1.3 Ұйымдастыру шаруашылық шаралары
Індетке қарсы шаралар кешенінде ұйымдастыру-шаруашылық мәселелері маңызды орын алады. Өйткені, малды дұрыс бағып-күткенде, оның жайылым өрісін, азықтандыру мен су ішуін, қора-жайын тиісті талаптарға сай жолға қойғанда ғана аурудың шығуына және таралуына жол бермеуге болады. Малды өз төлінен өсіру, мал басын толықтыру ветеринариялық талаптарға сай жүргізілуі керек. Аталған шаралар - мал шаруашылығын дұрыс жүргізудің міндетті шарттары болып табылады.
Ветеринариялық-санитариялық шаралар, мысалы, қораны мал қиынан тазарту, мал шаруашылығының қалдықтарын зарарсыздандыру және арнайы шаралар - малды ауруға тексеру мен иммундеу, барлығы да ұйымдық-шаруашылық мәселелерімен тығыз байланысты. Ауру малды бөліп алып, оқшаулау, күту, ол үшін еңбекақы төлеу, карантин мен шектеу шараларын орындау, мал өнімдерін зарарсыздандыру, т.б. аурудың шығуынан туындайтын мәселелер де шаруашылық және ұйымдастыру тұрғысынан шешімін табуы керек.
Жұқпалы ауруға шалдыққан малды күту үшін 18 жасқа толмаған жас-өспірімдер, екі қабат және емшекте баласы бар әйелдер жіберілмейді. Ауру малды бағып-күткендегі еңбекақы да тиісінше жоғары болады. Ұйымдық-шаруашылық мәселелеріне мал бағатын адамдарды арнаулы жұмыс киімімен жабдықтау, жеке басының гигиеналық талаптарын өтеу, т.б. еңбекті қорғау шаралары жатады.
Ұйымдық шаралардың тағы бір міндетті бөлігі ветеринариялық білімді насихаттау. Тұрғындарға, малшыларға, мал иелері мен шаруашылық басшыларына олардың жауапкершіліктеріне сай мал аурулары және олармен күресу жолдары туралы түсіндіріп отыру қажет. Бұл жұмысты ветеринария органдары жүйелі түрде көпшілік ақпарат құралдарын пайдаланып, әңгіме, дәрістер өткізу арқылы жүргізеді.
Мал шаруашылығындағы ұйымдастыру және оның экономикалық тетіктері арнаулы пәндерде (ауыл шаруашылығының экономикасы, ауыл шаруашылығын ұйымдастыру) қарастырылады. Ал ветеринария ісін ұйымдастыру жеке пән ретінде оқытылады.
1.4 Жұкпалы ауруларды дауалау шаралары
Жұқпалы аурулардың алдын алудың басты негізі - малды дұрыс бағып-күтумен қатар қора-жайларда, жайылымдарда, азықтандырған және суарған сәттерде санитариялық-зоогигиеналық реттілікті бұлжытпай орындау болып табылады. Жақсы қоңдылық малдың ауруға жалпы төзімділігін қамтамасыз ететін болса, жекелеген ауруларға бейімділігін тежеу үшін арнайы телімді биологиялық дәрмектер қолданылады. Дауалау шаралары жануарлардың ауруға төзімділігін арттырумен қатар, олардың ауру қоздырушыларымен жанасуына жол бермеу жолдарын да қамтиды. Бұндай шаралардың қатарына шекараны, мал өсіретін шаруашылықтар мен фермаларды жұқпалы аурудан қорғау, яғни індетке қарсы қорғаныс жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |