Іріктелген текстер



жүктеу 202.43 Kb.
Дата07.07.2016
өлшемі202.43 Kb.
КІРІСПЕ

Іріктелген текстер



Алғысөз

Жалпылама сипаттама


АЛҒЫСӨЗ

Қасиетті қазақ топырағының ақыл-ой тамырын отап, тектік ұйытқысын ірітіп, ұлттық тағдырының ұясын бұзған, қатігез жазалау науқанының алғашқы тергеу ісі 1927 жылы желтоқсанда басталып, үкім алпыс жылдан кейін күшін жойды. Түрме – құпия мекеме, түрмеге түскендердің тергеу хаттамасы мен жаза үкімі сақталған құжаттар – құпияның құпиясы. Саяси қылмыскерлерге қатысты, оның ішінде КССРО-ның мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеулеріне екінің бірінің қолы жете бермейтіні анық. Тіпті тєуелсіздік тұсында да ол деректер жалпыѓа жария етілмейді. Бұл кез-келген мемлекеттегі қауіпсіздік мекемесіне тән заңдылық. Сондықтан да “Алаш ісіне” қатысты құжаттарды кітаптың құрылымы мен тартымды оқылуына нұқсан келтіретіндігін сезіне отырып, тергеу барысындағы санкциялар мен хаттамаларды, сұрақ-жауаптар мен қосымша деректерді, жеке адамдардан тәркіленген хаттар мен олардың үстінен жазылған “домалақ арыздарды”, жауапқа тартылушылардың түрме ішінде өзара жазысқан хаттарын толық келтіруді жөн көрдік.

Әрине, олардың барлығы, әсіресе айыпау үкімдері мен жекелеген адамдардың жауаптары нақты өмірлік шындыққа сәйкес келе бермейтіні түсінікті, өйткені тергеу жұмысы жауапқа тартылғандарға қалайда саяси айып тағып, оларды қылмысты етіп көрсетуге бағытталса, айыпталушылар қалайда бір-біріне зиянын тигізбей, араша түсу мақсатын ұстанған. Сондықтан да тергеу ісінде бір-біріне қарама-қайшы жауаптар да кездеседі. Мысалы, қазақ ұлтының көсемі Ахаң – Ахмет Байтұрсынов: Мағжан ақын. Ал менің ақындарда жұмысым жоқ. Рысқұлов қызыл комиссар. Сондықтан да ол мені жақтырмайды. Ал Қожанов мені Рысқұловпен жақсы деп ойлайды. Екеуі де мені кеңес өкіметінің жауы деп есептейді. Мен де оларға жоламаймын – деп жауап берген. Бұған қарап бұл үш тұлғаны өзара жау етіп көрсеткен және оны дәлелдеуге тырысқан ұшқары жарияланымдардың жарық көруі өкінішті, ұлтымыздың ұйытқысы үшін мұның кесірінен басқа пайдасы жоқ, күмәнсізге күдік қана тудырады. Шындығына келсек, патша өкіметі мен кеңестік тергеушілердің арандату тәсілін әбден меңгерген Ахаң – Ахмет Байтұрсынов осы жауабы арқылы Рысұлловты да, Қожановты да қылмысты іске тартылудан аулақтатып, қорғап отыр және солай болды да.

Осындай „түсініксіздіктерге” қарамастан сұрақ-жауаптарды жарияланымға ұсынуымыздың басты себебі: онда өмірі түрме мен аңдудың арасында өткен арыстарымыздың азапты ғұмыры туралы қолға түсе бермейтін мәліметтер, олардың өмір жолы мен көзқарастарынан хабардар ететін деректер кездеседі. Сондай-ақ кеңестік қысым тұсындағы жазалау саясатының ішкі құрылымынан да мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Мұныњ барлығы алаш арыстарының өмірімен ғана емес, сол бір зауалды заманға тарихи тұрғыдан баға бергісі келген немес оқып, білгісі келген зиялы қауым үшін де түпнұсқалық қызмет атқаратынын, кеңітіп пікір қорытуға да мүмкіндік жасайтындығын ескердік. Әр жауаптың ақиқатын өмірлік дерекпен салыстыра отырып анықтау - осы іске тартылған арыстардың өмірін жеке-жеке зерттеу арқылы жүзеге асатын, дара-дара зерделеу мен уақытты қажет ететін шара. Сондықтан да біз тергеудің барысынан жалпылама мағлұмат беріп, таныстыру мақсатында әр құжатқа қысқаша ғана түсініктеме берумен шектелдік. Ескерте кетеріміз, бұл мәліметтерді пайдаланғанда авторға міндетті түрде сілтеме жасау – ғылыми әдептіліктің ғана нышаны болып табылмайды, сонымен қатар сіздің сүйенген дерегіңіздің дәйектілігіне де кепілдік береді. Бұл авторлық құқықоты жанкешітілікпен қорғау емес, керісінше көпшіліктің пайдалануына еркіндік беру деп есептейміз. Өйткені: бұл мағлұматтар “өте құпия” деген белгімен таңбаланып, ұлттық қауіпсіздік комитетінің ерекше мұрағатында сақталған, ашық танысып, жариялануға рұқсат етілмеген. Сондықтан да авторға сілтеме жасау арқылы ғана пікіріңіздің дәйектілігіне сендіре алатындығыңызды ескерту.

Тергеу ісімен танысудың қысқаша тарихы мынадай: 1987 жылы 13 қаңтар күні Қазақстан жазушылар одағының сол кездегі бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов: 1). Желтоқсан оқиғасына байланысты ұсталған және қысым көріп жатқан студенттер мен жастарды қорғау мақсатында.2). Репрессияға ұшыраған жазушылардың мұраларын ақтау бағытында.3). Басылымға тиым салынған шығармаларды қайта жариялаудың мүмкіндігін қарастыру барысында Праволық комиссия құруды тапсырды. Ақпан айында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің сол кездегі орынбасары генерал-майор Әбдірахманов бастатқан 7 полковник жазушылар одағына келіп, осы үш мәселе төңірегінде мағлұматтар берді.

1988 жылы қаңтарда Қазақстан жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлйменовтың сұрау салуы бойынша Қазақ ССР-нің бас прокуроры Ғ.Б.Елемесов „Алашорда” қайраткерлерінің үстінен жүргізілген тергеудің заңсыз жүргiзiлгенiне наразылық бiлдiрiп, Қазақ ССР Жоғарғы сотына ұсыныс жасады. 1988 жылы 4 қарашада Жоғарғы соттың қылмысты iстер жөнiндегi коллегиялық мәжiлiсiнде «Кеңес өкіметін қарулы көтеріліс арқылы құлату маұқсатында ұйымдасқан „Алашорда” қайраткерлерінің контр-революциялық, террористік астыртын құпия ұйымын әшкерелеу ісіне» қатысты сот үкімі қайта қаралды. Оған Қазақ ССР Жоғары сотының төрағасы Т.К.Аймұхамбетов, Жоғарғы соттың мүшелерi К.Т.Кенжебаев, Е.Л.Грабарник және Қазақ ССР прокуроры Ғ.Б.Елемесов қатысты. Жиыны 14 томдық тергеу iсiнiң егжей-тегжейiн зерделей тексерiп, барлық куәлардың шағымдарымен танысып, тергеу тарапынан өрескел бұрмалаушылық пен заңсыздықтардың жол берiлгенiн анықтады. Жазушы Т.Жұртбайдың әдеби сарашылығымен жасалған қорытынды да олардың шығармаларында кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізілмегені расталды. Қазақ ССР қылмыс және праволық Кодекстiң 375 статьясын жетекшiлiкке ала отырып, төмендегiдей шешiм шығарды:

Шешiм: СССР Халық Комиссарлар Советiнiң жанындағы ОГПУ-дің (Төтенше Мемлекеттік Саяси басқармасының – автор) ІҮ коллегиясының 1930 жылғы 4 сәуірдегі және 1931 жылғы 13 қаңтардағы Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Мир-Якуб, Аймауытов Жүсiпбек, Есполов Мирза-Ғазы, Ғаббасов Халел, Әдiлов Дiнмұхамед, Бiрiмжанов Ғазымбек, Юсупов Ахмед-Софы, Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битiлеуов Дамолла, Болғанбаев Хайреддин, Байтасов Абдолла, Жәленов Кәрiм т.б жөнiндегi қаулысының күшi жойылсын, олардың iс-қимылдарынан қылмыстық әрекеттер табылмағандықтан да тергеу барысы тоқтатылсын.



Қазақ ССР прокурорының наразылығы қанағаттандырылсын.

Қазақ ССР-нiң Жоғары соты - Т.К.Аймұхамбетов.

Коллегия мүшелерi – Е. Л. Грабарник, К.Т.Кенжебаев».
Осы шешімнің негізінде Жоғары соттың мүшесі Қазықан Кенжебаев Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбиннің атына “Алаш” қайраткерлерін ақтау туралы қорытынды ұсыныстың мәтінін даярлады. Қазақстан Орталық комитетінің иедеология жөніндегі хатшысы Ө.Жәнібековтің араласуымен Ғылым академиясында арнайы комиссия құрылды, сол комиссияның шешімі бойынша Алаш қайраткерлерін саяси және шығармашылық тұрғыдан ақтау туралы арнайы қаулы шықты. 1989 жылы сәуір айында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивіне рұқсат берілді. 1991-1992 жєне 1997 жылдары құпия архивтегі тергеу ісімен тиянақты түрде танысуға мүмкіндік алды. Деректердің біразы толық, біразының үзінділері ғана тиісті түсініктемелермен жарияланды. Алайда өмірі мен қайраткерлігі беймәлім арыстардың түрмедегі жауаптары мен хаттамаларындағы кейбір көрсетінділер мен айыптаулар ел арасындағы қатардағы оқырмадарға түсінбестік тудырмас үшін 15 жылдан бері жабық сақтауға мәжбүрлік етті. Қазір олардың өмірі мен қызметтері, жазған еңбектері туралы зерттеулер жарияланып, жалпы қауымның тарихи және өмірлік шындықты, жалған айыптаулар мен жаланы ажырата алатындай мүмкіндігі туған сәтте оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Жиынтығы 14 томнан тұратын әрқайсысы бір-бірімен сабақтас 3 тергеу ісінің сұрақ-жауап құжаттары сот хаттамасындағы тіркелген реті бойынша берілді. Сол арқылы тергеу ісі қашан және қалай басталды, кімге қандай айып тағылып, қай күні ұсталды, сұрақ-жауаптар қалай жүргізілді және 72 адамның (бір адам қашып кетіп, мерт болған) айыбы бір-бірімен қалай байланыстырылды, тергеу барысында кім өзін-өзі қалай ұстады немесе алдыңғы жауаптарына қарама-қайшы қандай көрсетінді жасады, қандай арандатулар мен қысым жүргізілді, жалған үкім қалай шығарылды – деген сияқты көптеген ашық та астарлы шетін сұрақтарға жауап беруді, жазалау саясатына негізделген кеңестік сот жүйесінің ішкі құрылымымен таныстыра отырып сот барысын толық ашуды мақсат етіп ұстандық. Тағылған айыптардың жалғандығы, тергеу барысы мен шығарылған үкімнің заңсыздығы туралы пайымдауларға Қазақ ССР Жоғары сотының 1988 жылғы 4 қарашадағы шешімі басты негіз етіп алынды.

Өкiнiшке орай, ақиқаттың ақ жолы соншама тауқыметке толы болды.

Осы алпыс жылдың iшiнде олардың шаңырағы ортасына түсiп, ошағының оты өшiп тынды. Барлығының әйелдерi азапты жылдардың тауқыметiне төзе алмай – жүйке дертiне, сал ауруына, өкпе құртына, көк жөтелге ұшырап, қудалаудың құрбандығына айналды. Басым көпшілігінің соңынан ұрпақ қалмады.

Ең үлкен қиянат та осы.

Сонымен тергеуі қашан басталды және қалай аяқталды? Жазаға тартылғандар кімдер еді? Олардың қылмыстары қандай? Мұның бәрі де орынды сауал. Ал оған бір сөзбен, бір тергеудің дерегіне сүйеніп, толық жауап бере алмайсың. Қысқа қайырып, тұтамдай тұжырғанның өзінде де, әлқиссаны әріден бастауға тура келеді.

ЖАЛПЫЛАМА СИПАТТАМА

Сонымен, арасында аз үзіліс жасап барып үш жыл бойы қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан жинақтаған «Алашорда» ісіне қатысты тергеу ісін көшірген дәптердің соңғы беті де жабылуға жақын қалды. 1986 оқиғадан кейін КПСС орталық комитеті «қазақ ұлшылдығы» туралы қаулы қабылдап, желтоқсан оқиғасына қатысқан ұл мен қыздар жаппай қудаланып, партия, кеңес қызметкерлерінің арасынан да ұлтшылдар табылып, тергеу жүргізіліп жатқан тұста жасырын жазылып алынған, таспаға түсірілген осынау «аса құпия құжаттарды» жариялаудың мүмкіндігі түптің-түбінде туатынын сеніп, қатираның соңына қысқаша сипаттама жазылыпты. Сол күндердің әсерінен туған алаң ба, жоқ, бұл құжаттар қайтып қолға түспейтініне көз жекендіктен бе, әлде аяулы алаш зиялыларының бейнесін жүректе сақтап қалуға деген шексіз сезім бе, кім білсін, түрме психологиясына қатысы бар-ау деген ойларымыз бен ескертпелерді қағазға түсіріппіз. Қазір олар дәл сол кездегідей аңсарлы болмағанымен де, ұмытыла қоятындай жөні жоқ екен. Әсіресе, алаш зиялыларының тағдырына ықыласты зиялы қауым үшін танытар емеуіріні мен ашар астары бар екен. Ол сипаттаманың қысқаша тұжырымы мынадай.

Дінмұхамед (Дінше) Әділев тұтқынға түсісімен өзін «тұрақты мекені мен жұмысы жоқ», «әр топтың соңында жүрген», «жай бандит, тентек, бұзық емес», «қазақ ұлтының бастандығы үшін күрескен шыншыл саяси тұтқын» ретінде ұстаған. Соны дәлелдеу барысында қыза-қыза келіп камерада отырып саяси плаформа жасап, ұйымның кестесін сызып, астыртын ұйымның «түрмедегі көсеміне» айналған. Жауаптарындағы және мінездеме берген адамдардың сөздеріне, біздің де жинастырған естеліктеріздегі пікірлерге қарағанда қызба мінезді, өжет, қызықты да қиын оқиғаға құмар,әйтеуір ұлтжанды, бауырмал, «балалық тентектігі басылмаған» (М.Дулатов, С.Қожанов) ширақ жігіт. Оның көрсетінділерінің барлығын көшіріп шығу мүмкін емес. Менің қаламыма ілікпеген бір жауабында: «Тұрар Рысқұлов Қызылорда қаласына келді. Ксілер кірі-шығып, асығыс жөн сұрасып жатады. Міржақып Дулатов екеуі де барады. Дінмұхамедті ауыз үйде қалдырып, Рысқұлов екеуі оңаша бес минуттай сөйлеседі. Іле бөтен кісілер келіп қалып, Рысқұлов соларды қарсы алуға шығып кетеді де әңгіме үзіледі. Сыртқа шыққан соң Міржақып Дулатов Дінмұхамедке: «1922-жылғы Ташкенттегі ұйым туралы сөз бастап, енді түсіндіре бастап едім, -дейді. Бұған қарап Рысқұловтың астыртын ұйымға қатысы бар деп пікір тұюге бола ма? Мұндай дүдәмал деректер Д.Әділевтің әр көрсетіндісінде бар.

М.Тынышбаевтің жауаптары ұзақ әрі шашыраңқы болып келеді екен. Алғашқы көрсетінділерінде тағылған барлық айыптарды мойындайды. Бірақта кейінгі жауаптарында одан бас тартып: менің ол жолы денсаулығым нашарлап тұр еді. Не айтқанымды, неге қол қойғанымды түсінбедім. Енді бәрі есіме түсіп отыр – деген уәж білдірген. Ол: Жетісу өңіріндегі төңкеріске дейінгі оқиғаларға шолу жасап, Шкапскиймен бірігіп 1916 жылғы ұда-азаттық көтерілісті жазалуға шыққан әскрдің зардабын жоюға қатысқанын, атаман Анненковпен бір рет кездескенін, оған қызмет көрсетуден бас тартқанын баяндайды. Ташкенттегі ұйым мен Валидовпен кездескенін мойындайды. Халел және Жаһанша Досмұхамедовпен бетпе-бет кездескеннен кейін алдыңғы көрсетінділерінен бас тартқан. Жандосовты, Рысқұловтытуған бауыры қатарында санаған. Олардың шәкірт кезінде қамқорлық көрсеткен. 1914 жылы Тұрардың оқуын жалғастыруы үшін елден қаржы жиып беріпті. Ең көп сұрақ-жауап алынғандар М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов және Ә.Ермеков. Олардың бұл жауаптары кейін айыптау үкімінде үзінді-үзінді ретінде пайдаланылған.

Тергеу: контрреволюциялық-террорлық, басмашылық ұйымның (жетекшісі Дінмұхамед Әділев) – кеңес үкіметіне қарсы құрылған Орынбордағы астыртын ұйымның (жетекшісі Ахмет Байтұрсынов) – шет ел интервенциясының күшіне сүйенген Ташкенттегі контрреволюциялық ұйымның (жетекшісі Мұхамеджан Тынышбаев пен Х.Досмұхамедов) «қылмысты істерін» өзара байланыстырып, дабыл қағарлықтай әшкерелеу бағытында жүргізілген. Голощекин тергеу үрдісін бақылап отырған. Одан алынған мәліметтерді тергеу қорытындысы шықпай тұрып-ақ баяндамаларына пайдаланған.



Тергеу жауаптарынан тұтқындалған адамдардың арасындағы қарым-қатынас дәрежесі анық аңғарылады. «Алашорда» мүшелерінің жауаптары бір ыңғайда. Сөз арасына кездейсоқ адамдардың атын, жанама оқиғаларды кіріктірмеген. Идеясы, мақсаты, күрес жолы, сенімі мен пайымдары ұқсас. Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатовтың сөздері бір жерден шыққан. Тергеушілер оларды «жүздік жақындықтарына» қарап (мысалы, бірінші топ – А.Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Әлімқан Ермеков, Елдес Омаорв; екінші топ – Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтер, Иса Қашқынбаев, Кәрім Жәленов; үшінші топ – Мұхамеджан Тынышбаев, Біләл Сүлеев, О.Жандосв) топқа бөлген. «Қазақы қарға тамыр» бұл адамдарға тән емес екенін тергеуші білмеген. Олар тергеушіге бір-бірін жек көретіндігі туралы айтқан. Мысалы, Х.Досмұхамедов пен Ә.Ермеков бір-бірімен сөйлеспейтіндігін көрсетсе де Ә.Ермеков ауруханада жатқанда Х.Досмұхамедов көңілін сұрай барып тұрғаны сөз арасында білініп қалады. М.Әуезов: М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовті «Сұғанақ сұр» атты шығармамда сынағанмын – дейді. Бұл: Жаһанша Досмұхамедов берген хатты оның рұқсатынсыз Қожановқа оқытып, ол тінту жүргізгеніне байланысты өмірлік шындықта арқау еткенін мекзегені. Сондықтан да мұндай көрсетінділерге абай болған жөн.

Жазба жауаптарына қарағанда: Х.Досмұхамедов – іскер, сөзге ұтымды, хат жазуға сараң. Жаһанша Досмұхамедов – өткір, орынды сөйлеп, мақал –мәтел қосып, тура кесіп айтады. Заңға жетік. Жазуы да ширақ, нақты. Әлімқан Ермеков – қызба, күйіп –пісіп сөйлейді, күйіп –пісіп жазады. Өткір. Тергеушілерден жасқанбаған. Пафоспен сөйлеуге бейім. Оның кейін газетте жарияланған ашық хатының екі нұсқасы да сақталған. Мұхамеджан Тынышбаев – аңғал, ойының етек-жеңі жиналмаған, Сөзі де, жазуы да созылмалы, немкеттілік басым. Оның саясаткерлігін ешқайсысы мойындамайды. Иса Қашқынбаев – еркін сөйлеп, еркін формулировка жасайды. Жауаптарының барлығы да алдын-ала жөнделіп, өңделген сияқты әсер қалдырады. Мұрзин Мұхтар – нағыз ер мінезді, тік сөйлеп, келте қайырады. Жауаптарының барлығы: мен тыңшы емеспін. Өсек жинамаймын Сондықтан да ештеңені есімде ұстамаймын – дегенге саяды. Мұхтар Әуезов басында өзін сыпайы ұстаған. Тергеу соңында «жіби бастағаны» сезіледі. Халел Ғаббасов – түрменің өзінде де күресіп, пікірін дәлелдеп, заңды талаптарынан бас тартпаған. Тергеушілер де ерегесіп, оны өзгелерден бөлек жеке камерада ұстаған. Елдес Омаров – өзіне тағылған айыпты «өзінің жеке көзқарасы» ретінде дәлелдеген. Жүсіпбек Аймауытов – шығармашылығы арқылы көркем көзқарасын жеткізуге ұмтылған. Бір өкініштісі, өзінің соңғы романы жаңа экономикалық саясатты бейнелейтінін, ондағы бай капитализмнің тілін білетін бай – деп көрсетеді. Сол қолжазбаны 1934 жылы Евгения Аймауытова атақты бір жазушыға аманат етіп тапсырыпты. Ал ол қаламгердің тура сол тақырыптағы атақты шығармасынан Ж.Аймауытовтың жазу мәнері бірден байқалады. Өзі: Менің ұстазым Жүсіпбек. Ана романды соған еліктеп жаздым – деп бізге де, басқаларға да, баспа жүзінде де айтып қалғаны бар еді. Күмәннан құдай сақтасын. Әйтеуір Аймауытовтың сол романы жоғалып кетті. Енді табыла қоюы неғайбыл. Ж.Аймауытовтың сол жылы атылып кетуіне «ежелгі ерегесі бар «Ежовтың» кесірі тиді ме. Әйтеуір Бекдуллаев деген шәкіртінің: «Шымкентте көтеріліске шақырып жазған үндеу Аймауытовтың қолтаңбасына қатты ұқсайды» – деген сөзі себепкер болғаны анық. Мағжан өзін түрмеде де ақын ретінде ұстаған сияқты. Оның көрсетінділерінің өзінен сөздерінің жалыны шарпылып тұрады. «Алқа» әдеби үйірмесінің «Табалдырық» атты бағдарламасының суретке түсірілген қара қағазы (негативі) сақталған. Біз оны көшіріп алып жария еттік. ЖЖақып Ақбаев тергеушілердің сұранысын қанағаттандырмаса керек. Бір екі сөзі сараң қысқаша көрсетіндімен жауабын тәмамдаған. Денсаулығы да мүмкіндік бермесе керек. Әбдірахман Байділдин – Ғалым Ахмедов дегдардың айтуы бойынша ұшқалақ, жаңғалақ, шамшыл адам болған көрінеді. Сол рас сияқты. Әр көрсетіндісі машинкамен есептегенде 30–40 бетке жетіп жығылады. Қағазшыл, әсіре әсершіл, жанталасқан жан сияқты. Қалайда М.Әуезов пен С.Сәдуақасовты жек көріншті етуге тырысып, әшкерелеп баққан. Ол да жанына сая таптырмаған. Тергеушілер оған «Қалам» деп кекесінді ат қойған. Армансыз пайдаланған соң ату жазасына кесілген және үкім орындалған. Ол партия тазалауы жүрген кезде: «Иен бір кезде Колчактың қарсы барлауында істегемін» – деп мақтанып қалса керек. Сол сөзі өзінің түбіне жеткен сияқты.

Әрине, түрмедегі тұтқындардың жанын жалдап берген айғақтарының шындығына сенудің қисыны жоқ. Дегенмен де жиырма – отыз адамның пікірінің орайлас келуіне қарап, Қожанов пен Рысқұловтың, С.Сәдуақасовтың арасындағы шиеленістің себебі: Қазақстан мен Түркістанның қосылуы турасында екеніне көз жеткізуге болады. Алашордашылар бұл үшеуін де бағалаған. Іш тартқан. Өзінің республикадағы беделін нығайту үшін осы үш азаматты бір-біріне қарсы қойған сияқты. Т.Рысқұлов ортақ Түркістан республикасын құруды, ал С.Қожанов солтүстіктің халқын оңтүстікке қоныстандырып, Ташкентті астана етіп тәуелсіз Қазақстан республикасын құруды, С.Сәдуақасов оңтүстік пен солтүстікті қосып Ресейдің құрамындағы дербес Қазақстан автономиясын құруды ұсынған. Орыс «коммунист-колонизаторлары» С.Қожановтың ұсынысын қолдап: солтүстік облыстарға референдум жүргізу арқылы жер межесін өткізіп, санақ жүргізіп, жергілікті ұлтты оңтүстікке ысырып, Сарыарқаны Ресейдің құрамында алып қалуды мақсат етті. Сол мақсатпен Ежов Мәскеуден арнайы келіп, комиссия құрды. Бұл шараға комиссия мүшесі С.Сәдуақасов пен Ә.Ермеков тойтарыс беріп, қазіргі Қазақстан территориясын сақтап қалды. С.Сәдуақасов Т.Рысқұловқа: Сталинге арқа сүйеп, ұлттық мүдделерді ұмытты, әйтеуір Қазақстаннан басқа республика құру үшін жанан сап жүр, «Алашордашылардың» соңына тыңшы қойып, зиялы қауымды жікке бөліп жүр, коллективизацияны тездетуді жүзеге асырмақ, жергілікті өнеркәсіп орындарын ашуға құлықсыз, бәрін өзі отырған Мәскеуден шешкісі келеді – деген кіна таққан. Әрине, мұның барлығы жеке бастарының мүддесі үшін емес, елі үшін түскен ерлердің ерегесі еді. Үшеуінің де мүддесі бір, күрес жолы, амалдау тәсілі басқа. Бұл үшеуіне қарағанда Меңдешевтің, Сейфуллиннің, Нұрмақовтың көзқарастары мүлдем басқа. «Алашорда» қайраткерлерін әшкерелейтін «Тар жол, тайғақ кешудің» тура сол тергеу ісі жүргізіліп жатқан кезде жазылып, жариялануы кездейсоқ үндестік деуге жатпайды. Ол да өзінің үгіт –насихаттық міндетін атқарды. Саяси сақнаға О.Исаев, Ұ.Құлымбетов, І.Қабылов, Е.Ерназаров сияқты қолжаулықтар шықты.

Үшінші топ боп саналатындардың айғақтары жинақталған №06610 істің бірінші томы жоқ, тергеу хаттамалары 420-беттен басталады. Онда тергеудің айғағы үшін жиналған «доностар» сақталып, кейін жойып жіберуі де мүмкін. Бұл топтағылардың жауаптары кейде үйлесіп, кейде үйлеспей, қарама-қайшы келіп жатады. Ол түсінікті де. Бірінің сырын бірі ашқысы келмеген, немесе не айтуы керектігін болжай алмаған. Мысалы, А.Байтұрсыновтың тобындағылардың бірде-біреуі З.Валидовпен байланыс жасағанын мойындамаған, ал екінші М.Тынышбаевтің тобындағылар бірде мойындап, бірде бас тартқан. Тек: «Өзара аразбыз» - дегенді желеу еткен. Бұл оларды өзара арандатудан сақтаған. Бұл да «астыртын ұйымның әдісінің» бірі. Жоғарыдағы жайлардың анық-қанығын нақты анықтау үшін тергеу деректерін тарихи құжаттармен тиянақты түрде салыстырып барып пайым жасау қажеттігі туындайтыны өз-өзінен түсінікті. Бұл еңбектің ұзақ жыл жазылмай жатқаны да сондықтан.

Тергеу ісін үш жылдан аса созылды. Мұны создырып отырған Голощекин екені анық. Сол үш жылдың ішінде «Алашордашыларды» әшкерелейтін үш жинақ шығартты. Сонда да Мәскеуге жолданған сот үкімі:«тергеу барысындағы айғақтары жеткіліксіз» деген бұрыштамамен бір реткері қайтарылған. Ерекше оқыс көрінетін және түсініксіз жайт: осы 71 айыпталушының ішінен Д.Әділевтің, Ә.Байділдиннің, А,Юсуповтің, Х.Ғаббасовтың, Ж.Аймауытовтың жоғары жазаға кесіліп, сол жазаның орындалып кетуі, яғни, атылуы. Қай жағынан алса да олардың салмағы А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтан басым түспейтіні, «айыптарының» өзі де олардан көрі жеңіл екені түсінікті. Үкімнің қаулысында: Д.Әділев – басмашылармен, Ә.Байділдин – Колчактың қарсы барлауымен байланысып, кеңес үкіметіне қарулы қарсылық жасамақ болғаны үшін, ал А.Юсупов – төтенше комитеттің «Алашорданың» ішіне кіргізілген тыңшысы бола тұра дер кезінде хабар бермегені үшін туу жазасына кесіліп, үкім шұғыл орындалған. Солардың қатарына Ғаббасов пен Аймауытовтың қосылып кетуі тағдырдың тәлкегі болса керек. Аймауытов атылған жоқ. Түрмеде ауырып қайтыс болыпты-мыс – деген қауесет те бар. Бірақ тергеу құжаттары оны растамайды. Сондай-ақ: «Құмға сіңіп кетіп, қоныс аударушылармен соғыс ашпақ болағн» С.Өтегенов пен барлық (қылмысын мойындаған» И.Қашқынбаев «айғақтары жеткіліксіз болғандықтан да» бостандыққа шығарылған. Жиыны біз қарастырған 14 томның кейбір беттері жыртылған екен. Онда қандай деректердің «қолды болғаны» белгісіз. Тергеу мекемесіне тыңшылық еткен «салпаңқұлақтардың» аттары көрсетілген мағлұмат болуы да ықтимал. Сондай әрекетке ұмтылып, жанталасып жүрген бір «қадірлі» зиялыны қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан көзіміз шалып қалған бар. Бұл деректер 1988-1992 аралығында Қауіпсіздік комитетінің Алматыдағы ғимаратының солтүстік қанатындағы 2-қабатындағы 14-бөлмеде жазылды. Қауіпсіздік комитетінің полковнигі Қараби мен Шыңғыс атты азаматтар барынша еркіндік берді. Сол үшін де оларға ілтипат білдіремін.

Сырт көзге түсіндіре кететін сыралғы сөзіміз осы. Қалғанын қаламның ұшына тапсырдық.

Троцкийдің: Сталин қазақтың жауапты қызметкерлерін бір-біріне қарсы қойып, қырқыстыру арқылы бұл халықты зиялылардан айырды – дегенге саятын пікірі де ақиқат сияқты. Бұрын жазалау саясатының көп қитұрқысының бір тәсілі ретінде қарайтын едік. Құпия құжаттармен дендеп танысқан сайын мұның нақты және ең аяр саясат екеніне көзіміз жетті. Және Каширин, Якубовский, Альшанский сияқты кәнігі арандатушыларды олардың соңына тұрақты түрде салып қойған. Олар үш айда, жарты жылда, жыл аяғында есеп беріп, арандатудың жаңа тәсілдерін алдын-ала қарастырып, жансыздарды дер кезінде «сіңіріп» отырған. Бұл құрыққа түспеген қайраткер жоқ екен. Сәкен сияқты «ақындардың аққуы» да өзін-өзі ақта орайында сондай қадамдарға барғаны және ондай мәліметтерді саяси науқандардың қарсаңында 1925 жылы 19 сәуірде, 1937 жылдың басында жазған. Алғашқысы Голощекиннің келуінің, ал екіншісі үлкен «ғарасат майданының қарсаңы. Біз соның ішінде Д.Әділевтің көрсетіндісінде айтылатын бір оқиғаға ғана тоқталамыз. Үкімет төрағасының орнынан түскеннен кейінгі Сталинге жазған хатында:



«...Айналып келгенде, Қазақстанды оңшыл элементтер билеп алды, ал «Алашордашылар» қол шапалақтап отыр. Дәйек үшін үлкен мәні бар елеусіз бір оқиғаны келтірейін. Бүкіл Қазақстан тұтастыққа ие боп, Жетісу мен Сырдария облыстары қосылғаннан кейін өткен Ақмешіт (Перовскі) қаласындағы Ү жалпықазақ құрылтайына үлкен маңыз берілді. Құрылтайдың ашылғанына екі-үш күн өткен соң менің бір жолдасым: мәжіліс өтіп жатқан залдың төріндегі қызыл тудың жанына «Құраннан» алынған аят жазылған Досмұхамедов басқарған Батыс алашорданың туы қойылыпты – деді. Мен сенбедім. Бірақ та қызыл тулардың ортасында жасыл тудың тұрғанын есіме алдым. Кейбір жолдастар реніштерін білдірді. «Алашорда» туы алынды. Кейін: бір орыс қызметкері білместікпен іліп қойыпты – деп түсінік берілді. Құрылтайдың техникалық жағын жоғары біоімді адамдар басқарды емес пе. Құрылтай аяқталған соң Орынборға поезбен қайтып бара жатқанда бұрынғы алашордашы, Оқу-ағарту комиссариятында жұмыс істейтін мұғалім екі адамның көзінше сондай бір рахатты сезіммен: маған: «Ақыры бәрі біздің (яғни, алашордашылардың) айтқанымыздай болды. Құрылтай біздің жасыл туымызбен ашылды. Қызметкерлерге еркіндік тисе деп тілеп едік, құрылтай сол идеямен өтті. «Жұмысшы» деген сөз бос қалды. Осы құрылтайда Қазақстанның болашақ астанас Ақмешіттің (Перовскінің) атын Қызылорда деп өзгертті. Қазақтар үшін қызыл, жасыл, ақ түстің ешқандай айырмашылығы жоқ, Ордасы болса болғаны. Енді партияға біз де кіреміз» – деді маған (Байлар мен мырзалардың үйін Орда деп, кедейлер мен жарлылардың үйлерін баспана не лашық деп атаған)» – деп мағлұмат берді. Ақмешіттің атын Қызылорда деп өзгерту туралы ұсынысты С.Қожановтың мінбеден айтқаны Д.Әділевтің көрсетіндісінде бар. Әрине, жоғарыдағы мұғалімнің кейін жауапқа тартылғаны аян. Орнынан түсуіне байланысты өкпеден туған ойлар жыл оралмай жатып саяси үкімге айналды. «Міне, осыларды сіздің назарыңызға жеткізіп қояйын деп едім. Мен ештеңеден дәметіп отырғамын жоқ, маған ештеңенің қажеті жоқ» – деп Сталинді сендіргенімен ол хаттың шекесіне бұрыштама қойылып, тиісі төтенше мекемелер «айналысып хатты». Соның ішінде С.Сейфуллиннің өзіне де Каширин «жақсылап тұрып мінездеме» берді. Әрине, мұның барлығы оның ақындық жүрегін жаралады. Ашындырды. «Алашорданы» әшкерелейтін құжат ретінде пайдаланылған «Тар жол, тайғақ кешуді» кейін қайта өңдеді деген пікір бар. Бірақ ол өзінің тарихи міндетін ол кезде орындап болған еді.

Тағы да: «Алқаның» бар екенін мен жақсы білдім. Алғаш рет шамамен 1925 жылдары білдім. «Алқа» ұлтшыл Жұмабаевтің бастауымен Москвада ұйымдастырылған. Бұл әдеби үйірмені бүркемелген астыртын ұйым болатын...Семейден рабфакқа оқуға келген Ыдырыс Мұстамбаевтің туысы Смағұл Нұрпейісовтен ұйым туралы сұрадым. Ол көпке дейін жасырып айтпады...Ақыры Смағұл: өзінің Аймауытовпен, Байтасовпен, Кемеңгеровпен байланысы бар екенін, оларда астыртын қоғамның платформасы бар екенін, ол қоғамға мұны да тартқанын айтты. Оның бастаушысы Жұмабаев екенін білдім. 1927 жылдары Аймауытовтың, Кемеңгеровтің, Әуезовтің, Байтасовтың арасында хат арқылы пікір алысулар болыпты. Жұмабаев Москвада, қалғандары Шымкент пен Ташкентте тұратын» – деп түсінік берді. Иә, саяси терминді жақсы білетін Ә.Байділдин «Алқа» әдеби үйірмесін «астыртын қоғам» етіп оп-оңай өзгерте салған.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет