4 лекция. Тақырыбы Азаматтық құқықтың субьектісі
Жоспары
1.Азаматтық құқық қабілеттілігі.
2.Азаматтық әрекет қабілеттілігі.
3.Азаматтың аты-жөні және тұрғылықты жері.
4.Қамқоршылық және қорғаншылық.
5.Азаматты өлді деп жариялау және хабар-ошарсыз кетті деп тану
Тұлғаның екі түрі бар Олар, яғни құқық субъектілері – адамдар /жеке тұлға/ және ұйымдар /заңды ұйым/. Жеке тұлға дегеніміз - Қазақстан Республикасының азаматтары, басқа мемлекеттердің азаматтары, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар.Заңды тұлға деп мекемелерд, ұйымдарды, кәсіпорындарды, бірлестіктерді, қорларды және т.с.с. айтамыз.
Азаматтық құқықтық қатынастың субьектілері азаматтар, ұжымдық құрылымдар және мемлекет болуы мүмкін. Осы көрсетілген субьектілер азаматтық құқықтық қатынасқа қатысуы үшін азаматтық құқық қабілеттілігі болуы керек, яғни азаматтық құқықтар мен міндеттерге ие болу мүмкіндігі болуға тиісті.
Сонымен азаматтық құқықтық қабілеттілік - бұл тұлғаның азаматтық құқықтар мен міндеттерді иелену мүмкіндігі. Азаматтық құқыққа ие болып, міндет атқару қабілеті барлық азаматтарға бірдей деп танылады. Азаматтық құқық қабілеттілігі ол туған кезден басталып, қайтыс болған соң тоқтатылады. Азаматтық құқық қабілеттілік – кез келген азаматтық құқық субьектісінің әрекет ету мүмкіндігімен сипатталады. Азаматтарға азаматтық құқық қабілеттілігін қолдануда екі түрлі бағыт сипат алады. Жалпы кең мағынада азаматтық құқық қабілеттілігі азаматтық заң мүмкіндік беретін кез келген құқықтар мен міндеттерді иелену мүмкіндігі.
Азаматтың құқық қабілеттілігі оның туған сәтінен басталады. Яғни ол ана құрсағынан тірі туылып адам бейнесіне келуі тиіс. Мәселен, түсік тірі туа тұрса да тұлға саналмайды, алайтарлықтай дамыған шала туған бала тұлға болып саналады. Құқық қабілеттілік адам өлгеннен кейін тоқтатылады.
Коституцияның тұжырымына орай азаматтардың құқық қабілеттілігі заңда бәріне бірдей және бірыңғай құрылған. Азаматтық кодекстің 13-бабында азаматтардың құқық қабілеттілігі барлық азаматтар үшін тең дәрежеде екендігі танылған. Осыған байланысты профессор Ғазиз Төлеуғалиев өте ұғыныңқы нақты тұжырым жасайды. Онда құқық қабілеттілігінің теңдік принципі нақты субъективтік құқық шеңберінде жекелеген азаматтарға берілетін міндеттілік теңдікті көрсете қояды деуге болмайды. Азаматтардың бәрінде бірдей кез келген құқықты ала беру мүмкіндігі бола бермейді. Құқық қабілеттілігінің теңдігі дегенде заңда бұл орайда ешкімге артықшылық бермейтіндігі, ешкімге субъективтік құқық алуға тыйым салмайтындығы тұрғысынан түсіну керекдеп нақтылы көрсетілген.
ҚР Президентінің “ҚР-да шетел азаматтарының құқықтық жағдайы” туралы заң күші бар жарлығында (1995 ж. 19 маусым) шет ел азаматтарының ҚР-да Конституциясында заңдар мен халықаралық шарттарда көрсетілген құқықтар мен міндеттердің барлығын тек қана заңдарда көзделген реттерді қоспағанда иеленетіндігі көрсетілген. Бұл жарлықта шет ел азаматтары ҚР-да тілі, діні, ұлтына, біліміне, мүліктік жағдайына қарамастан заң алдында тең екендігі көрсетілген.
2. Азаматтық әрекет қабілеттіліе дегеніміз - азаматтың өз әрекеті арқылы азаматтық құқықтарды иелену және оны жүзеге асыру, өзіне азаматтық міндеттерді қалыптастыру және оны жүзеге асыру мүмкіндігін айтамыз. Азаматтық әрекет қабілеттілігін азаматтық құқық қабілеттілігінен айырмашылығы бар. Құқық қабілеттілігін азамат дүниеге келген сәттен пайда болып ол өлгеннен кейін тоқтайды. Ал әрекет қабілеттілігі болу үшін азамат белгілі бір жасқа толуы қажет. Әрекет қабілеттіліктің белгілі бастамаларының бірі – ол азаматтың өз әрекетіне толық жауап бере алатындай физиологиялық жетілуі. Яғни ол өз еркін ұстай алатын белгілі бір жасқа жеткен қалыпты психикалық жетімділікте болуы тиіс. (АК-ң 17бап.)
Азаматтық әрекет қабілеттілік – бұл тиісті азаматтың нақты субъективтік құқықтар мен міндеттерді иелену мүмкіндігі. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтардың әрекет қабілеттілігі мен оның көлемі Қазақстан Республикасының азаматтық заңымен анықталады. Ал Қазақстан Республикасының азаматтарының шет мемлекеттердегі әрекет қабілеттілігі сол мемлекеттің заңдары мен халықаралық келісім нормалары арқылы анықталады.
Азаматтардың әрекет қабілеттілігі толық, ішінара /толық емес/ шектеулі деп бөлінеді. 18 жасқа толған азаматта толық әрекет қабілеттілік болады. Толық емес немесе ішінара әрекет қабілеттілігі бойынша, азамат өзінің әрекеті арқала кез келген құқықтық әрекетті жасай алмайды. Ішінара әрекет қабілеттілігі әдетте, жасы кәмелетке толмағандарға тән, ал берілетін әрекет ауқымы олардың жасына байланысты. Олар екі топқа бөлінеді.
а) жасы кәмелетке толмаған 14 пен 18 жас аралығындағылар;
б) жасы кәмелетке толмаған 14 жасқа дейінгі жас балалар.
14 пен 18 жас аралығындар заңда көрсетілген әртүрлі мәмілелер жасай алады.
14 пен 18 жас аралығындағы жасы кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінің келісімінсіз мыналарды істеуге құқығы бар:
1) өзінің жалақысына, стипендиясы мен басқа да кірістеріне билік етуге;
2) интеллектуалдық меншік құқығы бар объектілеріне билік етуге;
3) ұсақ тұрмыстық мәмілелер жасауға;
4) банкке салым салуға және өзінің салымына, оның ішінде өзінің атына салынған салымдарға иелік етуге құқылы.
14 жастан 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар басқа мәмілелерді, ата-анасының, асырап алушыларының немесе қорғаншыларының келісімімен жасайды. Мұндай келісімнің нысаны заңдарда кәмелетке толмағандар жасайтын мәміле үшін белгіленген нысанға сай келуге тиіс (АК-тің 22-бабы, 1-тармағы).
Мәміленің бұл түрлері бойынша (заңды өкілінің келісімімен және келісімінсіз) жауапкершілікті, заңды өкілдерінің келісімі талап етілсін не етілмесін, жасы кәмелетке толмағандардың өздері көтереді. Жасы кәмелетке толмағандар келтірілген зиянды өтеуге оның жеткілікті мүлкі немесе табысы болмаған реттерде зиянның тиісті бөлігін, оның ата-аналары немесеқамқоршысы өтеуге тиісті.
14 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар үшін мәмілелерді, егер заңда өзгеше көзделмесе, ата-анасы, асырап алушылары мен қорғаншылары жасай береді. АК-тің 23-бабына сәйкес, жасөспірімдер өздерінің жасына лайықты, жасай салып орындалатын тұрмыстық ұсақ мәмілелерді өз бетінше жасауға құқылы. Жс балалар аталған мәмілелерді жасағанымен, әрекет қабілеттілігі жоқ деп танылады. Сондықтан да жеке жауапкершілікті мойнына алмайды.
Спирт ішімдіктеріне немесе есірткі заттарға салыну салдарынан өзінің отбасын материалдық жағынан ауыр жағдайға ұшыратқан азаматтың әрекет қабілеттілігін сот Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіп бойынша шектеуі мүмкін. Оған қамқоршылық белгіленеді. Ол тұрмыстық ұсақ мәмілелерді өз бетінше жасауға құқылы. Басқа мәмілелерді жасауды, сондай-ақ табысын, зейнетаысын және өзге де кірістерін алуды және оларға билік етуді ол тек қамқоршысының келісімімен ғана жүзеге асыра алады (АК-тің 27 бабы).
3. Құқықтар мен міндеттерді иелену және жүзеге асыру үшін азамат тиісті тәртіппен дараландырылуы қажет. Даралану барлық уақытта азаматтың есімі арқылы жүргізіледі. АК-тің 15 бабы, 1-ші тармағында көрсетілгендей азаматтың есімі болып оның өз фамилиясы, өз есімі сондай-ақ қаласа әкесінің аты болып табылады.
Азамат өз құқығы мен міндетін өз есімі арқылы иеленіп жүзеге асырады. Басқа біреудің есімі арқылы құқықтар мен міндеттер иеленуге тыйым салынады. Бірақ заңдар бойынша азаматтардың жасырын түрде құқықтар иеленіп, міндеттерді жүзеге асыратын жағдайлары немесе бүркеншік ат пайдаланатын реттері көзделуі мүмкін. Есімді өзгерту оның бұрынғы құқықтары мен міндеттерін тоқтатуға немесе өзгертуге негіз бола алмайды. Есімін өзгерткен адам өзінің бұрынғы есіміне ресімделген құжаттарға тиісті өзгерістер енгізілуін талап етуге құқылы.
Азаматтың есімін ол дүниеге келген кезде әке шешесі береді, ал әке шешесі жоқ болса, оның қамқоршыларының біреуі береді. Баланың фамилиясы әке-шешесінің фамилиясымен анықталады. Егер әке-шешесінде ортақ фамилия болса, балаға сол фамилия беріледі. Ал ортақ фамилия болмаса оны өзара келісіп шешеді.
Әке-шешесінің қалауы бойынша балаға әкесінің немесе атасының есімі негізінде фамилия берілуі мүмкін. Егер бала асырап алынса оның бұрынғы есімі мен фамилиясы және әкесінің есімі сақталады. Асырап алушының өтініші бойынша оның есімі мен фамилиясы өзгертілуі мүмкін. Бірақ бұл жағдайда асырап алынушы бала 10 жастан аспауы тиіс. Бұл мәселе Неке және отбасы заңының 86-шы бабында жан-жақты айтылған.
Заңдарда көрсетілген тәртіппен азамат өз есімін өзгертуге құқылы. Есімді өзгерту жалпы тәртіп арқылы немесе кейбір жағдайларға байланысты арнайы отбасы және неке заңының негізінде жүргізіледі.
Жалпы тәртіп бойынша Қазақстан Республикасының азаматы он алты жасқа толғаннан кейін есімін, фамилиясын және әкесінің атын өзгерте алады. Бұл өзгертуді өтініш білдіруші азаматтың өтініші негізінде облыстық немесе соған теңестірілген әділет басқармасының рұхсаты арқылы азаматтардың хал актілерін жазу органы жүргізеді. Мұндай өзгерту жүргізу үшін оған себепті жағдай болуы қажет.
Есімді өзгертудің арнайы тәртібі отбасы және неке заңдарына сәйкес некеге тұру және некеден ажырасу кезінде жүргізіледі. Некеге тұру кезінде жұбайлар екеуінің бірінің фамилиясын таңдап алады немесе әрқайсысы өздерінің фамилиясында қалады немесе өз фамилиясына жұбайының фамилиясын қосып алады.
Жұбайлар ажырасқанда неке кезіндегі фамилияда қалуға немес некеге дейінгі фамилиясын қайтып алуға құқығы бар. Некеге байланысты өз есімі мен әкесінің есімін өзгертуге болмайды.
Біздң елімізде 1992 жылдан бастап ұлттық дәстүрге байланысты ата-аналардың келісімі бойынша балаларына фамилияны әкесінің немесе атасының атынан қоюға болатындығы анықталды. Туылған кездегі фамилиясын есімін және әкесінің есімін өзгерту тек қана заңда көрсетілген негіздер арқылы жүреді. ҚР Президентінің 1996 жылғы 24-ші сәуірдегі “Қазақ ұлттарының фамилиясы мен әкесінің есімін жазу кезіндегі кейбір мәселелерді шешу туралы” Жарлығында қазақ ұлттарының өз фамилияларынын өз еркімен қазақ тіліне келе бермейтін жалғауларды негізгі түбірін сақтай отырып өзгертуге болатындығы көрсетілген. Әкесінің атынан кейін “ұлы” немесе “қызы” деп жынысына қарай жазылады.
Азаматтың жеке дербестігі есімімен қатар оның тұрғылықты жерімен анықталады. Тұрғылықты жердің бірқатар құқықтық маңызы бар. Мәселен, азамат хабар-ошарсыз кетті деп немес өлді деп жариялау сол тұрғылықты жерінде белгілі бір мерзімде ол туралы мәлімет болмауына байланысты тұрғылықты жерінде жүргізіледі. Бірқатар міндеттемелерді орындау сол несие берушінің тұрғылықты жерінде орындалуы қажет. Сотқа құқықты қорғау туралы талап арыз құқық бұзушының тұрғылықты жері бойынша жүргізіледі. Мұра сол мұра қалдырушының соңғы тұрғылықты жері бойынша ашылады.
Азаматтың тұрғылықты жері мен жұмыс орны бір-біріне сай келеді. Бірақ өзі бір жерде тұрып, екінші бір жерде жұмыс істейтін жағдайлар да болады. Мұндай жағдайда оның тұрғылықты жеріне басымдық беріледі. Бір қалада бірнеше тұрғын үйі болғанда азамат тұрғылықты жерін өзі таңдайды және оның қайсысында көп тұратындығы ескеріледі.
4. Азаматтардың әрекет қабілеттілігі жоқ кезде оның құқықтары мен міндеттеріне ие болу мүмкіндігі қорғаншылық немесе қамқоршылық тағайындау жолымен жүзеге асырылады. Қорғаншы өзінің әрекеттерімен қорғауындағыға құқық және міндет еншілей отырып, әрекет қабілеттілігі жоқ адамның орнына өзі әрекет жасайды. Ал қамқоршы адамдар ішінара әрекет қабілеттілігі бар адамдарға өздерінің міндеттерін орындағанда көмектесіп, бақылауына алады, сонымен қатар оларды үшінші жақтардан болатын қиянаттардан қорғап жүреді.
Дене мүшесінің кемістігінен өзінің құықтарын жүзеге асыра алмайтын жәе қорғай алмайтын, сонда да әрекет қабілеттілігі толық деп танылатындарға да, қамқоршы адам тағайындалады. Мұндағы қамқоршының қызметі сол мүгедек адамның құқыққа ие болуына, құқығын жүзеге асыруына қажетті әрекеттерін орындап отыру болып есептеледі. Кәмелетке толған әрекетке қабілеті бар адамның қамқоршысын қорғаншы және қамқорлық жасаушы орган сол адамның келісімі бойынша ғана тағайындауы мүмкін.
Кәмелетке толған әрекетке қабілетті қамқоршылыққа алынушыға тиесілі мүлікке билік етуді қамқоршылыққа алынушымен жасалған тапсыру шарты немесе мүлкін сенімді басқару негізінде қамқоршы жүзеге асырады.
Жергілікті атқарушы орган қорғаншы және қамқоршы органдар болып табылады. Қорғаншы немесе қамқоршы тек оның келісімімен ғана тағайындалуы мүмкін. Егер қорғаншылыққа алынушының мүдделеріне қайшы келмесе, қорғаншының немесе қорғаншылыққа алынушыға жақын басқа да адамдардың басымқұқығы болады.
“Неке және отбасы туралы” Заңның 108-бабында көрсетілгендей, қорғаншылар мен қамқоршылар бола алмайтындар мыналар:
1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттіліг шектелген деп таныған адамдар;
2) сот шешімі бойынша ата-ана құқықтарынан айырылған немесе шектелген адамдар;
3) өзіне заңмен жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қорғаншылық (қамқоршылық) міндеттерден шеттетілген адамдар;
4) егер сот олардың кінәсінен бала асырап алудың күшін жойған болса, бұрын бала асырап алушылар;
5) денсаулығының жай-күйіне байланысты баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін жүзеге асыра алмайтын адамдар.
Қорғаншылыққа алынушы 14 жасқа жеткен соң оған қорғаншылық тоқтатылады, ал қорғаншылық міндетін жүзеге асыратын адам бұл туралы қосымша шешімсіз кәмелетке толмаған баланың қамқоршысы болады. Қамқоршылық кәмелетке толғандарға тоқтатылады.
Қорғаншы мен қамқоршы органның алдына ала берген рұқсатынсыз қорғаншының иеліктен айыру жөніндегі мәмілелер жасауға, ал қамқоршының мәміле жасауға келісім беруге, соның ішінде қамқоршылыққа алынушының мүлкін айырбастауға немесе сыйға тартуға, немесе оның атынан кепіл шартын жасауға, оны жалға, тегін пайдалануға немесе кепілдікке беруге, қамқорлыққа алынушының заң бойынша және өсиет бойынша мұрагерліктен тиесілі құқықтарынан бас тартқызуға әкеліп соғатын мәмілелер жасауға, оның мүлкін бөлуге немесе одан үлес бөлуге, сондай-ақ қамқоршылыққа алынушының мүлкін азайтуға әкеп соғатын мәмілелер жасауға құқығы жоқ. Аталған мәмілелер нәтижесінде қорғаншы алған қаражаттың қалай жұмсалуға тиіс екенін қорғаушы және қамқоршы орган белгілейді.
5. Азамат егер оның қай жерде жүргені белгісіз болса, оған байланысты азаматтық құқықтық қатынастар бірқалыпты түрде бола алмайды. Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану – оның қатысуымен болуға тиісті қатынастардың болуы (жүруі) үшін келтіріліп отырған кедергілерді заңдық жолмен жою болып табылады. Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тек қана мүделі тараптардың өтініші негізінде сот тани алады.
Егер азаматтың тұрғылықты жерінде ол туралы бір жыл бойы деректер болмаса, мүдделі адамдардың арызы бойынша со оны хабар-ошарсыз кетті деп тануы мүмкін. Хабар-ошарсыз кеткен азамат туралы соңғы деректер алынған күнді анықтау мүмкін болмаған жағдайда жоқ адам туралы соңғы деректер алынған айдан кейінгі айдың бірінші күні, ал бұл айды анықтау мүмкін болмаған жағдайда келесі жылғы бірінші қаңтар хабар-ошарсыз кетудің басталған күні деп есептеледі (АК-тің 28-ші бабы).
Сот шешімінің негізінде хабар-ошарсыз кеткен адамның мүлкіне қорғаншылық белгіленеді. Мүдделі адамдардың арызы бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органы мүлікті сақтау және басқару үшін хабар-ошарсыз кеткен адамның тұрған жері туралы соңғы деректер алынған күннен бастап бір жыл өткенге дейін де қорғаншы тағайындай алады.
Хабар-ошарсыз кетті деп танылған адам келген немесе оның тұрған жері белгілі болған жағдайда, тек қорғаншының өз құзіреті шегіндегі жасаған мәмілелерден басқа, оны сот хабар-ошарсыз кетті деп танығаннан кейін болған барлық құқықтық салдарлар сот хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы, мүлкіне қорғаншылық тағайындау туралы бұрынғы шешімнің күшін жоюмен қатар олар да жойылады. Мәселен, азаматты хабар-ошарсыз кетті деп танығаннан кейін неке бұзылған болса және жұбайлардың бірі басқа некеге тұрмаса, олардың бірге жазған өтініші негізінде АХАЖ органы арқылы бұрынғы неке қалпына келтіріледі. Егер неке сот шешімі арқылы бұзылған болса, онда сот сол шешімнің күшін жойғаннан кейін ғана АХАЖ органы некені қалпына келтіреді.
Егер азаматтың тұрғылықты жерінде ол туралы үш жыл бойы деректер болмаса, ал егер ол өлім қатері төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негіз болатын жағдайларда алты ай бойы хабар-ошарсыз жоғалып кетсе, мүдделі адамдардың арызы бойынша сот оны өлді деп жариялауы мүмкін.
Өлді деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген күн өлді деп жарияланған адамның өлген күні болып есептеледі. Өлім қатері төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негіз болатын жағдайларда хабар-ошарсыз жоғалып кеткен адам өлді деп жарияланған реттерде со бұл адамның шамамен қаза тапқан күнін оның өлген күні деп тануы мүмкін.
Өлді деп жарияланған адам тірі оралған немесе оның тұрған жері белгілі болған жағдайда сот тиісті шешімнің күшін жояды. Азамат өзінің қай уақытта оралғанына қарамастан, кез келген адамнан азамат өлді деп жарияланғаннан кейін сол адамның иелігіне тегін көшіп, сақталып қалған мүлкін қайтарып беруді талап ете алады. Егер ол мүлікті ақылы алған болса, тек қана өлді деп жарияланған адамның тірі екендігін біліп тұрып алғандығы анықталғанда ғана қайтаруға міндетті.
Егер өлді деп жарияланған адамның мүлкі мұрагерлік құқық бойынша мемлекетке өтіп, сатылып кеткен болса, адамды өлді деп жариялау туралы шешімнің күші жойылғаннан кейін оған мүліктің құн төленетін күнгі нарықтық бағасы ескеріле отырып, оны сатудан түскен сома қайтарылады.
5 лекция. Тақырыбы Заңды тұлға
Жоспары
Заңды тұлғаның түсінігі
Заңды тұлғалардың түрлері
Заңды түлғаны құру
Заңды тұлғаның құқық қабілеттілігі
Заңды тұлғаларды қайта құру және тарату
Заңды тұлғалардың негізгі түрлері
1. Заңды тұлға құқық субьектілерінің бірі. АК-тің 33-ші бабында меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкі бар және сол мүлікпен өз міндеттері бойынша жауап беретін, өз атынан мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға болып танылады деп көрсетілген. Заңды тұлғаның дербес балансы немесе сметасы болуға тиіс. Заңды тұлғаның өз атауы жазылған мөрі болады. Заңды тұлғалар заң құжаттарына және құрылтай құжаттарына сәйкес жұмыс істейтін өз органдары арқылы азаматтық құқықтарға ие болып, өзіне тиесілі міндеттерді алады.
Бұл көрсетілген анықтамадан заңды тұлғаның келесі белгілерінің бар екендігін анықтаймыз.
1) оқшау мүлкінің болуы;
2) мүліктік жауапкершіліктің болуы;
3) азаматтық айналымға өз атынан қатыса алуы.
Оқшауланған (жеке) мүліктің болуы заңды тұлғаның негізгі белгілерінің бірі. Бұл оның тиісті мүлікке мүліктік құқығын анықтайды. Мүліктік құқық, яғни бұл тиісті мүлікке меншік құқығын, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығы дегенді білдіреді. Заңды тұлғаның мүлкі жеке балансында көрсетіледі.
Мүліктік жауапкершілік яғни тиісті заңды түлға өзінің міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүліктерімен жауап береді. Жеке мүліктік жауапкершілік жалпы ереже бойынша жеке қатысушыларға заңды түлғаның міндеттемелері бойынша туындамайды. Яғни жеке қатысушылар заңды тұлғаның, заңды тұлға жеке қатысушылардың міндеттемелері бойынша жауап бермейді. Бірақ заң актілерімен заңды тұлғаның қатысушыларының заңды тұлға міндеттемелері бойынша жауаптылығы көзделуі мүмкін. Меншік иесі қаржыландыратын мекеме мен қазыналық кәсіпорындар АК-тің 44-бабының 1-тармағына сәйкес өз міндеттемесі бойынша өз билігіндегі ақщалай қаражатпен жауап береді, ал қаражат жеткіліксіз болған жағдайда мекеме мен қазыналық кәсіпорынның міндеттемелері бойынша қосымша оның құрылтайшысы жауапты болады.
Заңды тұлғаның азаматтық айналымға өз атынан қатынасуы ол прцессуалдық құқықтық белгі. Ол оның сотта талапкер және жауапкер болуына, өз атынан шарт жасасуға, бір жақты мәміле жасауына мүмкіндік береді.
2. АК-тің 34-ші бабында көрсетілгендей барлық заңды тұлғалар мақсатына қарай коммерциялық және коммерциялық емес болып бөлінеді. Өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде табыс (табуды) келтіруді көздейтін ұйым коммерциялық заңды тұлға, не мұндай мақсат ретінде табыс келтіре алмайтын және алынған таза табыста қатысушыларына үлестірмейтін ұйым коммерциялық емес заңды тұлға болып табылады.
Жалпы заңды тұлғаларды жүйлеп олардың әрқайсысының ерекшелігін анықтау үшін нақты жүйеленген ұйымдық-құқықтық нысандардың белгіленуі орынды. Мұндай ұйымдық-құқықтық нысандар заң бойынша қалыптастырылған. Әрбір заңды ұйымның құқықтары мен міндеттері, ішкі құрылымы, оның басқару органдары мен басқа да қатысушылардың өзара қатынасы әрі құқықтық жағдайы мен ерекшеліктері оның ұйымдық-құқықтық түріне тікелей байланысты болады.
Ұйымдардың қай түрге жататындығын анықтауда таза табысты сол заңды ұйымның қатысушылары арасында бөлу мүмкіндігі негіз болады. Егер заңды ұйым заң және жарғылық құжаттарына сәйкес таза табысты қатысушыларға бөлуге құқығы болса – ол коммерциялық ұйым болып, мұндай табысты бөлуге құқығы жоқ болса коммерциялық емес ұйым болып табылуы тиіс. Сонымен қатар коммерциялық ұйым жалпы заң бойынша тыйым салынбаған кез-келген кәсіпкерлік қызметпен айналыса алады. Ал коммерциялық емес ұйым тек өзінің жарғылық мақсатына сай келетін кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқығы бар.
Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға мемлекеттік кәсіпорын, шаруашылық серіктестік, акционерлік қоғам, өндірістік кооператив нысандарында ғана құрылуы мүмкін. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғамдар, тұтыну кооперативі, қоғамдық қор, діни бірлестік нысанында және заң құжаттарында көзделген өзге де нысанда құрылуы мүмкін.
Коммерциялық емес ұйымның ерекшілектері:
1. Ол мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғам, тұтыну кооперативі, қор, діни бірлестік және заң құжаттарында көзделген өзге де нысанда құрылуы мүмкін.
2. Тек жарғылық мақсаттарға сәйкес келетін кәсіпкерлік қызметпен айналысады.
3. Жекелеген ұйымдық-құқықтық нысандағы коммерциялық емес ұйымдардың кәсіпкерлік қызметіне заң актілерімен шектеулер қойылуы мүмкін.
4. Бұл ұйым кәсіпкерлік қызмет бойынша кіріс шығыс есебін жүргізеді.
5. Оның кәсіпкерлік қызметінен алынған табысы ұйым мүшелерінің арасында бөлуге жатпайды.
Заңды ұйымдар мемлекеттік және мемлекеттік емес болып бөлінеді. Мемлекеттік заңды ұйымдарға (кәсіпорын және мекеме) мүлкі үлестерге бөлінбей толығымен мемлекеттің меншігі болып табылатын ұйымдар жатады (АК-тің 102 бабы). Ал қалған ұйымдардың барлығы, тіпті жарғылық қорда мемлекеттің қандай да бір үлесі болса да ол мемлекеттік емес ұйымдар болып табылады.
Заңды ұйымдардың ішінде шет мемлекеттердің қатысуындағы кәсіпорындар да бар. Шет мемлекет қатысушысы болып табылатын кәсіпорын (біріккен кәсіпорын, шетелдік кісіпорын) заңды ұйымдардың жеке ұйымдық-құқықтық нысаны емес. Бұл кәсіпорындар АК-тің 34-бабының талаптарына толық бағынады және олар тек жауапкершілігі шектеулі серіктестік немесе акционерлік қоғам нысанында құрылады.
3. Заңды тұлғаларды құру.
Азаматтық кодекстің талабына сәйкес заңды тұлғаны бір немесе бірнеше құрылтайшы құруы мүмкін. Заңды тұлғаның құрылтайшысы сол заңды тұлғаны құрудың бастамасышысы әрі оны құрушы. Жеке азаматтар мен заңды ұйымдар құрылтайшы бола алады. Бірақ кейбір заңды ұйымдардың құрылтайшылары тек азаматтар ғана бола алады да (толық серіктестік АК 58 б., 3 т.), ал кейбір заңды ұйымдарда тек заңды ұйымдар құрылтайшы болады (АК 110 б.).
Заңды ұйымды құруға байланысты барлық шығындарды құрылтайшылар өз қаражатымен көтереді. Құрылатын заңды ұйымның барлық мүддесіне байланысты келісім шарттарды құрылтайшылар өз атынан жасайды, өйткені бұл кезде заңды ұйым құрылып болған жоқ. Сондықтан келісім шарттардың орындалмауы немесе тиісінше орындалмауына байланысты жауапкершіліктерді құрылтайшылар көтереді. Заңды ұйым құрылғаннан кейін оның жоғарға органы сол заңды ұйым құрылғанға дейін құрылтайшылары оның мүддесіне сай жасаған барлық міндеттемелер мен жауапкершіліктердің заңды ұйымға өтетіндігі туралы шешім қабылдайды.
Мүлікті шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару құқығымен иеленетін заңды тұлғалар меншік иесінің (органның) келісімімен басқа заңды тұлғалардың құрылтайшылары бола алады. Заңды тұлға өз қызметін жарғысы не құрылтай шарты деп аталатын құрылтай құжаттары негізінде жүзеге асырады. Коммерциялық емес ұйымның құжаттары:
1) мекеме үшін - меншік иесі бекіткен ереже (жарғы) және меншік иесінің заңды тұлға құру туралы шешімі. 2) қор, тұтыну кооперативі, коммерциялық емес акционерлік қоғам қауымдастық нысанындағы өзге де заңды тұлғалар үшін - құрылтайшылар бекіткен жарғы және құрылтай шарты; 3) қоғамдық бірлестік, діни бірлестік үшін - жарғы болып табылады.
Құрылтай шарты мен жарғы арсында қарама қайшылық болған жағдайда:
1) егер олар құрылтайшылардың ішкі қатынастарына қатысты болса, құрылтай шартының:
2) егер олардың қолданылуы заңды тұлғаның үшінші тұлғалармен қатынасы үшін маңызды болса, жарғының талаптары қолданылуы тиіс.
Заңды тұлға әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтуге тиіс және ол сол сәттен бастап құрылды деп саналады. Заңды тұлға мынандай жағдайларда:
жарғылық капиталы азайтылған;
атауы өзгергенде;
шаруашылық серіктестіктеріндегі қатысушылардың құрамы өзгергенде (жүз және одан да көп қатысушысы бар шаруашылық серіктестіктерін қоспағанда) қайта тіркелуге тиіс.
4. Заңды тұлғаның құқық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігі.
Заңды тұлғаның құық қабілеттілігі ол құрылған сәттен бастап пайда болып, оны тарату аяқталған кезде тоқтатылады. Заңды тұлға заң құжаттарында тізбесі белгіленген жекеленген қызмет түрлерімен тек лицензия негізінде ғана айналыса алады. Яғни, белгілі бір қызметпен айналысу үшін лицензия алу қажет болатын заңды тұлғаның құқық қабілеттілігі, сол лицензияны алған күннен бастап пайда болады. АК-тің 35-бабының 1-тармағына сай заңды тұлға азаматтық құқықтарға ие болып, өз қызметіне сай міндеттерді атқарады.
Коммерциялық ұйым өзінің жарғысында қаралмаған қызметпен айналыса береді, ең бастысы заң оған тыйым салмайтындай болуы керек. Коммерциялық ұйымдардың құрылтай құжаты арқылы құқық қабілеттіктері шектелуі мүмкін, яғни қандай да бір қызмет түрлерімен айналысуға тыйым салады.
Коммерциялық емес заңды ұйымдар тек қана жарғылық мақсаттарға жету үшін құрылтай құжаттарында көрсетілген қызметтермен ғана айналыса алады. Демек, коммерциялық емес ұйымдардың құқықтық қабілеттіліктері арнайы болып табылады.
Мемелекеттік емес коммерциялық ұйымдарға қарағанда мемлекеттік кәсіпорындар құқықтық қабілеттіліктері шектеулі болады. Яғни меншік иесінің мүлкі шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару құқығымен берілген мемлекеттік кәсіпорындар тек белгілі бір қызмет түрлерімен айналысуға құқылы. Бұл арнайы құқықтық қабілеттілік.
Заңды тұлғаның оны басқа заңды тұлғалардан айыруға мүмкіндік беретін өз атауы болады. Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғаның атауы заңды тұлғаны тіркегеннен кейін оның фирмалық атауына айналады. Фирмалық атау коммерциялық ұйымның тіркелуімен бір мезгілде тіркелуге жатады. Бөтен фирмалық атауды заңсыз пайдаланатын тұлға ол атауды меншіктейтін тұлғаның талабымен оны қолдануды дереу тоқтатуға және келтірілген залалдың орнын толтыруға міндетті. Заңды тұлғаның атауында заң талаптарына немесе қоғамдық мораль қалыптарына қайшы келетін аттарды, егер жеке адамдардың есімдері қатысушылардың есімдеріне сәйкес келмесе не қатысушылар бұл адамдардың есімін пайдалануға олардан (олардың мұрагерлерінен) рұқсат алмаса олардың есімдерін пайдалануға жол берілмейді.
Мемелекеттік органдар болып табылмайтын заңды тұлғалардың фирмалық атауларында, қызмет көрсету таңбаларында, тауар таңбаларында, Қазақстан Республикасының заң актілерінде, Президенті мен Үкімет актілерінде белгіленген Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының ресми атауларына сілтемелерді пайдалануға тыйым салынады. Заңды тұлғаның тұрақты жұмыс істейтін органы оның тұрған жері болып табылады және ол құрылтай құжаттарында көрсетіледі.
Заңды тұлғаның оқшау мүлкіне қатысты оның құрылтайшыларының міндеттемелік және заттық құқықтары болуы мүмкін.
Мүлкіне өз қатысушыларының (құрылтайшыларының) міндеттемелік құқықтары болатын заңды тұлғаларға шаруашылық серіктестіктер, акционерлік қоғам мен кооперативтер жатады.
Мүлкіне өз құрылтайшылары меншік құқығын немесе өзге де заттық құқығын сақтап қалатын заңды тұлғаларға шаруашылық жүргізу құқығы немесе оралымды басқару құқығында мүлкі бар ұйымдар жатады.
Заттық құқықты (меншік құқығы) мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің мүлкіне қатысты мемлекет иеленеді. Ал мемлекеттік емес мекемелердің мүлкіне заттық құқықты сол мекеменің құрылтайшысы (құрушысы) иеленеді.
Ал шаруашылық серіктестіктер, акционерлік қоғамдар мен кооперативтердің мүлкіне қатысты оның қатысушылары, құрылтайшылары немесе құрушылары меншік құқығы емес, міндеттемелік құқықты иеленеді. Демек, оның кез-келген қатысушысы заңды ұйымның мүлкінен бір бөлігін (жер учаскесін, автокөлік, құрылыс) беруді талап ете алмайды. Ондағы барлық мүлікке меншік құқығы тиісті заңды ұйымға тиесілі.
АК-тің 43-бабына сәйкес заңды тұлғаның тұрған жерінен тыс орналасқан және оның міндеттерінің бәрін немесе бір бөлігін, соның ішінде өкілдік міндетін жүзеге асырушы оқшау бөлімшесі филиал болып табылады. Ал заңды тұлғаның тұрған жерінен тыс орналасқан және оның мүдделерін қорғау мен өкілдігін жүзеге асыратын оның атынан мәмілелер мен өзге құқықтық әрекеттер жасайтын оқшау бөлімшесі өкілдік болып табылады.
Филиалдар мен өкілдіктер өздерініңүліктері мен аумақтық дербестіктері болғанына қарамастан заңды тұлға болмайды. Оның мүлкіне меншік құқығы негізгі заңды ұйымға тиесілі болады. Практикада филиалдар мен өкілдіктерді бөлімше, контора, агенттік және ұйым деп көрсететін жағдайлар көп кездеседі. Бірақ бұл заңға қайшы келеді. Бұларға өздерін құрған заңды тұлғаның мүлкі беріледі және оның бекіткен ережелері негізінде жұмыс істейді. Филиалдар мен өкілдіктер басшыларын заңды тұлға уәкілдік берген орган тағайындайды және оның сенімхаты негізінде жұмыс істейді. Яғни филиал немес өкілдіктің басшысының өкілеттілігі оған берілген сенімхаттың негізінде айқындалады. Филиалдар мен өкілдіктер басшыларының мәмілелері заңды тұлға атынан жасалады және ондай мәмілелерден туындаған міндеттемелік жауапкершілікті мүліктің бәрін өзіне еншілейтін заңды тұлға көтереді.
Филиалдар мен өкілдіктер:
өзінің жеке мүлкі болмайды;
олар өз атынан емес заңды тұлға атынан әрекет етеді;
ол жеке мүліктік жауапкершілікте болмайды, оның әрекеттеріне негізгі заңды ұйым жауапты.
Филиалдар мен өкілдіктердің құқықтық жағдайында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Негізгі айырмашылық олардың атқаратын қызметіне байланысты. Бірақ, егер филиал заңды тұлғаның міндетінің барлығын не бір бөлігін, оның ішінде өкілдіктің де міндетін жүзеге асыратын болса, онда өкілдік өзін құрған заңды тұлғаның мүдделерін қорғауға тиісті және оның оның атынан мәмілелер мен басқа да құқықтық әрекеттер жасай алады.
Филиалдар мен өкілдіктердің құқықтық жағдайы олар туралы ереже мен оның басшысына берілген сенімхат негізінде айқындалады. Филиал және өкілдік туралы ереже тиісті филиалдың ішкі қатынастарын, филиалдар арасындағы мен негізгі заңды ұйым арасындағы қатынастарды реттейді. Олар: филиалдардың міндеті мен қызмет трлері, оның лауазымды тұлғаларын тағайындау тәртібі, олардың құзіреттерін анықтау, бақылау тәртібін белгілеу мен негізгі заңды ұйыммен арадағы мүліктік қатынастар. Ал сенімхат филиалдың немесе өкілдіктің басшысына беріледі, ол тиісті басшының әрекеттер шеңберін анықтайды. Демек, ереже ішкі қатынастарды, ал сенімхат сыртқы қатынастарды реттейді.
Филиалдар мен өкілдіктер міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс. Оларды тіркеуде құрылтай құжаты емес, оны құру туралы тиісті заңды ұйымның шешімінің көшірмесі табыс етіледі.
5. Заңды тұлғаларды қайта құру - дегеніміз заңды тұлғаның құқықтарымен міндеттерінің мирасқорлыққа өтуіне байланысты тоқтатылу тәсілі. (қосу, біріктіру, бөлу, бөліп шығару, өзгерту.) Заңды тұлғаны тарату - заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерінің мирасқорлыққа өткізбей тоқтату тәсілі (АК-тің 51-бап). Заңды тұлғаны тарату немесе қайта құру ерікті және ықтиарсыз жүргізілуі мүмкін. Ерікті қайта құру заңды тұлғаның мүлкінің меншік иесінің немесе құрылтай құжаттары бойынша қайта құруға өкілеттігі бар заңды тұлғаның органының шешімі бойынша жүзеге асырылады.
Республикалық мемлекеттік кәсіпорындарды қайта құру ҚР үкіметінің шешімі, комуналдық кәсіпорындарды – жергілікті әкімнің шешімі негізінде жүргізіледі.
Мемлекеттік заңды ұйымдарды жеке меншік нысанына айналдыру арқылы қайта құру тек жекешелендіру арқылы жүргізіледі.
Шаруашылық серіктестіктер заң құжаттарында белгіленген реттер мен тәртіп бойынша қатысушылардың жалпы жиналысының шешімімен шаруашылық серіктестіктің бір түрінен екінші түрі не акционерлік қоғамдар немесе өндірістік кооперативтер болып қайта құрылуы мүмкін.
Акционерлік қоғам шаруашылық серіктестігі немесе өндірістік кооператив болып қайта құрылуы мүмкін (АК-тің 93 бабы).
Ықтиарсыз қайта құру заң құжаттарында көзделген реттерде сот органдарының шешімі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
Заңды тұлғаны тарату оның мүлкінің меншік иесінің немесе заңды тұлғаның тиісті органының тағайындаған тарату комиссиясымен жүзеге асырылады және тарату туралы шешім қабылданғаны туралы дереу әділет органына жазбаша хабарланады.
АК-тің 51 бабы таратылатын заңды ұйымның несие берушілерінің талаптарын қанағаттандыру кезегін реттейді. Ол бойынша бірінші - өмір мен денсаулыққа келтірілген залал, екінші – кепілді қамтамасыз ету, үшінші – еңбекақы мен авторлық сыйақы, төртінші – бюджеттік төлемдер құрайды.
Таратылатын заңды тұлға мүлкінің жеткіліксіз болуына байланысты несие берушілердің қанағаттандырылмаған, сондай-ақ тарату балансын бекіткенге дейін мәлімделмеген талаптары өтелген деп есептеледі.
Заңды тұлғаны таратудың жеке жағдайы оны банкрот деп жариялау болып табылады. Банкроттық - борышқордың соттың шешімімен танылған оны таратуға негіз болып табылатын дәрменсіздігі. Банкроттық ерікті түрде немесе мәжбүр ету тәртібімен жүргізіледі. Таратылатын борышқордың мүлкі барлық несие берушілердің талаптарын қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болған жағдайда активтер оларға әділ етіп бөлінеді. Банкроттық қазыналық кәсіпорындар мен мекемелерге жүрмейді, өйткені оның меншік иесі субсидиарлық жауапкершілікте болады.
Борышқорға төлем қабілеттігін қалпына келтіру мақсаты үшін тек коммерциялық заңды ұйымдарға оңалту рәсімі қолданылуы мүмкін. Дәрменсіз борышкер, борышкер мүлкінің иесі, несие берушілер оңалту рәсімін қолдану туралы сот борышкерге байланысты тиісті шешімді қабылдағанға дейін сотқа мәлімдей алады. Өтініште оңалту рәсімін қолданудың орындылығы, оның төлем қабілетін қалпына келтірудің мүмкіндігі негізделіп оңалтуды басқарушының кандидатурасы бойынша ұсыныс болуға тиіс.
Оңалту рәсімі деп - дәрменсіз борышқорға оны таратылудан сақтап қалу мақсатымен борышқордың төлем қабілетін қалпына келтіруге бағытталған сот не соттан тыс рәсім арқылы қолданылатын кез келген қайта құрушылық, ұйымдастыру-шаруашылық, басқарушылық, инвестициялық, техникалық, қаржы-экономикалық, құқықтық және заңдарға қайшы келмейтін өзге де шараларды айтады.
6. Заңды тұлғалардың негізгі түрлері.
АК-тің 34-ші бабы коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғалардың төрт ұйымдық-құқықтық түрін көрсетеді. Олар: мемлекеттік кәсіпорын, өндірістік кооператив, шаруашылық серіктестік және акционерлік қоғам.
Мемлекеттік кәсіпорындар экономиканың мемлекеттік секторларына қатысты. Өндірістік кооператив оның мүшелерінің еңбекке тікелей қатысуымен сипатталады. Акционерлік қоғам ірі кәсіпкерлік бірлестіктерді құру барысында негізгі жарғылық қорды қалыптастыру үшін акциялар шығаратын қоғам.
Жарғылық капиталы құрылтайшылардың үлесіне бөлінген коммерциялық ұйым шаруашылық серіктестік деп танылады. Шаруашылық серіктестікті бір адам құруы мүмкін. Түрлері:
толық серіктестік;
жауапкершілігі шектеулі серіктестік;
қосымша жауапкершілігі бар серіктестік;
сенім (командиттік) серіктестігі.
Шаруашылық серіктестіктер коммерциялық ұйым, олардың негізгі мақсаты пайда табу және оны қатысушылардың арасында бөлу. Жеке және заңды тұлғалар шаруашылық серіктестіктің құрылтайшысы бола алады. Серіктестіктің мүлкі қатысушылардың бастапқы салымдарынан тұрады және ол серіктестіктің меншігі болып табылады. Қатысушылары тек өз салымдарына ғана ие бола алады.
Шаруашылық серіктестіктерді серіктестіктің қарызы бойынша оның қатысушыларының жауапкершілігіне байланысты екі топқа бөлуге болады.
Бірінші топқа жеке тұлғалардың өзі қатысатын, үлкен қаржыға негізделмеген кәсіпкерлік қызметпен айналысатын, барлық қатысушылардың жауапкершілігімен сипатталатын толық және сенім серіктестігін жатқызамыз.
Екінші топқа бір немесе бірнеше қатысушылардың серіктестіктің жарғылық қорындағы салымдары шеңберінде тәуекел ететін, өз салымдарын біріктіру негізінде кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестігі жатады.
Азаматтар ғана толық серіктестіктің қатысушылары және сенім серіктестігіндегі толық серіктер бола алады. Шаруашылық серіктестіктің құрылтай құжаттарын нотариат куәландыруы тиіс.
Толық серіктестіктің мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда серіктестіктің міндеттемелері бойынша қатысушылары өзіне тиесілі барлық мүлкімен ортақ жауапкершілікте болатын серіктестік - толық серіктестік деп танылады.
Негізгі басқа серіктестіктерден айырмашылығы - қатысушыларының серіктестік міндеттемесіне толық жауапкершілікте болуы. Толық серіктестіктің міндеттемесі бойынша серіктестік өзінің барлық мүлкімен және қатысушылары қосымша өз мүліктерімен жауапкершілікте болады.
Серіктестіктің міндеттемелері бойынша өзінің бүкіл мүлкімен (толық серіктерімен) қосымша жауап беретін бір немесе одан да қатысушылармен қатар, серіктестіктің мүлкіне өздері салған салымдардың жиынтығымен шектелетін бір немесе одан да көп қатысушыларды да енгізетін және серіктестіктің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға қатыспайтын серіктестік – сенім серіктестігі болып табылады.
Бір немесе бірнеше адам құрған жарғылық капиталы құрылтай құжаттарымен белгіленген мөлшерде үлеске бөлінген серіктестік - жауапкершілігі шектеулі серіктестік деп танылады. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар оның міндеттері бойынша жауап бермейді және серіктестіктің қызметіне байланысты залалдарды өздерінің қосқан салымдарының шегінде тәуекел етеді.
Қатысушылары серіктестік міндеттемелері бойынша өздерінің жарғылық капиталына салымдармен жауап беретін ал, бұл сомалар жеткіліксіз болған жағдайда өздеріне тиесілі мүлікпен оған өздері еселенген мөлшерде енгізілген салымдар арқылы жауап беретін серіктестік - қосымша жауапкершілігі бар серіктестік деп танылады.
Шаруашылық серіктестіктердің жоғары органы оның қатысушыларының жалпы жиналысы болып табылады. Шаруашылық серіктестікте оның қызметіне күнделікті басшылық жасайтын және оның қатысушыларының жалпы жиналысына есеп беріп отыратын атқарушы орган (алқалы немесе жеке дара құрылады). Жеке дара басқару органы оның қатысушылары арасынан сайланбауы мүмкін.
Серіктестіктің алқалы органдары ретінде:
басқарма (дирекция);
байқаушы кеңес;
заң актілерінде немесе шаруашылық серіктестігі қатысушыларының жалпы жиналысының шешімінде көзделген жағдайларда басқа да оӀгандар құрылуы мүмкін.
Акционерлік қоғам дегеніміз - өзінің кызметін жүзеге асыру үшін қаражат тарту мақсатында акциялар шығаратын заңды тұлға болып табылады. Өз жарғылық қорын бағалы қағаздар шығару арқылы қалыптастыратын бірден-бір заңды ұйым – акционерлік қоғам. Акция дегеніміз – акцонерлік қоғам шығаратын және акционерлік қоғамды басқаруға қатысу, ол бойынша дивиденд және қоғам таратылған жағдайда оның мүлкінің бір бөлігін алу құқығын куәландыратын бағалы қағаз.
Акционерлік қоғамды құру туралы шешім қабылдаған жеке немесе заңды тұлғалар оның құрылтайшылары болып табылады.
Қазақстан Республиксының заң актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметін, жергілікті атқарушы органдарды, сондай-ақ Қазсқтан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, Қазсқтан Республикасының мемлекеттік органдары мен мемлекеттік мекемелер қоғамның құрылтайшылары немесе акционерлері бола алмайды. Мемлекеттік кәсіпорын осы кәсіпорынға қатысты меншік иесі мен мемлекеттік басқару органының функциясын жүзеге асыратын мемлекеттік органның келісімімен ғана қоғамның құрылтайшысы болуға және оың акцияларын сатып алуға құқылы.
Қоғам жай акциялар, не жай және артықшылықты акциялар шығаруға құқылы. Акциялар құжатсыз нысанда шығарылады. Жай акция дауыс беруге енгізілетін барлық мәселелерді шешкен кезде акционерге дауыс беру құқығымен акционерлердің жалпы жиналысына қатысу құқығын, қоғамда таза табыс болған жағдайда дивиденттер, сондай-ақ қоғам таратылған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен оның мүлкінің бір бөлігін алу құқығын береді. Артықшылықты акциялардың меншік иелері – акционерлердің жай акциялардың меншік иелері – акционерлеріне қарағанда қоғамның жарғысында белгіленіп, алдын ала айқындалып кепілдік берілген мөлшерде дивиденттер алуға және қоғам таратылған кезде заңда белгіленген тәртіппен мүліктің бір бөлігіне басым құқығы бар. Қоғамның артықшылықты акцияларының саны рның жарияланған акцияларының жалпы санының жиырма бес пайызынан аспауға тиіс.
Акционерлік қоғамның өз қатысушыларының мүлкінен оқшауланған мүлкі болады, өз міндеттемелері бойынша өз мүлкі шегінде жауапты болады және өз қатысушыларының міндеттемелері бойынша жауап бермейді.
АК-тің негізі бойынша кооперативтің екі түрі бар. Олар: өндірістік және тұтыну кооперативтері. Өндірістік кооператив – коммерциялық, ал тұтыну кооперативі – коммерциялық емес заңды ұйым.
Азаматтардың бірлескен кәсіпкерлік қызметі үшін мүшелік негізде олардың өз еңбегімен қатысуына және өндірістік кооператив мүшелерінің мүліктік жарналарын біріктіруіне негізделген ерікті бірлестігі өндірістік кооператив деп аталады.
Тұтыну кооперативі - қатысушылардың материалдық және өзге де қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін өз мүшелерінің мүліктік жарналарын біріктіру арқылы жүзеге асырылатын мүшелік негіздегі ерікті бірлестігі.
Мемлекеттік кәсіпорынға:
шаруашылық жүргізу құқығына негізделген;
оралымды басқару құқығына негізделген (қазыналық) кәсіпорындар жатады.
Мемлекеттік кәсіпорынның мүлкі бөлінбейді және оны салымдар бойынша, соның ішінде кәсіпорын қызметкерлері арасында бөлуге болмайды.
Меншік түрлеріне байланысты республикалық және жергілікті коммуналдық меншіктегі кәсіпорындар болып бөлінеді. Оның мүлкіне меншік иесінің атауы, яғни фирмалық атауында “мемлекет” деген сөз болуы қажет.
Мемлекеттік кәсіпорындар туралы заң мемлекеттің кәсіпкерлік қызметін шектейді, ол белгілі бір қызмет жүйесімен айналысуы қажет.
Мемелекеттік кәсіпорындар мемлекет пен қоғам қажеттілігне сай мынандай әлеуметтік-экономикалық мақсаттар үшін құрылады.
мемлекеттік қорғаныс қабілетін материалдық жағынан қамтамасыз ету және қоғам мүддесін қорғау;
жеке секторлар толық қамтамасыз етпеген, бірінші кезектегі қажетті тауарларды (қызмет көрсету, жұмыс) шығару;
мемлекет функциясы болатын, мемлекеттік монополияға жататын салалардағы қызмет.
Кәсіпорынды басқару функциясын жүзеге асыруға байланысты уәкілетті орган басқарудың субъектісі ретінде, ал кәсіпорын – объекті ретінде қатысады. Кәсіпорынға байланысты меншік өкілеттігін жүзеге асыру барысында мемлекеттің өкілі ретінде қатысушы мемлекеттік меншіктің субъектісі (иелену, пайдалану және билік ету), ал кәсіпорын мүліктік кешен ретінде меншіктің объектісі болады.
Республикалық мемлекеттік кәсіпорындарды қайта құру немесе тарату ҚР Үкіметінің шешімімен, ал коммуналдық кәсіпорындарды қайта құру немесе тарату жергілікті әкімшіліктің әкімінің шешімімен жүргізіледі.
Кәсіпорында уәкілетті орган тағайындаған, әрі оған бағынышты болатын басшы басқарады. Басшының құқықтық жағдайы арада жасалатын контрактімен айқындалады.
Мемлекеттік кәсіпорын үшін мемлекеттік тапсырыстарды орындау міндетті. Егер мемлекеттік тапсырыс болатын болса, кәсіпорын тауарды сатушы немесе сатып алушы (жұмыс, қызмет көрсету) ретінде келісім шарт жасасудан бас тарта алмайды.
Кәсіпорынның заңмен тыйым салынған, оның жарғысында қаралмаған және оған уәкілетті органның рұқсаты алынбаған, сонымен бірге өткізілетін тауарларға (қызмет көрсету, жұмыс) үстеме баға қоюға байланысты алынған табыстары уәкілетті органның немесе басқа да құзіретті органдардың шешімімен алынып, тиісінше республикалық және жергілікті бюджеттерге аударылуға жатады.
Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар: еншілес
Кәсіпорын уәкілетті органның (құрылтайшының) әрекетіне байланысты банкрот болса, онда шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынның міндеттемелері бойынша оның несие берушілерінің алдында өз қаражаты жетпеген жағдайда мемлекет жауап береді.
Жедел басқару құқығымен мемлекет мүлкіне ие болған кәсіпорын қазыналық кәсіпорын деп танылады. Қазыналық кәсіпорын Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша құрылады.
Қазыналық кәсіпорынның шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорыннан негізгі айырмашылығы, біріншіден, оларға қарасты мүліктің құқықтық режимінде, демек, шаруашылық жүргізу құқығы мен оралымды басқару құқығында. Екіншіден, шаруашылық субъектілері ретінде кәсіпорындардың дербестігінде: қазыналық кәсіпорынға қарағанда шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынның өндірістік дербестігі кең. Шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын шығарған немесе жасаған тауарларына бағаны өзі белгілесе, қазыналық кәсіпорынның бағаларын уәкілетті орган белгілейді. Еңбекақы мәселелері де осылай шешіледі. Үшіншіден, кәсіпорындардың жауапкершілік сипатында: шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын өз міндеттемесі бойынша өзіне тиесілі бар мүлкімен жауапкершілікте болады, ал қазыналық кәсіпорын тек өз билігіндегі қаражатпен жауап береді, қаражат жеткіліксіз болған жағдайда мемлекет субсидарлық жауапкершілікте болады.
Мекеме - құрылтайшысы басқару, әлеуметтік-мәдени немесе коммерциялық емес сипаттағы өзге де қызметтерді жүзеге асыру үшін құрған және қаржыландыратын ұйым. Мекеме меншік нысанына байланысты мемлекеттік және жеке меншік мекеме болып бөлінеді. Мекеме коммерциялық емес сипаттағы кез келген мақсатта құрылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына сәйкес мемлекет құрған немесе егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, Президенттің, Үкіметтің, астана, облыстар, республикалық маңызы бар қала әкімдерінің шешімі бойынша құрылған және тек қана мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын мекеме мемлекеттік мекеме деп танылады. Мемлекттік мекеменің мүлкі оған оралымды басқару құқығымен бекітіліп беріледі. Мемелекеттік мекемелер жасасатын азаматтық-құқықтық мәмілелер Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен тіркелуге тиіс.
Жеке меншік мекеме - басқарушылық, әлеуметтік-мәдени немесе коммерциялық емес сипаттағы өзге де қызметтерді жүзеге асыру үшін жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалар құрған, мемлекттік құрылымның бөлігі болып табылмайтын ұйым жеке меншік мекеме болып табылады. Жеке меншік мекеменің мүлкі оған оралымды басқару құқығымен бекітіліп беріледі. Жеке меншік мекеме өз міндеттемелері бойынша өзінің билігіндегі ақшамен жауап береді. Ақшасы жеткіліксіз болған жағдайда мемлекеттік емес мекеменің міндеттемелері бойынша оның құрылтайшысы жауапты болады.
Қоғамдық бірлестік - заңдарға қайшы келмейтін, ортақ мақсаттарға жету үшін азаматтардың ерікті бірігуі нәтижесінде құрылған ұйым. Оларға саяси партиялар, кәсіптік одақтар, ерікті қоғамдар, шығармашылық одақтар жатады. Қоғамдық бірлестіктің мақсаты - оның мүшелері табыс табайын деп емес, өздерінің рухани және басқа қажеттіктерін қанағаттандыру үшін бірігеді. Қоғамдық бірлестіктің құқықтық жағдайы “Коммерциялық емес ұйымдар туралы” (2001 ж. 16 қаңтар) және “Қоғамдық бірлестіктер туралы” (1996 ж. 16 қаңтар) Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
Қазақстан Республикасында республикалық, аймақтық және жергілікті қоғамдық бірлестіктер құрылуы мүмкін.
Республикалық қоғамдық бірлестікке ҚР-ның жартысынан астам облыстарында өзінің құрылымдық бөлімшелері (филиалдар мен өкілдіктер) бар қоғамдық бірлестіктер жатады. Ал оның құрылымдық бірлестіктері облыстың жартысынан аз болса ол аймақтық қоғамдық бірлестікке жатады.
Рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін өз мүдделерінің ортақтығы негізінде заң актілерінде белгіленген тәртіппен біріккен азаматтардың ерікті бірлестігі діни бірлестік деп танылады. Діни бірлестіктерге қатысушылардың осы ұйымға өздері берген мүлікке, соның ішінде мүшелік жарналарға құқықтары сақталмайды.
Қор - азаматтар және заңды тұлғалар ерікті мүліктік жарналар негізінде құрған әлеуметтік, қайырымдылық, мәдени, білім беру және өзге де қоғамдық пайдалы мақсаттарды көздейтін, мүшелігі жоқ коммерциялық емес ұйым. Қордың басты ерекшелігі қорды құрған тұлға оған мүше болмайды және оның ісін басқаруға тікелей араласа алмайды. Сонымен қатар жұбайлық және жақын туыстық байланысы бар адамдар осы қордың штаттағы қызметкері бола алмайды. Қордың некеде тұруымен, жақын туыстықпен немесе жек-жаттықпен байланыспаған басшысы мен бухгалтері болуға тиіс. Бір адамның екі қызметті қатар істеуіне болмайды.
Құрылтайшылардың құрамына, сондай-ақ қызмет саласына қарай жеке, корпоративтік, қоғамдық, мемлекеттік қорлар құрылуы мүмкін. Қызмет мақсаттарына қарай әлеуметтік-қайырымдылық,, мәдени, білім қорлары және өзге де қорлар құрылуы мүмкін. (Коммерциялық емес ұйымдар туралы заңның 13-бабы)
Бір жеке адамның немесе жеке адамдардың - бір отбасы мүшелерінің өзінің жеке қаражаттары есебінен құрған қоры жеке қор деп танылады. Жеке қор, сондай-ақ жеке адамның нотариалды куәландырылған өсиеті бойынша да құрылуы мүмкін.
Бір отбасының мүшелері болып табылмайтын жеке адамдардың және заңды тұлғалардың - қоғамдық бірлестіктердің құрған қоры қоғамдық қор деп танылады. Қоғамдық қордың мүлкі бір отбасы мүшелерінің - аталған қордың бірден бір қатысушыларынан түсетін түсімдер есебінен құрыла алмайды
Достарыңызбен бөлісу: |