Індетке қарсы шаралар



бет5/12
Дата02.03.2023
өлшемі48.21 Kb.
#470277
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
9-ТАҚЫРЫП

Тірі вакциналарТірі вакциналар ауру қоздырушыларының тіршілігін жоймаған өсіндісі болып табылады. Бұлар әлсіретілген және әлсіретілмеген деп аталатын топтарға бөлінеді. "Әлсіретілген" деген сөз қоздырушы микробтың уыттылығына қатысты айтылған. Әлсіретілген штамм деп тиісті бір ауру қоздырушы микробтың жасанды жолмен уыттылығы бәсеңдетілген түрін айтады. Уыттылығының төмендеуі микробтың ауру қоздыру қабілетін жоғалтып, иммунитет қалыптастыру қасиетін сақтайтындай дәрежеде болуы қажет. Егер микробтың бұл қасиеті тұрақты тұқым қуалап, ұрпақтан ұрпаққа берілетін болса, ондай әлсіретілген қоздырушыны вакциналық штамм ретінде, яғни вакцина даярлау үшін қолданады.
Тарихи тұрғыдан қарастырғанда адамзат алғашында вакцина ретінде өзгертілмеген уытты ауру қоздырушы микробтарды пайдаланған. Адамзат сүт ашытатын микробтарды білмей тұрып-ақ айран ұйытуды үйренгені сияқты ауру қоздырушы микробты білмей-ақ адамдар мен жануарларды жұқпалы ауруларға қарсы еге білген. Көне дәуірдің өзінде Азиялық көшпенділер адам мен малға шешекті, ешкіге кебенекті, сиырға ала өкпені егіп, аурудан сақтандыра білген. Бұл ауруларға қарсы егу үшін құрамында ауру қоздырушы микроб бар әр түрлі патологиялық материалдар пайдаланылған.
Адамға шешек егу вариолау деп аталады. Іс жүзінде бұл адамнан адамға шешекті қолдан жұқтыру еді. Ал қойдан қойға шешекті егу овиналау деп аталады. Кейін (1902 ж.) қойға егілген шешек сөлі - овина өндірістік әдіспен алына бастады. Қазір бұл дәрмектің негізінде аллюминий гидрототықты формолвакцина даярланады. 1796 ж. ағылшын дәрігері Э.Дженнер халық тәжірибесіне сүйеніп, адамға сиырдың шешегін егуді ұсынды. Бұл әдіс вакциналау (вакцинация, латынша vасса - сиыр) деп аталды да, бұдан былай жұқпалы ауруға қарсы егу әдістерінің барлық түрлері осылайша аталатын болды.
Әлсіретілмеген вакциналарды пайдалану қазіргі уақытта да қалған жоқ, Мысалы, қазір құс шешегіне қарсы вакцина ретінде тауық пен күрке тауықты егу үшін шешек вирусының көгершіннен алынған штаммы қолданылады.

Ескеретін бір жағдай әлсіретілмеген тірі вакциналарды егудің өзіндік ерекше әдістері бар. Бүл дәрмектер әдеттегіден тыс микробтың денеге табиғи жолмен енуіне керағар организмдегі белгілі бір орындарға егіледі. Мысалы, овинаны қойдың құйрығының жүнсіз тақыр жеріне тері ішіне, ала өкпе сөлін сиырдың құйыршығының ұшының сырт жағына, кебенек сөлін ешкінің маңдайына, құс шешегін құстың балақ қауырсынының ұясына (фолликуласына) жібереді. Вакцинаны бұлай еккенде орны шектелген патологиялық процесс өрбіп, ақыры сәтті аяқталып, ауруға қарсы иммунитет қалыптасады.


Соңғы уақытта әлсіретілмеген тірі вакциналарды қолданудың тағы бір әдісі пайдаланыла бастады. Бұл - гетерологиялық иммунитетті (гетероиммунитет) пайдалану нәтижесі. Бұндай иммунитетті айқыш иммунитет деп те атайды, оның негізінде микробтардың антигендік ұқсастығы жатыр. Ортақ антигендері бар микробтардың біріне қарсы иммунитет екінші ұқсас микробқа да қарсы әсер етеді. Жоғарыда көгершін шешегінің вирусын тауық шешегіне қарсы вакцина ретінде қолданылатындығы айтылды. Сол сияқты күрке тауықтың герпес вирусын Марек ауруына қарсы, Роус вирусын тауық лейкозына қарсы, Шоуп фибромасының вирусын үй қоянының миксоматозына қарсы, балалардың қызылшасының вирусын ит обасына қарсы, шошқа обасының вирусын сиырдың вирустық диареясына қарсы, бактериялық обаның вакцинасын теңіз тышқанының псевдотуберкулезіне қарсы пайдалануға болады.
Қазіргі заманда әлсіретілмеген микроб вакцина ретінде өте сирек қолданылып, керісінше уыты әлсіретілген микроб штаммдарынан даярланған вакциналар кеңінен пайдалатынатын болды.
Әлсіретілген вакциналар ауру қоздырушы микробтың уыттылығы төмендеген штамының өсіндісі болып табылады. Бұл штамм өзіне тән уыттылығын белгілі мөлшерде төмендетіп, иммунитет тудыратын қасиетін
мейлінше сақтауы қажет. Екінші сөзбен айтканда иммуногендігі толық сақталып, тек қана аз мөлшерде қалдық уыттылығы болуы керек. Вакциналық штамм организмге енгізілгеңде онда өсіп-өніп, өзіне тән ауру қоздырмауы керек. Бұл жағдайда организмде болатын құбылыс вакциналық процесс деп аталады. Оның нәтижесінде сол ауру қоздырушысына қарсы телімді иммунитет қалыптасады. Қазіргі көзқарас бойынша вакциналық процесс ауруға, тіпті оның жасырын түріне де жатпайтын дербес процесс. Вакциналық процесс кезінде организмде болатын өзгерістер зиянды патологиялық емес, керісінше пайдалы иммуно-морфологиялық болып табылады.
Әлсіретілген вакциналық штамм - ауру қоздырушының сапалық жағынан басқа биологиялық қасиеттерге ие болған жаңа бір қалпы деп есептеген жөн. Вакциналық штамм ретінде әлсіреген микробтың табиғи жағдайда пайда болған немесе эксперимент нәтижесінде жасанды жолмен алынған жаңа бір тармағы (клоны) пайдаланылады. Бұндай клондарды табу үшін ауру жануарлардан бөлінген микробтың көптеген штаммдарының арасынан сұрыптау жұмысын жүргізеді. Ал жасанды жолмен алу үшін ұзақ уақыт қоректік ортада өсіреді немесе әр түрлі жануарлардың денесі арқылы өткізеді , не болмаса әр түрлі мутогендік факторлармен әсер етеді. Мұндай жасанды мутанттар алудың әдістерін үш топқа бөлуге болады:
1.Химиялық әдістер: азот қышқылы, т.б. химиялық заттармен әсер ету. 2.Физикалық әдістер: ультракүлгін сәуле, температура, радиация, т.б.
3. Биологиялық әдістер: бактериофагтар, антибиотиктер, жануар организмі арқылы пассаж, т.б.
Әлсіретілген тірі вакциналардың алыну тарихына аздап шолу жасасақ, бұл әдістің негізін қалаған Л.Пастер топалаң микробын жоғары температурада (42,5-43° С) өсіру арқылы оның уыттылығын төмендетті. Жануарлар арқылы пассаж жасау да Л.Пастер тапқан әдіс. Ол құтырық вирусын үй қояны арқылы үздіксіз пассаж жасау арқылы вакциналық штамм вирус-фикс (fiхе - бекіту) алды..
Аталған әдіс вирустық инфекцияларға қарсы вакцина алу үшін кеңінен пайдаланылады. Алынған вакциналық штамдар пассаж жасау үшін пайдаланған жануарлардың түріне қарап әр түрлі атауларға ие болды. Мысалы, үй қояны арқылы пассаж жасалса, ондай штамм лапинделген (lаріnus - үй қояны), құс арқылы болса авинделген (avis - құс) деп аталады. Ал ұлпа өсіндісіне өсірілуге бейімделген штамм өсіндік, ал құс эмбрионында өсуге бейімделсе эмбриондық вакцина деп атау қалыптасты.
Соңғы кезде микроорганизмдердің вакциналық штаммдарын алу үшін генноинженерлік әдістер пайдаланыла бастады. Вакцинаны гендік инженерлік әдіспен синтездеу (құрастыру) үшін ауру қоздырушысының антигендік детерминанты үшін жауапты ДНҚ сегментін прокариот немесе эукариот жасуша жүйесіне енгізеді. Бұл әдіспен әр түрлі ауру қоздырушы микробтардың антигендік құрамын өзгертуге, не болмаса ауру қоздырмайтын сапрофитті микробка ауру қоздыратын микробтың антигенін көшіріп
қондыруға болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет