Қыпшақ жазба ескерткіштері: зерттелуі мен өзекті мәселелері


қыпшақтардың саяси үстемдігімен тікелей байланысты болса керек



бет2/2
Дата15.12.2023
өлшемі29.85 Kb.
#486686
1   2
Қыпшақ жазба ескеркіштері

қыпшақтардың саяси үстемдігімен тікелей байланысты болса керек. Алтын Орда хандарының бұйрықтары мен жарлықтары, түрлі мазмұндағы хаттары, Араб ғалымдары мен Мысыр сұлтандарының жазбалары, Грузия, Армения жерін бағындырып, мекен еткен армян-қыпшақтардың тарихи-филологиялық және құқықтық сипаттағы еңбектері, Үнді сұлтандарының жәдігерліктері сол дәуірде қыпшақ тілінде жазылған еді. ХІ-ХVІІ ғасырларда үстемдік еткен қыпшақ тілін еуропалықтар да үйренуге мәжбүр болғандығы туралы ғалым А.Н.Гарковецтің де пікірі бар. Ортағасырлық жазба мұраларға қатысты зерттеулердің көш басында Г.Ю.Клапрот, В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский, А.Н.Самойлович; кеңестiк дәуiрдегі зерттеушілер қатарында Э.Н.Наджип, А.К.Боровков, Э.Фазылов, А.М.Щербак сынды т.б. ғалымдар тұрады. Ал бұл кезеңдегі ескерткіштерді зерттеуші қазақстандық ғалымдардан Ә.Құрышжанов, Р.Сыздық, Б.Сағындықұлы, А.Ибатов, Ә.Керiмов, А.Н.Гарковец және т.б.. ғалымдарды атауға болады. Кейiнгi буын өкiлдерiнен М.Сабыр, С. Боранбай, С.Құдасов, С.Дүйсенов, Р.Досжан және т.б. орта буын зерттеушілері де лайықты ұлес қосып келеді. Жалпы орта ғасыр жазба ескерткіштерін стиліне қарай ауызекі сөйлеу тілінде және жазба ескерткіштер; ал мазмұнына қарай әдеби-діни ескерткіштер, тілдік грамматикалық зерттеулер (сөздіктер және т.б.), тарихи сипаттағы ескерткіштер (шежірелер, жорықтар, ресми жазбалар т.т.) деп бөліп қарау дәстүрі бар. Орта ғасырдағы жазба ескерткіштері – сол дәуірдегі этикалық топтардың сөйлеген тілдері туралы ақпараттарды сақтап қалған бірден-бір тілдік материалдар. Сондықтан оларды жан-жақты зерттеудің нәтижесінде қазіргі түркі тілдерін, соның ішіндегі қазақ тілінің де тарихы туралы нақты мәліметтер ала аламыз. Орта ғасыр ескерткіштерін қазақстандық зерттеушілерінің көшбасында профессор Ә.Құрышжанұлының есімі тұрады. Құнды зерттеулерінің арасында әлем түркітанушылары арасында қыпшақ жазба ескерткіштері бойынша ең білгір маман саналатын ғалым еңбектеріне Англия, Түркия, Чехия, Венгрия, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан ғалымдары оң баға беріп, ғалым еңбектерінің АҚШ-тың Индиана университетінен бастап бірқатар шетелдік кітапханалардан орын алуы Ә. Құрышжанұлының ғылыми өресінің «оқшау» саясат ұстанған кеңестік жүйенің кемерінен асып, әлемдік ғылыми ортада ойып алар орны бар ғалым екендігін айғақтаса керек. Бұл кезеңдегі жазба жәдігерліктердің тілі туралы айтылған пікірлер сан алуан. Айталық, ХІ ғасырдағы белгілі түркі лингвисі М.Қашқаридың «Диуани лұғат ит-түрк» еңбегі оғыз тайпаларының жазба тiлiнде жазылғанын, сонымен бірге қыпшақ, печенек, йемек, бұлғар диалектiлерiмен бiрге аралас түркi әдеби тiлiнiң компоненттері де барын көрсетедi. ХІІ ғасырда жазылған Ахмед Яссауидың «Диуани Хикмет» ескерткішінің тілі туралы Р.Сыздық «қыпшақ-оғыздық» деген пікірді қолдайтынын айтады, сонымен қатар «Яссауи хикметтері ... бір ғана қыпшақтық немесе оғұздық, я болмаса қарлұқтық тобына жатпайды, мұнда өзге де түркі жазба ескерткіштері сияқты, бұлардың барлығының да үлгілері (бірліктері, элементтері) орын алған, бірақ Яссауи тілінің сүйегі қыпшақтық» деген қорытындыға келеді. Э.Н.Наджип Жүсіп Баласағұнның «Қутадғу білік» (1069 ж.) дастаны қарлұқ-ұйғыр жазба тілінде жазылған деп түйсе, ХІҮ ғасырда жазылған Дүрбектің «Жүсіп-Зылиха» дастанының тілі де Ахмед Иассауидің «Диуани Хикметінің» тіліне жақын, ал Рабғузидың «Қисса сул анбиясынан», «Тефсирдің» тілінен айырмасы едәуір екені зерттеушілер еңбектерінде жазылған. Ал ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІҮ ғасырдың басындағы қыпшақ мұрасы «Кодекс Куманикустің» тілін В.В.Радлов татар-мишар тілдерімен байланыстырса, А.Н.Самойлович құмық, қарашай-балқар тілдерімен жақындықта қарастырады. Кейінгі зерттеушілерден Н.А.Баскаков «Құман сөздігінің» мәтінінде негізгі тілі қыпшақ тілі деп таниды және ескерткіш тілін қазіргі қарайым, қарашай-балқар, құмық, қырым татарлары тілдерімен және мәмлүк қыпчақтары тілімен бір топқа жатқызады. Бұл ескерткіштің тілімен армян-құман тілінің жақын екенін Т.И.Грунин айтады. А.Н.Гарковец те осы пікірді қолдай отырып, «Кодекс Куманикус» жазбасы мен армян-қыпшақ жазба ескерткiштерi тiлiн қырым татар тiлi және оған туыс қыпшақ-половец, қыпшақ-ноғай, қыпшақ-бұлғар, оғыз тiлдерi жатқан аралас қыпшақ-оғыздық диалектiлер кешенiн құрайтын күрделi тiл ретiнде қарастырады». Орта ғасыр ескерткіші «Китаб би меджму-у таржуман турки уа аджеми уа моғоли уа фарси» (Түрiкараб сөздiгi) сөздігінің тілін П.М.Мелиоранский «Кодекс Куманикус» тіліне жақын қыпшақ тілінің мұрасы ретінде қарастырғаны белгiлi. Мамлюктер елiнде 1245 жылдары жазылған «Түрк араб сөздiгi» тiлiн арнайы зерттеген Ә.Құрышжанов шығарма тiлi жалпы түркiлiк лексикадан айрықша ажыратылмайтынын айтса,. О. Притцак пен Э.В.Севортян сөздікті «Қыпшақ тілі туралы жазылған лекцияның конспектісі» деп атаған. Көрнекті түркітанушы, «Кодекс Куманикус» пен орта ғасырдағы қыпшақ ескерткіштері тілін зерттеген білгір ғалым Ә. Құрышжанұлының «Қыздар университеті» баспасынан шыққан «Тіл тарихы туралы зерттеулер» (Алматы, 2011) атты еңбегінде зерттелгені, зерттелмегені бар көптеген орта ғасыр мұраларының бірқатарына жалпы сипаттама мен тілдік талдаулар берілсе, бірқатарының қолжазбасы қайда сақталғаны, алғашқы мәліметтерді кім бергені, тіпті әлі күнге дейін табылмай жүрген еңбектердің аты аталып көрсетіледі. Бұл – бүгінгі түркітанушылар, қыпшақтанушылар үшін бағдар болуы тиіс. «Аш-Шудур ал-дәхабийа ва-л-қита ал-ахмлийа фи-л-луғай ат-туркийа («Түркі тілі туралы жазылған алтын тізбе»)» еңбегінің авторы – Молла ибн Мухаммед Салих. Қолжазба ХVІІ ғасырдың басында (1619 жылдар шамасында) Мысырда жазылған. Қолжазбаның жазылып біткен заманы – қыпшақ тілінің біртіндеп барып жойылып, оның орнына осман түріктерінің тілі бел ала тұрған кез еді. Қолжазба Мысыр елінде жазылып қалған қыпшақ тіліндегі ескерткіштердің ең соңғы айғағы болды. Қолжазба Осман түріктерінің мұрасына жатады. «Китаб әд-Дурра аль-Мудийа фи-л-Лұғат ат-Туркийа уә-л-Камал» («Түрік тілінің жарқын інжумаржаны, әрі толық жазылып біткен кітап») – ХІV ғасырда Мысыр мен Шам елдерінде, яғни мәмлүк қыпшақтарының мемлекетінде, сол кездегі қыпшақ тілін оқып үйрену үшін классикалық араб тілінде жазылған сөздік. Қолжазбада бұл еңбек «Таржуман әл-лұғат ат-туркийа» («Түрік тілінің аударма сөздігі») және «ат-Таржуман ат-туркийа» («Түрікше аударма») деп те аталады. Ол кезде тек араб елдерінде ғана емес, жалпы шығыс елдерінің ішінде түркі тілдерінде сөйлейтін халықтарды, әсіресе, қалың жұртшылыққа барынша кең танымал болған қыпшақ тайпаларын «түріктер» деп атаған да, олардың тілін «түрік тілі» деп жалпы атаумен беретін болған. «түрік» пен «қыпшақ» сөздері синоним ретінде қолданылған (А.Зайончковский). Дүниежүзілік түркітану ғылымы бұл сөздікті «бізге жетпеген» (Б.Аталай), «жоғалып кеткен» (О.Притцак) деп есептейтін еді. 1963 ж. поляктың атақты түркітанушысы Зайончковский (тегі – қарайым) Флоренцияның атақты Лоренцо Медичи кітапханасынан осы сөздіктің қолжазбасын тауып алып, француз тіліне аударып бастырып шығарды (Варшава, 1965–69 ж.). Көлемі – 24 парақ, әр парақтың екі бетінде 15-16 жолдан тұратын арабша-қыпшақша сөздердің тізімі бар. Араб сөздерінің семантикалық классификациясына орай тиісті лексикалық материалдар 24 тарауға бөлініп берілген. Сөздіктің авторы мен оның жазылған уақыты белгісіз. «Түркі тілі туралы жазылған ерекше сыйлық») қолжазбасы дүние жүзінде бір-ақ дана. Ол Стамбулдағы Баязит мешітінің Валлидин Ефенді кітапханасында сақтаулы. Көлемі –91 парақ (182бет). Араб аудармалары қара сиямен, қыпшақ сөздері қызыл сиямен жазылған. Еңбектің авторы көрсетілмеген, жазылған орны мен уақыты да белгісіз. Зерттеушілер оны ХІV ғасырда Мысырда жазылған деп жүр. Қалай болған күнде де ол түркология әлемінде аты мәлім еңбек, Махмуд Қашқари мен Абу Хайян еңбектерінен кейінгі үшінші орынға ие болып отыр. Жалпы алғанда, қолжазба Батыс Еуропаға 1922 жылдан бері мәлім. Анкара университетінің оқытушысы Т.Х.Кун осы қолжазба жөнінде 1940ж. арнаулы мақала жазған. Қолжазба 1942 жылы Венгрияда жарияланады. (бастырушы Т.Х.Кун). 1943жылы Б.Алтай «Ат-туһ-фат аудармасының жайы» деген тақырыпта үлкен мақала жариялайды.Қолжазбаны туркиялық атақты білімпаз Бесім Алтай 1945 жылы түрік тіліне аударып, басып шығарған болатын. Алдындағы зерттеулерді ескере отырып, поляк ғалымы Александр Дубинский 1967 жылы ескерткіштің тілі жайында арнаулы зерттеу жүргізді. 1968 жылы еңбек өзбек тіліне аударылады. Аудармашы – профессор С.Муталлипов. Еңбектің жаңа баспасы бес тараудан тұрады: 1) аудармашының алғы сөзі; 2) қолжазбаның кіріспесі;3) қолжазбаның сөздік бөлімі;4) қолжазбаның грамматика бөлімі; 5) ескерткіштегі сөздердің көрсеткіші (мұны да аудармашы жасаған). Демек, кітаптың негізгі бөлімі - қолжазбаның тікелей аудармасы. «Алғы сөз» барынша қысқа. Онда профессор С.Муталлибов былай деп жазды: біріншіден, қыпшақ тілі атамзаманнан бері келе жатқан ескі тіл және өте кең тараған өрісі мол, бай тіл, екіншіден, қыпшақ тілі мен өзбек тілінің туысқандық ара-қатынасын айқындауға осы іспеттес ескерткіштердің маңызы аса зор, өйткені, деп көрсетеді «Изысканный дар тюркскому языку» (Грамматический трактат ХІV в. на арабском языке) атты еңбек ХІҮ ғасыр құнды ескерткіштерінің бірі «Китаб ат-тухфат уз-закийат фил-луғат-ит-туркийа» (бұдан былай – Ат-тухфа...) шығармасының тілін зерттеуге арналған. Монографияның кіріспесін, лексика-грамматикалық очеркін, қолжазбаның аудармасын, глоссарийін, грамматикалық көрсеткішін жазған – Э.И. Фазылов пен М.Т. Зияева, 1978 жылы Ташкент қаласынан басылып шықты. «Аттухфа...» ескерткішінің авторы белгісіз. Осы кітапты жазу барысында белгісіз автор қыпшақ тілін негізге алуды мақсат етіп қойғандығын айтады, себебі қыпшақ тілі сол дәуірлерде кең көлемде қолданылған. «Ат-тухфа...» тек жазба мұра ғана емес, түркі тілін зерттеуге арналған грамматикалық трактат екендігі белгілі. Белгісіз автор қыпшақ тілінің қолданылу ерекшеліктерін, грамматикалық, фонетикалық ережелерін араб лингвистикалық дәстүрі бойынша талдап көрсеткен. Ескерткіш тіліндегі түбірлердің қосымшалары бір бөлек, сөзжасамы бір бөлек әңгімеленген. Армян қыпшақтары тілінде жазылған еңбектерді зерттеушілер: М. Левицкий, Р. Кохнова, Е. Триарский, Е. Шутец, О. Притцак т.б. Зерттеу еңбектері поляк, француз, ағылшын тілдерінде жарияланып жүр.Белгілі болған қолжазбалар саны отыз шақты. Армян-қыпшақ тарихи ескерткіштеріне тиесілі «Төре бітігі» кітабы. Бұл жазба ескерткіш ХІІ – ХІІІ ғасырларға тиесілі. Түрколог ғалым А.Н. Гарковецтің айтуынша, бұл – заң кітабы. Сот процесі жүргізілген Азаматтық Кодекс. «Төре бітігін» армян тілінде құрастырып, жазып шыққан – Мхитар Гош. Ол діни заңдар мен азаматтық заңдар деген екі бөлімнен тұрады. 1519 жылы армян-қыпшақтар «Төре бітігінің» азаматтық заңдар бөлігін қыпшақ тіліне аударды. «Төре бітігінің» жазылу тарихын түрколог ғалым былайша түсіндіреді: Бұл заңды армяндар Польша королі Сигизмундқа бекіттіру үшін алғашқыда оны латын тілінде жазып тапсырады, бірақ қыпшақ тілі сол дәуірде халықаралық қатынас тілі болғандықтан армяндар ақылдаса келе «Төре бітігін» бүкіл халыққа түсінікті қыпшақ тіліне аударған. Жамал ад-Дин Мухаммед Абдулак ат-Туркидің «Китаб бұлғат ал-муштақ фи-луғат ат-турк вал-қыпшақ» еңбегі ХІҮ ғасырда Серия жерінде жазып қалдырылған. Сөздік кіріспе сөзден басталады. Онда автор сөздік жасау үстінде өзі пайдаланған еңбектердің тізімін келтіреді, бірақ онда көрсетілген жазбалардың бәрі де біздің уақытымызға жетпей жоғалып кеткен, әлі күнге дейін табылмай жүр.Солардың бірі - «Ал-Анвар ал-мудиа» (Жарық нұры) деген еңбек. Оны қыпшақ руынан шыққан Ала-ад-Дин Бейлік ал-Қыпшақи жазған. Өз еңбегін жазу барысында осы қолжазбаны Абу Хайян да пайдаланған. Содан барып «Китаб ил-идрак» пен «Бұлғат ал муштактың» бірсыпыра материалдары өзара ұқсастық тауып отырады. Қолжазбаның екі бөлімін де поляктің ғалымы А.Зайнчовский бастырып шығарды. Екі баспаның екеуін де қолжазбаның түпкі нұсқасы (факсимиле) қоса берілген. Бірінші баспа, яғни ескерткіштің бірінші бөлімі 1939 жылы түгелдей өртеніп кеткен. Жазылып бітіп, баспаға дайын тұрған екінші бөлім де 1944 жылы жанып кеткен. Дүниежүзілік түркологтардың қалауымен 1958 жылы еңбектің бірінші бөлімі қайта шықты. Қолжазбаларда сілтемеде көрсетілетін, бірақ осы уақытқа дейін табылмай белгісіз жүрген еңбектердің ішінде қыпшақ руынан шыққан білімпаз Ала ад-Дин Бейлік ал-Қыпшақидың «Ал-анвар ал-мудийа», «Ад-дур-ра ал-мудиа фи-л-луғат ат-туркийа» («Түрік тілін оқып үйренушілер үшін жазылған інжу нұры»), Мухаммед ибн Қайстың «Тибийақ ал-луғат ат-турки ат-лисан ал-канлы» атты қаңлылар тілі туралы жазылған еңбектері де бар. Жоғарыда аталған еңбектердің барлығы – түркітанудың, оның ішінде қыпшақтанудың құнды мұралары. Оны зерттеп-зерделеу – бүгінгі ұрпақтың басты парызы. Олар жай ғана жәдігерліктер емес.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет