Қызметкерлерінің корпоративтік мәдениеті кодексі туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының 2006 жылғы 27 маусымдағы №161 бұйрығы



жүктеу 127.26 Kb.
Дата09.06.2016
өлшемі127.26 Kb.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі

қызметкерлерінің корпоративтік мәдениеті кодексі туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының

2006 жылғы 27 маусымдағы № 161 бұйрығы

Ұлттық Банктің мерейін қолдауға көмектесу және Ұлттық Банк қызметкерлерінің үйлесімді әрі тиімді қызметі үшін бірыңғай адамгершілік-құқықтық негіз қалыптастыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Корпоративтік мәдениет кодексі (бұдан әрі - Кодекс) бекітілсін.

2. Қызметкерлермен жұмыс жүргізу департаменті (Бәдірленова Ж.Р.) осы бұйрықты Ұлттық Банк орталық аппаратының бөлімшелеріне, филиалдарына және Ресей Федерациясындағы өкілдігіне жіберсін.

3. Ұлттық Банктің орталық аппараты бөлімшелерінің, филиалдарының және Ресей Федерациясындағы өкілдігінің басшылары Кодексті сенім білдірілген бөлімшелерге жіберсін және Кодекс нормаларының сақталуын қамтамасыз етсін.

4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Б.Ш. Тәжіяқовқа жүктелсін.



Қазақстан Республикасы

Ұлттық Банкінің
Төрағасы

Қазақстан Республикасының

Ұлттық Банкі

Төрағасының

2006 жылғы 27 маусымдағы

№ 161 бұйрығымен    

бекiтілген



Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қызметкерлерінің

корпоративтік мәдениеті кодексі
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қызметкерлерінің корпоративтік мәдениеті кодексі (бұдан әрі – Кодекс) корпоративтік мәдениетті, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде (бұдан әрі - Ұлттық Банк) қалыптасқан дәстүрлерді, Ұлттық Банк қызметкерлерінің моральдық-адамгершілік бет-бейнесін қалыптастыратын мінез-құлық ережелерін, іскерлік қасиеттерді қолдауға және тәрбиелеуге бағытталған. Кодекс Ұлттық Банктің мерейін қолдауға және Ұлттық Банк қызметкерлерінің келісілген әрі тиімді қызметі үшін бірыңғай адамгершілік-құқықтық негіз қалыптастыруға көмектесуге үндейді.

2. Осы Кодекс Қазақстан Республикасының заңнамасына, іскерлік мәдениеттің жалпы қалыптасқан ережелеріне, сондай-ақ Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзірленді.

3. Осы Кодекстің реттеу объектісі Ұлттық Банк қызметкерлерінің өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі мінез-құлқы, жұртшылықпен және сыртқы ұйымдармен жұмыс жасаған кездегі қызметкерлердің өзара қарым-қатынасы, сондай-ақ Ұлттық Банктің мүлкін пайдалану, ақпарат беру мәселелері және корпоративтік мәдениеттің басқа да аспектілері болып табылады.

4. Кодекстің нормаларын сақтау атқаратын қызметіне қарамастан, Ұлттық Банктің барлық қызметкерлерінің міндеті болып табылады.


2-тарау. Корпоративтік құндылықтар
5. Корпоративтік құндылықтар корпоративтік мәдениеттің негізі болып табылады, қызметкерлердің көзқарастары мен іс-әрекеттерінің бірлігін қалыптастырады, ұйымның мақсаттарына тиімді жолмен жетуге ықпал етеді. Негізгі корпоративтік құндылықтарға мыналар жатады:

1) көзқарастардың, қағидаттардың бірлігіне, өзінің адами әлуетін және Ұлттық Банктің ортақ мақсаттарына қол жеткізу үшін командалық рухты және өзара іс-әрекетті дамыту үшін ұмтылуға негізделген ұжымның ұйымшылдығы;



2) өз міндеттерін орындауға деген жауапкершілік және адал көзқарас, Ұлттық Банкке және оның қызметкерлеріне қатысты жауапкершілік, қойылған міндеттерді сапалы және уақтылы орындау, кәсіби деңгейін жетілдіру;

3) белсенді және бастаманы бар ықыласымен өз қолына алатын, өзінің қызмет саласын дамытатын қызметкерлердің бастамашылығы;

4) Ұлттық Банктің тарихы мен дәстүрлерін құрметтеу, Ұлттық Банк басшыларының және өз әріптестерінің бастамаларын қолдау;

5) мемлекеттік тілді құрметтеу, мемлекеттік тілдің іскерлік қарым-қатынастағы, іс қағаздарын жүргізудегі, Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерін әзірлеген және қабылдаған кездегі жұмысын қамтамасыз ету;

6) жоғары этикалық стандарттарды сақтау, басқалардың пікірін сыйлау және проблемаларды шыдаммен, ашық және ізгі ниетпен талқылау;

7) командалық рух, өндірістік міндеттерді бірлесіп шешу;

8) салауатты өмір салты, Ұлттық Банк өткізетін мәдени және спорттық іс-шараларға белсенді түрде қатысу.
3-тарау. Қызметтік мінез-құлық этикасы
6. Ұлттық Банк қызметкерлерінің қызметтік этикасы патриотизмге, гуманизмге, өз парызын сезінуге және тапсырылған іске деген жауапкершілікке, заңдылық қағидатын сақтауға негізделеді. Қызметтік мінез-құлықтың негізгі нормалары адалдық, парасаттылық, тәртіптілік, адал ниеттілік, ұқыптылық, қарапайымдылық және сыпайылық болып табылады.

7. Іскерлік этиканың жоғары стандарттарын сақтау және Ұлттық Банктің беделін қолдау – барлық қызметкерлердің негізгі міндеттерінің бірі. Қызметкерлердің іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының және Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілеріне және осы Кодекстің этикалық қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

8. Қызметкер лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес тек қана өз құзыреті шегінде шешім қабылдауға міндетті, мәселе оның құзыретінен асып кеткен жағдайда, қызметкер тікелей басшымен сөйлесуі тиіс. Кез келген түрдегі хат-хабар алмасу (сұрауларға жауап, ақыл-кеңестер және ұсыныстар) қарастырылып отырған мәселе және осы мәселе бойынша қолда бар барлық деректер мұқият талданғаннан кейін тек бөлімше басшысының келісімімен ғана жүргізіледі.

9. Мүдделер қайшылығы – қызметкер өз міндеттерін орындау шегінде қызметкердің, оның туысының жеке басына немесе материалдық мүддесіне әсерін тигізетін немесе әсерін тигізуі ықтимал және Ұлттық Банктің мүддесіне қатысы бар немесе қатысы болуы ықтимал шешімдерді қабылдауға, шешім қабылдауға қатысуға немесе оның қызметімен байланысы бар басқа да іс-әрекетті жүзеге асыруға тиіс болатын жағдай.

Мүдделер қайшылығы туындаған жағдайда, қызметкер ол туралы тікелей басшысына хабарлауға, атап айтқанда, мәселенің не жайында екені туралы түсіндіруге және осы мүдделерге қатысы бар мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға қатысудан қалыс қалуға міндетті.

Қызметкерлердің туыстық немесе жеке қарым-қатынастары өздерінің қызметтік міндеттерін орындауға немесе қабылданатын шешімдерге әсерін тигізбеуі тиіс.

10. Қызметкерлерге өздерінің лауазымдық функцияларын орындауға байланысты жеке немесе заңды тұлғалардан, ілтипат білдіру белгісі немесе кіші-гірім кәдесыйлар ретіндегіні қоспағанда, сыйлықтар немесе олардың қызмет көрсетуін қабылдауға тыйым салынады.

Егер кімде-кім қызметкердің лауазымдық міндеттеріне байланысты әрекеттер жасауына не әрекет жасамауына ықпал ету құралы ретінде пайдаланылуы ықтимал ілтипат білдіруге немесе қызмет көрсетуге тырысса, қызметкер келесі жұмыс күнінен кешіктірмей, бұл жөнінде тікелей басшысына хабарлауға тиіс.

11. Қызметкерлердің қызметтік іс-әрекеттерінде пайдаланатын материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын және Ұлттық Банктің өзге де мүлкін қызметтік емес мақсаттарда пайдалануға құқығы жоқ.

12. Қызметкерлер қызметтік ақпаратты пайдакүнемдік немесе жеке басының өзге де мақсаттарына пайдалануға жол бермеуі тиіс.

13. Қызметкерлер Ұлттық Банк жүйесіндегі таратылуы шектеулі құпия және құпия емес мәліметтері және конфиденциалды ақпараты бар құжаттарды, басылымдарды және істерді есепке алуды, айналысқа жіберуді және сақтауды реттейтін нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтауға міндетті.

14. Ұлттық Банктің мемлекеттік қызметші болып табылатын қызметкерлері мемлекеттік қызметте болуына байланысты Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңдарында белгіленген шектеулерді қабылдауға міндетті.


4-тарау. Іскерлік мінез-құлық ережелері
15. Ортақ нәтижелерге жету үшін тиімді іскерлік ынтымақтастық командалық жұмыстағы табыстың маңызды шарты болып табылады. Қызметкерлердің өзара ізгі ниетті қарым-қатынасы құпталады және ұжымдағы жағымды әлеуметтік-психологиялық ахуалға қолдау көрсетіледі. Келіспеушіліктерді немесе даулы мәселелерді шешу тікелей басшының көмегімен жүзеге асырылады. Қандай да болмасын келіспеушілікті үшінші тұлғалардың пайдалануына жол бермеген жөн.

16. Қызметкерлер басқа бөлімшелердің қызметкерлері атқаратын жұмыстың Ұлттық Банктің ортақ мақсаттарына бағынатыны және оған құрметпен қарап, қадір-қасиеті бойынша бағалау керек екені жөнінде өзара сыйластық, түсіністік қағидатын ұстануға тиіс.

17. Іскерлік мінез-құлық мыналарды:

1) міндеттілікті және жинақылықты;

2) әріптестеріне құрметпен қарауды;

3) субординацияны сақтауды;

3) жалған сөзді құптамауды, олардың таралуына себепші болмауды;

4) әріптестеріне көмек көрсетуді, білімі мен тәжірибесін беруді;

5) теріс мінез-құлық (әрекет) көрсеткен жағдайда, міндетті түрде кешірім сұрауды;

6) басқа қызметкерлердің көзінше әріптесін, қарамағындағы адамды, басшыны сынамауды;

7) тікелей басшыға жұмыс орнында ұзақ уақыт болмайтыны туралы хабардар етуді көздейді;

мыналарға:

1) балағат сөздерге, ұстамсыздық көрсетуге, ашуға бой алдыруға және агрессияға;

2) әріптестерінің сыртынан оның жеке басының немесе кәсіби қасиеттері туралы талқылауға;

3) жұмыс уақытында қызметтік міндеттерін орындауға қатысы жоқ істермен шұғылдануға,

4) ұжымда келіспеушілікке және түсініспеушілікке себепші болуға тыйым салуды көздейді.


5-тарау. Басшылардың іскерлік мінез-құлық ережелері
18. Басшылар мен қарамағындағы қызметкерлер арасында сындарлы кәсіби қарым-қатынас орнату күнделікті тиімді жұмыс үшін аса қажет. Басшы қызметкерлерге сыпайылық, әдепті қарым-қатынас танытуы тиіс. Өзара іс-әрекет әрбір қызметкердің ар-ұжданы мен абыройын құрметтеу негізінде құрылуы тиіс.

Басшылар қарамағындағылардың міндеттері мен қызметтік өкілеттіктерінің ауқымын олар атқаратын қызметке сәйкес белгілеуі тиіс.

19. Басшылардың іскерлік мінез-құлқының нормалары мен ережелері мыналарды:

1) қызметтік этика және іскерлік мінез-құлықтың нормалары мен ережелерін меңгеруді;

2) әділеттілікті, қызметкерлердің еңбегін объективті бағалауды;

3) әріптестердің және қарамағындағылардың қоғамдық (ұжымдық) пікірін құрметтеуді;

4) ұжымдағы жағымды әлеуметтік-психологиялық ахуалды қолдауды;

5) өзіне жоғары адамгершілік қасиеттер тәрбиелеуді және оларды күнделікті жұмыста пайдалануды, қарым-қатынастағы сыпайыгершілікті, шиеленісті жағдайларда этикалық мінез-құлықты;

6) қарамағындағылармен сенімгерлік қарым-қатынас орнатуды, оларда өзінің пікірлестерін көруге ұмтылушылықты;

7) қарым-қатынаста жайдары болуды және өзіне-өзі сын көзбен қарауды;

8) қарамағындағы қызметкерлердің бастамасын дамытуды, инновацияларды жүзеге асыруды қолдауды;

9) жас мамандарға және жаңа қызметкерлерге кәсіби қалыптасуында тәлімгер болуды, көмек көрсетуді;

10) қарамағындағылардың алдында өзінің қателерін мойындауды және өзінің атына айтылған сындарлы сын үшін оларды қудаламауды;

11) іскерлік талап қоюды көздейді;

мыналарға :

1) билікті асыра пайдалануға;

2) қарамағындағылармен және әріптестермен қарым-қатынаста дөрекілікке, тұрпайылыққа және әділетсіздікке;

3) қызметкерлердің еңбегін объективті емес бағалауға;

4) туындаған проблемаларды жою жөнінде олармен алдын ала жұмыс жүргізбейінше, лауазымы жоғары басшыларға әріптестерінің және қарамағындағылардың үстінен шағым жасауға;

5) жеке басының проблемаларын өндірістік қарым-қатынастарға көшіруге тыйым салуды көздейді.


6-тарау. Жұртшылықпен, БҚА-мен, сыртқы ұйымдармен өзара іс-әрекет
20. Қызметкерлер өзінің мінез-құлқының Ұлттық Банктің абыройына тигізетін әсерін түйсінуі тиіс. Қызметкерлер сыртқы аудиторияға бағытталған кез келген қызметте лауазымдық міндеттерін орындаған кезде Ұлттық Банктің беделіне зиян келтіруі мүмкін іс-әрекеттер жасауға жол бермеуі тиіс.

21. Жұртшылықпен және БҚА-мен өзара іс-әрекет Ұлттық Банктің қызметі туралы жағымды қоғамдық пікір қалыптастыруға көмегін тигізуге тиіс. Іс-әрекеттердің үйлесімін қамтамасыз ету мақсатында, БҚА-мен өзара іс-әрекет орталық аппаратта Ұлттық Банк басшылығының қызметін қамтамасыз ету бөлімшесінің келісімі бойынша, филиалдарда филиал басшысының келісімі бойынша жүргізіледі.

22. Құқық қорғау және Ұлттық Банк құзыретінің мәселелеріне қатысты өзге де орга­ндардың сұратулары бойынша ақпарат (құжаттар) ұсыну тәртібі Ұлттық Банктің тиісті нормативтік құқықтық актілері шеңберінде жүзеге асырылады.

23. Мемлекеттік ұйымдардың және басқа да заңды тұлғалардың өкілдерімен іскерлік қарым-қатынас барысында, азаматтар өтінішпен хабарласқан кезде қызметкерлер:

1) ешкімді алаламай, бәріне бірдей құрметпен қарауға, кез келген келушімен өзін ізгі ниетте және инабатты ұстауға;

2) ұстамдылық және әдептілік көрсетуге;

әріптестеріне және Ұлттық Банкке қатысты әрдайым құрмет білдіре сөйлеуге, Ұлттық Банктің беделін көтеру сияқты іскерлік мінез-құлық нормалары мен ережелерін ұстануға міндетті.
7-тарау. Саяси қызмет
24. Мемлекеттік мекеме ретінде Ұлтық Банкте қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар құруға рұқсат етілмейді. Қызметкерлер өз міндеттерін орындау кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын басшылыққа алады және саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің және олардың органдарының шешімдеріне тәуелді емес.

25. Саяси партиялардың қызметіне қатысқан қызметкерлер Ұлттық Банктің өкілдері ретінде емес, жеке адам ретінде ғана іс-әрекет жасайды. Қызметкерлердің қолданылып жүрген заңнамаға қайшы келмейтін саяси қызметі еңбекақы деңгейіне немесе мансабының өсу мүмкіндігіне әсер ете алмайды.


8-тарау. Жиналыстар және кеңестер өткізу
26. Жиналыстар және кеңестер өткізген кезде қызметкерлер іскерлік этикеттің мынадай ережелерін басшылыққа алуға міндетті:

1) жиналысқа уақытында келу;

2) күн тәртібімен алдын ала танысу және барлық қажетті материалдарды, күнібұрын дайындалған сұрақтарды немесе түсіндірмелерді өзімен бірге алып келу;

3) жиналыс немесе кеңес басталар алдында телекоммуникациялық байланыс құралдарын ажырату;

4) сөйлеуге қанша уақыт берілгенін күнібұрын анықтау, сөйлейтін сөзін өзінен кейін сөйлейтіндердің уақытын қысқарту есебінен ұзартпау.
9-тарау. Телефон арқылы қарым-қатынас жасау
27. Қызметкерлер телефон арқылы қарым-қатынас жасаған кезде іскерлік этикеттің мынадай нормалары мен ережелерін басшылыққа алуға міндетті:

1) келіп түскен қоңырауларға:

- телефон қоңырауына жауап бере отырып, сыпайы амандасуы, бөлімшенің атын атауы керек;

- сөйлеушіні мұқият тыңдау керек;

- егер осы сәтте орнында жоқ әріптесіне қоңырау соғылса, оны табуға көмектесу немесе оған арналған хабарды қабылдау керек;

- егер қоңырау шалған адам нөмірді дұрыс термесе, сыпайы түрде қайта теруін сұраған жөн.

2) шығатын қоңырауларға:

- сыпайы амандасу керек, бөлімшенің атын, өзінің аты-жөнін, қоңырау шалғандағы мақсатын айту керек;

- автожауап берушіде хабар қалдырып, қоңырау шалған күнді, уақытты, өзінің атын, содан соң қоңырау шалу мақсатын қысқаша баяндауы керек;

- керек адамын орнынан таппаса, қашан қайтадан телефон шалған ыңғайлы болатынын сұрағаны немесе өзінің аты-жөнін және телефон нөмірін қалдырғаны жөн;

- телефон арқылы әңгімені, әдетте, қоңырау шалған адам тоқтатқаны жөн;

- егер әңгіме барысында байланыс үзіліп кетсе, қоңырау шалған адам қайталап қоңырау шалғаны жөн.


10-тарау. Интернет желісіндегі жұмыс
28. Интернет желісіндегі жұмыс тәртібі Ұлттық Банктегі Интернет ғаламдық желісінің ресурстарына кіруді және пайдалануды ұсыну мәселелерін реттейтін Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

29. Интернет құралдарын және электрондық почтаны қызметкерлердің қызметтік емес мақсаттарда пайдалануға құқығы жоқ.


11-тарау. Қызметкерлердің сыртқы келбеті, киім кию мәдениеті
30. Сыртқы келбеттің жағымды іскерлік бет-бейнені қолдаудағы маңызы зор.

31. Қызметкерлер өзінің киім киісінде консерватизммен, қолайлылығымен, тазалығымен, талғампаздығымен және шектен тыс болмауымен (киімнің түсі және пішімі, бижутерия, макияж, шаш баптауы) сипатталатын қатаң іскерлік стильді ұстануға тырысуға міндетті.

32. Ұлттық Банктің үй-жайларында жұмыс уақытында қызметкерлердің қызметтік функцияларына байланысты арнайы киім кию қажеттігін қоспағанда, еркін, спорттық стильдегі киіммен: джинсимен, шортымен, сарафанмен, топикпен, өңірі өте ашық киіммен, «мини» көйлекпен және юбкамен жүрмеу керек және т.б.

Кең пішілген киім кию қызметкердің физиологиялық жағдайына (жүктілік жағдайы, жарақаттанудан кейінгі жай-күйі) байланысты рұқсат етіледі.

33. Күзгі-көктемгі және қысқы кезеңдерде аяқ киімді ауыстырған жөн болады. Спорттық аяқ киім, сандалет, сандал, тапочка киюге тыйым салынады.
12-тарау. Жұмыс орны
34. Жұмыс орнындағы тәртіп, тазалық, ұқыптылық Ұлттық Банк қызметкерінің бет-бейнесін құрайды. Әрбір қызметкер өзінің жұмыс орнында тазалық пен тәртіпті ұстануы және кабинетінде, Ұлттық Банктің үй-жайында тәртіп сақтауы керек.

35. Жұмыс орнында компьютерде және өзге де ойындар ойнауға және қызметтік мәселелермен байланысы жоқ бөгде істермен айналысуға тыйым салынады.

36. Жұмыс үстелінде кәсіби сипаттағы басылымдардан басқа журналдар, газеттер, және қызметтік іс-әрекетіне қатысы жоқ басқа да заттар болмауы тиіс.

37. Құпиялылық грифі бар құжаттар қызметкердің жұмыс орнында және бөтен адамдардың қолы жететін жерлерде жатпауы тиіс.

38. Сырттан келген бөгде адамдар кабинете жалғыз қалатын жағдайлар болмауы тиіс. Келуші арнайы келген қызметкер болмаған кезде, келушінің проб­лемасын кімнің шешетінін нақты түсіндіріп, оны ізетпен шығарып салған жөн.
13-тарау. Жұмыс орнында шылым шегу және ішімдік пайдалану
39. Жұмыс орнында шылым шегуге және алкогольді ішімдікті пайдалануға тыйым салынады. Шылымды арнайы бөлінген орындарда ғана шегуге болады.

14-тарау. Корпоративтік іс-шаралар

40. Ұлттық Банкте тәрбиеге және ұжымның моральдық-психологиялық рухын қолдауға бағытталған корпоративтік іс-шаралар өтізіледі.

41. Ұлттық Банк қызметкерлердің қоғамдық өмірдегі бастамашылығын, жеке өзінің қатысуымен корпоративтік іс-шараларды өткізуді қолдауын құптайды.



42. Қызметкерлер корпоративтік іс-шараларды өткізу кезінде қалыптасқан этикет ережелерін сақтауға міндетті.

43. Қызметкерлер Ұлттық Банктің беделіне өз мінез-құлқының қалай ықпал ететінін түйсінуі және Ұлттық Банк қызметкеріне лайықты емес іс-әрекеттерден аулақ болғаны жөн.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет