Құқықтық түсіндіру жұмысы, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, азаматтарды құқықтық оқыту мен



Дата23.02.2016
өлшемі52 Kb.
#4035



Құқықтық түсіндіру жұмысы,

құқықтық мәдениет деңгейін арттыру,

азаматтарды құқықтық оқыту мен

тәрбиелеу жөніндегі

2009 - 2011 жылдарға арналған

бағдарламаны 2010 жыл ішінде

іске асыру барысы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 29 қарашадағы №1116 қаулысымен бекітілген Құқықтық түсіндіру жұмысы, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, азаматтарды құқықтық оқыту мен тәрбиелеу жөніндегі 2009 - 2011 жылдарға арналған бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) іске асыру барысы туралы мәселені қарап, облыс әкімдігі Қарағанды облысының атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарымен нақты құқық түсіндірушілік жұмыс жүргізілді. Жүргізілген жұмыс Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарын, 2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы құқықтық саясатының Тұжырымдамасы мен 2011-2015 жылдар кезеңіне арналған Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің Стратегиялық жоспарын іске асыру үшін бағытталды.

Бағдарламаны орындау үшін Құқықтық түсіндіру жұмысы, құқықтық мәдениетті деңгейін арттыру, азаматтарды құқықтық оқыту мен тәрбиелеу жөніндегі 2010-2011 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленіп бекітілген.

Құқықтық түсіндіру жұмысы, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, азаматтарды құқықтық оқыту мен тәрбиелеу жөніндегі 2009-2011 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Әділет департаментінің жанында құқық түсіндірушілік жұмыс бойынша Мемлекеттік органдардың заң қызметтерінің үйлестіру кеңесі (бұдан әрі – ҮК) құрылды. Оның құрамына облыстық деңгейдегі барлық мемлекеттік органдарының өкілдері кіреді. Үйлестіру кеңесінің отырыстары тоқсан сайын өткізіледі.

ҮК құрылу сәтінен бастап 3 отырыс өткізілді, олардың қарауына Теміртау қаласы, Абай, Бұқар жырау аудандары әкімдерінің, Қарағанды облысының кедендік бақылау департаментінің, Қарағанды облысы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің, Қарағанды облысының Денсаулық сақтау департаментінің, Қарағанды облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының, Қарағанды «Болашақ» университетінің және Алматы экономика және статистика академиясының «Құқықтық насихатты ұйымдастыру саласындағы жұмыс және заңнаманы түсіндіруге қатысу жағдайы туралы», «Құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқықтық оқыту және тәрбиелеудің маңызды мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара қарым-қатынас» туралы мәселелері тыңдалды.

Қазіргі уақытта мемлекет саясатының басты бағыттары бойынша құқықтық насихатты мемлекеттік органдардың жанында құрылған құқықтық білім беру мектептері (бұдан әрі – ҚББМ) жүзеге асырады. Аумақтық әділет органдарының статистикалық мәліметтеріне сәйкес, облыс аумағында 752 ҚББМ жұмыс атқарады, ондағы тыңдаушылар саны 28444 адамды құрайды.

Құқықтық насихатты ұйымдастыруды ведомствоаралық үйлестіру мақсатында Қарағанды облысы Әділет департаментінің жұмыс жоспарына сәйкес, 2010 жылдың қаңтар айы мен 2011 жылдың мамыр айлары аралығында құқықтық насихат пен құқықтық оқытуды ұйымдастыру бойынша жұмыс жағдайы 12 мемлекеттік орган мен 5 оқу орнында зерделенді. Зерделеу нәтижелері құқықтық білім беру мектептерінде сабақтың мемлекеттік мекемелердің мамандарын тарта отырып лекция-семинар түрінде жүргізілетіндігін көрсетті.

Сонымен қатар Әділет департаменті жергілікті атқарушы органдымен бірлесіп «Қазақстан-2030» Стратегиясының ұзақ мерзімді басымдықтарының, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Бағдарламаларының, Аймақтық бағдарламалар мен қолданыстағы заңнаманың негізгі ережелерін түсіндіру бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі. Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларын түсіндіруге айрықша көңіл бөлінеді.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары (бұдан әрі – ХҚКО) қызметін және мемлекеттік қызметтерді көрсету стандарттарын енгізу туралы насихаттау қызметі шараларын іске асыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ай сайын құқықтық-түсіндірмелік жұмыстары жүргізіледі. 2010 жыл ішінде мерзімдік баспасөз басылымдарында ХҚКО арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызмет тәртібі туралы, мемлекеттік қызмет стандарттарындағы өзгерістер, келешекте ХҚК-ның дамуы жайлы 154 мақала жарық көрді. ХҚКО қызметі жөніндегі ақпараттық материалдар келесі баспасөз басылымдарында: «Авиатрек», «Новый вестник», «Темиртау», «Балхашский рабочий», «Сарыарқа», «Жаңаарқа», «Сельский труженик», «Ұлытау өңірі», «Қазыналы өңір», Шарайна» және т.б. газеттерінде жарияланды. ХҚКО қызметінің өзекті сұрақтары «Радио 31», «Радио-ТERRA», «Радио-102», «Радио для всех», «Жергілікті радио» радиоларында, «Қазақстан-Қарағанды», «Дидар» теледидары арқылы кеңінен таратылды.

Медиа-құрылымдардың ақпараттық жұмысы азаматтардың құқықтық мәдениеті деңгейін көтерудің тиімді әдістерінің бірі болып табылады.

Аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарында «Советы специалиста», «Консультирует юрист», «Законность и правопорядок», «Правовой всеобуч», «Из зала суда», «Официально» арнайы айдарлары ашылды. Аталмыш айдарларда ақпараттық форматта тұрғындардың құқықтық сана-сезімін жоғарылату, қылмыстың деңгейін төмендету, сот отырыстарының барысы мен қорытындылары бойынша құқыққорғау, мемлекеттік органдардың атқаратын іс-шаралары туралы материалдар жарияланады.

Баспа басылымдарында ұдайы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына енгізілген өзгерістерге түсініктеме беріледі, атқарушы билік органдарының нормативтік-құқықтық актілері, барлық деңгейдегі мәслихаттардың шешімдері жарияланады. Облыстық баспасөз басылымдарында тұрақты кеңес беруші айдарлар ашылған. Оларда құқықтық сипаттағы сұрақ-жауаптар орналастырылады, мысалы «Вестник Фемиды», «Арна-Қарағанды» газеттерінің беттерінде «Әділет кеңес береді» және «Сіз сұрайсыз-біз жауап береміз» аты тұрақты айдарлар жұмыс жасайды.

Облыстың электрондық БАҚ-тарында «Заң және заман», «Закон и время», «Ел мүддесі», «В интересах людей», («Қазақстан-Қарағанды» ТА) «Принцип законности» («Первый Карагандинский» ТА), «Человек и закон», «Адам және Заң» (Жезқазған қ.) «Дидар» ТА), «Заң» (Теміртау қ.) «Сфера» ТА) және т.б. бағдарламалары көрсетіледі. Бағдарламалардың мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауатын көтеру, мемлекеттік органдардың қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен, адам саудасымен күресу бойынша атқаратын қызметтерін жариялау болып табылады.

Аймақтық телеарналар эфирлерінде ұлттық заңнамалардың сақталуын насихаттау жөніндегі әлеуметтік бейнероликтерді көрсету ұйымдастырылады.

Тұрғындардың білікті заңгерлік көмекке қолжетімділігін кеңейту, құқықтық түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында қаланың жарық-диодтық экрандарында, облыстық және аймақтық телеарналар эфирлерінде республикалық Құқықтық ақпараттық қызметтің жұмысы туралы бейнеролик көрсетіледі.

2010 жылы баспа және электрондық бұқаралық ақпарат құралдарында аталмыш тақырып бойынша барлығы 600-ге тарта материал жарияланды.

Бұдан басқа, бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты негізде облыстың мемлекеттік органдарының басшылары мен мамандарының сөз сөйлеулері ұйымдастырылады.

Құқықтық түсіндіру жұмыстары үдерісін жетілдіру, маңызды құқықтық ақпаратты тарату және алу, облыс әкімдігінің ресми Web-сайтында ақпаратқа жүгіну мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында «Сұрақ-жауап» тақырыптық тарауы жұмыс істейді, сол сияқты әкімнің блогы ашылған. Келіп түскен сауалдар қолданыстағы заңнамаға сәйкес қарастырылады және жауаптар олардың түсуіне қарай орналастырылады. Сайттың жұмысын жетілдіру және тиімділігін арттыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізіледі. Бұған қоса, тұрғындар арасында әртүрлі тақырыпта, соның ішінде азаматтардың құқықтық мәдениеті деңгейін арттыру мәселелері бойынша онлайн-сауалнама жүргізіледі.

Жасөспірімдердің қолданыстағы заңнаманы білмеуінен немесе әлсіз білуі салдарынан жасалатын құқық бұзушылықтарының алдын алу мақсатында құқық түсіндірушілік жұмыс жүргізу кезінде жасөспірімдердің құқықтық тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 04 желтоқсандағы №2010 Қаулысымен бекітілген, 2007-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» атты бағдарламаны жүзеге асыру бойынша 2010-2011 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын орындау үшін балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелерін реттейтін қолданыстағы заңнаманың негізгі ережелерін түсіндіру бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі. Бұл бағыттағы құқық түсіндіру жұмысы дәрістер, семинарлар және интерактивті сабақтар түрінде жүргізіледі.

2010 жылдың 21 мамырында Әділет департаментімен Қарағанды қаласының білім бөлімінің қолдауымен Қарағанды қаласының №39 мектеп-лицейінің базасында Қарағанды облысының 59 мектебінің қосылуымен, Әділет департаментінің барлық бөлім бастықтары қатысып, мектеп оқушылары мен оқытушыларына жеке куәлік алу және азаматтарды, азаматтық хал-актілерін тіркеу, оның ішінде тегін, атын және әкесінің атын өзгерту, құқық бұзғаны үшін жасөспірімдердің жауаптылығы және мүлікті иеліктен айыру кезінде жасөспірімдердің құқықтарының сақталуы мәселелері бойынша түсініктемелер мен кеңестер берілді.

2010 жыл ішінде бұл бағыт бойынша барлығы 221 дәріс пен семинар, 6 дөңгелек үстел өткізіліп, теледидарда және радиода 13 сөз сөйлеу ұйымдастырылды.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес Қарағанды облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Құқықтық түсіндіру жұмысы, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, азаматтарды құқықтық оқыту мен тәрбиелеу жөніндегі 2009 - 2011 жылдарға арналған бағдарламасын 2010 жыл ішінде іске асыру барысы туралы ақпарат назарға алынсын.

2. Облыстық басқармалардың бастықтары, қалалар мен аудандар әкімдері Құқықтық түсіндіру жұмысы, құқықтық мәдениетті деңгейін арттыру, азаматтарды құқықтық оқыту мен тәрбиелеу жөніндегі 2010-2011 жылдарға арналған іс-шаралар Жоспарын іске асыру барысын әкімдіктердің отырыстарында қарастырсын. Ақпарат 2011 жылдың 1 желтоқсанына дейін облыс әкімі аппаратына жолдансын.

3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің аппарат басшысы Қ.О.Мұқатовқа жүктелсін.

Қарағанды облысының әкімі С. Ахметов

орн.: Әйешов Б.Ғ.



тел.: 42-10-99



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет