Шағын жинақты бастауыш мектепте сабақты ұйымдастыру
Екі сыныппен жүргізілетін жұмыстың сапалы болуы үшін күнұзаққа жүргізілетін жұмыстың дұрыс ұйымдастырылуының да шешуші маңызы бар. Кейбір мұғалімдер екі сыныпты бір мезгілде оқытудан қашып, сабақты екіге бөліп жүргізеді. Бұлай жасауға үзілді-кесілді қарсы болу керек.
Мұғалім күніне сегіз сағат жұмыс істейтін болса, онда ақырғы сабақтарда мұғалім жұмысының сапасы төмендейтіндігі сөзсіз, сабақты бұлай етіп жүргізу көбінесе сабақтың жетілік сағат санын азайтуға әкеліп соғады. Сонымен бірге, ауылдық жерлерде сабақты екіге бөліп жүргізу кейде мектепке 2-3 км қашықтықтан келетін балалар үшін бірқатар қолайсыздық туғызады.
Шағын жинақты бастауыш мектептің оқу-тәрбие ісінде уақытты дұрыс пайдалану − ең маңызды мәселелердің бірі. Уақытты дұрыс пайдалану үшін, мұғалім ең алдымен, орындалатын жұмыс түрлерін: мазмұндама, шығарма жоспарын, қазақ тілі, дүниетану, орыс тілі, сурет, еңбек сабағына керекті сызбалар, лото, түрлі-түсті суреттер сериясын күні бұрын даярлап алудан бастайды. Бұл жерде уақытты үнемдеудің оқушылардың сабаққа деген ынтасына да елеулі ықпалы барын ескерген жөн. Мысалы, балалар бірден жұмысқа кірісіп кету үшін 5-10 минут шамасында тапсырма берілді. Бұл кезде басқа сынып оқушылары өздігінен орындайтын жұмыстармен айналысады. Ал өздігінен орындалатын тапсырманың мақсаты айқын болуы тиіс. Екі немесе үш сыныппен өткізілетін сабақты ұйымдастырғанда оқушының білімін бағалау, жеке жұмыс жүргізу, тапсырманы өздігінен қалай орындағандықтарын бақылап, жұмыстарын тексеріп отыру да педагогикалық шеберлікті, жете мән беруді талап етеді. Яғни, 45 минуттық бір сабақтың ішінде шағын жинақты мектеп мұғалімі 3, тіпті кейде 4 сабақты өткізіп, 3 не 4-сынып оқушыларын қатар оқытуға әрі әрбір «кіші сабақтың» білімділік, тәрбиелік, дамытушылық мақсаттарының орындалуын қадағалауға мәжбүр болады. Осыған орай сабақтың құрылымы да өзгереді. Бүгінгі күнге дейін сабақтың екі кезеңі анықталған болатын: мұғалім басшылығымен жұмыс және өздігінен орындалатын жұмыс. Бұл екі кезең «үлкен сабақтың» өн бойында бірнеше рет қайталанып отырады. Енді осы сабақтардың ұйымдастыру барысына тоқталайық: ортақ тақырыптық қағиданы ұстанғандықтан белгілі бір тақырыпты барлық сыныпқа бір мезгілде өткізуге болады. Ал, жаңа сабаққа байланысты жаттығулар мен тапсырмаларды жас ерекшеліктеріне қарай әрбір сыныпқа лайықтап, саралап, әрқайсысына жеке орындатуға болады. Мұнда сабақ екі кезеңнен: біріктірілген (ортақ) бөлімнен және сараланған (дифференцияланған) бөлімнен тұрады. Енді осы екі жағдайды салыстырайық:
2-сынып
|
3-сынып
|
4-сынып
|
М
|
Ө
|
Ө
|
Ө
|
М
|
Ө
|
Ө
|
Ө
|
М
|
(М − мұғалім басшылығымен орындалатын жұмыс, Ө − өздігінен орындалатын жұмыс).
2-сынып
|
3-сынып
|
4-сынып
|
Біріктірілген (ортақ) бөлім
( жаңа тақырыпты түсіндіру кезеңі)
|
Сараланған бөлім
(жаттықтыру кезеңі)
|
Біріктірілген (ортақ) бөлім
(бекіту кезеңі)
|
Көріп отырғанымыздай, бірінші жағдайда жаңа тақырыпты түсіндіру 4-сыныпта сабақтың ең соңына түсуі мүмкін. Ал психологиялық еңбектердн бастауыш сынып оқушыларының жаңа материалды шамамен сабақтың алғашқы 10-15 минутында ғана жақсы қабылдайтыны туралы пікірлерді кездестіреміз. Сондықтан сабақты бұл жолмен жоспарлау көп қиындық туғызатыны сөзсіз.
Екінші жағдайға келсек, мазмұны, идеясы жақын тақырыптарды алдын-ала іріктеп, оны барлық сыныпта бір мезгілде өту барысында мұғалім жаңа материал жайлы кіріспе әңгімесін, тіпті материалдың өзін барлығына бірдей түсіндіре алады және оқушыларды қатыстыра отырып, сұрай алады.
Мұғалім бір сыныпта сабақты түсіндірген кезде, екінші бір сыныптың балалары мұғалім басшылығымен жүргізілетін жұмысқа өз бетімен әзірленеді. Төменгі сыныпта да, жоғары сыныптарда да жаңа материалды түсіндіру балаларға өздігінен істейтін жұмыстарды тапсырумен аяқталады. Балалар өздігінен істейтін жұмыстарды, алдымен мұғалімнің жетекшілігімен орындайды. Бұл үшін жаңа сабақты түсіндіруге арналған уақыттың бірнеше минуты бөлінеді. Содан кейін балалар өздігінен жұмыс істеуге көшеді. Олар уақытқа байланысты тапсырманың біразын сыныпта орындайды, біразын үйде орындайды. Мұғалім сабақтың екінші жартысында жаңа материалды түсіндірген сыныптың балалары сыныпта өздігінен орындайтын жұмыстың аз ғана бөлігін орындайды − жұмысты сыныпта бастап, үйде аяқтайды.
Бір сыныпта жаңа материалды түсіндіру, ал екінші сыныпта өткенді пысықтау немесе қайталау, оқушылардың білімін есепке алу сабағын жоспарлағанда жұмыстың барысы жаңа материалдың қай сыныпта түсіндірілетініне қарай анықталады. Мәселен, егер мұғалім жаңа материалды жоғары сыныпта түсіндіретін болса, сабақтың жоспары, шамамен айтқанда, мынадай болып құрылуы мүмкін:
Төменгі сынып
|
Жоғары сынып
|
1. Мұғалімнің басшылығымен істелетін жұмыс. Үйге берілген тапсырманы тексеру; өткенді пысықтау мақсатымен балалардың өздігінен орындауы үшін тапсырма беру − 10 мин.
|
1. Балалардың өздігінен істейтін жұмыстары. Үйге берілген тапсырманы тексеру; Мұғалімнің басшылығымен істелетін жұмыстарға даярлануға байланысты әртүрлі тапсырмаларды орындау − 10 мин
|
2. Балалардың өздігінен істейтін жұмыстары. Әртүрлі жаттығулар орындау (көшіріп жазу) − 20-25 мин
|
2. Мұғалімнің басшылығымен істелетін жұмыс. Оқушылардың өздігінен орындаған жұмыстарын тексеру; жаңа материалды түсіндіру; сыныпта және үйде өздігінен орындау үшін тапсырма беру − 20-25 мин.
|
3. Мұғалімнің басшылығымен істелетін жұмыс. Оқушылардың өздігінен орындаған жұмыстарын тексеру; өткенді пысықтауға байланысты жаттығу жасау немесе әңгіме өткізу; үйге тапсырма беру − 10-15 мин.
|
3. Балалардың өздігінен істейтін жұмыстары. Мұғалімнің түсіндірген материалын пысықтауға байланысты әртүрлі тапсырмаларды орындау − 10-15 мин.
|
Сабақ төменгі сыныптарда мұғалімнің басшылығымен істелетін жұмыстан және жоғары сыныптарда балалардың өздігінен істелетін жұмысынан басталады. Бір сыныпта жаңа материалды түсіндіру, екінші бір сыныпта өткенді пысықтау, қайталау немесе балалардың білімін есепке алудан басталатын сабақтың бұл түрі, әдетте көп кездеседі. Егер өткен сабақты пысықтау немесе қайталау жүргізетін сынып өткен сабақта өздігінен жұмыс істеуге тапсырма алған болса немесе балалар осы сабақта үйде орындалған тапсырманы әрі қарай орындайтын болса ғана мұғалім екінші бір сыныпта сабақты балалармен тікелей жұмыс істеуден бастай алады. Осыған байланысты әрбір сыныптағы балалардың сабақта өздігінен істейтін жұмыстарын бөлу де өзгереді. Дегенмен, мұғалім көбінесе мына тәртіпті басшылыққа алуы керек: бұл тәрізді сабақтарды өткенді пысықтау немесе қайталау, оқушылардың білімін жазба жұмыстары арқылы тексеру, белгіленген сыныптарға тапсырма беруден бастау керек. Бұл мұғалімге келесі сыныпқа жаңа материалды түсіндіруге уақытты молырақ қалдыруға мүмкіншілік береді. Дегенмен өткенді пысықтау немесе қайталау болатын сыныпта, балалардың өздігінен істейтін жұмыстарынан кейін, мұғалімнің басшылығымен істейтін жұмыстар үшін 10-15 минут шамасында уақыт қалдыру қажет екендігін естен шығармау керек. Осылай жасағанда ғана өткен материалды пысықтау және қайталау ойдағыдай болады.
Екі сыныптың екеуінде де өткен материалды қайталауға арналған сабақты құрудың ешбір айтарлықтай қиындығы жоқ. Бұл сияқты сабақтарда, алдағы айтылған сабақты өткізудің екі түрінен гөрі, балалардың өздігінен істейтін жұмыстарын өткізу мүмкіншілігі мол болады. Өткен материалды қайталау арқылы өтетін сабақтың үлгі жоспары мынадай болып жасалуы мүмкін:
Төменгі сынып:
|
Жоғары сынып:
|
1.Балалардың өздігінен істейтін жұмыстары. Өткенді пысықтау, қайталау, үйге берілген тапсырманы әрі қарай жүргізу; мұғалімнің басшылығымен өткізілетін сабаққа даярлану − 10 мин
|
1. Мұғалімнің басшылығымен істелетін жұмыс. Өткенді өздігінен қайталау немесе пысықтау үшін берілген тапсырманы тексеру үшін бақылау жұмысы − 10 мин.
|
2. Мұғалімнің басшылығымен істелетін жұмыс. Балалардың өздігінен істеген жұмыстарын тексеру, өткенді қайталауға
немесе пысықтауға байланысты жаттығулар жасау немесе әңгіме өткізу; сыныпта немесе үйде балалардың өздігінен орындауы үшін тапсырма беру − 20-25 мин.
|
2. Балалардың өздігінен істейтін жұмыстары Өткенді пысықтауға немесе қайталауға, балалардың білімін тексеру мақсатымен берілген мұғалімнің тапсырмасын орындау (сынып бойынша оқу, жаттығу жұмысы т.б.) − 20-25 мин.
|
3.Балалардың өздігінен істейтін жұмыстары. Өткенді пысықтау және
қайталау үшін берілген мұғалім тапсырмасының біразын орындау (жазбаша жаттығу, кітап оқу) − 10 мин.
|
3. Мұғалімнің басшылығымен істелетін жұмыс. Балалардың өздігінен істелетін жұмыстарын тексеру; балалармен өткенді қайталау − 10 мин.
|
Мұғалім мұндай сабақтарда балалармен тікелей жұмыс істеуді өздігінен жұмыс істеу оңайыраққа түсетін сыныптан бастайды немесе балалардың өздігінен орындайтын жұмысы үшін алдын ала ауызша жаттығулар мен әңгімелерді қажет ететін сыныптардан бастайды. Егер де осы айтылған сыныптардың бірінде жазбаша бақылау жұмыстарын өткізу белгіленсе, онда мұғалім жұмысты сол сыныптан бастайды. Мұғалім бақылау жұмысын алғаннан кейін, балалар сол сағат бойына өздігінен жұмыс істей алады.
Ал екі сыныптың екеуінде де өткенді пысықтау немесе қайталау жұмысы жүргізілетін болса, онда мұғалім екі сыныптың екеуімен де тікелей жұмыстар жүргізеді не балалардың өздігінен жұмыс істеуі арқылы жүзеге асырылады.
Жоғарыда келтірілген сызбада төменгі сыныптарда мұғалімнің басшылығымен тікелей істелетін жұмыстар сабақтың алдында, жоғары сыныпқа беретін тапсырмадан кейін басталады. Ал жоғары сыныптарда мұғалімнің басшылығымен өткенді қайталау немесе пысықтау бойынша балалармен жүргізетін тікелей жұмыстары балалардың өз бетінше жұмыс істеуі үшін берілетін тапсырмаларды түсіндіруге байланысты сабақтың алдында, одан кейін балалардың өздігінен істеген жұмыстарының нәтижесіне байланысты сабақтың соңында жүргізіледі.
Мұғалім үш және төрт сыныпты қатар оқытудың сабағын жоспарлағанда уақытты бөлу ең алдымен жеке сыныптарда істелетін жұмыстардың күрделілігіне байланысты болады. Сабақтың материалы қиындау болған сыныпта балалармен тікелей жұмыс істеуге мұғалімнің көбірек уақыт бөлетіні өзінен өзі түсінікті. Жаңа материалды түсіндіру, әдетте, өткен сабақты пысықтауға немесе қайталауға қарағанда мұғалімнің балалармен көбірек тікелей жұмыстар жүргізуін талап етеді. Мұғалімнің бұрын даярлап берген материалдары бойынша өздігінен жұмыс істейтін сыныптарда, өздік жұмыс көп уақытты алатындықтан, мұғалімнің басшылығымен тікелей жүргізілетін жұмыстардың шамасы ол сыныптарда 5-10 минуттан аспайды. Балалардың орындаған жұмыстарына қарап шығуға қажетті нұсқаулар беруге, болмаса тапсырманың сипатын өзгертуге бұл уақыт толығынан жетіп жатыр.
Бірнеше сыныппен жүргізілетін сабақ жоспарының жалпы сызбасын төмендегідей етіп жасауға болады: 1) мұғалімнің алдымен өткізетін сыныбына өздігінен орындауы үшін аздаған тапсырмалар беру; 2) қалған сыныптардың әрқайсысына бұрынғы бастап қойған жаттығуларды әрі қарай жүргізу үшін немесе бұрын даярланып қойылған жұмыстарды балалардың өздігінен орындауы үшін тапсырма беру; 3) мұғалімнің сабақты бастаған сыныбындағы балалардың өздігінен орындаған жұмыстарын тексеру. Осы сыныпта жаңа материалды түсіндіру немесе мұғалімнің тікелей басшылығымен жаттығу жұмыстарын жүргізу. Мұның екеуінде де мұғалімнің басшылығымен тікелей жүргізілетін жұмыстар балалардың сыныпта және үйде өздігінен орындаулары үшін тапсырма берумен аяқталады. 4) Мұның алдындағы сыныпта мұғалімнің тікелей жүргізген жұмыстарының уақытына оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстарынаң уақыты сай келетін сыныпқа ауысу; Мұғалім бұл сыныпта балалардың өздігінен орындаған жұмыстарын көз жүгіртіп қарап шығады және оны әрі қарай жүргізе беруге нұсқау береді немесе 10-15 минуттан артық уақыт алмайтын жаңа материалды түсіндіріді, осыдан кейін балалардың өздігінен сыныпта және үйде орындауы үшін тапсырма береді немесе жаттығу жұмыстарын жүргізеді де, оны балалардың өздігінен жұмыс істеуімен жалғастырады; 5) Қалған уақытта басқа сыныптармен де тікелей жұмыс істеу үшін дәл жоғарыдағыдай жолдармен ауысып отыру керек. Егер уақыт шектеулі болса (10-15 мин), екі сыныптың екеуінде де балалардың өздігінен істеген жұмыстарына көз жүгіртіп қарап өтіп, үйге тапсырма беру керек. Ал уақыт жеткілікті болған жағдайда (20-25 мин), балалардың өздігінен істеген жұмыстарын тексеріп оны әрі қарай жүргізе беру жөнінде нұсқаулар береді. Ал, басқа сыныпта жаңа материалды түсіндіреді немесе сабақтың ақырына дейін жаттығу жұмысын жүргізеді.
Өзіндік жұмыс, оның түрлері және пәндерді оқытуда өзіндік жұмысты ұйымдастырудың әдістемесі
Өзіндік жұмыс – оқушының күрделі іс-әрекеттерініғ бір түрі немесе оқу жұмыстарының арнайы бір формасы болып табылады. Шағын жинақты бастауыш мектепте оқу-тәрбие жұмыстарының ерекше көңіл аударатын бір саласы – оқушылардың өздігінен орындайтын жұмыстары. Бірнеше сыныппен жұмыс істейтін мұғалімнің негізгі педагогикалық міндеті – жеке сыныппен жұмыс істейтін мұғалімнің алдына қойған міндетпен бірдей. Ол да оқу жоспарын, бағдарлама талаптарын орындауға тиіс.
Өзіндік жұмыстардың нәтижелі болуы үшін алдымен «өзіндік жұмыс» деген ұғым нені білдіріп тұрғанын анықтап алу қажеттігі туады: біріншіден, өз бетінше жұмыс балалардың түрлі тапсырмаларды, жаттығуларды ешкімнің көмегінсіз орындаулары, екіншіден, мұндай жұмыстар балаларды ұқыптылыққа, тәртіптілікке, жинақылыққа, бақылай білуге тәрбиелейді.
Өзіндік жұмыс түрлерін ұйымдастыруда мынандай талаптарды орындау керек:
1.Өздігінен орындайтын жұмыстың мазмұны бағдарлама талаптарына сай болуы керек;
-
Өзіндік жұмыс оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға тиіс;
-
Өзіндік жұмыстың түрі, мазмұны әртүрлі болуы керек;
-
Әрбір орындалған өзіндік жұмыс тексеріліп, бағалануы керек.
Өздік жұмысты ұйымдастырудың шарттары мыналар:
-
мұғалімнің нақты тапсырмалар (нұсқаулар) беруі;
-
жұмысты орындаудың және аяқтаудың уақытын белгілеуі;
-
мұғалімнің басқаруымен оқушылардың дербестігінің мөлшері, олардың жұмысты өз еркімен және қалауымен істеуі;
-
оған әсер ететін мотивтер.
Өзіндік жұмыстың түрлері сан алуан. Оларды топтастыру - күрделі мәселе. Оның жиі кездесетін бір тобы – сабақ мақсатына қарай қолданылатын жұмыс түрлері:
а) Жаңа білімді меңгеру (материалды жан-жақты талдау, мұғалімнің ауызша баяндауының жспарын, конспектісін жасау т.б. тәсілдерге үйрену).
ә) Жаңа білімді бекіту (түрлі жаттығулар, есеп шығару, түрлі жазбаша, графикалық, практикалық т.б. жұмыстар).
Өздік жұмысқа мынадай талаптар қойылады:
1) Тапсырма әрбір оқушының білім деңгейіне байланысты таңдалуы керек.
2) Өздік жұмысты орындауға жеткілікті уақыт берілуі керек (8-15 мин. ұзақ болмайды).
3) Міндетті түрде тексерілуі керек.
4) Жұмыс сабақтың мақсатына байланысты (жаңа материалды қабылдауға, өткен материалды бекітуге, қайталауға, білімді тиянақтауға) таңдалады.
5) Өздік жұмыстың мақсаты, орыдау әдісі оқушыларға түсінікті болуы тиіс.
6) Өз бетімен жұмысқа оқушылар білім деңгейіне байланысты әр түрлі уақыт жұмсайтынын ескеріп, тақтаға не карточкаға қосымша материалдар дайындап әкелу керек.
7) Ескертпе, түсініктеме-карточкалар, перфокарталар дайындау қажет. Оқушыларға өзіндік жұмыс ретінде пәндер бойынша мынадай тапсырмалар беруге болады.
Қазақ тілі сабақтарында – түрлі жаттығу жұмыстарын орындау, қима қағаздармен, перфокарталармен жұмыс, сурет бойынша сөйлем, әңгіме құрау, сөздіктермен жұмыс тапсырылады. Мысалы, мұғалім грамматикалық талдау жасауға сөз, сөйлем немесе мәтін береді. Жоспар жасатады (әуелі ауызша, сонан соң жазбаша жоспар жасатады). Мұндай жаттығуларды балалар өздіктерінен орындағанымен, оның қалай орындалатыны көрсетіліп, алдын ала дайындық жұмыстары жүргізіледі. Балалар бір тапсырмадан кейін екіншісін орындайды, олар жұмыстарын өздіктерінен тексереді, қалай орындағандарын мұғалімге айтады. Негізінде қазақ тілі сабақтарындағы жаттығулардың барлығы оқушыларға өздіктерінен жұмыс жасатуды көздейді. Алайда жаттығу ұғымы оқушыларға өздіктерінен жұмыс жасатудан кеңірек. Жаттығу − мұғалімнің басшылығымен орындалатын, оқушылардың алған білімдерін бекітуді көздейтін тұтас тәжірибелік жұмыс. Жаттығуда уақытқа шек қойылмайды. Ал оқушылардың өздіктерінен істейтін жұмыстарына белгілі мөлшерде уақыт беріледі.
Балалардың қазақ тілі сабақтарында өз беттерінше грамматикалық талдау жасауы төменгі сыныптардың өзінде-ақ іске асырыла бастайды.
1-сыныптың балалары оқу жылының екінші жартысынан бастап тақтадан, болмаса оқулықтан қысқа мәтіндерді көшіріп жазатын болады, кейбір сөйлемдерді бөліп, жеке айырып жазып қояды, мұғалім астын сызып көрсетіп берген сөздерді жазып алады, кеспе әріптерден сол сөздерді құрастырып, сөздің әрқайсысын буынға бөледі, мәтіннен көшіріп жазып алған сөздердегі дауысты және дауыссыз әріптерді көрсете алатын болады.
2-сыныптың балалары нәрсені, сапаны, әрекетті білдіретін сөздермен танысып болғаннан кейін, олар мәтінде кездескен сол сөздерді өзбеттерінше тани біледі, оған өздерінше сұрақ қоя алады. Заттың атын, сапасын, әрекетін білдіретін сөздерді алдымен жеке-жеке, содан соң топтап жазады, ол сөздердің астын сызып қояды. Содан кейін заттың атын білдіретін сөздерді, оның сапасын болмаса әрекетін білдіретін сөздермен біріктіріп құрастырады. Сол сияқты 2-сыныпта сөздерді буынға бөлу, ұяң және қатаң дауыссыз дыбыстарды табу, сөз екпіні түсетін буындардың астын сызып қою, екпінді дауысты дыбыстарды табу балалардың өз беттерінше істейтін жұмыстары есебінде жүргізіледі. Сөздің түбірімен танысып болғаннан кейін балалар мұғалімнің оқып берген мәтініндегі біріне-бірі ұқсас сөздердің астын сызып, көшіріп жазуға дағдыланады. Балалар біраз уақыт дағдыланғаннан кейін сол түбірге ұқсас түбірлі сөздерді іздеп табуға жаттығады.
Өз бетінше жұмыс істеудің бұл түрлері кейінгі сыныптарда да кеңінен қолданылады.
3 және 4-сыныптарда балалардың өз бетінше грамматикалық талдау жасауын ұйымдастыру кең өріс алатын болады. Балалар өз беттерінше сөзге морфологиялық, грамматикалық талдау жасайды. Жазбаша грамматикалық талдау жұмыстарын алғашқыда сызба бойынша өткізген қолайлы. Сызба балалардың зейінін тәртіпке келтіреді, сөз таптарының грамматикалық тұлғаларын есте сақтауға жәрдемдеседі және әртүрлі грамматикалық тұлғаларды өзара салыстыруға мүмкіндік туғызады. Сызбаны пайдаланбай мәтінді жазбаша грамматикалық талдау жасау көбінесе бақылау жұмыстары сияқты болып жүргізіледі. Балалардың өз беттерінше қандай да болсын грамматикалық талдау жасау түрлері грамматика және орфография сабақтарының бір бөлімі болып өтуге тиіс.
Оқушылардың өздіктерінен істейтін жұмыстары бастауыш сыныптарда ұзақ болмауы керек және көлемі шағын, мазмұны оңай болуға тиіс. 2-сыныпта − 5-10 минут, 3-сыныпта − 10 минут, 4-сыныпта 10-15 минуттық тапсырмалар беріледі. Мұғалім оқушылардың өздіктерінен орындайтын жұмыс түрлерін, әр пәннің ерекшелігін ескере отырып, алдын-ала дайындауы керек.
Өздігінен орындайтын жұмыста ұйымдастыру − сабақтың ең күрделі кезеңі. Өйткені, жұмысты оқушылардың бәрі бірдей бір мезгілде аяқтамайды. Қазіргі кезде білім сапасымен оқушылардың жеке басының қабілетін дамыту қай кездегіден де өткір қойылып отыр. Ол үшін мұғалім оқытудың технологиялық жаңа әдіс-тәсілдерін пайдалануы керек. Өз бетінше жұмысты ұйымдастыруда баланың жеке қасиеттерін ескеріп, жекелей, саралай оқыту әдісін пайдаланған дұрыс. Ана тілі сабақтарында оқушылардың өздігінен орындайтын жұмысын басқару ісі 1-сыныптан басталады. Ал, 3-сыныпта жүргізілетін жұмыстар 2-сыныпқа қарағанда мазмұны және көлемі жағынан күрделі болады. Оқушылардың өздіктерінен жұмыс істеу әрекеті бірден қалыптаспайды. Ол өте күрделі үдеріс болғандықтан, қарапайым сатыдан жоғары, күрделі сатыға қарай біртіндеп дамиды.
Ана тілі сабақтарында оқушылардың өздіктерінен орындайтын жұмыстарының түрлеріне тоқтала кетсек: ертегілерге байланысты салынған суреттермен жұмыс, қима қағаздар түрінде жасалған шағын әңгімелерді өз беттерінше оқып мазмұнын айту, тақырыптардың авторлары (ақын, жазушылар) және олардың өмірбаяны туралы қосымша деректер, сюжетті суреттермен жұмыс, оқыған әңгімелері бойынша сурет салу, мазмұндама немесе шығарма жазу, тақырыптаы өз бетінше аяқтау, бөлімдерге бөлу, ат қою, сұрақтарға жауап әзірлеу, газет, журнал материалдарымен жұмыс, сахналық көріністер әзірлеу сияқты жұмыс түрлерін тапсыруға болады.
Әр сыныпта өткізілетін сабаққа тиісінше уақыт бөлінуі оқушылардың өзіндік тапсырмаларды ұқыпты орындауына көмектеседі. Оқушыларға өздіктерінен жұмыс істету тек білімді бекіту үшін ғана емес, жаңа материалды түсіндіруде де қолданылады. Мысалы, мұғалім оқулықтан тиісті материалды оқытады, онда не айтылғанын, қалай қорытылуға болатынын ойлануды тапсырады немесе белгілі бір ережені оқытып, мысалдарды талдауға осы ережені қолдануды тапсырады. Ал, оқушылардың тапсырманы сыныпта, үйде өздігінен орындай білуі – оның бойында қалыптасқан білім, білік пен дағдылар сапасының сенімді көрсеткіші.
Математикадан мынадай тапсырмалар жазуға болады:
-
оқытушының көрсеткен үлгісі бойынша орындалатын;
-
оқытушыдан алған білім, білік, дағдыларын өз бетімен пайдалануды талап ететін, бірақ оқытушының басқаруын пайдаланған жағдайда;
-
алған білім, біліктерін басқа жағдайда пайдаланғанда;
-
оқушыдан ойлауды, шығармашылықты талап ететін байқау, талдау арқылы жаңа қорытынды, анықтамаға шығаруға болатын тапсырмалар.
-
арифметикалық амалдар кестесін есте сақтауға арналған;
-
есептеу тәсілдерін игеруге арналған:
-
ұқсастық пен айырмашылықты ажырату, талдауға арналған;
-
белгілі бір түсініктемелердің арифметикалық амалдармен байланысына арналған;
-
байқау негізінде қандай да бір заңдылықты айыру;
-
дидактикалық ойындар, қызықты тапсырмалар.
Оқушылар өздігінен жұмыс істей білуі үшін, алдымен, мұғалімнің берген үлгісіне қарай еліктеу негізінде қарапайым тапсырмалар орындайды. Мұндайда жұмыстың мазмұнын жасау әдістерінің бәрін мұғалімнің өзі айтып береді, ал оқушы тек орындаушы ғана. Ал егер мұғалім оқушыға бәрін өзі айтпай, бұрын алған білімдерін қолдануға лайықты жағдайлар туғызатын болса, сол кезде оқушы өздігінен ізденіп, жаңа міндеттерді шешуге тырысады. Сондықтан мұғалім оқушылардың өздік жұмысын ұйымдастырғанда, алдымен оларды өздігінен жұмыс істеуге дайындайтын жаттығулардан бастап, кейін мұғалімнің көмегімен жасайтын жартылай дербес, ең соңында толық өздігінен жасайтын жұмыстарға үйрету қажет.
Мұғалім оқушыларға шамалары келетіндей тапсырмалар ұсынады, онда жұмыстың мақсаты, оны бөлімдер бойынша орындау реті (өзін-өзі бақылау); мұғалім тексеру үшін алынған нәтижелерді әзірлеу, реттеу (кері информация) тәсілдері, жұмысты орындау мерзімі келтіріледі.
Мұғалім тапсырманың дұрыстығын, оқушылардың оның мазмұны мен нәтижесін қаншалықты түсініп меңгергенін анықтайды: Демек, мұғалім бақылаушы ғана емес, ұйымдастырушы да, оқушының өздік жұмысын тексеруші де. Мұғалім тапсырма арқылы олардың таным қабілетін бағдарламалайды, оны бір мақсатқа бағыттап, сапасын анықтайды.
Оқушылар тапсырма алады, меңгерген білім қорына сүйене отырып, оның мақсаты мен орындау тәсілдерін ойластырады және ең маңыздысы – жұмысты өздігінен орындау барысында алынуға тиісті нәтижелерді дағдарламалайды. Содан соң істелген жұмыстың дұрыстығын үнемі тексере отырып, тапсырманы бөлімдері бойынша орындайды. Алынған нәтижелерді реттеп әзірлейді (өзін-өзі бақылайды) және жазу жұмысы, цифрлар, сызулар, суреттер, модельдер т.б. тексеру үшін мұғалімге тапсырады. Оқушылардың оқу жұмысын, оқу әрекетінің жемісті болуы – оқу жұмысын тәсілдерін менгеруге байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |