597 адамды құраған немесе колхозшылар саны 708 адамға азайған.
Қоғамдық-бұқаралық ұйымдардың ішінде жергілікті Советтердің маңызы зор. Жергілікті жерлердегі мемлекеттік орган, еңбекшілердің мейлінше бұқарашыл қоғамдық ұйымы болған жергілікті Советтер өмір тудырған мәселелерді түгел қамту үшін бар күш-жігерін салды.
Соғыстан кейінгі жылдары Советтердің жұмыстарын қайта құруда еңбекші депутаттардың жергілікті Советтерінің сайлаулары маңызды рөл атқарды. Бұл партия мен үкіметтің жергілікті жерлерге басшылығын жақындата түсуге көп көмегін тигізді. Мысалы, 1950 жылғы еңбекшілер депутаттарының жергілікті Советтеріне сайлау науқаны бірінші рет депутаттардың сайлаушылар алдында белгілі бір атқарған жұмысы мен тапсырыстарды орындау деңгейі жөнінде есеп беру арқылы жүзеге асты. Ал бұл шаралар жергілікті Советтер мен бұқараның арасындағы байланысты күшейтті, сәйкесінше партиялық басшылықты жақындата түсті. Сайлау нәтижесі төмендегідей болды: облыстық Советке – 60 адам, қалалық Советке – 238 адам, аудандық Советке – 375 адам және ауыл-селолық Советке – 260 адам, жалпы барлығы – 3269 адам депутат болып сайланған. Ал 1951 жылы өткен жергілікті Советке сайлау партия саясатын жүзеге асыратын Советтер басшылығына жаңа, тексерілген, іскер мамандардың келуіне септегін тигізді. Сайлау нәтижесінде жергілікті Советтеріне 3289 депутаттар сайланған, олардың 50%-і БК(б)П мүшелері мен кандидаттары болған. Бұл сайлауда әйелдердің рөлі өскен. Олар жалпы депутаттар санының 35,4%-ін алған немесе 1159 әйел сайланған.
Құрылған ауылдық советтер ауыл шаруашылығын, ауыл-село мәдениетін көтеру, еңбекшілердің тұрмыстық жағдайларын жақсарту бағытында аз жұмыстанбады. Әсіресе осы жолда социалистік жарыстың рөлі зор болды.
Социалистік жарыстар әрбір бесжылдық жоспарды орындау барысында, бүкілхалықтық мерекелер кезінде, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің сайлауы күндері өрістетіліп отырылды. Мысалы, республиканың Жоғары Советінің сайлауына әзірліктің алғашқы кезеңінде Қазақ ССР Министрлер Советі мен ҚК(б) П Орталық Комитеті қабылдаған «1954 жылы республиканың ауыл шаруашылығын онан сайын өркендету жолындағы социалистік жарысты өрістету туралы» қаулысын облыстың көптеген аудандық, ауылдық, селолық Советтері басшылыққа ала отырып, ауыл шаруашылығындағы еңбекшілердің сайлау құрметіндегі социалистік жарысын ойдағыдай ұйымдастырған. Мұны Теректі ауданындағы Ново-Павловка, Фурманов ауданындағы Фурманов ауылдық Советтерінің жұмысынан көруге болады. Бұл Советтердің депутаттары мен активтері бұқараны ұйымдастырушы мен бастаушы болды. Мысалы, Ново-Павловка селолық Советінің депутаты, Калинин атындағы іріленген колхоздың председателі Пивень жолдас колхоздағы мал қыстауды үлгілі ұйымдастырды. Қоғамдық мал жылы қорамен және қыс маусымына жеткілікті азықпен толық қамтамасыз етіліп, колхоздың колхозшылары сайлау құрметіндегі социалистік жарыста қабылдаған міндеттемелерін ойдағыдай орындаған. Сол сияқты Фурманов атындағы колхозды ауылдық Советтің депутаты, Социалистік Еңбек Ері Ақсыйқов жолдас «Жас» колхозын ауылдық Советтің депутаты Байтеменов жолдас басқарған. Олар бұқараға сүйеніп жұмыс істеуінің арқасында колхоздың қоғамдық шаруашылығын өркендету жолындағы күреске бүкіл артель мүшелерін жұмылдыра алды.
Еңбекшілердің өскен тілегіне сай жұмыс істей отырып, ауыл-село мәдениетін көтеру, еңбекшілердің тұрмыс жағдайларының жақсаруына үнемі қамқорлық жасау – жергілікті Советтердің төл ісі. Бұл тұрғыда Шыңғырлау поселкілік Советі (председателі Қазиев жолдас) және Жәнібек ауданы Ақоба ауылдық Советі (председателі Мұқанова жолдас) біркелкі жұмыстар атқарған.
1952 жылы Шыңғырлау поселкілік Советі поселкіні көркейтуге, пәтер-үйлер салуға ерекше көңіл бөлген. Осының нәтижесінде аудан орталығында еңбекшілер үшін 35-тен астам жаңа тұрғын үйлер салынған. Орталық клубтың жанына 1,5 гектар бақ және көптеген үйлердің іргелеріне ағаш көшеттері отырғызылған. Поселкілік Совет бойынша мемлекеттік мал шаруашылық өнім тапсыру жоспарын 101% орындап, мемлекетке 67500 литр сүт, бірнеше килограмм жүн тапсырған. Сондай-ақ Советтің қаржы жинау жоспары 105% болып орындалған.
Ал Жәнібек ауданы Ақоба ауылдық Советіне келер болсақ, мұнда ауылдық Советтің 9 депутаты және ондаған активі жұмыс істеген. Осы ауылдық Советтің депутаттары мен автиві бұқарамен тығыз байланыста бола отырып, саяси шаруашылық міндеттерді ойдағыдай орындап отырған. Бұған мысалға ауылдық Советтің 1951 жылғы жұмыстарының қорытындысын айтуға болады. Ауылдық Советтің қамтуындағы екі колхоз да қоғамдық мал шаруашылығын өркендетудің үшжылдық жоспарын малдың барлық түлегі бойынша орындап шыққан. Мемлекетке астық, ет, сүт, жүн тапсыру жоспарын ойдағыдай атқарған.
Сонымен бірге Советтің автивтері мен депутаттары оқу үйінің жұмысын да үнемі қадағалап отырған. Газет, журнал, саяси-шаруашылық және әдеби кітаптарды колхозшылар арасында тарата отырып, жеті жылдық мектеп, 22 балалық бюджеттік, 17 балалық қоғамдық интернат ұйымдастырған. Ауылдық Советтің қарауында жетіжылдық мектеп, емхана, бір оқу үйі жұмыс істеген.
Жергілікті Совет халықты медициналық қамту ісінің жайымен де шұғылданып отырған, оны жақсартуға көп тер төккен.
Облыстағы өндіріс, қызмет көрсету және мәдени саласындағы өздерінің жұмыс сипатына ортақ мүдделері арқылы барлық еңбекшілерді біріктірген келесі бұқаралық қоғамдық ұйымының бірі-кәсіподақтар болды. Кәсіптік одақтардың халықшаруашылық міндеттерді шешудегі ролін арттыруда БК(б) П Орталық Комитеті мен ВЦСПС ХІХ пленумының қаулылары негізінде облыста 1948 жылдың 10-шы қарашасында кәсіптік одақтардың облыстық советтерінің құрылуы маңызды болды. Облыста 710 фабрика-зауыт комитеттері және жергілікті комитеттері, 11 облыстық комитеттер одағы және оған теңестірілген райпрофсож одағы, өзендердің бассейіндік комитеттері жұмыс істеді. Олар одақтың 10350 мүшесін қамтыған. Ал 1948 жылдан 1951 жылдың қаңтарына дейінгі мерзімде кәсіподақ ұйымдарының мүшелігіне 18 мыңнан астам адам қабылданған.
Қарастырылып отырылған кезеңде өндірістік жоспарларды орындау, еңбекшілерге тұрмыстық және мәдени қызмет көрсетуді жақсарту бағытында кәсіподақ ұйымы көп жетістіктерге жетті. Осы мақсатта социалистік жарыстарды ұйымдастырып, жаңашылдар қозғалысын қолдап, кәсіпорын әкімшіліктермен шарттар жасап отырды.
Өнеркәсіптің барлық салаларын құру мен дамытудағы кәсіподақ ұйымдарының игі істерін Ворошилов атындағы заводтың завод комитетінің, Красновский ет совхозының жұмысшы комитетінің «Ур-1» Земмашина кеме комитетінің ұйымдастырушылық-практикалық жұмысынан көруге болады.
Алайда өнеркәсіп тетіктерінде кәсіподақ ұйымдарының жұмыстарында кемшіліктер де жіберіліп отырылған. Мұндай кемшіліктер Шыңғырлау ауданының қаржы органдарының жанындағы кәсіподақ ұйымының жұмысында, облыстық мал азығын дайындаудың төменгі ұйымдарының және жергілікті кәсіпшілік кәсіподақ жұмыстарынан көрінген. Сайлау науқаны кезінде 1948 жылы Шыңғырлау ауданының қаржы органдарының жанындағы кәсіподақ ұйымының жағдайы өте нашар сипатта болған. Мысалы, Шыңғырлау аудандық жинақ кассасының 8 жұмысшысының тек үшеуі ғана, аудандық қаржы бөлімінің 11 жұмысшысының тек 5-уі ғана, ал Мемлекеттік банктің 18 жұмысшысының тек 8-і ғана одақ мүшелігіне тартылған.
Облыстық мал азығын дайындаудың төменгі буындағы ұйымдары мен жергілікті кәсіпшілік одағының жағдайы да осындай сипатта болған. Есепті-сайлаушылық жиналыс алдында көптеген аудандық ұйымдар жанында Май кәсіпшілік одағы мен Мал азығын даярлаудың жергілікті комитеттері тіпті өмір сүрмейтіндігі тексеру барысында анықталған, тек қағаз жүзінде ғана тіркеліп отырылған.
Облыстық кәсіподақ ұйымдарының мәдени-тұрмыстық жұмыстары 1948-51 жылдар аралығында біркелкі жақсарған. Облыстың кәсіподақ ұйымдары бұл кезде еңбекшілерге коммунистік тәрбие беру ісіне көп көңіл бөлген. 1948 жылдың қарашасынан 1951 жылдың қаңтарына дейін кәсіподақтардың облыстық советі президиумының председателі Таушев жолдастың басшылығымен бұл мақсатта игі істер аз атқарылмады. Екі жылдың ішінде кәсіпорындар мен мекемелерде 8 мыңға жуық лекциялар мен баяндамалар өткізген. Кәсіподақтардың 10 мыңнан астам мүшесі саяси оқудың түрлеріне тартылып, 1300-ден астам жас жұмысшылар мен қызметшілер жастардың кешкі мектептерінде оқыған.
Қарастырылып отырған кезеңде қоғамдық-бұқаралық ұйымның бірі - комсомол болды. Облыстық комсомол ұйымы өз қатарына 1952 жылы 5250 жігіт мен қызды, 1953 жылы 3900 жігіттер мен қыздарды қабылдады. Ал 1951 жылы 947 бастауыш комсомол ұйымдары өмір сүріп, онда 23 мыңнан жоғары комсомол есептелінсе, 1954 жылдың 1-ші қаңтарында комсомолдар саны – 28 мыңнан астамға жеткен. Олар өнеркәсіпте, көлікте, құрылыста, ауыл шаруашылығында көптеп қызмет етті. Оны мына көрсеткіштерден көруге болады: 1947 жылы ауыл шаруашылығында ауыл шаруашылық машиналарды жөндеуде 262 комсомол-жастар бригадасы, 58 комсомол-жастардың трактористер бригадасы жұмыс істесе, 1951 жылы 5 мыңнан астам комсомол колхоздарда, 3190 комсомол кәсіпорындар мен МТС-та жұмыс істеген. Сондықтан да комсомолдар партиялық саяси оқуға кеңінен тартылып отырылды. Мысалы, 1948 жылы 3742 комсомол үйірмелер мен саяси мектептерде, 273 комсомол өздігінен оқып, білімдерін көтерген болса, 1951 жылы 14 мыңға жуық комсомол үйірмелер мен саяси мектептерде, 520 комсомол өздігінен оқыса, 1952 жылы 4 мыңнан астам комсомол партиялық ағартуға тартылған.
Партияның халықшаруашылығын көтеруге арналған қарар-қаулыларын орындауда комсомолдар ұйымы қажырлы еңбек етіп отырды. Мысалы, БК(б)П Орталық Комитетінің 1947 жылғы ақпан пленумының «Соғыстан кейінгі кезеңде ауыл шаруашылығын өрге бастыру шаралары туралы» қаулысын және осыған сәйкес шақырылған Қазақстан К (б)П-ның Батыс Қазақстан облыстық комитетінің ХІХ-шы пленумындағы шешімдерді орындауда Теректі ауданындағы колхоздық комсомол ұйымы іскерлік танытты. Нақты тоқталар болсақ, Теректі ауданындағы «Красный Путиловец» колхозының комсомол ұйымы ақпан пленумы» қаулыларын орындау бағытында колхоздың барлық еңбекшілерімен бірігіп көктемгі егісті 12 күнде аяқтауға, орташа әр гектардан 10 центнерден кем болмайтын өнім жинауға, қысқа әр бас малға 30 центнерден мал азығын даярлауға, малдың түсіміне жол бермеуге міндеттеме қабылдаса, «Социализм» колхозындағы комсомол ұйымы колхозшыларға белсенді көмектесу, көктемгі егісті 15 күнде аяқтау, әр гектардан 12 центнерден өнім жинау міндеттемелерін қабылдаған. Ал бұл міндеттемелер уақытында орындалды да.
Соғыстан кейінгі жылдары Совет үкіметі, жергілікті өкімет органына басшылық жасаған облыстық партия комитеті еңбекшілердің материалдық жағдайын, халықтың мәдени өмірін көтеруге жан-жақты шаралар қабылдап отырды. Бұл жұмыс халық шаруашылығын көтерумен, ең алдымен ауыл шаруашылық, жеңіл өнеркәсіп өнімін шығарудың өсуімен күшейді. Қоғамдық-бұқаралық ұйымдар жұмыстары қайта жаңғыртылды, өмірдегі барлық сферадағы олардың қызметі кеңейді. Облыстық партия конференцияларында, облыстық, қалалық, аудандық партия жиналыстарында, Совет сессияларында т.б. халықтық маңызы бар мәселелер қаралып, талқыланып отырылды. Алайда идеологияландырылған догматикалық ойлау шырмауы, әміршіл-әкімшілік басшылық елдің қоғамдық-саяси өміріне аз зиян әкелмеді.
Кәсіподақ ұйымдарының шаруашылық және мәдени – тұрмыстық салаларды ұйымдастыруда, басшылық жасауда, қоғамға пайда тигізуде жасаған бұқаралық – ұйымдастырушылық игі істерімен қатар кемшілік жақтары да болған. 1965 жылы жекелеген кәсіподақтар ұйымдары шаруашылықта көрінген бюрократизммен тиісті күрес жүргізбеген, тіпті олардың кейбіреулерінің өздері осы жолға түскен. Мысалы, «Шежін» совхозының жұмысшылар комитетіне түскен 106 арыздың бірде-біреуі қаралмаған болса, Қазақ ССР 40 жылдығы атындағы совхозда – 35, «Степной» совхозында – 15, Краснагор совхозының жұмысшылар комитетінде алты ай бойы тіпті бірде-бір арыз шешімін таппаған.
Кәсіподақтар еңбекті ұйымдастыруда елеулі кемшіліктер жіберген, жұмыс уақытын дұрыс, өнімді пайдаланбаған. Мысалы, мех комбинатында 1965 жылдың он айында 11828 адам сағат пайдаланылмай, босқа өткен.
Соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығының жағдайы. Соғыстан кейінгі бірінші жыл ауыл шаруашылығы үшін аса қиын болды. Құрғақшылық елдің, әсіресе оның еуропалық бөлігінің ауыл шаруашылық жағдайына ете ауыр тиді. Жағдай жұмысшы күшінің жетіспеушілігінен де ушықты; ауыл шаруашылық машиналардың көп бөлігі соғыс жылдарында істен шықты, ал жаңадан алынатын машиналар саны аз болды. Басқарудың әкімшілік, күштеу тәсілдерінің, экономикалық заңдарды есепке алмаудың зардаптары ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізді. Жер өңдеу мәдениеті төмен болып, қоғамдық мал шаруашылығы нашар дамыды. Ауыл шаруашылығының ауыр жағдайының себептеріне талдау жүргізген ел басшылығы шаруашылық және партия органдарын бұрынғы колхоз және совхоздарға қатысты бұра тартушылықтарды жоюға міндеттеді. 1949 жылға қарай қабылданған қаулы бойынша Қазақстанның колхоздарына түрлі ұйымдардың 214 млн сом қарызы, көп мал, техника, 540 мыңға жуық, заңсыз тартып алынған жер қайтарылып беріліп, әкімшілік-шаруашылық басқару аппараты елеулі түрде қысқарды. Ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық жағынан жабдықталуын шұғыл жақсарту мақсатында мемлекет қосымша қаражат бөлді. Ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау және қайта даярлаудың жүйесі жолға қойылды. Колхоздар мен совхоздарға қызмет көрсетуге тиіс машина-трактор станцияларын (МТС) техникамен жабдықтауға үлкен көмек көрсетілді. Төртінші бесжылдықтың соңына қарай республика МТС-тары күшейіп, колхоздардың 95%-ына қызмет көрсетті, ал бұл көрсеткіш 1946 жылы 76% ғана болған еді. Соған қарамастан, үкімет қабылдаған іс-шаралар ойдағыдай нәтиже бермеді. Өндірісті арттыру үшін ұсақ колхоздар ірі колхоздарға біріктірілді. Колхоздарды қысқа мерзім ішінде ірілендіру жаппай сипат алды, нәтижесінде Қазақстандағы олардың саны 6 737- ден (1945 жыл) 2 047-ге (1952 жыл) дейін қысқарды.
Ауыл шаруашылығында техниканы пайдалану мен жөндеуді ұйымдастыруда да кәсіподақтардың жұмыстарында кейбір олқылықтар байқалған. Мысалы, 1971 жылы Қаратөбе мен Казталовка аудандарының көптеген шаруашылықтарының 15 атты күші бар трактордың күнделікті атқарған жұмысы мәз болмаған. Онымен атқарған жұмысты күніне жұмсақ жерге есептегенде бір гектардан аспаған, оның өзіндік құны болса, небәрлығы – 5-6 сомнан аспаған. Облыста осы жылы мал қыстатуға әзірліксіз кіріскен шаруашылықтар да жоқ болмаған. Мысалы, «Краснояр», «Котельников», «Мәштексай», «Жаңаталап», «Жаңақала», «Ұзынкөл», Т.Жароков атындағы совхоздар қоғамдық малды жем шөппен толық қамтамасыз етпеген.
Аграрлық сектордың рыноктық қатынастарға енуі тарих ғылымының алдына жауапкершілігі мол, білімділікпен талдауға лайық жаңа талаптар қойды. Республика агроөндірісі кешенінің соғыстан кейінгі жартығасырлық дамуы оң және теріс тенденцияларға толы. Бұл кезеңді дәл талдап, дәл саралау оңайға түспейді. Бұл орайда бірінші кезекте еліміздің экономикалық-әлеуметтік өмірінде, саяси-мәдени дамуында ілгеріге, өркениетке қарай ойдағыдай қадам жасауға қандай тежегіш күштердің бөгет болғанын зерттеп білудің, оларды жою жолдарын табудың мәні зор.
Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан аумағы республиканың ауыл шаруашылығы едәуір дамыған үлкен аймағы болып табылады. Ол 790 мың шаршы километр жерді немесе еліміздің 27 пайыз аумағын алып жатыр, мұнда республика халқының 12 пайызы тұрады. 1946-1953 жылдарда біздің өлкедегі қоғамдық-саяси жүйе БК (б) партиясының ірі бөлімі – Қазақстан К(б) партиясы Батыс Қазақстан облыстық комитетінің жетекшілігімен қалыптасты.
Жасыратыны жоқ, біздің облыстағы қоғамдық-саяси өмір бағыттары адамның бас-бостандығын шектеу, қарапайым адам құқығын елемеу, оларды саясат пен мемлекеттік басқарудан әрі ұстау сияқты теріс құбылыстармен жүрді. Әкімшілік-әміршіл жүйе облыстық, қалалық, аудандық партия комитеттерінде бұлардың бастауыш буындарында, совет органдарында, кәсіподақ, комсомол ұйымдарында өктем де үстем біржақты билікпен жұмыс істеді. Бір адамның – Сталиннің жеке басына табыну орын алды. Барлық табыс, барлық жеңіс соның басқару қабілетіне байланысты дәріптеліп, өрескел қателіктерге көз жұма қаралды. Міне бұл үрдіс аса ауыр зардаптарға апарып соқтырды. Дегенмен де халықшаруашылығын қалпына келтірудің, экономикалық-мәдени өмірді сауықтырудың, социализмді одан әрі дамытудың күрделі мәселелері Коммунистік партиядан басқарудың стилі мен әдісін түбегейлі (радикалды) өзгертуді талап етті.
Қазақстан К (б) П облыстық комитетінде тұрақты сайланып отырылған партиялық органдар қызмет істеді. Партиялық, шаруашылық актив жиналыстарында тәжірибе бөлісу жүріп жатты. Бастауыш ұйымдар жұмыстары жаңғыртылды, олардың сапалық құрамы жақсарды. Барлық экономикалық-әлеуметтік, мәдени салаларға әміршіл-әкімшіл әдіспен басшылық еткен облыстық партия комитетінің соғыстан кейінгі жылдардағы құрылымы алдында тұрған мәселелердің мазмұнына сәйкес құрылып отырды. 
Кәсіподаққа партиялық басшылықтың стилі мен әдістерінің өзгеруі, ұсақ қамқоршылдықтан, жарлық беруден бас тарту кәсіподақтардың барлық жұмыстарына игі ықпал етті. Еңбек коллективіндегі істің жағдайы үшін кәсіподақтарға талап күшейтілді.
1988 жылы облыстық кәсіподақтар советі көптеген әлеуметтік мәселелер бойынша сан алуан тексерулер жүргізген, ашылған кемшіліктер бойынша 30 қызметкерге әкімшілік айып салынып, 311 адам кәсіодақ мүшелігінен шығарылған.
Кәсіподақтар жұмыстарын қайта құру үшін облыстық кәсіподақтар советі үш негізгі бағыт анықтаған:
Бірінші – облыстық кәсіподақтар советі аппараты мен кәсіподақтардың облыстық комитеттерінің жұмыс стилі мен әдістерін қайта құру. Облыстық партия комитеті әртүрлі анықтамалар, информациялар, есептер сұрауды тоқтатқан, шақыртуларды азайтқан. Ал облыстық кәсіподақтар советі өз кезегінде қағаз тасқынын қысқартып, назарын істің орындалуын бақылауға, адамдармен жанды ұйымдастырушылық жұмыстарын жүзеге асыратын бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төменгі буындарына аударған. Облыстық кәсіподақтар советінің төрт бөлімі қайта құрылған. Кәсіподақтардың 12 облыстық комитетінің тек жетеуі ғана қалған.
Алайда қайта құру теп-тегіс жүріп отырған деуге болмайды. Облыс кәсіподақтары барлық уақытта бірдей инициатива танытпаған, жұмыстың озық тәжірибесін енгізу әлсіз болған. Нәтижесінде 1988 жылы 40 мыңдай адам – күн жоғалтып отырған, бұл көрсеткіш, әсіресе агроөнеркәсіп комплексінде жоғары болған. Облыста уақытша еңбекке жарамсыздықтан жұмыс уақытының жоғалуы 1987 жылы 2 миллион 220 мың адам күн құраған. Басқалай айтқанда жыл бойы 7200 адам күн сайын жұмысқа шықпаған деген сөз.
Келесі шаруашылық, мәдени-тұрмыстық құрылысты жақсарту бағытында көп еңбек сіңірген бұқаралық-қоғамдық ұйым-комсомолдар.
Қарастырылып отырған кезеңде социалистік жарыстардың инициаторларының көрсеткен жетістіктерінің жолын қууға шақырған партияның үндеуіне жауап ретінде 20 мың жас еңбекшілер 1986 жылы социалистік міндеткерліктер алған, оларды орындауда қажырлы еңбек еткен. Облыстық комсомол комитеті әрбір комсомол ұйымдарының жеке, нақты іспен айналысуына қол жеткізді. Сондай істердің бірі – ғылыми-техникалық прогресті жетілдіруге комсомолдарды барынша тарту болып отыр. Жас жұмысшылар және мамандар белсенді түрде автоматтандырылған өндірістік процестерді өндіріске енгізуге, жұмысшы орындарды аттестациялау мен рационализациялауға қатысып отырған. Мысалы, осындай бағытта Орал жөндеу заводында творчестволық топтар құрылған. Бұл топтар осы жылы технологиялық жетістіктердің 20-дан астам бірлігін өңдеп шығарып, өндіріске енгізген.
ХХҮІІ съезде қабылданған әлеуметтік-экономикалық және саяси шаралардың нәтижесі регрессивті болды. Қайта құрулар төніп келе жатқан терең дағдарыстан өлкені құтқара алмады және құтқара да алмайтын еді. Себебі жеделдету бағыты терең ұғынылған ғылыми концепциясыз, айқын да, анық бағдарламасыз жүргізілді. Қоғамдық өмірде адам факторының есепке алынбауы, қоғамдық-бұқаралық ұйымдардың дәрменсіздігі, әділдігін айтып, қандай іске болса да араласа алмайтындығы, партия аппараттарының шектен тыс билік алуы, әлеуметтік көкейтесті мәселелердің шешілмеуі қарапайым халықты қажытты. Осының барлығы халықтың партияға, басшы органдардың саясатына деген сенімінің біртіндеп жойылуына әкеп соқты.
Батыс Қазақстан облысының ішкі саяси өмірінде «Жеке адамға табынушылықты және оның зардаптарын жою туралы мәселені қараған ХХ съезд, КОКП-ның үшінші бағдарламасын жариялаған ХХІІ съезд, партиялық басшылықты жетілдіруге ұмтылған 1964 жылдың қазан Пленумының шешімдері, КОКП Орталық Комитетінің 1977 жылғы мамыр пленумы мақұлдаған Конституция жобасы, КОКП Орталық Комитетінің «Қайта құру және партияның кадр саясаты туралы» мәселені талқылаған 1987 жылдың қаңтарындағы пленум қаулысы маңызды рөл атқарды. Себебі қоғамдық өмірдің барлық жақтарын басқару жоғарыдан жоспарланып отырылған, ал ол жергілікті жерлерде бұлжытпай орындалған.
Ұйымдастырушылық-саяси жұмыстар өлкенің әлеуметтік-экономикалық өмірінде мемлекеттік монополистік меншік үстем еткен, қатаң орталықтандырылған жоспарлау, материалдық игіліктерді бөлудегі теңгермешілік тағы басқа толып жатқан әміршіл-әкімшіл жүйенің саясаты аясында жүзеге асты. Мұндай жағдай әрине өз кезегінде қоғам алдында тұрған күрделі мәселелерді шешуге кері әсерін тигізді.
Шын мәнінде, жетпіс жыл бойы жүргізілген идеологиялық жұмысқа зер салып қарасақ, оның дүниежүзілік ой-пікірден соншалықты алшақ жатқанына, нақты өмірден ада-күде қол үзіп кеткеніне әбден-ақ көз жеткізуге болады. Сондықтан да коммунистік идеология өзін қолдап келген күштеу құралдарымен бірге күл талқан болды. Не себепті социализм өз мүмкіндіктерін жойды? Себебі социализмнің негізін КОКП Орталық Комитеті қалыптастырды. Олар социализм құрылысының барлық міндеттерін және мақсаттарын анықтады. Ал мұндай жағдайда адамның өз бетімен дамуының ішкі көзі – адамның өзін-өзі басқару, билеу механизмі болмады. Басқаша айтқанда адам факторы аяқ асты етілді. Ол тек КОКП талап-тілектерін орындаушы ғана болды.

1.Бақтығұл Бірімжаров. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы 1946-2000 жылдарда (Оқу-әдістемелік құрал). Орал, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің баспа орталығы, 2005. – 244 бет.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет