Клиникалық балау әдісі. Ауырған жануарды клиникалық тексеру-балаудың міндетті шарты. Сіреспе, қысаға, аусыл, құтырық сияқты аурулар кезінде клиникалық тексерудің диагноз қою үшін шешуші маңызы бар, көптеген жұқпалы аурулар кезінде бұл аса құнды қосымша әдіс болып табылады. Індеттанулық талдаумен қатар клиникалық тексеру ауруға лабораториялық зерттеуді белгілі бір бағдарда жүргізуге жағдай жасайды. Клиникалық тексеру кезінде ауырған жануардан тірі кезінде лабораториялык зерттеулер үшін тиісті материалдар алынады.
Жұқпалы ауруларға клиникалық балау жүргізгенде олардың мынандай ерекшеліктерін ескеру керек.
Жұқпалы аурулардың өршуінің сатылығы (стадиялығы). Аурудың бірінен соң бірі келетін жасырын, клиника алдындағы, клиникалық және ақырғы қорытынды сатылары болады. Сондықтан аурудың белгілерін динамикалык өзгерістерін ескере отырып қарастырады.
Инфекциялық синдромға тән құбылыстар. Инфекциялық синдром деп этиологиясына қатыссыз жұқпалы аурулардың көпшілігіне тән клиникалык белгілер кешенін айтады. Бұл белгілері арқылы аурудың жұқпалы екендігі пайымдалады.
Көп жағдайда инфекциялық синдром организмнің жалпы өзгерістері ретінде байқалады. Бұл өзгерістер: дененің қызынуы, жабырқау, тәбеттің жойылуы, метоболиттік ақаулар. Кейде инфекциялық
синдром орны шектелген ақаулар арқылы білінеді. Мұндай құбылыстар белгілі бір ұлпалар мен мүшелердің шектеулі зақымдануы кезінде байқалады. Орны шектелген инфекциялық процестің әдеттегі белгілері - жалпы қабыну құбылыстарына тән өзгерістер: rubor, tumor, саlor, dolor және functio leasa. Бұған осы мүшеге ғана тән симптоматологиялық белгілер қосылады.
Көптеген жұқпалы аурулар кезінде сепсис (өлі тию) байқалады. Сепсистің клиникалық белгілері: дененің ыстығы 2-4° С өзгеріп тұратын қайталама қызба, демігу, тамыр соғуының жиілеп-бәсеңдеуі, жүрек аритмиясы, кілегейлі қабықтардың сарғаюы, ішек-қарын қызметінің бұзылып іш өтуі, құрысу. салдану, көз бен мұрыннан сора ағу, ядросы солға ауысқан лейкоцитоз.
Жануарларды клиникалық тексеру жалпы, арнаулы және лабораториялық әдістерді пайдаланып жүргізіледі. Жалпы әдістерге жататындар: тіркеу. анамнез, қарау және бақылау, дененің ыстығын өлшеу, пальпация, перкуссия. аускультация. Арнаулы әдістер: зондтау, катетерлеу, эндоскопия, ультрадыбыспен зерттеу, рентгеноскопия, графикалық әдістер (ЭКГ, ринография, пневмография, гастрография, сфигмография, флегмография, рентгенография).
Лабораториялық әдістер: несептің, нәжістің, ликвордың т.б. анализдері.
Клиникалық зерттеу нозологиялық диагноз қоюмен қатар аурудың біліну түрлерін де айқындауға мүмкіндік береді. Аурудың клиникалық түрлері әдеттегі (кәдімгі), әдеттегінден тыс, аса жіті, жіті, жітіден төмен, созылмалы, үзікті, зілді, зілсіз, орны шектелген, жайылған, т.б. Аурудың мұндай түрлерін айқындаудың емдеу үшін маңызы аса зор.
Достарыңызбен бөлісу: |