2.5. Арамшөптермен күрестiң агротехникалық шаралары
Күзгi және көктемгі топырақ өңдеу. Топырақты өңдеу бұрыннан арамшөптермен күрестiң тиiмдi жолы болып табылады. Мұнда алдыңғы орын топырақты соқамен терең жыртуға берiледi. Топырақты жазықкескiш құралдармен өңдеуге көшу ондағы арамшөптер тұқымдарының тек өну жағдайы ғана емес, олардың топырақ қабаттарында орналасуына да үлкен әсер етедi. Тұқымдардың негiзгi бөлігі беткi қабатта орналасады. Бұл жағдай топырақ қорғау егiншiлiгiндегi топырақты күзгi және ерте көктемге өңдеудің маңызына жаңаша қарауға мәжбүр етедi.
И.И.Хорошилов және В.И.Хорошилова мәлiмдеуiнше Канаданың астықты аймақтарындағы фермерлер қара сұлы тұқымдарының қарқынды өнуіне әсер ететiн, күзгi топырақ өңдеуге үлкен маңыз бередi. Бiрақта, арамшөптердің тұқымын топыраққа күзде сiңiру өз әсерiн көрсету үшiн топырақты ерте көктемдегi тырмалауға басқаша қарау керек. Егер ерте көктемде тырмалау пайдаланса, топырақтың арамшөптер тұқымдарының негiзгi бөлігі орналасқан 5-6 см қабаты тез кеуiп кетедi де, тұқымдар өнбей қалады. Онымен қоса, көктемде жауын- шашын да аз болады.
Арамшөптермен сүрi танаптағы күрес. Сүрi танапта көп жылдық атпатамырлы арамшөптерге қарсы әлсiрету принципiн толығырақ пайдалануға мүмкіндік туады. Алғы дақыл жиналғаннан кейiн танапта аз жылдық арамшөптер басым болғанда БИГ-3 тырмаланады, ал атпатамырлы немесе тамырсабақты арамшөптер басым болғанда КПШ-9, КТС-10-01 культиваторларымен өңделедi.
Келесi жылы арамшөптер жаппай өнгенде бiрiншi культивация жүргiзедi. Одан кейінгі 2-3 өңдеудi атпатамырлы арамшөптердің шығуына қарай, көбінесе 20 күннен кейiн, 10-12 см тереңдiкте жүргiзедi. Бесiншi өңдеудi тамыздың екiншi жартысында 25-27 см тереңдiкте жүргiзу ұсынылады. Канаданың Саскачеван провинциясында арамшөптермен күрес табысты болу үшiн сүрi танапты төрт реттен көп өңдеу керек.
Себу мерзiмi. Топырақ қорғау егiншiлiгiнде дәндi дақылдарды оңтайлы мерзiмде себудiң маңызы өте зор, олар жаздық бидай үшiн – 15-25, ал сұлы мен арпа үшiн - 25-30 мамыр.
Тың игерудiң алғашқы жылдарында жаздық бидайды себудiң ерте мерзiмдерiн пайдалану танаптардың жаппай қара сұлымен ластануына, өнімділіктiң күрт төмендеуіне және үлкен экономикалық шығынға әкелiп соқты. Қорған облысы жағдайында жаздық бидайды кеш мерзiмде себу үшiн күрестiң пионерi Т.С.Мальцев болды. “Колхоз өндірісi” журналында ол 1944 жылы қара сұлымен ластанған танаптарда жаздық бидайдың ерте пiсетiн сорттарын мамырдың жиырмалары кезiнде, ал арпа мен сұлыны мамырдың үшiншi онкүндiгiнде, кейде маусымның басында себу керектiгiн жазды. Тек осы мерзiмде себу ғана қара сұлының жаппай өнуіне қол жеткiзiп, оларды егiн себу алдындағы культивациямен жоюға мүмкiндiк бередi. Ол мынадай бiр оқиғаны келтiредi, 1948 жылы 400 га танапқа бидайды ерте себуге мәжбүр етiптi. Бидайдың арасында қара сұлының өте көп екендiгi 25 мамырдың өзінде белгiлi болды. Т.С.Мальцев 25 мамырда танаптың алты жерiн табақты сыдыра жыртқышпен өңдеп, 26 мамырда қайтадан бидай сеуiптi. Күзде бұл жерлер 19 ц/га өнім берсе, танаптың қалған бөлігінен 5 ц/га өнім алыныпты. “Мен мұны жергiлiктi жердiң ұсыныстарына кедергi жасап, қолбайлау болатындарға көрсету үшiн жасадым, олар көздерiмен көрдi себебi келушiлер ол мөлдектерге дейiн соқпақ жол салған болатын”, – деп жазды ол.
Мәдени өсімдіктердің бәсекелестiк қабiлетiн арттыру. Мәдени өсімдіктердің бәсекелестiк қабiлетiнiң артуына олардың агротехникасының жекелеген шараларын дұрыс таңдау арқылы қол жеткiзуге болады. Ең алдымен оларға тұқым себу мерзiмi мен тәсiлдерi, себу мөлшері мен тұқым сiңiру тереңдiгi, тыңайтқыштарды қолдану жатады.
Тұқымды терең және саяз себу, егiннiң сиреуi арқылы олардың арамшөптерге қарсы бәсекелестiгiн нашарлатады. Сондықтан жаздық бидайдың тұқымын қолайлы тереңдiкке, 6-8 см сепкен дұрыс.
Арамшөптердің өсіп-өнуіне тыңайтқыштар елеулi әсер етедi. Тыңайтқыштың тиiмдi немесе керi әсерi болуы мүмкiн. И.И.Хорошилов пен В.И.Хорошилованың мәлiмдеуi бойынша қара сұлымен күштi ластанған майлы зығырдың егiсiнде минералды тыңайтқыштар керi әсер еткен. Зығыр егiсiнiң қара сұлымен ластануы 5 есе артып, соның әсерiнен зығырдың өнімi 4 есе төмендеген.
Азот тыңайтқыштары қара сұлының тұқымдарының тыныштық күйiнен шығуын тездетедi. Тұқым себудiң соңғы мерзiмiндегi егiстiктерде фосфор тыңайтқыштарын пайдалану дәндi дақылдардың өнімділігін арттырады.
Осындай мәлiметтер бидай егiстерiнде де алынған. Канада туындыгерлерiнiң бiр қатары қара сұлымен, далалық қышамен, жабайы шомырмен ластанған бидай мен арпа егiстiктерiндегi тыңайтқыштардың тиiмдiлiгiнiң төмен болатынын мәлiмдейдi. Боуден мен Фризеннiң деректерi бойынша жаздық бидай егiсiнiң әр шаршы метрiнде қара сұлының 82 өсімдігі болғанда тыңайтқыш пайдалану 11,0 ц/га өнімділікке қол жеткiзген, ал қара сұлы болмағанда өнімділік 19,4 ц/га, яғни 8,4 ц/га артық болған.
Фосфор тыңайтқыштарын пайдаланғанда мысыққұйрық итқонақ өзінiң массасын көбейтедi. Шырмауық, ақ алабұта, жатаған бидайық тыңайтқыш пайдаланғанда көздерінің массасын азайтады.
Достарыңызбен бөлісу: |