§1. Мақамбет өмірбаяны мен қызметінің зерттелу жәйі
Осы кезге дейін ұлы Мақамбеттің өмірбаяны мен қоғамдық-саяси қызметі ғылыми тұрғыдан дәйекті түрде зерттелген жоқ. Бірде бір ғылыми экспедиция оның өмірі туралы мәліметтерді, өлеңдерімен күйлерін іздестірмеді. Бодан елде өз тарихын, өз қайраткері туралы жазу, зерттеу қиын еді. Тіпті Совет өкіметі кезінде де жалтақтап жан-жағына қарап, жаси сөйлеп, сақтана жазатынбыз. “Ұлтшыл” деген атты жапсыра сала ма деп үрейлене жүретінбіз. Жазуы жоқ елде Мақамбет т.б. жөнінде жазбалы дүние болуы да екі талай. Түркіше жазу болған, Мақамбет ол жазуды білгені байқалады. Заман ауыр еді. Мақамбеттің көзі барда-ақ ол туралы екі түрлі пікір қалыптасты. Жәңгір хан, сұлтандар, сыбайластары, патша чиновниктері оны барынша балағаттап, “қарақшы”, “жыртқыш”, “бүлікшіл” деп, істің мән, жәйін бұрмалады, не жасырды. Ал халық өз ішінде оның ісінде, жыры мен күйлерін де мақұлдап, әлінше дәріптеп, жадында сақтап, жастарға үлгі етті, өзіне ақын ісін, жырын рухани азық жасады: оны батыр, ақын, күйші деп еңбегіне қарай жоғары бағалап келді. Орыстың жоғарғы ойлы азаматтары ДальВ., Савичев Н., Ковалевский Е.П. т.б. қайраткерлері Мақаңа тиісті жағымды ойда болған. Сондайдың бірі – Орал казагі Никита Савачев жергілікті газетте “Исатай Тайманов – Бөкей ордасындағы старшина” деген очерк жазып, Мақамбет жөнінде жылы лебіз білдірген, оны хан адамдары бекер жалалағанын, хан өз жұртына көп қысым жасап, ел оған наразылық жасағанын баяндайды. (1)
Мақамбетті 1839ж. күзде Борсық құмы маңында көріп, тілдескен адам – таукен инженері, филолог Е.П.Ковалевский Бұқар хандығына бара жатқан жолда көреді. Бұлардың қасына Мақамбет өзі келіп, Ковалевский т.б. емін-еркін орысша сөйлеседі. Экспедицияға жол көрсетпек болады. Бірақ алға барлауға кеткен Мақамбетті олар күтпей кетіп, экспедиция қаразымдықтардың (орыстар Хиуа хандығы деп жазады, ал ресми атауы “Қаразым” И.К.) тұтқынына түсіп сәтсіздікке ұшырайды. (2) ХХ ғ. басында Добромыслов А., Павлов Н. (1910ж.), Алекторов А. т.б. өз еңбектерінде Мақамбетті “бүлікші” деп жазған. Бірақ Добромыслов “В 1829 году обвиняя Джангира “в небрежения к пользам народа” взволновал Орду Каипкали Ишимов” деп шындықтың шетін көрсетеді. (3:235) Жәңгір 1827, 1836-1837ж.ж. көтеріліс себебін – “Орда да орыстардың мүддесін қорғадым” деп, ал хан үстінен шағымдардың көптігін қазақтардың “есер рухы”, дөрекілігімен түсіндіреді дей келіп, Мақамбетті “жыртқыш” дейді (4:236). 1864 ж. Қазақтарға қоныс салып, егін егуге ұлықсат бергенде олар 10 жыл ішінде жартылай отырықшыға айналып, малшыдан егіншіге тез көшкенін бұл авторлар мойындап, отаршының қазақ қоғамы дамуын тежеп келгенін орыстар егін салуға үлгі болды дегеннің жалғандығын көрсетеді (5:417). Бұл фактілер Мақамбет тобының ханға қарсы бас көтеруінің тағы бір себебі еді. Сөйтіп патша авторлары да Исатай, Мақамбет көтерілісін зерттеуде кейде шындықтан құтыла алмады.
Совет өкіметі кезінде баспасөз бетінде алғаш 1924 ж. “Сәуле” журналы Мақамбет туралы көлемді мақала жариялады. Автор Мақамбетті батыр, ақын, домбырашы деп таныстырады, тегі Беріш руының Жайық арасынан, атасы Құлмәлі, ұлт-азаттық күресте халық оны батыр атағанын мәлімдеген. Бұған қоса ақынның толғауларынан үзінді жариялаған. Батырдың бет-бейнесін, бойында да айтылады. Мінез, құлқы, өмір пернесі (образ жизни) жөнінде қысқа жол бар. Мақамбет өмірімен қызметін зерттеуде сара жол салған кісі халқымыздың ардақты перзенті Қалел Досмұқамбетұлы еді. Бұл кісі ғылымның түрлі саласында жемісті еңбек ете жүріп, әдебиет, тіл білімі, тарих саласында өнімді қызмет атқарған. Соның бірі – 1925-ші жылы Ташкент қаласында Қалекең “Исатай - Мақамбет” жинағын шығарады. Араб альфавитінде “х” әрпі бола тұрса да Қалекең батыр есімінде “қ” әрпін қолданып, “Мақамбет” деп жазып, ана тіліміздің орфографиясын жетік білетінін көрсетеді. Ақынның өмірбаянына байланысты мәліметті алғаш береді. Мақамбет Беріш руының Жайық ортасынан дей келіп, атасы Мәлі бір соғыста қолға түсіп, тұтқындалған. Жайық беріш Тұмаш дегеннің балалары еншілес қылып алған. Өз-өзін “Қызыл бастың (парсы) Нәдірше деген шаһының тұқымы” деп атапты. Қалекеңнің Мақамбет туралы сөзі: “Мақамбет өзі әрі батыр, әрі жырау, әрі домбырашы болған” - депті. (6:62). Өте қызулы өр адам екен. Исатай жұртты ақылымен дәлелдеп сендіріп, соңына ерітсе, Мақамбет көпті қыздырып назарын өзіне аударып, ерітетін адам болған. Мақамбет мінезі сотқар, қалжыңбас, ойына келгенін тура бетіне айтатын батыр екен. Бұл әрине ел аузынан жиналған сипаттама, артығы да, кемі де болар. Қ.Досмұқанбетұлы бұрынғы Орал облысының Ілбішін уезіне қарайтын Құлмәлі ұрпағы тұратын Қызылқоға, Тайсойған алабының азаматы көбін біледі.
А.Рязанов өзінің “Исатай Тайманов көтерілісі” деген кітабында (1927ж.) Ол Мақамбет өмірі мен қызметіне байланысты бірталай мәліметтер келтіріп, оның қызметіне зор баға берді. (7) Мақамбетті ол 1836-1838-ші жылдары шаруалар көтерілісінің ұйымдастырушысы, идеолог, “халық трибуны”, “батыры” деп атайды. Дегенмен, А.Ф.Рязанов еңбегінде көтеріліс себебін, оның сипатын анықтауда кейбір кемшіліктер кездеседі және Мақамбеттің өмірін қызметін толық қамти алмайды.
Совет тарихшылары Г.Сербаринов А.Якуниннің аталмыш көтеріліс мақалаларында Мақамбет туралы да кейбір мәліметтер келтірілген. (8)
Совет тарихшысы В.Ф.Шахматов “Ішкі Орда және Исатай Тайманов бастаған шаруалар көтерілісі” деген кітап жазып, ол 1946-ші жылы аз данамен жарыққа шыққан еді. Бұл қолға түспейтін сирек шығармаға айналды. Осы еңбекте Мақамбет өмірі мен қызметіне байланысты кейбір қажетті мәліметтер, жаңа деректер келтіріп, қызметіне үлкен баға берілді. В.Ф.Шахматов Мақамбет өмірбаянына бұдан кейінгі жазған мақалаларында онан әрі толықтыра түсті. Әсіресе оның 1840-ші жылдан кейінгі өмірі туралы деректерді архивтерден тауып пайдаланған. (9)
Мақамбет қызметіне байланысты Ермұқан Бекмаханов кітабында зерделеніп, жоғары бағасы берілген. Шаруалар соғысы феодалдық қоғам жағдайында саяси күрестің ең жоғарғы түрі. Ашық, қарулы соғыста Мақамбет, Райым, Теректі, “Тастөбе”, Елекен, т.б. мекендердегі шайқастарда ерлік көрсетіп, қарапайым қарумен жауын жосқай білді. Профессор Е.Бекмаханов Мақаңның (архив қағаздарында осылай жазған. И.К.) батырлығын, ұйымдастыру қабілетін дәріптеген. (10) Бұдан кейін Мақамбет батыр қызметін 1970-ші ж.ж. бастап осы жолдың авторы негізгі ғылыми, педагогикалық қызметімен қатар Мақамбет туралы ұзақ жылдар ізденіп, зерттеу жүргізген. Ол үшін Қазақстан, Ресей архивтерін қарап, Кіші жүздің, оған көрші Ресей облыстарын аралап, ел аузынан тарихи, әдеби материалдар жинап, Мақамбет жөнінде 1974, 1979, 1991 ж.ж. үш кітапша, көптеген ғылыми мақала жариялағаны оқырманға белгілі. Мақамбет, Исатай, Құрманғазы, Дәулеткерей, С.Мендешев т.б. туралы іздену, жазу өмірінің мағынасына айналғандай. Зерттеу барысында кемшіліктерімде көрініп қалауы мүмкін. Ал тарихшылар тарапынан Исатай, Мақамбет өмірімен тарихын зерттеушілер көрінбегені қынжылтады.
Тарихи құбылыстар желісін жалғастырып, оқиғаларды толықтырып байыта түсуде ел аузындағы әңгімелердің де өзінше маңызы бар. Соңғы жылдарда Б.Адамбаев, М.Тілеужанов т.б. әдебиетшілер ел аузынан бірталай тарихи әңгімелерді жинап, баспасөзде жариялады. Б.Аманшин Мақамбеттің тегі, туыстары, өлімі, ұрпағы туралы ауыз әдебиетінен белгілі қосымша фактілер келтіреді. Бұл тарихи әңгімелер кейбір оқиғалардың желісін жалғастырып, мазмұнын байыта түскен. Олардың көбін біз архив деректерімен толықтырамыз.
Антрополог Ноэль Шаяхметов Мақамбет өмірінің соңғы күндері мен өліміне байланысты зерттеулер жүргізіп, батырдың сүйегін тапты. Негізінде батыр атамыздың портретін бейнеге түсірді. Бабамыздың сүйегін зерттеп, қызық мәліметтер береді. (11)
Үлкен тарихи - әлеуметтік деректердің бірі – Мақамбеттің өз жырлары. Оның өлеңдерінде тарихи оқиғалардың сюжеті, болған жері, көтерілістің басталуының кей себебі, мақсаты, билеуші үстем тап қиянаты суреттеліп, көтеріліске қатысқан бірқатар адамдардың есімдері аталып, істері көрсетіледі.
Исатай, Мақамбет бастаған шаруалар көтерілісі өз уақытында ұлы дүбір, азаттық үшін күрес болып, ол туралы тарихи әңгіме ел ішінде кеңінен таралған. Ол әңгімелерден үстем тап пікірін айыруға, қажетсіздігін алып тастауға болады. Архив пен тарихи әдебиеттегі көптеген түсініксіз жәйді, жетпей тұрған тұстарын жалғап “жамауда” ел аузындағы аңыздардың, тарихи әңгімелердің көмегі бар. Әйтесе де ауызекі әңгіме ұрпақтан-ұрпаққа ауысқанда кейбір жері ұмытылып, не жанынан қосылып өңделуі мүмкін. Немесе, кейінгі ұрпақ Исатай, Мақамбеттің патша әскеріне хан, сұлтанға қарсы батыл күреске шығуына әрі таң қалып, әрі ырза болып, олардың батырлығын кейде аңызға айналдыра айтқан. Оқырманға түсінікті болу үшін мысал келтірейік. 1838-ші ж. 12 шілдедегі Қиыл өзеніндегі шайқасқа Кіші жүздің батыс бөлігінің басқарушы – сұлтаны Баймағанбет Айшуақов қолы ішінде Сарыбөпе, Сатай Кенжеғариндер өз адамдарымен қатысып, Исатайды өлтіретіні белгілі. Бұдан кейін Мақамбет 1841-1843-ші ж.ж. сотталып, Борсық құмы жағында айдауда болады. Міне, сол жылдары Мақамбет 2-3 рет Баймағанбетпен кездесуі бар дейді. Дәлелі жоқ. Бірі сірә, батырды Теке қаласы абақтысынан 1841-ші ж. наурызда Орынборға айдап бара жатқанда Баймағанбет аулына конвоймен барғанда жолай соқса керек ал, келесі аңызда батыр сотталып, айдауда жүргенде Баймағанбет қайта-қайта кісі жіберіп, Мақамбетті шақыртады дейді. Бұлардың бір кездесуін ел аузында екі түрлі айтады. Біріншісі, ағайынды Кенжеғариндер Мақамбетпен оның жолдасы қосылып, “достасады”. Бір тойда бұл Баймағанбетпен 3-і рет кездеседі, қапелімде 2 дұшпан үндемей қалады. Сонда Сатыбалды ма, біреуі Мақамбетке: “батыр таппай отырмысың, әлде батпай отырмысың, неге сөйлемейсің? - депті-мыс. Сонда Мақамбет: тілімнің ұшы екі айыр, біреуі сұлтанға тисе, екіншісі өзіме тиеді”, - деп жауап беріпті. Айт, сөйле, тисе-тисін, тесіп өтсін дегеннен кейін Мақамбет құлшынып отырып, атақты толғауының біреуін айтады. Бұл бір вариант. Атыраудағы Сүйіндік қонысының (совхозының) тұрғыны Тілекқабыл Шамшиденов өз әңгімесінде Мақамбетті Баймағанбет сұлтанға жолықтырып қасында болғандар Жұмыр Жайрауұлы мен Сасық Төлегенұлы деген Байбақты ауылының азаматтары, - дейді. Қисыны бар пікір. Өйткені, 1837-ші ж. көктемде Жұмыр, Қылыш, Сасық т.б. патша әкімшілігіне, сұлтанға наразы болып, Жайық өзені жағалауындағы қыстауын тастап, көшіп кетіп, 1838-ші ж. Исатайға қосылған. Бұдан бірінші вариант қолдан жасалғаны көрінеді. Бұл ауызекі әңгімеге ұқыпты қарап, тексеру қажеттігін көрсетеді.
Ел ішінде көтеріліске қатысқан әр ру адамдары туралы, шайқастардың болған жері, Мақамбеттің туыстары, кейбір қызметі жайлы мәліметтер де кездеседі. Бірақ бұларды жинап, жазу мәселелері әлі күнге дейін жүйелі түрде қолға алынбай келеді. Біз Мақамбет туралы мәліметтер іздеп бірнеше рет Орал облысының Орда, Жәнібек, Жаңақала, Фурманов, Казталовка т.б. аудандарында, Атырау облысының Қызылқоға, Индер, Теңіз, Мақамбет т.б. аудандарында болып, ел аузындағы әңгімелерді, шежірені біледі деген кәриялардан мәлімет жинастырдық. Өжет ақын туралы әңгімелер көп екендігіне көзіміз жетті. Біз бірақ оларды толық қамти алмадық. Қолымызға түскендерінің тарихи, әдеби қажеттілерін ғана осы еңбекке тұңғыш рет енгіздік.
Қазақ Орталық мемлекеттік архивінде Исатай мен Мақамбет бастаған шаруалар көтерілісіне қатысты араб әрпімен жазылған қазақ, ноғай тілдерінде көптеген құжаттар бар. Бірақ оларды оқитын архивте бірден-бір маман адам болмады. Ал зерттеушілер орыс тіліне шала-шарпы аударылған құжаттарды пайдаланып келеді. Сондай-ақ осы құжаттарды (білетін кәрияларға оқытып) пленкаға түсіріп, немесе фотоқағазға бастырып алайық десек архивте оған да мүмкіндік шамалы, кедергі көп. Әсіресе шаруалардың арыз, шағымдары жинақ болып басылмай келеді.
Әдебиетшілер арасынан Әнес Сарай “Исатай – Махамбет тарихы” атты көлемді еңбек жазған және оны “зерттеу” деген (12). Тарих деген ғылым, оның авторға өз талабы бар, зерттеу әдістері, жазылғанын дәлелдеу, пікірін жинақтау, тұжырымдап, қорытындылау бар. Әдебиетшілер, журналистер, өлкетанушылар бұны ескере бермейді. Тарих ғылымының ең басты талаптарын еске салып атауға мәжбүрміз: автор оқиғаны бұрмаламай, не фактіні жасырмай оқырманға адал болу (добросовестность автора), баяндау деректі болуын, яғни еңбектің ғылыми аппараты болуын қамтамасыз ету, сылдыр сөз дәлелі болмайды, оқиғаны басынан аяғына дейін бірізбен біртіндеп жазу, құжаттарды, фактілерді тексеру, қайта тексеру (проверка и перепроверка) т.б. Міне Е.Бекмаханов т.б. дамытқан. Қазақ тарих ғылымының жетістігімен авторға деген талабы осындай. Бұларды осы күні әдебиетші, кейбір тарихшы профессорлардың орындамайтыны белең алғаны өкінішті. Оны Бөкей ордасының 200 жылдығын қарсылау, Жәңгір ханды еш дерексіз дәріптеу науқаны анық көрсетті. Міне осы олқылықтар Ә.Сарайдың кітабында кеңінен орын алғаны қинайды. Автор ешбір архив дерегін пайдаланбай, өз білімділігімен жазған. Оның сөзі “құранның сөзі” емес қой! Менің “Исатай-Мақамбет” деген 12 б.п. қолжазбам автордың қолын да 1993-шіж. бірнеше ай игеруіге болатын еді. Зерттеу болғасын фактілерді, оқиғаны ғылыми сарапқа салуы тиіс еді. Ол көрінбейді. Тіпті басқа мәселеге ауысып, “Сарайшық” қаласы, Едіге т.б. жөнінде: Сарайшық маңында Едіге Тоқтамысұлы құдай – бердіден өлімші болып жеңіліп, жараланып Ұлытауға барып дүние озған, - дейді (12:42) дерегін атамайды. Араб тарихшысы Әл Айни ХҮ-ғ. Сарайшықта болып, Едігені Жайықта паршалап шауып өлтірген, - депті. (13:532) Бұл жерде Едіге, Ақназар туралы әңгіменің қажеті не? Жәңгір ханның әйелдері, балалары жөнінде ала-құла қате әңгіме көп: 1-сі Қарауыл хожаның қызы Жүсім т.б. ( :43). Жәңгір “ел тірлігін, оны орыстың ел басқару жүйесіне жақындатудың жолдарын жасады,” – дейді. (14:49) Қашан. Бұл жөнінде мысалда, деректе атамайды. 1824-ші ж. өзінде-ақ жәрмеңке ашылды. “Сауда-саттықты көбейту үшін мол қаржы жұмсады”, “…қырда пішен шауып, ағаш отырғызуды” … медресе салдыруды ашық айта бастады” - дейді автор (15:49). 1820-ші ж. губернатор Эссен П.К. Шөпшағылмен (Чанчачи), ұялыдан базар ашу туралы жарлық берген, бұларда, Жасқұста (1831ж.) сауда пунктерін салуға қаржыны Орынбор берген. Бұның бәрі белгілі жәй, оны еш дерексіз Жәңгірге телу патша авторларынан қалған. Немесе “1827-ші ж. Жәңгір Жасқұста Орда қаласын тұрғызатынын мәлімдейді”, “1820-ші ж. Кіші жүздің батыс бөлігін билеуші Шыңғали Орманов пен патша әкімшілігі арасында бір түсінбеушілік болған” Бұның бәрі қате. (51 бет) Жәңгір прогреске ұмтылды дегендей дәлілсіз мақтаған шикі мәліметтер көп, қайсы бірін айтасың. Біреудің мінін қаза беруде абырой бермейтін іс қой көптен үндемей келгем. Енді Мақамбет келбетін толық, күмәнсіз, дәлелді етіп беруіміз керек. Олай болса көптеген популистердің беті жүзіне қарауға болмайды, оқырманды шатастырмай, шынын жазайық. Жәңгір ел басқаруды финанс-сауда жүйесін т.б. өзгертті деп дәлелсіз сөзді айта беру, халық ханды түсінбеді деп басқаның жалған пікірін айту жауапсыздық қой. Халықты оқымақ, ханды ақылды ету деген сөз. Сондай-ақ Мақамбет, оның туыстары жөнінде де қателер кездеседі. 1825-1826-ші ж.ж. Тоқтамыс қайтыс болды. (101 бет)… Мақамбет Жәңгірге оппозиция топтың ықпалына ілесті. Оның басы бүлікшіл Қайыпқали Есім ұлы елі де, білдірмей қозғаушысы төренің ерқара батыры Шыман Орманұлы еді” “…Қ.Есімұлының мақсаты – елді Ішкі Ордадан көшіріп алып кетіп, өздері хан болып елді билеу еді” “Қ.Есімұлының мақсаты – елді Ішкі Ордадан көшіріп алып кетіп, өздері хан болып елді билеу еді” (102 бет) Бұл патша авторларының сөзі, Ә.Сарай тексермей отыр. Көтерілістің насихатшысы болғаны үшін Мақамбет 1829-ші ж. Калмыков түрмесіне қамалды - депті. (102-103б.б.) Ал, басқа авторлар Мақаң көтеріліске қатыспады дейді. Қайсысына сенеміз. Ә.Сарай ханның “өз халқын талауын” (Ж.Қасымбаев сөзі) әшкерелемей, сылап-сипап Жәңгірді погрессшіл еткен. Үш көтерілістің негізгі себептерін тайсақтап, аша алмаған. Тарихи оқиғаны, тұлғаны оқырман сенетіндей етіп, архив дерегіне сүйеніп жазу пайдалы. Автор көп еңбек еткен. Бірақ мәдени-ағарту, оқу орындары аңызға құрылған бұл кітапты пайдалануы қиын, жаңсақ мәлімет көп қайсы бірін тізесің.
§2. Құлмәлі әулеті
Өтеміс ұлы Мақамбет өмірі Қазақ халқының отарлық талау мен феодалдық қанаудың өршіген кезеңінде, халықтың азып-тозып трагедиялы дәуірінде өтеді. Адамның басы алланың добындай домалаған заманда тәртіп құқық туралы түсінік аяққа басылды. Орыс империя қоғамдық прогресс мәдениет орнына құлдық бұғау әкелді. Қазақ қоғамы патриархалдық құрылыстың салтынан шыға алмай ауыр күйзеліске ұшырады. Соның бірі – адамды құл есебінде сату, қолдану болады. Сондай құлдың бірі – Мақамбеттің атасы Құлманияз, не Құлмәлі. Бір аңыз бойынша Құлмәлі Беріш руының азаматы Қаразым (Хорезм) базарынан сатып алған дейді. Мақамбет өскесінде. ХІХғ. І-жартысында адамды құлдыққа сату, құл ұстау тоқтамады. Ал, Құлмәліні құл етіп жұмсамай өз баласындай ұстаған Беріштің Жайық арасының азаматы Ерназар Тұмашұлы қайырымды, 6 балалы кісі екен. 10 жасар Құлманиязды Жаубасар деген ұлына береді. Бала Құлмәліні ауылдастары жатсынбай Жаубасардың Өмірзақ деген ұлымен қатар өседі, ағайынды болады. Бұл аңыздың шындыққа қиысар жері бар. Қ.Р. ОММ-ғы қорда Өтеміс Құлмәліұлына берілген 1808ж. Қарашадағы билет – Жайықтан Нарынға өтуіне ұлықсат қағаз және келесі айда өткендердің тізімінде Өмірзақтың 4 ұлының: Бостан, Дастан, Қоштан, Байәлі есімдері Өтеміс аған, інісімен бірге жазылған (16:141). Біз сол билеттің біреуінің көшірмесін қысқартып жариялап отырмыз:
Б И Л Е Т
Предъявитель сего Меньшей Киргизкайсацкой Орды Берш-Жаикова рода и отделения старшине Утемису Колмалину на основаниее Высочайшего его Императорского величества повсясния последовавшего в 17 дня июля сего 1808г. разрешение Оренбургского военного губернатора … князя Волконского дозволено состепной на внутренную сторону Нарын пески перепустить скота собственного его с братьями девять тысячи двести голов до починенных ему сто сорок четыре двести голов при пятистах ордынцах постухах между крепости Индирской и форпоста Гребенщиково....
Азаттық үшін күрес - ұлы дүбір көтеріліске қатысқан. Оған қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтар, жіктер қатысады. Қоғамдағы аса ірі күрделі қарама-қарсылық (противостояние) Жәңгір хан мен отаршылардың өз құлқынын ойлап, бұқараны талап, тонап, жәбірлеуден туындаған. Өтемісұлы Мақамбеттің өмірі мен қызметін толығырақ, анығырақ түсіну үшін оның кей туыстарын да білуіміз керек. Ол үшін бізге Құлманияз ұрпағын түгелдей білуіміз қажет. Бұл қазіргі кезеңде қиын мәселе, Совет өкіметі кезінде ағайындарымыз ата білуден безініп, “керегі не” - деп кісімсіп біткен. Дегенмен біз іздену жұмысын өз ынтамыз, қаражатымыз бен жалғастыра бердік. Маған қысқада болса кей ата, ағаларымыз білгенін мәлімдеген. Архив мәліметіне сүйене отырып біз Қ.Р. Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасымен Ұлттық кітапхананың қолжазбалар қорларын қарадық: “Аталық”, тарихи әңгімелер, өлең іздеп Кіші жүз бен оған көрші облыстарды жөнін тауып, үзбей араладым.
Құлмәлі әулетін түгендегенде мына бір ғылым талабын ескеруіміз қажет. Бізге жазбалы шежіре (тарих деген сөз) жеткен жоқ. Біз тек аталарымыздың есімдерін әріден бері тізіп жаза береміз, қазақ оны “аталық” дейді, ал ол сол есімдерге қоса олардың кім болғанын, не істегенін, дәуірін, оқиғаларды жазса “шежіре” дейді екен. Шежіренің үзінділері сирек кездеседі. Ал біздің қолданып жүргеніміз “аталық”, ол көбіне ауызекі айтылғасын, ұмтылып шатастырыла береді. Мысалы, Әнес Сарай “Құлмәлі Ерназар, Ұлы дейді (14:83), ол оны кімнен қашан алғанын айтпаған. Енді жерлесі Жәрдем Кейкин, Жаңақала ауданының қарттары, “Құлмәлі Жаубасарұлы” дейді. Ғылымда бұндай ауызекі мәліметті жинаудың ережесі, тәртібі: Құлмәліні Ерназарұлы деп кім, қашан, айтты, айтушының жасы, руы, білімі т.б. Өйткені сауатты кісі, туысы естігенін жазып қояды, не іздеп, анықтап, жинастыра береді екен. Берқайыр ағамыз, Әнес Сарай, Отарбаев, т.б. ешбір сілтемесіз, өздері көріп келгендей жазады. Онда мәліметінің дұрыс-бұрыстығына өз ұятымен жауап береді және “менікі дұрыс” деп басқа автормен таласа алмайды. Тағы бір талап: күмәнді мәліметті, көмескі, не таласты оқиғаны жазғанда детализация, яғни кейде башайлап анықтай, дөптей баяндау қажет. Сонда ғана біз оқырманның көзін шындыққа жеткіземіз. Әйтпесе авторлар жаңсақ мәліметтен құтыла алмайды. Ә.Сарай Өтемістің әкесі Құлмәлі емес Құлманияз дей отырып, ешқандай дәлелін көрсетпеген. Қысқасы тарих ғылымы “өзім білемдікті” көтермейді. Құлмәлі әулеті, яғни аталығы жөнінде автор көп, бірақ біз сөзді алдымен Құлмәлі ұрпағына берейік. ҚР.ҒА-нда Жәрдем Кейкин деген азаматтың 1948-ші ж., яғни қарттардың соңы барда берген Өтемістің аталығы ма, Қожақметтің ұрпағы Жұмасұлтан ұлы (1860ж.ж.) кәріден (1881ж.т.) алыпты. Біз Беріш Ерназар ұрпағы Ғабдуллин Жұрқабай, Мерғалиев Төлеген, Шыбынтай Құлмәліұлының ұрпағы Көжек ұлы Шыңғыс пен Бақтыгерейұлы Біләл, Ықласты Майжан ұлы Жолжан т.б. берген жазбалы аталық мәліметтерімен танысып, салыстыра тексеріп, архив дерегіне сүйене отырып, Құлмәлі әулетін барынша толық жазуды жөн көрдік. Бұның бір қажеті – Құлмәлі әулеті кезінде бәрі делік сауатты болған, қолжазбалары болған, ол Совет өкіметі тұсында тұрмысы көбі бытырап кеткен, бір кісіге табу қиын болды. Әлі де оларда жазбалы аталық, Мақамбет шығармалары болар. Б.Бақтыгеревте болды. Ықыласұлы Жолжан Беріш екі орыс – Байбақты, Байсейіт, жеті бау дейді. Бұл дұрыс. Байсейіттен Қатас, Тілес, Қатастан Есенғұл, Жайық, соңғыдан Құттығой, Көтей, Шұбар, Бақалай, Наурыз, Дәулет дейді. Оны Шыбынтай шөбересі Майжанов Дәулеттің (1890 ж.ж.) аталығынан 1835-ші ж. көшіріпті. Бұл мәліметпен келісу қиын, Ағатайды көрсетпейді. Ғабдуллин Жұрқабай (Жалпақталда) Жайықұлы Дәулеттен Дүйсе, Қара, Тұрынтай деп өрбітіп, өзі 7-ші ұрпақ екен. Ал жерлесі Төлеген Мерғалиев өз аталарын Өмірзақ Жаубасар ұлынан өрбітеді. (8-ші ұрпақ). Сонда бұлар Ж.Ықыласов мәліметін қолдап тұр. Архивте Өмірзақ балалары Өтеміс пен бірге, жасы шамалас. Онда Құлмәлі Өмірзақпен жасы қатар. Бөкей сұлтан берген тізімде Өтеміс Құлмалин басқаруымен Өмірзақ Жаубасар ұлының 5 баласы 1808-ші ж. Қарашада Жайық өтіп Нарынға барған. Олай болса Құлмәліні Ерназарұлы деуі қате. Ерназар Тұмашұлы пейілі кең, қайрымды кісі болыпты, сол ниетіне орай ауқатты болған, Қаразымға (Хорезм) Үргеніш, Қиуадан 6 бала сатып әкеліп беріпті. Жаубасарға Құлмәліні береді. Ол Өмірзақ пен бірге өскен, балалары да бірге жүр. Құлмәліге Ерназар енші берген дейді. Қалайда Құлмәлі азып-тозбай осы ауылда өсіп, қазақ қызына үйленіп, қатардағы жанұя, шаруасы болған.
Құлмәліні біздің баспасөзде біреуі қызылбас десе, екіншісі түрікпен, үшіншісі – татар деп келдік. Ал, ақын кісі асқақтатып, әсірелеп жіберетіні белгілі – Мақамбет өз тегін Қызылбастың Нәдір шағынан дейді. Ел аузында Құлманияз қарындасы т.б. кемемен жүзіп жүргенде дауыл тұрып, апатқа ұшырап, теңіз жағасына шығарып тастаған жерде түрікпендер паналатып, екеуін сатып жіберген деп аңыздайды. Құлмәлі қарындасында мөрі т.б. бұйымдары болыпты. Нақты жазбалы дерек әзір жоқ. Орынбор архивінде Өтеміс 1816-ші жылы жазда жаламен ұсталып, тергеушіге берген жауабында: әкем түркіменнен келген, қазақ қызына үйленіп, дүниеге үшеуміз келдік деген. Мақамбет рас болса алаша руы Байбақты ауылы қызынан туған. Сонда қазақ қаны бар тамырына сіңген Беріш Жайық арысы ортасында өскесін қазақ рухы бойына енген ғой. Содан болар Мақамбетке Ағатайдың батырлығы, нағашысын Байбарақ ұранға шыққан батырдың сауытсыз жалаңаш барып, жауына шабатын өршілдігі, тапқырлығы бойына дарыған болар. Қалайда Өтеміс өз заманында өр, алғыр жігіт болып, ауыл билеп, қайрат пен жігер көрсеткені ел ішінде әлі айталады. “Өзі болған жігіттің ата тегін сұраған ит” деп Мақамбет айтқандай, бізге оның арғы тегі кім болғаны туралы әңгіме керек болғанымен өзінің ісі керек. Ол нағыз қазақ болып, ол Қазтуғандай өзі батыр, өзі ақын, өзі күйші болып өсіп, халық үшін қызмет атқарғаны қымбат. Сондықтан тегін қазбаламайық.
Енді Өтеміс және оның ұлдарын анықтауға тоқталайық.
Мақамбет бір өлеңінде.
Біз бір анадан бір едік
Бір анадан екі едік
Екеуміз жүргенде
Бір – бірімізге ес едік.
Бір анадан үш едік
Үшеуміз жүргенде Толып жатқан күш едік
Бір анадан бес едік
Бесеуміз жүргенде
Алашқа болман деуші едік, - дейді. Бұл, біз көрсеткен есеп бойынша Өтемістен он бір бала, сол он бір баласының біріне Б.Аманшин жастай өлген Әйіпті қосады. Мүмкін бұл да жөн болар. Бірақ Мақамбет одан әрі:
Өтемістен туған он едік,
Онымыз атқа мінгенде
Жер қайысқан қол едік, - деп қайталайды. Бұған
қарағанда Мақамбет Өтемістен он бала болғанын қайталап айтып тұр. Бұлар кімдер? Мақамбет өзінің бірнеше толғауларында “Өтемістен туған он едік” дегенді қайталай береді. Біздерге архивтен Бекмұхамбет, Қожахмет, Есмайыл, Сүйлеймен, Ыбырайым, Қасен есімдері көптен белгілі. Өтемістің 10 баласы туралы анық әрі толық дерек әзірге кездеспеді. Ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек әркім әр түрлі айтады, Тоқтамысты атамайды. Мысалы, Б.Аманшин Өтеміс балаларының қатарына Досмайыл, Әйіпті де қосады, (17:55) академик Қ.Жұмалиев – Иса, Уса, Мұсаны қосып, Сүлейменді атамайды. Б.Адамбаев Өтелген, Мыңбай, Оңбай, Қалдамжарды қосып, бірақ Ыбырайымды атамайды.
Бұл айтылғандардың ішінде асығыс, қате айтылғандары да жоқ емес. Мұны анықтау үшін ел ішінде сұрау жүргізілмеді. Бұл туралы қосымша дерек іздеп жүріп, біз Қазақ ССР Ғылым академиясының қолжазбалар қорынан Атырау облысының азаматы Жәрдем Кейкин берген Мақамбет тегі туралы шежірені кездестірдік. Онда Құлманияз Жаубасарұлының төрт ұлы болған делінді. Олар: Шыбынтай, Өтеміс, Айдай, Қобдабай және бұлардың ұрпақтары жазылған. Сонда Өтемістің он баласын атайды. Олардың ішінде жоғарыда біз атаған алтауының үстіне Айып, Досмайыл қосылған. Айып (Әйіп болуы да мүмкін. И.К.) жастай өлген дейді. Ал қалған екеуі кімдер?
Өтеміс балаларынан (1836-1837-ші жылдары) көтеріліске Бекмұқамбет, Мақамбет, Қожахмет, Сүлеймен, Қасен, Есмайыл, Досмайыл Ыбырайым қатысқандары архив деректерінен анықталды (17:55). Бұлардың көтеріліске қаншалықты белсенді қатысқаны туралы мәлімет өте маңызды. Архив материалдары Бекмұхамбетті көтеріліс басшыларының қатарына қосады. Ішкі тарапты бақылау тапсырылған Орал казак-орыс әскерінің Наказной Атаманы генерал-майор Покатилов хан мен сұлтандардың, офицерлер мен билердің мәліметіне сүйеніп, Орынбор соғыс губернаторына 1837-ші жылғы 25 қазанда жазған хатында Исатайдың басты “сыбайластарының” қатарына бірінші етіп Бекмұқамбетті көрсеткен. Ал, ел аузындағы дәлелденбеген сөзге сүйеніп, Қ.Жұмалиев оны ханның 12 биінің бірі, көтеріліс кезінде ханды жақтаған деген. Архивтегі материалдар мұны теріске шығарады және ол ханның 12 биінің бірі болмаған, тізімде жоқ. Бекмұхамбет Беріштің Тыныс деген шағын аулында 1824 ж. биі болған және бір неше қылмысты тергеу кезінде “депутат” (өкіл) міндетінде атқарған. Бұл қиын, қауіпті жұмыс болған. Сол секілді, Қожахмет (Ақмет) 1838-ші жылғы шілденің 12-сі күні Исатай және оның басқа да батыр жолдастарымен бірге майданда қаза тапқан… Ал, Есмайыл 25 жылға Сибирьге каторгаға айдалды дегені де қате.
Ақмет немесе (Қожақмет) шындығында 12 шілдеде 1838ж. Қиыл өзені маңындағы шайқаста патша әскерінің қолына түседі. Ол туралы жазалаушы отрядтар командирі полковник Геке мен Баймағанбет сұлтанның жазған рапорттарында шағын мәлімет бар және олар көтерілісте Ақметтің Исатаймен әуелгі бастан бірге болғанын, оның барлық істеріне белсенді қатысқанын губернаторға арнайы мәлімдеді (18:51).
Ал, Есмайыл Өтемісұлы Ригаға айдалып бара жатқанда 1838 жылы шілдеде конвойды ұрып жығып, Есмайыл Қалдыбаев, Исәлі Шонаев үшеуі қашып кеткен. Сүйлеймен Жайықтан 1837-ші жылғы желтоқсан айында Исатайлармен бірге аман-есен өткен. Бірақ 24 желтоқсанда (1837ж.). “Көкпішен” деген жерде Баймағамбет Сұлтан кісілері Исатайдың Жақия, Дінбаян деген балаларымен бірге Сүлейменді де ұстап алған. (….) Сүйлеймен тұтқыннан қашып шыққан, ал одан әрі тағдыры белгісіз, ұрпағы қазір Орал облысында, Өтемістің қалған балалары қолға түспеген. Бекмұқамбет Өтемістің қалған балалары қолға түспеген. Бекмұхамбет Өтемісұлы 1840-ші жылдары Жәңгірден қуғын көріп, жаламен Текеде 2 жылдай абақтыда жатып шыққан.
Сонымен архив мәліметі бойынша Өтемістен Тоқтамыс, Бекмұқамбет, Мақамбет, Қожахмет, Сүлеймен, Қасен, Ыбырайым, Есмайыл, Досмайыл болғандығын растап отыр. Оныншы баласы кім екендігі де келешекте анықталуы мүмкін.
Бірақ Құлмәлі ұрпағы жәйлі түсінбейтін көп мәселелер баршылық, әлі де талай ізденіс қажет. Мақамбетті осы ұрпақ өкілдері әлі де болса жақсы біледі. Өйткені, Бекмағанбет бастауымен Құлмәлі әулеті 1860-ші жылы атамекеніне жиылды. Махамбеттің рухы, алтын мұрасы, қажырлы қайсар қызметінің үні осы әулетте ұялаған секілді. Оны біз көрші Тайпақ, Дендер, Ойыл т.б. аудандарын аралағанда байқадық. Тағы да ізденейік. Мақамбет мұрасы екі ауданда ұзақ сақталып, қастерленген. Олар Батыс Қазақстанның Жаңақала, Атыраудың Қызылқоға ауданы. Тағыда көріп, білгенімді жоғарыда айтылған фактілер, мәліметтерге жалғастыра қоса баяндайық.
Ел аузынан нақтылы мәлімет таппай, тағы архив материалдарын ақтардық. Сығай сұлтанның 1822-ші жылғы мамыр айында Орынбор Шекара комиссиясына жазған қатынас қағазында Беріш руының Жайық атасының қазақтары өлген “старшина” Тоқтамыс Өтемісовтың орнына Бекмұхамбет Өтемісовті тағайындау туралы сұраған және оған старшина атағын беруді өтінген. Бұған қарағанда Тоқтамыс 1822-ші жылы қайтыс болған.
Өтеміс старшина болған, ел басқарған. 1808-ші жылы Жайықтан Ішкі тарапқа қайтып, Нарын құмының Калмыков тұсында қоныстанған. Өзі пысық, қайратты, өткір, сөзге шешен. Ел аузында ол хан, сұлтан, бай деп сескенбей сөйлейтін бір беткей адам ретінде аталады. Архив деректері бойынша Өтеміс көп кісілермен байланыс жасаған. Қашқын орыстар мен татарларды жасырған. Бөкей хан кезінде жер тапшылығын көрген. Соған байланысты айтылған Өтемістің:
“…Аспаннан құдай жаңбыр бермейді,
Қатқылдан хан қоныс бермейді,
Жайықтан казак-орыс су бермейді,
Ірге құмды Тана бермейді.
Қаратоқай пана бермейді?” - деген өлеңі бар. Бұндағы Қаратоқай – Беріш, сонда жер таласы басым болды ғой. Содан айтысып жүріп Бекетай құмы маңынан қоныс алыпты. Бірақ одан да сырғытқан. Алматы архивінде біз Өтеміс жөнінде тың мәліметтермен таныстық.
810-1816-ші жылдары арасында Ішкі тарапта ел көбейіп, қонысқа талас-тартыс күшейген. Билеуші топ көп зорлық істеген. Феодалдар өзара топқа бөлініп, тартысын тоқтатпаған. Соның бәрінің салдары Өтеміс тағдырына әсер етсе керек. Өтеміс туралы біз қосымша жаңадан бір дерек тапқанбыз. Архив мәліметтеріне қарағанда өзара барымта, ерегес нәтижесінде Ақшунас (Ақжонас) деген жер маңындағы Өтеміс ауылын 1816-ші жылы тамыз айында Беріштің ру басы Сүйінішқали деген сұлтан 45 кісімен келіп шауып кетеді. (….) Өтеміс бұл талау туралы Сығай сұлтанға, Шекара комиссиясы мен Астрахань әкімшілігіне шағым етіп, шапқыншылар оның көп дүниесін, малын алғанын мәлімдейді. Бірақ бұл шағымдардан нәтиже шықпағасын Өтеміс 1817-ші жылы жазда бір керуен мен Орынборға өзі келіп, Шекара комиссиясы мен соғыс губернаторына арыз етеді. Мұны естіген Сүйінішқали сұлтан да Орынборға барып, Сартұлы Жүз батыр бастаған би-старшиналар атынан Өтеміс үстінен үйінде барымташы қашқындарды жасырады деп шағым түсіріпті, содан Өтемісті губернатор Ордонанс-гаузға (аманат үйіне) қаматады. Іс тергеуі ұзап кетеді. Құсадан ба, әлде денсаулығы нашарлығынан ба, әйтеуір Өтеміс 1817-ші жылы 2 қараша айында Ордананнс-гаузде қаза болады. Оның артынан дау қуып 1818-ші жылғы мамырда үлкен балалары Тоқтамыс пен Бекмұхамбет келіп әкесін ақтап, сұлтандар мен билерден дүние малын өндіріп алуға бұйрық шығартып, еліне қайтады.
Мақамбеттің өскен ортасын білу үшін оның туыстарының кімдер болғанын айқындаудың мәні бар. Біз бұл үшін архив материалдарын барынша қарап жүріп, Тоқтамыс туралы да деректер тауып, кезінде оқырманды таныстырғанбыз. Әйтсе де Тоқтамыс т.б. туралы әлі де дәлелі жоқ пікір жазуда. Қайта ізденуге тура келді.
Ішкі тарапты билеп тұрған Сығай сұлтанның қағаздары ішінен 1818ж. 26 қыркүйекте Беріш руының Жайық атасында Өтеміс Құлманиязовтың орнына, оның туған үлкен баласы Тоқтамыс Құлманиязовты би етіп сайланғаны туралы шешім мен қатынас қағазы 1819-ші жылы 3 қаңтарда Орынбор Шекара комиссиясына жіберілген (18:17). Ал 1819-ші жылы тамыз айында Сығай сұлтан Орал әскерінің бір дистанция бастығына Тоқтамыс старшина болып бекітілді деп хат жазып даулы мәселелерді сол Тоқтамыспен шешуін хабарлаған (сонда). Сонымен Өтемістің үлкен ұлы Тоқтамыс болғаны құжатпен анықталады. Бұған қоса, бұрын аты ешбір тарихи еңбекте аталмаған Досмайыл туралы да архив дерегін таптық. Белгілі қаныпезер Қарауыл хожа Бабажанов өзінің Жәңгірге жазған 1837-ші жылғы 20 қыркүйектегі рапортында 1837-ші жылғы 16 қыркүйекте оның ауылын шапқан 200 кісінің ішінде Исатай, Бекмұхамбет Өтемісұлы бастаған көтерілісшілермен бірге Досмайыл, Ыбырайым Өтемісұлдарының есімдері аталады.
Сөйтіп, Мақамбет 14 жасында әкесінен айрылып, жетім қалады. Ол ағалары мен шешесі Қосуанның (архивте Қусвон деп те жазылған) тәрбиесінде болады. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда Қосуан алаша руының қызы екен, өзі қайратты өжет әйел болыпты. Балаларының тәрбиесін өз қолына алған ана, оларды адал, адамгершілігі мол, бауырмал етіп өсіреді. Қолынан келгенінше балаларын оқытады. Ол кездегі қазақ балаларын арабша, түркіше, оқытып, сауатын ашқан. Мақамбет татарша (яғни араб әрпімен) сауатты, жаза білген. Өтеміс Калмыков, Топайлы, Жаманқала, Теке секілді Жайық бойындағы қалашықтардағы татар, орыс азаматтарымен байланысы болғаны байқалады. Мүмкін жас Мақамбет архивте ақын Мақан деп те аталады, сол қалашықтардағы татар, орыс балаларымен араласуы, жалданып жұмыс істеуі мүмкін. Қалайда ол орысша сөйлеп, жаза білген. Өтеміс озық ойлы адам екен, оның куәсі – балаларын оқытқан. Ол былай болған.
1816 – 1819-ші жылдары Өтеміс жанұясы үшін қиын жылдар болды. Үйдегі бар дүниені, малды сұлтандар 1816-ші жылы тартып әкеткен. Тұрмыс жағдайы нашарлайды. Осыған байланысты бас бала Мақамбет Жайық бойындағы қалаларда жалшылықта болуы да, сөйтіп, орыс арасында жүріп өзінің зеректігі мен пысықтығы арқасында тіл үйреніп, орысша сауатын ашуы ықтимал. Мақамбетпен талай сөйлескен Орынбор Шекара комиссиясының қызметкері М.Айтов оның орыс тілін жетік білетінін айтқан.
Ақынның Жәңгір ханға айтқан алғашқы бір өлеңінде:
..Арыстан еді-ау Исатай
Нетесің тақсыр табалап,
Құрттайымда өсіп ем,
Бауырында паналап, деген жолдар бар. Бұған
қарағанда, Махамбет Исатайға бала кезінен-ақ бауыр басып, бірге жүрген болып тұр. 1816-ші жылы сұлтандардың бастауымен келіп, Өтемістің ауылын шабуға қатысқан кінәсін Исатай түсініп оның семьясына кейін қамқоршы болғаны көрінеді.
Ел аузында осы күнге дейін Исатайды бауырмал, шаруаларға қамқоршы адам деген сипаттау әлі бар. Сол қамқоршылығын ол Өтеміс жанұясына да жасаса керек. Қалайда Өтеміс ұлдары Исатайға шын берілген. Өтеміс ұрпағы түгелге жақын, 8 баласы, 1834-ші жылдан бастап 4 жыл бойы Исатайдың қасында болуы осының айғағы секілді. Әсіресе көтеріліс жеңіліп, Исатай семьясы мен туыстары қуғынға ұшырағанда Өтеміс ұлдары 1837-ші жылдың ызғарлы күзі мен 1838-ші жылдың қақыраған суығында оның қасынан қалмай, қиындықты бастарынан бірге кешті. Бұл да ертеден келе жатқан бауырластықтың белгісі.
Мақамбеттің өжет болып өсуіне, қайсар болып қалыптасуына ең алдымен Өтеміс әсер еткен. Ақын өзінің бірнеше толғауларында өз әкесін былай сипаттаған:
…Менің әкем Өтеміс,
Жауырыны жалпақ, мойны ұзын,
Атарына қолы ұзын.
Қабағын қара биік бөрік басқан,
Достарыңызбен бөлісу: |