Әлеуметтік құқық әрбір адамға лайықты өмір деңгейін және әлеуметтік қорғануды қамтамасыз етуді білдіреді. Мұнда пәтер-үйге, дем алуға, денсаулықты қорғауға, қоршаған ортаның жайлы болуына, азаматтарды еңбек ету қабілетінен айрылған жағдайда материалдық жағынан қамтамасыз етілу құқықтары жатады.
Мәдени құқық адамның рухани дамуын өрбітіп, өрістетуге бағытталады. Оған білім алуға, мәдени қазыналарды көруге рұқсат, өнер мен техникалық жасампаздыққа, қоғамның мәдени өміріне еркін араласуға құқығы және т.б. жатады.
Адам құқығы мен бостандығының жүзеге асырылуын оның қоғам мен мемлекеттің алдындағы міндеттерінен ажыратып қарауға болмайды. Олар өзара тығыз байланысты. Бұл міндеттердің орындалуы жеке, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қамтамасыз ету үшін қажет.
Адам құқығының іске асып, орындалуының өте зор маңызы бар. Ол бойынша қай елдің болмасын даму өрісін, адамгершілік, парасаттылығын байқауға болады. Адам құқығының қамтамасыз етілу деңгейі қоғамның даму дәрежесі мен демократиялылығын көрсетеді. Ондай елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік дамуы да жоғары болады. Ол елде кертартпа, тоталитарлық тәртіпке де жол берілмейді.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
«Саясаттың субъектісі», «саясаттың объектісі» деп нені айтады?
Тұлғаға кім жатады?
Тұлғаның қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуының маңызы неде?
Жеке адамның қандай негізгі құқықтары мен бостандықтарын білесіз?
Жеке адамның құқықтары қалай жіктеледі?
Қазіргі қоғам қалай жіктеледі, оның өлшемі қандай?
Тақырып: Саяси идеология.
Жоспар:
1.Саяси сана және саяси идеология.
2.Қазіргі идеологияның негізгі түрлері.
1. Саяси сана деп өмірдегі саяси қатынастарды бейнелейтін, оларды түсініп – сезінетін, адамдардың бұл саладағы іс - әрекеттеріне бағыт – бағдар беретін әлеуметтік сезімдер, түсініктер, көзқарастар жиынтығын айтады. Ол мемлекеттің, қоғамның саяси жүйесінің пайда болуыме бірге дүниеге келеді. Әлеуметік, ұлттық мүдделерді, мемлекет алдындағы мақсатты жүзеге асырумен байланысты болса, қоғамдық сана саяси мағынаға ие болады. Саяси сананың негізгі мәселесі- мемлекеттік билік, оның қызметі.
Саяси сана әр түрлі қызметтерді атқарады. Олардың ішінде негізгілері мыналар:
1) қоғамдық сананың саяси ғылым, саяси теория сияқты құрамдас бөліктері арқылы саяси шындықты бейнелеу;
2) тұжырымдамалық түрде субъектінің мақсат-мүдделерін білдіру арқылыоның саясат әлеміндегі іс- әрекеттеріне бағдар беру;
3) саяси психологияның әр түрлі көріністері арқылы көңіл- күйді білдіру.
Саяси сана қарапайым саяси сана және теориялық саяси сана, саяси психология және саяси идеология деген деңгейлерден тұрады.
Қарапайым (күнделікті тұрмыстық) саяси сана қалыптасып жүйеге түспеген, күнделікті саяси өмірден туған әдет-ғұрып, дағда дәстүрлі нанымдар, тағы сол сияқтылардың жиынтығы. Ол күн сайынғы саяси өмір тәжірибесін байқап, пайымдаудан пайда болады. Саясаттың тереңіне бойламай, себеп-салдарын сараламай, көбіне сыртқы белгілеріне байланысты қорытынды жасайды.
Теориялық саяси сана жағдайлардың мән-мағынасын анықтап, оларды айтарлықтай жоғары дәрежеде теориялық тұрғыдан жинақтап бейнелейді. Ол тұжырымдамалар мен көзқарастардың жүйесі болып келеді. Теориялық саяси сана қарапайым саяси сананың негізінде пайда болады және олар бір-біріне ықпал етеді. Ол қарапайым саяси сананы өңдеп, мәдени өзгертіп отырады. Саяси сананың құрамдас бөлігі және өзегі – саяси идеология.
Достарыңызбен бөлісу: |