2.2. С. Аманжолов қазақ тіліндегі диалектілер туралы.
Профессор С. Аманжолов қазақ тіліндегі диалектілердің пайда болуы мен қалыптасу тарихын қазақ жеріндегі бұрынғы тайпалық одақтармен, жүздермен байланыстырып қарайды. Маркс пен Энгельстің тайпалар одағы халыққа ең таяу басқыш болып табылады деген белгілі қағидасына сүйене отырып, қазақ жеріндегі үш жүз – үш тайпалық одақ ретінде қазақ біртұтас халық болып құрылғанынан көп бұрын, 7 – 9 ғасырлардың арасында қалыптасты деп қорытынды жасайды. Жүздердің қалыптасу негізінде рулардың тайпаларға, тайпалардың тайпа одағына бірігуі жатыр. Қазақ жеріндегі тайпалардың қоныстанған жері. Шаруашылық ыңғайы, шығу тегінің жағындығына қарай ерте замандардан – ақ өзара жіктеле бастағаны тарихтан белгілі. Осылайша тайпалардың одағы болып табылатын жүздер келіп шыққан. Мұның өзі тілге әсер етіп, әр жүздің өз ішінде тілдің де біріңғайлылығы қалыптаса бастаған. Сөйтіп, үш жүздің қалыптасуымен үш жергілікті диалект пайда болған. Бұл үш тайпалық одақтың тілі даму барысында кейін бір – біріне жақындап, біртұтас қазақ тілінің қалыптасуына негіз, ұйытқы болды деген тоқтамға келеді. Автор жергілікті халық өміріне тән өзгерістер (шаруашылық, әдет – ғұрып, т. б.) мен көрші тілдердің әсерінен де тіл ерекшеліктері туғанына ескертеді.
Қазақтың халық тілі мен ауыз әдебиеті үлгілерінен жиналған материалдарды және қазақ тілінің тарихын зерттеу нәтижесінде С. Аманжолов қазақ тілінде үш диалект бір деген қорытындыға келді. Олдар мыналар:
а) оңтүстік диалектісі – Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазқстан облыстарын және Талдықорған мен Қызылорданың кейбір оңтүстік аудандарын қамтиды.
ә) батыс диалектісі – Батыс Қазақстан, Гурьев (Атырау), Ақтөбе облыстарын және Қызылорданың солтүстік аудандарын, Қостанайдың кейбір батыс аудандарын қамтиды.
б) солтүстік – шығыс диалектісі – Ақмола, Павлодар, семей, Шығыс Қазақстан, Көкшетау, Қарағанды, Солтүстік Қазақста облыстарын және Қостанай мен Талдықорған облыстарының кейбір аудандарын қамтиды.
Қазақ тілінің оңтүстік диалектісі. С. Аманжолов қазақ тілінің оңтүстік диалектісіне бұрынғы үйсін, қаңлы, дулат және жалайыр ьайпа одақтарының тілін жатқызады. Бұл одақтар ерте замандардан бастап – ақ Жетісу, сырдария және Алатау алқабын, яғни қазіргі Алматы, Талдықорған, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының жерін мекен еткен, олар шығысында – Синьцзянмен (Шыңжан), ұйғырлармен, солтүстік – шығысында – найман, керей, қоңырат тайпаларымен, солтүстік – батысында – алшын тайпалары одағымен, оңтүстігінде - өзбек, қырғыздармен шектескен. Монғол шабуылына дейін де, одан кейін де, сол сияқты 16 – ғасырда қазақ хандығына қосылған кезде де, бұл тайпа одақтары Ұлы жүз болып аталды. Ерте заманнан бастап – ақ бұлардың қоғамдық, шаруашылық және мәдени ортасы бір болды. Соның нәтижесінде олардың бір кездегі тайпалық тілдері бірігіп, бір жергілікті диалект болып қалыптасты. Бұл – қазақ тілінің оңтүстік диалектісі деп аталады. Оңтүстік диалектісінің қалыптасуына Ұлы жүзге кіретін тайпалардың әр түрлі табиғи – тарихи себептерге байланысты басқа тайпалармен қарым – қатынасы нашар болғандығы да үлкен әсер етті. Мәселен, бұл тайпалардың солтүстігіндегі Балқаш көлі, Бетпақ дала, солтүстік – батысындағы ұлан – байтақ далалар, Қызылқұм және Арал теңізі осындай табиғи бөгеттер болып табылады. Онымен бірге бұл диалектінің қалыптасуына көрші өзбек, ұйғыр, қырғыз халықтарының тілі де әсер етті. Ұлы жүздің 17 – 19 ғасырларда Қоқан, Хиуа хандықтары қол астында болуы бұл диалектіге өзбек тілінің ықпалын күшейте түсті. Бірнеше тайпалық тілдердің негізінде қалыптасқандықтан және әр түрлі тілдердің әсері тигендіктен, оңтүстік диалектісінде кездесетін ерекшеліктердің сипаты біріңғай емес. Кейбіреулері жалпылама түрде кездеседі. Енді біреулерінің тараған көлемі шағын, белгілі бір ауданда ғана айтылады. Өзгешеліктердің ішінде оңтүстік диалектісінің басқа диалектілерден айырмасы көрсететін негізгілері бар және негізгі болып табылмайтын жеке ерекшеліктері бар, сол сияқты басқа диалектілерде ауысып кіргендері де бар. Оңтүстік диалектісінің С. Аманжолов көрсеткен негізгі ерекшеліктері төмендегідей.
Достарыңызбен бөлісу: |