Осы бір дерек-көрсеткіштен-ақ, бір ғана мал шаруашылығы кәсібінің өзі мемлекеттік маңызы бар іске айналып, отаршылдардың тәбетін бостан-босқа ашпағаны байқалады.
Сөйтіп, ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасырдың басында Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай сияқты кең-байтақ бес облыстың алып жатқан жері кімді болсын қызықтырмай қоймаған. Деректерге қарағанда бұл бес облыстың жалпы жер көлемі 1.914.013. шаршы шақырым, халқының саны 2.667.290. адам болған. Енді ұшан-теңіз қазақ даласына қоныстану сипаты қандай болған деген сауалға келсек, онда мысалы, Торғай облысының әрбір тұрғынына бір шаршы шақырымнан, ал Жетісу мен Орал секілді халық неғұрлым шоғырланған облыстардың өзінде әр шаршы шақырым жерге орта есеппен екі адамнан келген.
Осы ұлан-ғайыр бес облыстың тұрғындары негізінен жергілікті халықтар – қазақтар болған. Сол кездегі ішкі істер министрлігінің нақты деректеріне қарағанда қыр облыстарының қазақ тұрғындары шамамен 2.153.011. адам болған. Ал, қалған 514.276-сы орыстардың – Сібір, Жетісу, әсіресе, Орал казак әскерлерінің және қоныс аударған шаруалар мен қала адамдарының есебінен толыққан.
Қазақ даласына жаңа қоныстанушылар тек теріскейден ғана келген жоқ. Қытай елінің қыспағынан қорыққан ұйғыр, дұнған секілді халықтардың бұрын Құлжа мен Іле өлкесін мекендеген бір бөлігі мекенінен ығыса көшіп, қазақ жеріне келді.
Қоныс аударғандардың саны ерлері мен әйелдерді қоса есептегенде 56981 адам болған. Олардың 46786-сы ұйғырлар, 10 мыңы дұнғандар екен. Бұл екі ұлттың өкілдері Жаркент, Верный, Пржевальскі мен Бішкек уездерінде жаңадан 45 елді мекен құрып, 273768 десятина жерді иемденген.
Қорыта айтар болсақ, патша үкіметінің қазақ жеріндегі отарлау саясаты – Қазақстанның орасан зор табиғат байлығын тек шикізат қоры ретінде пайдалану арқылы прогресті дамуына жол бермей, қапаста ұстап, этнос ретінде жойып жіберуді көздеген зұлым саясат болды.
Бұған дейін де айтқанымыздай, отарлау саясатының ең бір қауіпті де қасіретті тұсы жер мәселесі еді. Өйткені, жаңа ғасырдың басында Ресейден қазақ жеріне орыс шаруаларын қоныстандыру бұрынғыдан да күшейе түскен болатын. Бұған осы кезеңде еуропалық Россияны 4-4,5 миллион шаруалардың тастап кетіп, Сібір, Қазақстан, Орта Азия жерлеріне келіп қоныстануы дәлел.
Оның үстіне бұл қоныс аударушылар қорына бөлінген жерлер неғұрлым шұрайлы, егістікке пайдалы болып келсе, жергілікті халық керісінше қуаң далаға, сортаңды жерге, таулы аймаққа ығыстырылды. Осыдан, негізінен мал шаруашылығымен айналысатын халықтың жағдайы күрт төмендеп, тіпті жер бетінен жойылып кету қаупін туғызды.
Міне, біз сөз еткелі отырған екі басылым ел басына төнген осы қатердің қаншалықты ауыртпалық әкелетінін, әуелі елді күйзеліске ұшыратып, түптің-түбінде оның болмысына қауіп төндіретінін күңірене жазды. Сөйтсе де, нақты мәселеге көшпей тұрып, ұлттық, қоғамдық-саяси және биресми басылымдар – «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіне қысқаша сипаттама беріп кетуді жөн көріп отырмыз. Себебі, бұл екі басылым да кезінде, ХХ ғасырдың басында, қазақ халқының өміріндегі азаттық жолындағы күрестің, яғни, саяси-әлеуметтік қозғалыстың үрдісі дамып, құлаш жая бастаған тұсында күрескерлік бағыт ұстанған саяси топтың күшімен шығарылған болатын.
«Айқап» журналының алғашқы саны Троицк қаласында 1911 жылдың қантар айынан бастап шыға бастаған. Оның шығарушысы, редакторы – демократ ақын, жазушы М.Сералин еді. Ол журналды алғаш жұрттан қарызға ақша алып, пай жинап жүріп шығарады. Ақыры оның бейнеті ақталып, біраз уақыттан соң оған жәрдемдесушілер табылады, көп ұзамай-ақ журнал өз қаржысымен шыға бастады. Солай бола тұра қаржының тапшылығынан ол алғашқы жылы айына бір рет, шағын көлеммен жарық көрді.
Жәрдемдесушілер көбейіп және өзі де қор жинай бастаған соң, яғни 1912 жылдан бастап журнал айына екі реттен 12-24 бет көлемде жарияланды. Тиражы 1000 дана, бес жылдың ішінде 89 саны жарық көрген.
«Айқаптың» алғашқы санындағы «Қызмет иесі мырзаларға» деген мақалада: «Журнал шығарудағы мақсат – атақ шығару, білім сату емес, халыққа қызмет ету болды... Журналымызға «Айқап» деп есім бердік... Біздің қазақтың «Ай, қап» демейтұғын қай ісі бар! «Қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң, журналымыз өкінішімізге лайық «Айқап» болды», – деп жазылды.
«Айқап» әр материалдың мазмұны мен тақырыбына жете көңіл бөліп отырды. Бірінші бетіне елдің ішкі өмірінде болған жаңалықтар, ресми хабарлар, екінші, үшінші беттерінде «Ашық хат» деген айдармен оқырмандар хаттарын жариялаған. Проблемалық мақалалар (жер туралы, съезд, сайлау, т.б. тақырыптар) 4-6 беттерінде орналасқан. «Фельетон», «Хабарлар» айдарымен берілген материалдар журналдың орта тұсынан орын алған. Ал, шетел жаңалықтарын, көңіл айтулар мен басқармадан ескертулерді, жаңа кітап туралы рецензияларды журналдың соңғы беттерінен оқуға болатын.
«Айқаптың» – «Өлең-жыр», «Фельетон», «Хабаршыларымыздан», «Ашық хат», «Басқармадан жауап» деп аталған тұрақты айдарларының болуы оның жұмысындағы ұқыптылықты, жүйелілікті танытады. Журналдың безендіру мәселесіне де жете көңіл бөлінгенін жоғарыдағы айдарлар бойынша жариялаған материалдардан айқын аңғаруға болады.
«Айқап» өз кезі үшін үздік журнал болды. Оның әр санын жұрт асыға күтті. Оған Қазақстанның барлық облысынан және Астрахань губерниясына қосылған Бөкей ордасы мен Кавказ округына қарайтын Маңғыстау, Атырау, Оралдан үзбей хат келіп тұрды. Әсіресе, Ақтөбеден. Қостанайдан, Қызылжардан, Торғайдан, Көкшетаудан, Қарқаралыдан, Семейден, Аягөзден, Қапалдан, Шиеліден, Қызылордадан, Жамбылдан, Шымкенттен, Зайсаннан мақалалар жиі жарияланды.
Журнал бетінде кейде «Одан-бұдан», «Уақиғалар», «Мұсылмандар түсінуге тиісті мәселелер» деген айдарлар бойынша да материалдар жарық көрді. Кейін оларды алмастырған «Хабаршыларымыздан», «Хабарлар» айдары журналдың соңғы кезіне дейін тұрақты шығып тұрды.
«Айқаптың» тұрақты хатшысы болып 1911-1912 жылдары Әкірам Ғалымов, 1913-1914 жылдары Сұлтанмахмұт Торайғыров істеді. Қызметкер, тілші, автор болып Жақанша Сейдалин, Спандияр Көбеев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, Бақытжан Қаратаев, Молдағали Жолдыбаев, Бекмырза Бекжанов, Нұралды Айтмұханбетов, Есенғали Қасаболатовтар қатысты.
«Айқап» мемлекеттік Думаларға, Дума сайлауларына байланысты мақалалар жариялады. Қазақтарға да сайлау құқы берілуін, Думаға қазақтан да депутаттар сайлауын, онда халқымыздың көкейкесті мәселелерінің қаралып, шешімін табуын талап етті. Ол үшін бүкіл қазақ съезін шақыру керегін ұсынды.
Осыған орай «Айқап» редакторы М.Сералин журналдың 1912 жылғы санында «Юбилей туралы» деген мақала жариялап, онда Романов тұқымдарының патшалық құрғандарына 300 жыл толу мерекесіне қатысатын қазақ өкілдеріне мынадай тапсырма жүктейді:
-
Қазақтан Думаға депутат сайланатын болсын;
-
Қазақ жеріне енді шеттен көшпенділер келтіру тоқтатылсын;
-
Казак, орыс орналасқаннан қалған жер қазақ пайдасына берілсін;
-
Мал шаруашылығын жаңаша өркендетуге орыспен қатар қазаққа да учаске бөлінсін;
-
Қазақстандағы қазынадан сатылатын жерлерді орыспен қатар қазаққа да сатып алуына рұқсат етілсін;
-
Дін туралы, мектеп, медресе ашу туралы, халық сотын өзгерту туралы сұралсын.
Сондай-ақ «Айқап» және оның редакторы сол кездегі саяси-әлеуметтік мәселенің ең бастысы – жер мәселесі екенін жақсы түсінген.
Мәселен, 1867 жылы 11 шілдеде «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару жөніндегі уақытша ереже» шықты. 1868 жылы 21 қазанда «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторларының қырлық облыстарын басқару туралы ереже» бекітілді. Барлық жер мемлекет меншігі, тек хан әулетіне патша «сыйлаған» жер ғана жеке меншік болып табылады. 1895 жылға дейін «Щербина экспедициясы» патшаға қазақ даласының ең шұрайлы жерлерін мәлімдеп отырды. 1870-1890 жылдары ұйғырлар мен дұңғандар көшіп келді.
«Қазақ» – қоғамдық-саяси және әдеби газет. 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап Орынборда аптасына бір рет, 1915 жылы аптасына екі рет шығып тұрған. Таралымы 3000, кейбір мағлұматтарда 8000-ға жеткен. Бірінші редакторы – әйгілі ғалым, жазушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов, екінші редакторы – қоғам қайраткері, жазушы Міржақып Дулатов, бастырушысы – «Азамат» серктігі. Хусаинов-Кәрімов баспаханасында басылып тұрған. «Қазақ» газетінің 1918 жылғы сандарының редакторы – Жанұзақ Жәнібеков. Барлығы 265 нөмірі жарық көрді.
Газетте ХХ ғасырдың басындағы қазақ жұртының саяси-әлеуметтік өмірінің түйінді мәселелеріне, шаруашылық жайына, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу-ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Бөкейханов, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев пен С.Дөнентаев, Б.Майлин, С.Торайғыров, Ғ.Қарашев, А.Маметов, Б.Серікбаев, Р.Малабаев, Қ.Қоңыратбаевтардың сан қилы материалдары жарияланып тұрған.
Кезінде басылым әскери цензураның қатаң бақылауында болған. Оны «Қазақтың» әр нөміріндегі «Дозволено военной цензурой» деген бұрыштамадан көреміз. Мысалы, газетте 1914 жылғы тамыздың үші күні бас мақаласы жарияланбай қалған. Осыған байланысты: «Бас мақала цензураның рұқсат етпеуінен басылмай қалды»,- деп жазған.
Сондай-ақ, «Қазақтың» бетінде жарияланған әрбір мақаланы, хабарды барынша мұқият тексеріп отыруды, баспасөз заңын бұзса, редакторларын жауапқа тартуға, соттауға бұйырған баспасөз ісінің бас басқармасы граф Татищевтің Орал, Орынбор губернаторларына жазған құпия хаттары архивте сақталған. Онда «Қазақ» газетін тексеру-бақылау жұмысын Торғай облыстық басқармасының тілмашы, татар тіліндегі мерзімді баспасөздерді бақылаушы Тұнғаншинге тапсыру қажеттігі жайында Орынбор губернаторы, генерал-лейтенант Сухамилиновтың бұйрығы да бар.
Қазіргі зерттеушілеріміздің Тұнғаншиннің есіміне күдікпен қарайтындықтары да сондықтан болар. Патша үкіметінің осындай жазалаушылық шараларынан «Қазақ» көп қиянат көрген. Мәселен, газеттің 1917 Жылғы 78 нөмірінде жарияланған «Алашқа» және 79 нөміріндегі «Ресейдегі ұйымшылдық» деген мақалаларында қоғамда болып жатқан шындықтың бетін ашып көрсеткені үшін, патша саясатына қарсы шықты деп А.Байтұрсыновты екі жылға соттау үкімі шығарылған. Сондай-ақ, «Бұл қалай?» мақаласы үшін редакторға 50 сом айып салып немесе екі апта абақтыда отыруға кесілген. Ал «Заң жобасының баяндамасы» деген мақаласы үшін Орынбор генерал-губернаторы А.Байтұсыновқа 1500 сом айып немесе үш ай түрме кескен.
Осындай зор қиындықтарға қарамастан газет 1918 жылдың қыркүйек айына дейін үзбей шығып тұрған. Қазақтың ұлттық баспасөзінің қалыптасу дәуірінде мұндай ұзақ уақыт жарық көрген басылым жоқ. Оның 265 нөмірінің әрқайсысы қазақ тарихындағы ояну дәуірінің күнтізбесі іспеттес. Замана шежіресіндей болған басылым Омбы атқару комитетінің 1918 жылға 4 наурыздағы Орынбор кеңесіне берілген «просим немедленно закрыть газету» деген нұсқауы бойынша көп ұзамай жабылды. Сөйтіп, патша үкіметінің отарлау саясатына бағынбай толассыз шығып тұрған басылым кеңес өкіметі тұсында біржола тоқтатылды.
Ал, енді «Айқап» пен «Қазақ» арасындағы жер мәселесі туралы пікір-таластарға келетін болсақ, онда кезінде бұл екі басылым да өздері негізгі деп есептеген мәселелер төңірегінде үнемі бірауызды болмай, айтысып та отырды. Бұл туралы С.Мұқанов «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» деген кітабында: «Айқап» шала пісірген нәрселерді дұрыс пісірді, көмескі пікірлерді айқындады, сонымен қатар «Қазақпен» қазақтың тілі туды, таза қазақ тілінде шыққан баспасөз «Қазақ» газеті ғана болды, көпшіліктің пікір көші «Айқаптан» «Қазаққа» ауысты» [52], – деп жазған.
«Қазақ» газетінің 1914 жылғы 56 нөмірінде М.Дулатовтың «Айқап» мақаласы жарияланып, онда «Қазақ» та, «Айқап» та өз бетімен келе жатқан кезде сәтсіз күні басталған бас қосу мәселесі шыға келді», – деп айтылған.
Мұндай пікірді «Айқаптың» редакторы М.Сералин 1912 жылғы 4-5 сандарында алғашқылардың бірі болып көтерген еді. Онан соң бұл мәселені журналдың 10 санында Жұбекен Тілеубердин және Жақанша Сейдалиндер одан әрі жалғастырды.
Бірақ, «Қазақ» бұл мәселеге өте сақтықпен қарады. Бұған А.Байтұрсыновтың «Қазақтың» 1913 жылғы 18 нөмірінде жарияланған «Бас қосу турасында»,- деп аталатын мақаласы дәлел. Онда «Бас қосуға бұл күнде қолайсыз шақ, оны басқа кезге қарата тұру керек. Қазақтың керегін өзге жолмен сөйлей тұралық, бұрынғыдай емес, қазақта қазірше бір журнал, бір газет бар, сыйғанынша солар арқылы кеңесейік, сыймағанын хатпен сөйлеуге болады. Съезде сөйлесіп, кеңескенмен, түбі барып істеушілерге тіреледі. Ісімізді іздеушілер, жоғымызды іздеушілер көбейсе, ойлаған пікір, көздеген мақсат жан бітіп тірілмекші», – деп жазылған.
Съезд туралы айтыс «Қазақ» газетінің бетінен де орын алды. Себебі, оның 24-36 нөмірлерінде Жақанша Сейдалиннің осы съезд туралы мәселе көтерген хаты басылған болатын. Оған А.Байтұрсынов «Бір қазақтың баласы» деген бүркеншік атпен «Бас қосу турасынан» атты қарсы мақала жазып жауап қайтарады. Ол бұл жолы Жақаншаның мақаласындағы сегіз түрлі қателікті көрсетіп, соның бірі: «Қазақ» газетасы мен «Айқап» журналын Жақанша мырза «Шалажансар» деп екі мезгіл айтыпты... Жақанша өзі сол газета мен журналға жазып тұрады және ол екеуін құрап сөз айтады. Жақанша мырзаға ол екеуі жақпаса, неге жазады. Жақсы газет, жақсы журнал неге ашпайды?», – деп ең алдымен өзі шығарып отырған басылымды, одан соң қазаққа бола бейнет тартып жүрген Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Жақып Ақбаевтардың оң ісін қорғап, араға түседі.
Сөйтіп, қазақ зиялылары баспасөз бетінде де, одан тыс жерлерде де съезд шақыру мәселесінде ауызбірлік таныта алмады.
1905-1907 жылдардағы бас көтерулерден кейін қазақтар патшалы Ресей тарапынан бұрынғыдан да қатты қысым көре бастады. Олар енді табиғат байлығы мен малынан ғана емес жерінен де айырыла бастады. Бұл туралы «Қазақ ССР тарихында»: «Егер 1893 жылдан 1905 жылға дейін, яғни 12 жылдың ішінде қазақ халқынан 4млн. десятинадан артығырақ жер тартып алынса, 7 жылдың ішінде 1906 жыл мен 1912 жыл аралығында 17 млн. десятинадан астам жер тартып алынды» [54], – деп көрсетілген.
Бұл «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті жарыққа шыққан тұста халық басына патша үкіметі төндірген үлкен қауіп, қайғылы қасірет болатын. Сондықтан да «Айқап» пен «Қазақ» айналасындағылардың бұл тақырыпты көтермеуі, ол жөнінде түрлі айтыс-тартысқа бармауы мүмкін емес еді.
Бұл туралы «Айқап» журналының редакторы М.Сералин: «Соңғы он жыл ішінде үкімет… қырғыз-қазақтарды отырықшы қылып, өнер үйретейін, өнерге алғызайын, салдырап көшіп, азап шеккенше, отырықшы болып, тыныштық қылсын деп емес, отырықшы болып 12-15 десятина жер алып, ала алмағандардың жерін кесіп алмақ» [55], – деп отарлау саясатының түпкі мақсатын дөп тапса, «Қазақ» газетінің редакторы А.Байтұрсынов: «Қазіргі қазақ мәселелерінің ең зоры – жер мәселесі. Бұл қазақтың тірі я өлі болу мәселесі. Бұл турасында түсінік жетпей қаталасып, қазақты теріс жолға салғанымыз – 5 миллион адамның обалын мойнымызға жүктегеніміз. Сондықтан бұл турасында ақыл айтқанымыз, қазақты һәм басқаларды да қата ұқпастай етіп, анықтап ашық сөйлескеніміз абзал» [56], – деп жазды.
Осы арада бір ескерте кететін жай Ахаң (А.Байтұрсынов) жер мәселесін жазуды ең алдымен «Айқапта» бастап: «Қазақ жерінің қазыналық болғанына өкіну – білмегендік, әуелі қазыналық етемін дегенге көнбеске шара жоқ. Екінші, жер өзінде болса қазаққа пайдалы емес, бәле болар еді. Қазақтың әлі күнге жерден қол үзбей отырғаны жер қазыналық болғандықтан. Бүгінгі тойғанына мәз болып, ертеңгісін ұмытқан қазақ бүгін жерін сатып қойып, ертең тентіреп кетер еді. Жер жалдаған қазақ аз ба? Жерді жалдаудан тартынбағандар сатудан да тартынбайды. Қазақ облыстарының… қалаларының көбіне мұжықты хакім қондырған жоқ, қазақ өзі қондырған. Шәй, қант, шүберекке қызығып, жер жалдап, мұжықты ішке кіргізіп алған өзің емес пе?» [57] – деп шырылдап, халыққа дұрыс жөн сілтеуге тырысқан.
Осы тұста Ахаңның бұл ойын «Айқап» одан әрі іліп әкетіп, «Бөкей ордалықтары» деген корреспонденциясында: «Бұрыңғы үй басына жүз десятина жер қазір үй басына жиырма десятинадан келеді. Жарлы болдық дейміз, енді біз жарлы болмай кім жарлы болсын. Әлі біз бұлай отыра берсек, мұнан да жарлы болармыз», – деп халықтың намысын қайрағандай болды.
Бүгінгі таңда кейбір зерттеушілер «Айқап» пен «Қазақ» арасындағы жер туралы пікір-таластарды сөз еткенде көбіне «Қазақты» жақтап, «Айқапты» жанай өтіп немесе оның рөлін көмескірткісі келетін сияқты. Мәселен, филология ғылымының кандидаты Өмірхан Әбдіманов өзінің «Қазақ газеті» атты зерттеу монографиясында: «Бұл кезде «Айқап» төңірегіндегілер және «Қазақстан» газеті отырықшылдықтың жақсы қасиеттерін барынша насихаттап, оның озық жетістіктерін таныту үшін, руластарына отырықшылдық нормамен жер алдырып, поселке салдырып, үлгі көрсетіп және осыған бар қазақты үндеп жатқан еді. Мәселен, Мұхаметжан Сералин Қостанай уезінің болысында ұйымдастырған елді мекен кейін Сералы поселкесі, Орал облысынан Б.Қаратаев ұйымдастырған елді мекен – Қаратаев ауылы аталды. Әлбетте, бұл пікірлердің де терістігі жоқ. Дегенмен, қазақ шаруашылығының табиғи тініне байыппен қарайтын болсақ, бірден отырықшылдыққа көше қалу өзін-өзі ақтамайтындығы анық еді»,[58] – деп жазады.
Енді бұл ойға өзіміздің не себепті қосылмайтынымызды «Айқап» пен «Қазақстан» газетінде жер туралы жарияланған материалдар арқылы дәлелдеп көруге тырысалық.
Ең алдымен «Қазақстан» газетінен басталық. Оның 1911 жылғы бірінші нөмірінде «Хал-жағдайымыз» деген бас мақала жарияланған. Онда жер-судың тарылу себептерін, мысалы Ішкі Орданың көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданатын шаруашылық қарамағында 1801 жылы 700 десятинадан жер болса, ХХ ғасырдың басында әрбір шаруаға 25 десятинадан ғана үлес тигенін, оның себебі патшаның отарлау саясатын жүргізуші әкімшілік орындарының жерді көп бөліп алғандығынан, жайылымдарды құм басып кеткенінен деп түсіндіреді.
Ал, осы газеттің 1911 жылғы екінші нөмірінде жарияланған «Еңбек етсең емерсің» деген екінші бір мақала жоғарыда айтқан «Хал жағдайымыздағы» ойды одан әрі дамытып: «Енді аз жерді күтіп, берекетті етіп ұстайтын кез келді. Тар жер көшіп жүруді, шашып отыруды көтермейді және көшіп жүрген халықтың мынау менікі дейтін бір заты бұрын да болмаған, қашан бір жерге мекен теуіп, жерге еңбек сіңірген халықтың еңбегін басқалар жемеген. Күндердің күні болғанда жерге еңбек сіңірген халық, сол жердің иесі болып қалған. Егер, ол күніміз әлі жалғаса берсе, қазақ халқы өз жер-суына қожа бола алмайды», – деп үлкен әлеуметтік ой қозғайды.
Бұл ой «Қазақстанның» 1911 жылғы 15 қараша күнгі нөмірінде орыс тілінде жарияланған «Как проживают киргизы?» деген мақалада: «Біздер барлық облыстың және орданың қырғыздары жыл сайын кедейленіп, өз қол күші, маңдай терімен күн көретін жартылай аш пролетарлардың қатарын толықтыра түсіп келеміз.... Қолымызда жалғыз өмір сүру құралы бар. Одан айырылмағанымыз жөн. Ол құрал – біздің еңбегіміз, ұқыптап күте білсек, құнарсыз жерден жай кездегіден де көп өнім алатынымыз сөзсіз», – деп одан әрі жалғастырған.
Бұдан біз бұл басылымның екі жақты қанаудың кесірінен туындаған жер, су тапшылығына байланысты сарыуайымшылыққа салынбай, тұйықтан шығу жолын іздестіріп отырғандықтарын байқаймыз. Мәселен, газеттің тұрақты авторларының бірі Ғабдолла Көпжасаровтың серіктік туралы: «Оқыған адамдар бас болып, халықтың басын құрап, екі я үш болысты біріктіріп, товарищество жасап, жиналған ақшаға жер-жерден лавка ашып, сай-саланы бөгеп, товариществода үлесі барлардың егіндік, пішендік жерлерін суарып беріп көрсетсек, халық пайдасын көрген соң өздері-ақ ұмтылар еді. Товариществоның бір пайдасы – халықты бірлікке үйретеді, бірінің біріне сенімін арттырады», – деп мақала жазуының өзі осының бір айғағы іспеттес.
Жоғарыда айтқанымыздай «Қазақстан» газетінде Б.Қаратаевтың «Азаматтарға бір-екі ауыз сөз» деген мақала жазып, қазақтарды отырықшылық өмірге бет бұруға, пайдалы кәсіппен айналысуға, балаларды оқытуға шақырған. Волга өзенінің сол жақ жағалауында ондаған тұрғындардың басын құраған жаңа қырғыз поселкесі пайда болды. Поселке бұл істі ұйымдастырушы Күнтура Сармантаевтың есімімен – «Сармантай» деп аталды, немесе «Айқап» журналының 1911 жылғы екінші санында «Орал облысында Шідерті болысына қараған сегіз ауылнай халық қала саламыз деп бас әкімдерге арыз берген екен. Бұлардың берген арыздары қабылданып, өткен жазда жер өлшеушілер шығып, бұларға 14 учаске кесіп беріпті. Салатын қаланың бірі «Қаратаев» аталыпты. Бұл Қаратаев қаласына 194 еркек жан жазылған»,[62] – деген сияқты отырықшылыққа насихаттаған материалдар да жоқ емес, әрине.
Бірақ, бұған қарап біржақты қорытынды жасауға болмайтын сияқты. Себебі, «Қазақстан» газетінде жер туралы отырықшылыққа шақырудан басқа небір құнды материалдардың жарияланғандығына көзіміз жеткендей болды ғой.
Енді «Айқап» журналына келетін болсақ, ең алдымен бұл басылым Думаға, Дума сайлауларына байланысты мақалалар жариялады. Онда қазақтарға да сайлау құқы берілуін, Думаға да қазақтар сайлануын, онда халқымыздың көкейкесті мәселелерінің қаралып, шешімін табуын талап етті. Ол үшін бүкіл қазақ съезін шақыру керегін ұсынды. Бірақ оны басқалар қолдамады. Тараудың басында «Айқап» пен «Қазақтың» арасындағы пікірталастың да осы мәселеден басталғанына жан-жақты тоқталып өткендіктен, бұдан әрі журнал беттерінде тікелей жер мәселесіне байланысты жарияланған материалдардың мән-мазмұнына тоқталайық.
«Айқаптың» 1912 жылғы 31 санында патша үкіметінің басқару әкімшілік істері жөніндегі отаршылдық саясатын сынаған бас мақала жарияланды. Онда 1867-1868 жылдардағы Ережелерді патша үкіметінің тек үстем тап өкілдері кеңесімен шақырғанын, комиссия мүшелері – болыс, билер өз пайдаларын ғана көздегені, оны тек марқұм Ш.Уәлиханов ғана әшкерелеп, Дала генерал-губернаторына хат жазғаны, қазақ үшін сайлаған халық судьяларының пайдасыз екенін мәлімдегені айтылды.
Бұл тұрғыда журнал редакторы М.Сералин патшалы Ресейдің отарлау саясатының түпкі мақсатын дәл тани біліп, оны жұртқа дұрыс түсіндіруде де білгірлік танытты. Мысалы, ол «Отырықшы болған қазақтар туралы» деген мақаласында: «Жаңа болыстық соттардың қазақы дау-жанжалдарды шешуге икемсіз болып отырғанын мысалдармен дәлелдеп, болыстық сот құны 300 сомнан артық мал дауын тексере алмайды. Қазақ арасындағы жесір дауларының құны көбіне 300 сомнан асып кететіндіктен дау-дамай қалай шешіледі», – деп жұртқа сұрақ қояды да, ол үшін «Қазақ әрекеттері» деген кітап шығару қажет дегенді айтады.
Мақаланың екінші бөлімі отырықшы өмірдің артықшылығына арналған. «Түпкілікті қоныс болуға жарайтұғын жерлер шетке кетіп бітетұғын. Қазаққа қолайсыз жерлер қалатұғын. Түбінде мұндай жерде бытырап жүріп оңбаспыз»,[63] – деп автор басына төнген қатерден қорықпай, халық қамқоры дәрежесінде сөйлейді.
Ал, Бақытжан Қаратаев болса, бұл тақырыпқа «Шідерті болысы елінің отырықшы болып жер алулары» деген корреспонденция жариялап, «Қара шекпендер қырық тоғыз қала салдырып алды. Қара шекпендерге ең жақсы бірінші дәрежелі жерлер кетті. Жеті руға ең жаман жерлер қалды», – дей келіп, «Көшпелі халық – қабір ұлы» деген сөз бар, көшпелі болмақ балиғилық емес, сәбилік белгісі дейді»,[64] – деп қазақ халқын отырықшы болуға шақырады.
Бекмырза Бекжановтың «Айқаптың» 1911 жылғы 3 санында жарық көрген «Қазақтың қазіргі халі» мақаласында артта қалуымызға басты себеп феодалдық қоғам, ұлттық томаға тұйықтық, көшіп-қонумен жүріп, көрші елдердің өнегесінен үлгі алмау деп түйеді. Осы мақаламен аттас келесі бір материалда озық елдер қатарына қосылу үшін фабрика салып, өнеркәсіпті өркендету туралы сөз болды. Онда: «Өнеркәсіпті өркендету негізінен тас көмір, темір, шойын алатын, жер қазатын құралдарға байланысты. Ондай жағдайымыз болса, бұл кәсіппен айналысар едік. Орыс, ағылшын, француз елдерінің алға шығып, қуатты ел болып отырғаны да өнеркәсіптің өркендеуінен»,[65] – деп дамудың қандай жолына түсу қажеттігіне көңіл аударылған.
Мұның бәрі де сол кезең үшін саяси-әлеуметтік мәні терең, тың мәселелер болатын. Мұны «Айқаптың» жете түсініп, дұрыс жаза білуі, сол замандағы қазақ баспасөзінің шын мәніндегі үлкен прогресшілдік табысы еді деуіміз керек.
Ал, жер мәселесі туралы «Қазақ» не жазды? Оның біз сөз еткен «Айқап» пен «Қазақстаннан» қандай өзгешелігі болды деген мәселеге келсек, онда «Қазақ» қарсыластарына да көбірек сөз беріп, екі ойды салыстырып, оқырманның екі пікірден де хабардар болып, ой түйуіне көбірек көңіл аударды.
Бұл орайда бір ғана Ахаңның (А.Байтұрсынов) көптеген ойға өзек болған «Жер жалдау жайынан»,[66] «Қазақ жерін алу турасындағы низам», [67] «Шаруа жайынан»[68], «Қазақ һәм жер мәселесі» сияқты өзекті де өрелі материалдарын айтсақ та жеткілікті.
Екіншіден, жаңа ғасыр алға тартқан капиталистік қатынастар толықтай өз әмірін жүргізе бастаған кезде қазақтардың да қатардан қалып қалмау жайын көп ойлап, оларға ақыл-кеңесін де аямаған «Қазақ» болды. Бұл газет өзінің отырықшылыққа қарсылығын бос сөзбен емес, нақты істер жасау арқылы көрсетуге тырысты.
Мәселен, «Қазақтың» 1915 жылғы 145, 148, 158, 190, 161, 167 – нөмірлерінде «Шаруашылықтың өзгеруі жайынан», – деп аталатын Ә.Бөкейхановтың топтама мақалалары берілді. Онда автор қазақ шаруашылығының табиғи дамуына назар аудара отырып, шаруашылықтың бір сатысынан екіншісіне өту үшін ұзақ ғасырлар керек болғанын, дүние секірмелі түрде емес, эволюциялық жолмен бірте-бірте өзгереді деген пікір айтады.
Қорыта айтар болсақ, кезінде «Айқап» журналы да, «Қазақ» газеті де жер мәселесі туралы жазғанда ең алдымен халықтың жайын ойлады. Тоз-тоз болып, елдіктен айырылып қалмаудың қамын қарастырды.
Достарыңызбен бөлісу: |